Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын
мемлекеттік реттеу туралы 1999 ж. 16 шілдедегі N 429-1
Қазақстан Республикасының Заңы
(10.03.04 ж. N 534-11; 13.12.04 ж. N 11-III ҚР Заңдарымен
енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңмен этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы, этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы субъектілері қызметін мемлекеттік реттеу және жүзеге асыру процестерінде туындайтын қатынастар реттеледі.
10.03.04 ж. N 534-11 (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. N 11-III ҚР Заңдарымен 1-бап өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) алкоголь өнімі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрiлiк зат ретiнде тiркелген, құрамында спиртi бар медициналық мақсаттағы өнiмдердi қоспағанда, құрамында тағамдық өсімдік шикізатынан өндірілген этил спиртінің бiр жарым проценттен астам көлемдік үлесі бар тамақ өнімі;
2) айналым - экспорт, импорт, сатып алу, сақтау, көтерме және бөлшек саудада өткізу;
3) көтерме саудада өткізу - уәкілетті орган бекіткен құжаттарға сәйкес алкоголь өнімін қойма үй-жайларынан шектеусіз көлемде шығару;
4) бөлшек саудада өткiзу - алкоголь өнімдерін (сырадан басқа) жабдықталған сауда залы бар және фискальдық жадылы бақылау-кассалық машинамен жарақталған стационарлық үй-жайларда, сондай-ақ стационарлық үй-жайлардың жанындағы жазғы алаңшаларда тұтыну немесе коммерциялық емес мақсатқа пайдалану үшін сату;
5) этил спиртi - спирт ашытқыларын айыру немесе дәннен, картоптан, қант қызылшасынан, қант шикiзаты сiрнесiнен және басқа да қантты-крахмалды тағамдық өсiмдiк шикiзатынан өндiрiлетiн этил спиртi шикiзатын тазарту жолымен, шарап материалынан төте немесе екі мәрте айдап айыру жолымен және тағамдық емес шикiзаттан өзге де жолмен алынатын өнiм;
6) стационарлық үй-жайлар - сумен, энергиямен және канализациямен жабдықталған, iргетасы бар және оларды тiреуiш конструкциясына зиян келтiрмей орнынан ауыстыру мүмкiн емес күрделi құрылыстар, ғимараттар немесе олардың бөлiктерi;
7) қойма үй-жайлары - тек қана этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сақтауға, қабылдауға және беруге арналған және бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн арнаулы стационарлық үй-жайлар мен алаңшалар (этил спиртiн сақтау үшiн);
8) фирмалық арнаулы дүкен - сауда залымен жабдықталған, фискальдық жады бар бақылау-касса машинасымен жарақталған және өзiнiң алкоголь өнiмiн бөлшек саудада өткiзуге арналған стационарлық үй-жай;
9) этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сақтау - этил спиртi мен алкоголь өнiмiн қойма үй-жайларда орналастыру (қоймада жинау);
10) өндіріс паспорты - қолда бар жабдықты пайдалануды, технологиялық процестi сақтауды реттейтiн, негiзгi шикiзатты, ингредиенттердi, қосалқы материалдарды жұмсау нормасын және дайын өнiмнiң, қосалқы өнiмдердiң шығу нормасын, сондай-ақ өндiрiс кезiндегi шығынның нормаларын белгiлейтiн негiзгi құжат;
11) бiрыңғайландыру - өндiрiс, айналыс (айналым), пайдалану саласында ерекшелiк белгiлерi ұқсас белгiлi бiр өнiмдердi дәл тануды қамтамасыз ететiн рәсiм;
12) таңбалау - тұтынушыға ақпарат жеткiзетiн және этикеткалардағы, контрэтикеткалардағы, кольереткалардағы, буылып-түйiлген заттардағы мәтiн, шартты белгiлер және суреттер;
13) кондицияланған сулар - стандарттарға сәйкестендiру мақсатында артық ерiтiндi тұздардан арылту және өзгеше өңдеу (жете тазарту).
