Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанында Шетелдiк инвесторлар
кеңесiн құру туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң
1998 ж. 30 маусымдағы N 3985 Жарлығы
Осы редакция ҚР Президентінің 24.11.03 ж. N 1234 жарлығымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес қаулы етемiн:
1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан Шетелдiк инвесторлар кеңесi құрылсын.
2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Шетелдiк инвесторлар кеңесi туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
3. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары - Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң төрағасы бiр ай мерзiмде Мемлекет басшысының қарауына Кеңестiң дербес құрамы жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1998 жылғы 30 маусымдағы
N 3985 Жарлығымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы
Шетелдiк инвесторлар кеңесi туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Шетелдiк инвесторлар кеңесi (бұдан әрi - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
2. Кеңес қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерi, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк актiлерi, сондай-ақ осы Ереже құрайды.
II. Кеңестiң негiзгi мiндеттерi
3. Кеңес:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына инвестициялық қызмет мәселелерiн реттейтiн заңдарды жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды, Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар iрi инвестициялық бағдарламалары мен жобаларын iске асыруға байланысты мәселелер жөнiндегi ұсыныстарды енгiзу;
2) инвестициялық ахуалды жақсарту жөнiндегi, сондай-ақ шетел инвестицияларын Қазақстан Республикасының экономикасына тарту стратегиясы жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу;
3) ел экономикасын әлемдiк экономикалық процестерге кiрiктiру жөнiндегi ұсыныстарды талдап жасау мақсатында құрылады.
III. Кеңестiң құрамы мен жұмыс тәртiбi
4. Кеңестi Қазақстан Республикасының Президентi басқарады, ол Кеңестiң қызметiне басшылықты жүзеге асырады, соның iшiнде күн тәртiбiн бекiтедi және Кеңес мәжiлiсiне төрағалық етедi.
5. Қазақстан Республикасынан Кеңестің құрамына лауазым бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасы Инвестициялар жөніндегі агенттігінің төрағасы және Шетелдік инвесторлардың өтініштерін қарау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы кіреді.
ЕСКЕРТУ. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 2000.03.20. N
364 жарлығымен.
6. Кеңес құрамына халықаралық қаржы ұйымдарынан, шетел компанияларынан бiрiншi басшылар немесе олардың орынбасарлары деңгейiндегi өкiлдер кiредi. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі қажеттілігіне қарай Қазақстан Республикасында тіркелген шетелдік инвесторлардың өнеркәсіптік және іскерлік қауымдастықтарының, мемлекеттер елшіліктерінің ұсынымдарын назарға ала отырып, Кеңестің шетелдік мүшелерінің құрамын үштен бір бөлігіне дейін өзгерту жөніндегі ұсынысты Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізе алады.
ЕСКЕРТУ. 6-тармақ толықтырылды - ҚР Президентiнiң 2000.03.20. N 364
жарлығымен.
7. Кеңес құрамы оған лауазымдары бойынша кiретiн адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiмдерiмен жасақталады.
8. Кеңес мәжiлiстерi жылына бiр немесе екi рет өткiзiлiп тұрады. Кеңес мүшелерiнiң мәжiлiстерге қатысуы алмастыру құқығынсыз жүзеге асырылады. Кеңес мәжiлiстерi Кеңес мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқанда құқылы болып табылады.
9. Кеңес мәжiлiстерi Кеңес Төрағасы белгiлеген мерзiмде өткiзiледi.
10. Кеңес мәжiлiсiне оның құрамына кiрмейтiн компаниялар мен ұйымдардың өкiлдерi шақырылуы мүмкiн.
11. Кеңес өз шешiмдерiн ашық дауыс беру жолымен, мәжiлiске қатысып отырған Кеңес мүшелерi жалпы санының жай көпшiлiк дауысымен қабылдайды.
12. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi агенттігі Кеңестiң жұмыс органы болып табылады.
ЕСКЕРТУ. 12-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.03.20. N 364
жарлығымен.