Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы
1998 ж. 30 маусымдағы N 254-1 Қазақстан Республикасының Заңы
(ҚР 03.06.03 ж. N 427-11 Заңымен
енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 ж. 13 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң жылжымалы мүлiкке заңды құқықтары бар жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын жүзеге асыру және қорғау мақсатында осындай мүлiк кепiлiн тiркеу ережелерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда қолданылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар қолданылады:
жылжымалы мүлiк - көлiк құралдары, айналымдағы тауарлар, бағалы қағаздар, ақша, мүлiктiк құқықтар, соның iшiнде болашақтағы өнiм мен заң актiлерiмен жылжымайтын мүлiкке жатқызылмаған өзге де мүлiкке құқық;
жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу - жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiне кепiл талаптары бар (кепiлдi тiркеу туралы өтiнiш) шарттағы немесе өзге шарттағы мәлiметтердi енгiзу жөнiнде жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу кезiнде туындайтын қатынастарға қатысушылардың iс-әрекеттерiнiң жиынтығын бiлдiретiн, тiркеушi органның жылжымалы мүлiк кепiлiн есепке алу рәсiмi, тiркеушi органдардың жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк беруi мен осы Заңда және өзге де заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жасалатын өзге де iс-әрекеттерi;
тiркелген кепiл - осы Заңда белгiленген тәртiппен тiркелген жылжымалы мүлiк кепiлi;
өтiнiш берушi - тiркеушi органға кепiлдi тiркеу туралы өтiнiш беретiн адам; кепiл мiндеттемесi тараптарының келiсiмi бойынша кепiл берушi де, кепiл ұстаушы да өтiнiш берушi бола алады;
жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу органдары (тiркеушi органдар) заңды және жеке тұлғалардың - кепiлдерiн тiркейтiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне бағынысты мекемелер, сондай-ақ мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымалы мүлiктiң жекелеген түрлерiн және осы мүлiктiң кепiлiн тiркеуге заңдарда белгiленген тәртiппен уәкiлеттiк берiлген өзге де мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар;
жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмi (кепiл тiзiлiмi) - тiркеушi органдар заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асыратын ақпаратты есепке алу және саны сақтау жүйесi;
жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк - тiркеушi орган өтiнiш иесiне беретiн және жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу фактiсiн растайтын құжат.
2-бап. Қазақстан Республикасының жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы заңдары
Қазақстан Республикасының жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың нормаларына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
3-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу кезiнде пайда болатын қатынастарға қатысушылар
1. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу кезiнде пайда болатын қатынастарға қатысушылар:
1) кепiл берушi, кепiл ұстаушы;
2) тiркеушi органдар;
3) үшiншi тұлғалар.
2. Тiркеушi органдардың қызметiне жалпы басшылықты және бақылауды - Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi мен басқа да мемлекеттiк органдар, ал жылжымалы мүлiктiң жекелеген түрлерiмен жасалған кепiлдi тiркеудi жүзеге асыратын заңды тұлғалардың қызметiне заң актiлерiмен уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
4-бап. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу
1. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеудi заңдарға сәйкес осы мүлiктi тiркеудi жүзеге асыруға уәкiлеттiк берiлген орган жүзеге асырады.
2. Мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
3. Кепiлдерi мiндеттi түрде тiркелуге жататын мүлiк түрлерi, меншiк құқығы мен басқа да құқықтар, сондай-ақ оны тiркеудi жүзеге асыратын органдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
5-бап. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу
1. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлi:
1) кепiл туралы шарттың немесе кепiл туралы талаптары бар өзге де шарт тараптарының бiрiнiң талап етуi бойынша;
2) егер кепiл туралы шартта немесе кепiл туралы талаптары бар өзге де шарттарда кепiлдегi мүлiктi кейiннен кепiлге салуға (қайталама кепiл) тыйым салынса, тiркелуге тиiс.
2. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiктiң кепiлiн тiркеу:
1) егер кепiл берушi заңды тұлға болып табылатын жағдайда, заңды тұлғаның тiркелген орны бойынша;
2) егер кепiл берушi жеке тұлға, соның iшiнде жеке кәсiпкер болып табылатын жағдайда, салық төлеушi ретiнде тiркелген орны бойынша жүзеге асырылады.
3. Тiркеушi орган тiркелген жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiн жүргiзуге мiндеттi.
4. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi, сондай-ақ Заңда берiлген өкiлеттiк шегiнде жылжымалы мүлiк кепiлiнiң жекелеген түрлерiн тiркеуге уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеудi жүргiзу ережелерi мен рәсiмдерiн белгiлейтiн ведомстволық актiлер шығаруға құқылы.
ҚР 03.06.03 ж. N 427-11 Заңымен 6-бап өзгертілді және толықтырылды (бұрынғы ред. қара)
6-бап. Жылжымалы мүлiктiң жекелеген түрлерiнiң кепiлiн тiркеудiң ерекшелiктерi
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар кепiлiн тiркеу бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылған бағалы қағаздар кепiлiн тiркеуге осы Заңның 8-бабының ережелерi қолданылады.
Қара: Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 наурыздағы N 77-1 Заңың; Қазақстан Республикасында Бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу туралы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 наурыздағы N 78-1 Заңың
1-1. Ипотекалық облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлiк кепiлiн тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Қоғам үшiн елеулi тарихи (оның iшiнде археологиялық), көркемдiк немесе өзге де мәдени құндылығы бар мүлiк кепiлiн тiркеу заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Ипотекалық облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлiк кепiлi мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады.
4. Ипотекалық облигацияларды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiк кепiлiн тiркеудi тiркеушi орган алғашқы өтiнiш жасаған кезде бiр рет қана жүргiзедi. Бұл ретте, тiркеушi орган кепiл тізілімін жүргізуді жүзеге асырады. Кепілдің осы түрін тіркеуге және оны тоқтатуға төлем Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бiр мезгiлде жасалады.
7-бап. Жеке кәсiпкерлердiң, жеке және заңды тұлғалардың жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу құқықтары
Жылжымалы мүлiктiң кепiлi кезiнде жеке кәсiпкер, жеке немесе заңды тұлға кепiлдi кепiл берушi ретiнде де, кепiл ұстаушысы ретiнде де тiркей алады.
8-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеудiң құқықтық маңызы
1. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу кепiл берушiнiң аталған мүлкiне үмiткер кепiл ұстаушылардың талаптарына қатысты кепiл ұстаушының талаптарын қанағаттандырудың кезектiлiгiн (күнiн) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң және басқа да заң актiлерiнiң ережелерiне сәйкес белгiлейдi.
Әрбiр алдыңғы тiркелген кепiл ұстаушы барлық өзiнен кейiн тiркелген кепiл ұстаушылардың алдында, сондай-ақ осы мүлiктiң тiркелмеген барлық кепiл ұстаушыларының алдында мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету кезiнде басымдыққа ие болады.
2. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымалы мүлiк кепiлi құқығы, егер кепiл туралы шартта (кепiл талаптары бар өзге шартта) немесе заң актiлерiнде неғұрлым кеш мерзiм көзделмесе, аталған мүлiктi тiркеудi жүзеге асыратын органда жылжымалы мүлiк кепiлi тiркелген сәттен бастап пайда болады.
2-тарау. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу тәртiбi
9-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы өтiнiш
1. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу үшiн өтiнiш жасаушы өзi не өкiлi арқылы тiркеушi органға өтiнiштiң толтырылған бланкiсiн бередi.
2. Өтiнiште:
1) тiркеушi органның атауы;
2) кепiл берушiнiң және кепiл ұстаушының атауы, орналасқан жерi (заңды тұлға үшiн) немесе тегi, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты жерi (жеке тұлға үшiн);
3) кепiл туралы шарттың немесе кепiл талаптары бар өзге де шарттың жасалған күнi мен орны;
4) кепiл нысанасы болып табылатын мүлiктiң тiзбесi және сипаттамасы (кепiл мәнi туралы мәлiметтер);
5) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң ақшалай баламасы;
6) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң қолданылу мерзiмi;
7) өтiнiш берушiнiң немесе оның өкiлiнiң қойған қолы және заңды тұлға үшiн мөрi;
8) кепiлге салынған мүлiк қай тараптың қолында екенi туралы нұсқау, оны пайдалануға болатыны және қайталама кепiл туралы мәлiметтер болуға тиiс.
Өтiнiш берушi өзiнiң жеке басын куәландыратын құжаттарды, ал тұлғаның өкiлi - өзiнiң өкiлеттiгiн растайтын құжатты, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттарды табыс етуге мiндеттi.
3. Өтiнiшке кепiл туралы шарт немесе кепiл талаптары бар өзге шарт қоса берiледi, ол тiркеушi орган өтiнiштегi мәлiметтердi тексерген соң тiркеу туралы белгi соғылып, өтiнiш берушiге қайтарылады.
4. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы өтiнiште заңды тұлғаның - кепiл берушiнiң мемлекеттiк тiркелуi туралы деректер болуға тиiс.
5. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркегенi, жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiктi және куәлiктiң көшiрмесiн бергенi үшiн, өтiнiш берушiнiң кiнәсiнен тiркеу құжаттарында жол берiлген қателердi түзету үшiн, сондай-ақ ақпараттық қызмет көрсеткенi үшiн тiркеушi орган ақы алады, оның мөлшерi мен алу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Қара: Жылжымалы мүлік кепілін тіркеу және ақпараттық қызметтер көрсету үшін ақы алудың мөлшері мен тәртібі туралы ережені бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 ж. 29 маусымдағы N 888 қаулысың
6. Осы Заңда көзделгеннен басқа қандай да болсын өзге құжаттар мен мәлiметтер талап етуге жол берiлмейдi.
10-бап. Тiркеушi органның мiндеттерi
1. Қажеттi құжаттарды алған сәтiнен бастап тiркеушi орган:
1) өтiнiш берушiге табыс етiлген құжаттарды алғандығын растайтын, күнi, уақыты (сағаты, минуты) көрсетiлген қолхат беруге;
2) жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiне (оның iшiнде деректердiң компьютерлiк базасына) кепiлдi тiркеу туралы өтiнiштегi деректердi енгiзуге;
3) өтiнiш берген адамға жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк беруге мiндеттi.
2. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу осы Заңның 11-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, екi күн iшiнде жүргiзiлуге тиiс.
3. Тiркеушi орган ұсынылған жылжымалы мүлiк кепiлi туралы шартты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (жалпы бөлiм) 307-бабына сәйкес тек нысанды белгiлерi бойынша тексередi.
11-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуден бас тарту
1. Тiркеушi орган:
1) егер кепiл туралы шарт немесе кепiл талаптары бар өзге де шарт Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (жалпы бөлiм) 307-бабының талаптарына сәйкес келмесе;
2) егер кепiлдi тiркеу туралы өтiнiш осы Заңның 9-бабының талаптарына сәйкес келмесе;
3) егер кепiлдi тiркеу туралы өтiнiштi тиiстi тұлға жасамаса;
4) егер жылжымалы мүлiктiң кепiлiн тiркеу үшiн ақы төленбесе, кепiлдi тiркеуден бас тарта алады.
2. Тiркеуден бас тартылған жағдайда тiркеушi орган құжаттардың қабылданған сәтiнен бастап бес жұмыс күнi iшiнде заң талаптарының бұзылғандығына сiлтеме жасай отырып, өтiнiш жасаушыға жазбаша дәлелдi тiркеуден бас тартуды жолдайды.
3. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуден бас тартуға не оны тiркеуден жалтаруға мүдделi тұлға сот тәртiбiмен шағым жасай алады.
4. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуден бас тартқан кезде өтiнiш берушiге кепiлдi тiркеу үшiн төленген ақының 50 процентi қайтарылады.
ҚР 03.06.03 ж. N 427-11 Заңымен 12-бап толықтырылды
12-бап. Тiркелген жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмi
1. Тiркелген жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiне жылжымалы мүлiк кепiлi және кепiл туралы шарттың тараптары туралы мынадай деректер кiредi:
1) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу күнi, уақыты (сағаты мен минуты);
2) кепiл берушi мен кепiл ұстаушы туралы деректер, олардың мекен-жайлары (деректемелерi);
3) құжаттардың тiркеу нөмiрлерi;
4) негiзiнде кепiлдiк құқық қатынастары пайда болған құжат туралы мәлiметтер;
5) кепiл туралы шарт немесе кепiл талаптары бар өзге де шарттың жасалған күнi мен орны;
6) кепiл мәнi болып табылатын мүлiктiң тiзбесi мен сипаттамасы;
7) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң ақшалай баламасы;
8) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалу мерзiмi.
2. Жылжымалы мүлiк кепiлi тiзбесiне осы кепiл туралы өзге де мәлiметтер енгiзiлуi мүмкiн.
3. Ипотекалық облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын кепiлдi тiркеу кезiнде кепiл тiзiлiмiне кепiл берушi мен аталған облигацияларды ұстаушылардың өкiлi туралы деректер енгiзiледi. Кепiл ұстаушылар туралы деректер бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімінде көрсетiледi.
