Сақтанушы болып табылмайтын, оған қатысты мүлiктiк сақтандыру шарты жасалған сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда, сақтандырылған адамның құқықтары мен мiндеттерi сақтанушының келiсуiмен, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сол мүлiктiң және сақтандырылған адамның мүлiктiк құқықтарының мұрагерлерiне ауысады.
Егер сақтанушы қайтыс болған сақтандырылған адамды ауыстыруға келiспесе не мұрагерлер оның сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн қабылдауға келiспесе, бұл шарт тоқтатылуға жатады.
9. Үшiншi адамның (сақтандырылған адамның) пайдасына жасалған сақтандыру шартына осы Кодекстiң 391-бабының осы бап ережелерiне қайшы келмейтiн бөлiгiндегi ережелерi қолданылады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 816-бап өзгерді
816-бап. Пайда алушы
1. Пайда алушы - сақтандыру шартына немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiне сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға.
Заңды тұлға да, азамат та пайда алушы бола алады.
Пайда алушы жеке де, мүлiктiк те сақтандыру бойынша тағайындала алады.
Сақтандырудың мiндеттi түрi бойынша пайда алушы сақтандырудың осы түрiн реттейтiн заң актiлерiмен айқындалады, ерiктi түрi бойынша оны сақтанушы тағайындайды.
2. Егер мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде немесе өз еркiмен сақтандыру туралы шартта өзгеше көзделмесе, сақтанушы пайда алушы болып табылады.
Егер сақтанушы сақтандырылған адам болып табылмаса, пайда алушы сақтандырылған адам болуы тиіс не ол сақтандырылған адамның жазбаша келiсiмi бойынша тағайындалады.
Егер пайда алушы сақтандыру шартында көрсетiлмесе, ол сақтандырылған адам деп ұйғарылады.
3. Кәсiпкерлiк тәуекелдi сақтандыру шарты бойынша бiр мезгілде сақтандырылған адам болып табылуға тиіс сақтанушы ғана пайда алушы бола алады (осы Кодекстің 810-бабы).
Азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру кезiнде (осы Кодекстiң 811 және 812-баптары), сақтандыру шартымен сақтанушының өзi не басқа тұлға пайда алушы деп аталса не ол мүлде көрсетiлмесе де, сақтанушы олардың алдында жауапты болатын тұлғалар пайда алушылар деп танылады.
4. алынып тасталды
5. Сақтандырылған адам бір мезгілде пайда алушы болып табылатын жағдайда соңғысына осы Кодекстiң 815-бабында көзделген ережелер қолданылады.
6. Сақтандырылған адам болып саналмайтын пайда алушы қайтыс болған жағдайда не ол пайда алушының құқықтарынан бас тартса, соңғысының құқығы сақтанушыға ауысады.
Сақтандырылған болып табылатын пайда алушы қайтыс болған жағдайда осы Кодекстiң 815-бабының 8-тармағында көзделген зардап туындайды.
7. Егер сақтандырылған адамның қайтыс болуы, сақтандыру шартында көзделген жағдай болып табылса, онда бұл сақтандырылған адам сақтанушыболмаған күнде де, болған күнде де, бірақ шартта пайда алушы көрсетiлмесе, сақтандырылған адамның мұрагерлерi пайда алушылар деп танылады.
8. Сақтандыру жағдайы басталған кезде пайда алушы тікелей сақтандырушыға сақтандыру шартында көзделген сақтандыру төлемiн төлеу туралы талап қоюға құқылы.
9. Пайда алушының пайдасына шарт жасасу сақтанушыны осы шарт бойынша мiндеттердi орындаудан босатпайды.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 817-бап өзгерді
817-бап. Сақтандыру жағдайы
1. Сақтандыру жағдайы - басталған бойда сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтiн оқиға.
2. Мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру жағдайының түрлерi мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiмен, ал өз еркiмен сақтандыру бойынша - тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.
3. Жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша көзделуi мүмкiн оқиғаларды қоспағанда, cақтандыру жағдайы ретiнде қарастырылатын оқиға, оның басталуының ықтимал және кездейсоқ белгiлерiне ие болуы тиiс.
4. Сақтандыру жағдайының басталғандығын, сондай-ақ ол келтiрген зияндарды дәлелдеу сақтанушының мiндетiне жатады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 818-бап өзгерді
818-бап. Сақтандыру сыйлықақылары
1. Сақтандыру сыйлықақысы - сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру немесе аннуитет шартында көзделген мөлшерде сақтандыру төлемiн жүргiзу мiндеттемесiн қабылдағаны үшiн сақтанушы сақтандырушыға төлеуге мiндеттi ақша сомасы.
Сақтандырушы сақтанушыдан алған сақтандыру сыйлықақылары оған меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде олар заңдарда белгiленген мөлшерден артық бола алмайды.
Сақтандыру сыйлықақыларын төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi бойынша олар заңдармен белгiленуi мүмкiн.
3. Тараптар сақтандыру шарты бойынша төленуге жататын сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерiн айқындау кезiнде, сақтандыру объектiсi мен сақтандыру тәуекелiнiң сипатын ескере отырып, сақтандыру сомасы өлшемiнен өндiрiлетiн сақтандыру сыйлықақысының ставкасын белгiлейтiн сақтандырушы әзiрлеген сақтандыру тарифiн қолдана алады.
4. Шартта сақтандыру сыйлықақысын мерзiмдiк сақтандыру жарналары түрiнде бөлiп-бөлiп төлеу көзделуi мүмкiн.
5. Егер сақтандыру шартында сақтандыру сыйлықақысын бөлiп-бөлiп төлеу көзделген болса, шартты мерзiмiнен бұрын бұзуды қоса алғанда, шартта кезекті сақтандыру жарналарын белгіленген уақытта төлемеудiң зардабы айқындалуы мүмкiн.
6. Егер сақтандыру жағдайы енгiзу мерзiмi өтiп кеткен белгiлi бiр сақтандыру жарнасын төлеуден бұрын басталған болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiнің мөлшерiн айқындау кезiнде мерзiмi өтiп кеткен сақтандыру жарнасының сомасын есепке алуға құқылы.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 819-бап өзгерді
819-бап. Сақтандыру сомасы
1. Сақтандыру сомасы - сақтандыру объектiлерi сақтандырылған адам және сақтандыру жағдайы басталған кездегі сақтандырушы жауаптылығының шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы.
2. Сақтандыру сомасының мөлшерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде олар заң актiлерiнде белгiленген мөлшерден кем болмауы керек.
3. Мүлiктi сақтандыру кезiнде сақтандыру сомасы шарт жасалған кездегi оның нақты құнынан (сақтандыру құнынан) артық бола алмайды. Кәсiпкерлiк тәуекелдердi сақтандыру кезiнде сақтанушы кәсiпкерлiк қызметтен сақтандыру жағдайы басталғанда күткендегiдей шегуi мүмкiн залалдар сақтандыру құны деп есептеледi.
4. Тараптар, оны сақтанушы қасақана жаңылыстырғанын сақтандырушы дәлелдеген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру шартында белгiленген мүлiк құнына талас тудыра алмайды. Егер сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасы сақтандыру құнынан артық болса, онда ол сақтандыру сомасының шарт жасалған кезiндегi сақтандыру құнынан артылған бөлiгiнде жарамсыз болып табылады.
5. Жеке сақтандыру шарттарында және азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру шарттарында сақтандыру сомасы тараптардың келiсiмiмен айқындалады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 820-бап өзгерді
820-бап. Сақтандыру төлемi
1. Сақтандыру төлемi - сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы туған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында белгiленген мерзiм туған кезде сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы.
2. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау тәртiбi шартта белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.
3. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi шартпен белгiленедi.
Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша олар заң актілерімен белгіленуі мүмкін.
