Атмосфералық ауаны қорғау туралы Қазақстан
Республикасының 2002 ж. 11 наурыздағы N 302-ІІ
Заңы
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар)
2-тарау. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы (4 - 8 баптар)
мемлекеттік басқару
3-тарау. Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі қызметті (9 - 18 баптар)
ұйымдастыру
4-тарау. Атмосфералық ауаға зиянды әсер ету көздерінің (19 - 20 баптар)
мемлекеттік есебі
5-тарау. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы бақылау (21 - 25 баптар)
6-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың атмосфералық ауаны (26 - 27 баптар)
қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
7-тарау. Қорытынды ережелер (28 - 30 баптар)
Осы Заң атмосфералық ауаны қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды және Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсiздiгiн қамтамасыз етуге және адамның өмiрi мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған орта мен оның жай-күйi туралы дұрыс ақпарат жөнiндегi азаматтар құқықтарын iске асыруға бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) атмосфералық ауа - қоршаған ортаның атмосфера газдарының табиғи қоспасы болып табылатын компонентi;
2) зиянды (ластаушы) зат - химиялық немесе биологиялық зат не атмосфералық ауаның құрамында болатын және жол берiлетiн шектi нормативтерден асып түсетiн белгiлi бiр шоғырлану түрiнде адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер ететiн сондай заттардың қоспасы;
3) шығарынды - жылжымалы және тұрақты көздерден атмосфераға зиянды (ластаушы) заттың түсуi;
4) атмосфералық ауаның ластануы - зиянды (ластаушы) заттардың атмосфералық ауаға түсуi немесе онда пайда болуы;
5) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ету - атмосфералық ауаның температуралық, энергетикалық, толқындық, радиациялық және басқа да физикалық қасиеттерiн өзгертетiн шудың, тербелiстiң, иондаушы сәуленiң, температуралық және басқа да физикалық факторлардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер етуi;
6) атмосфералық ауа сапасының гигиеналық нормативi - атмосфералық ауадағы зиянды (ластаушы) заттардың жол берiлетiн шектi шоғырлануын көрсететiн және адамның денсаулығына зиянды әсерi жоқ атмосфералық ауа сапасының өлшемi;
7) атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативi атмосфералық ауадағы зиянды (ластаушы) заттардың ең көп құрамын көрсететiн және қоршаған ортаға зиянды әсерi жоқ атмосфералық ауа сапасының өлшемi;
8) атмосфералық ауаның сапасы - атмосфералық ауаның гигиеналық және экологиялық нормативтерге сәйкестiгi дәрежесiн көрсететiн физикалық, химиялық және биологиялық қасиеттерiнiң жиынтығы;
9) атмосфералық ауаның мониторингi - атмосфералық ауаның жай-күйiн, оның ластануын бақылау жүйесi, сондай-ақ атмосфералық ауаның жай-күйiне, оның ластануына баға беру мен болжам жасау;
10) қолайсыз метеорологиялық жағдайлар - атмосфералық ауаның жер төңiрегiндегi қабатында зиянды (ластаушы) заттардың қордалануына ықпал ететiн метеорологиялық жағдайлар;
11) атмосфералық ауаны қорғау - атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға және оның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер етуiн болғызбауға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
12) парник газдары - әрi табиғи тектес, әрi антропогендi тектес, инфрақызыл сәуленi жұтатын және қайта сәулелендiретiн газ тәрiздi құрамдағы атмосфералар;
13) атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектiдеңгейi - атмосфералық ауаға физикалық ықпал ету нормативi, ол атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер жасалмайтын ең жоғары деңгейiн көрсетедi;
14) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi нормативi - атмосфералық ауаға шу, тербелiс, электромагниттiк және басқа да физикалық әсер ететiн әрбiр көз үшiн белгiленетiн және зиянды физикалық әсер ету атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейлерiнiң артуына әкеп соқпайтын норматив;
