5) Қазақстан Республикасының тасымалдаушылары жүзеге асыратын халықаралық тасымалдарда 5 жастан 12 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу процентiн төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып алуға;
6) 7 жастан 15 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу процентiн төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып алуға;
7) егер тасымалдаушы кестеде көзделген автобустың орнына жүру ақысы қымбаттау басқа автобус ұсынса, үстемеақы төлемей, сатып алынған жол жүру құжаты (билетi) бойынша жол жүруге;
8) жол жүру құжатын (билетiн) тасымалдау басталғанға дейiн өткiзуге және көзделген алымдар шегерiле отырып, тасымалдауға төленген соманы керi қайтарып алуға;
9) егер ол тасымалдаушыны автобус жөнелтiлгенге дейiн үш сағаттан кешiктiрмей хабардар етсе және тасымалдаушы, автовокзал немесе автостанция жолаушының жол жүру құжатын (билетiн) сатып алу фактiсiн растаса, жоғалған жол жүру құжатын (билетiн) қалпына келтiруге;
10) Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген нормалар шегiнде қол жүгiн өзiмен бiрге тегiн алып жүруге;
11) тариф бойынша ақы төлеп багажды тасымалдауға өткiзуге;
12) тасымалдауға тапсыру кезiнде багаждың құндылығын жариялауға;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тасымалдау сапасы деңгейiнiң оның сертификатына сәйкестiгiне дауласуға құқығы бар.
Жолаушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бар.
2. Жолаушы:
1) жолаушыларды және багажды қалалық, қала маңындағы, қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық, халықаралық автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарында жол жүру кезiнде жол жүру құжаты (билетi) болуға және оны сапар аяқталғанға дейiн сақтауға;
2) қоғамдық тәртiптi, Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарды сақтауға;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, құндылығы жарияланған багажды тасымалдау кезiнде тасымалдаушының көрсеткен қызметтерiне ақы төлеуге мiндеттi.
Жолаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттер атқарады.
21-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру
1. Егер:
1) автомобиль жолдарының өткiзу қабiлетi белгiлi бiр маршруттар бойынша автобустардың, шағын автобустардың тұрақты қозғалысын жүзеге асыруға мүмкiндiк берсе;
2) автомобиль жолдарының жай-күйi және олардың жайластырылуы жол жүрiсi қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкес келсе, жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау ұйымдастырылуы мүмкiн.
2. Жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды жолаушылар мен багаждың аталған тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығын конкурста жеңiп алған және тасымалдаушылар мен тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар арасында жасалатын шарттар негiзiнде оларға қызмет көрсету құқығына куәлiк алған тасымалдаушылар жүзеге асырады.
Тасымалдаудың аталған түрлерiн куәлiксiз жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
3. Жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттары тасымалдаушылар арасында конкурстық негiзде бөлiнедi. Конкурсқа жеке маршрут та, бiрнеше маршрут та бiр лотпен қойылуы мүмкiн.
4. Жолаушыларды және багажды қала маңындағы, елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын, қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық және халықаралық автомобильмен тұрақты тасымалдау осы Заңға және Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiне сәйкес тасымалдаушылардың және автовокзалдар немесе автостанциялар әкiмшiлiгiнiң арасында жасалатын шарттар негiзiнде автовокзалдардан немесе автостанциялардан ғана жүзеге асырылады.
Автовокзалдар және автостанциялар осы қызмет түрiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен рұқсат етiлген жолаушылар және багаж тасымалдаушылармен шарт жасасудан бас тартуға құқығы жоқ.
5. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды рейс алдында (ауысым алдында) техникалық тексерудi және ақауы болған жағдайда оларды уақтылы ауыстыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
22-бап. Тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Тасымалдаушының:
1) өз құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында қоғамдық бiрлестiктердi, сондай-ақ заңды тұлғалардың қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы бiрлестiктерiн құруға;
2) қауiпсiздiк және гигиена талаптарына сай тынығуға және еңбек жағдайына;
3) жолаушылардың қоғамдық тәртiптi және автомобиль көлiгiндегi жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiн сақтауын талап етуге құқығы бар.
2. Жолаушылардың және багаждың тұрақты автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушы:
1) автокөлiк құралдарының техникалық жарамды күйiн қамтамасыз етуге және белгiленген техникалық, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және өрт қауiпсiздiгi талаптарына жай-күйi сай емес автокөлiк құралының маршрутқа шығуына жол бермеуге;
2) автокөлiк құралдары жүргiзушiлерiне алдын ала және кезеңiмен, соның iшiнде рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеру жүргiзiлуiн, еңбек және тынығу режимi сақталуын қамтамасыз етуге;
3) жолаушының қауiпсiздiгiн, оған қажеттi қызмет ету жайлылығы және шарттары жасалуын қамтамасыз етуге;
4) багаждың уақтылы тасымалын және сақталуын қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарын ақысыз тасымалдауды жүзеге асыруға немесе оларға жол ақысы бойынша өзге де жеңiлдiктер беруге;
6) жолаушылардың және багаждың тұрақты қалалық, қала маңындағы, қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде - автовокзалдар, автостанциялар кассалары немесе автобустардың, шағын автобустардың жүргiзушiлерi (кондукторлары) арқылы жол құжаттарын (билеттер) және багаж түбiртектерiн сатуды қамтамасыз етуге;
7) жолаушылар және багаж тасымалының тарифтерiн жариялауға, оларды шарттарда, жол құжатында (билетте) және багаж түбiртегiнде тiркеуге;
8) жарияланған тарифтердi сақтауға және тарифтердiң алдағы өзгеруi туралы жолаушыларды күнi бұрын хабардар етуге мiндеттi.
3. Жолаушылардың және багаждың тұрақты емес автомобиль тасымалдарын (таксиден басқа) жүзеге асыратын тасымалдаушы:
1) осы баптың 2-тармағының 1)-4) тармақшаларында аталған талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;
2) рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден және автокөлiк құралының техникалық байқаудан өткенi туралы белгiсi бар борт журналы болуға;
3) жолаушылар отырғызып, түсiретiн орындары және тиiстi көрсеткiштермен жабдықталған автобустар тұратын арнайы бөлiнген алаңдардан тасымалдар ұйымдастыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
23-бап. Жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының талаптары
1. Жолаушыларды және багажды қалааралық облысаралық, қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартында:
1) тариф;
2) жол жүру құжаттарын (билеттер) сату тәртiбi мен орны, олардың жолаушыларда болуын бақылауды жүзеге асыру;
3) егер жергiлiктi атқарушы органдар белгiлеген тариф тасымалдау шығындарын жаппаса, сондай-ақ жолаушылар мен багажды жеңiлдiк жағдайларымен немесе тегiн тасымалдау үшiн тасымалдаушыға өтем төлеу мөлшерi мен мерзiмдерi;
4) маршрутта пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесi, типi (класы) және саны;
5) тараптардың шарт бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi;
6) шарттың қолданыста болуының кемiнде үш жыл болатын ең аз мерзiмi көзделуге тиiс.
2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының өзге де мiндеттi талаптары белгiленуi мүмкiн.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жолаушыларды отырғызудың және түсiрудiң белгiленген пункттерiн ресiмдеудi және күтiп-ұстауды қамтамасыз етуге;
2) автобустардың, шағын автобустардың белгiленген қозғалыс кестесiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Тасымалдаушы жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
1) тасымал үшiн автобустардың, шағын автобустардың шартта көзделген санын және типiн (класын) пайдалануға;
2) қозғалыс кестесiн сақтауға;
3) жол жүргенде автокөлiк құралының тиiсiнше жарақталуын және жолаушыларға сервистiк қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттердi атқарады.
24-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру
1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттары бойынша жолаушылар отырғызуына тыйым салынады.
2. Тұрақты емес тасымал кезiнде жолаушы тасымалының шарты жол жүру құжатымен ресiмделедi.
25-бап. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау
1. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау кемiнде екi есiгi бар, техникалық жай-күйi Автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарға сай келетiн автобустармен жүзеге асырылады.
2. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға арналған автобустар сары түстi шұғылалы шырақшамен жабдықталуға тиiс.
3. Бұл автобустардың алдына және артына "Балалар тасымалы" деген тану белгiсi орнатылуға тиiс.
4. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға жасы кемiнде жиырма бестегi, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi және кемiнде бес жыл жұмыс стажы бap жүргiзушiге рұқсат етiледi.
5. Екi және одан көп автобустардың легiне жол қозғалысы қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган көздеген тәртiппен жол полициясының арнаулы автомобильдерi iлесiп жүруге тиiс.
26-бап. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру
1. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдау тасымалдаушы мен жергiлiктi атқарушы органның арасында жасалатын, жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Тасымалдаушы жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша:
1) жолаушыларды және багажды тасымалдау үшiн Автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерiне сәйкес таксометрлермен жабдықталған және айырым белгiлерi бар таксилердi пайдалануға;
2) такси режимiнде жұмыс iстеу үшін шартта белгiленген автомобильдер санын пайдалануға мiндеттi.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттердi атқарады.
3. Тасымалдаушының жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша:
1) таксилердiң тұрағын, жолаушыларды отырғызу мен түсiру үшiн таксилердiң арнайы жабдықталған тұрақтарын пайдалануға;
2) жол қозғалысы ережелерiнiң талаптарын сақтай отырып, жол желiсiнiң кез келген учаскелерiнде жолаушыларды отырғызуға және түсiруге құқығы бар.
Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бap.
4. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар таксилердiң рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық, медициналық тексерiлуiн және олар жарамсыз болған жағдайда уақтылы ауыстырылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Таксилердiң тиiмдi жұмыс iстеуi және жолаушы жиналатын барлық пункттерде (әуежай, вокзалдар, iрi сауда және мәдени орталықтары) жолаушылардың оларды пайдалануына қолайлы жағдай жасау үшiн жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына сәйкес такси тұрақтарын ұйымдастыруды және жабдықтауды қамтамасыз етедi.
27-бап. Жалпы пайдаланудағы көлiкпен тасымалдау кезiнде жолаушылардың жекелеген санаттарына арналған басымдықтар
1. Жолаушылардың жекелеген санаттары мынадай басымдықтарға ие:
1) автобусқа, таксиге кезексiз отыру құқығы;
2) автобус салонының алдыңғы бөлiгiнен арнаулы орын алу.
Аталған басымдықтарды мүгедектер, зейнеткерлер, жүктi әйелдер, мектеп жасына дейiнгi балалары бар жолаушылар пайдаланады;
3) кезексiз билеттер сатып алу құқығы бар.
Аталған басымдықты Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар пайдаланады.
2. Автовокзалдарда:
1) 5 жасқа дейiнгi балалары бар жолаушыларға және жүктi әйелдерге қосымша қызмет көрсетуге арналған ана мен бала бөлмесi;
2) мүгедек-жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған қондырғылар жасалады.
28-бап. Сот иесiз деп танығанға дейiн багажға билiк ету
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жолаушы немесе багажды алуға уәкiлеттi адам тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды алмаған жағдайда, тасымалдаушы багажды сот иесiз деп танығанға дейiн межелi немесе жөнелту пунктiнiң автовокзалында немесе автостанциясында сақтауға мiндеттi.
2. Сот багажды иесiз деп таныған жағдайда, багаждың жаңа иесi тасымалдаушыға оның сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi, оны сақтауға, тиеп-түсiру операцияларына және тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтейдi.
29-бап. Жолаушыларды және багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау ережелерi
Жолаушыларды және багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау ережелерiнде:
1) жол жүру құжаттарының (билеттердiң), багаж түбiртектерiнiң нысаны, сатылу тәртiбi мен қолданылу мерзiмi;
2) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру, жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарының ашылу және жабылу тәртiбi, тасымалдардың аталған түрлерiн орындау үшiн пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустардың санитарлық жай-күйiне, сыртқы безендiрiлуiне және жабдықталуына қойылатын талаптар;
3) жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi;
4) маршрутқа қызмет көрсету құқығына куәлiк беру, тоқтата тұру және керi қайтарып алу тәртiбi мен шарттары, оны беруден бас тарту шарттары мен негiздерi, сондай-ақ нысаны;
5) автовокзалдар мен автостанцияларға қойылатын талаптар, сондай-ақ олардың жұмыс iстеу тәртiбi;
6) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбi;
7) тапсырыс берiлген автобустармен, шағын автобустармен және жеңiл автомобильдермен жолаушыларды және багажды тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбi;
8) жолаушыларды және багажды таксилермен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбi;
9) багажды қабылдау, сақтау және беру тәртiбi;
10) жол жүру құжаттарын (билеттерiн) және олардың құнын қайтару тәртiбi мен шарттары;
11) қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тұрақты және қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық және халықаралық тасымалдау маршруттарында жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн, сондай-ақ таксимен тасымалдау кезiнде жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн безендiру мен күтiп-ұстауға қойылатын талаптар;
12) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдау маршруттарында жүргiзушiлердi рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық куәландыруды ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбi айқындалады.
