Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту
туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы
N 1271 Жарлығы
Осы редакция 2004 ж. 10 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 17-1-бабына сәйкес қаулы етемін:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы ереже;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң құрылымы бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң штат саны 3640 адам болып белгiленсiн.
3. Қоса берiлiп отырған тiзбеге сәйкес Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр Жарлықтарының күшi жойылды деп танылсын.
4. Осы Жарлық 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы Президентiнiң
2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 1271 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан әрi Қазақстанның Ұлттық Банкi) Қазақстан Республикасының орталық банкi болып табылады, Қазақстан Республикасы банк жүйесiнiң жоғарғы (бiрiншi) деңгейiн бiлдiредi, "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген шекте Қазақстан Республикасының Президентiне есеп бередi, өз қызметiнде Конституцияны, "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық және заңнама актiлерiн, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
2. Қазақстанның Ұлттық Банкi мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзiнiң дербес балансы бар, өзiнiң филиалдарымен, өкiлдiктерiмен және ұйымдарымен бiрлесiп тiкелей бағыну схемасындағы бiртұтас орталықтандырылған құрылымды құрайды.
Қазақстанның Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының заңнама актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде өздерi болатын елдiң заңдарын ескере отырып филиалдары мен өкiлдiктерiн аша алады.
3. Қазақстанның Ұлттық Банкi өз қызметiн Қазақстан Республикасының Үкiметiмен үйлестiредi және онымен тұрақты консультациялар өткiзiп отырады.
Қазақстанның Ұлттық Банкi Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң экономикалық саясатын ескерiп отырады және егер ол өзiнiң негiзгi функцияларын орындауы мен ақша-кредит және валюта саясатын жүзеге асыруына қайшы келмейтiн болса, оны жүзеге асыруға жәрдемдеседi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiк атқармайды, сол сияқты Қазақстанның Ұлттық Банкi де мұндай жауапкершiлiк алған кезде болмаса, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiк атқармайды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк билiк органдары Қазақстан Ұлттық Банкiнiң, оның филиалдарының, өкiлдiктерiнiң және ұйымдарының заңнамамен бекiтiлген өкiлеттiктерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметiне араласуға құқылы емес.
4. Қазақстанның Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде және оларды орындау үшiн өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың және олардың клиенттерiнiң, басқа да заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығарады.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерi оның "Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Хабаршысы", "Вестник Национального Банка Казахстана" ресми басылымдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жарияланып отырады.
5. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы жазылған мөрi, сондай-ақ өзiнiң эмблемасы болады.
Қазақстанның Ұлттық Банкi филиалдарының, өкiлдiктерiнiң және ұйымдарының өз мөрi бар.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң орталық аппаратының мекенжайы: 480090, Алматы қаласы, "Көктем-3" шағын ауданы, 21-үй. Орталық аппараттың жекелеген бөлiмшелерiнiң бiр бөлiгi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Орталық филиалының мына мекенжайдағы үйiне орналасқан: 473000, Астана қаласы, Бейбiтшiлiк көшесi, 21-үй.
2. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң негiзгi мақсаты,
мiндеттерi, функциялары, өкiлеттiктерi және құқықтары
6. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң негiзгі мақсаты Қазақстан Республикасында бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстанның Ұлттық Банкiне мынадай мiндеттер жүктеледi:
1) мемлекеттiң ақша-кредит саясатын әзiрлеу және жүргiзу;
2) төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
3) валюталық реттеудi және валюталық бақылауды жүзеге асыру;
4) қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу.