4. Мүлiктi және азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру бойынша сақтандыру төлемi сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесінде сақтанушыға (сақтандырылған адамға) келтiрiлген нақты зиянның мөлшерiнен аспауы керек.
5. Жеке сақтандыру бойынша сақтандыру төлемi сақтанушыға (сақтандырылған адамға) әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша, сақтандырудың басқа шарттары бойынша оған тиесілi сомаларға қарамастан және зиянның орнын толтыру тәртiбiмен жүзеге асырылады.
6. Мүлiктiк сақтандыру шартының талаптарымен сақтандыру өтемiнiң сомасы шегiнде сақтандыру өтемiн зиянның заттай нысандағы өтемiмен ауыстыру көзделуi мүмкiн.
7. Сақтандыру төлемін жүзеге асыру кезiнде сақтандырушы өзiне сақтанушыдан тиесiлi болатын сақтандыру cыйлықақыларына не сақтандыру жарналарына есеп жүргiзуге құқылы.
8. Егер шартта немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде жауаптылықтың бұдан жоғары мөлшерi көзделмесе, сақтандыру төлемiн уақытында жүзеге асырмағаны үшiн сақтандырушы осы Кодекстiң 353-бабына сәйкес жауап бередi.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 821-бап өзгерді
821-бап. Қос сақтандыру
1. Қос (көпше) сақтандыру - белгiлi бiр объектiнi бiрнеше сақтандырушыда әрқайсысымен дербес шарт бойынша сақтандыру.
2. Мүлiктi қос сақтандыру кезiнде әрбiр сақтандырушы сақтанушының алдында онымен жасалған шарттың шегiнде жауапты болады, алайда сақтанушының барлық сақтандырушылардан алған сақтандыру төлемдерiнiң жалпы сомасы нақты зияннан аспауы тиiс.
Бұл ретте сақтанушы кез келген сақтандырушыдан онымен жасалған шартта көзделген сақтандыру сомасының көлемiнде сақтандыру төлемiн алуға құқылы. Егер алынған сақтандыру төлемi нақты зиянды жаппайтын болса, сақтанушы жетпеген соманы басқа сақтандырушыдан алуға құқылы.
Келтiрiлген зиянды басқа сақтандырушылар өтегендiктен сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара босатылған сақтандырушы сақтанушыға шыққан шығындарды шегере отырып, сақтандыру сыйлықақыларының тиiстi бөлiгiн қайтаруға мiндеттi.
3. Жеке өзiн қос (көпше) сақтандыру кезiнде әрбiр сақтандырушы өзiнiң сақтанушы алдындағы сақтандыру мiндеттемелерiн, оларды басқа сақтандырушылардың орындағандарына қарамастан, өз бетiнше атқарады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 822-бап өзгерді
822-бап. Топтық сақтандыру
1. Топтық сақтандыру кезiнде бiр сақтандыру шартымен бiр мезгiлде өздерi пайда алушы болып табылатын бiрнеше сақтандырылған адамдар қамтылады.
2. Топтық сақтандыру адамдардың белгiлi бiр санаттарын қамтитын жеке де, мүлiктiк те, дербестендiрiлген де, иесiздендiрiлген де болуы мүмкiн.
Иесiздендiрiлген сақтандыру кезiнде сақтандырылған адамдар тобы сақтандыру шартында бұл оның әрбiр сақтандырылған адамға қатысты зардабын және оған тиесілі сақтандыру төлемiнің төлеу мөлшерiн дараландыру үшiн қажеттi шамада нақтылануға тиiс.
3. Жұмыс берушiлердiң өз қызметкерлерiн ұжымдық сақтандыруы тек жеке сақтандыру түрiнде ғана болуы мүмкiн.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 823-бап өзгерді
823-бап. Ортақ сақтандыру
1. Сақтандыру объектiсi бiрнеше сақтандырушы (ортақ сақтандыру) бірлескен бір шарт бойынша сақтандырылуы мүмкін. Бұл орайда шартта әрбiр сақтандырушының келiсiлген үлестердегi құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын талаптары болуы тиiс.
