598-бап. Аудармашы
1. Бiлiмi әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзу кезiнде қажет болатын тiлдердi бiлетiн (мылқаудың немесе саңыраудың ыммен көрсететiн белгiлерiн түсiнетiн), iстiң қорытындысына мүдделi емес кез келген кәмелетке толған адам аудармашы болып тағайындалады.
2. Аудармашыны әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тағайындайды.
3. Аудармашы: егер өзiнiң аударма үшiн қажеттi бiлiмi болмаса, iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; аударма жасау кезiнде қатысушы адамдарға аударманы нақтылау үшiн сұрақтар қоюға; өзi жүргiзiлуiне қатысқан iс жүргiзу әрекетiнiң хаттамасымен танысуға және аударманың хатқа түсiрiлуiнiң толық және дұрыс екендiгi жөнiнде хаттамаға енгiзiлуi керек болатын ескертпелер жасауға құқылы.
4. Аудармашы: әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге және өзiне тапсырылған аударманы толық және дәл жасауға; тиiстi хаттамада аударманың дұрыстығын өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
5. Аудармашыға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде көрiнеу жалған аударма жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапты болатынын және сотта осы әрекеттi жасағаны үшiн қылмыстық жауапты болатынын ескертедi.
6. Осы баптың ережелерi мылқаудың немесе саңыраудың ыммен көрсететiн белгiлерiн түсiнетiн, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iске қатысуға тартылған адамға қолданылады.
599-бап. Прокурор
1. Прокурор осы Кодекстiң 583-бабында көзделген өз өкiлеттiктерiн iске асыру мақсатында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысуға құқылы. Бұл орайда прокурор дәлелдемелер табыс етедi және оларды тексеруге қатысады; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп отырған адамға қатысты, оның кiнәлiлiгi туралы, сондай-ақ iстiң қаралу процесiнде туындайтын басқа да мәселелер жөнiнде өз пiкiрiн баяндайды; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) заңның ережелерiн қолдану және әкiмшiлiк жаза қолдану не одан босату туралы ұсыныс айтады.
2. Прокурор кәмелетке толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстiң қаралатын орны мен уақыты, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғатын құқық бұзушылық туралы хабардар етiледi. Ол болмаған кезде, мұндай iс тек iстiң қаралатын орны мен уақыты туралы прокурорға дер кезiнде хабарланғандығы туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген жағдайда ғана қаралуы мүмкiн.
600-бап. Iс жүргiзу мiндеттерiн орындамағаны үшiн жауаптылық
1. Куәнiң, маманның, сарапшының және аудармашының осы Кодекстiң 594, 596, 597, 598-баптарында көзделген iс жүргiзу мiндеттерiн орындамауы осы Кодекстiң 515, 516, 517-баптарында белгiленген әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған iс-әрекеттер жасалған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау кезiнде iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау хаттамасына тиiстi жазба енгiзiледi.
3. Айыппұл салу туралы қаулы шығарылады.
601-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысу
мүмкiндiгiн болдырмайтын мән-жайлар
1. Адамдар белгiлi бiр iстi қозғау үшiн негiз болған бұзушылыққа орай ережелердiң сақталуын қадағалайтын және бақылайтын мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi болып табылса немесе олар бұған дейiн осы iстi қарауға өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қорғаушы және өкiл ретiнде қатысуға жiберiлмейдi.
2. Сарапшы мен аудармашы, егер олар әкiмшiлiк жауапқа тартылып жатқан адаммен, жәбiрленушiмен, олардың заңды өкiлдерiмен, қорғаушысымен, өкiлiмен, осы iстi жүргiзiп жатқан прокурормен, судьямен, алқалы органның мүшесiмен немесе лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса, не олар бұған дейiн осы iстi жүргiзуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, сондай-ақ бұл адамдарды осы iске жеке өз басы, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп есептеуге негiз болса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысуға жiберiлмейдi.
602-бап. Iс жүргiзуге қатысуына жол берiлмейтiн адамдарды
қатыстырудан бас тарту
1. Қорғаушының, өкiлдiң, прокурордың, сарапшының және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болдырмайтын, осы Кодекстiң 601-бабында көзделген мән-жайлар болған кезде аталған адамдарды қатыстырудан бас тартылуға тиiс.
2. Өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) берiледi.
3. Өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арыз берiлген күнiнен бастап үш күн мерзiмде қаралады.