14) мемлекет меншiгiне өткен этил спиртi немесе алкоголь өнiмi - сот шешiмi негiзінде тәркiленген, мемлекет меншiгiне өтеусiз өткен, мемлекет пайдасына тауардан бас тартудың кедендiк режимiнде ресiмделген этил спирті немесе алкоголь өнiмi;
15) пластикалық ыдыс - полиэтилен полистирол және өзге полимерлiк материал негiзiндегi тұтыну ыдысы;
16) аралас полимерлік ыдыс - iшкi жағы тағам сақтайтын полимерлік материалдан жасалған аралас полимерлік материалдардан дайындалған тұтыну ыдысы;
17) есепке алу-бақылау таңбасы - қажетті қорғау дәрежесi бар, алкоголь өнiмінің айналымын есепке алу және бақылауды жүзеге асыру мақсатымен оны (сырадан басқасын) бiрдейлендiруге арналған арнайы бiржолғы жапсырма;
18) қаңылтыр ыдыс - iшкi жағы тағам сақтайтын материалмен қапталған арнаулы қаңылтырдан жасалған тұтыну ыдысы; 19) тұтыну ыдысы - тұтынушыға алкоголь өнiмiмен қоса келiп түсетiн, көлiктiк ыдыс өз функциясын атқармайтын және Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы орталық атқарушы органы пайдалануға рұқсат еткен материалдардан жасалған ыдыс.
2-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңдары
Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңдары осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
3-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу
1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу деп этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленетiн бақылау ұғылады.
2. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеудiң мiндеттерi:
1) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн және азаматтардың денсаулығын қорғау;
2) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн және оған әкелiнетiн этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң сапасын арттыру үшiн жағдай жасау;
3) аталған өнiмдердiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу саласындағы заңдардың сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
3. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттік реттеуге мыналар кіреді:
1) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрілуi және айналымы жөнiндегi қызметтi лицензиялау;
2) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импортын реттеу;
3) тағамдық және тағамдық емес шикізаттан дайындалған этил спиртiнiң және алкоголь өнiмiнiң (сырадан басқа) ең төмен бағаларын белгiлеу;
4) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы саласында нормалар мен ережелердi белгiлеу;
5) этил спирті мен алкоголь өнімінiң (сырадан басқа) өндiрiлуiнiң ең төменгi көлемiн белгiлеу;
6) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы саласында мемлекеттiк есепке алу мен есеп берудi жүзеге асыру, олардың өндiрiлуi мен айналымының өзара байланысты балансын жасау;
7) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiне және айналымына, сондай-ақ сапасына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру;
8) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын реттеу мәселелерiне қатысты бөлiгiнде Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз ету, шет мемлекеттердiң этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы мәселелерiн реттеуге уәкілетті тиісті органдарымен және өзге де халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру.
4. Тағамдық және тағамдық емес шикiзаттан дайындалған этил спиртiне және алкоголь өнiмiне ең төмен бағаны және этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiрудiң ең төмен көлемiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
5. Орталық және жергілiктi атқарушы органдарға уәкiлеттi органмен келiспей этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы саласын қозғайтын нормативтiк құқықтық және өзге де актiлер қабылдауға және (немесе) іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады.
4-бап. Уәкiлеттi орган
1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын реттеудi мемлекеттiң атынан Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
2. Уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердiң жеке және заңды тұлғаларының арасынан консультанттар мен сарапшылар тартуға құқығы бар.
3. Осы Заңның 5-бабына сәйкес уәкiлеттi орган алкоголь өнiмiн белгiлi бiр түрге жатқызуға құқылы.
4. Уәкiлеттi органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн тиiстi ережеге сәйкес реттеледi.
