3. Көлемi үлкен тарауларда нормативтiк құқықтық актiнiң параграфтары және параграфтарының бөлiктерi бөлiп көрсетiлуi мүмкiн, ал үлкен бөлiмдерде осылайша бөлiмшелер бөлiнуi мүмкiн.
4. Нормативтік құқықтық актінің баптары жекелеген құқық нормаларын қамтитын тармақтарға, ал тармақтар - тармақшаларға бөлінуі мүмкін. Баптардың, тармақтар мен тармақшалардың ішінде бөліктер-құқықтың қисынды аяқталған, абзацтармен бөлінген жекелеген нормалары болуы мүмкін.
Мәтіннің мағыналық жағынан тұтастығы бар, бірінші жолда азат жолмен бөлініп көрсетілетін және кіші әріппен басталатын бөлігі, бөліктің бас әріппен басталатын бірінші абзацын қоспағанда, абзац деп саналады. Абзацтар (бөліктің бірінші және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелі үтірмен аяқталады.
Нормативтiк құқықтық актiнiң баптары - жекелеген құқық нормалары бар тармақтарға, ал тармақтар тармақшаларға бөлiнуi мүмкiн. Баптардың, тармақтардың және тармақшалардың iшiнде абзацтар арқылы бөлiнетiн бөлiктер болуы мүмкiн.
Кодекстерде iшкi құрылымның басқа белгiлерi пайдаланылуы мүмкiн.
5. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр бабы (тармағы), сондай-ақ тараулары, бөлiмдерi мен бөлiктерi араб цифрларымен нөмiрленедi. Баптардың (тармақтардың) нөмiрленуi бүкiл нормативтiк құқықтық актiнiң басынан аяғына дейiн реттелiп жасалады. Нормативтiк құқықтық актiнiң бөлiмдерi мен бөлiктерiнiң нөмiрленуi де дербес және басынан аяғына дейiн реттелiп жасалады.
6. Баптың тармақтары мен тармақшаларының нөмiрлерi әрбiр бап үшiн дербес болады, ал негiзгi құрылымдық элементi бап емес, тармақ болып табылатын нормативтiк құқықтық актiлерде әрбiр тармақтың тармақшалары дербес нөмiрленедi. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауындағы параграфтардың нөмiрлерi мен әрбiр бөлiмiндегi бөлiмшелердiң нөмiрлерi де аяғына дейiн емес, дербес нөмiрленедi.
7. Тармақтарда тармақшалардың нөмiрлерi жақшамен жабылған араб цифрларымен көрсетiледi.
8. Нормативтiк құқықтық актiнi қабылдаудың мақсаты мен себептерiн, оның алдында тұрған негiзгi мiндеттердi түсiндiру қажет болған жағдайларда құқық нормаларын баяндаудың алдынан кiрiспе бөлiм (преамбула) берiледi.
9. Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болған жағдайда оған олардың мазмұны түсiндiрiлетiн бап берiледi.
10. Пайдалануға ыңғайлы ету мақсатында нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауының, оның бөлiмiнiң, бөлiгiнiң, сондай-ақ тараулардың параграфтары мен бөлiмдерi бөлiмшелерiнiң тақырыптары болуға тиiс. Заң актiлерi баптарының да тақырыптары болуға тиiс.
Тараулары жоқ шағын заң актiлерi баптарының тақырыптары болмауы мүмкiн.
11. Кодекстердiң, ал уәкiлеттi орган мұны қажет деп тапқан жағдайларда басқа да iрi нормативтiк құқықтық актiлердiң қажеттi құрылымдық элементi мазмұны болып табылады.
12. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымына қосымшалар енгiзiлуi мүмкiн.
18-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiн жазу мәнерiне қойылатын талаптар
Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тiл мен заң терминологиясының нормалары сақтала отырып жазылады. Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Баптың (тармақтың) мәтiнi басқа баптарда (тармақтарда) қайталап жазылмайды.