7. Қазақстанның Ұлттық Банкi өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес мынадай негiзгi функцияларды атқарады:
1) Қазақстан Республикасында мемлекеттiк ақша-кредит саясатын жүргізу;
2) Қазақстан Республикасының аумағында банкноттар мен монеталардың эмиссиясын жүзеге асыру;
3) банктердiң банк функциясын жүзеге асыру;
4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң банк, қаржы жөнiндегi кеңесшiсi және агентi функцияларын және Үкiмет пен басқа да мемлекеттiк органдарға, олармен келiсе отырып өзге де қызмет көрсетудi жүзеге асыру;
5) төлем жүйелерiнiң жұмысын ұйымдастыру;
6) Қазақстан Республикасында валюталық реттеудi және валюталық бақылауды жүзеге асыру;
7) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң алтын-валюта активтерiн басқару;
8) қаржы ұйымдарының қызметiн бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша олардың қызметiн реттеу.
8. Қазақстанның Ұлттық Банкi мемлекеттiк ақша-кредит саясатын жүргiзу мақсатында:
1) ақша нарығының жалпы жай-күйiне, заемдар бойынша сұраныс пен ұсынысқа, инфляция деңгейiне және инфляциялық күтулерге байланысты ресми қайта қаржыландыру ставкасын белгiлейдi;
2) қаржы нарығындағы сыйақының нарықтық ставкаларына жүзеге асырылатын ақша-кредит саясаты шеңберiнде ықпал ету мақсатында ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары бойынша сыйақы ставкаларының деңгейiн белгiлейдi;
3) ең төменгi мiндеттi резервтердiң (резервтiк талаптардың) нормативiн белгiлейдi;
4) ерекше жағдайларда, инфляция процестерiн ақша-кредитпен реттеудiң жанама әдiстерiмен тоқтату мүмкiн болмаған кезде Қазақстанның Ұлттық Банкi операциялардың жекелеген түрлерi бойынша кредиттеу лимиттерiн белгiлеу, олар бойынша сыйақы ставкаларын доғару, операциялардың жекелеген түрлерi мен мәмiлелер бойынша ставкалардың ең жоғарғы деңгейлерiн белгiлеу және жекелеген салалардың дамуын ынталандыру немесе ұстап тұру мақсатында кредиттiң нақты түрлерiн тiкелей реттеу жолымен операциялардың жекелеген түрлерiнiң деңгейiне және көлемiне тiкелей сандық шектеулер енгiзуге құқылы;
5) ақша-кредит саясатының қабылданған бағдарларына сәйкес банктердiң Ұлттық Банктен қарыз алуының жалпы көлемiн реттейдi, сондай-ақ банктерге берiлетiн заемдарды тарту және өтеу тәртiбiн, шарттарын, мерзiмдерi мен лимиттерiн айқындайды;
6) депозиттер қабылдауды жүзеге асырады, сондай-ақ Ұлттық Банктегi депозиттердi беру және өтеу тәртiбiн, шарттарын, түрлерiн, мерзiмдерi мен лимиттерiн айқындайды;
7) жүргiзiлетiн ақша-кредит саясаты шеңберiнде валюта нарығындағы интервенцияны жүзеге асырады;
8) өзiнiң бағалы қағаздарын - мемлекеттiк бағалы қағаздар болып табылатын Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi ноталарын шығаруды жүзеге асырады, сондай-ақ қысқа мерзiмдi ноталарды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу тәртiбiн, шарттарын айқындайды;
9) жүзеге асырылатын ақша-кредит саясаты шеңберiнде мемлекеттiк және басқа бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
10) ресми қайта қаржыландыру ставкасына сәйкес коммерциялық вексельдерді қайта есепке алуды жүргізеді, сондай-ақ коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу тәртiбiн және коммерциялық вексельдердi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қайта есепке алуға қабылдауына қойылатын шарттарды белгiлейдi.
