5. Кепiлге салынған мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға беру кепiл ұстаушыны осы мүлiктi өндiрiп алу құқығынан айырмайды.
886-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты бойынша бiр тарап (сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы) екiншi тарапқа (сенiмгер басқарушыға) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға бередi, ал екiншi тарап құрылтайшы атаған тұлғаның (пайда алушының) мүдделерi үшiн осы мүлiктi басқаруды жүзеге асыруға мiндеттенедi.
2. Сенiмгерлiкпен басқару шартында:
1) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының нысанасы және мерзiмi;
2) сенiмгерлiкпен басқаруға берiлетiн мүлiктiң құрамы;
3) пайда алушы туралы нұсқау;
4) сенiмгер басқарушының есеп беру мерзiмдерi мен нысаны;
5) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты тоқтатылған жағдайда сенiп тапсырылған мүліктi алатын адамды көрсету көзделуге тиiс.
Шарттардың жекелеген түрлерi үшiн заң актiлерiнде өзге де елеулi талаптар көзделуi мүмкін.
Шартта басқа талаптар да, оның iшiнде басқарушыға берiлетiн сыйақының мөлшерi мен нысандары көзделуi мүмкiн.
Шартта үшiншi тұлғалардың сенiмгерлiкпен басқаруға берiлген мүлiкке құқығы көрсетiлуге тиiс.
3. Егер заң актiлерiнен немесе пайда болған қатынастар мәнiнен өзгеше туындамаса, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты туралы нормалар мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды белгiлеудiң өзге де негiздерi бойынша пайда болатын қатынастарға қолданылады.
887-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының нысаны
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты жазбаша нысанда жасалады.
2. Қозғалмайтын мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты, қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт үшiн көзделген нысан мен тәртiп бойынша жасалады.
Шарт нысанын сақтамау немесе қозғалмайтын мүлiкке арналған шарттың тiркелiмiнiң болмауы оның жарамсыздығына әкеп соғады.
888-бап. Сенiмгер басқарушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Сенiмгер басқарушының мүлiктi дұрыс басқару мақсатында сеніп тапсырылған мүлікпен меншік иесі жасай алатын кез келген iс-әрекеттi жүргiзуге құқығы бар.
Сенiп берілген мүлікке сенімгер басқарушының құқығы заң актiлерiмен, шартпен немесе мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару пайда болғанда негiзге алынған өзге де актiмен шектелуi мүмкiн.
Сенiмгер басқарушы қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыру мен кепiлге салуды сенiмгерлiкпен басқаруды белгiлеу туралы актiде ол тiкелей көрсетiлген жағдайда ғана жасауға құқылы.
2. Сенiмгер басқарушының мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару кезiнде өзi жасаған қажеттi шығындарды құрылтайшының (пайда алушының) есебiнен, не сенiп тапсырылған мүлiктiң есебiнен, не сенiп тапсырылған мүлiктi пайдаланудан түскен кiрiстiң есебiнен өтетiп алуға құқығы бар.
Егер мүліктi сенiмгерлiкпен басқаруды белгiлеу туралы актiде көзделсе, сенiмгер басқарушының сыйақы алуға құқығы бар.
3. Сенiмгер басқарушының басқа бiреудiң заңсыз иеленуiнен өзiне сенiп тапсырылған мүлiктi қайтарып алуға, сондай-ақ оның басқару құқығын бұзушылықты жоюды, бұл құқық бұзушылық иеленудi бұзумен байланысты болмаса да, талап етуге құқығы бар.
4. Сенiмгер басқарушы құрылтайшыға және пайда алушыға, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартында белгiленген мерзiм мен тәртiп бойынша өз қызметi туралы есеп бередi. Құрылтайшының және (немесе) пайда алушының талап етуi бойынша сенiмгер басқарушының қызметi туралы есеп өзге жағдайда да дереу берiлуге тиiс.
5. Сенiмгер басқарушының өзi үшiн белгiленген шектеулердi бұза отырып жасаған мәмiлесi, егер мұндай мәмiлеге қатысушы үшiншi тұлға ондай шектеулердi бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса, жарамды деп танылады. Бұл жағдайда сенiмгер басқарушы құрылтайшы алдында шартқа және заң актiлерiне сәйкес жауап бередi.