5-бап. Алкоголь өнiмiнiң түрлерi
1. Алкоголь өнiмiне мыналар жатады:
1) арақтар және айрықша арақтар;
2) коньяктар;
3) бренди;
4) ликер-арақ өнiмдерi;
5) шараптар;
6) маркалы шараптар,
7) коллекциялық шараптар;
8) шарап iшiмдiктерi;
9) көпiршитiн шараптар, шампан;
10) шарап материалы;
11) сыра;
12) басқа да күштi алкогольдi iшiмдiктер;
13) басқа да әлсiз алкогольдi ішімдiктер.
2. Арақтар мен айрықша арақтар дегенiмiз - арақ-спирт ерiтiндiсiн адсорбентпен арнайы өңдеумен алынған, сосын сүзгiден өткiзiлген ингредиенттер қосылған немесе олар қосылмаған, күштiлiгi отыз сегiз - қырық бес процент, елу процент және елу алты процент күштi алкогольдi iшiмдiктер.
3. Күштiлiгi он екi - алпыс процент жемiс-жидек және хош иiстi өсiмдiк шикiзатын өңдеп, оларға қант шырынын, эфир майларын, жүзiм шараптарын, коньяк, лимон қышқылын және басқа да тағамдық өнiмдердi, сондай-ақ спирт пен суды қоса отырып алынған спиртте ұсталған түрлi шырындардың, морстардың, тұнбалар мен хош иiстi спирттердiң қоспасынан тұратын алкогольдi iшiмдiктер ликер-арақ бұйымдары болып табылады.
Күштi ликер-арақ өнiмдерi дегенiмiз - күштiлiгi отыз проценттен алпыс процентке дейiнгi ликер-арақ өнiмдерi.
Күштiлiгi төмен ликер-арақ өнiмдерi дегенiмiз - күштiлiгi он eкi проценттен отыз процентке дейiнгi ликер-арақ өнiмдерi.
4. Жүзiм шараптары - жүзiм шырынын немесе болжырын (жүзiмнiң туралған жидегiн) этил спиртiн қоса отырып немесе оны қоспай спиртпен ашыту нәтижесiнде алынатын шараптар.
5. Жемiс-жидек шараптары - жаңа пiскен жемiстердiң және жидектердiң шырындарын немесе болжырды қант және этил спиртiн қосып немесе оларды қоспай спирттiк ашыту жолымен әзiрленетiн шараптар.
6. Маркалы шараптар - шектеулi аудандарда өсiрiлетiн жүзiмнiң белгiлi бір сорттарынан немесе олардың арнайы іріктелген қоспаларынан арнаулы технология бойынша алынатын, тiл үйiрер дәмiмен және хош иiсiмен (сәндiлiгiмен) сипатталатын және шөлмекке құймай тұрып кем дегенде міндетті түрде 2 жыл ұсталған сапасы жоғары және тұрақты шарап.
7. Коллекциялық шарап - стационар резервуарда ұстау аяқталғаннан кейін шөлмекте кем дегенде үш жыл қосымша ұсталатын маркалы шарап.
8. Көпiршитiн шараптар, шампан - өңделген шарап материалдарын шөлмектерде, резервуарларда немесе резервуарлар жүйесінде қысыммен қайталап ашыту кезiнде эндогендiк шығу тегiндегi көмiртегiнiң қос тотығын байытып әзiрленген шараптар.
9. Газдалған (iнжу) - өңделген шарап материалын көмiртегiнiң қос тотығымен физикалық байыту арқылы, қажет болған ретте қантты және лимон қышқылын пайдалана отырып, әзiрленген шараптар.
10. Хош иiстi шараптар - өсiмдiктiк татымды-хош иiстi шикiзаттарды, қантты, этил спиртін пайдалана отырып әзiрленген шараптар.
11. Шарап ішімдіктері - негiзiн табиғи жүзiм, жемiс шарап материалдары немесе олардың концентраттары құрайтын, қант, емен концентраты, тағамдық дәмдi-хош иiсті табиғи қоспалар, бояғыштар мен су қосылған, этил спиртi мен күшейтілген шарап материалдары қосылмаған, күштiлiгi он екі проценттен аспайтын алкогольді ішiмдiктер.