Егер мұндай шартта әрбiр сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi айқындалмаған болса, олар сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн сақтанушының (пайда алушының) алдында ортақтасып жауап бередi.
2. Iрi немесе аса iрi тәуекелдердi бiрлесiп сақтандыру үшiн ортақ сақтандырушылар бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде жай серiктестiктер (сақтандыру пұлдары) құра алады.
3. Ортақ сақтандырушылар арасында тиiстi келiсiм болған жағдайда, олардың бiреуi сақтанушының алдында тек өз үлесiмен ғана жауапты болып қала отырып, онымен өзара қатынаста барлық ортақ сақтандырушылардан өкіл болуы мүмкін.
824-бап. Қайта сақтандыру
1. Сақтандырушы сақтанушы алдындағы өз мiндеттерiнiң бәрiн немесе оның бiр бөлiгiн орындау тәуекелiн жабуды басқа сақтандырушыда (қайта сақтандырушыда) қайта сақтандыру жолымен қамтамасыз етуге құқылы.
2. Қайта сақтандырушымен қайта сақтандыру (қайта сақтанушы) шартын жасасқан сақтандырушы онымен жасаған сақтандыру шартына сәйкес сақтанушының алдында толық көлемде жауапты болып қалады.
3. Қайта сақтандыру талаптары қайта сақтанушының және қайта сақтандырушының шартымен айқындалады.
Қайта сақтандыру шарты осы Кодекстің сақтандыру шартына қойылатын талаптарына жауап беруге тиiс. Бұл жағдайда сақтандырушы сақтандырудың негiзгi шарты бойынша қайта сақтандыру шартында сақтанушы болып есептеледі.
4. Қайта сақтандыруды ұйымдастыру үшiн қайта сақтандырушылар бiрлескен қызмет туралы шарттың негiзiнде жай серiктестiкке (қайта сақтандыру пулдары) бiрiге алады.
5. Екi немесе бiрнеше қайта сақтандыру шарттарын біртіндеп жасауға жол берiледi.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 825-бап өзгерді
825-бап. Сақтандыру шартының нысаны
1. Сақтандыру шарты жазбаша нысанда:
1) тараптар бiр құжат жасауы;
2) сақтанушыны бiр жақты тәртiпте (бiрiгу шарты) сақтандырушы әзiрлеген үлгiлiк шарттарға (сақтандыру ережелерiне) қосу;
3) сақтандырушының сақтанушыға сақтандыру куәлiгiн полисiн беруi жолымен;
4) тараптардың шарт жасауға өз еркiмен келiскендiгiн және оның барлық елеулi талаптары бойынша (осы Кодекстiң 152 және 393-баптары) келісiмге қол жеткiзгендiгiн құжатпен растауға мүмкiндiк беретін өзге де әдiспен жасалады.
2. Жазбаша шарттың нысанын сақтандырушы айқындайды не ол тараптардың келiсiмiмен айқындалады.
3. Сақтандыру шартының жазбаша нысанын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соқтырады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес кодекс 825-1-баппен толықтырылды
825-1-бап. Сақтандыру ережелерi
1. Сақтандыру ережелерiн сақтандырушы сақтандырудың әрбiр түрi үшiн жеке-жеке жасайды және олар сақтандырудың тиiстi түрiн жүзеге асыру құқығына лицензия берген кезде уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiлуге тиiс.
