3. Түрмелерде ұсталатын сотталғандардың сейiлдеуi камера бойынша күндiзгi уақытта арнайы жабдықталған түрме аумағы бөлiгiнiң ашық ауласында жүргiзiледi. Сотталғанның сейiлдеуi ол iшкi тәртiп ережелерiн бұзған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
4. Жалпы режимдер жазасын өтеушi сотталғандарға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi кездесуге және екi ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде екi посылка немесе сәлемдеме және екi бандероль алуға;
ұзақтығы бiр жарым сағаттық сейiлдеудi пайдалануға рұқсат етiледi.
5. Жазасын қатаң режимде өтеушi сотталғандарға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi кездесуге;
жыл iшiнде бiр посылка мен бiр бандероль алуға;
ұзақтығы бiр сағаттық сейiлдеудi пайдалануға рұқсат етiледi.
17-тарау. Кәмелетке толмаған сотталғандардың
бас бостандығынан айыру түріндегі
жазаны өтеу ерекшеліктері
128-бап. Тәрбиелеу колонияларында жазаны өтеу тәртiбi
1. Тәрбиелеу колонияларында жазаны өтеудiң дағдылы, жеңiлдетiлген, жеңiлдiктi және қатаң жағдайлары белгiленедi.
2. Тәрбиелеу колонияларында жазаны өтеудiң дағдылы жағдайларына тәрбиелеу колонияларына келген сотталғандар, сондай-ақ жазаны өтеудiң қатаң, жеңiлдетiлген немесе жеңiлдiктi жағдайларынан көшiрiлген сотталғандар жазасын өтейдi.
3. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазасы болмаған және еңбек пен оқуға адал қараған кезiнде сотталғандар:
бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны алғаш рет өтеушi еркек жынысты адамдар, сондай-ақ әйел жынысты сотталған адамдардың барлық санаты - дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде үш айын өтеуi бойынша;
бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеген еркек жынысты адамдар - дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде алты айын өтеуi бойынша дағдылы жағдайлардан жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн.
4. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi, жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар деп танылған сотталғандар дағдылы жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. Жеңiлдетiлген жағдайларға қайта көшiру осы баптың 3-тармағында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
5. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар шартты-мерзiмiнен бұрын босатылуға әзiрленуi үшiн жеңiлдiктi жағдайларға көшiрiледi.
6. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар деп танылған жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеушi сотталғандар жеңiлдетiлген немесе дағдылы жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. Жеңiлдiктi жағдайларға қайта көшiру жеңiлдетiлген жағдайларға оралғаннан кейiн алты айдан ерте жүргiзiлмейдi.
7. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар деп танылған сотталғандар дағдылы және жеңiлдетiлген жағдайлардан үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қатаң жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн.
8. Бас бостандығынан айыру орындарында әдейi жасаған қылмыстары үшiн сотталғандар жазаның алғашқы алты айын қатаң жағдайларда өтейдi, бұдан соң жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазасы болмаған кезде олар дағдылы жағдайларға көшiрiледi.
9. Сотталғандарды жазаны өтеудiң бiр жағдайынан екiншiсiне көшiрудi колонияның оқу-тәрбие кеңесiнiң ұсынуы бойынша колония бастығы жүргiзедi, бұған топ тәрбиешiлерi кеңесiнiң ұсынуы бойынша жүргiзiлетiн дағдылы жағдайдан жеңiлдетiлген жағдайға көшiру қосылмайды.
129-бап. Тәрбиелеу колонияларында жазаны өтеудiң жағдайлары
1. Жазасын дағдылы жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде алты қысқа мерзiмдi және екi ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде сегiз посылка немесе сәлемдеме және сегiз бандероль алуға рұқсат етiледi.
2. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде он екi қысқа мерзiмдi және төрт ұзақ уақыт кездесуге рұқсат етiледi. Тәрбиелеу колониясы әкiмшiлiгiнiң рұқсаты бойынша ұзақ уақыт кездесулердi тәрбиелеу колониясынан тыс жерде өткiзуге болады;
жыл iшiнде он екi посылка немесе сәлемдеме және он екi бандероль алуға рұқсат етiледi.
3. Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеушi сотталғандар әдетте күзетсiз, бiрақ қадағаланып, тәрбиелеу колонияларынан тыс жерлерде жақсартылған тұрғын үй-жайларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға жеке шоттарындағы қаражатты шектеусiз жұмсауға;
ақшаны пайдалануға;
посылкаларды, сәлемдемелер мен бандерольдарды шектеусiз алуға;
шектеусiз қысқа мерзiмдi кездесулерге, сондай-ақ жыл iшiнде колониядан тыс тұрып алты ұзақ уақыт кездесуге;
азаматтық үлгiдегi киiм мен аяқ киiмдi пайдалануға рұқсат етiледi.
4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеушi сотталғандар оқудан немесе жұмыстан бос уақытында жабылатын оқшауланған тұрғын үй-жайларда тұрады.
Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын екi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде төрт қысқа мерзiмдi кездесуге;
жыл iшiнде төрт посылка немесе сәлемдеме және төрт бандероль алуға рұқсат етiледi.
130-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға тәрбиелеу колонияларында қолданылатын көтермелеу шаралары
Жақсы мiнез-құлқы, оқу мен еңбекке адал қарағаны, өздiгiнен қызмет ету ұйымдарының жұмысына және тәрбиелiк шараларға белсене қатысқаны үшiн осы Кодекстiң 109-бабында көзделгендермен қатар сотталғандарға мынадай көтермелеу шаралары қолданылады:
колония қызметкерлерi ертiп жүрiп, тәрбиелеу колониясынан тыс жердегi мәдени ойын-сауық және спорт шараларына бару құқығын беру;
ата-аналары немесе басқа жақын туыстары ертiп жүрiп, колониядан тыс жерге шығу құқығын беру;
тәртiптiк оқшаулау орнынан мерзiмiнен бұрын босату.
131-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға тәрбиелеу колонияларында көтермелеу шараларын қолданудың ерекшелiктерi
1. Көтермелеу ретiнде колония қызметкерлерi ертiп жүрiп, тәрбиелеу колониясынан тыс жердегi мәдени ойын-сауық және спорт шараларына бару немесе ата-аналары немесе басқа жақын туыстары ертiп жүрiп, колониядан тыс жерге шығу құқығы берiлген сотталғандарға өздерiне тиесiлi азаматтық үлгiдегi киiм берiледi.
2. Көтермелеу ретiнде түнгi уақытта өткiзiлетiн мәдени ойын-сауық, спорт және өзге де шараларға баруға жол берiлмейдi.
3. Колониядан тыс жерге шығудың ұзақтығын колонияның бастығы белгiлейдi, бiрақ бұл сегiз сағаттан аспауы керек.
132-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға тәрбиелеу колонияларында қолданылатын жазалау шаралары
Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн сотталғандарға осы Кодекстiң 111-бабында көзделгендермен қатар мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
бiр ай бойы кинофильмдер көру құқығынан айыру;
оқуға шығарып, жетi тәулiкке дейiнгi мерзiмге тәртiптiк оқшаулау орнына орналастыру.
133-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға тәрбиелеу колонияларында жазалау шараларын қолданудың тәртiбi
1. Тәртiптiк оқшаулау орнына шығарылған сотталғандарға ұзақ уақыт кездесулерге, телефон арқылы сөйлесуге, тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға, посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар алуға, стол ойындарын пайдалануға және темекi тартуға тыйым салынады. Олар ұзақтығы екi сағаттық күн сайынғы сейiлдеудi пайдалануға құқылы.