13-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк
1. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу оны тiркеу жөнiндегi куәлiкпен куәландырылады, онда мыналар болады:
1) тiркеушi органның атауы;
2) кепiл берушi мен кепiл ұстаушының атауы, орналасқан жерi (заңды тұлға үшiн) немесе тегi, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты жерi (жеке адам үшiн);
3) кепiл туралы шартты немесе кепiл талаптары бар өзге де шарттың жасалған күнi мен орны және оның нөмiрi;
4) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң ақшалай баламасы;
5) кепiл мәнi туралы мәлiметтер;
6) жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiркеушi орган берген тiркеу нөмiрi;
7) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу күнi.
2. Тiркеу туралы куәлiкке уәкiлдiк берiлген лауазымды адам қол қояды және ол тiркеушi органның мөрiмен куәландырылады.
3. Кепiл берушiнiң немесе кепiл ұстаушының өтiнiшi бойынша тiркеушi орган 7 күн iшiнде жоғалған жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiктiң орнына оның көшiрмесiн бередi.
4. Тiркеу туралы куәлiк Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары бұзылған жағдайда сот тәртiбiмен жарамсыз болып танылуы мүмкiн.
14-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеудiң күшiнде болу мерзiмi
1. Жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiркелуi кепiл тоқтатылғанға дейiн қолданылады.
2. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындаған кепiл берушi жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiндегi кепiл туралы жазбаны жоюды талап етуге құқылы. Кепiл берушiнiң талабы бойынша кепiл ұстаушы тiркеудi жүргiзетiн органға кепiл берушiнiң кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi орындағанын растайтын жазбаша өтiнiш пен қажеттi құжаттар беруге мiндеттi. Кепiл ұстаушы осы мiндеттердi орындамаған немесе уақытында орындамаған жағдайда кепiл берушi өзiне келтiрiлген зиянның өтелуiн талап етуге хақылы.
15-бап. Тiркеу кезiнде жiберiлген қателердi түзеу
1. Тiркеу кезiнде жiберiлген техникалық қателердi түзеу жылжымалы мүлiк кепiлi тiзiлiмiне, сондай-ақ кепiлдi тiркеу туралы куәлiкке қосымша жазба енгiзу арқылы мүдделi тараптың өтiнiшi бойынша жасалады.
2. Егер қате тiркеушi органның кiнәсiнен жiберiлсе, онда қатенiң түзетiлгенi және жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы жаңа куәлiк берiлгенi үшiн ақы алынбайды.
16-бап. Өзгерiстердi, толықтыруларды тiркеу және тiркелген кепiлдiң тоқтатылу тәртiбi
Өтiнiш берушi тiркеушi органға өтiнiш беру арқылы өзгерiстер мен толықтыруларды (оның iшiнде меншiк құқығының басқа адамға ауысуы, талап ету құқығын беру және т.б.) және тiркелген кепiлдiң күшiн тоқтатуды тiркейдi.
Өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеу тәртiбi заңдармен белгiленедi.
17-бап. Тiркелген кепiлге өзгерiстердi, толықтыруларды тiркеу туралы және оны тоқтату туралы өтiнiш
1. Жылжымалы мүлiктiң тiркелген кепiлiне өзгерiстердi, толықтыруларды тiркеу туралы және оны тоқтату туралы өтiнiште бастапқы тiркелген кепiлге сiлтеме, кепiл туралы шартқа жасалған өзгерiстер мен толықтырулардың сипаттамасы (меншiк құқығының басқа адамға ауысуы, талап ету құқығын басқаға беру және т.б.), тiркелген кепiлдi тоқтатудың негiздерi болуға тиiс.
2. Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi тiркеу туралы өтiнiш осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа мыналарды қамтуға тиiс:
1) кепiл ережелерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шартқа қол қойылған күн;
2) жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiркеушi орган берген тiркеу нөмiрi;
3) енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың сипаттамасы;
4) кепiл берушi мен кепiл ұстаушының (олардың өкiлдерiнiң) қойылған қолдары.
Талап ету құқығын басқаға берудi тiркеу туралы өтiнiште осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа талап ету құқығын басқаға беру туралы шартқа қол қойылған күн, талап ету құқығын басқаға беруге кепiл ұстаушының қол қойған келiсiмi, жаңа кепiл ұстаушының аты-жөнi (атауы) мен мекен-жайы болуға тиiс.
