Қазақстан Республикасының азаматы иемденіп алған ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруының жалпы саны - бес өлшемнен, тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруының жалпы саны бес өлшемнен аспауға тиіс, бұған аталған қару түрлері коллекциялау объектілері болып табылатын жағдайлар қосылмайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматы иемденіп алған ұзын ұңғылы атыс қаруы, аңшылық пневматикалық қару, сондай-ақ газ пистолеттері мен револьверлері иемденіп алынған күннен бастап бір апта мерзімде тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс.
Қорғануға арналған тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының азаматына тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органы осындай қаруды сақтауға үш жыл мерзімге рұқсат береді, ал аңшылық және спорт қаруын, газ пистолеттері мен револьверлерін тіркеу кезінде - оны сақтау мен алып жүруге рұқсат береді. Рұқсаттың нысанын және оның қолданылу мерзімін ұзарту тәртібін қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
3. Қару иемденіп алуға рұқсат алу үшін Қазақстан Республикасының азаматы тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органына белгіленген нысанда өтініш, көру қабілетінің бұзылуына, психикалық ауруға, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға кедергі жоқ екені туралы медициналық қорытынды және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат тапсыруға міндетті.
4. Қару сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар адамдарды қоспағанда, қорғануға арналған тегіс ұңғылы атыс қаруын, газ пистолеттері мен револьверлерді бірінші рет иемденіп алатын адамдар тұрғылықты жерінде Қазақстан Республикасының Үкіметі осындай құқық берген ұйымдарда қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган әзірлеген бағдарлама бойынша қаруды ұстау қауіпсіздігі ережелерін білетіні жөнінде тексеруден өтуге міндетті.
5. Қаруды және оның патрондарын сақтауға рұқсат беру немесе сақтау мен алып жүру, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету үшін бір жолғы алым алынады. Аталған алымның мөлшерін қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органның ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың әскери қызметшілері, арнаулы органдардың арнаулы атақтары бар қызметкерлері азаматтық қару иемденіп алуға рұқсатты наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлердің анықтамаларын тапсырмай-ақ алады.
16-бап. Қару иелерінің құқықтары мен міндеттері
1. Қару иелерінің:
1) белгіленген тәртіппен сатып алынған қару мен оның патрондарын меншіктенуге;
2) қару алып қойылған немесе ол ерікті түрде тапсырылған жағдайда заңдарда белгіленген тәртіппен оның құнының өтемақасын алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қаруды сатуға, сыйға тартуға мұраға қалдыруға не уақытша пайдалануға беруге;
4) атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына рұқсаты болған жағдайда суық қаруды сақтауға және алып жүруге құқығы бар.
2. Қару иелері:
1) 15-баптың 1-тармағының 2-азатжолында келтірілгендерді қоспағанда, меншігіндегі қаруды ішкі істер органдарында тіркетуге және қайта тіркетуге;
2) қару мен оның патрондарын тасымалдаудың белгіленген тәртібін сақтауға;
3) қару мен оның патрондарының сақталуын қамтамасыз етуге;
4) заңдарға сәйкес бақылауындағы объектілердің аумағында және қару сақталатын орындарға ішкі істер органдары қызметкерлерінің кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге, танысу үшін оларға қажетті құжаттама беруге;
5) азаматтық қару иесі қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелері осы қаруды бір ай мерзімде қайта тіркетуге немесе комиссиялық саудаға өткізуге міндетті.
17-бап. Қару пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Қару пайдаланушылардың:
1) өздеріне берілген құқыққа сәйкес қару сақтауға, сақтау мен алып жүруге;
2) қаруды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша пайдалануға құқығы бар.
2. Қару пайдаланушылар:
1) қаруды арналған мақсатына сәйкес пайдалануға;
2) қару мен оның патрондарын тасымалдаудың белгіленген тәртібін сақтауға;
3) пайдаланылып жүрген қару мен оның патрондарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Қару пайдаланушылар - заңды тұлғалар заңдарға сәйкес бақылауындағы объектілердің аумағына және қару сақталатын орындарға ішкі істер органдары қызметкерлерінің кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге, танысу үшін оларға қажетті құжаттама беруге міндетті.
4. Қару пайдаланушылар - жеке тұлғалар заңдарға сәйкес ішкі істер органдары қызметкерлерінің талап етуі бойынша тексеру үшін қолда бар қаруды, оның патрондарын және олар сақталатын орындарды, сондай-ақ оларды ұстау ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында қажетті құжаттаманы көрсетуге міндетті.
18-бап. Қаруды қолдану құқығы
1. Өмірін, денсаулығын және меншікті қорғау үшін нақты қару түрін сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар адамдардың қажетті қорғаныс, аса қажеттілік жағдайында және қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде оны қолдануға құқығы болады.