Сенiмгер басқарушы өзiне берiлген құқықты асыра пайдаланып немесе өзi үшiн белгiленген шектеулерді бұзып жасаған мәмiле бойынша мiндеттеменi сенiмгер басқарушы өз мүлкi есебiнен мойнына алады.
889-бап. Сенiмгер басқарушының бастамасымен сенiмнiң ауысуы
1. Сенiмгер басқарушы мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды жеке өзi жүзеге асырады.
2. Сенiмгер басқарушы өзiне сенiп берiлген мүлiктi басқару үшiн қажеттi iс-әрекет жасауды, егер ол бұған мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актi арқылы уәкiлеттi болса, не бұған пайда алушының мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты мән-жайлар себептi мәжбүр болса және бұл орайда құрылтайшының нұсқауларын сұрауға мүмкiндiгi болмаса, басқа адамға тапсыра алады. Бұл орайда сенiмгер басқарушы өзi таңдап алған сенiм бiлдiрiлушiнiң iс-әрекеті үшiн өзi жасағандай жауап бередi.
Сенiмгер басқарушы сенiмнiң ауысуы туралы алғашқы мүмкiндiк туысымен құрылтайшыға хабарлауға мiндеттi. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, бұл жағдайда құрылтайшы сенiмгер басқарушыға бұрын жасалған шығындарын өтеп, ал егер сенiмгерлiкпен басқару кәсiпкерлiк қызмет болса, шеккен залалдарын да өтеп, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтату туралы мәлiмдеуге құқылы.
890-бап. Сенiмгер басқарушының жауапкершiлiгi
1. Мүлiктi тиiсiнше басқармаған жағдайда құрылтайшы немесе пайда алушы сотқа сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтату және залалдарды өтеу туралы талап қоя алады. Бұл орайда мiндеттердi тиiсiнше орындау үшiн өзiне қатысты барлық шараларды қолданғанын дәлелдей алмаса, сенiмгер басқарушы мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшiн, кiнәлi деп саналады.
2. Сенiмгер басқарушы үшiншi тұлғалардың алдында мүлiктi басқаруда тиiсiнше iс-әрекеттер жасамауы салдарынан келтiрiлген залалы үшiн өз мүлкiмен субсидиарлы жауапты болады.
891-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының тоқтатылуы
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздерiмен қатар:
1) сенiмгер басқарушы-азамат қайтыс болғанда, оны өлдi деп жарияланғанда, оны әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп танығанда; заңды тұлға-сенiмгер басқарушы таратылғанда;
2) сенiм бiлдiрiлген мүлiктi басқаруды жеке жүзеге асыру сенiмгерлiкпен басқарушы үшiн мүмкiн болмауына байланысты сенiмгер басқарушы немесе құрылтайшы бас тартқанда;
3) сенiмгер басқарушыға залалдар және шартта көзделсе, сыйақы төленген жағдайда құрылтайшы шартты орындаудан бас тартқанда;
4) егер шартта көзделсе, кепiл ауыртпалығымен берiлген мүлiктi сыйақы бере отырып басқаруға беру туралы сенiмгер басқарушыға хабарланбаған жағдайға орай ол бас тартқанда тоқтатылады.
2. Сенiп тапсырылған мүлiкке меншiк құқығының ауысуы мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтатпайды.
3. Сенiмгерлiкпен басқару шарты тоқтатылған кезде сенiп тапсырылған мүлiк шартта көрсетiлген тұлғаға сенiмгерлiкпен басқаруға берiледi.
4. Құрылтайшы банкрот болған кезде мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару тоқтатылады және сенiп тапсырылған мүлiк конкурстық массаға берiледi.
Жеке адам-құрылтайшы қайтыс болған жағдайда сеніп тапсырылған мүлiк мұрагерлiк массасына келiп түседi.
5. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзге мерзiм көзделмесе, тараптардың бiрiнiң бастамашылығы бойынша шарт тоқтатылған кезде екiншi тарап (осы баптың 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда) кемiнде үш ай бұрын хабардар етiлуi тиiс.