4. Судья, орган (лауазымды адам) өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арызды қарап, арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
603-бап. Жәбiрленушi, куә, сарапшы, маман, аудармашы немесе куәгер
шығындарының орнын толтыру
1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сарапшының, маманның және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты шеккен шығындарының, соның iшiнде: аталған адамдардың тұрған немесе болып жатқан жерiне бару және керi қайту жолының жүрiп-тұру құнының, ал бұл басқа жерлерде болумен байланысты жағдайларда - тұрғын үй-жайды жалдау, сондай-ақ тәулiктiк шығын құнының орны азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен толтырылады.
2. Жәбiрленушi, куә, сарапшы, маман және аудармашы ретiнде шақырылатын адамның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан және қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты олардың жұмыс орындарында болмаған кездегi орташа табысы белгiленген тәртiппен сақталады.
3. Сарапшының, маман мен аудармашының еңбегiне заңдарда белгiленген тәртiппен ақы төленедi.
35-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу
604-бап. Дәлелдемелер
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья немесе орган (лауазымды адам) осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болғанын немесе болмағанын, әкiмшiлiк жауапқа тартылатын жеке адамның кiнәлiлiгiн анықтайтын кез келген нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн мәнi бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Бұл деректер: әкiмшiлiк жауапқа тартылып жатқан адамның түсiнiктемелерiмен; жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарымен; сарапшының қорытындыларымен; заттай дәлелдемелермен; өзге де құжаттармен; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалармен және осы Кодексте көзделген хаттамалармен; заттай дәлелдемелермен анықталады.
3. Егер нақты деректер процеске қатысушылардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе қысым жасау жолымен алынса немесе процестiң өзге де ережелерiн бұза отырып алынған нақты деректердiң дұрыстығына ықпал етiп немесе ықпал етуi мүмкiн болып, соның iшiнде:
1) зорлық жасап, қорқытып, алдап, сондай-ақ өзге де заңсыз әрекеттер қолданып;
2) процеске қатысушы адамға өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты түсiндiрмеу, толық емес немесе қате түсiндiру салдарынан оны шатастыруды пайдаланып;
3) осы iстi жүргiзудi жүзеге асыруға құқы жоқ адамның iс жүргiзу iс-әрекетiн жасауына байланысты;
4) қарсылық бiлдiрiлген адамның iс жүргiзу iс-әрекетiне қатысуына байланысты;
5) iс жүргiзу iс-әрекетiнiң тәртiбiн бұзып;
6) белгiсiз көзден;
7) дәлелдеу барысында осы заманғы ғылыми бiлiмдерге қайшы келетiн әдiстердi қолданып, осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып алынса, дәлелдемелер ретiнде жол беруге болмайды деп танылуға тиiс.
3. Нақты деректердi дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол беруге болмайтындығын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан сот немесе орган (лауазымды адам) өз бастамашылығымен немесе процеске қатысушылардың өтiнiштерi бойынша анықтайды.
4. Заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердiң заңды күшi жоқ деп танылады және тиiстi бұзушылық пен оған жол берген адамдардың кiнәлiлiгi фактiсiн қоспағанда оларды iс бойынша шешiмнiң негiзiне алуға, сондай-ақ iс бойынша кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдалануға болмайды.
605-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелденуге тиiс
мән-жайлар
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша мыналар дәлелденуге тиiс:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болуы;
2) құқыққа қайшы әрекет жасаған, сол үшiн осы Кодексте әкiмшiлiк жауаптылық көзделген адам;
3) жеке адамның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға кiнәлiлiгi;
4) әкiмшiлiк жауаптылықты жұмсартатын немесе ауырлататын мән-жайлар;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келген залалдың сипаты мен мөлшерi;
6) әкiмшiлiк жауаптылықтан босатуға алып келетiн мән-жайлар;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар.
606-бап. Әкiмшiлiк жауапқа тартылатын адамның түсiнiктемесi,
жәбiрленушiнiң және куәнiң жауаптары
1. Өзiне қатысты iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемесi, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары аталған адамдардың ауызша немесе жазбаша нысанда хабарлаған, iске қатысы бар мәлiметтерi болып табылады.
2. Өзiне қатысты iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемесi, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы немесе iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы хаттамада жазылады, қажет болған жағдайда - жауап алу хаттамасымен ресiмделiп, iске тiгiледi.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 607-бап өзгертілді
607-бап. Дәлелдеу мiндетi және дәлелдемелер табыс ету
1. Процеске қатысушылар дәлелдемелер табыс етедi.
