Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және
қадағалау туралы 2003 жылғы 4 шілдедегі N 474-ІІ Қазақстан
Республикасының Заңы
(11.06.04 ж. N 562-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 ж. 7 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1-6 баптар)
2-тарау. Уәкілетті органның мәртебесі, (7-15 баптар)
міндеттері, функциялары және өкілеттіктері
3-тарау. Қорытынды ережелер (16-17 баптар)
Осы Заң қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу мен қадағалауды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын арттыру мен қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына жол бермеу жөнiнде жағдайлар жасауға бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушы - қаржылық ұйымның қызмет көрсетуiн пайдаланушы, сондай-ақ өз қаражаттарын қаржы құралдарына инвестициялайтын жеке немесе заңды тұлға;
2) қаржы рыногындағы кәсiби қызмет - қаржылық қызмет көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
3) уәкiлеттi орган - қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
4) қаржылық ұйым - қаржылық қызмет көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
5) қаржы рыногы - қаржылық қызмет көрсету мен тұтынуға, сондай-ақ қаржы құралдарының шығарылуына және айналысына байланысты қатынастардың жиынтығы;
6) қаржылық қызмет көрсету - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынған лицензиялар негiзiнде жүзеге асырылатын сақтандыру рыногы, бағалы қағаздар рыногы, инвестициялық қорлар, жинақтаушы зейнетақы қорлары қатысушыларының қызметi, сондай-ақ банк қызметi.
2-бап. Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеудiң және қадағалаудың мақсаттары, принциптерi мен мiндеттерi
1. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеудiң және қадағалаудың мақсаттары:
1) қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтастай алғанда қаржы жүйесiне деген сенiмдi қолдау;
2) қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың мүдделерiн қорғаудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ету;
3) қаржы рыногында адал бәсекенi қолдауға бағытталған қаржылық ұйымдардың қызметi үшiн тең құқықтық жағдайлар жасау болып табылады.
2. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеудiң және қадағалаудың принциптерi:
1) ресурстар мен реттеу құралдарын тиiмдi пайдалану;
2) қаржылық ұйымдар мен қаржылық қадағалау қызметiнiң айқындығы;
3) тәуекелдердi бағалауға негiзделген қаржылық ұйымдарды басқаруды ынталандыру;
4) жаңа қаржы құралдарын және қызмет көрсетудi дамытуды қолдау арқылы қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар мүдделерiнiң қорғалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың кешендiлiгі, сондай-ақ қаржы рыногына қазiргi заманғы технологияны енгiзу;
5) қаржылық ұйым органдарының жауапкершiлiгi болып табылады.
3. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеудiң және қадағалаудың мiндеттерi:
1) қаржылық ұйымдар қызметiнiң стандарттарын белгiлеу, қаржылық ұйымдарды корпоративтiк басқаруды жақсарту үшiн ынталандыру жағдайларын жасау;
2) қаржы жүйесiндегi тұрақтылықты сақтау мақсатында қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдардың мониторингi;
3) қаржылық тұрақтылықты қолдау мақсатында қаржы рыногының қауiпке неғұрлым бейiм салаларында қадағалау ресурстарын шоғырландыру;
4) қазiргi заманғы технологияларды енгiзудi ынталандыру, қаржылық ұйымдардың қызметi және олар көрсететiн қаржылық қызметтер көрсету туралы ақпараттың тұтынушылар үшiн толымдылығын және қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Қаржы рыногында уәкiлеттiк берiлмеген қызметке тыйым салу
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген тиiстi лицензиясы жоқ тұлғалардың қаржы рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруына жол берiлмейдi.
2. Уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясынсыз жасалған қаржылық қызмет көрсету бойынша мәмiлелер жарамсыз болып табылады.
5-бап. Пруденциялық нормативтер және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер
Уәкiлеттi органның қаржылық ұйымдар үшiн олардың қаржы тұрақтылығын және қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында белгiлейтiн экономикалық шектеулер пруденциялық нормативтер болып табылады.
Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда уәкiлеттi орган пруденциялық нормативтердi және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi шоғырландырылған негiзде белгiлеуге құқылы.
6-бап. Қаржы рыногын монополияға қарсы реттеу
1. Қаржы рыногында бәсекелестiктi шектеуге және қаржылық ұйымның өзiнiң басым (монополиялық) жағдайын терiс пайдалануына бағытталған iс-әрекеттердi жасауына тыйым салынады.
2. Қаржы рыногындағы қаржылық ұйымның басым (монополиялық) жағдайын белгiлеу ережелерiн уәкiлеттi органмен бiрлесiп монополияға қарсы орган айқындайды.