15) ауада зиянды (ластаушы) заттардың жол берiлетiн шектi мөлшердешоғырлануы - асып кетуi адамның денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсер етуге әкеп соғатын бiр немесе бiрнеше зиянды (ластаушы) заттардың атмосфералық ауаға әсер ету көрсеткiшi;
16) жол берiлетiн шектi шығарынды нормативi - зиянды (ластаушы) заттың атмосфералық ауаға шығарылу нормативi, ол атмосфералық ауаны ластаудың жылжымалы және тұрақты көзi үшiн сол көзде атмосфералық ауа сапасының гигиеналық және экологиялық нормативтерi, экологиялық жүйелерге түсетiн жол берiлетiн шектi (қауiптi) ауыртпалық, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген басқа да экологиялық нормативтер сақталған жағдайда шығарындылардың үлестiк нормативтерi ескерiле отырып белгiленедi;
17) атмосфералық ауаның трансшекаралық ластануы - физикалық көзi толық немесе iшiнара бiр мемлекеттiң ұлттық юрисдикциясындағы аумақтың шегiнде орналасқан және терiс ықпалы басқа мемлекеттiң юрисдикциясындағы аумақта байқалатын атмосфералық ауаның ластануы;
18) шығарындының үлестiк нормативi - өнiмнiң, қуаттың, көлiк құралдары немесе өзге де жылжымалы құралдар жүрiсiнiң бiр өлшемiне шаққанда атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) зат шығарудың ең көп массасының нормативi, ол шығарындылардың жылжымалы, тұрақты көздерi, технологиялық процестер мен жабдықтар үшiн белгiленедi.
2-бап. Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Қазақстан Республикасы атмосфералық ауаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты атмосфералық ауаны қорғау саласында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда белгiленген принциптерге сәйкес жүзеге асырады.
2-тарау. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы
мемлекеттік басқару
4-бап. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк басқарудың негiзгi принциптерi
Атмосфералық ауаны қорғау мынадай негiзгi принциптердi:
1) адамның, қазiргi және болашақ ұрпақтардың өмiрi мен денсаулығын қорғаудың басымдығы;
2) атмосфералық ауаны ластаудың қоршаған орта үшiн орны толмас зардаптарына жол бермеу;
3) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын және оған зиянды физикалық әсер етудi мемлекеттiк реттеу;
4) атмосфералық ауаның жай-күйi, оның ластануы туралы ақпараттың жариялылығы, толымдылығы және анықтығы;
5) атмосфералық ауаны қорғауға және жалпы қоршаған ортаны қорғауға көзқарастың ғылыми негiздiлiгi, жүйелiлiгi және кешендiлiгi принциптерiн сақтау негiзінде жүзеге асырылады.
5-бап. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк басқару
Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мен жергiлiктi өкілдi және атқарушы органдар жүзеге асырады.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атмосфералық ауаны қорғау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атмосфералық ауаны қорғау саласындағы құзыретiне:
1) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
2) атмосфералық ауаны қорғау саласында мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлеу және оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсыну;
3) экономикалық ынталандыру жүйесiн қалыптастыру және атмосфералық ауаны ластайтын шығарындыларды азайтудың тетiгiн енгiзу;
4) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бағдарламаларды қалыптастыру және iске асыруды қамтамасыз ету;
5) атмосфералық ауаны ластағандық үшiн ақы алу тәртiбiн белгiлеу және ақы ставкаларын бекiту;
6) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығаруға және атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етуге лицензиялар беру тәртiбiн бекiту;
7) көлiк және өзге де жылжымалы құралдарды пайдаланған кезде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаруға лицензиялар беру тәртiбiн белгiлеу;
8) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбiн белгiлеу;
9) атмосфералық ауаны қорғау саласында ақпарат берудiң және мемлекеттiк статистиканы жүргiзудiң тәртiбiн белгiлеу;
10) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген өзге де функциялар жатады.