2. Тәртiптiк оқшаулау орнына шығарылған сотталғандарға тәртiптiк оқшаулау орнынан шығарудан басқа барлық жазалау шараларын қолдануға болады.
3. Сотталушыны тәртiптiк оқшаулау орнынан мерзiмiнен бұрын босатуды көтермелеу шарасы ретiнде осы жазалауды қолданған адам шешедi, сондай-ақ медициналық көрсеткiштер бойынша шешiледi.
134-бап. Сотталғандарға көтермелеу және жазалау шараларын қолданушы тәрбиелеу колониясының лауазымды адамдары
1. Көтермелеу және жазалау шараларын қолдану құқығын тәрбиелеу колониясының бастығы немесе оның орнындағы адам толық көлемiнде пайдаланады.
2. Топтардың бастықтары мынадай көтермелеу шараларын қолдануға құқылы:
алғыс жариялау;
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға қосымша ақша жұмсауға рұқсат ету;
телефон арқылы қосымша сөйлесуге рұқсат ету;
топ бастығының бұрын қолданған жазасын мерзiмiнен бұрын алу.
3. Бөлiмшелердiң тәрбиешiлерi мынадай көтермелеу шараларын қолдануға құқылы:
алғыс жариялау;
бөлiмше тәрбиешiсiнiң бұрын қолданған жазасын мерзiмiнен бұрын алу.
4. Топтардың бастықтары мынадай жазалау шараларын қолдануға құқылы:
ескерту немесе сөгiс;
бiр ай бойы кинофильмдер көру құқығынан айыру.
5. Бөлiмшелердiң тәрбиешiлерi мынадай жазалау шараларын қолдануға құқылы:
ескерту немесе сөгiс.
135-бап. Кәмелетке толған, бас бостандығынан айыруға сотталғандарды тәрбиелеу колонияларында қалдыру
1. 18 жасқа толған, бас бостандығынан айыруға сотталғандар, әдетте, тәрбиелеу колонияларында қалдырылады, бiрақ олар әрi дегенде 20 жасқа толғанға дейiн болады.
2. 18 жасқа толған және тәрбиелеу колонияларында қалдырылған сотталғандарға сотталған кәмелетке толмағандар үшiн жазаны өтеудiң жағдайлары, тамақтандыру және материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету нормалары қолданылады. 18 жасқа толған адамдардың еңбек жағдайлары еңбек туралы заңдарға сәйкес белгiленедi.
3. 18 жасқа толған сотталғандарды тәрбиелеу колониясында қалдырушы колония бастығының ұсынысы бойынша сот жүргiзедi.
136-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды тәрбиелеу колонияларынан түзеу колонияларына ауыстыру
1. 18 жасқа толған, өзiн терiс жағынан көрсеткен сотталғандар жазаларын одан әрi өтеу үшiн тәрбиелеу колониясынан жалпы режимдегi түзеу колониясына ауыстырылуы мүмкiн.
2. 18 жасқа толған сотталушыны түзеу колониясына ауыстыру туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен сот қабылдайды.
3. 20 жасқа толған барлық сотталғандар жазаларын одан әрi өтеу үшiн тәрбиелеу колониясы бастығының қаулысымен тәрбиелеу колониясынан жалпы режимдегi түзеу колониясына ауыстырылады.
137-бап. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу және оларды өз бетiнше өмiр сүруге даярлау мақсатында сотталғандардың бойында заңды бұзбау мiнез-құлқын, еңбек пен оқуға адал қарауды қалыптастыруға, кәсiптiк даярлауға, бiлiмi мен мәдени деңгейiн көтеруге бағытталған бiрыңғай оқу-тәрбие процесi ұйымдастырылады.
2. Тәрбие жұмысы әрбiр сотталушының жеке басының дара ерекшелiктерi мен бостандықта өмiрге ойдағыдай үйренiсуi ескерiле отырып жүргiзiледi.