9. Қазақстанның Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының аумағында банкноттар мен монеталардың эмитентi функциясын іске асыру мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тұжырымдама негiзiнде банкноттар мен монеталар номиналдарының құрылымын, дизайнын, сондай-ақ банкноттар мен монеталардың қажеттi санын айқындайды және олардың дайындалуын қамтамасыз етедi;
2) банкноттар мен монеталарды банктерге сату арқылы олардың қолма-қол жасалмайтын баламасын ала отырып, қолма-қол ақша шығарудың, олардың айналысын ұйымдастырудың және айналыстан алудың ерекше құқығына ие болады;
3) бұрын қолданыста болған банкноттар мен монеталардың төлемге жарамдылығын және айырбасталуын айқындау, оларды айналыстан алу, сақтау және жою тәртiбiн белгiлейдi;
4) қолма-қол банкноттар мен монеталарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және инкассациялау ережесiн белгiлейдi, банкноттар мен монеталарды тасымалдауды, сақтауды және инкассациялауды қамтамасыз етуге қатысады, банкноттар мен монеталардың резервтiк мемлекеттік қорларын құрады.
10. Қазақстанның Ұлттық Банкi банктердiң банк функциясын жүзеге асыру мақсатында:
1) Қазақстан Республикасында қайта қаржыландыру жүйесiн ұйымдастырады;
2) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстанның Ұлттық Банкiнде ашылған банк шоттарының иелеріне бiр жылдан аспайтын мерзiмге өтiмдiлiгi жоғары, тәуекелсiз бағалы қағаздармен және басқа активтермен қамтамасыз етiлген кредиттер бередi;
3) екiншi деңгейдегі банктер үшiн соңғы сатыдағы кредитор болып табылады, соған байланысты оларға Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы белгілеген тәртiппен және мерзiмге қамтамасыз етiлген, сол сияқты қамтамасыз етiлмеген кредиттердi ұлттық және шетел валютасымен беруге құқылы;
4) ақшаның қате аударылу фактiсi анықталған жағдайда оны клиенттiң банк шотынан алуға құқығы бар, клиенттiң ақшаны банк шотынан акцептемей алуға берген келiсiмiн растайтын құжаттар болған жағдайда, оның банк шотын дебеттеуге құқылы;
5) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындайтын тәртiппен және шарттармен банктерге және басқа ұйымдарға берiлген кредиттер бойынша олардың Қазақстанның Ұлттық Банкi алдындағы берешектерiнiң қайта құрылымдауға құқылы.
11. Қазақстанның Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң банк, қаржы жөнiндегi кеңесшiсi, агентi функцияларын жүзеге асыру және Үкiмет пен басқа да мемлекеттiк органдарға, олармен келiсе отырып өзге де қызмет көрсету мақсатында:
1) өзiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаражатын орналастырады, Yкiметтiң шоттары бойынша төлемдер жасайды және өзге де операцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ оған басқа да қызметтер көрсетедi.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Қазақстан Республикасының Үкiметiн тiкелей қаржыландыруына болмайды;
2) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң бiрыңғай қазынашылық шотына, шетел валютасындағы ағымдағы шоттарына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң облыстық (аумақтық) Қазынашылық басқармаларының шоттарына қызмет көрсетедi;
3) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiнiң мемлекеттiк қарыз алу саясатын әзiрлеу және iске асыру, мемлекеттiң ақша-кредит саясатына байланысты мәселелерi бойынша бюджет саясатын қалыптастыру жөнiндегi ұсыныстарын қарайды;
4) Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсе отырып, оның мемлекеттiк борышына қызмет көрсетуге қатысады және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мемлекеттiк борышына қызмет көрсетедi;
5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша шығарылған мемлекеттiк бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асырады.
Қазақстанның Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң мемлекеттiк бағалы қағаздары бастапқы нарыққа орналастырылған кезде оларды өз меншiгiне сатып алуға құқығы жоқ;
6) мемлекеттiк бағалы қағаздар шығарудың және Үкiметтiң мемлекеттiк борышын өтеудiң ай сайынғы көлемiн, олардың банк жүйесiнiң өтiмдiлiгiне ықпалын және ақша-кредит саясатының басымдықтарын есепке ала отырып, Үкiметтiң шешiмi бойынша шығарылған мемлекеттiк бағалы қағаздарды бастапқы орналастыруға қаржы ұйымдарын жiберу шарттарын келiседi;
7) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк бағалы қағаздарының айналысын реттеудi жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сотта және басқа ұйымдарда сенiмхат бойынша қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асырады;
9) заемшыларға кредиттер жiберудi жүзеге асырады;
10) басқа да қызметтер көрсетедi.
12. Қазақстанның Ұлттық Банкi төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн ұйымдастырy жөнiндегi функцияны жүзеге асыру мақсатында:
1) төлем жүйелерiн ұйымдастырады, үйлестiредi, реттейдi, сондай-ақ олардың жұмыс iстеуiн қадағалауды жүзеге асырады;
2) төлемдердi және ақша аударымдарын жүзеге асыру тәсiлдерiн, төлемдердi және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру тәсiлдерiн қолдану ережелерi мен ерекшелiктерiн, төлем нұсқауларының мазмұнына қойылатын негiзгi талаптарды белгiлейдi;
3) қолма-қол ақшаны пайдалана отырып төлемдердi жүзеге асыру тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi;
4) банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың өздерi пайдаланатын автоматтандырылған жүйелердiң сенiмдiлiгiн, қауiпсiздiгiн және банк ақпаратының қорғалуын қамтамасыз ету жөнiндегi ең төменгi талаптарды белгiлейдi;
5) өз құзыретi шегiнде халықаралық (мемлекетаралық) төлемдер жүйесiн ұйымдастыруға қатысуға құқылы;
6) банк шоттарының түрлерiн және құқықтық режимiн, шоттарды ашу, пайдалану (жүргiзу) және жабу тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi;
7) банк операцияларын жүргiзген кезде электрондық банк қызметiн көрсету ережесiн белгілейдi;
8) төлем жүйелерiнiң Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстеуiнiң тиiмдiлiгiн және сенiмдiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды.
13. Қазақстанның Ұлттық Банкi валюталық реттеу мен бақылауды жүзеге асыру мақсатында:
1) Қазақстан Республикасында шетел валютасы мен шетел валютасындағы бағалы қағаздар айналысының саласын және тәртiбiн айқындайды, шетел валютасындағы операциялар жүргiзуге, оның iшiнде осындай операциялардың көлемiне және сыйақы (мүдде) ставкаларының деңгейiне, резиденттердiң экспорттық операцияларының төлем валютасына, жекелеген экспорт-импорттық мәмiлелер бойынша есеп айырысу нысанына қажеттi шектеулер енгiзедi;
2) резиденттердiң және резидент еместердiң Қазақстан Республикасында шетел валютасымен және шетел валютасындағы бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу ережесiн белгiлейдi;
3) Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргiзу валюталық құндылықтарды пайдаланумен байланысты жекелеген операцияларды лицензиялау және тiркеу, экспорт-импорттық валюта бақылауын жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң шетел банктерiнде шоттар ашу тәртiбi мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
4) басқа валюта реттеу органдары әзiрлеген валюта реттеу мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi келiседi;
5) валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелу Қазақстан Республикасынан әкету және жiберу тәртiбiн белгiлейдi. Резиденттер үшiн шетел валютасын және шетел валютасындағы бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына мiндеттi түрде аудару тәртiбiн белгiлейдi;
6) Қазақстан Республикасының валюта заңнамасында көзделген валюта операцияларын жүргiзуге тiркеу ережесiн белгiлейдi және тiркеу куәлiгiн бередi.