19-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерде басқа актiлердiң баптарына сiлтеме жасау және актiлерде басқа актiлердiң баптарын келтiру
Қажет болған жағдайда нормативтiк құқықтық актiде өзге актiлердiң баптарына (тармақтарына) сiлтемелер жасауға жол берiледi, сондай-ақ жоғары тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлерден сол актiлерге сiлтеме жасала отырып, олардың жекелеген ережелерi келтiрiледi.
20-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң баптарында басқа баптарға сiлтеме жасау
Нормативтiк құқықтық актiнiң баптарында (тармақтары мен тармақшаларында) оның басқа баптарына (тармақтарына, тармақшаларына) сiлтеме жасау құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не қайталауға жол бермеу қажет болған жағдайларда қолданылады.
21-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзу
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамашылығы құқығы Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiнде ғана iске асырылады. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы Мәжiлiске мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде енгiзiледi.
2. Жоба бойынша табыс етiлетiн материалдарда мынадай қосымшалар болуға тиiс:
1) жобаны дайындаған мемлекеттiк органның немесе ұйымның атауы;
2) жобаны қабылдаудың қажеттiгi негiзделiп, мақсаттары, мiндеттерi, негiзгi ережелерi кеңiнен сипатталған түсiндiрме жазба;
3) жұмыс тобының құрамы;
4) мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсу парағы;
5) егер жобаға сараптама жүргiзiлсе, ол жөнiндегi сараптама қорытындылары;
6) жобаның қабылдануына байланысты өзгертiлуге немесе күшi жойылды деп танылуға тиiс заң актiлерiнiң тiзбесi және жобаны iске асыру үшiн қажеттi нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеу туралы ұсыныстар;
7) әдетте, жобаға қаржы-экономикалық есептеулер, статистикалық мәлiметтер қабылданатын нормативтiк құқықтық актiнi қолданудың ықтимал экономикалық, әлеуметтiк, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдары қоса тiркеледi.
Қолданылып жүрген заңдарға өзгерiс пен толықтыру енгiзу туралы нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы енгiзiлген жағдайда баптардың бұрынғы және жаңа редакцияларының салыстырма кестесi табыс етiледi.
4-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердiң
жобаларына ғылыми сараптама
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 22-бап өзгертілді
22-бап. Ғылыми сараптаманың мiндеттерi
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары бойынша тиiсiнше ғылыми сараптама жүргiзiлуi мүмкiн.
Конституциялық заңдар мен кодекстердің, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң актілерінің жобалары бойынша ғылыми сараптама жүргізу міндетті.
1-1. Қабылдау салдары экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіретін заң актілері мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларына міндетті экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
2. Сараптама:
1) жобаның сапасын, негiздiлiгiн, уақтылылығын, дұрыстығын жобада Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етiлген адам және азамат құқықтарының сақталуын бағалау;
2) нормативтiк құқықтық актiнiң ықтимал тиiмдiлiгiн айқындау;
3) жобаның нормативтiк құқықтық акт ретiнде қабылдануының ықтимал терiс салдарларын анықтау үшiн жүргiзiледi.
23-бап. Сараптаманы жүзеге асыратын адамдар мен ұйымдар
1. Нормативтiк құқықтық актiлер жобаларының ғылыми сараптамасын тиiстi бейiмдi ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары, қаралатын жобаның мазмұнына қарай ғалымдар мен мамандар арасынан тартылатын сарапшылар жүргiзедi. Сараптама жүргiзу бiр немесе бiрнеше сарапшыға (сараптама комиссиясына) тапсырылуы мүмкiн.
2. Жоба бойынша мамандықтары әр түрлi сарапшылардың кешендi сараптамасы немесе әр түрлi сараптаманың дербес түрлерi, ал қажет болған жағдайда - қайталама сараптама жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Сарапшылар ретiнде жобаны дайындауға тiкелей қатыспаған ұйымдар мен адамдар тартылады.
4. Сарапшылар ретiнде басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан мамандар тартылуы мүмкiн.
Жоба ғылыми сараптамадан өткiзу үшiн шетелдiк және халықаралық ұйымдарға жiберiлуi мүмкiн.
24-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын сараптамаға жiберу кезiндегi бастамашылық
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына сараптама жүргiзу туралы шешiмдi:
1) уәкiлеттi орган;
2) заң шығару бастамашылығы тәртiбiмен жобаны Мәжiлiске енгiзушi Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары мен Қазақстан Республикасының Үкiметi;
3) уәкiлеттi органның лауазымды адамдары немесе құрылымдық бөлiмшелер, егер уәкiлеттi органның регламентiмен немесе басқа заңдармен осы адамдарға және құрылымдық бөлiмшелерге мұндай құқық берiлген болса, қабылдауы мүмкiн.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы шарттық негiзде дайындалатын жағдайларда (осы Заңның 14-бабының 5-тармағы) жоба сараптамасы жобаға тапсырыс берушiнiң шешiмi бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
5-тарау. Нормативтiк құқықтық актiнi қабылдау мен
оны күшiне енгiзу тәртiбi
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 25-бап өзгертілді
25-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбiн белгiлеу
1. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясымен және осы Заңмен белгiленедi.
2. Нормативтiк құқықтық актiлердiң әр алуан түрлерiн қабылдау тәртiбiнiң ерекшелiктерi сонымен қатар:
1) кодекстер үшін - осы Заңмен.
Кодекстер, оларға өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бөлек отырыстарында өз кезегімен қарау арқылы кемінде екі оқылымда қабылданады;
2) заңдар үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Парламентi туралы, Қазақстан Республикасының Президентi туралы, референдум туралы заң актiлерiмен, өзге де заң актiлерiмен, оның iшiнде Парламент пен оның палаталарының регламенттерiмен;
3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтары үшiн Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Президентi туралы заң актiсiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң осы тәртiптi реттейтiн актiлерiмен;
4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Үкiмет туралы заң актiсiмен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiмен;
5) орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдарының Қазақстан Республикасы Үкiметi құрамына кiретiндерiнiң де, кiрмейтiндерiнiң де, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерi үшiн - Үкiмет пен осы органдар туралы заң актiлерiмен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiмен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарымен, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң осы органдардың қызметiн реттейтiн қаулыларымен;
6) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң нормативтiк қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы заң актiлерiмен;
7) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының соттары туралы заңдармен;
8) Орталық сайлау комиссиясының (Референдум өткiзу жөнiндегi комиссияның) нормативтiк қаулылары үшiн - сайлау және референдум туралы заң актiлерiмен;
9) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың нормативтiк шешiмдерi үшiн - осы органдар туралы заң актiлерiмен, өзге де заң актiлерiмен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiмен айқындалады.
26-бап. Нормативтiк құқықтық актiнi күшiне енгiзу тәртiбi
1. Нормативтiк құқықтық актiнi күшiне енгiзу тәртiбi нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде белгiленуi мүмкiн.
2. Заңдарды, оның iшiнде кодекстердi күшiне енгiзу тәртiбi заңдардың (кодекстердiң) өзiне немесе жеке заңдармен белгiленедi.
27-бап. Жаңа нормативтiк құқықтық актiнiң қабылдануына байланысты нормативтiк құқықтық актiлердiң және олардың бөлiктерiнiң күшi жойылды деп тану, оларды өзгерту мен толықтыру
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң қабылдануына байланысты бұрын қабылданған барлық нормативтiк құқықтық актiлердiң немесе олардың құрылымдық бөлiктерi, егер олар жаңа актiге енгiзiлген құқық нормаларына қайшы келсе немесе оларда қамтылса, күшi жойылды деп танылуға, өзгертiлуге немесе толықтырылуға тиiс.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң қабылдануына байланысты күшi жойылды деп танылуға тиiстi актiлер мен олардың бөлiктерiнiң тiзбесi не актiнiң өзiнде, не оны күшiне енгiзу тәртiбi туралы актiде болуға тиiс.