12. Шарап материалы - ашытылған немесе ашытуды тоқтата тұру тәсiлiне қарамастан ашытылу процесiндегi, құрамында этил спиртінің бір жарым проценттен астам мөлшерлiк үлесi бар, шарап дайындауға немесе араластыруға арналған жүзiм сөлi, жемiс-жидек шырыны;
13. Коньяк - емен бөшкелерде немесе емен қалақшаларын пайдалана отырып эмальданған резервуарларда кемiнде үш жыл сақталған коньяк спиртiнен әзiрленген, сәндiк және дәмдiк ерекшелiгi бар күштi алкогольдi ішімдік.
14. Бренди - коньяк, жүзiм спирттерiнен немесе шарап материалдарын этил спиртi мен емен ағашының түрлi компоненттерiн қоса отырып кез келген ашыған жемiс-жидек шикiзатын айдау арқылы алынатын спирттен өндiрiлетiн күштi алкогольдi iшiмдiк.
15. Сыра - қыздырылған ашытқы сөлiн сыра ашытқысымен қосып ашыту жолымен алынатын көмiртегiнiң қос тотығымен байытылған әлсiз алкогольдi, көбiктi сусын.
16. Басқа күштi алкогольдi сусындарға құрамында отыз процент және одан да көп этил спиртi бар ром, виски, джин, бальзамдар мен өзге де iшiмдiктер жатады.
17. Басқа әлсiз алкогольдi сусындарға құрамында отыз проценттен аз спирт бар алкогольдi ішімдiктер жатады.
6-бап. Дәм айыру комиссиясы
1. Дәм айыру комиссиясын этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндірушілердiң қоғамдық ұйымдары құрады және ол импортталатын және өндiрiлетiн этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң (сырадан басқа) сапасына баға берудi жүзеге асырады.
2. Дәм айыру комиссиясының қорытындысы уәкілетті органның шешiм қабылдауы үшiн ұсыным сипатында болады.
3. Дәм айыру комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету бойынша шығындарды дәм айыруға ұсынған этил спиртi мен алкоголь өнiмiн шығарушы-ұйымдар және импорттаушылар көтередi.
4. Дәм айыру комиссиясы туралы ереженi уәкiлеттi орган бекiтедi.
ҚР 10.03.04 ж. N 534-11 Заңымен 7-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
7-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiрудiң шарттары
1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге өндiру лицензиясы және паспорты болған жағдайда жол берiледi.
2. Өндiру паспортын өндiрушiнiң өзi жасайды және бекiтедi.
3. Өндiру паспортын бекiту үшiн қажеттi мәлiметтер тiзбесiн стандарттау жөнiндегi органмен келiсе отырып, уәкілеттi орган белгiлейдi.
4. Алкоголь өнiмiн өндiру үшiн тек тағамдық шикiзаттан өндiрiлген этил спиртi пайдаланылады.
5. Технологиялық желiлердi суды кондициялаушы жабдықтармен, спирт өлшейтiн аппараттармен және жасап шығару көлемi туралы ақпаратты уәкiлеттi органға автоматты түрде берудi қамтамасыз ететiн есептеушi бақылау аспаптарымен жарақтамай этил спиртi мен алкоголь өнiмiн (қос тотықты көмiртекпен қанықтырылғаннан басқа) өндiруге тыйым салынады.
6. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн стационарлық өндiрiстiк үй-жайларда және өндiрушiге меншiк құқығымен тиесiлi және тиiстi бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн жабдықтарда өндiруге болады.
7. Екi және одан да көп лицензиатқа этил спиртi мен алкоголь өнiмiн бiр құрал-жабдықпен және бiр стационарлық үй-жайда өндiруге тыйым салынады.
8. Өндiруге лицензияда көрсетiлген мекен-жай бойынша ғана жол берiледi.