892-бап. Акцияларды және өзге де бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқару
1. Сенiмгер басқарушының сенiмгерлiкпен басқаруға берiлген және (немесе) сенiп тапсырылған мүлiктiң есебiнен не сенiп тапсырылған мүлiктi пайдаланудан түскен кiрiстiң есебiнен сатып алынған акциялармен және өзге де бағалы қағаздармен операциялар жасауды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Акциялар сенiмгерлiкпен басқаруға берiлгенде акционерлiк қоғам акционерлерiнiң тiзiлiмiнде сенiмгер басқарушы туралы жазба жасалады.
3. Егер мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актiде өзгеше көзделмесе, сенiмдер басқарушы өзiне сенiп тапсырылған акцияларды (акцияны) басқару кезiнде:
1) акционерлік қоғамды басқаруға қатысады;
2) акцияларға тиесілі дивидендтер алады және оларды пайда алушыға бередi;
3) акционерлiк қоғам таратылған жағдайда акцияға тиесiлi мүлiктi алады және оны шартқа сәйкес пайда алушыға немесе құрылтайшыға бередi;
4) акцияларды иелiктен айыруды және кепiлдiктi қоса алғанда, олармен өзге де операцияларды жүзеге асырады.
4. Ақшаны шоғырландыру саласында акцияларды сенiмгерлiкпен басқарудың ерекшелiктерi заңдармен белгiленедi.
893-бап. Инвестициялық коммерциялық ұйымға тиесiлi бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқару
Инвестициялық коммерциялық ұйымға тиесiлi бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқару инвестициялық коммерциялық ұйымдар туралы заң актiлерiнде көзделген шарттар мен тәртiпте жасалады.
894-бап. Кәсіпорынды мүлiктiк кешен ретiнде сенiмгерлiкпен басқару
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сенімгерлікпен басқару, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актiде көзделген шарттар мен тәртiпте жүзеге асырылады.
895-бап. Мемлекеттiк қызметшiнiң мүлкін сенiмгерлiкпен басқару
Мемлекеттiк қызметшiнiң кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын мүлкi заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша сенiмгерлiкпен басқаруға берiлуге тиiс.
45-тарау. Кешенді кәсіпкерлік лицензия
(франчайзинг)
896-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының ұғымы
1. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша бiр тарап (кешендi лицензиар) екiншi тарапқа (кешендi лицензиатқа) сыйақыға айрықша құқықтар кешенiн (лицензиялық кешен), соның iшiнде лицензиардың фирмалық атауын және қорғалатын коммерциялық ақпаратты пайдалану құқығын, сондай-ақ лицензиаттың кәсiпкерлiк қызметiнде пайдалану үшiн шартта көзделген айрықша құқықтардың басқа да объектiлерiн (тауар белгiсiн, қызмет көрсету белгiсiн, патент және т.б.) беруге мiндеттенедi.
2. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты белгiлi бір көлемде лицензиялық кешендi, лицензиардың iскерлiк беделi мен коммерциялық тәжiрибесiн (атап айтқанда, пайдаланудың мейлiнше аз және (немесе) мейлiнше кең көлемiн белгiлей отырып), белгiлi бiр қызмет аясына (лицензиардан алынған немесе пайдаланушы өндiрген тауарларды сату, өзге де коммерциялық қызметтердi жүзеге асыру, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету) қолданатын аумақты көрсетiп немесе көрсетпей пайдалануды көздейдi.
3. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартын кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген салаларында қолдану жөнiндегi шектеу заң актiлерiмен белгiленедi.
897-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының нысаны
Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты жазбаша нысанда жасалуы тиiс.
898-бап. Лицензиардың мiндеттерi
Лицензиар шартта көзделген мерзiмдер мен көлемде лицензиатқа техникалық және коммерциялық құжаттаманы беруге және лицензиатқа шарт бойынша берiлген құқықтарды iске асыру үшiн оған қажеттi өзге де ақпаратты ұсынуға, сондай-ақ лицензиатты мұндай құқықтарды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша оқытуға және оған консультация беруге мiндеттi.