3. Сотталғандардың орта бiлiм алуы мен кәсiптiк даярлануы тәрбиелеу колониясының кешкi мектептерi мен кәсiпорындары негiзiнде жүзеге асырылады.
138-бап. Тәрбиелеу колонияларының жұмысына қоғамдық бiрлестiктердiң қатысуы
1. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру және мекеменiң материалдық-техникалық базасын нығайту iсiне, сотталғандарды әлеуметтiк қорғау, босатылатындарды еңбекке және тұрмыста жайғастыру мәселелерiн шешуде колония әкiмшiлiгiне көмек көрсету үшiн тәрбиелеу колониясының жанынан мемлекеттiк кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардың өкiлдерiнен қамқоршылық кеңесi құрылады.
Қамқоршылық кеңесiн ұйымдастыру мен оның қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ережемен регламенттеледi.
2. Сотталғандарға тәрбие ықпалының тиiмдiлiгiн арттыру және колония әкiмшiлiгiне көмек көрсету мақсатында тәрбиелеу колониясында топтардың жанынан сотталғандардың ата-аналары мен басқа да жақын туыстарынан ата-аналар комитетi құрылуы мүмкiн. Ата-аналар комитеттерiнiң қызметi тәрбиелеу колониясының бастығы бекiтетiн ережемен реттеледi.
V Бөлім. Сотталған әскери қызметшілерге қатысты
әскери қызмет бойынша шектеу, қамау
және тәртіптік әскери бөлімде ұстау
түріндегі жазаларды атқару
18-тарау. Әскери қызмет бойынша шектеу түріндегі
жазаны атқару
139-бап. Әскери қызмет бойынша шектеу түрiндегi жазаны атқарудың тәртiбi мен ережелерi
1. Соттың үкiмiне сәйкес әскери бөлiмнiң командирi соттан үкiмнiң көшiрмесi мен оны атқару туралы өкiм келiп түскен соң үш күннен кешiктiрмей бұйрық шығарады, онда сотталған әскери қызметшi қандай негiзде және қандай мерзiм iшiнде лауазымды өсiруге және әскери атақ беруге ұсынылмайтыны, кезектi әскери атақ беру үшiн еңбек сiңiрген жылдарына қандай мерзiм есептелмейтiнi түсiндiрiледi. Сонымен бiрге сот үкiмiне сәйкес сотталған әскери қызметшiнiң ақшалай үлесiнен әскери қызмет бойынша шектеудi өтеу кезеңiнде тиiстi бюджетке қандай мөлшер ұсталып қалатыны көрсетiледi. Бұйрық әскери бөлiмде жарияланады, сотталған әскери қызметшiнiң назарына жеткiзiледi және атқаруға қабылданады.
2. Үкiмнiң келiп түскенi туралы, тиiстi бұйрықтың шығарылғаны туралы және оның атқарылуға қабылданғаны туралы әскери бөлiмнiң командирi үкiмдi шығарған сотқа үш күн мерзiмде хабарлайды. Бұйрықтың көшiрмесi сотқа жiберiледi.
140-бап. Сотталған әскери қызметшiнiң ақшалай үлесiнен ұстап қалу
Сотталған әскери қызметшiнiң ақшалай үлесiнен соттың үкiмiмен белгiленген ұстап қалу лауазымдық айлықақысынан, әскери атағы бойынша үстемеақысынан, ай сайынғы және өзге үстемеақылары мен басқа да қосымша ақша төлемдерiнен есептеледi.
141-бап. Сотталған әскери қызметшiнiң қызметiн өзгерту
1. Әскери қызмет бойынша шектеуге сотталған әскери қызметшiнiң жазаны атқару тәртiбiнде соттың үкiмiмен белгiленген мерзiм iшiнде лауазымын жоғарылатуға болмайды.