7-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының құзыретi
Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының құзыретiне:
1) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру;
2) атмосфералық ауаны қорғау функцияларын жүзеге асыратын өзге де орталық атқарушы органдардың қызметiн үйлестiру;
3) атмосфералық ауаны қорғау саласында нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеу;
4) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын азайту көлемiн анықтау туралы, оның iшiнде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын азайту мақсатында тиiстi аумақта көлiк құралдарының жүрiсiн реттеу жөнiнде нормативтiк-әдiстемелiк құжаттама әзiрлеу;
5) атмосфералық ауаның мемлекеттiк мониторингiн ұйымдастыру және оны жүргiзудi қамтамасыз ету;
6) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
7) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын азайтуды экономикалық ынталандыру тетіктерін қолдануды ұйымдастыру;
8) экологиялық ақпаратқа жол ашып беру және атмосфералық ауаның жай-күйi, оның ластануы және атмосфералық ауа сапасын жақсартудың мемлекеттiк бағдарламалары мен тиiстi iс-шаралардың орындалуы туралы халыққа хабарлап отыру;
9) атмосфералық ауаны қорғау мақсатында атмосфералық ауа сапасының гигиеналық және экологиялық нормативтерiн, атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейлерiн және басқа да экологиялық нормативтердi әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн белгiлеу;
10) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын және оған зиянды физикалық әсер ететiн көздердi мемлекеттiк есепке алу тәртiбiн белгiлеу;
11) шығарындылардың үлестiк нормативтерiн, сондай-ақ олар арналып жасалатын объектiлердiң (кадастрдың) тiзбесiн әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн белгiлеу;
12) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуына және атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етуге рұқсаттарда көзделген талаптар бұзылып жүзеге асырылатын атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын және (немесе) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудi шектеу, азайту немесе тоқтату тәртiбiн белгiлеу;
13) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын нормалау жекелеген кәсiпорындар мен елдi мекендер үшiн шығарындыларды нормалаудың мерзiмдерiн белгiлеу жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;
14) осы заңда белгiленген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
8-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың атмосфералық ауаны қорғау саласындағы құзыретi
1. Өздерiнің құзыретi шегiнде жергiлiктi өкiлдi органдар:
1) атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi бағдарламаларды бекiтедi;
2) жергiлiктi бюджеттер құрамында атмосфералық ауаны қорғау және сауықтыру жөнiндегi шығыстарды бекiтедi;
3) жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының атмосфералық ауаны қорғаудың жай-күйi туралы ақпараттарын тыңдайды.
2. Өздерiнiң құзыретi шегiнде жергiлiктi атқарушы органдар:
1) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
2) тиiстi аумақтарда атмосфералық ауаны қорғау саласындағы бағдарламаларды әзiрлеудi және iске асыруды ұйымдастырады.
3-тарау. Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі
қызметті ұйымдастыру
9-бап. Атмосфералық ауаны қорғау бағдарламалары және оны қорғау жөнiндегi iс-шаралар
1. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын, сондай-ақ атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ететiн, өздерi үшiн белгіленген жол берiлетiн шектi шығарындылардың нормативтерiнен асып кететiн көздерi бар жеке және заңды тұлғалар жол берiлетiн шектi шығарындылар нормаларына қол жеткiзу мақсатында оны қорғау жөнiнде Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық бөлiмшелерiмен келiсiлген iс-шараларды жүзеге асырады.
2. Атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарына сәйкес жүргiзiлуге тиiс.
3. Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру кезiнде азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ұсыныстарын ескеру мақсатында атмосфералық ауаны қорғау бағдарламалары олардың талқылауына шығарылады.
4. Атмосфералық ауаны қорғау бағдарламаларын және оларды жүзеге асыру жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
10-бап. Атмосфералық ауаның сапасын және оған зиянды физикалық әсер етудi экологиялық нормалау
Химиялық, физикалық, биологиялық және радиациялық факторлардың адамдарға, жануарлар мен өсiмдiктерге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен өзге де объектiлерге әсер етуiнің қауiпсiздiгiн және (немесе) зиянсыздығының өлшемдерiн анықтау мақсатында, сондай-ақ атмосфералық ауаның жай-күйiн бағалау мақсатында атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерi мен оған физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейлерi белгiленедi.
11-бап. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылу және атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ету нормативтерi
1. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарылуын мемлекеттiк реттеу мақсатында шығарындылардың үлестiк нормативтерi және жол берiлетiн шектi шығарындылардың нормативтерi белгiленедi.