3. Қаржы рыногындағы қаржылық ұйымдардың Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңдарының талаптарын орындауын бақылауды монополияға қарсы орган жүзеге асырады.
2-тарау. Уәкілетті органның мәртебесі,
міндеттері, функциялары және
өкілеттіктері
7-бап. Уәкiлеттi органның мәртебесi
1. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын бiртұтас уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынады және есеп бередi және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн ол туралы Ереженiң негiзiнде әрекет етедi.
3. Уәкiлеттi органды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бюджет қаражаты (шығыстар сметасы) есебiнен жүзеге асырылады.
8-бап. Уәкiлеттi органның мiндеттерi
1. Уәкiлеттi органның мiндеттерi:
1) қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына жол бермеу жөнiндегi шараларды iске асыру;
2) қаржылық ұйымдардың тиiстi түрлерiнiң адал бәсекелестiк принциптерiнде жұмыс iстеуi үшiн тең жағдай жасау;
3) қаржылық ұйымдардың қызметiн peттeу мен қадағалаудың стандарттары мен әдiстерiнiң деңгейiн көтеру, олар қабылдаған мiндеттемелердiң уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды пайдалану болып табылады.
2. Уәкiлеттi орган осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген өзге де мiндеттердi iске асыруды қамтамасыз етедi.
11.06.04 ж. N 562-II ҚР Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
9-бап. Қаржылық ұйымдарының қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның функциялары мен өкiлеттiктерi
1. Уәкiлеттi орган қаржылық ұйымдардың қызметiн реттеу және қадағалау мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржылық ұйымдарды ашуға (құруға), оларды ерiктi түрде қайта құру мен таратуға рұқсат бередi және оны керi қайтарып алады, қаржылық ұйымдардың бөлiмшелерiн ашуға келiсiм бередi, сондай-ақ аталған рұқсаттар мен келiсiмдердi беру тәртiбiн айқындайды;
2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржылық ұйымдардың басшы қызметкерлерi лауазымдарына адамдарды сайлауға (тағайындауға) келiсiм бередi не келiсiм беруден бас тартады, сондай-ақ аталған келiсiмдi берудiң не беруден бас тартудың тәртiбiн айқындайды;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржы рыногында кәсiби қызметтi, қаржылық ұйымдардың аудитiн жүзеге асыруға лицензиялар беру, қолданылуын тоқтату және керi қайтарып алу тәртiбiн белгiлейдi, аталған лицензияларды бередi, қолданылуын тоқтатады және керi қайтарып алады;
4) қаржылық ұйымдар, қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар, басқа да жеке және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының аумағында орындалуы мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығарады;
5) қаржылық ұйымдар үшiн, оның iшiнде шоғырландырылған негiзде пруденциялық нормативтердi және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi бекiтедi;
6) қаржылық ұйымдар мен олардың аффилиирленген тұлғалары есептілігінің (қаржылық және статистикалық есептiлiктi қоспағанда) тiзбесiн, нысандарын, табыс ету мерзiмдерi мен тәртiбiн белгілейді;
7) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру және бухгалтерлiк есеп стандарттары туралы заңдарын қаржылық ұйымдардың сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда және шектерде, оның iшiнде аудиторлық ұйымды тарту арқылы қаржылық ұйымдар мен олардың аффилиирленген тұлғаларының қызметiн тексередi, тексеру жүргiзудiң тәртiбiн айқындайды;
9) қаржылық ұйымдарға Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген шектеулi ықпал ету шаралары мен санкциялардың қолданылу тәртiбiн айқындайды және қолданады;
10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсе отырып, қаржылық ұйымдардың лекцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм қабылдайды;
11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржылық ұйымдардың тарату комиссияларының қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
12) қаржылық ұйымдар туралы мәлiметтердi (қызметтiк, коммерциялық, банктiк немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда), оның iшiнде оларға қолданған шаралар туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
2. Уәкiлеттi орган қаржылық ұйымдарға және олардың аффилиирленген тұлғаларына, оның iшiнде аудиторлық ұйымдарды тарта отырып:
1) қаржылық ұйымдар мен олардың аффилиирленген тұлғаларының қаржылық жай-күйiн айқындау;
2) қаржылық ұйымдармен олардың аффилиирленген тұлғаларының басқарма құрылымының және шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгiн айқындау;
3) қаржылық ұйымдардың аффилиирленген тұлғаларын айқындау;
4) қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар құқықтарының бұзылуын анықтау және оның алдын алу;
5) қаржылық қызмет көрсету немесе қаржы құралдарын шығару жөнiндегi уәкiлеттiк берiлмеген қызметтi анықтау және оның алдын алу мақсатында инспекциялау (тексеру) жүргiзуге құқылы.