2. Ерекше жарғылық міндеттері бар ұйымдардың қызметкерлері қаруды табиғатты, табиғи ресурстарды, меншікті күзету, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөнінде өздеріне заңдарда жүктелген міндеттерді орындау кезінде және өзін қорғау үшін қолдана алады.
3. Қару қолданбас бұрын ол қарсы қолданылатын адамға бұл жайында нақты ескерту жасалуға тиіс.
4. Әйелдерге, мүгедектік нышандары айқын адамдарға, жас шамасы айқын немесе белгілі кәмелетке толмағандар қарулы немесе топтасып шабуыл (зорлықзомбылық) жасаған жағдайлардан басқа кезде оларға қарсы қару қолдануға тыйым салынады.
5. Қару қолданудың барлық жағдайларында маңайдағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық жәрдем көрсету үшін шаралар қолдану, ішкі істер және прокуратура органдарына хабарлау қажет.
6. Атыс қаруын қолданып аң аулау ережелерін, сондай-ақ спортпен шұғылдану кезінде және жаттығу мақсаттарында қару қолдану ережелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
19-бап. Рұқсаттар беруден бас тарту және олардың күшін жою
Ішкі істер органдары қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсатты мынадай жағдайларда бермейді, ал берілгендері мына жағдайларда:
1) рұқсаттардан ерікті түрде бас тартылғанда, не қару иесі қайтыс болғанда;
2) бір жыл ішінде қоғамдық тәртіпке немесе басқарудың белгіленген тәртібіне қауіп төндіретін әкімшілік құқық бұзушылық қайталап жасалғанда;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген рұқсаттар алу мүмкіндігін жоққа шығаратын мән-жайлар туындағанда;
4) азаматтық немесе қызметтік қару иесі аталған қарудың конструкциясын қайта жасап, бұл оның баллистикалық және басқа да техникалық сипаттамаларының өзгеруіне әкеп соққанда;
5) егер адам:
көру қабілетінің бұзылуына, психикалық ауруларға, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа байланысты қару иеленуге кедергі жоқтығы туралы медициналық қорытындыны табыс етпесе;
қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе заңда белгіленген тәртіппен алынбаған соттылығы болса;
тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
қару сақтау үшін тиісті жағдайлар болмаса (сейф немесе темір шкаф немесе қаруға бөгде адамдар қол жеткізе алмайтын өзге де құрылғы болмаса);
ішкі істер органдарына қаруды қауіпсіз ұстау ережелерін білетіні жөнінде тексеруден өткенін растайтын құжаттарды тапсырмаса жойылады.
Адам қылмыстық жауапқа тартылған жағдайда рұқсат сот шешім қабылданғанға дейін уақытша алып қойылады. Осы Заңда көзделген негіздер бойынша рұқсаттың күшін жою туралы шешім қабылданардан бұрын осы рұқсатты берген ішкі істер органы рұқсат иесіне алдын-ала жазбаша ескерту жасауға тиіс. Ескертуде нақты қандай құқықтық нормалар мен ережелердің бұзылғаны немесе орындалмағаны көрсетіледі және жол берілген тәртіп бұзушылықтарды жоюдың мерзімі тағайындалады.
Рұқсаттың күшін жою туралы шешімге сотқа шағым жасауға болады.
Рұқсаттың күші жойылған жағдайда оны алу үшін, олардың күші жойылған күннен бастап үш жыл өткен соң қайталап өтініш жасауға болады. Рұқсаттан өз еркімен бас тартқан жағдайда оны алуға қайталап өтініш жасау мерзімі белгіленбейді.
20-бап. Қару мен оның патрондарын алып қою
Қару мен оның патрондарын:
1) ішкі істер органдары мынадай жағдайларда:
азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге және жөндеуге, олармен сауда жасауға, қаруды иемденіп алуға, коллекциялауға немесе экспонаттауға лицензия, сондай-ақ қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсат болмағанда;
аталған лицензиялар мен рұқсаттардың күші белгіленген тәртіппен жойылғанда;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен түпкілікті шешім қабылданғанға дейін заңды немесе жеке тұлғалар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген қаруды беру, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау, тіркеу, есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, тасымалдау және қолдану ережелерін бұзғанда;
мүлікті мұраға қалдыру мәселесі шешілгенге дейін қару иесі қайтыс болғанда;
2) аң, балық аулау, табиғат және табиғи ресурстарды қорғау ережелерінің сақталуына мемлекеттік қадағалау жасайтын органдар өздерінің құзыреті шегінде азаматтардың Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарын бұзуын тыйған жағдайларда, қаруды кейіннен ішкі істер органдарына тапсыра отырып;
3) кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаруды кейіннен ішкі істер органдарына тапсыра отырып;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа жағдайларда қаруды кейіннен ішкі істер органдарына тапсыра отырып алып қоюды жүргізеді.