Шартта лицензиардың басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
899-бап. Лицензиаттың мiндеттерi
Егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат:
1) шартта көзделген қызметтi iске асыру кезiнде шартта көрсетiлген лицензиардың лицензиялық кешенiн шартта көрсетiлген түрде пайдалануға;
2) лицензиарды өзiнiң өндiрiстiк аумағына жiберуге, оған қажеттi құжаттаманы беруге және оған берiлген айрықша құқықтардың дұрыс пайдаланылуына бақылау жасауды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты алуға көмек көрсетуге;
3) лицензиардың пайдалануға берiлген айрықша құқықтардың сипатына, пайдалану әдiсi мен шарттарына қатысты барлық нұсқаулықтары мен нұсқауларын сақтауға;
4) лицензиардың өндiрiс құпиясын және одан алынған коммерциялық жасырын ақпаратты жария етпеуге;
5) сатып алушыларды (тапсырыс берушiлердi) олар үшiн мейлiнше айқын әдiспен фирмалық атауын, тауар белгiсiн, қызмет белгiсiн немесе даралаудың өзгедей құралын кешенді кәсіпкерлік лицензиясы шарты негiзiнде пайдаланатындығы туралы хабардар етуге мiндеттi.
900-бап. Шектеу шарттары
1. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында шектеу (эксклюзивтiк) талаптары, атап айтқанда:
1) лицензиардың лицензиатқа бекiтiлген аумақта қолдану үшiн басқа ұқсас кешендi кәсiпкерлiк лицензияларды бермеуi не осы аумақта тiкелей дербес қызметтi жүргiзуден тартыну мiндеттемесi;
2) лицензиаттың кешендi кәсiпкерлiк лицензияны пайдалану аумағында лицензиат лицензиарға тиесiлi айрықша құқықтарды пайдалана отырып жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметке қатысты лицензиармен бәсекеге түспеу мiндеттемесi;
3) лицензиардың бәсекелестерiнен (әлеуеттi бәсекелестерiнен) басқа да кешенді кәсiпкерлiк лицензияларды алудан лицензиаттың бас тартуы;
4) шарт бойынша берiлген айрықша құқықтарды жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын үй-жайдың орналасқан жерiн, сондай-ақ оның сырты мен iшiн безендiрудi лицензиаттың лицензиармен келiсу мiндеттемесi көзделуi мүмкiн.
2. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының шектеу талаптары мынадай жағдайда:
1) лицензиардың лицензиат сататын тауардың бағасын немесе лицензиат орындайтын (көрсететiн) жұмыстардың (қызметтердiң) бағасын анықтауға, не аталған бағаның жоғарғы немесе төменгi шегiн белгiлеуге құқығы болғанда;
2) лицензиаттың белгiлi бiр санаттағы сатып алушыларға (тапсырыс берушiлерге) ғана не шартта белгiленген аумақта ғана орналасқан жерi бар (тұратын орны) ерекше сатып алушыларға (тапсырыс берушiлерге) тауарлар сатуға, жұмыстар орындауға немесе қызметтер көрсетуге құқығы болғанда жарамсыз деп табылады.
901-бап. Лицензиардың лицензиатқа қойылатын талаптар бойынша жауапкершiлiгi
Лицензиар кешендi кәсiпкерлiк лицензиялар шарты бойынша сататын (орындайтын, көрсететiн) тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасының сәйкессіздігіне байланысты лицензиатқа қойылған талаптар бойынша субсидиарлы жауапты болады.
902-бап. Кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия
1. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында лицензиатқа берiлген барлық немесе жекелеген айрықша құқықтарды басқа тұлғаларға пайдалануға рұқсат ету құқығы лицензиармен келісілген немесе шартта белгiленген жағдайларда көзделуі мүмкiн.
2. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде пайдалану аумағы көрсетiлiп немесе көрсетiлмей, лицензиаттың белгiлi бiр мөлшерде қосалқы лицензия беру мiндетi қамтылуы мүмкiн.
3. Егер кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шартының ерекшелiктерiнен өзгеше туындамаса, кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шарттарына лицензиардың лицензиатпен негiзгi шартының ережелерi қолданылады.
903-бап. Кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензияның лицензиардың лицензиатпен негiзгi шартына тәуелдiлiгi
1. Кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шартын, лицензиардың лицензиатпен негiзгi шартынан неғұрлым ұзақ мерзiмге жасауға болмайды.
2. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының тоқтатылуы осыған сәйкес жасалған барлық кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шартын тоқтатады.
3. Егер заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша лицензиатпен лицензиардың негiзгi шарты жарамсыз деп табылса, осыған сәйкес жасалған кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шарттары да жарамсыз деп табылады.
904-бап. Лицензиар, лицензиат және қосалқы лицензиат қатынастарының ерекшелiктерi
1. Егер кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында өзгеше көзделмесе, ол мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде, кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шарты бойынша лицензиаттың құқықтары мен мiндеттерi лицензиарға ауысады.
2. Егер кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында өзгеше көзделмесе қосалқы лицензиаттардың iс-әрекетiмен лицензиарға келтiрiлген зиян үшiн лицензиат субсидиарлық жауапты болады.
905-бап. Фирмалық атау өзгерген кезде шарттың күшін сақтауы
Лицензиар өзiнiң фирмалық атауын өзгерткен жағдайда кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты сақталады, егер лицензиат шартты бұзуды және залалды өтеудi талап етпесе, лицензиардың жаңа фирмалық атауына қатысты қолданыла бередi. Шарттың қолданылуы сақталған жағдайда лицензиат лицензиарға тиесiлi сыйақыны мөлшерiне қарай азайтуды талап етуге құқылы.
906-бап. Пайдалануға берiлген бiр немесе бiрнеше айрықша құқықтардың өзгеруi кезiнде шарт күшiнiң сақталуы
Пайдалануға берiлген бiр немесе бiрнеше айрықша құқықтарды лицензиар өзгерткен жағдайда, егер лицензиат шартты бұзуды және залалдарды өтеудi талап етпесе, кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты сақталады және лицензиардың жаңа айрықша құқықтарына қатысты қолданылады. Лицензиат шарттың күшi сақталған жағдайда лицензиарға тиесiлi сыйақы мөлшерiне қарай азайтуды талап етуге құқылы.
907-бап. Пайдалануға берiлген айрықша құқықтың тоқтатылу салдары
Егер кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының қолданылу мерзiмiнде шарт бойынша пайдалануға берiлген кешенге кiретiн қандай да болсын айрықша құқықтардың қолданылу мерзiмi өтсе не мұндай құқық өзгеше негiз бойынша тоқтатылса, тоқтатылған құқыққа қатысты ережелердi қоспағанда, шарт сақталады, ал егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат лицензиарға тиiстi сыйақыны мөлшерiне қарай азайтуды талап етуге құқылы.
908-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының тоқтатылуы
1. Мерзiмi көрсетiлiп жасалған кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес бұзылуы мүмкiн.
2. Шартта тараптар мерзiмсiз кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартынан, егер шартта хабарлаудың неғұрлым ұзақ мерзiмi көзделмесе, ол туралы басқа тарапты алты ай бұрын хабардар ете отырып, бас тартуға құқылы.
909-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартындағы құқықтық мирасқорлық
1. Лицензия кешенiне кiретiн қандай да болсын жекелеген айрықша құқықтың басқа тұлғаға ауысуы шартты өзгертуге немесе бұзуға негiз болып табылмайды. Жаңа құқық иеленушi басқаға ауысқан айрықша құқыққа қатысты құқықтар мен міндеттер бөлiгiнде шартқа кiредi.
2. Лицензиар-азамат қайтыс болған жағдайда кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша оның құқықтары мен мiндеттерi соңғысы тiркелген немесе мұрагерлiк ашылған күннен бастап алты айдың iшiнде кәсiпкер ретiнде тiркелетiн жағдайда мұрагерге ауысады. Өзге жағдайда шарт тоқтатылады.
Мұрагер тиiстi құқықтар мен мiндеттердi қабылдағанға дейiнгi немесе мұрагердi кәсiпкер ретiнде тiркегенге дейiнгi кезеңде лицензия кешенiн басқаруды белгiлi тәртiппен нотариус тағайындаған сенімгер басқарушы жүзеге асырады.
46-тарау. Конкурстық міндеттемелер
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 910-бап өзгертілді
910-бап. Конкурстық мiндеттеменiң мазмұны
1. Осы тарау сыйақы беруге көпшiлiк алдында уәде беруден туындайтын конкурстық мiндеттемелердi және тендер, аукцион әрі саудаластықтың Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленген өзге де нысандары негізінде туындайтын мiндеттемелердi реттейдi.
Конкурстық мiндеттемелер Қазақстан Республикасының өзге заң актiлерiмен де регламенттелуi мүмкiн.
2. Конкурстық мiндеттемеде оның бастамашысы конкурстың өзi айқындаған нысанасы мен бастапқы шарттарының негiзiнде тұлғалардың белгiсiз немесе белгiлi бiр адамдар тобына оған қатысуға ұсыныс жасайды және конкурстың жеңiмпазына белгiленген сыйақы төлеуге және (немесе) онымен конкурстық мiндеттемелердiң мазмұнына сәйкес шарт жасасуға мiндеттенедi.
3. Конкурсқа қатысуға ұсынысты конкурстың бастамашысы тiкелей немесе конкурстың делдал-ұйымдастырушысы арқылы жасауы мүмкiн.
Делдалдың құқықтары мен мiндеттерi оның конкурстың бастамашысымен жасасқан шартымен айқындалады.
4. Конкурс бастамашысының конкурсқа қатысуға шақырған ұсынысы баспасөзде және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында барлық тiлек бiлдiрушiлерге хабарлау жолымен жолданғанда - ашық немесе конкурсқа қатысуға шақырған ұсыныс конкурс бастамашысының таңдауы бойынша тұлғалардың белгiлi бiр тобына жолданғанда - жабық болуы мүмкiн.
5. Конкурстың бастамашысы конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрушi тұлғаларға алдын ала iрiктеу жүргiзгенде ашық конкурс оған қатысушылардың бiлiктiлiгiмен байланыстырылуы мүмкiн.
911-бап. Сыйақыға жария уәде беру
1. Жұмысты жақсы орындағаны немесе өзге де нәтижелерге жеткенi үшiн ақшалай немесе өзгеше нысанда сыйақы төлеу туралы жария хабарлаған кез келген тұлға конкурс шарттарына сәйкес оның жеңiмпазы болып танылған кез келген тұлғаның алдында өз мiндеттемесiн орындауы тиiс.
2. Сыйақыға жария уәде беру тапсырманың мәнiн, нәтижелердi ұсынудың өлшемдерi мен тәртiбiн, сыйақының мөлшерi мен нысанын, сондай-ақ нәтижелердi жариялаудың тәртiбi мен мерзiмдерiн көздейтiн шарттарды мiндеттi түрде қамтуға тиiс.
3. Сыйақы төлеу туралы шешiм мен оны төлеудiң өзi уәдеде белгiленген мерзiмдерде қабылдануға және iске асырылуға тиiс.
4. Егер конкурс ғылым, әдебиет немесе өнер туындысын жасауға арналып хабарланса, сыйақыға жария уәде беруде өзгеше белгiленбесе, жария уәде берген тұлға туындыны жасаушымен оған қаламақы төлей отырып, оны пайдалануға шарт жасасуға басым құқық алады.
5. Сыйақы туралы жария уәде берген тұлға, егер конкурс шарттарында өзгеше көзделмесе, сыйақы тағайындалмаған жұмыстарды олардың жасаушыларына қайтарып беруге міндетті.
912-бап. Сыйақыға жария уәде берудiң күшiн жою
1. Сыйақы төлеу туралы жария хабарлаған тұлға, бас тартуға жол берiлмейтiндiгi хабарландырудың өзiнде көзделген немесе содан туындайтын немесе сыйақыға уәде берiлген iс-әрекеттердi жасау үшiн белгiлi бiр мерзiм берiлген немесе бас тарту туралы хабарланған кезде соған үн қосқан адамдардың ең болмағанда бiреуі мiндеттемеде көрсетiлген iс-әрекеттердi орындап қойған жағдайлардан басқасында, берiлген уәдеден сол нысанда бас тартуға құқылы.
