Лицензиардың алдында қосалқы лицензиаттың iс-әрекетi үшiн, егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат жауапты болады.
967-бап. Интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерiн жасау және пайдалану туралы шарт
1. Автор шарт бойынша туындыны, өнертабысты немесе интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң өзге де нәтижесiн жасау және өзінің жұмыс берушісі болып табылмайтын тапсырысшыға оны пайдаланудың айрықша құқығын беруге өзiне мiндеттеме алуы мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шарт интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң жасалуға тиiстi нәтижесiнiң сипатын, сондай ақ оның пайдаланудың мақсаттарын не әдістерін белгілеуге тиiс.
3. Шарттың белгiлi бiр түрдегi не белгiлi бiр саладағы интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерiн жасауға автордың құқығын шектейтiн талаптары жарамсыз болады.
968-бап. Айрықша құқық және меншiк құқығы
Интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижесiне немесе дараландыру құралына, мұндай нәтиже немесе дараландыру құралы көрсетiлген материалдық объектiге меншiк құқығына қарамастан, айрықша құқық қолданылады.
969-бап. Айрықша құқықтардың қолданылу мерзiмi
1. Интеллектуалдық меншiк объектiсiне айрықша құқық осы Кодексте немесе өзге де заң актiлерiнде көзделген мерзiм iшiнде қолданылады.
Заң актiлерiнде мұндай мерзiмдi ұзартудың мүмкiндiгi көзделуі мүмкін.
2. Интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелеріне жеке мүліктік емес құқық мерзімсіз қолданылады.
3. Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда айрықша құқықтың қолданылуы оны белгiлi бiр уақыт iшiнде қолданбаудың салдарынан тоқтатылуы мүмкiн.
970-бап. Айрықша құқықтарды қорғау әдiстерi
1. Айрықша құқықтарды қорғау осы Кодекстiң 9-бабында көзделген әдiстермен жүзеге асырылады. Айрықша құқықтарды қорғау:
1) пайдалану арқылы айрықша құқықты бұзған материалдық объектiлердi және осындай бұзушылық нәтижесiнде жасалған материалдық объектiлердi алып қою;
2) жiберiлген кемшiлiктер туралы, оған бұзылған құқықтың кiмге қатысты екендiгi туралы мәлiметтердi қоса отырып, мiндеттi жариялау жолымен;
3) заң актiлерiнде көзделген өзге әдiстермен де жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерi мен дараландыру құралдарын пайдалану туралы шарттар бұзылған жағдайда мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершілiк туралы жалпы ережелер қолданылады (осы Кодекстiң 20-тарауы).
50-тарау. Авторлық құқық
971-бап. Авторлық құқықпен қорғалатын туындылар (авторлық құқық объектiлерi)
1. Авторлық құқық шығармашылық қызмет нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына олардың бағытына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ оларды білдіру әдісі мен нысанына қарамастан қолданылады.
2. Авторлық құқық халыққа таратылған (жарияланған, жарыққа шыққан, басып шығарылған, көпшiлiк алдында орындалған, көпшiлiкке көрсетiлген), сондай-ақ халыққа таратылмаған туындыларға қандай да бiр объективтi нысанда:
1) жазбаша (қолжазба, машинаға басылған, нота жазбасы және т.б.);
2) ауызша (көпшiлiк алдында айту, көпшiлiк алдында орындау және т.б.);
3) дыбыс және бейне жазу (механикалық, цифрлық, магнитті, оптикалық және т.б.);
4) бейнелеу (сурет, эскиз, картина, жоспар, сызба, кино, теле, бейне немесе фото кадр және т.б.);
5) көлемдiк-кеңiстiктi (мүсiндеме, модель, пакет, құрылыс және т.б.);
6) басқа да нысандарда қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған белгiлерi бар және дербес пайдаланылуы мүмкiн туындының бiр бөлiгi (оның атауын қоса) авторлық құқық объектiсi болып табылады.
4. Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң жеке өздерiне қолданылмайды.
