Қазақстан Республикасының аумағында берiлген вексель валютасы теңге болып табылады. Қазақстан Республикасының аумағында шетел валютасында вексель айналысы валюталық реттеу туралы заңдарда көзделген жағдайларда мүмкiн болады.
83-бап
Есеп кеңселерi вексельдермен мынадай операциялар түрлерiн жүзеге асыра алады:
вексельдердi инкассоға қабылдау;
вексельдердiң есебiн жүргiзу және авальдау;
төлемшiнiң вексельдi төлеуi, сондай-ақ ескертпелi вексельдердiң төлемi жөнiнде қызмет көрсету;
делдалдық тәртiбiмен вексельдердiң акцептiн жасау.
Осы бапта көзделген операцияларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң банк операцияларының тиiстi түрлерiн жүзеге асыру құқығына берген лицензиялары болған жағдайда ғана есеп кеңселерi жүзеге асырады.
ҚР 24.12.01 ж. N 276-11 Заңымен 83-1-баппен толықтырылды
83-1-бап
Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе оған әкелiнетiн вексель қағазының мазмұны мен нысанына, қорғалу дәрежесiне және ондағы вексельдiң сомасын мiндеттi түрде баспаханалық тәсiлмен көрсетуге қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
Вексель қағаздарын шығаруға байланысты қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензиялануға жатады.
Қазақстан Республикасының аумағында вексельдер жай қағазда жасалуы да мүмкiн.
Вексель қағазының мәтiнi (вексель бланкi) мемлекеттiк және орыс тілдерiнде жазылуға тиiс.
15-тарау. Вексельдiң төлем және несие беру
құралы ретiнде атқаратын қызметтерi
84-бап
Заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында өзара есеп айырысуларда, мұның өзi тиiстi шартта көзделген және осы Заңға қайшы келмейтiн жағдайларда, жай және аударым векселiн пайдалануға құқылы.
Есеп кеңселерi арқылы вексельдермен есеп айырысу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Инкассоға қабылданған вексельдердi байланыс мекемелерiнiң жiберу тәртiбi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсiм бойынша шығарылған Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органының нормативтiк құқықтық актiлерiмен және байланыс мекемесi мен есеп кеңсесiнiң арасындағы шартпен белгiленедi.
85-бап
Сатушының сатып алушыға беретiн төлемдi кейiнге қалдыру бойынша берешектi ресiмдеу осы Заңмен белгiленген талаптарға сәйкес вексель беру түрiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
86-бап
Есеп кеңселерiнiң вексель ұсынушыға вексель сомасын төлей отырып төлем мерзiмi жеткенге дейiн индоссамент бойынша вексельдер қабылдауы вексельдердi есепке алу деп аталады. Есеп кеңсесi вексель сомасынан есеп кеңсесi өз бетiнше белгiлеген дисконт ұстап қалуға құқылы.
Вексельдердi қайта есепке алу - бұл есеп кеңсесiнiң вексель сомасын төлем және дисконт ұстай отырып, төлем мерзiмi басталғанға дейiн есепке алған вексельдерiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң индоссамент бойынша қабылдауы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң вексельдердi қайта есепке алуы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ресми есеп жүргiзу ставкасына сәйкес жүзеге асырылады.
Вексельдердi есепке алу мен қайта есепке алу тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi қайта есепке алуды, ал есеп кеңселерi - тек коммерциялық вексельдердi есепке алуды жүргiзедi.
87-бап
Вексель бойынша төлем акцептi вексель ұстаушыға осы Заңның 93-бабының үшiншi абзацында көзделген талаптар сақталған жағдайда, акцептанттың банктiк есебiнен төлемге жататын соманы даусыз шығарып тастауды талап ету құқығын бередi.
88-бап
Вексельде төлемшi ретiнде көрсетiлген тұлға мен вексель берушi төлемшiден қандай да бiр мiндеттеменiң орындалуын талап ету құқығына ие болатындай қатынастарды вексель берушiнiң белгiлеуi вексельдi жабу деп түсiнiледi. Бұл орайда мұндай мiндеттеменiң сомасы вексель бойынша төлем сомасынан төлем болмауға тиiс.
Вексель ұстаушының вексель берушiден вексельдi жабуды талап етуге құқығы бар. Вексель берушi вексельдi жабуды төлем мерзiмiнде қамтамасыз етуге мiндеттi.
89-бап
Аккредитив төлемiнiң, банк несиесiнiң қайтарылуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен вексельдi кепiлге беру жолымен жүзеге асырылады. Вексельдi кепiлге беру индоссаменттi ресiмдеуге қойылатын талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
Қалған жағдайларда вексельдi кепiлге беруге жол берiлмейдi.
Вексельдiң кепiлге берiлуi және мұндай мәмiлелердi тiркеу Қазақстан Республикасының аумағында тиiстi есеп кеңселерi арқылы жүргiзiледi.
16-тарау. Қазақстан Республикасы резидент еместерiнiң
вексель айналысы. Шетел валютасындағы вексельдермен
жүргiзiлетiн операциялар
90-бап
Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резидент еместерi берген вексель айналысы Қазақстан Республикасының вексель заңдарымен реттеледi.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының резидентi қабылдаған вексельдiк мiндеттеме Қазақстан Республикасының аумағында, Қазақстан Республикасының вексельдiк заңдарымен қойылған барлық талаптар сақталған жағдайда ғана жарамды болады.
91-бап
Вексель валютасының бағамы төлемшiге қызмет көрсететiн не вексельдi есепке алған есеп кеңсесi белгiлеген осындай валюта бағамына сәйкес анықталады.
92-бап
Римессаны Қазақстан Республикасының резидент емесiмен өзара есеп айырылысуларда валюталық операциялар жүргiзуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар есеп кеңсесi ғана пайдалана алады.
ҚР 24.12.01 ж. N 276-11 Заңымен 16-1-тараумен толықтырылды
16-1-тарау. Елтаңбалық алым
92-1-бап
Елтаңбалық алым - аударым вексельдерi мен жай вексельдер жасау кезiнде, вексель қағазын иемдену кезiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оның аумағына әкелiнетiн вексельдер бойынша құқықтар мен мiндеттердiң пайда болуына, өзгеруiне немесе тоқтатылуына (индоссаттау, авальдау, акцепт, инкассоға беру және басқалары) бағытталған алғашқы iс-қимылды жасау кезiнде жеке және заңды тұлғалардан бiржолғы алынатын төлем.
Елтаңбалық алымның сомасы, вексель қағазын сатып алу кезiнде төлеттiрудi қоспағанда, банк арқылы енгiзiледi және елтаңбалық алымды төлеу туралы вексельге қоса берiлген квитанциямен расталады.
Қазақстан Республикасының аумағында елтаңбалық алымды төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда, вексельден туындайтын құқықтар елтаңбалық алымның барлық сомасы төленгенге дейiн тоқтатыла тұрады және елтаңбалық алымның толық сомасы төленген кезден бастап жалғастырылады.
Елтаңбалық алым толық төленбеген жағдайда оның қосымша төлемiн вексель берушi де, вексель ұстаушы да немесе басқа тұлға да вексельге оның қосымша төлемi туралы квитанцияны қоса бере отырып жүргiзуi мүмкiн.
Вексель ұстаушының, сондай-ақ елтаңбалық алым сомасын қосымша төлеген өзге тұлғаның Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оны вексель берушiден өтеудi талап етуге құқығы бар.
Елтаңбалық алымның ставкалары, бюджетке есептеу және төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес белгiленедi.
17-тарау. Вексельдiк заңдарды бұзғаны үшiн
жауапкершiлiк
93-бап
Вексель бойынша акцепт бермеу немесе төлем жасамау туралы наразылықты нотариус акцепт бермеу немесе төлем жасамау фактiсiн куәландырған тиiстi жазба оған жазылып оған берiлген сәттен бастап бiр күннiң iшiнде жасайды.
Акцептке күнi қойылмауына наразылық вексельдiң акцепт бермеуiне наразылық жасау үшiн белгiленген тәртiп пен мерзiмде жасалуға тиiс.
Егер вексельде оның акцептi туралы ескерту бар болса, онда вексель бойынша төлем жасамау туралы наразылық оның акцептi жағдайында орындаушы құжат болып табылады және төлем жасаушының есебiнен қаржыны даусыз төлеттiрiп алуды қолдануға негiз болады. Төлем жасаушының шотында қаржы жоқ болған жағдайда наразылық туралы мәлiмдеушi борышкердiң вексель бойынша мүлкiнен өндiрiп алуды талап етуге құқығы бар.
Осы баптың үшiншi абзацындағы ереже сондай-ақ жай вексельдi ұстаушыға да қолданылады.
Акцептемеу және төлем төлемеу туралы наразылық, сондай-ақ осы баптың үшiншi және төртiншi абзацтарында көзделген шараларды қолдану вексельдiк мiндеттемелер бойынша дауларды сотқа дейiн шешудiң нысаны болып табылады.
94-бап
Вексель бойынша төлем жасаушының мүлкiнен өндiрiп алу осы Заңның 93-бабының үшiншi абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, сот шешiмiнiң негiзiнде ғана жүргiзiледi.
Вексель жарамсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, вексельдi беруге негiз болған шарттың ережелерiн сот қарауға құқылы емес.
Осы Заңның 1 және 74-баптарында белгiленген талаптар бұзыла отырып вексель жасалған жағдайларда, вексель жарамсыз деп танылады. Жарамсыз векселдерден туындайтын мiндеттемелер бойынша дау туған жағдайда осы баптың екiншi абзацында көрсетiлген шарт бойынша мiндеттемелердi бұзу туралы iс ретiнде қаралады.
95-бап
Қазақстан Республикасының аумағында достық, қола және қаржы вексельдерiн шығаруға тыйым салынады.
Достық немесе қола векселi бойынша төлем жасамау тәуекелiн достық немесе қола векселiн ұсынушы вексель ұстаушы мойнына алады.
Осы баптың бiрiншi абзацында аталған вексельдi есепке бiле тұра қабылдаған есеп кеңсесiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң даусыз төлеттiрiп алу тәртiбiмен вексель сомасының үш есе мөлшерiнде айыппұл салынып, республикалық бюджет кiрiсiне жiберiледi.
Заңды және жеке тұлғалар тиiстi құқық қорғау органдарына қола вексельдi ұсыну фактiлерi туралы кешiктiрмей хабарлауға мiндеттi.
Достық, қола немесе қаржы векселiн шығаруға кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жауапты болады.
96-бап
Вексельдiң жоғалғаны үшiн, вексель берушi жоғалған вексельдi бергенiн мойындаған жағдайларды қоспағанда, оны жоғалтқан вексель ұстаушы жауап бередi. Жоғалған вексель бойынша оның құқығы сот тәртiбiмен қайта қалпына келтiрiлген жағдайда төлем жасалуы мүмкiн.
Жоғалған вексель бойынша құқығын қалпына келтiру жөнiндегi өтiнiштi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында көзделген тәртiппен сот қарайды.
Жоғалғанның орнына вексель берiлуi және вексельдегi берiлiм жазбасының қайта қалпына келтiрiлуi оны жоғалтқаны вексель ұстаушының есебiнен жүргiзiледi.
Вексельдi жеткiзiп беруге мiндеттенген адам оны жөнелтуге қабылдаған сәттен бастап, адресатқа табыс еткенге дейiн жоғалтса ғана ол үшiн жауап бередi. Ол вексельдi жоғалтқан жағдайда жоғалған вексельдi инкассациялау бойынша операциялар орындаған вексель ұстаушыға не есеп кеңесiне осындай вексель бойынша құқықтарды қалпына келтiрумен байланысты барлық шығыстардың орнын толтыруға мiндеттi.
97-бап
Осы Заңмен көзделген вексельдермен валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртiбiнiң бұзылуы валюталық реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
Осы Заңның 86-бабының талаптарын бұза отырып вексель операцияларын жүзеге асырғаны үшiн жауапкершiлiк Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" Заң күшi бар Жарлығына сәйкес басталады.
18-тарау. Қорытынды ережелер
98-бап
Осы Заң нормалары және Қазақстан Республикасы бекiткен, халықаралық шарттардың ережелерi арасында қайшылықтар туған жағдайда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
Қазақстан Республикасының