2. Сақтандыру ережелерiнде:
1) сақтандыру объектiлерiнiң тiзбесi;
2) сақтандыру сомасын анықтау тәртiбi;
3) сақтандыру тәуекелдерi;
4) сақтандыру жағдайларынан алып тастау және сақтандыруды шектеу;
5) сақтандыру шартының қолданылу мерзiмi мен орны;
6) сақтандыру шартын жасасу тәртiбi;
7) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
8) сақтанушының сақтандыру жағдайы туған кездегi iс-әрекетi;
9) сақтандыру жағдайының туғандығын және шығын мөлшерiн растайтын құжаттар тiзбесi;
10) сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың тәртiбi мен шарттары;
11) сақтандыру төлемi немесе сақтандыру төлемiн жасаудан бас тарту туралы шешiмдi қабылдаудың мерзiмi;
12) сақтандыру шартын тоқтату талаптары;
13) дауларды шешу тәртiбi;
14) сақтандыру тарифтерi және олардың экономикалық негiздемелерi;
15) ерекше талаптар болуға тиiс.
3. Егер ұсынылған сақтандыру ережелерi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келсе және осы баптың талаптарына сай болмаса, уәкiлеттi мемлекеттiк орган лицензия беруден бас тартуға құқылы.
4. Сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы келiсiм бойынша сақтандыру ережелерiнiң негiзiнде сақтандыру шартын жасасу кезiнде анықталатын қосымша талаптарды көздейтiн сақтандыру шарттары жасалуы мүмкiн. Сол қосымша талаптар үш реттен астам қайталанған жағдайда сақтандырушы сақтандырудың белгiлi бiр түрi бойынша ережелердi заңдарда белгiленген тәртiппен өзгертуге мiндеттi.
5. Сақтандыру ережелерiне өзгерiстер енгiзiлген жағдайда сақтандырушы осы өзгерiстердi келiсу үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға ұсынуға тиiс.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 826-бап өзгерді
826-бап. Сақтандыру шартының мазмұны
1. Сақтандыру шартында мыналар болуы тиiс:
1) сақтандырушының атауы, орналасқан жері және банктік реквизиттерi;
2) сақтанушының (егер ол жеке адам болса) тегi, аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тұрған жерi немесе (егер ол заңды тұлға болса) оның атауы, орналасқан жерi және банктiк реквизиттерi;
3) сақтандыру объектiсiн көрсету;
4) сақтандыру жағдайын көрсету;
5) сақтандыру сомасы мен сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi;
6) сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi, оларды төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi;
7) шарттың жасалу күнi және қолданылу мерзiмi;
8) егер олар сақтандыру қатынасына қатысушылар болса, сақтандырылған адам мен пайда алушы туралы көрсету;
9) шарттың (сақтандыру полисiнiң) номерi, сериясы;
10) шарттың талаптарына өзгерiстер енгiзу жағдайлары мен тәртiбi;
11) сатып алу сомасын (жинақтаушы сақтандыру үшiн) төлеудiң шарты және оның мөлшерi.
2. Тараптардың келiсiмi бойынша шартқа өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
3. Егер сақтандыру шартында заң актiлерiнде көзделгендермен салыстырғанда сақтанушының жағдайын нашарлататындай талаптар болса, осы заң актiсiмен белгiленген ережелер қолданылады.
4. Егер қайта сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, қайта сақтандырушының қайта сақтандыру шарты бойынша жауаптылық кезеңi сақтандырушының сақтандыру шарты бойынша мiндеттемесi қайта сақтандыруға берiлген сақтандыру шарты бойынша жауаптылық кезеңiне сәйкес келуге тиiс.
5. Сақтандыру шартында көрсетiлуге тиiс талаптардың толық болмағаны үшiн сақтандырушы жауапты болады. Оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан сақтандыру шарты бойынша дау туындаған жағдайда дау сақтанушының пайдасына шешiледi. Осы тармақтың талаптары қайта сақтандыру шарттарына қолданылмайды.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес кодекс 826-1-баппен толықтырылды
826-1-бап. Жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеудiң мерзiмiн ұзарту
1. Жинақтаушы сақтандыру шартында белгiленген мерзiмде сақтандыру жарнасын (бiрiншi жарнадан басқасын) алмаған сақтандырушы сақтанушыны сақтандыру жарнасын төлеу қажеттiгi туралы хабардар етуге мiндеттi.
2. Хабарламада:
1) сақтандыру жарнасын төлейтiн кезең (сақтандыру сыйлықақысының мерзiмiн ұзарту кезеңi);
2) сақтандыру жарнасын төлеу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн өсiмпұлдың мөлшерi;
3) сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысының мерзiмiн ұзарту кезеңi iшiнде сақтандыру жарнасы төленбеген жағдайда шарттың қолданылуын бiржақты тәртiппен тоқтату құқығы болуға тиiс.
3. Сақтандыру сыйлықақысының мерзiмiн ұзарту кезеңi 30 күнтiзбелiк күннен кем болмауға тиiс.
4. Жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының мерзiмiн ұзарту кезеңiнде сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы берешек сомасын ұстай отырып, сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға мiндеттi.
5. Сақтандыру жарнасын төлеу қажеттiгi туралы хабарлама сақтанушыға оның жiберiлгенiн растауға мүмкiндiк беретiн тәсiлмен жiберiледi.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес кодекс 826-2-баппен толықтырылды
826-2-бап. Жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуын қалпына келтiру
1. Егер жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуы сақтанушының сақтандыру жарнасын төлемеуi негiзiнде тоқтатыла тұрса немесе тоқтатылса, сақтанушы:
1) жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуы тоқтатылған кезде алынған сатып алу сомасын;
2) мерзiмi өтiп кеткен сақтандыру жарналарын;
3) сақтандыру жарналарын осы Кодекстiң 353-бабында көзделген мөлшерде төлеудiң мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн өсiмпұлды төлеген кезде сақтандырушы шарттың қолданылуын қалпына келтiруге мiндеттi.
2. Сақтанушы шарттың қолданылуы тоқтатылған немесе шарт тараптарының өз мiндеттемелерiн орындауын тоқтата тұрған күннен бастап бiр жыл iшiнде жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуын қалпына келтiруге құқылы.
3. Сақтандырушы жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуын қалпына келтiрген кезде сақтандырылған адамның денсаулық жағдайына медициналық сараптама жүргiзуге құқылы.
Сақтандырылған адамның денсаулық жағдайы айтарлықтай нашарлаған жағдайда сақтандырушы сақтандыру төлемiнiң және (немесе) сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн қайта есептеуге құқылы. Сақтанушы шарттың қолданылуын жаңа талаптармен қалпына келтiруден бас тартқан жағдайда шартты қалпына келтiруге болмайды.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес кодекс 826-3-баппен толықтырылды
826-3-бап. Бас полистi ресiмдеу жолымен шарт бойынша сақтандыру
1. Сақтанушының сақтандырушымен келiсiмi бойынша бiртектi мүлiктiң (тауарлардың, жүктердiң және т.с.с.) әр түрлi топтамаларын ұқсас жағдайларда белгiлi бiр мерзiм iшiнде жүйелi сақтандыру сақтандырудың бiр шарты - бас полис негiзiнде, оны сақтанушыға беру жолымен жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Сақтанушы осы баптың 1-тармағында аталған шарттың күшi қолданылатын мүлiктiң әрбiр топтамасына қатысты мұндай шартта көзделген мәлiметтердi сақтандырушыға ол көздеген мерзiмде хабарлауға, ал егер ол көзделмесе, оны алғаннан кейiн дереу хабарлауға мiндеттi. Сақтанушы, тiптi, мұндай мәлiметтердi алған кезде сақтандырушы өтеуге тиiстi шығынның болу мүмкiндiгi iске аспай қалса да, бұл мiндеттен босатылмайды.
3. Сақтанушының талап етуiмен сақтандырушы осы баптың 1-тармағында аталған шарттың күшi қолданылатын мүлiктiң жекелеген топтамалары бойынша сақтандыру полистерiн беруге мiндеттi.
Сақтандыру полисiнiң мазмұны бас полиске сәйкес келмеген жағдайда сақтандыру полисiне басымдық берiледi.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 827-бап өзгерді
827-бап. Сақтандыру шартының қолданылуы
1. Сақтандыру шарты сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген кезден бастап, ал оны бөлiп-бөлiп төлеу кезiнде, егер шартта немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, бiрiншi сақтандыру жарнасы төленген кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болады.
2. Сақтандыру шарты, егер шартта немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, алғашқы басталған сақтандыру жағдайы бойынша сақтандыру төлемі жүзеге асырылған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.
3. Сақтандырып қорғаудың қолданылу мерзiмi, егер шартта немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шарттың қолданылу мерзiмiне дәл келедi.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 828-бап өзгерді
828-бап. Сақтандырушының мiндеттерi
1. Сақтандырушы:
1) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру шартында немесе заң актiлерiнде белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде сақтандыру төлемiн жүргiзуге;
1-1) сақтанушыны сақтандыру ережелерiмен таныстыруға;
2) сақтанушыға (сақтандырылған адам) сақтандыру жағдайы кезiнде олардың залалдарды азайту үшiн жұмсаған шығындарын өтеуге;
3) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заң актiлерiнде, сондай-ақ сақтандыру шартында сақтандырушының басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 829-бап өзгерді
829-бап. Сақтандыру жағдайынан туындайтын залалдарды азайтуға бағытталған шығындардың орнын толтыру
1. Мүлiктiк сақтандыру шартында көзделген сақтандыру жағдайы басталған кезде, болуы мүмкiн залалдарды болдырмау немесе азайту үшiн сақтанушы (сақтандырылған адам) қалыптасқан жағдайларда қисынды және қолдан келетiн шаралар, оның iшiнде сақтандырылған мүлікті құтқару және сақтау шараларын қолдануға мiндеттi.
Сақтанушы осындай шаралар қолдана отырып, егер олар сақтандырушыға хабарланған болса, сақтандырушының нұсқауларын ұстануға тиiс.
2. Залалдарды болдырмау немесе азайту мақсатында сақтанушы шеккен шығындар, егер мұндай шығындар қажет болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшiн жүргiзiлген жағдайда, тиiстi шаралар тiптi сәтсiз болса да, сақтандырушының өтеуiне жатады.
Мұндай шығындар нақты мөлшерде өтеледi, алайда сақтандыру төлемiнiң және шығындар өтемiнiң жалпы сомасы сақтандыру шартында көзделген сақтандыру сомасынан аспауы тиiс. Егер шығындар сақтанушының сақтандырушы нұсқаларын орындауы нәтижесiнде туындаған болса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз толық мөлшерде өтеледi.
3. Болуы мүмкiн залалдарды азайту үшiн сақтанушының қисынды және қолдан келетiн шараларды қасақана қолданбауы салдарынан туындаған залалдар бөлiгiнде сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 830-бап өзгерді
830-бап. Сақтандыру құпиясы
1. Сақтандыру құпиясына сақтандыру сомасының, сатып алу сомасының мөлшерлерi туралы және төленген сақтандыру сыйлықақылары, сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының сақтанушының, сақтандырылған адамның немесе пайда алушының жеке басына қатысты өзге де талаптары туралы мәлiметтер жатады. Таратылу процесiндегi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жасаған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты туралы мәлiметтер сақтандыру құпиясына жатпайды.
2. Сақтандыру рыногы кәсiпқой қатысушыларының өздерiнiң кәсiби қызметi нәтижесiнде алған сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi, сақтандыру рыногының басқа кәсiпқой қатысушысына қосарлас сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты ақпарат берген жағдайларды, сондай-ақ осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жария етуге құқығы жоқ.
3. Өздерiнiң қызмет мiндеттерiн жүзеге асыруына байланысты сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi алған лауазымды адамдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкерлерi, сақтандыру брокерлерi, сақтандыру агенттерi және басқа да адамдар оларды жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен жауап бередi.