3. Уәкiлеттi орган осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген өкiлеттiктерден басқа, осы Заңның 10-13-баптарында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
4. Уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, қаржылық ұйымдардың қызметiне араласуға құқылы емес.
10-бап. Банк қызметiн реттеу және қадағалау ерекшелiктерi
Уәкiлеттi орган банк қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
1) жеке және заңды тұлғалардың банктiң және банктiк холдингтiң iрi қатысушысы мәртебесiне ие болуына, банктердiң еншiлес ұйым құруына және оған ие болуына рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту тәртiбiн айқындайды, аталған рұқсаттарды бередi не беруден бас тартады;
2) банктердiң меншiктi капиталының ең аз мөлшерiн белгiлейдi;
3) банктердiң резервтiк капиталын қалыптастыру жөнiндегi талаптарды белгiлейдi;
4) банктiк топтар үшiн пруденциялық нормативтердi және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi бекiтедi;
5) салымдарға (депозиттерге) мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру (сақтандыру) тәртiбiн белгiлейдi;
6) активтердi және шартты мiндеттемелердi сыныптау мен оларға қарсы провизиялар құру тәртiбiн белгiлейдi. Активтер мен шартты мiндеттемелердi күмәндi және сенiмсiз санаттарға жатқызу тәртiбiн мемлекет алдында салық мiндеттемелерiнiң орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органмен келiсе отырып айқындайды;
7) банктердiң және банктерге аудит жүргiзуге лицензиясы бар аудиторлық ұйымдардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
8) банктiң аффилиирленген тұлғаларына Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртiбiн айқындайды және оларды қолдану туралы шешiм қабылдайды;
9) Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленген жағдайларда банктi консервациялау туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (банктi уақытша басқарушыны) тағайындайды;
10) Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленген жағдайларда Қазақстан Республикасының банк заңдарында көзделген барлық немесе жекелеген банк операцияларын жүргiзуге лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (уақытша әкiмдi) тағайындайды;
11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
11-бап. Сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау ерекшелiктерi
Уәкiлеттi орган сақтандыру қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына бақылау жасау құқығын алуға рұқсат беру және оны керi қайтарып алу тәртiбiн айқындайды, көрсетiлген рұқсаттарды бередi және керi қайтарып алады;
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру резервтерiн қалыптастыруына қойылатын талаптарды белгiлейдi;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру резервтерiн есептеу әдiстемесiне қойылатын талаптарды белгiлейдi;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтерiн орналастыру және инвестициялау тәртiбiн айқындайды;
5) сақтандыру полистерiнiң нысандары мен мазмұны бойынша талаптарды белгiлейдi;
6) актуарийлiк қорытынды және оның мазмұнына талаптар негiзiнде аннуитет шарттарын қолдану кезеңiнде тұрақты сақтандыру төлемдерiнiң мөлшерiн көбейту тәртiбi мен талаптарын айқындайды;
7) жинақтаушы сақтандыру бойынша қызметтi жүзеге асыратын сақтандыру ұйымының өз сақтанушыларына заемдарды беру тәртiбi мен талаптарын айқындайды;
8) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру және қайта сақтандыру (сақтандыру полистерi), оның iшiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының белгiленген (шарттармен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен) мерзiмдердi бұза отырып орындаған шарттарын есепке алу тәртiбiн айқындайды;
9) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру брокерлерiнiң, актуарийлердiң және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына аудит жүргiзуге лицензиясы бар аудиторлық ұйымдардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
10) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарында белгiленген жағдайларда сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияны қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (уақытша әкiмдi) тағайындайды;
11) мiндеттi сақтандыру түрлерi бойынша сақтандыру төлемдерiне мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру тәртiбiн айқындайды;
12) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
12-бап. Бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн реттеу және қадағалау ерекшелiктерi
Уәкiлеттi орган бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
1) қаржы рыногының активтерiн бағалы қағаздар ретiнде таниды;
2) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырады, акцияларды шығару және орналастыру, облигацияларды орналастыру мен өтеу және бағалы қағаздар шығаруды жою туралы есептердi қарап, бекiтедi және мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрегейлендiру нөмiрлерiн бередi;
3) бағалы қағаздарды, оның iшiнде туынды бағалы қағаздарды шығарудың, орналастырудың, айналымға жiберудiң және өтеудiң шарттары мен тәртiбiн, мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрегейлендiру нөмiрлерiн берудiң тәртiбiн айқындайды;
4) бағалы қағаздарды, оның iшiнде туынды бағалы қағаздарды шығаруды мемлекеттiк тiркеудiң, оларды орналастыру және өтеу, сондай-ақ жоюдың қорытындылары туралы есептердi қараудың талаптары мен тәртiбiн белгiлейдi;
5) бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының мамандарын оқытуды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
6) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар даярлау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға рұқсат беру, қолданылуын тоқтату және керi қайтарып алу талаптары мен тәртiбiн айқындайды, аталған рұқсаттарды бередi, қолданылуын тоқтатады және керi қайтарып алады;
7) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеуге ниет бiлдiрген жеке тұлғаларға аттестация жүргiзу талаптары мен тәртiбiн айқындайды және аттестация жүргiзедi, аттестациядан өткен тұлғаларға бiлiктiлiк куәлiктерiн бередi, бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушiлерге қайта аттестациялауды жүзеге асырады, бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтатады және қайта бастайды, бiлiктiлiк куәлiктерiн керi қайтарып алады;
8) бағалы қағаздардың және туынды бағалы қағаздардың орналастырылуы мен айналысын тоқтату және қайта бастау талаптары мен тәртiбiн айқындайды;
9) Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн, бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар мен рұқсаттар тiзiлiмiн және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру құқығына берiлген бiлiктiлiк куәлiктерiнiң тiзiлiмiн жүргiзедi;
10) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыру шарттары мен тәртiбiн, оның iшiнде бағалы қағаздармен операциялар жасау шарттары мен тәртiбiне қойылатын талаптарды белгiлейдi;
11) зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың және институционалдық инвесторлардың инвестициялық қызметiн жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi;
12) бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушылардың және өзiн өзi реттейтiн ұйымдардың қызметiн жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi;
13) бағалы қағаздардың, оның iшiнде туынды бағалы қағаздардың бағаларымен айла-шарғы жасауға, бағалы қағаздар рыногында инсайдер ақпаратын немесе қызметтiк, коммерциялық, банктiк немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты пайдалану арқылы мәмiлелер жасауға бақылауды жүзеге асырады;
14) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес инвестициялық қорлардың және оларды басқарушылардың құрылуы мен қызметiн лицензиялауды, реттеудi және бақылауды жүзеге асырады;
15) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
13-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеу және қадағалау ерекшелiктерi
Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
1) жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтайшыларына, акционерлерiне, басшы қызметкерлерiне қойылатын талаптарды белгiлейдi;
2) жинақтаушы зейнетақы қорлары жарғылық капиталының ең аз мөлшерiн, оны қалыптастыру тәртiбiн және құрамын белгiлейдi;
3) алушылардың жеке зейнетақы шоттарындағы жинақталған зейнетақы қаражатын есепке алуды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi және оның дұрыс жүргiзiлуiн бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ жинақталған зейнетақы қаражатын аудару тәртiбiн белгiлейдi;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының жиырма бес проценттен астам акцияларын сатып алуға рұқсат беру тәртiбiн белгiлейдi;
5) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы ережелерiн келiседi;
6) қайта құрылатын немесе таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн, оның зейнетақы шарттары бойынша мiндеттемелерiн басқа қорға беру тәртiбiн белгiлейдi;
7) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында белгiленген жағдайларда зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметке берiлген жинақтаушы зейнетақы қорларының лицензиясын керi қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (уақытша әкiмдi) тағайындайды;
8) жинақтаушы зейнетақы қорларын консервациялау туралы шешiм қабылдайды;
9) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
14-бап. Ақпарат алу жөнiндегi өкiлеттiктер
Уәкiлеттi органға жүктелген қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау функцияларын сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету, осы Заңның талаптарын iске асыру мақсатында уәкiлеттi орган жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттiк органдардан өзiнiң қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпарат алуға құқылы, бұл орайда алынған мәлiметтер жария етуге жатпайды.
Уәкiлеттi органның қызметкерлерi өздерiнiң қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында алынған қызметтiк, коммерциялық, банктiк немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi жариялағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
15-бап. Уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттiк органдарымен және басқа мемлекеттердiң қаржы рыноктары мен қаржылық ұйымдарды реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын органдарымен өзара әрекетi
1. Уәкiлеттi орган өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен өзiне берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ешкiмге тәуелсiз. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдар уәкiлеттi органның заң тұрғысында бекiтiлген өкiлеттiктерiн iске асыру жөнiндегi қызметiне араласуға құқылы емес.
2. Уәкiлеттi орган өз қызметiн басқа мемлекеттiк органдармен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құзыретi шегiнде үйлестiредi.
3. Уәкiлеттi орган басқа мемлекеттердiң қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарымен ынтымақтастықта болады және олардың қадағалау функцияларын жүзеге асыруына қажеттi ақпарат алмасуға құқылы.
3-тарау. Қорытынды ережелер
16-бап. Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы заңдарын бұзғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
17-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртiбi
Осы Заң 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының