3. Сотталғандар заттай мүлiкпен өздерi үшiн белгiленген нормалар бойынша қамтамасыз етiледi.
4. Сотталғандарды медициналық жағынан қамтамасыз ету әскери жарғылардың талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
5. Стационарлық жағдайда емделуге мұқтаж сотталғандар емделу үшiн госпитальға күзетпен жiберiледi және онда арнайы жабдықталған палаталарда ұсталады. Сотталғандарды госпиталь шегiнде күзету госпиталь орналасқан жерi бойынша гарнизон бастығының күштерiмен және құралдарымен жүзеге асырылады.
6. Сотталғандарға ақшалай үлес олардың жеке шоттарына лауазымдық айлықақылардың есебiнен немесе шақыру бойынша қызметтiң бiрiншi жылындағы солдаттар мен матростарға арналған бiрiншi тарифтiк разряд бойынша ай сайын есептелiп отырады. Темекi үлесiнiң орнына ақшалай өтемақы тәртiптiк әскери бөлiмнен босату кезiнде қолына берiледi.
7. Сотталғандарда болуына, қолма-қол есеп айырыспай сатып алуына немесе посылкалармен, бандерольдармен және сәлемдемелермен алуына рұқсат етiлетiн бiрiншi кезекте қажеттi нәрселер мен тамақ өнiмдерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi анықтайды.
164-бап. Әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдарды
жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босату
Тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түрiндегi жазаны өтеушi және денсаулық жағдайы бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссия есептен шығара отырып әскери қызметке жарамсыз немесе бейбiт уақытта жарамсыз деп таныған адамды сот жазадан мерзiмiнен бұрын босатуы не жазасының өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағымен ауыстыруы мүмкiн.
VI БӨЛIМ. ӨЛIМ ЖАЗАСЫ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ
21-тарау. ӨЛIМ ЖАЗАСЫ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУДЫҢ
ТӘРТIБI МЕН ЖАҒДАЙЛАРЫ
165-бап. Жалпы ережелер
1. Өлiм жазасына сотталған адамды ұстаудың жағдайы оны күшейтiлген күзетпен және жалғыз адамдық камерада оқшаулаумен қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Сотталушы кешiрiм жасау туралы өтiнiш берген жағдайда үкiмнiң орындалуы Қазақстан Республикасының Президентi шешiм қабылдағанға дейiн тоқтатыла тұрады.
3. Сотталушы кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруден бас тартқан жағдайда түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi прокурордың қатысуымен тиiстi акт жасайды.
4. Сот үкiмiнiң заңды күшiне енуi, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының қадағалау тәртiбiмен соттың үкiмiне қарсылық жасау үшiн негiздердiң жоқтығы туралы және iстi қадағалау тәртiбiмен қарау үшiн негiздердiң жоқтығы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының қорытындылары, сондай-ақ кешiрiм жасау туралы өтiнiштiң қабылданбағаны туралы хабарлама немесе сотталушының кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруден бас тартқаны туралы акт өлiм жазасы түрiндегi жазаны орындау үшiн негiз болып табылады.
5. Өлiм жазасы туралы үкiм ол күшiне енген кезден бастап бiр жыл өткеннен ерте орындалмайды.
166-бап. Өлiм жазасына сотталған адамның құқықтық
жағдайы
1. Үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн сотталушының заңда белгiленген тәртiппен кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруге құқығы бар.
2. Ол:
заңда көзделген тәртiппен қажеттi азаматтық-құқықтық және неке-отбасылық қатынастарды ресiмдеуге;
заң көмегiн алуға және ұзақтығы мен санына шек қойылмай адвокатпен кездесуге;
қажеттi медициналық көмек алуға;
хаттарды шек қойылмай алуға және жiберуге;
зайыбымен, жақын туыстарымен ай сайын бiр қысқа мерзiмдi кездесуге;
дiн қызметшiсiмен кездесуге;
күн сайын ұзақтығы отыз минут болатын сейiлдеудi пайдалануға;
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға қатаң режимдегi түзеу колониясында ұсталатын сотталғандар үшiн көзделген мөлшерде ақша жұмсауға құқылы.
3. Өздерi жөнiндегi сот үкiмi заңды күшiне енген, бiрақ кешiрiм жасау мәселесi шешiлмеген не кешiрiм жасау туралы өтiнiшi қанағаттандырылған өлiм жазасында сотталғандар жазасын одан әрi өтеу үшiн түзеу мекемесiне жiберiлгенге дейiн осы Кодекстiң 123-бабында көзделген жағдайларда ұсталады.
4. Өздерi жөнiндегi кешiрiм жасау туралы өтiнiш қабылданбаған өлiм жазасына сотталғандар үкiмдi орындау үшiн тиiстi мекемелерге жiберiлгенге дейiн осы Кодекстiң 127-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда ұсталады.
Ескерту. 166-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 16.03.2001 N 163 Заңымен.
167-бап. Өлiм жазасын орындау тәртiбi
1. Өлiм жазасы жария етпей ату жолымен орындалады. Бiрнеше адамға қатысты өлiм жазасын орындау әрбiреуiне қатысты жеке және өзгелерi жоқта орындалады.
2. Өлiм жазасын орындау кезiнде прокурор, өлiм жазасы атқарылатын мекеменiң өкiлi және дәрiгер болады.
3. Сотталушының өлгенiн дәрiгер куәландырады. Сот үкiмiнiң орындалғаны туралы хаттама жасалады, оған осы баптың 2-тармағында аталған адамдар қол қояды.
4. Жазаны атқарған органның әкiмшiлiгi үкiм шығарған сотқа, сондай-ақ сотталушының жақын туыстарының бiрiне өлiм жазасының атқарылғаны туралы хабарлауға мiндеттi. Өлiктiң жерленген жерi туралы туыстарына жерленген кезден екi жыл өткен соң хабарланады.
5. Азаматтық хал актiлерiн жазу органына әкiмшiлiк белгiлеген үлгiде хабарлама жiбередi және туыстарына олардың өлуi туралы куәлiктi қайдан алуына болатын орынды хабарлайды.
VII БӨЛIМ. ЖАЗАНЫ ӨТЕУДЕН БОСАТУ. ЖАЗАСЫН ӨТЕУДЕН
БОСАТЫЛҒАН СОТТАЛҒАНДАРҒА КӨМЕК ЖӘНЕ
ОЛАРҒА БАҚЫЛАУ ЖАСАУ
22-тарау. ЖАЗАНЫ ӨТЕУДЕН БОСАТУ
168-бап. Жазаны өтеуден босатудың негiздерi
Жазаны өтеуден босатудың негiздерi мыналар болып табылады:
сот үкiмi бойынша тағайындалған жаза мерзiмiн өтеу;
iс бойынша ақтау үкiмi шығарылған немесе iс жүргiзудiң қысқартылуына байланысты сот үкiмi күшiнiң жойылуы;
жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату;
жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыру;
кешiрiм жасау немесе рақымшылық жасау;
ауыр сырқат немесе мүгедектiк;
заңда көзделген өзге де негiздер.
169-бап. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босатуға
ұсыну тәртiбi
1. Шартты-мерзiмiнен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағымен ауыстыру қолданылуы мүмкiн сотталушы жөнiнде жазаны атқарушы мекеме немесе орган Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа сотталушыны жазасын өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы не жазасының өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыру туралы ұсыныс енгiзедi.
2. Кешiрiм жасауға ұсынылатын сотталушы жөнiнде жазаны атқарушы мекеме немесе орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тиiстi өтiнiш енгiзедi.
3. Жазасын өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыру және кешiрiм жасау туралы ұсыныста сотталушының жеке басын сипаттайтын деректер, сондай-ақ оның мiнез-құлқы, жазасын өтеу кезiндегi еңбек пен оқуға көзқарасы баяндалуға тиiс.
4. Рақымшылық жасауды қолдану тәртiбiн рақымшылық жасау туралы актiнi шығарушы орган белгiлейдi.
5. Жүйке бұзылуы салдарынан жазаны өтеуден босату туралы ұсынысты сотқа жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның бастығы енгiзедi. Ұсыныспен бiрге медициналық комиссияның қорытындысы және сотталушының жеке iсi жолданады.
6. Ауыр сырқатқа байланысты жазаны өтеуден босату туралы ұсынысты сотқа жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның бастығы енгiзедi. Ұсыныспен бiрге сотқа медициналық немесе медициналық-әлеуметтiк сараптау комиссиясының қорытындысы мен сотталушының жеке iсi жолданады. Ұсыныста сотталушының жазасын өтеу кезiндегi мiнез-құлқын сипаттайтын деректер болуға тиiс.
7. Қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға сотталған адамдар I және II топтағы мүгедек деп танылған жағдайда жазаны атқарушы мекеме немесе орган оны жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босату туралы ұсыныс енгiзедi.
8. Қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға сотталған әйелдердiң жүктiлiгi анықталған жағдайда жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның бастығы сотқа жүктiлiгi мен тууы бойынша демалыс берген күннен бастап оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс енгiзедi.
9. Сотталушы заңмен белгiленген жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн өтеген кезде жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгi жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату, не одан бас тарту, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстыру туралы мәселенi бiр ай мерзiмде қарауға және қаулы шығаруға мiндеттi.
10.
11. Сот шартты-мерзiмiнен бұрын босатудан, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстырудан бас тартқан жағдайда, осы негiздердiң кез келгенi бойынша қайта ұсыныс енгiзу - бас тарту туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап алты айдан ерте орын алмауы керек.
12. Шартты-мерзiмiнен бұрын босатылғандар, сондай-ақ бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға сотталғандар, егер олар заңда көзделген жағдайларда түзеу мекемелерiне жiберiлген болса, жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағына ауыстыруды шартты-мерзiмiнен бұрын босатудан бас тарту туралы сот шешiмi шығарылған күннен бастап ерте дегенде бiр жыл өткен соң қайта ұсынуға болады.
Ескерту. 169-баптың 10-тармағы алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 05.05.2000 N 47 заңымен.
170-бап. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарды
шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға ұсынудың
ерекшелiктерi
1. Өмiр бойы бас бостандығынан айырудан шартты-мерзiмiнен босату сотталушының алдыңғы үш жылдың iшiнде жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылығы болмаған жағдайда ғана қолданылады.
2. Өмiр бойы бас бостандығынан өтеу кезеңiнде жаңадан ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған сотталғандар шартты-мерзiмнен бұрын босатуға ұсынылмайды.
3. Сот сотталушыны шартты-мерзiмнен бұрын босатудан бас тартқан жағдайда сот бас тарту туралы шешiм қабылдаған күннен бастап ерте дегенде үш жыл өткен соң қайталап ұсыныс енгiзу орын алуы мүмкiн.
ҚР 05.05.2000 N 47 заңымен 171-бап өзгертілді
171-бап. Жүктi әйелдер және жас балалары бар әйелдер
жөнiнде жазаның атқарылу мерзiмiн кейiнге қалдыру
1. Түзеу колониясында жазасын өтеушi жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдерге сот тиiсiнше бiр жылға дейiнгi мерзiмге немесе бала сегiз жасқа толғанға дейiн жазаның атқарылуын кейiнге қалдыруы мүмкiн.
2. Жазаның атқарылуын кейiнге қалдыру жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бес жылдан артық мерзiмге сотталған әйелдерге қолданылмайды.
3. Түзеу колониясының әкiмшiлiгi сотқа сотталған әйелге жазаны қолдануды кейiнге қалдыру туралы ұсыныс немесе оның тиiстi өтiнiшiн жолдайды. Оған қылмыстық-атқару инспекциясы жасаған әйелдiң мiнездемесi, әйелдi және баланы қабылдауға, оларға тұрғын үй беруге және тұруы үшiн қажеттi жағдайлар жасауға келiскен туысқандарының тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеру актiсi, жүктiлiгi туралы медициналық қорытынды не баласының бар екендiгi туралы анықтама, сондай-ақ сотталушының жеке iсi қоса тiркеледi.
4. Түзеу колониясының әкiмшiлiгi сотталған әйел жөнiнде жазаның атқарылуын кейiнге қалдыру туралы сот қаулысын алған соң оны босатады. Сотталушыдан өзiнiң тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына барып жеткен күнiнен бастап үш күн мерзiмде баруы туралы қолхат алынады.
5. Сотталған әйел тұратын жерiне мемлекет есебiнен өзi барады.
6. Босатылған күнiнде сотталған әйелдiң тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына босатылған күнi көрсетiлiп, жазаның атқарылу мерзiмiн кейiнге қалдыру туралы сот ұйғарымның көшiрмесi жiберiледi.
7. Қылмыстық-атқару инспекциясы сотталған әйел келген соң үш тәулiк iшiнде оны есепке алуға, босатылған орны бойынша түзеу колониясының жеке iсiн сұратуға мiндеттi және бұдан әрi оның жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асырады.
172-бап. Сотталған әйелдiң жазасын атқаруды кейiнге қалдыру
не баласы сегiз жасқа толуы ережелерiн сақтамауының
салдары
1. Сотталған әйел, осы Кодекстiң 171-бабында көрсетiлгенiндей, босаған күнiнен бастап екi апта мерзiмде келмеген жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы белгiленген тәртiппен iздеу жариялайды.
2. Қоғамдық тәртiптi бұзуға жол берген, өзiне жазаны атқаруды кейiнге қалдыру қолданылған сотталған әйел, егер өзi жөнiнде мерзiмiн кейiнге қалдыру кезеңiнде әкiмшiлiк жазалары не тәртiптiлiк немесе қоғамдық ықпал ету шаралары қолданылған болса, не егер ол баланы тәрбиелеуден немесе оны күтiп-бағудан жалтарса, қылмыстық атқару инспекциясы жазбаша ескерту жасайды.
3. Егер сотталған әйел баласынан бас тартса, не жасырынса немесе баланы тәрбиелеуден, немесе қылмыстық-атқару инспекциясы шығарған екi мәрте жазбаша ескертуден кейiн қоғамдық тәртiптi бұзуды жалғастырса, инспекция сотқа оның тұрғылықты жерi бойынша жазаны атқаруды кейiнге қалдырудың күшiн жою және сотталушыны сот үкiмiмен тағайындалған жазаны өтеуге жiберу туралы ұсыныс енгiзедi. Ұсынысқа жазаны атқаруды кейiнге қалдыру туралы сот шешiмiнiң көшiрмесi қоса тiркеледi.
4. Бала сегiз жасқа толғаннан кейiн немесе ол өлген жағдайда не жүктiлiк үзiлген ретте қылмыстық-атқару инспекциясы әйелдiң тұратын жерi бойынша оның мiнез-құлқын ескере отырып, сотталған әйелдi жазасының қалған бөлiгiн өтеуден босату туралы не жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағымен ауыстыру туралы, не оны түзеу мекемесiне жiберу туралы сотқа ұсыныс жолдайды.
173-бап. Жазаны өтеудiң тоқтатылуы және босату
тәртiбi
1. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту, бас бостандығын шектеу, қамау, бас бостандығынан айыру, сондай-ақ әскери қызмет бойынша шектеу және тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түрiндегi жазаны өтеу заңға сәйкес жазаның мерзiмiне енгiзiлуi мүмкiн өзгерiстер ескерiле отырып, жаза мерзiмiнiң соңғы күнiнде тоқтатылады.
2. Бас бостандығын шектеуге, қамауға және бас бостандығынан айыруға сотталғандар, жаза мерзiмiнiң соңғы күнiнiң бiрiншi жартысында босатылады. Егер жаза мерзiмi демалыс немесе мереке күнi бiтетiн болса, сотталушы жазаны өтеуден демалыс алдындағы немесе мереке алдындағы күнi босатылады. Жазаның мерзiмi айлармен есептелген жағдайда ол соңғы айдың тиiстi күнiнде, ал егер бұл айда тиiстi күн болмаса - сол айдың соңғы күнiмен бiтедi.
3. Сотталушыға босатылған кезде оған тиесiлi заттары мен құндылықтары, оның жеке шотында сақтаулы ақшасы мен жеке құжаттары, сондай-ақ жазасын өтегенi туралы немесе жазадан босатылғаны туралы құжат берiледi.
4. Бас бостандығын шектеу, қамау немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазадан босатылатын сотталушы адамның жеке iсiнде сақтаулы тұрған төлқұжаты немесе жеке басының куәлiгi, еңбек кiтапшасы мен зейнеткерлiк куәлiгi оған босатылған кезде қолына берiледi. Сотталушының жеке iсiнде төлқұжаты, жеке басының куәлiгi, еңбек кiтапшасы мен зейнеткерлiк куәлiгi болмаған жағдайда жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi олардың алынуына алдын-ала шаралар қолданады.
5. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босату тиiстi құжаттар түскен күнi, ал егер құжаттар жұмыс күнi аяқталған соң алынса - келесi күнi таңертең жүргiзiледi.
6. Қылмыстық-атқару инспекциясы түзеу жұмыстары түрiндегi жазаның аяқталған күнiнде, ал бұл жазадан басқа негiздер бойынша босатылған жағдайда тиiстi құжаттарды алған соң келесi жұмыс күнiнен кешiктiрмей сотталушы жазасын өтеп жатқан кәсiпорынның, мекеменiң немесе ұйымның әкiмшiлiгiне оның жалақысынан ұсталып қалатындарды тоқтатуды ұсынуға мiндеттi. Сотталушыға жазасын өтегенi туралы құжат берiледi.
7. Ақтау негiздерi бойынша қылмыстық iстiң қысқартылуына, ақтау үкiмiнiң шығарылуына байланысты үкiмнiң күшi жойылуы себептi жазаны өтеуден босатылған адамға жазаны атқарушы органның бастығы оның мүлiк, еңбек, тұрғын үй және айрылған өзге де құқықтарын қалпына келтiру құқығын түсiндiредi. Босату туралы құжатта сотталушыға мемлекет атынан ресми кешiрiм сұратылады.
174-бап. Сотталған әскери қызметшiлердi жазасын
өтеуден босату
1. Әскери қызметi бойынша шектеудi, қамауды не тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауды өтеушi сотталған әскери қызметшiлер жазаны одан әрi өтеуден оларды әскери қызметке жарамсыз ететiн ауру болған жағдайда босатылады. Жазаның өтелмеген бөлiгi оларға жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
2. Әскери қызметтен өту кезiнде жазаны өтеушi сотталған әскери қызметшiлердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген әскери қызметтен босату үшiн өзге де негiздер туындаған жағдайда жазадан сот жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстырып немесе онсыз белгiленген тәртiппен мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.
175-бап. Жазасын өтеген адамдардың құқықтық жағдайы
Жазасын өтеген адамдар соттылығы бар адамдар үшiн көзделген шектеулермен Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген мiндеттердi орындап, құқықтарды пайдаланады. Мұндай шектеулер тек заңда ғана көзделуi мүмкiн.
23-тарау. ЖАЗАНЫ ӨТЕУДЕН БОСАТЫЛҒАН АДАМДАРҒА
КӨМЕК ЖӘНЕ ОЛАРДЫ БАҚЫЛАУ
176-бап. Жазаны атқарушы мекемелер әкiмшiлiгiнiң босатылатын
сотталғандарды еңбекке және тұрмыста орналастыру
жөнiндегi мiндеттерi
1. Жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi қамау мерзiмi бiткенге дейiн екi айдан не бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру мерзiмi бiткенге дейiн алты айдан кешiктiрмей, жергiлiктi атқарушы органдар мен сотталушының таңдап алуы бойынша жұмыспен қамту қызметiне оның алдағы уақытта босатылатыны, оның тұрғын үйiнiң бар-жоқтығы, оның еңбек қабiлетi мен алған мамандығы туралы хабарлайды.
2. Сотталушыны босатуға әзiрлеу мақсатында онымен жiтi тәрбие жұмысы жүргiзiледi, оған құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi.
3. I және II топтағы мүгедектердi, сондай-ақ 60 жастан асқан ескектер мен 55 жастан асқан әйелдердi олардың өтiнiшi мен жазаны атқарушы мекеменiң ұсынуы бойынша әлеуметтiк қорғау органдары мүгедектер мен қарттар үйiне жiбередi.
177-бап. Жазаны өтеуден босатылатын сотталғандарға
көмек көрсету
1. Бас бостандығын шектеу, қамау немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаларды өтеуден босатылатын адамдар тұратын жерлерiне немесе жұмысына дейiн тегiн жолақымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жолда жүргенде азық-түлiкпен немесе ақшамен қамтамасыз етiледi.
2. Қажеттi маусымдық киiмi, аяқкиiмi мен оларды сатып алуға қаражаты болмаған жағдайда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдар мемлекеттiк қаражат есебiнен киiммен және аяқкиiммен қамтамасыз етiледi. Оларға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде бiр жолғы ақшалай жәрдемақы берiлуi мүмкiн.
3. Жазадан босатылатын адамдарды тамақпен, киiммен, аяқкиiммен қамтамасыз етудi, бiр жолғы ақшалай жәрдемақы берудi, сондай-ақ жолына ақы төлеудi жазаны атқарушы мекеме жүзеге асырады.
4. I және II топтағы мүгедектердi, жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдердi, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды бас бостандығын шектеу, қамау немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден босату кезiнде жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi олардың туыстарын не өзге адамдарды алдын ала хабардар етедi.
5. Түзеу мекемелерiнен босатылатын, денсаулық жағдайы бойынша ұдайы күтiмге мұқтаж адамдар, сондай-ақ он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар тұратын жерiне туыстарына немесе алып кетуге келген өзге адамға не түзеу мекемесi қызметкерiне ертiп жiберiледi.
178-бап. Босатылатын сотталғандардың еңбекке орналасуға
және тұрмыстық жайласуға және әлеуметтiк көмектiң
басқа да түрлерiне құқықтары
Бас бостандығын шектеу, қамау және бас бостандығынан айыру түрiндегi жазалардан босатылған сотталғандардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбекке орналасу мен тұрмыстық жайласуға және әлеуметтiк көмектiң басқа да түрiн алуға құқығы бар.
179-бап. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған
адамдарды әкiмшiлiк қадағалау
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, аса қауiптi қайталап жасаған қылмысы үшiн, ауыр және аса ауыр қылмыстары үшiн жазаларын өтеушi немесе қасақана жасаған қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыруға екi және одан да көп рет сотталған адамдарға, егер олардың жазасын өтеу кезiндегi мiнез-құлқы өздерiнiң түзелу жолына қасақана түскiсi келмейтiндiгiн және қоғам үшiн қауiптi болып қала беретiндiгiн дәлелдесе, әкiмшiлiк қадағалау тағайындалады.
180-бап. Iшкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын белгiлеу
қажет адамдар жөнiндегi материалдарды әзiрлеу және
ресiмдеу
1. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi жазалау мерзiмi аяқталуына дейiн бiр айдан кешiктiрмей iшкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын тағайындау қажет адамдарды анықтайды.
2. Түзеу мекемесiнiң бастығы бас бостандығынан айыру орындарынан
босатылатын осы Кодекстiң 179-бабында аталған адамдар жөнiнде
әкiмшiлiк қадағалау тағайындау туралы сотқа ұсыныс жолдайды.
3. Бас бостандығынан айыру орындарынан босату алдында әкiмшiлiк қадағалау тағайындалған адамдар жөнiнде түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi қадағалауға алынушының өзi таңдаған тұратын жерi бойынша iшкi iстер органына сотталушының барып жететiн уақытын көрсете отырып, әкiмшiлiк қадағалау тағайындау туралы судьяның қаулысын жiбередi.
VIII БӨЛIМ. ШАРТТЫ СОТТАЛҒАН АДАМДАРҒА БАҚЫЛАУ
ЖАСАУ
24-тарау. ШАРТТЫ СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ЖҮРIС-ТҰРЫСЫН
БАҚЫЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
181-бап. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды
жүзеге асырушы органдар
1. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды сынақ мерзiмi iшiнде сотталғандардың тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциялары, ал шартты сотталған әскери қызметшiлер жөнiнде - олардың әскери бөлiмдерiнiң командованиесi жүзеге асырады.
2. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен iшкi iстер органдарының қызметкерлерi тартылады.
Ескерту. 181-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 16.07.2001. N 244 Заңымен.
182-бап. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын
бақылауды жүзеге асыру тәртiбi
1. Қылмыстық-атқару инспекциялары сынақ мерзiмi iшiнде сотталғандардың жеке есебiн жүргiзедi, iшкi iстер органдарының қызметкерлерiнiң қатысуымен сотталғандардың қоғамдық тәртiптi сақтауын және өздерiне сот жүктеген мiндеттерiн орындауын бақылайды.
2. Сотталушыға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы осы Кодекстiң 24-29-баптарында көзделген шараларды толық көлемiнде жүзеге асырады.
3. Сотталушы мiндеттi әскери қызметке шақырылған жағдайда әскери комиссариатқа үкiмнiң көшiрмесi, қажет болған жағдайларда қызметтен өту орны бойынша сотталушының жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асыруға керектi өзге де құжаттар жiберiледi. Әскери бөлiмнiң командованиесi он күн мерзiмде қылмыстық-атқару инспекциясына шартты сотталғандарды есепке қойғаны, қызмет аяқталған соң - әскери бөлiмнен кеткенi туралы хабарлауға мiндеттi.
4. Шартты сотталғандар қылмыстық-атқару инспекцияларының және әскери бөлiмдер командованиелерiнiң алдында өзiнiң жүрiс-тұрысы туралы есеп беруге, өздерiне сот жүктеген мiндеттердi орындауға, шақыру бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына келiп тұруға мiндеттi. Дәлелдi себептерсiз келмеген жағдайда шартты сотталушы ерiксiз келтiрiлуi мүмкiн.
5. Шартты сотталушы бақылаудан жалтарған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы оның жүрген жерi мен жалтару себептерiн анықтау жөнiнде алғашқы шараларды қолданады.
Ескерту. 182-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 16.07.2001. N 244 Заңымен.
183-бап. Сынақ мерзiмiнiң есептелуi
1. Сынақ мерзiмi сот үкiмi заңды күшiне енген кезден бастап есептеледi.
2. Сынақ мерзiмi бiткен соң шартты сотталушының жүрiс-тұрысын бақылау тоқтатылады, сөйтiп ол қылмыстық-атқару инспекциясының есебiнен шығарылады.
184-бап. Шартты сотталушылардың жауаптылығы
1. Шартты сотталушы соттың өзiне жүктеген мiндеттерiн атқарудан жалтарған не ол қоғамдық тәртiптi бұзған, бұл үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы оған шартты сотталудың күшi жойылуы мүмкiн екендiгi туралы жазбаша түрде ескерту жасайды.
2. Шартты сотталушы осы Кодекстiң 182-бабының 4-тармағында аталған мiндеттердi орындамаған жағдайда, сондай-ақ шартты сотталушыға қандай да бiр басқа мiндеттер жүктеудiң орындылығын куәландыратын өзге де мән-жайлар болған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа тиiстi ұсыныс жiберуi мүмкiн.
3. Жеткiлiктi негiздер болған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа сынақ мерзiмiн бiр жылға дейiн ұзарту туралы ұсыныс жiбередi.