2. Дәлелдемелердi тараптар және әкiмшiлiк iс жүргiзуге басқа да қатысушылар табыс ете алады.
3. Егер табыс етiлген дәлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот немесе орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер табыс етуге не оларды өз бастамашылығымен жинауға ұсыныс жасауы мүмкiн.
608-бап. Дәлелдеуден босатудың негiздерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қарауға уәкiлеттi сот, орган (лауазымды адам) жалпыға бiрдей белгiлi деп таныған мән-жайлар дәлелдеудi қажет етпейдi.
2. Азаматтық iс бойынша соттың күшiне енген шешiмiмен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы өзге iс бойынша соттың қаулысымен анықталған мән-жайлар, нақ сол адамдар қатысқан, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы басқа iстердi қараған кезде дәлелдеудi қажет етпейдi.
3. Егер тиiстi құқықтық рәсiм шеңберiнде керiсiнше жағдайлар анықталмаса, мына мән-жайлар дәлелдемелерсiз анықталған болып есептеледi:
1) осы заманғы ғылымда, техникада, өнерде, қолөнерiнде жалпыға бiрдей қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
2) адамның заңды бiлуi;
3) адамның өзiнiң қызметтiк және кәсiби мiндеттерiн бiлуi;
4) олардың болуын растайтын құжатын табыс етпеген және арнаулы даярлықтан өткен немесе бiлiм алған оқу орнын немесе басқа мекеменi көрсетпеген адамның арнаулы даярлығының немесе бiлiмiнiң жоқтығы.
609-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету
1. Өздерiне қажеттi дәлелдемелердi табыс ету мүмкiн болмайды деп немесе қиынға түседi деп қауiптенуге негiзi бар тараптар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) осы дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасай алады.
2. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету ұйымдардан, олардың iске қатысуына қарамастан, құжаттар, мәлiметтер және қорытындылар табыс етудi, сараптама жүргiзудi, болған жердi тексерiп, қарауды талап ету жолымен және өзге де әдiстермен жүргiзiледi.
610-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арыз
1. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арызда қамтамасыз етiлуi қажет дәлелдемелер; растау үшiн бұл дәлелдемелердi қажет ететiн мән-жайлар; арыз берушiнi қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасауға итермелеген себептер, сондай-ақ бұл дәлелдемелердi қажет етiп отырған iс көрсетiлуге тиiс.
2. Арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) берiледi.
611-бап. Сараптама тағайындау және жүргiзу
1. Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының арнаулы ғылыми бiлiм негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеуi нәтижесiнде алынуы мүмкiн болған кезде, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сот сараптамасын тағайындайды.
2. Iсте ведомстволық инспекциялардың түгендеу, тексеру актiлерiнiң, қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың iс жүргiзу әрекеттерi барысында атқарған зерттеулерiнiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттарының болуы нақ сол мәселелер бойынша сараптама жүргiзу мүмкiндiктерiн жоққа шығармайды.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамашылығымен сараптама тағайындай алады.
4. Сараптама жүргiзу сараптама органдарының қызметкерлерiне не осы Кодекстiң 597-бабының талаптарын қанағаттандыратын өзге адамдарға тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тараптар ұсынған адамдардың арасынан бiреуiне тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыруы туралы судьяның, лауазымды адамның талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, онда мыналар көрсетiледi:
1) судьяның, лауазымды адамның аты-жөнi, соттың, органның атауы;
2) сараптаманың тағайындалған уақыты, орны;
3) сараптама тағайындаудың негiзi;
4) сарапшының аты-жөнi немесе сараптама жүргiзiлуге тиiс сараптама органының атауы;
5) сарапшының алдына қойылған мәселелер;
6) сарапшының билiгiне берiлетiн материалдардың тiзбесi.
6. Күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу үшiн бiр мамандықтағы сарапшылар жүргiзетiн комиссиялық сараптама тағайындалуы мүмкiн.
7. Егер iс үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтауға бiлiмнiң әртүрлi салалары негiзiнде зерттеулер жүргiзу қажет болса, әртүрлi мамандықтағы сарапшылар жүргiзетiн кешендi сараптама тағайындалады.
8. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымды орындау үшiн жiбергенге дейiн судья, лауазымды адам өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамды және жәбiрленушiнi мұнымен таныстыруға, оларға: сарапшыдан бас тартуды мәлiмдеу; өздерi көрсеткен адамдарды сарапшы ретiнде тартуды сұрау; сарапшының алдына қосымша мәселелер қою туралы өтiнiш жасау; сарапшының қорытындысымен не судьяға, органға (лауазымды адамға) түскеннен кейiн қорытынды берудiң мүмкiн болмайтындығы туралы хабармен танысуға, өз ескертпелерiн табыс етуге, қосымша немесе қайта сараптама тағайындау, жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтiнiш жасау құқығын түсiндiредi.
9. Сарапшы (сарапшылар) өздерiнiң атынан сараптама жүргiзу нәтижелерi бойынша осы Кодекстiң 612-бабының талаптарына сәйкес жасаған қорытындыны бередi және оны сараптама тағайындаған судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
10. Қорытынды жеткiлiктi дәрежеде айқын немесе толымды болмаған, сондай-ақ бұрын зерттелген мән-жағдайларға қатысты жаңа мәселелер туындаған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу нақ сол немесе өзге сарапшыға (сарапшыларға) тапсырылады.
11. Егер сарапшының қорытындысы жеткiлiктi дәрежеде негiзделмесе не оның дұрыстығына күмән туса, сол объектiлердi зерттеу және сол мәселелердi шешу үшiн қайтадан сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады, оған осының алдындағы сараптаманы жүргiзген сарапшы (сарапшылар) кiрмейдi.
12. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша және қайтадан сараптама тағайындау туралы ұйғарымы дәлелдi болуға тиiс. Сарапшыға (сарапшыларға) қосымша және қайтадан сараптама жүргiзу тапсырылған кезде осының алдындағы сараптамалардың нәтижелерi бойынша жасалған қорытындылар табыс етiлуге тиiс.
13. Егер сарапшы зерттеу жүргiзгенге дейiн өзiнiң алдына қойылған мәселелер өзiнiң арнаулы бiлiмiнiң шегiнен шығып кететiнiне не өзiне табыс етiлген материалдардың қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екендiгiне, оны толықтыру мүмкiн болмайтынына, не ғылымның және сараптама практикасының жай-күйi қойылған мәселелерге жауап қайтаруға мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы дәлелдi хабарлама жасайды және оны судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
612-бап. Сарапшы қорытындысы
1. Сарапшы қорытындысы - оның алдына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) қойған мәселелер бойынша iстiң материалдарын зерттеу нәтижелерiне, оның iшiнде арнаулы ғылыми бiлiмдердi пайдалану арқылы жүргiзiлген заттай дәлелдемелер мен үлгiлерге негiзделген жазбаша нысанда табыс етiлген тұжырымдар. Қорытындыда сарапшының зерттеу кезiнде қолданған әдiстерi, қойылған сұрақтарға жауаптардың негiздемесi және сарапшының өз бастамашылығымен анықталған, iс үшiн мәнi бар мән-жайлар көрсетiледi.
2. Қорытындыны сарапшы (сарапшылар) зерттеу жүргiзгеннен кейiн оның нәтижелерiн ескере отырып, өз атынан жасайды, оған ол (олар) қолын қойып, жеке мөрiмен куәландырады. Сараптаманы сараптама органы жүргiзген жағдайда сарапшының қолы аталған органның мөрiмен расталады.
3. Сарапшының қорытындысы судья, орган (лауазымды адам) үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда сарапшының қорытындысымен келiспеушiлiк дәлелдi болуға тиiс.
613-бап. Заттай дәлелдемелер
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша заттай дәлелдемелер құқық бұзушылықтың құралы немесе тiкелей объектiсi болған, не өзiнде оның iздерi қалған заттар болып табылады.
2. Қажет болған жағдайларда заттай дәлелдемелер суретке түсiрiледi немесе өзге тәсiлмен тiркеледi және iске тiгiледi, ол жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға немесе осы Кодекспен көзделген өзге хаттамаға жазба жазылады.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн заттай дәлелдемелердiң сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
614-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес жасалған хаттамаларда жазылған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тiкелей қабылдаған мән-жайларды куәландыратын нақты деректер болып табылады.
615-бап. Құжаттар
1. Егер ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс үшiн маңызы болса, құжаттар iс бойынша дәлелдемелер деп танылады.