2. Егер жасаған қылмысының сипаты мен өзге де мән-жайлар ескерiле отырып, сотталған әскери қызметшiнi бағыныштыларға басшылық етуге байланысты қызметте қалдыру мүмкiн болмаса, ол әскери бөлiмнiң тиiстi командирiнiң шешiмi бойынша әскери бөлiмнiң iшiнде де, басқа бөлiмге ауыстырылуына байланысты да басқа лауазымға ауыстырылады, бұл туралы үкiмдi шығарған сотқа хабарланады.
142-бап. Сотталған әскери қызметшiмен тәрбие жұмысы
Сотталған әскери қызметшiмен әскери бөлiмнiң командирi жасаған қылмысының сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiн, сотталған әскери қызметшiнiң жеке басын, сондай-ақ оның мiнез-құлқы мен әскери қызметке көзқарасын ескере отырып тәрбие жұмысын жүргiзедi.
143-бап. Әскери қызмет бойынша шектеу түрiндегi жазаны атқарудың тоқтатылуы
Соттың үкiмiмен және әскери бөлiм бойынша жарияланған бұйрықпен белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн үш күннен кешiктiрмей әскери бөлiмнiң командирi әскери қызмет бойынша шектеу түрiндегi жазаның атқарылуын тоқтату туралы оның тоқтатылатын күнi көрсетiлген бұйрық шығарады. Бұйрықтың көшiрмесi үкiмдi шығарған сотқа жiберiледi.
144-бап. Әскери қызметтен босатылатын сотталған әскери қызметшiнi әскери қызмет бойынша шектеу түрiндегi жазадан босату немесе оны ауыстыру
Соттың үкiмiмен белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн сотталған әскери қызметшi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша әскери қызметтен босатылуы мүмкiн.
Бұл жағдайда әскери бөлiм командирi сотқа жазаның өтелмей қалған бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстыру туралы не жазадан босату туралы ұсыныс жолдайды.
19-тарау. Сотталған әскери қызметшілерге
қатысты қамауды атқару
145-бап. Әскери қызметшiлердiң қамауды өтеу орындары
Қамауға сотталған әскери қызметшiлер жазаны гаупвахтада өтейдi. Офицерлер, прапорщиктер, мичмандар, сержанттық, старшиналық және қатардағы құрамдардың әскери қызметшiлерi өзге негiздер бойынша гаупвахтада ұсталатын әскери қызметшiлерден бөлек және жеке ұсталады.
146-бап. Сотталғандарды гаупвахтаға жiберу тәртiбi
Қамауға сотталған әскери қызметшiлер жазаны өтеу үшiн үкiмдi атқару туралы соттың өкiмi алынғаннан кейiн әскери жарғыларда белгiленген тәртiппен үш күн мерзiмде гаупвахтаға жiберiлуге тиiс.
147-бап. Сотталғандарды гаупвахтада ұстаудың тәртiбi мен жағдайлары
Гаупвахтада ұсталатын сотталған әскери қызметшiлерге қатысты қамау түрiндегi жазаны атқарудың осы Кодекстiң 64-бабында, сондай-ақ әскери жарғыларда белгiленген тәртiбi мен жағдайлары қолданылады.
148-бап. Сотталғандарға қолданылатын көтермелеу және жазалау шаралары
1. Сотталғандарға үлгiлi мiнез-құлқы үшiн алғыс немесе бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алу түрiнде көтермелеу шаралары қолданылады.
2. Жазаны өтеу тәртiбiн бұзғаны үшiн сотталушыға сөгiс немесе он тәулiкке дейiнгi мерзiмге жалғыз адамдық камераға көшiру түрiндегi жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Көтермелеу және жазалау шараларын қолдану құқығын гарнизонның бастығы мен әскери коменданты пайдаланады.
149-бап. Сотталған әскери қызметшiлердiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi
1. Қамау түрiндегi жазаны өтеу уақыты әскери қызметтiң жалпы мерзiмiне және кезектi әскери атақ беруге арналған еңбек сiңiрген жылдарына есептелмейдi.
2. Жазаны өтеу уақытында сотталушыны кезектi әскери атақ беруге, жоғары қызметке тағайындауға, жаңа қызмет орнына ауыстыруға және әскери қызметтен босатуға ұсынуға болмайды, бұған денсаулығы бойынша қызметке жарамсыз деп танылған жағдайлар қосылмайды.
3. Қамауға сотталған әскери қызметшiлерге жазасын өтеу уақытында ақшалай үлес төленбейдi.
20-тарау. Тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі
жазаны атқарудың тәртібі мен
жағдайлары
150-бап. Тәртiптiк әскери бөлiмдер
1. Тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түрiндегi жазаны жеке тәртiптiк батальондар немесе жеке тәртiптiк роталар атқарады. Тәртiптiк әскери бөлiмдердiң ұйымдық құрылымы мен олардың санын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.
2. Тәртiптiк әскери бөлiмдерге жалпы басшылықты тиiстi құрылымдық бөлiмшелер арқылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi жүзеге асырады.
3. Сотталғандарды тәртiптiк әскери бөлiмдерге жiберу мен қабылдау Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Тәртiптiк әскери бөлiмдерде ұсталатын сотталғандарға осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес негiзгi түзеу құралдары, сондай-ақ әскери оқу қолданылады.
151-бап. Тәртiптiк әскери бөлiмнiң режимi
1. Сотталған әскери қызметшiлер осы Кодекстiң 12-тарауында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген режим талаптарын сақтауға мiндеттi.
2. Тәртiптiк әскери бөлiмде жазаны өтеу кезеңiнде барлық сотталғандар өздерiнiң әскери атағы мен бұрынғы қызметiнiң сипатына қарамастан солдаттардың (матростардың) жағдайында болады және сол бөлiмге белгiленген киiм нысаны мен айырым белгiлерi бiрыңғай болады.
152-бап. Сотталғандардың кездесулерi
1. Сотталған әскери қызметшiлердiң қысқа мерзiмдi және ұзақ кездесулерге құқығы бар.
2. Туған-туыстарымен және өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер тәртiптiк әскери бөлiм өкiлiнiң бақылауымен тәртiптiк әскери бөлiм командирi белгiлеген күндер мен сағаттарда жұмыс пен сабақтардан бос уақытта арнайы жадбықталған бөлмеде төрт сағатқа дейiнгi созылатын етiп айына екi рет берiледi.
3. Ұзақ кездесулер тәртiптiк әскери бөлiмнiң арнайы жабдықталған үй-жайында не бөлiм командирiнiң қалауы бойынша одан тыс жерде ұзақтығы үш тәулiкке дейiн бiрге тұру үшiн жұбайына (зайыбына) жақын туыстарына ғана бiр жыл iшiнде төрт рет берiледi.
4. Ұзақ кездесу уақытында сотталғандар жұмыс пен сабақтардан босатылады.
5. Сотталушының өтiнiшi бойынша қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесулер тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi белгiлеген тәртiппен телефон арқылы сөйлесумен ауыстырылуы мүмкiн.
6. Сотталғандар заң көмегiн алу үшiн адвокатымен оңаша кездесуге хақылы. Адвокатпен кездесудi уақыт жағынан шектеуге болмайды.
153-бап. Сотталғандардың посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар алуы
1. Сотталғандар айына бiр посылка, кездесу кезiнде сәлемдемелер, ал бандерольдарды - олардың санына шек қоймай алуына құқығы бар.
2. Сотталғандардың атына келген посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар ашылады және оның iшiндегiнi тәртiптiк әскери бөлiм өкiлiнiң бақылауымен олар атына жiберiлген сотталғандар алады.
