2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi дәлелдi себептермен қызметте болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi сынақ нәтижесi қанағаттанғысыз болған жағдайда уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесiмен келiсе отырып, сынақ, мерзiмiнен өтпеген адам ретiнде жұмыстан шығарылуы мүмкiн.
4. Егер сынақ мерзiмi өтiп, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi мемлекеттiк қызметтi жалғастыра берсе, ол сынақтан өткен болып саналады және сынақ мерзiмi мемлекеттiк қызмет стажына есептеледi. Одан кейiнгi жұмыстан босатуға заңдарда көзделген негiздер бойынша ғана жол берiледi.
16-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi аттестаттау
Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер олардың кәсiби даярлығы, құқықтық мәдениетi, азаматтармен жұмыс iстеу қабiлетi деңгейiн анықтау мақсатында аттестаттаудан өтедi. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi аттестаттауды жүргiзудiң тәртiбi мен талаптарын уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Республика Президентi бекiтедi.
17-бап. Жұмыс уақыты
1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес белгiленедi.
2. Тұтас алғанда мемлекеттiк органның немесе оның жекелеген бөлiмшелерiнiң қалыпты (үздiксiз) жұмысы әрi қарай жедел атқарылуына байланысты болатын шұғыл және күнi бұрын болжанбаған жұмысты орындау үшiн орган басшысының жазбаша өкiмi бойынша жұмысы Республиканың еңбек заңдарына сәйкес өтелетiн, демалыс және мереке күндерi қызметке келуге мiндеттi жекелеген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер тартылуы мүмкiн.
18-бап. Iссапарлар кезiндегi кепiлдiктер мен өтемақылар
1. Мемлекеттiк қызметшілерге Үкiмет белгiлейтiн тәртiппен қызметтiк, оның iшiнде шет мемлекеттерге, iссапарларға арналған шығындары өтеледi.
Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген iссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, көздеген жерiне барып-қайту жөнiндегi шығындарға, тұрғын үй-жай жалдау жөнiндегi шығындарға кепiлдiктер мен құқығы тиесiлi болады.
2. Iссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшілердiң iссапардың бүкiл уақыты бойы жұмыс орны (қызметi) мен орташа жалақысы сақталады.
19-бап. Мемлекеттiк қызмет өткерудiң өзге де мәселелерi
Мемлекеттiк қызметтен өтудiң осы Заңмен реттелмеген өзге де мәселелерi заң актiлерiмен, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережемен реттеледi.
20-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiндегi кадрлар резервi
1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң лауазымдарға орналасуға арналған кадрлар резервiн уәкiлеттi орган мен оның аймақтық бөлiмшелерi қалыптастырады.
Кадрлар резервi:
1) конкурстық iрiктеуге қатысқан және конкурстық комиссия кадрлар резервiне тiркеу үшiн ұсынған азаматтардан;
2) мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау мен қайта даярлаудың мемлекеттiк бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс негізiнде оқудан өткен азаматтар;
3) мемлекеттiк органдар кәсiби деңгейiн көтеру мақсатында халықаралық ұйымдарға немесе басқа мемлекеттерге жұмысқа жiберген азаматтардан жасақталады.
2. Кадрлар резервiне тiркелген азаматтар бiр жыл iшiнде конкурстан өтпестен мемлекеттiк органдардағы тиiстi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға тағайындалуы мүмкiн.
3. Кадрлар резервiн қалыптастыру және олармен жұмысты ұйымдастыру тәртiбi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызметтiң кадрлар резервi туралы ережемен реттеледi.
5-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді
қамсыздандыру
21-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу
1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне төленетiн ақы қызметтiк мiндеттерiн сөзсiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдарды бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақтауға жәрдемдесуге, олардың адал да бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.
2. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаржылары есебiнен не Ұлттық Банк қаржысынан төленедi.
Бюджет қаржысының қысқаруы жалақыны, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де кепiлдiктердi, жеңiлдiктердi және өтемақыларды қаржыландыруды азайту үшiн негiз бола алмайды.
4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер заңдарда белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.
22-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы
1. Мемлекеттiк қызметшiлерге сауықтыру үшiн екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленiп, ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күнге ақы төленетiн жыл сайынғы демалыс берiледi.
2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн демалыс оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн.
3. Мемлекеттiк қызметшiге жалақысы сақталмайтын демалыс берiлуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер мемлекеттiк орган басшысының шешiмi бойынша жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылып алынуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлiгi мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiге тиiстi жылдың басқа кез келген уақытында берiледi не келесi жылғы демалысына қосылады.
23-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеу
1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн:
1) бiржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықтармен марапаттау;
4) сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген көтермелеудiң өзге де нысандары арқылы көтермеленуi мүмкiн.
2. Мемлекеттiк қызметшiлер ерекше еңбек сiңiргенi үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапатталады.
24-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк қорғау шаралары
1. Мемлекеттiк қызметшiлер заңдарда белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледi.
2. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесi тегiн берiледi. Жер учаскесiн беру шарттарын Республика Үкiметi белгiлейдi.
3. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетуді пайдаланады.
4. Мемлекеттiк орган таратылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер, мемлекеттiк органдарда кемiнде үш жыл жұмыс стажы болған жағдайда, олардың бiлiктiлiгiне сәйкес жаңадан құрылған не басқа мемлекеттiк органда жұмыспен қамтамасыз етiледi, не мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң таңдауымен орташа төрт айлық жалақысы мөлшерiнде шығу жәрдемақысы төленедi.
Мемлекеттiк органның штаты (саны) қысқарған жағдайда мемлекеттiк қызметшiге мемлекеттiк органдардағы жұмыс стажы үш жылдан кем болмаған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде шығу жәрдемақысын төлеу жүргiзiледi.
5. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi, бұл орайда жәрдемақының мөлшерi заңдарда белгiленгеннен төмен болмауы керек.
25-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру
Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің
мемлекеттік қызметті тоқтатуы
26-бап. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға шығуы және қызметтен босатылуы
1. Отставка дегенiмiз мемлекеттiк саяси қызметшiнiң тиiстi мемлекеттiк лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды тоқтатуы, ол оның жазбаша арызы негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Отставканы мемлекеттiк саяси қызметшiнi осы лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам қабылдайды немесе одан дәлелдi бас тартылады. Отставканы қабылдау немесе одан бас тартылу туралы шешiм жазбаша арыз берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылданады. Саяси қызметшi отставкадан бас тартылған жағдайда қызметтiк өкілеттiгiн атқаруды жалғастыруға тиiс және оның заңдарда көзделген тәртiппен қызметтен босауға құқығы бар.
3. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер Конституцияда, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша отставкаға шығады.
4. Лауазымдық өкiлеттiгiн өрескел бұзу, мемлекеттiк қызметте болуға лайықсыз қылықтар жасау мемлекеттiк саяси қызметшiнiң отставкаға шығуы үшiн негiз бола алмайды, қайта жұмыстан босату үшiн негiз болады. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердi қызметтен босатудың негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
5. Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында аталған лауазымды адамдар отставкаға шығу құқығы бар лауазымды адамдар және отставкаға шығуға мiндеттi лауазымды адамдар болып табылады.
27-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуының негiздерi
1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн:
1) олардың өз тiлегi бойынша жұмыстан босату туралы арыз беруi;
2) келiсiм-шарт мерзiмiнiң бiтуi не заңдарда көзделген негiздер бойынша келiсiм-шарттың бұзылуы;
3) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiмет беруi;
4) осы Заңда белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамауы;
5) меншiк құқығымен тиесiлi мүлiктi сенiм бiлдiрiлген басқаруға бермеуi;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;
7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасауы;
8) осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымды конкурстан тыс атқаруы;
9) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;
10) Қазақстан Республикасының еңбек заңдарында көзделген өзге де негiздемелер негiз болып табылады.
2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi қызметтен босатуды мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдауға құқығы бар тиiстi лауазымды адамы заңдарда белгiленген тәртiппен жүргiзедi.
3. Қызметтен заңсыз босатылған жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң уәкiлеттi органға шағымдануға, сондай-ақ өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
4. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң ауысуы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшілердiң жаңадан тағайындалған мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң бастамасы бойынша атқарып отырған лауазымдағы мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн негiз бола алмайды.
7-тарау. Мемлекеттік қызмет туралы заңдарды
бұзу үшін жауаптылық
28-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жауаптылығы
1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң өзiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны және тиiсiнше орындамағаны, лауазымдық өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн, сондай-ақ осы Заңда белгiленген, мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулердi сақтамағаны үшiн мемлекеттiк қызметшiге тәртiптiк жазалар:
1) ескерту;
2) сөгiс;
3) қатаң сөгiс;
4) қызметке сәйкес еместiгi туралы ескерту;
5) атқаратын қызметiнен босату қолданылуы мүмкiн.
2. Тәртiптiк жазаны:
1) лауазымдық өкiлеттiгiне сәйкес осындай құқығы бар адамдар қолданады;
2) жасағаны үшiн заңда өзгедей жауаптылық көзделген әрекет үшiн қолдануға болмайды;
3) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленетiн тәртiппен қолданады.
3. Тәртiптiк лайықсыз әрекетке жол берген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнi оны тағайындаған басшы белгiленген тәртiппен жауаптылығы туралы мәселе шешiлгенге дейiн лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметшi өз iс-әрекетiнiң заңсыздығы үшiн жауап бередi. Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған жағдайда бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда мемлекеттiк қызметшi, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиiс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiнiң заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауап бередi.
5. Мемлекеттiк қызметшiлер қылмыс және өзге де құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда заңдарда белгiленген негіздер мен тәртiп бойынша тиiсiнше қылмыстық, әкiмшiлiк, материалдық жауапты болады.
29-бап. Мемлекеттiк қызметшiлер құқықтарының оларды тәртiптiк жауапқа тарту кезiндегi кепiлдiгi
1. Мемлекеттiк қызметшi өзiн тәртiптiк жауапқа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуға мiндеттi.
2. Жауапқа тартылушы мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның iс-әрекетi мен шешiмдерiне уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен не сотқа шағым жасай алады.
8-тарау. Қорытынды ережелер
30-бап. Осы Заңның күшіне енгізілу тәртібі
Осы Заң 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізіледі.
Қазақстан Республикасының