2. Сыйақыға жария уәде берудiң күшiн жою сыйақы туралы хабарлаған тұлғаны үн қосқан адамның хабарландыруда көзделген iс-әрекеттердi жасауға байланысты шеккен шығындарын өтеуден босатпайды. Барлық жағдайларда өтеудiң мөлшерi хабарландыруда аталған сыйақыдан аспауға тиiс.
913-бап. Лотереялар, тотализаторлар және өзге де ойындар өткiзу ерекшелiктерi
1. Мемлекеттiң, әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органнан лотереялар, тотализаторлар мен тәуекелге негiзделген басқа да ойындар өткiзуге лицензия алған адамның осы ойындарға қатысушылармен арадағы қатынастары шартқа негiзделген. Мұндай шарт лотереялық билет, түбiртек немесе өзге құжат берумен ресiмделедi және ойынға қатысушы лотереялық билеттiң құнын немесе ойынға қатысудың өзге төлемiн төлеген кезден бастап жасалған болып танылады.
2. Лотерея, тотализатор немесе өзге де ойындар өткiзу шарттарына сәйкес ұтыскер болып танылатын адамдарға ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы) ойындарды өткiзудiң шарттарында көзделген мөлшерде, нысанда (ақшалай немесе заттай) және мерзiмдерде, ал егер бұл шарттарда мерзiм көрсетiлмесе - ойындардың нәтижелерi шыққан кезден бастап он күннен кешiктiрмей ұтысты төлеуге тиiс.
3. Ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы) осы баптың 2-тармағында аталған мiндеттерiн орындамаған жағдайда лотереяда, тотализаторда немесе өзге ойындарда ұтып алған қатысушы оған ұтысты төлеудi, сондай-ақ өзiне келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.
914-бап. Ойындар мен бәс тiгудi өткiзуге және оларға қатысуға байланысты талаптар
Азаматтар мен заңды тұлғалардың тәуекелге негiзделген ойындар немесе бәс тiгу (құмар ойындар мен бәстер) ұйымдастыруға, өткiзуге немесе оларға қатысуға байланысты талаптары осы Кодекстiң 913-бабында аталған қатынастардан туындайтын талаптарды қоспағанда, сот қорғауына жатпайды.
915-бап. Тендер
1. Тендер нысанындағы конкурстық саудаластық кезiнде оның бастамашысы (ұйымдастырушы) өзi ұсынған бастапқы шарттардың негізiнде тендер бастамашысы үшiн шарттың ең жақсы талаптарын ұсынған тендер қатысушысымен шарт жасасуға (сатушы, сатып алушы, тапсырысшы, мердiгер, жалға берушi, жалға алушы және т.б. ретiнде) мiндеттенедi.
2. Тендерге қатысушылар, тендер шарттарында белгiленген мерзiмнiң шегiнде, тендер бастамашысына немесе оның ұйымдастырушысына тендермен ұйғарылған барлық құжаттаманы қоса бере отырып, өз ұсыныстарын жазбаша түрде жiбередi. Тендердiң шарттарында ұсыныстарды желiмделген конверттермен және девиздермен жiберу көзделуi мүмкiн.
Ұсыныстарды беру мерзiмдерiн бұзу, егер оның бастамашысы мерзiмiн өткiзiп алған тұлғаның тендерге қатысуға жiберiлгенi туралы жазбаша түрде хабарламасы, мерзiмiн өткiзiп алған тұлғаны тендерге қатысушылардың қатарынан шығаруға әкеп соғады.
3. Тендерге қатысушылардың арасынан оның жеңiмпазын таңдауды тендер бастамашысы немесе ол құрған тендер комиссиясы жабық немесе тендердiң шарттары бойынша ашық тәртiппен жүргiзедi.
4. Егер тендерге қатысушылар екеуден аз болса немесе тендерге қатысушылардың ұсыныстарын оның бастамашысы тендердiң талаптарын қанағаттандырмайды деп таныса, оның бастамашысы тендердi өткiзiлмеген деп тануы мүмкiн.
5. Тендердiң жеңiмпазы мен оның бастамашысы тиiстi шарт жасасады. Тендердiң бастамашысы жеңiмпазбен тиiстi шарт жасасудан бас тартқан жағдайда тендердiң жеңiмпазы оған келтiрiлген залалдарды өтетiп алуға құқылы.