3. Өтiнiшпен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы (оның iшiнде меншiк құқығының басқа тұлғаға ауысуы туралы, талап ету құқығын басқаға беру туралы және т.б.) шарт табыс етiлуге тиiс, ол тiркеушi орган өтiнiштегi мәлiметтердi тексергеннен кейiн тiркеу туралы белгi қойылып, өтiнiш берушiге қайтарылады.
18-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы деректердiң ашықтығы
1. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы мәлiметтер барлық заңды және жеке тұлғалар үшiн ашық болып табылады.
2. Кез келген адамның өтiнiшi бойынша тiркеушi орган жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу тiзiлiмiнен көшiрме түрiнде ақпарат беруге мiндеттi, ол:
1) кепiл туралы мәлiметтер көшiрме берiлген күннiң алдындағы жұмыс күнiнiң аяғында берiлгенiне сiлтеменi қамтуға;
2) тiркеушi органның лауазымды тұлғасының қолы қойылып, тiркеушi органның мөрiмен куәландырылуға тиiс.
3. Белгiлi бiр жылжымалы мүлiкке қатысты кепiл туралы қандай да бiр жазбалар болмаған жағдайда көшiрмеде осыған тиiстi сiлтеме болуға тиiс.
4. Көшiрме берiлгенi үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде ақы алынады.
5. Өздерiнiң жүргiзуiндегi iстер бойынша соттардың, анықтау және тергеу органдарының, сондай-ақ жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуге бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың және Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен кепiл тiзiлiмiнен көшiрменi тегiн алу құқығы берiлген басқа да тұлғалардың сұратуы бойынша кепiл тiзiлiмiнен көшiрме ақы алынбай берiледi.
19-бап. Сот шешiмi негiзiнде кепiлдiң тiркелуiн тоқтату
Мүдделi тұлға кепiлдi немесе оның тiркелуiн жарамсыз деп тану туралы сот шешiмiнiң негiзiнде кепiлдiң тiркелуiн жою туралы тiркеушi органға өтiнiш беруге құқығы бар.
3-тарау. Дауларды шешу және тiркеу тәртiбiнiң
бұзылуы үшiн жауапкершiлiк
20-бап. Дауларды шешу тәртiбi
Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуге және оны тiркеу туралы ақпараттың берiлуiне байланысты дауларды сот шешедi.
21-бап. Тiркеу тәртiбiн бұзғаны және тiркеу туралы ақпарат бергенi үшiн жауапкершiлiк
1. Тiркеушi орган:
1) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу ережелерiн сақтамағаны;
2) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу және тiзiлiмге енгiзу үшiн өзiне берiлген жылжымалы мүлiк кепiлiн ақпараттың дәл болмауы, олардың толық енгiзiлмегенi және ақпараттың бұрмаланғаны;
3) мүдделi тұлғалардың сұратуы бойынша жылжымалы мүлiк кепiлi тiзiлiмiнен көшiрме беруден бас тартқаны;
4) тiркеу үшiн берiлген құжаттар мен ақпаратты, сондай-ақ жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiне енгiзiлген ақпаратты сақтау тәртiбiн бұзғаны;
5) коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты жария еткенi үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауап бередi.
2. Тiркеу, ақпарат беру тәртiбiн бұзу, ақпарат мазмұнын бұрмалау арқылы келтiрiлген зиянды тiркеушi орган өтеуге тиiс. Мәлiметтердi қасақана бұрмалау және заң бойынша беруге болатын және берiлуге тиiс ақпаратты жасыруға ықпал жасайтын өзге де әрекеттер заңда белгiленген тәртiппен қудаланады.
4-тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер
22-бап. Заңның күшiне енгiзiлуi
Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап күшiне енгiзiледi және ол күшiне енгiзiлгеннен кейiн туындаған құқық қатынастарына осы Заңның 23-бабының ережелерi ескерiле отырып қолданылады.
23-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заң күшiне енгiзiлгеннен кейiн 60 күн iшiнде мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлiнiң белгiлi бiр мәнi жөнiндегi басымдыққа оны тiркеу кезiнде осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн кепiл туралы шарт жасасқан кепiл ұстаушылар ғана ие болады.
Мұндай кепiлдердi тiркеу осы Заңның ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы бапқа сәйкес тiркелген кепiлдердiң басымдығы кепiл туралы шарт жасалған күнмен айқындалады.
Қазақстан Республикасының