3. Посылкадан, сәлемдемеден, бандерольдан табылған, сотталушыда болуға тыйым салынған нәрселер немесе заттар алып қойылады, сотталушының жеке заттарының тiзiмiне енгiзiледi, сөйтiп жаза мерзiмiн өтегенге дейiн оның басқа жеке заттарымен бiрге сақталады. Бұл орайда атылатын және суық қару, оқ-дәрiлер, улы және есiрткi заттар алып қойылады және сотталушыға қайтарылмайды. Мұндай нәрселер мен заттардың табылғаны туралы тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi дереу прокурорға хабарлайды.
4. Сотталғандардың атына келiп түскен ақша олардың жеке шоттарына есептеледi.
154-бап. Сотталғандардың хат алысуы
1. Сотталғандарға санына шек қойылмай хаттар мен жеделхаттар алуына және салуына рұқсат етiледi.
2. Келген хаттарды тәртiптiк әскери бөлiмнiң өкiлi бередi, сотталғандар оларды соның бақылауымен ашуға мiндеттi. Бұл орайда табылған тыйым салынғандары алып қойылады. Хаттар мен жеделхаттардың мазмұны тексерiлмейдi.
3. Сотталғандардың жiберетiн хаттарын ашуға тыйым салынады.
155-бап. Сотталғандардың тәртiптiк әскери бөлiмнiң шегiнен тыс жерге қысқа мерзiмдi жол жүруi
1. Ерекше мән-жайларға - жұбайының (зайыбының), жақын туысының өлуiне немесе науқастың өмiрiне қатер төндiретiн ауыр сырқатына, сотталушыға немесе оның отбасына елеулi материалдық залал келтiрген зiлзалаға байланысты оған тәртiптiк әскери бөлiмнiң шегiнен тыс жерге бару-қайту жолына кететiн уақытты есептемегенде, ұзақтығы жетi тәулiкке дейiн қысқа мерзiмдi жол жүруге рұқсат берiлуi мүмкiн. Сотталушының тәртiптiк бөлiмнiң шегiнен тыс жерде болу уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
2. Сотталғандарға мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер үшiн көзделген демалыстар берiлмейдi.
156-бап. Сотталғандардың еңбегi
1. Сотталғандар тәртiптiк әскери бөлiмнiң өндiрiстiк кәсiпорындарына (объектiлерiне) не Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейтiн басқа объектiлерге еңбекке тартылады.
2. Сотталғандарды әскери кәсiпорындарда жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкiндiк болмаған жағдайда олар режим талаптары сақталып, басқа мемлекеттiк кәсiпорындар мен ұйымдарға еңбекке тартылуы мүмкiн.
3. Сотталғандардың еңбегi еңбек туралы заңда белгiленген еңбектi қорғау, қауiпсiздiк техникасы мен өндiрiстiк санитария ережелерi сақтала отырып, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес ұйымдастырылады.
4. Сотталғандар орындайтын жұмыстарға қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол кәсiпорында (ұйымда) белгiленген нормалар мен бағалар қолданылады. Сотталғандарға есептелген табыс сомалары төленбейдi.
5. Сотталғандардың еңбегi үшiн кәсiпорындардың (ұйымдардың) есептеген сомасының 55 процентi тәртiптiк әскери бөлiмге оны абаттандыру, оның өндiрiстiк базасын құру мен дамыту, сотталғандарды материалдық көтермелеу және олардың әлеуметтiк-тұрмыстық мұқтаждарын шешу қорын құру үшiн аударылады, ал қалған бөлiгi мемлекеттiк кiрiсiне аударылады.
157-бап. Сотталғандарды әскери оқыту
Сотталғандарды әскери оқыту Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi әзiрлейтiн арнаулы бағдарлама бойынша ұйымдастырылып, жүргiзiледi. Сабақтарды өткiзу үшiн қажеттi оқу-материалдық база құрылады.
158-бап. Тәрбие жұмысы
1. Сотталғандармен тәрбие жұмысын тәртiптiк әскери бөлiмнiң командованиесi ұйымдастырып, жүргiзедi. Ол осы Кодекстiң 105, 106-баптарында жазылған принциптерде құрылады.