Қазақстан Республикасының валюта заңнамасында көзделген валюта құндылықтарын пайдаланумен байланысты операциялар жүргiзуге лицензиялар беру ережесiн белгiлейдi және лицензиялар бередi, сондай-ақ қолданылуын тоқтатады және қайтарып алады;
7) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындайтын тiзбеге сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамын белгiлейдi;
8) алтын-валюта активтерiн қалыптастырады және олармен операцияларды жасайды;
9) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен және уәкiлетті мемлекеттiк статистика органымен келісе отырып, Қазақстан Республикасындағы барлық заңды және жеке тұлғалардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қызметтi жүзеге асыратын резидент еместердің орындауы үшін мiндеттi валюта операциялары жөнiнде есепке алу және есептiлiк тәртiбi мен нысандарын белгiлейдi;
10) уәкiлеттi банктердiң тiзiлiмiн жүргiзедi және жариялайды;
11) банктердiң және өзге де тұлғалардың Қазақстан Республикасының банк және валюта заңнамасын бұзу фактiлерi анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының банк және валюта заңнамасында көзделген санкцияларды қолдануға құқылы.
12) халықаралық есеп айырысуларды ұйымдастырады, шет елдермен валюта-қаржы және кредит-есеп айырысу қатынастарын жетiлдiредi;
13) жасалған мемлекеттiк шарттарға сәйкес шетелдiк және халықаралық ұйымдардан шетел валютасын тартады;
14) қымбат металдардан басқа, валюта құндылықтарын әкетуге рұқсат бередi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының резиденттерi еместерден алынған банк кредиттерiнiң есебiн жүргiзедi;
15) Қазақстан Республикасының резиденттерi еместерден қосымша кредиттер тарту мәселелерi жөнiнде ұсыныстар енгізедi;
16) тауарлар (жұмыстар, көрсетiлген қызметтер) экспортынан түскен шетел валютасындағы түсімдерді мiндетті түрде сату режимiн енгізедi және жояды;
17) валюта реттеу және бақылау мәселелерi жөнiнде есептiлiк тәртiбiн, нысандарын және ұсыну мерзiмдерiн белгiлейдi;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген валюта реттеу және валюта бақылау саласындағы өзге де функцияларды орындайды.
14. Қазақстанның Ұлттық Банкi валюта құндылықтарымен және қымбат металдармен мынадай операцияларды жүзеге асырады:
1) шетел валютасын сатып алады және сатады;
2) Қазақстан Республикасының Yкiметi шет мемлекеттердiң үкiметтерi немесе халықаралық қаржы ұйымдары шығарған және кепiлдiк берген шетел валютасындағы бағалы қағаздарды, оның iшiнде Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмiнде көзделген жағдайларда, несие нысанындағы бағалы қағаздарды сатып алады, сатады немесе операциялар жүргiзедi;
3) банктерде, шетелдiк орталық банктерде және олардың тiркелген мемлекеттерiнiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар банктерде, қаржы институттарында, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарында шоттар ашады;
4) шетелдiк орталық банктер, олардың тiркелген мемлекеттерiнiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар банктер және басқа қаржы институттары, шетел үкiметтерi мен олардың агенттерi үшiн, сондай-ақ халықаралық ұйымдар үшiн шоттар ашады және жүргiзедi, өкiл немесе корреспондент ретiнде iс-әрекет жасайды;
5) тазартылған алтынды, қымбат металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды қабылдауды және сақтауды жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының аумағында және сыртқы нарықта тазартылған алтынды және басқа қымбат металдарды сатып алу және сату бойынша операциялар жасайды;
7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгiленген тәртiппен валюта құндылықтары мен қымбат металдарды Қазақстан Республикасына әкеледi, сондай-ақ оларды шетел банктерi мен мамандандырылған қаржы ұйымдарындағы өзiнiң шоттарына орналастыру үшiн шет елдерге әкетеді;
8) кредиттiк рейтингiнiң ең төменгi деңгейiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындайтын эмитенттер шығарған бағалы қағаздарды сатып алады, сатады немесе олармен операциялар жүргiзедi;
9) банкаралық депозиттер, репо мен керi репо, депозиттiк сертификаттар, коммерциялық қағаздар және кредиттiк рейтингiнiң ең төменгi деңгейiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындайтын эмитенттер шығарған басқа да борыштық мiндеттемелерi сияқты ақша нарығының құралдарымен операцияларды жүзеге асырады;
10) кредиттiк рейтингтерi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындаған деңгейден төмен емес қарсы әрiптестермен форвард операциялары, своп операциялары және опцион операциялары сияқты туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асырады;
11) Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмi бойынша басқа да операцияларды жүзеге асырады.