Марапаттау қаруын азаматтардан сақтау, тасу және пайдалану ережелерін бұзуға жол бергені үшін ішкі істер органдары қолданылып жүрген заңдарға сәйкес алып қоюы мүмкін.
Қару мен оның патрондарын алып қою тәртібін қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
Техникалық жағынан пайдалануға жарамды алып қойылған, сондай-ақ тәркіленген азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық және қызметтік қарумен сауда жасауға лицензиясы бар заңды тұлғалар арқылы сатылуға тиіс.
5-тарау. Жекелеген қару түрлерінің айналымы
21-бап. Қару мен оның патрондарын өндіру
Қаруды, оның негізгі бөліктерін өндіру, қарудың жойылған зақымдаушы қасиеттерін қалпына келтіру мақсатымен оны құрастыру, қайта жасау немесе жөндеу, сондай-ақ оның патрондарын жасау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес лицензиялануға тиіс.
Қару мен оның патрондарын өндіретін заңды тұлғалар өндіру қауіпсіздігін, оған бақылау жасауды, шығарылатын өнімнің тиісті сапасын, оның есебі мен сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
Көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақтандырылған механикалық бүркігіштерді, аэрозольдық және өзге де құрылғыларды қоспағанда, жасаған әрбір қарудың жеке нөмірі болуы тиіс.
Тәжірибелік үлгілерін қоспағанда, жауынгерлік қол атыс қаруы және оның патрондары Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларға, арнаулы органдарға ғана беру үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен басқа мемлекеттерге беру үшін жасалады.
22-бап. Азаматтық және қызметтік қарумен, оның патрондарымен сауда жасау
1. Азаматтық және қызметтік қарумен, оның патрондарымен сауда жасауды заңдарда белгіленген тәртіппен осы қызмет түріне лицензия алған ұйымдар жүзеге асырады. Азаматтық және қызметтік қарумен, оның патрондарымен сауда жасауға лицензияны қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган осы мақсаттар үшін арнайы құрылған ұйымдарға ғана береді.
2. Қарумен және оның патрондарымен сауда жасауды жүзеге асыратын ұйымдар:
1) сатылатын қаруға сәйкестілік сертификатына ие болуға;
2) иемденіп алынатын және сатылатын қарудың есебін, сондай-ақ 10 жыл бойы есептік құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етуге;
3) иемденіп алуға лицензия талап етілмейтін қаруды қоспағанда, сатып алушыдан (заңды тұлғадан) қарудың сол түрін сатып алуға лицензиясын көрсетуді талап етуге;
4) сатып алушының лицензиясында немесе рұқсатында тіркелуге тиіс, сатылатын азаматтық және қызметтік қаруды тіркеуге, сондай-ақ аңшылық билетте аңшылық суық қаруды тіркеуге;
5) қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ішкі істер органдарына сатылған қызметтік және азаматтық қару мен оның сатып алушылары туралы ай сайын мәлімет беріп отыруға;
6) олардың сақталуын және сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
7) сатылған қызметтік және азаматтық қарудан атылған оқтар мен гильзаларды мемлекеттік оқ-гильза қоймасына табыс етуге;
8) қызметкерлердің қару айналымы туралы заңдарды білуін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Қарудың белгілі бір түрін сатып алуға рұқсатын көрсетпеген заңды және жеке тұлғаларға қарумен сауда жасауға, сондай-ақ нөмірсіз және таңбасыз қару не стандартқа сәйкестік белгісі жоқ патрондар сатуға тыйым салынады.
4. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатуға лицензиясы бар заңды тұлғаларға, спорт, аң және балық аулау құралжабдықтары мен қарудың қосалқы бөлшектерін қоспағанда, бір сауда залында қару мен өзге де тауар түрлерін қатар сатуға тыйым салынады.
5. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатуға берілген лицензия азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сату үшін құрылған заңды тұлғалардың филиалдарын ашуға құқық бермейді.
23-бап. Қаруды сату немесе беру
1. Осы Заңға сәйкес қару иемденіп алуға құқығы бар субъектілер өздері заңды негізде иеленіп отырған азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын қару есепке алынған жердегі ішкі істер органдарына алдын ала хабарлай отырып, азаматтық және қызметтік қару сатуға лицензиясы бар заңды тұлғаларға сата алады.
2. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың өздері қаруланған жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен сатуға, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қарумен және оның патрондарымен сауда жасауға лицензиясы бар заңды тұлғаларға азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасы азаматтарының өздері заңды негізде жеке меншік құқығында иеленіп отырған қаруды азаматтық және қызметтік қаруды сатуға немесе коллекциялауға немесе оны экспонаттауға лицензиясы бар заңды тұлғаларға не қаруды есепке алған жердегі ішкі істер органдарында қару қайта тіркелгеннен кейін қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсат берген ішкі істер органдарына алдын ала хабарлай отырып, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларға, арнаулы органдарға, сондай-ақ қаруды иемденіп алуға рұқсаты бар азаматтарға сатуға құқығы бар.
24-бап. Қаруды марапаттап беру
1. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде Қазақстан Республикасының азаматтары алған қару марапаттық қару болып табылады.
Қазақстан Республикасының азаматтары шет мемлекеттер басшыларының, шет мемлекеттер үкіметтерінің басшылары мен мүшелерінің марапаттау құжаттары негізінде марапаттық қару алуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының азаматтарына марапаттық қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсатты қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган береді.
Түйдектете атуға мүмкіндік беретін, сыйымдылығы 10 патроннан асатын оқжатары (барабаны) бар, сондай-ақ осы Заңмен Қазақстан Республикасы аумағында айналымға тыйым салынған қару марапаттық қаруға жатпайды.
2. Марапаттық қарудың иесі қайтыс болған жағдайда аталған қару ішкі істер органына өткізіледі.
3. Марапаттық қару ішкі істер органдары қаруды тиісінше қайта тіркеп, қайта жасағаннан кейін сақтау үшін мұражайларға берілуі мүмкін.
25-бап. Қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету
1. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
3. Азаматтық және қызметтік қарудың жеке даналарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету осы Заңның талаптары ескеріле отырып, ішкі істер органдарының рұқсаты бойынша жүргізіледі.
26-бап. Шетелдіктердің азаматтық қаруды Қазақстан Республикасы аумағында иемденіп алуы, Қазақстан Республикасына әкелуі және Қазақстан Республикасынан әкетуі
1. Қазақстан Республикасының аумағында кемінде бір жыл мерзімге тұру үшін белгіленген тәртіппен ішкі істер органдарында тіркелген шетелдіктердің Қазақстан Республикасында азаматтық қаруды өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің өтініші бойынша жалпы негіздерде иемденіп алуға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының аумағында туристік жолдамалармен, жеке және қызметтік істермен келген, Қазақстан Республикасы аумағында тұру үшін белгіленген тәртіппен ішкі істер органдарында тіркелген шетелдіктердің азаматтық қаруды өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасынан оны иемденіп алған күннен бастап жеті күн ішінде әкететін жағдайда жалпы негіздерде иемденіп алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасында тіркелген елшіліктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық қызметкерлеріне азаматтық қаруды мемлекетаралық шарттарда белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша әкелуге, иемденіп алуға және әкетуге рұқсат етіледі. Бұл орайда қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органда аталған қару міндетті түрде тіркелуге тиіс.
4. Шетелдіктер азаматтық қаруды Қазақстан Республикасының аумағына аңшылыққа келісім-шарт жасасқан немесе спорттық шараларға қатысуға шақырылған және қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органның тиісті рұқсаты болған жағдайда әкеле алады. Әкелінген қару келісім-шартта немесе шақыруда белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасынан әкетілуге тиіс.
5. Қазақстан Республикасына шақыру бойынша немесе өздерінің қызметтік тапсырмаларын орындауға байланысты келетін шетелдік құқық қорғау органдарының, арнаулы қызметтер мен әскерилендірілген ұйымдар қызметкерлерінің жауынгерлік қол атыс қаруын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуі және Қазақстан Республикасынан әкетуі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен тиісті органдар басшыларының рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген қару Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолданылады.
7. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасынан қаруды әкету мерзімдерін бұзуы мәселе заңда белгіленген тәртіппен шешілгенге дейін оны алып қоюға әкеп соғады.
8. Тиісті рұқсаттың берілгені үшін алынатын алымның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
9. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шетелдіктердің өздері әкелген азаматтық қаруды сыйға тарту немесе сату құқығы сақталады.
27-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сақтау, алып жүру, тасу, тасымалдау, коллекциялау, экспонаттау және жою
1. Қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсатын алған заңды және жеке тұлғаларға азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сақтауға рұқсат етіледі.
2. Заңды және жеке тұлғаларға өздері тауып алған немесе оларға Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып, иесі болып табылмайтын адамдар берген атыс қаруын сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Мұндай қару дереу ішкі істер органдарына тапсырылуға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтік қаруды коллекциялауға және экспонаттауға ішкі істер органдарынан тиісті лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалардың құқығы бар.
4. Азаматтық және қызметтік қаруды, олардың патрондарын есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, тасымалдау, коллекциялау, экспонаттау және жою жағдайларына қойылатын талаптарды қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.