4-тарау. Жүктерді және почтаны автомобильмен
тасымалдау
30-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты
1. Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзiне жүк жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi, тасымалдау шарттарын сақтай отырып, межелi пунктiне жеткiзуге және оны жүктi алуға уәкiлеттi адамға (жүк алушыға) бepугe мiндеттенедi, ал жүк жөнелтушi шартқа немесе тарифке сәйкес автомобильмен жүк тасымалдағаны үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Жүктi автомобильмен тасымалдау шартының жасалуы тауар-көлiк жүкқұжатының жасалуымен расталады.
31-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдау шартын өзгерту және бұзу
Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты өзгерген немесе бұзылған жағдайда тараптар, егер шартта өзгеше көзделмесе, шарт талаптары өзгергенге дейiн немесе бұзылғанға дейiн оны орындауға байланысты шығарған шығыстардың өтелуiн талап етуге құқылы.
32-бап. Жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушының және жүк жөнелтушiнiң құқықтары мен мiндеттерi
Тасымалдаушының жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) өзiнiң сипаты, салмақ және көлем өлшемдерi бойынша тасымалдау құжаттарында көрсетiлген жүк туралы деректерге сәйкес келмейтiн жүктi автомобильмен тасымалдаудан бас тартуға;
2) егер жүктi одан әрi автомобильмен тасымалдау жүктi тасымалдау қауiпсiздiгiне және оның сақталуына қатер төндiрсе, жүктi түсiруге;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, осы баптың 2-тармағының 1), 4) тармақшаларына сәйкес, жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiн немесе олардың сақталуын қамтамасыз етуге байланысты шығарған шығындарын өтеуге;
4) жүк жөнелтушi (жүк алушы) көрсеткен жаңа межелi пунктiне еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан жүктi жеткiзуге мүмкiндiк болмаған жағдайда, автомобильмен тасымалдаудан бас тартуға және жүк жөнелтушiнi бұл туралы алдын ала хабардар етiп, жүктi оған қайтаруға құқығы бар; егер шартта өзгеше көзделмесе, тасымалдаушының осыларға байланысты қосымша шығыстарын жүк жөнелтушi (жүк алушы) төлейдi.
Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңдарымен және шартпен белгiленген өзге де құқықтары бар.
2. Тасымалдаушы жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiне және олардың сақталуына қатер төнгенi туралы жүк жөнелтушiнi (жүк алушыны) дереу хабардар етуге, бұл орайда жүк жөнелтушiден (жүк алушыдан) алынған нұсқауларды сақтауға, сондай-ақ жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiн және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде өзi жүргiзген әрекеттер туралы дереу хабардар етуге;
2) жүктi қабылдау кезiнде тауар-көлiк жүкқұжатындағы жүк орындарының санына, олардың маркалануы мен нөмiрлерiне қатысты жазбалардың дәлме-дәлдiгiн, сондай-ақ жүктiң және оның орамасының сыртқы жай-күйiн тексеруге;
3) автокөлiк құралына тиеудiң белгiленген нормаларын сақтау, автомобильмен тасымалдауды орындау қауiпсiздiгiн және жүктiң сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарында жүктiң салынуы мен бекiтiлуiн бақылауға;
4) жүк алушы автомобильмен тасымалдаушыға қатысы жоқ себептермен жүктi алмаған жағдайда, жүктi межелi пунктiнде, келген күннен бастан отыз күн бойы, тез бүлiнетiн жүктi - төрт күн бойы сақтауға мiндеттi.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де мiндеттердi мойнына алады.
3. Жүк жөнелтушiнiң жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) мәлiмделген жүктi тасу үшiн тиеудiң алдында автокөлiк құралының жарамдылығын тексеруге;
2) мәлiмделген жүктi тасу үшiн автокөлiк құралы жарамсыз болған жағдайда, тасымалдаушының қызметiнен бас тартуға құқығы бар.
Жүк жөнелтушiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына және шартқа сәйкес өзге де құқықтары бар.
4. Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) автокөлiк құралының келу және кету уақыты туралы жолпараққа белгi соғуға;
2) автокөлiк құралының жарамсыздығы себептi тасымалдаушының қызметiнен бас тартқан жағдайда тиiстi акт жасауға;
3) автокөлiк құралына жүк тиеу процесiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген рұқсат етiлген салмақ пен көлем өлшемдерiнен асыруға жол бермеуге;
4) тасымалдаушыға тауар-көлiк жүкқұжатын, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қажеттi жағдайларда, жүк тасымалы үшiн қажеттi өзге де құжаттарды (сертификат, лицензия, ветеринариялық құжаттар, кеден декларациясы) көрсетуге мiндеттi.
33-бап. Автокөлiк құралдарын беру, жүктердi тиеу және түсiру
1. Тасымалдаушы Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiне және шартқа сәйкес жүктердi автомобильмен тасымалдауға жарамды автокөлiк құралдарын автомобильмен жүк тасымалдауға қабылданған өтiнiмде (тапсырыста) немесе шартта белгiленген мерзiмде тиеу үшiн жүк жөнелтуге беруге мiндеттi.
2. Жүктердi автокөлiк құралына тиеу (бекiту, жабу, байлау), сондай-ақ жүктердi түсiру Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiнде көзделген талаптар сақтала отырып, шартта көзделген тәртiп пен мерзiмдерде жүзеге асырылады.
Тасымалдаушы не жүк жөнелтушi өзiнiң сипатына қарай автомобиль жолдарының ластануын туғызуы және жол қозғалысы қауiпсiздiгiне қатер төндiруi мүмкiн жүктердiң жабылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жүк жөнелтушi автокөлiк құралдары жүк тиейтiн орынға келгенге дейiн жүктi автомобильмен тасымалдауға тиеу, тасымалдау қауiпсiздiгi, жүктiң және автокөлiк құралының сақталуы қамтамасыз етiлетiндей етiп дайындауға мiндеттi.
34-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлер
1. Жүк жөнелтушiнiң кiнәсiнен жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлер туындаған жағдайда, тасымалдаушы осындай кедергiлер туындаған сәттен бастап бiр тәулiктiң iшiнде бұдан әрi тасымалдау мүмкiн еместiгi туралы жүк жөнелтушiнi хабардар етуге мiндеттi.
2. Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Егер жүк жөнелтушi осы баптың 1-тармағына сәйкес тасымалдаушы хабардар еткен сәттен бастап үш тәулiк iшiнде (тез бүлiнетiн жүкке қатысты бiр тәулiк iшiнде) жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолданбаған жағдайда, автомобильмен тасымалдаушы үш тәулiк iшiнде жүктiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде келтiрiлген шығындарды ескере отырып, жүктi жүк жөнелтушiге соның есебiнен қайтаруға, ал тез бүлiнетiн жүктi белгiленген тәртiппен өткiзуге құқылы.
35-бап. Жүктi беру
1. Тасымалдаушының жауапкершiлiгiндегi жүктiң бүлiнуi немесе бұзылуы салдарынан оның сапасының және (немесе) санының соншалықты өзгеруiнен, жүктi тiкелей мақсатында толық немесе iшiнара пайдалану мүмкiн болмайтын жағдайда ғана жүк алушы жүктi қабылдаудан бас тартуы мүмкiн.
2. Жүктердi қалааралық автомобильмен тасымалдау кезiнде тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша жүктi жүк алушыға беру мүмкiн болмаған жағдайда, жүк жөнелтушi Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен тасымалдаушыға жүктi жаңа межелi пунктiне жеткiзу туралы нұсқау беруге мiндеттi.
36-бап. Құндылығы жарияланған жүктердi автомобильмен тасымалдау
1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiмен (жүк алушымен) келiсiм бойынша құндылығы жарияланған жүктер тасуы мүмкiн.
2. Iлесусiз тасымалданатын бағалы металдарды (тастарды), олардан жасалған бұйымдарды, өнер заттарын, антикварлық мүлiктердi және өзге де көркем құндылықтарды, бейне- және дыбыс аппаратураларын, электрондық-есептеу және көбейту техникаларын, машиналардың тәжiрибелiк үлгiлерiн, жабдықтарды, аспаптарды, жеке (тұрмыстық) қажетке арналған жүктердi автомобильмен тасымалдаған кезде құндылықты жариялау мiндеттi.
3. Құндылығы жарияланған жүктердi автомобильмен тасымалдау үшiн жүк жөнелтушiден (жүк алушыдан) қосымша ақы алынуы мүмкiн, оның мөлшерi жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.
37-бап. Қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдау
1. Тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде олардың өзiндiк ерекшелiгiне байланысты техникалық құралдардың, құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың жарылысына, өрт шығуына немесе бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiм-жiтiмiне, жарақат алуына және ауруына себеп болуы, қоршаған табиғи ортаға зиян келтiруi мүмкiн кез келген заттар, материалдар, бұйымдар, өндiрiс және өзге де қызмет қалдықтары қауiптi жүктер деп танылады.