15. Қазақстанның Ұлттық Банкi алтын-валюта активтерiн басқару мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының қымбат металдармен және асыл тастармен байланысты қатынастарды реттейтiн заңнамасына сәйкес, аталған металды қазақстандық және өзге өндiрушiлерден (сатушылардан) тазартылған алтынды сатып алады;
2) Қазақстан Республикасының резиденттерінен және резидент еместерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметiнен шетел валютасын Қазақстан теңгесiне (ескерткiш және кәдесый монеталарын қоса алғанда) және шетел валютасын сатып алады;
3) депозиттерді (салымдарды) орналастырады, шетел валютасымен дилинг операцияларын және шетел валютасында деноминацияланған бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ шетел валютасымен кредиттер бередi;
4) тазартылған алтынмен, күмiспен, платинамен және платина тобындағы басқа металдармен сату, орналастыру және басқа операцияларды жүзеге асырады;
5) халықаралық қаржы ұйымдарынан, шет мемлекеттердiң орталық банктерiнен және басқа кредиторлардан кредиттер алады;
6) шетел валютасымен ақы төленетiн консультациялық, ақпараттық-баспа және басқа қызметтер көрсетедi;
7) ақша-кредит саясатын және айырбас бағамы саясатын жүргiзу мақсатында, оның iшiнде iшкi валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстардың ауытқуларын баяулату мақсатында, iшкi валюта нарығында валюта сатып алады және сатады;
8) өнiм (жұмыстар, көрсетiлген қызметтер) импортына, оған қоса шет елдердегi дипломатиялық және өзге де өкiлдiктердi ұстау және iссапар шығыстарына төлеу үшiн, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бюджетi (шығыстар сметасы) есебiнен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мемлекеттiк сыртқы борышына қызмет көрсету үшiн теңгенi шетел валютасына айырбастауды жүзеге асырады;
9) басқа шетел валютасын сатып алу үшiн шетел валютасын сатады;
10) алынған кредиттер бойынша негiзгi борыш сомасын және сыйақы (мүдде) сомасын қайтарады, сондай-ақ комиссиялық және олардың басқа да iлеспе шығыстарын төлейдi;
11) қалыптастырылған провизиялар (резервтер) есебiнен шығынды алтын-валюта активтерiн есептен шығарады.
16. Қазақстанның Ұлттық Банкi қаржы ұйымдарының қызметiн лицензиялауды, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ олардың қызметтерiн Қазақстан Республикасының заңнама актiлерiне сәйкес реттеу мақсатында:
1) банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға шетел валютасымен айырбастау операцияларын, инкассация, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды жiберу бойынша операциялар жүргiзуге, банкаралық клиринг, төлем карточкаларын шығару және сейф операцияларын жүзеге асыруға лицензиялар берудiң шарттары мен тәртiбiн айқындайды және оларды бередi;
2) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк органға Қазақстан Республикасының заңнама актiлерiнде көзделген жағдайларда банк операцияларының жекелеген түрлерi бойынша лицензиялар берудiң мүмкiндiгi туралы қорытынды бередi;
3) өзiнiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтердi Қазақстан Республикасының заңнама актiлерiнде көзделген жағдайларда мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан және азаматтардан алады;
4) басқа мемлекеттердiң орталық банктерiмен және қадағалау органдарымен ынтымақтастықта болады және олардың бақылау функцияларын жүзеге асыруына қажетті ақпарат алмасуға құқылы;