8-бап. Алкоголь өнiмiн таңбалау
1. Өндiрiлетін (экспортталатыннан басқа) және импортталатын алкоголь өнімiн таңбалау мемлекеттiк тілде және орыс тілінде өнімнің атауы, дайындаушы-лицензиат және оның тұрған жерi туралы ақпаратты, өнiмге арналған стандарттың белгiсiн, ыдыстың сыйымдылығын, этил спиртінiң көлемдiк үлесiнен процент есебiмен күштiлiгiн, қанттың мөлшерiн, лицензияның нөмiрiн қамтуға тиiс.
2. Арақтарды және айрықша арақтарды таңбалау оларды әзiрлеуде пайдаланылған спирттiң сорты туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс.
3. Шараптарды таңбалау құйылған күнiн және оны құюды жүзеге асырған ұйымның атауын қамтуға тиiс.
4. Маркалы шараптарды таңбалау - ұсталу мерзiмi туралы, коллекциялық шараптарда - шарап әзiрленген жүзiмнiң жиналған жылы туралы, шампанда құйылған күнi туралы ақпараттарды қамтуға тиiс.
5. Алкоголь өнiмiнiң барлық түрлерiн таңбалау "Стандарттау туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жүргiзiлуге тиiс.
ҚР 10.03.04 ж. N 534-11 Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
9-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмi айналымының шарттары
1. Алкоголь өнімін:
1) базарларда, көтерме сауда базарларында, дүңгіршіктерде, шатырларда, ларектерде, қолдан, жаймалардан, автомашиналардан, сондай-ақ өзге де белгiленбеген орындарда (сырадан басқа);
2) шыққан жерi анықталмаса;
3) алкоголь өнiмiн сақтау мен өткiзуге лицензиясы болмаса;
4) балалар мекемелерiнде, бiлiм беру ұйымдарында және оларға iргелес жүз метр радиустағы аумақтарда;
5) он сегiз жасқа жетпеген адамдарға сатуға тыйым салынады.
2. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң айналымы кезiнде:
1) алкоголь өнiмiн сәйкестiк сертификатынсыз (және белгiлерiнсiз) өткiзуге;
2) алкоголь өнiмiн (сырадан басқа) акциздік алым таңбаларынсыз және есепке алу-бақылау таңбаларынсыз өткiзуге;
3) стандарттарға сәйкес келмейтiн және (немесе) зиянды қоспалардың жол берiлетiн шектi шоғырлануы асырыла өндiрiлген этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өткiзуге;
4) жарамдылық мерзiмi өткен алкоголь өнiмiн өткiзуге;
5) алкоголь өнiмiн (сыра мен құрамында он екi проценттен аз көлемдегi этил спирті бар әлсiз алкоголь сусындарынан басқа) қаңылтыр ыдыстарда, аралас полимер ыдыстарда, этикеткасы жоқ шөлмектерде және пластик ыдыстарда өткізуге;
6) лас, анық сынық белгiлерi бар, тұрқы бұзылған, зақымдалған тығындармен тығындалған шөлмектердегi, жалпы лайсаң, жат қоспалары, түбiнде тұнбалары бар (коллекциялық шараптардан басқа) алкоголь өнiмдерiн бөлшек саудамен өткiзуге тыйым салынады.
3. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң тиiстi лицензиясыз айналымына тыйым салынады.
4. Этил спиртi мен алкоголь өнімі айналымының тәртiбін Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
ҚР 10.03.04 ж. N 534-11 Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
10-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң экспорты және импорты
1. Этил спиртiнiң импорты жасап шығаруға этил спиртi пайдаланылатын алкоголь өнiмi өндiруге арналған лицензия болған кезде, этил спиртiнiң импортына берiлетiн лицензия бойынша жүзеге асырылады.