3. Жаңа нормативтiк құқықтық актiнiң қабылдануына байланысты күшi жойылды деп танылуға, өзгертiлуге немесе толықтырылуға тиiстi және жаңа актiмен бiр деңгейдегi актiлердiң немесе олардың бөлiктерiнiң (тарауларының, баптарының, тармақтары мен тармақшаларының) саны едәуiр болған жағдайда олардың тiзбесi жеке актiмен ресiмделедi. Мұндай актiнiң жобасын негiзгi актiнiң жобасын әзiрлеушiлер дайындап, сонымен бiр мезгiлде табыс етедi.
4. Жаңа нормативтiк құқықтық актiнiң қабылдануына байланысты күшi жойылды деп танылуға, өзгертiлуге немесе толықтырылуға тиiстi және жаңа актiден деңгейi неғұрлым төмен актiлердiң немесе олардың бөлiктерiнiң (тарауларының, баптарының, тармақтары мен тармақшаларының) саны едәуiр болған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мемлекеттiк органға олардың актiлерiнiң күшi жойылды деп тану, оларды өзгерту мен толықтыру туралы актiлер қабылдауды (шығаруды) олардың қабылдану (шығарылу) мерзiмiн көрсете отырып тапсырады.
Мұндай тапсырманың жобасын уәкiлеттi органға жаңа нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын енгiзетiн орган дайындайды.
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 28-бап өзгертілді
28-бап. Қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу
1. Қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық бөлiктерiнiң (бөлiктерiнiң, бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерiнiң, тарауларының, параграфтарының, баптарының, тармақтарының, тармақшаларының) күшi жойылды деп танылған жағдайда мұндай бөлiктерi қолданылып жүрген актiден алып тасталады, бiрақ олардың нөмiрлерi сақталады. Сақталған нөмiрлерге актiнiң (немесе оның бөлiгiнiң) күшi жойылды деп тану туралы нормативтiк актiге сiлтеме қосып жазылады. Сақталып қалған құрылымдық бөлiктердiң нөмiрлерi өзгермейдi.
1-1. Нормативтік құқықтық актіге дәл сол түрдегі соңғы құрылымдық бөліктен кейін енгізілетін жаңа құрылымдық бөліктерге кейінгі рет сандары беріледі.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінің арасына дәл сол түрдегі қосымша құрылымдық бөліктер енгiзiлген жағдайда олар актiнiң қай құрылымдық бөлiгiнен кейiн келсе, сол құрылымдық бөлiгiнiң нөмiрiне қосарласатын: 2-1-бөлiм, 8-1-параграф, 26-1-бап, 4-1-тармақ және сол сияқты қосымша нөмiрлермен енгiзiледi.
Енгiзiлген құрылымдық бөлiктiң мәтiнiнен кейiн оны енгiзу туралы актiге жақша iшiнде сiлтеме жасалады. Басқа құрылымдық бөлiктердiң нөмiрлерi сақталады.
3. Қолданылып жүрген актiнiң құрылымдық бөлiгiнiң мәтiнi өзгерген жағдайда мұндай бөлiк өзгертiлген редакциясында қолданыла бередi. Өзгертiлген құрылымдық бөлiктiң мәтiнiнен кейiн бұл бөлiктiң оны өзгерткен актiнiң редакциясында қолданылатынына сiлтеме жасалады.
4. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігіне осы құрылымдық бөлік мәтіні мазмұнының жартысынан асатын көлемде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде, оның жаңа редакциясы қабылданады.
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлдiк берiлген адамдар
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiне мынадай лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, конституциялық заңдарына, кодекстерiне, заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарына, оның iшiнде Конституциялық заң немесе Заң күшi бар Жарлықтарына - Қазақстан Республикасының Президентi;
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулыларына Мәжiлiстiң төрағасы;
3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi;
4) мәслихаттың шешiмдерiне - мәслихат сессиясының төрағасы;
5) әкімияттың қаулыларына, әкімнің шешімдеріне - әкім;
6) өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге - оны қабылдаған (шығарған) органның басшысы қол қояды.
2. Негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық акт арқылы нормативтiк құқықтық актiнiң туынды түрiн ерекше нысанда қабылдаған жағдайда (осы Заңның 3-бабының 4-тармағы) уәкiлдiк берiлген адам негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiге ғана қол қояды.
6-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердi жариялау
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 30-бап жаңа редакцияда
30-бап. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялаудың міндеттілігі
1. Барлық заңдар, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы және Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы ресми басылымдар болып табылады.
2. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен конкурстық негізде мұндай құқық алған мерзімді баспа басылымдары да жүзеге асырады.
Нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялауды баспа басылымдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен және олар жариялайтын мәтіндер Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне сәйкестік сараптамасынан өткізілген жағдайда жүзеге асырады.
Нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін кейіннен жариялауды жүзеге асыру құқығын беру тәртібі осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде аталған, нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін кейіннен ресми жариялау қажеттілігі туралы өз бетінше шешім қабылдайтын ресми басылымдарға қолданылмайды.
3. Құқық қолдану тәжірибесінде нормативтік құқықтық актілердің ресми жарияланымдары пайдаланылуы тиіс.
4. Нормативтік құқықтық актілердің бейресми жариялануына олар ресми жарияланғаннан кейін ғана жол беріледі.
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 31-бап жаңа редакцияда
31-бап. Заң актілерін ресми жариялау
1. Қазақстан Республикасының заң актілері Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысында, сондай-ақ осы Заңның 30-бабында белгіленген тәртіппен басқа да баспа басылымдарында ресми жарияланады.
2. Заң актілерін ресми жариялау Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында ғана жүзеге асырылады.
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 32-бап жаңа редакцияда
32-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын ресми жариялау
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағында, сондай-ақ осы Заңның 30-бабында белгіленген тәртіппен басқа да баспа басылымдарында ресми жарияланады.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын ресми жариялау Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында ғана жүзеге асырылады.
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 33-бап жаңа редакцияда
33-бап. Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау
1. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері осы Заңның 30-бабында белгіленген тәртіппен мерзімді баспа басылымдарында жарияланады.
2. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында ғана жүзеге асырылады.
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 34-бап жаңа редакцияда
34-бап. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімияттардың нормативтік құқықтық қаулылары мен әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау
1. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімияттардың нормативтік құқықтық қаулылары мен әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау осы Заңның 30-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімияттардың нормативтік құқықтық қаулылары мен әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жүзеге асырылады.
35-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны толық жарияламауға жол бермеу
Мемлекеттiк құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар бар нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұнын ресми түрде толық жарияламауға жол бермейдi.
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 35-1-баппен толықтырылды
35-1-бап. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жариялануын бақылау
1. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жариялануын бақылауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
2. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жариялануын бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
7-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердiң уақыт, кеңiстiк
жағынан және тұлғалар бойынша қолданылуы
ҚР 06.03.02 ж. N 298-11 Заңымен 36-бап өзгертілді
36-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi күшiне енгiзу уақыты
1. Нормативтiк құқықтық актiлер мынадай мерзiмдерде:
1) Қазақстан Республикасының Заңдары, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары, - егер актiлердiң өзiнде немесе оларды күшiне енгiзу туралы актiлерде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, олар алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң;
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, оның палаталарының қаулылары - егер актiлердiң өзiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап;
3) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң шешiмдерi олар қабылданған күннен бастап;
4) орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасы Үкiметi құрамына кiретiндерiнiң де, кiрмейтiндерiнiң де, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың нормативтiк құқықтық актiлерi, - егер актiлердiң өзiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғаш рет ресми жарияланған күннен кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң күшiне енедi.