972-бап. Авторлық құқық объектiлерiнiң түрлерi
1. Авторлық құқық объектiлерi мыналар болып табылады:
1) әдеби туындылар (әдеби-көркем, ғылыми, оқу,
публицистикалық және т.б.);
2) драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;
3) сценарийлiк туындылар;
4) хореография және пантомима туындылары;
5) мәтiндi және мәтiнсiз музыкалық туындылар;
6) аудио-бейне туындылар, (кино, теле және бейне фильмдер, диафильмдер және басқа кино, теле туындылар), радио туындылар;
7) кескiндеме, мүсiн, графика туындылары мен басқа да бейнелеу өнерiнiң туындылары;
8) қолданбалы өнер туындылары;
9) сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ өнерi туындылары;
10) фотосурет туындылары және фотосуретке ұқсас әдiстермен алынған туындылар;
11) географияға, топографияға және басқа ғылымдарға қатысты карталар, жоспарлар, эскиздер, безендiрмелер мен үш өлшемдi туындылар;
12) ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;
13) өзге де туындылар.
2. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды қорғау кез келген тiлде және кез келген нысанда көрсетiле алатын, оларға негiзгi мәтiнді және объектiлiк кодты қоса алғанда, ЭЕМ (оның iшiнде операциялық жүйелер) бағдарламаларының барлық түрлерiне қолданылады.
3. Авторлық құқық объектiлерiне, сондай-ақ:
1) туынды шығармалар (аудармалар, өңдеулер, аннотациялар, рефераттар, түйiндеулер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық аранжировкалар және ғылым, әдебиет пен өнер туындыларының басқа да қайта өңделiмдерi);
2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және басқа да iрiктелу және (немесе) материалдардың орналасу бойынша шығармашылық еңбек нәтижесі болып саналатын құрастырылған туындылар жатады.
Туынды және құрастырылған шығармалар олардың негiзге алынған немесе оларға енген туындылардың авторлық құқықтың объектiлерi болу-болмауына қарамастан авторлық құқықпен қорғалады.
973-бап. Авторлық қатынастарды құқықтық реттеу
Авторлық қатынастар осы Кодекспен және авторлық құқық пен сабақтас құқықтар туралы өзге де заң актiлерiмен, ал оларда көзделген жағдайларда өзге де заң актiлерiмен реттеледi.
974-бап. Авторлық құқық объектiлерi болып табылмайтын туындылар
Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылмайды:
1) ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң шығару, әкiмшiлiк, сот және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;
2) мемлекеттiк рәмiздер мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттiк рәмiздер мен белгiлер);
3) халық шығармашылығының туындылары;
4) ақпараттық сипаттағы оқиғалар мен фактiлер туралы хабарлар.
975-бап. Ресми құжаттардың, рәмiздер мен белгiлердiң жобаларына құқық
1. Ресми құжаттардың, рәмiздер мен белгiлердiң жобаларына авторлық құқыққа жобаны жасаған адам (жасаушы) ие болады.
Ресми құжаттардың, рәмiздер мен белгiлердiң жобаларын жасаушылар, егер оны жасауға тапсырма берушi оған тыйым салмаса, ондай жобаларды жариялауға құқылы. Жобаны жариялаған жағдайда оны жасаушылар өз есiмiн көрсетуге құқылы.
2. Жобаны, жасаушының келiсiмiнсiз, егер бұл жобаны автор жарияласа немесе тиiстi органға жiберсе, оны ресми құжат дайындау үшiн құзыреттi органның пайдалануы мүмкiн.
Ресми құжаттарды, рәмiздердi немесе белгiлердi жобаның негiзiнде дайындаған кезде оған ресми құжатты, рәмiздi немесе белгiнi дайындауды жүзеге асырушы орган өз қалауы бойынша толықтырулар мен өзгерiстер енгiзуi мүмкiн.
3. Құзыретті орган жобаны мақұлдағаннан кейін ол әзiрлеушiнiң аты-жөнi көрсетiлмей-ақ қолданылуы мүмкiн.
976-бап. Авторлық құқықты қорғау белгiсi
1. Айрықша авторлық құқық иесi өз құқықтары туралы мәлiмдеу үшiн туындының әрбiр данасына салынған және үш элементтен:
1) қоршауға алынған латынша "С" әрпiнен;
2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмiнен (атауынан);
3) туындының бiрiншi жарияланған жылынан тұратын авторлық құқықты қорғау белгісін пайдалануы мүмкін.
2. Егер өзге дәлел болмаса, қорғау белгiсiнде көрсетiлген адам айрықша авторлық құқықтың иесi болып саналады.