Шарап материалының импорты жасап шығаруға шарап материалы пайдаланылатын алкоголь өнiмiн өндiруге арналған лицензия болған кезде, шарап материалының импортына берiлетін лицензия бойынша жүзеге асырылады. Алкоголь өнiмiнiң импорты алкоголь өнiмiнiң импортына берiлетiн лицензия бойынша және алкоголь өнiмiн өндiруге не алкоголь өнiмiн (сырадан басқа) сақтауға, көтерме саудада өткiзуге арналған лицензиялары болған кезде жүзеге асырылады.
2. Этил спиртiнің экспортына этил спиртін өндiруге арналған лицензия болған кезде ғана жол берiледi.
Алкоголь өнімін өндiруге, алкоголь өнiмін (сырадан басқа) сақтауға, көтерме саудада өткiзуге арналған лицензиялардың болуы алкоголь өнімiнің экспортына құқық бередi.
3. Бос қоймаларда этил спиртiн өңдеу мен алкоголь өнiмiн өндiруге тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң экспорты мен импорты бойынша уақытша тыйым салулар белгiлеуi мүмкiн.
5. Айналымына осы Заңның 9-бабының 2-тармағында тыйым салынған этил спирті мен алкоголь өнiмiн Қазақстан Республикасына әкелуге тыйым салынады.
ҚР 10.03.04 ж. N 534-11 Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
11-бап. Этил спиртін сақтаудың және өткiзудің тәртiбi мен шарттары
1. Этил спиртiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен:
1) берiлген квота шегiнде фармацевтикалық және мемлекеттiк медициналық кәсiпорындарға қызметтiң тиiстi түрiне арналған өздерiнiң лицензияларын көрсеткен кезде акциз төлемдерiн төлемей-ақ;
2) акциз төлемдерiн төлей отырып:
алкоголь өнімін (сырадан басқа) өндірушілерге;
этил спиртін техникалық мақсаттарда пайдаланатын немесе алкогольді емес өнім өндіру кезінде олар тиісті уәкілетті орган бекіткен шығыс нормалары мен қажеттерiн табыс еткен кезде ұйымдарға өткiзуге болады.
1-1. Этил спиртін сақтау мен өткiзу этил спиртiн өндiруге лицензия болғанда ғана өндiрушiнiң қойма жайларынан жүзеге асырылады.
2. Қызметтiң тиiстi түрiне лицензиясы бар дәрiханалардың этил спиртiн өткiзуiн қоспағанда, этил спиртiн бөлшек саудада өткiзуге жол берiлмейдi.
2-1. Этил спиртiн сақтау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 10.03.04 ж. N 534-11 Заңымен 12-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
12-бап. Алкоголь өнiмiн сақтау және өткiзу
1. Өндiрушi алкоголь өнiмiн фирмалық арнаулы дүкендер арқылы және алкоголь өнiмдерiн сақтауға және көтерме саудада өткiзуге лицензиясы бар тұлғаларға өткiзуге құқылы.
2. Импорттаушылар және алкоголь өнімін (сырадан басқа) сақтауға, көтерме саудада өткiзуге арналған лицензиясы бар тұлғалар алкоголь өнiмiн (сырадан басқа) сақтауға, көтерме және бөлшек саудада өткiзуге арналған тиiстi лицензиясы бар тұлғаларға ғана алкоголь өнiмiн өткiзуге құқылы.
3. алынып тасталды
4. Екi немесе одан да кеп лицензиаттың алкоголь өнiмдерiн бiр үй-жайда сақтау және көтерме саудамен өткiзу жөнiндегi қызметiне тыйым салынады.
13-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмi өндiрiлуiнiң және айналымының көлемiн декларациялау
1. Этил спиртiн өндiрудi, сақтауды, өткiзудi және пайдалануды, алкоголь өнiмдерiн өндiрудi, сақтауды және көтерме саудамен өткiзудi жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi органға этил спиртi мен алкоголь өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымы декларацияларын тапсыруға мiндеттi.
2. Декларация тапсыру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
14-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сату жөнiндегi жарнама мен ұсыныстар
Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сату жөніндегi бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнама мен ұсыныстарда қызметтің осы түріне арналған лицензияның нөмiрi мен берiлген күнi көрсетiлуге тиiс.
ҚР 10.03.04 ж. N 534-11 Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
15-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы жөнiндегi қызметтi лицензиялау
1. Қазақстан Республикасының аумағында этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрілуi және айналымы:
1) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiсiне және импортына - уәкiлеттi орган;
2) алкоголь өнiмін (сырадан басқа) сақтауға және көтерме саудада өткiзуге, алкоголь өнiмiн (сырадан басқа) бөлшек саудада өткiзуге - жергiлiктi атқарушы органдар беретiн лицензиялардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Лицензия иелiктен айырылмайды, яғни оны лицензиаттың басқа жеке және заңды тұлғаларға беруiне болмайды.
3. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымына арналған лицензиялар барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берген күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiледi.
4. Осы тармақта белгiленген жағдайларды қоспағанда, этил спиртін өндiруге лицензиясы болмаса этил спиртiн сақтауға және өткiзуге тыйым салынады.
Алкоголь өнiмiн өндiруге арналған лицензия этил спиртiн сақтауға, өздерi шығарған алкоголь өнiмiн сақтауға және фирмалық арнаулы дүкендер арқылы өткiзуге, сондай-ақ алкоголь өнiмiн сақтау мен көтерме саудада өткiзуге лицензиясы бар адамдарға көтерме саудада өткiзуге құқық бередi.
5. алынып тасталды
6. Қызметтiң мынадай түрлерi лицензиялануға тиiс:
1) этил спиртiн өндiру;
2) алкоголь өнiмiн өндiру;
3) алынып тасталды
4) алкоголь өнiмiн (сырадан басқа) сақтау, көтерме және бөлшек саудада өткiзу;
5) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импорты;
6) алынып тасталды
7. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын лицензиялаудың ережелерi мен шарттарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
16-бап. Лицензияларды берудiң шарттары
1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы жөнiндегi қызметпен айналысу құқығына лицензия бiлiктiлiк деңгейi қызметтiң тиiстi түрi үшiн қойылатын талаптарға сай келетiн субъектiге берiледi.
2. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы жөнiндегi қызметке қойылатын біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
17-бап. Лицензия беруден бас тартуға шағымдану
1. Егер лицензия осы Заңмен белгiленген мерзiмде берiлмесе немесе арыз берушiге бас тарту негiзсiз болып көрiнсе, ол осы әрекеттерге бiр ай мерзiм iшiнде сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
2. Сот бас тартудың негiзсiздiгiн не лицензияның белгiленген мерзiмде берiлмеу фактiсiн айқындай отырып, лицензиарды лицензия беруге мiндеттейтiн сот шешiмi заңды күшiне енгеннен бастап лицензиар он күн iшiнде орындауға тиiс шешiм шығарады.
ҚР 10.03.04 ж. N 534-11 Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
18-бап. Шаруашылық жүргiзушi субъектiлердi лицензия алуға тексеру
1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге, алкоголь өнiмiн (сырадан басқа сақтауға, көтерме саудада өткiзуге лицензия алу үшiн бiлiктiлік талаптарына сәйкестігін анықтау тұрғысынан тұлғаларды тексерудi шарт негiзiнде уәкiлеттi органның арнаулы мемлекеттiк кәсiпорындары ғана жүргiзедi.
2. Тексеру үшiн ақының мөлшерiн монополияға қарсы органмен келiсе отырып, уәкiлеттi орган белгілейдi.
ҚР 10.03.04 ж. N 534-11 Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
19-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру
1. Лицензиар этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге, алкоголь өнiмiн (сырадан басқа) сақтауға, көтерме және бөлшек саудада өткiзуге, этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импортына арналған лицензияның қолданылуын мынадай жағдайларда: