Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық әділет
органдары туралы ережені бекіту туралы Әділет министрінің
2002 жылғы 23 қыркүйектегі N 141 бұйрығы
2004 жылғы 8 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылған редакция
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық әділет органдарының қызметін жетілдіру мақсатында,
БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық әділет органдары туралы ереже бекітілсін.
2. Әділет басқармаларының бастықтары:
1) аталған Ережеге сәйкес басқарма бастықтарының орынбасарлары арасындағы міндеттерді бөлсін, әділет басқармасы қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітсін және оларға жүктелген міндеттердің қатаң сақталуын қамтамасыз етсін.
2) әділет басқармалары алқасының сандық және жеке құрамын бекітсін.
3. "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі басқармаларының аумақтық органдары туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 1998 жылғы 08 шілдедегі N 82 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің 2002
жылғы 23 қыркүйектегі
N 141 бұйрығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің
аумақтық әділет органдары туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Әділет органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін облыстық, Астана және Алматы қалалық әділет басқармалары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық әділет органдары болып табылады.
2. Әділет басқармасы өз құзыреті шегінде мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимін қолдайтын, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын әрі заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы билік органы болып табылады.
3. Әділет басқармасы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Әділет органдары туралы Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметтің басқа да заңдарына, кесімдеріне, өзге де нормативтік құқықтық кесімдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Әділет басқармасы мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгіде бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес банктерде шоттары болады.
Әділет басқармасы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан қатысады.
5. Әділет басқармасының құрылымы мен шекті штат санын Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітеді.
6. Әділет басқармасының заңды мекен-жайы: __________________________ _________________________________________________________________________
7. Әділет басқармасының толық атауы - "_____________________ қалалық әділет басқармасы", "______________________________ облыстық әділет басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
8. Осы Ереже әділет басқармасының құрылтай құжаты болып табылады.
9. Әділет басқармасының қызметін қаржыландыру мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Заңмен белгіленген тәртіппен рұқсат етілген ақылы қызмет көрсетулерден алынған табыстар мемлекеттік бюджеттің табысына жіберіледі.
2. Әділет басқармасының негізгі міндеттері,
функциялары мен құқықтары
10. Әділет басқармасының негізгі міндеттері:
1) заңды тұлғаларды, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық кесімдерін, азаматтық хал кесімдерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру;
2) құқықтық көмекті және заңгерлік қызмет көрсетулерді әрі құқықтық насихатты қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
3) санаткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
4) есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
5) норма шығармашылық қызметті жүзеге асыру;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасымен Әділет басқармасына жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру болып табылады.
11. Әділет басқармасының функциялары:
1) әкімшілік өндірісті жүргізу саласында:
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асыру;
2) мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру саласында:
мәслихаттардың, әкімдіктер мен әкімдердің нормативтік құқықтық кесімдерін мемлекеттік тіркеу, Нормативтік құқықтық кесімдердің мемлекеттік тізілімінің аймақтық бөлімін жүргізу;
заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу, бірыңғай заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімін және филиалдар мен өкілдіктердің тізілімін жүргізу;
азаматтық хал кесімдерін мемлекеттік тіркеу;
3) құқықтық көмек және заңгерлік қызмет көрсетулерді ұйымдастыру саласында:
мемлекеттік нотариат кадрларын іріктеу, аттестаттау және орналастыру;
жеке нотариустар мен адвокаттардың іс-әрекеттеріне шағымдарды қарау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне олардың лицензияларын тоқтата тұру немесе қайтарып алу туралы ұсыныстар енгізу;
мемлекеттік нотариаттық кеңселердің қызметіне басшылық жасау, жеке нотариустың дамуына жәрдемдесу, жеке нотариустардың нотариаттық іс жүргізу ережелері мен нотариаттық іс-әрекеттер жасаудың тәртібін сақтауын бақылау;
азаматтық хал кесімдерін тіркеу және нотариаттық құжаттарды ресімдеу мәселелері бойынша сотталғандарға құқықтық қызмет көрсетулерді қамтамасыз етуде қылмыстық-атқару жүйесі бөлімшелерінің бастықтарына әдістемелік және практикалық көмек көрсету;
азаматтық хал кесімдерін жазу органдарының қызметін қамтамасыз ету;
облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері аппараттарының заң қызметтерімен өзара іс-әрекет жасау;
жеке және заңды тұлғаларға нотариаттық кеңселер, азаматтық хал кесімдерін жазу органдары, адвокатура көрсететін заңгерлік қызмет көрсетулердің сапасын бақылау;
азаматтық хал кесімдерін жазу органдарының кадрларын аттестаттау, іріктеу және орналастыру, азаматтық хал кесімдерін жазу органдарына әдістемелік басшылық жасау, олардың қызметінде бірыңғай құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету;
өз құзыреті шегінде әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою;
4) құқықтық насихат және құқықтық жаппай оқыту саласында:
құқықтық насихат және құқықтық жаппай оқытуды ұйымдастыруды ведомствоаралық үйлестіру, заңнаманы түсіндіруге қатысу;
жеке және заңды тұлғаларға құқықтық ақпараттық қызмет көрсету саласы бойынша Республикалық құқықтық ақпарат орталығының филиалдарымен өзара іс-қимыл, автоматтандырылған жүйені пайдалана отырып, анықтамалық-әдістемелік материалдарды, үлгілерді пайдалану мүмкіндігін ұсыну;
іс жүргізуде мемлекеттік тілді енгізу процесінде әдістемелік басшылықты жүзеге асыру;
5) санаткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз ету саласында:
санаткерлік меншікті қорғау саласында заңнаманы қолдану практикасын қорыту;
ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың қызметін бақылау;
лицензиялық шарттарды тіркеу;
өз құзыреті шегінде санаткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз ету саласында Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де функцияларды орындау;
6) есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл айналымы саласында:
өз құзыреті шегінде есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл айналымы саласына келіп түсетін техникалық көмектер мен инвестициялардың мақсатты пайдаланылуын бақылау;
аймақта есірткі ахуалының жай-күйі мен даму үрдісін талдау, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында стратегиялар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысы туралы ақпараттық-аналитикалық материалдарды даярлау;
нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі аймақтық комиссиялар арқылы есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл айналымы саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;
денсаулық сақтау органдарына нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-әлеуметтік көмекті ұйымдастыруда және оны көрсету кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін қамтамасыз етуде көмек көрсету;
есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласында заңнаманы қолдану практикасын талдау және қорыту;
нашақорлықты емдеу, оңалту және алдын алу саласында қызметті жүзеге асыратын қоғамдық және өзге де мемлекеттік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
7) норма шығармашылығын жүзеге асыру саласында:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Заң жобалау жұмыстарының жоспарын орындау және қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізу;
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейтін заңдар мен заңға тәуелді кесімдердің жобалары бойынша ұсыныстар енгізу;
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің тапсырмасы бойынша кейбір нормативтік құқықтық кесімдерге құқықтық сараптама жүргізу болып табылады;
8) әділет басқармасына жүктелген міндеттерді шешу және функцияларды қамтамасыз ету үшін әділет басқармасының жанынан қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар құрылуы мүмкін.
12. Жүктелген міндеттерге сәйкес және өз құзыреті шегінде әділет басқармасы:
өз құзыретіндегі мәселелер бойынша ведомствоаралық үйлестіруді және бақылауды жүзеге асыруға;
заңнамамен белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
жергілікті мемлекеттік басқару органдарында нормативтік құқықтық кесімдерді шығаруды, мемлекеттік тіркеуді және жариялауды реттейтін заңнаманы сақтауы бойынша тексерулерді жүзеге асыруға;
жергілікті мемлекеттік басқару органдарының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын, бірақ одан өтпеген, олар қолданатын, бірақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес жариялануы міндетті, белгіленген тәртіпте жарияланбаған, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын, қолданыстағы заңнамаға қайшы келетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнама кесімдерінде көзделген өзге де жағдайларда нормативтік құқықтық кесімдеріне қатысты заңды бұзушылықты жою туралы ұсыныстар енгізуге;
Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 56-бабымен белгіленген тәртіппен сотқа талап-арызбен шағымдануға;
оған берілген мүлікті басқаруды жүзеге асыруға;
Қазақстан Республикасының заңнама кесімдерімен берілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Әділет басқармасының мүлкі
13. Әділет басқармасының жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
Әділет басқармасының мүлкі мемлекет оған берген мүліктің есебінен құралады және негізгі және айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны баланста көрсетілген өзге де мүліктен тұрады.
14. Әділет басқармасының мүлкі республикалық меншікке жатады.
15. Әділет басқармасының өзіне бекітілген мүлікті өзінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
4. Әділет басқармасының қызметін ұйымдастыру
16. Әділет басқармасын Қазақстан Республикасының Әділет министрі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын бастық басқарады.
Әділет басқармасы бастығының Қазақстан Республикасының Әділет министрі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады.
17. Әділет басқармасының бастығы әділет басқармасының жұмысын ұйымдастырады және басқарады әрі әділет басқармасына жүктелген міндеттердің орындалуы мен олардың өз функцияларының жүзеге асырылуы үшін жеке жауапкершілік көтереді.
18. Әділет басқармасының бастығы осы мақсаттарда:
1) өз орынбасарлары мен әділет басқармасының құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;
2) заңнамаға және Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітетін лауазымдардың номенклатураларына сәйкес тағайындалуы және босатылуы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің құзыретіне жататын адамдарды қоспағанда, әділет басқармасының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
3) заңнамада белгіленген тәртіпте тәртіптік жаза қолдану Қазақстан Республикасы Әділет министрінің құзыретіне кіретін адамдарды қоспағанда, әділет басқармасының қызметкерлерін көтермелейді, тәртіптік жазалар қолданады;
4) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады және ұсыныстар енгізеді;
5) әділет басқармасының құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
6) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда әділет басқармасының атынан өкілдік етеді;
7) заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
19. Әділет басқармасы мен құрылымдық бөлімшелер қызметінің негізгі мәселелерін қарау үшін әділет басқармасында консультативтік-кеңесші орган - алқа құрылады.
Алқаның сандық және жеке құрамын оның орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелер басшыларының және өзге де лауазымды адамдарының қатарынан әділет басқармасының бастығы бекітеді.
Әділет басқармасының бастығы алқа төрағасы болып табылады.
Жергілікті жерлердегі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары алқа мүшелері бола алады.
Алқа шешімі қаулымен ресімделеді.
Алқа отырысын даярлау және өткізу тәртібін әділет басқармасының бастығы белгілейді.
5. Әділет басқармасын қайта ұйымдастыру және тарату
20. Әділет басқармасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.