977-бап. Автордың жеке мүлiктiк емес құқықтары
1. Туынды авторының мынадай жеке мүлiктiк емес құқықтары болады:
1) туынды авторы ретiнде танылу және оны пайдалану кезiнде осы туындыға басқа адамдардың авторлығын тануды болғызбайтын нақ осындай тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);
2) туындыны өз атынан, бүркеншiк атпен немесе жасырын атпен пайдалану құқығы (авторлық атқа құқық);
3) өз туындысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге және оның атауын қоса алғанда, туынды жарық көргенде, көпшiлiк алдында орындалғанда немесе өзге түрде пайдаланылғанда автордың келiсiмiнсiз кiмнiң болса да өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуiнен туындыны қорғау құқығы (туындыға қол сұқпаушылық құқығы).
Автордың келiсiмiнсiз оның туындысын шығарғанда безендiрулер, алғысөздер, соңғысөздер, түсiнiктемелер немесе қандай да болсын түсiндiрмелер беруге тыйым салынады.
Автор қайтыс болғаннан кейiн оның туындысын қол сұғушылықтан қорғауды өсиетте көрсетiлген адам, ал мұндай нұсқау болмаған жағдайда автордың мұрагерлерi, сондай-ақ заң актілеріне сәйкес авторлық құқықтарды қорғау жүктелген тұлғалар жүзеге асырады.
4) белгiсiз тұлғалар тобының туындыны ашуға рұқсат құқығы (халыққа жария ету құқығы).
2. Автор туындыны халыққа тарату туралы бұрын қабылдаған шешiмiнен бас тартуға құқылы (керi қайтарып алу құқығы), бұл жағдайда жоғалтылған пайдасын қоса алғанда, пайдаланушыға осындай шешiм арқылы келтiрiлген залал өтелуi керек. Егер туынды халыққа жария болып кетсе, автор оны керi қайтарып алатыны туралы көпшiлiкке хабарлауға мiндеттi. Бұл орайда ол туындының бұрын әзiрленген даналарын өз есебiнен айналыстан алып тастауға құқылы.
Осы тармақтың ережелерi қызметтiк туындыларға қолданылмайды.
3. Автордың бiреумен келiсiмi немесе автордың жеке мүлiктiк емес құқықтарын жүзеге асырудан бас тартуы туралы арызы жарамсыз болады.
978-бап. Автордың мүлiктiк құқықтары
1. Авторға туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға айрықша құқықтар берiледi.
2. Автор туындыны пайдалану кезiнде үшiншi тұлғалардың мынадай iс-әрекеттердi жүзеге асыруына:
1) туындыны қайта жаңғыртуына (қайта жаңғырту құқығы);
2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, жалға беруiне, өзге де операциялар жасауына (тарату құқығы);
3) туындыны көпшiлiк алдында көрсетуiне (көпшiлiкке көрсету құқығы);
4) туындыны көпшiлiк алдында орындауына (көпшiлiк алдында атқару құқығы);
5) жалпыға бiрдей мәлiмдеу үшiн эфирге немесе кабель арқылы хабарлауды қоса алғанда туындыны көпшiлiкке хабарлауына (көпшiлiкке хабарлау құқығы);
6) туындыны эфирге беруiне (радио және теледидар арқылы тарату), оның iшiнде туындыны кабель немесе спутниктiк байланыс арқылы таратуына(эфирге хабарлау құқығы);
7) туындыны аударуына (аудару құқығы);
8) туындыны қайтадан жасауына, аранжировкалауына немесе басқаша түрде өңдеуiне (өңдеу құқығы);
9) қала құрылысы, сәулет, безендiру жобасын iс жүзiне асыруына;
10) заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де iс-әрекеттердi жүзеге асыруына рұқсат етуге немесе тыйым салуға құқылы.
3. Туындыға түпнұсқасындағыдай объективтi нысанда қайталап беру (туындыны басып шығару, дыбыс немесе бейне жазулар таралымы және т.б.) қайта жаңғырту болып табылады.
4. Егер туындының даналары заңды түрде иелiктен айырылса, оларды одан әрi таратуға, заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, автордың келiсiмiнсiз және сыйақы төленбестен жол берiледi.
5. Туынды кiрiс келтiру мақсатымен сатылғандығына не оны сату бұған бағытталмағандығына қарамастан, пайдаланылған деп саналады.
6. Туындының (өнертабыстардың, өзге де техникалық, экономикалық, ұйымдастырушылық және т.б. шешiмдердiң) мазмұнын құрайтын ережелердi iс жүзiнде қолдану туындыны авторлық құқық мағынасында пайдалану болмайды.
979-бап. Туындыны сақтауға беру
1. Туындылардың қолжазбаларын, материалдық негiздегi басқа туындыларды, оның ішінде машинкаға басылғандарын сақтауға беру, егер осылайша сақтауға беру әркiмнiң кiруiне ашық қоймада (депозитарийде) жүргiзiлсе және депозитариймен жасалған шарт бойынша кез келген адамның туынды данасын алуына жол берiлсе, туындыны пайдалану деп танылады.
2. Туындыны сақтауға беру құқық иесiнiң депозитариймен туындыны пайдалану талаптарын белгiлейтiн шарты негiзiнде жүзеге асырылады. Мұндай шарт және депозитарийдiң пайдаланушымен шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
980-бап. Қазақстан Республикасының аумағында авторлық құқықтың қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет жарияланған немесе жарияланбаған, бiрақ түпнұсқасы қандай болса да объективтi нысанда оның аумағында болған туындыға авторлық құқық Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады. Бұл жағдайда автор және (немесе) оның мұрагерлерi, сондай-ақ автордың басқа да құқықтық мирасқорлары өздерiнiң азаматтығына қарамастан авторлық құқық иесi болып танылады.
2. Туындысы шет мемлекет аумағында алғаш рет жарияланған немесе қандай болса да объективті нысанда болған Қазақстан Республикасы азаматтарының да, сондай-ақ олардың құқықтық мирасқорларының да авторлық құқығы танылады.
3. Халықаралық шарттарға сәйкес авторлық құқықты қорғау құқық иесіне берiлген жағдайда туындының шет мемлекет аумағында жариялану фактiсi тиiстi халықаралық шарттардың ережелерiне сай анықталады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында туындыны қорғау мақсатында туындының авторы туынды алғаш рет аумағында қорғауға алынған мемлекеттiң заңы бойынша анықталады.
981-бап. Авторлық құқықтың қолданыла бастауы
Туындыға авторлық құқық оның жариялануына қарамастан туындыға үшiншi тұлғалардың қабылдауына қолайлы объективтi нысан берiлген кезден бастап қолданыла бастайды. Ауызша туындыға авторлық құқық оны үшiншi тұлғаға хабарлаған кезден бастап қолданылады.
Егер туынды осы Кодекстiң 980-бабының қолдануына келмейтiн болса, мұндай туындыға авторлық құқық, егер ол Қазақстан Республикасында жүзеге асырылса, туынды алғаш рет жарияланған кезден бастап қорғалады.
982-бап. Авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi
1. Авторлық құқық автордың бүкiл өмiрi бойына және ол қайтыс болғаннан кейiн, автор қайтыс болғаннан кейiнгі келесi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде, елу жыл бойы күшiнде болады.
2. Бiрлесiп шығарылған туындыға авторлық құқық серiктес авторлардың бүкiл өмiрi бойына және басқа да серiктес авторлардың ең соңғысы қайтыс болғаннан кейін елу жыл бойы күшінде болады.
3. Бүркеншiк атпен немесе жасырын атпен алғаш рет жарыққа шыққан туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде елу жыл бойы күшiнде болады.
Егер көрсетiлген мерзім iшiнде жасырын немесе бүркеншiк ат ашылса, осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiм қолданылады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мерзiм iшiнде авторлық құқық автордың мұрагерлерiне тиесiлi болады және мұрагерлiк бойынша ауысады, автормен, оның мұрагерлерiмен және одан кейiнгi құқықтық мирасқорларымен шарт бойынша құқық алған құқықтық мирасқорларына тиесiлi болады.
5. Автор қайтыс болғаннан кейін отыз жылдың ішінде алғаш рет жарыққа шыққан туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде ол жарыққа шыққаннан кейiнгi елу жыл бойы күшiнде болады.
6. Авторлық, автордың есiмi және туындыға қол сұқпаушылық мерзiмсiз қорғалады.
983-бап. Туындының қоғам игiлiгiне ауысуы
1. Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi бiткеннен кейiн ол қоғамның игiлiгiне айналады.
Қазақстан Республикасының аумағында ешқашан қорғауға алынбаған туындылар да қоғам игілігі болып саналады.
2. Қоғамның игiлiгi болып табылатын туындыларды кез келген тұлға авторлық сыйақы төлеместен еркiн пайдалана алады. Бұл орайда авторлық құқық, автор есiмiне құқық және туындыға қол сұқпаушылық құқығы сақталуға тиiс.
984-бап. Авторлық құқықтарды басқару
1. Құқық иеленушi өзiне тиiстi құқықтарды өз қалауы бойынша жеке жүйеге асыруға құқылы. Өзге адамдар авторлық құқықтарды тек құқық иеленушiнiң келiсiмi бойынша және, өкiлдiктi заңды өкiл жүзеге асыратын осы Кодекстiң 977-бабында көзделген құқықтарды қоспағанда, оларға берiлген өкiлеттiк шегiнде ғана басқара алады.
2. Авторлық және сабақтас құқықтарды иеленушiлер заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен авторлық және сабақтас құқықтарды басқару жүктелетiн ұйымдар құра алады.
51-тарау. Сабақтас құқықтар
985-бап. Сабақтас құқықтардың объектiлерi
Сабақтас құқықтар қойылымдарға, орындаушылыққа, фонограммаларға, эфирлiк және кабельдiк хабар таратушы ұйымдардың хабарларына, олардың мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ олардың көрсетiлу әдiстерi мен нысандарына қарамастан қолданылады.
986-бап. Сабақтас құқықтардың субъектiлерi
1. Орындаушылар, фонограмма жасаушылар мен эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары сабақтас құқық субъектiлерi болып табылады.
2. Фонограмма жасаушы, хабар тарату ұйымдары осы тарауда көзделген құқықтарды фонограмма жазылған не эфирге немесе кабель арқылы берiлетiн туындының орындаушысымен және оның авторымен жасалған шарт бойынша алынған құқықтар шегінде жүзеге асырады.
3. Орындалған туынды авторларының құқықтары сақталған жағдайда орындаушы осы тарауда көзделген құқықтарды жүзеге асырады.
4. Сабақтас құқықтардың пайда болуы және жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу немесе қандай да бiр басқа формалды талаптарды сақтау талап етiлмейдi.
5. Фонограмманы, орындау жазбаларын жасаушы және (немесе) орындаушы өз құқықтары туралы жариялау үшiн орындау жазбасының, фонограмманың әрбiр данасында және (немесе) ол сақталатын әрбiр қорапта орналасатын және үш элементтен:
1) қоршауға алынған латынша "Р" әрпiнен;
2) айрықша сабақтас құқықтар иесiнiң есiмiнен (атауынан);
3) орындау жазбасының, фонограмманың бiрiншi жарияланған жылынан тұратын сабақтас құқықтарды қорғау белгісін пайдалануға құқылы.
987-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет орын алған орындаушының орындауға құқығы Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады. Бұл жағдайда орындаушының және оның мұрагерлерiнiң, сондай-ақ азаматтығына қарамастан орындаушының өзге де құқықтық мирасқорларының құқықтары танылады.
Орындау алғаш рет шет мемлекеттiң аумағында жүзеге асырылған жағдайда да орындаушының, сондай-ақ оның құқықтық мирасқорларының құқығы танылады.
2. Егер орындау жазбасы алғаш рет Қазақстан Республикасында көпшiлiк алдында қайта жаңғыртылса немесе оның даналары көпшілікке таратылса, бұл жазбаны жасаушының құқығы Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады.
Қазақстан Республикасы азаматтарының немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жерi немесе тұратын орны бар заңды тұлғалардың да орындау жазбасын шығару құқығы танылады.
3. Егер ұйымның Қазақстан Республикасының аумағында ресми орналасқан жері болса және хабарларды Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан таратқыштар көмегiмен жүзеге асырса, оның эфирлiк немесе кабельдiк хабар таратуды ұйымдастыру құқығы танылады.
4. Өзге де шетелдiк орындаушылардың, орындау жазбаларын, фонограммалар жасаушылардың, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының құқықтары Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қорғалады.
988-бап. Сабақтас құқықтар субъектiлерiнiң құқықтарын реттеу
Орындаушының, орындау жазбаларын немесе фонограмманы жасаған адамдардың, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының айрықша және өзге де құқықтарының көлемi мен мазмұнын, сондай-ақ аталған субъектiлердiң айрықша құқықтарын шектеу жағдайлары мен шектерi және оларды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк заң актiлерiмен реттеледi.
989-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмi
1. Орындаушыға қатысты сабақтас құқықтар алғаш рет орындалғаннан кейiн немесе қойылғаннан кейiн елу жыл бойы күшiнде болады. Орындаушының өз аты-жөнiне және орындауды немесе қойылымды бұрмалаудан қорғауға құқықтары мерзiмсiз қорғалады.
2. Орындау жазбасын, фонограмма жасаушыға қатысты сабақтас құқықтар фонограмма алғаш рет жарияланғаннан кейiн елу жыл бойы не, фонограмма бұл мерзiм iшiнде жарияланбаса, ол алғаш рет жазылғаннан кейiн елу жыл бойы күшiнде болады.
3. Эфирлiк хабар тарату ұйымына қатысты сабақтас құқықтар мұндай ұйым эфирге алғаш рет хабар берудi жүзеге асырғаннан кейiн елу жыл бойы күшiнде болады.
4. Кабельдік хабар тарату ұйымына қатысты сабақтас құқықтар мұндай ұйым кабель бойынша алғаш рет хабар берудi жүзеге асырғаннан кейiн елу жыл бойы күшiнде болады.
5. Осы баптың 1-4-тармақтарында көзделген мерзiмдердi есептеу мерзiмi өтуiнiң басталуына негiз болатын заңды факт орын алған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан басталады.
990-бап. Шетелдiк азаматтар немесе шетелдiк заңды тұлғалар болып табылатын орындаушылардың, орындау жазбаларын жасаушылардың, эфирлiк және кабельдік хабар тарату ұйымдарының құқықтары
Шетелдiк азаматтар немесе шетелдiк заңды тұлғалар болып табылатын орындаушылардың, орындау жазбаларын, фонограммалар жасаушылардың, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының құқықтары, егер олар өздерiнiң алғашқы қойылымын, орындауын, жазбасын немесе эфирге хабар таратуын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жүзеге асырса, оның аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қолданылады.
52-тарау. Өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік
үлгіге құқық
991-бап. Өнертабысты, пайдалы модельді, өнеркәсіптік үлгіні құқықтық қорғау талаптары
1. Өнертабысқа және өнеркәсiптiк үлгiге құқықтар алдын ала патент, патент беру, ал пайдалы модельге - тек патент беру жағдайында қорғалады.
2. Жаңа, өнертапқыштық деңгейi бар және өнеркәсiпте қолдануға болатын техникалық шешiм құқықтық қорғау берiлетiн өнертабыс болып танылады.
3. Жаңа және өнеркәсiпте қолдануға болатын өндiрiс құралдары мен тұтыну заттарын конструкторлық орындау құқықтық қорғау берiлетiн пайдалы модель болып танылады.
4. Бұйымның сыртқы түрiн белгiлейтiн, жаңа, түпнұсқалық және өнеркәсiпте қолдануға болатын көркемдiк-конструкторлық шешім құқықтық қорғау берілетін өнеркәсіптік үлгі болып танылады.
5. Алдын ала патент және патент алу құқығы туындайтын өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге қойылатын талаптар, мемлекеттiк уәкiлеттi органның (бұдан әрi - патенттiк органның (ұйымның) оларды беру тәртiбi заң актiсiмен белгiленедi.
6. Патентке қабiлетi жоқ техникалық шешiмдердiң, өндiрiс құралдары мен тұтыну заттарын конструкторлық орындаулардың, бұйымдардың көркемдiк-конструкторлық шешiмдерiнiң тiзбесi заң актiлерiмен белгiленедi.
992-бап. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалану құқығы
1. Патент иесiнiң өнiмдi қорғалған шешiмдердi қолдану арқылы өндiру, патентпен қорғалған технологиялық процестердi өз өндiрiсiнде қолдану, қорғанған шешiмi бар бұйымдарды сату немесе сатуға ұсыну, тиiстi бұйымдарды импорттау құқықтарын қоса алғанда, патентпен қорғалған өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi өз қалауы бойынша пайдалануға айрықша құқығы болады.