2. Құжаттар жазбаша да, өзге түрде де тiркелген мәлiметтерден тұруы мүмкiн. Құжаттарға соның iшiнде осы Кодексте көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алынған немесе табыс етiлген компьютерлiк ақпараттан, фотожәне кино түсiрiлiмдерден, дыбыс- және бейне жазылымдарынан тұратын материалдар жатуы мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
4. Құжаттарда осы Кодекстiң 613-бабында аталған белгiлер болған жағдайларда олар заттай дәлелдемелер болып табылады.
616-бап. Қосымша мәлiметтер талап ету
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) ұйымдардан, қоғамдық бiрлестiктерден iстiң шешiлуiне қажеттi қосымша мәлiметтер талап етiп алу туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
2. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша мәлiметтер талап етiп алу туралы ұйғарымында қаралып жатқан iстiң мәнi қысқаша баяндалып, анықтауға жататын мән-жайлар көрсетiледi. Осы ұйғарым жiберiлiп отырған сот үшiн мiндеттi болып табылады және белгiленген мерзiмде орындалуға тиiс.
3. Талап етiп алынатын мәлiметтер талап алынған күнiнен бастап үш күн мерзiмде, ал әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғатын құқық бұзушылық жасалған жағдайда кiдiрiссiз жiберiлуге тиiс.
4. Аталған мәлiметтердi табыс ету мүмкiн болмаған жағдайда ұйым, қоғамдық бiрлестiк ұйғарым шығарған судьяны, органды (лауазымды адамды) бұл туралы үш күн мерзiмде хабардар етуге мiндеттi.
617-бап. Дәлелдемелердi бағалау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзудi жүзеге асыратын судья, алқалы органның мүшесi, лауазымды адам дәлелдемелердi заң мен ар-намысты басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi өз жиынтығында жан-жақты толық және объективтi қарауға негiзделген өзiнiң iшкi сезiмi бойынша бағалайды. Ешбiр дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi болмайды.
2. Әрбiр дәлелдеме тиесiлiлiгi, жол берiлетiндiгi, дұрыстығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға тиiс.
3. Егер дәлелдеме iс үшiн маңызы бар мән-жайлардың болуы туралы тұжырымды растайтын, жоққа шығаратын немесе оған күмән келтiретiн нақты деректер болса, дәлелдеме iске қатысты деп танылады.
4. Егер дәлелдеме Кодексте көзделген тәртiппен алынса, ол жол беруге болатын дәлелдеме деп танылады.
5. Егер тексеру нәтижесiнде дәлелдеменiң шындыққа сәйкес екендiгi анықталса, ол дұрыс дәлелдеме деп танылады.
6. Егер дәлелденуге тиiс мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты даусыз анықтайтын, iске қатысты жол берiлетiн және дұрыс дәлелдемелердiң бәрi жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктi деп танылады.
36-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс
жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану
ҚР 09.12.04 ж. N 10-III Заңымен 618-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
618-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету
шаралары
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жолын кесу, оны жасауға сезiктiнiң жеке басын анықтау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде жасау мүмкiн болмағанда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасау, iстiң уақытылы және дұрыс қаралуы мен iс жөнiнде қабылданған қаулының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында уәкiлеттi лауазымды адам өз өкiлеттiгi шегiнде жеке адамға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ететiн мынадай шараларды қолдануға құқылы:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалатын жерге жеткiзу;
2) жеке адамды әкiмшiлiк түрде ұстау;
3) алып келу;
4) жеке тексерiп шығу және көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi және заттарды тексерiп шығу;
5) құжаттар мен заттарды алып қою;
6) көлiк құралын немесе шағын көлемдi кеменi жүргiзуден шеттету және оның алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаю күйiн куәландыру;
7) көлiк құралын немесе шағын көлемдi кеменi ұстау, жеткiзу және пайдалануға тыйым салу"
8) тексеру;
9) жеке адамның алкогольмен, есiрткiмен немесе уытқұмарлықпен масаю күйiн медициналық куәландыру.
2. Заңды тұлғаға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ететiн мынадай шаралар қолданылуы мүмкiн:
1) заңды тұлғаға тиесiлi үй-жайларды, аумақтарды, сондағы тауарларды, көлiк құралдарын және өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап шығу;
2) заңды тұлғаға тиесiлi құжаттарды алып қою;
3) заңды тұлғаға тиесiлi тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу.
3. Лауазымды адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолданудан келтiрген зиян үшiн жауап бередi.