2. Шығарындылардың үлестiк нормативтерiн атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын тұрақты көздердiң жекелеген түрлерi үшiн, сондай-ақ атмосфералық ауаны ластау көздерi болып табылатын көлiк құралдары немесе өзге де жылжымалы құралдар үшiн атмосфералық ауаны қорғаудың технологиялық нормативтерiн әзiрлеу құзыретiне кiретiн тиiстi мемлекеттiк органмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы белгiлейдi.
3. Атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудi мемлекеттiк реттеу мақсатында атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi нормативтерi белгiленедi.
4. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарудың нормативтерi және атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi нормативтерi, оларды анықтау әдiстерi және өздерi үшiн белгiленген көздердiң түрлерi Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен әзiрленедi және бекiтiледi.
5. Зиянды (ластаушы) заттар шығаруды азайтудың экономикалық ынталандыру жүйесi мен тетiктерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
6. Зиянды (ластаушы) заттарды мемлекеттiк тiркеу, жол берiлетiн шығарындылар мөлшерiне берiлген рұқсаттарды тiркеу және нақты жасалған шығарындыларды тiркеу Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережелерге сәйкес жүргiзiледi.
12-бап. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығаруға лицензия беру және атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етуге лицензия беру
1. Тұрақты көздiң атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаруына Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы немесе оның аумақтық бөлiмшелерi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен берген лицензияның негiзiнде жол берiледi.
2. Атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етуге Мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарымен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен берген лицензиялар негiзiнде жол берiледi.
3. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуына немесе атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етуге лицензиялары болмаған жағдайда, сондай-ақ лицензияларда көзделген талаптарды бұзған жағдайда жеке және заңды тұлғалардың қызметiне Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен тыйым салынуы немесе ол тоқтатыла тұруы мүмкiн.
13-бап. Атмосфералық ауаға зиянды әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын жалпы талаптар
1. Адамның денсаулығы мен тектiк қорына, қоршаған ортаға келтiрiлуi мүмкiн зиянның алдын алу мақсатында жаңа техникаға, технологияға, материалдарға, заттарға және атмосфералық ауаға зиянды әсер етуi мүмкiн басқа да өнiмге арналған стандарттармен атмосфералық ауаны қорғау талаптары белгiленедi.
2. Егер жаңа техникаларды, технологияларды, материалдарды, заттарды және басқа да өнiмдi енгiзу, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен басқа да техникалық құралдарды қолдану атмосфералық ауаны қорғаудың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарына сай келмесе, оларға тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында отын өндiру мен пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жол берiледi.
4. Жағылған кезде тиiстi аумақта атмосфералық ауаның ластануына әкеп соғатын жекелеген отын түрлерiн пайдалануға Қазақстан Республикасының Үкiметi ғылыми және экономикалық жағынан негiзделген шектеу енгiзуi, сондай-ақ отынның және басқа да энергия көздерiнің экологиялық қауiпсiз түрлерiн өндiру мен қолдануды ынталандыруы мүмкiн.
5. Адамның өмiрi, денсаулығы үшiн және қоршаған орта үшiн қауіптiлiк дәрежесi анықталмаған заттарды атмосфералық ауаға шығаруға тыйым салынады.
6. Атмосфералық ауаның жай-күйiн өзгертуге бағытталған не оның жай-күйiн уақытша нашарлатуға әкеп соғатын кез келген уақытша iс-әрекеттер Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы немесе оның аумақтық бөлiмшелерi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен берген рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
14-бап. Шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн жобалау, орналастыру, салу, реконструкциялау мен пайдалану кезiндегi атмосфералық ауаны қорғау талаптары
1. Шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн жобалау, орналастыру, салу, реконструкциялау мен пайдалану кезiнде, сондай-ақ қалалық және өзге де қоныстарды салу кезiнде атмосфералық ауа сапасы нормативтерiнің экологиялық, санитариялық-гигиеналық, сондай-ақ құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Атмосфералық ауаның сапасына зиянды әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн жобалау мен орналастыру кезiнде, сондай-ақ қалалық және өзге де қоныстарды салу мен реконструкциялау кезiнде атмосфералық ауа ластануының фондық деңгейi және оның сапасының өзгеру болжамы ескерiлуге тиiс.
3. Елдi мекендерде атмосфералық ауаны қорғау мақсатында шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiнiң санитариялық-қорғаныш аймақтары белгiленедi. Мұндай санитариялық-қорғаныш аймақтарының көлемi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.
4. Атмосфералық ауаның сапасына зиянды әсер етуi мүмкiн шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн жаңғырту және реконструкциялау жобаларында зиянды (ластаушы) заттардың атмосфералық ауаға шығарылуын шығарындының жол берiлетiн шектi нормативiне дейiн азайту және оларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес зарарсыздандыру жөнiндегi iс-шаралар көзделуге тиiс.
5. Атмосфералық ауаның сапасына зиянды әсер ететiн шаруашылық және өзге қызмет объектiлерiн орналастыру Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен немесе оның аумақтық бөлiмшелерiмен келiсiледi.
6. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын жүзеге асыратын жаңа және (немесе) реконструкцияланған шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн пайдалануға берген кезде шығарындылардың үлестiк нормативтерiн, жол берiлетiн шектi шығарындылардың нормативтерiн және атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудің жол берiлетiн шектi нормативтерiн сақтау қамтамасыз етiлуге тиiс.
15-бап. Көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы құралдарды шығару және пайдалану кезiнде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын реттеу
1. Шығарындыларында зиянды (ластаушы) заттардың мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шығарындылардың үлестiк нормативтерiнен асып кететiн көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы құралдарды шығаруға және пайдалануға тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, жергілiктi атқарушы органдар көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы құралдарды пайдалану кезiнде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын азайту жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық бөлiмшелерiнiң ұсынуы бойынша жергiлiктi өкілдi органдар өз құзыретi шегiнде көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы құралдардың елдi мекендерге, демалыс және туризм орындарына кiруiне шектеу енгiзiп, көлiк құралдарының жүрiсiн реттей алады.
4. Көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы құралдар Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен шығарындылардың үлестiк нормативтерге сәйкестiгi жөнiнен мiндеттi түрде тексерiлiп отыруға тиiс.
16-бап. Өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын, уытты заттар мен пестицидтердi сақтау, көму, зарарсыздандыру және өртеу кезiнде зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын реттеу
1. Ұйымдар мен елдi мекендердiң аумақтарында, сондай-ақ орналастырылу полигондарында өндiрiс және тұтыну қалдықтарын, атмосфералық ауаны ластайтын уытты заттар мен пестицидтердi сақтау, көму және зарарсыздандыру, сондай-ақ мұндай қалдықтарды өртеу Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы бекiткен ережелер негiзiнде жүргiзiледi.
2. Жеке және заңды тұлғалар атмосфералық ауаны ластау көздерi болып табылатын өндiрiс және тұтыну қалдықтарының оларды жинап қоятын немесе көметiн арнаулы орындарға, сондай-ақ мұндай қалдықтарды шикiзат ретiнде пайдаланатын басқа да шаруашылық немесе өзге де қызмет объектiлерiне уақтылы апарылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Атмосфералық ауаны ластайтын өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыратын жердi жергiлiктi атқарушы органдар бөледi және ол жергiлiктi өкiлдi органдармен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының және азаматтардың денсаулығын сақтау саласына басшылық етудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы органының аумақтық бөлiмшелерiмен келiсiлуге тиiс.
17-бап. Атмосфералық ауа жай-күйiнiң адамдар өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн өзгеруi кезiнде халықты қорғау жөнiндегi iс-шаралар
1. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық бөлiмшелерi мен жергiлiктi атқарушы органдар қалалық және өзге де қоныстарда желдiң бағытын ескерiп, қала құрылысында және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңдерiнде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын реттеп отырады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған әрекеттердi жүргiзу тәртiбiн, оның iшiнде тиiстi болжамдарды әзiрлеу мен берудi Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының және атмосфералық ауаны қорғау функциясын жүзеге асыратын басқа да орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң ұсынысы бойынша жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi.
3. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығару көздерi бар заңды тұлғалар қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжамдарын алған кезде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын азайту жөнiнде Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аталған iс-шаралардың жүргiзiлуi мен тиiмдiлiгiн бақылауды қамтамасыз ететiн аумақтық бөлiмшелерiмен келiсiлген iс-шараларды жүргiзуге мiндеттi.