Экологиялық сараптама туралы Қазақстан Республикасының
1997 ж. 18 наурыздағы N 85-1
Заңы
(ҚР 24.12.98 ж. N 334-1; 11.05.99 ж. N 381-1;
02.07.03 ж. N 454-11 Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 9 баптар)
2-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк (10 - 12 баптар)
органдарының экологиялық сараптама
саласындағы құзыретi
3-тарау. Мемлекеттiк экологиялық сараптама (13 - 28 баптар)
4-тарау. Қоғамдық экологиялық сараптама (29 - 32 баптар)
5-тарау. Экологиялық сараптаманы қаржыландыру (33 - 34 баптар)
6-тарау. Экологиялық сараптама жасалуға тиiс (35 - 36 баптар)
құжаттама тапсырысшыларының құқықтары
мен мiндеттерi
7-тарау. Экологиялық сараптама саласында (37 - 38 баптар)
келiспеушiлiктердi шешу
8-тарау. Қазақстан Республикасы табиғат қорғау (39 - 40 баптар)
заңдарының экологиялық сараптама
саласында бұзылу түрлерi
9-тарау. Экологиялық сараптама саласындағы (41 бап)
халықаралық ынтымақтастық
Осы Заң басқарушылық, шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмiрi мен денсаулығына терiс әсер етуiне жол бермеу мақсатында экологиялық сараптама саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Терминдер мен анықтамалар
Экологиялық сараптама - шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған орта сапасының нормативтерi мен экологиялық талаптарға сәйкестiгiнiң, осы қызметтiң қоршаған ортаға жасауы ықтимал терiс әсерлерiнiң және соларға байланысты зардаптардың алдын алу мақсатында сараптама объектiсiн iске асыруға қол жеткiзiлетiндiгiнiң анықтамаса.
Экологиялық сараптама жасалуға жататын құжаттаманың тапсырыcшысы - жоспарланып отырған қызметтi жобалауға тапсырма берген және сараптама объектiсiн қаржыландыруды жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға.
Сараптаманың бастамашысы - жобаның тапсырысшысын қоса алғанда, мемлекеттiк немесе қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзудiң қажеттiгi туралы мәселе қойған заңды немесе жеке тұлға.
Сараптама объектiсiн iске асыру - жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы және жобалық құжаттамада көзделген шешiмдерге сәйкес өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердiң құрылысын салу, пайдалану, тарату, қызмет көрсету, бұйымдар мен технологиялардың шаруашылық айналымына түсуi жөнiндегi жұмыстардың басталуы мен барысы, сондай-ақ заң актiсiнiң күшiне енуi, сараптама объектiсiнiң өзге де нақты пайдаланылуы. Экологиялық қауiптi қызмет - адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсерiн тигiзген немесе тигiзуi мүмкiн басқарушылық және инвестициялық қызметтi қоса алғандағы тiкелей және жанама қызмет.
Экологиялық қауiптi объект - iске асырылғанда адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсерiн тигiзуi мүмкiн немесе зиянды әсерiн тигiзетiн сараптама объектiсi.
Экологиялық тәуекел - табиғат объектiлерi мен факторларының кез келген антропогендi өзгерiстерiнiң қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына (қасақана немесе кездейсоқ жасалған, бiртiндеп болатын және апатты) қолайсыз зардапттар тигiзу ықтималдылығы.
2-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық сараптама туралы заңдары
Қазақстан Республикасының экологиялық сараптама туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық сараптама мәселелерiн реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
3-бап. Экологиялық сараптаманың мақсаттары
Экологиялық сараптаманың мақсаттары:
1) жоспарланып отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтi iске асырудың халық денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал терiс зардаптарын болдырмау;
2) жоспарланып отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтi iске асыру туралы шешiм қабылданар алдындағы сатыларда, сондай-ақ оларды салу және iске асыру процесiнде олардың экологиялық талаптарға сәйкес келуiн бағалау;
3) өндiргiш күштердi орналастыру мен дамыту салдарынан экологиялық жай-күйдiң болжамдалып отырған өзгерiстерiне сараптамалық бағалауды қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Экологиялық сараптаманың мiндеттерi
Экологиялық сараптаманың мiндеттерi:
1) Ықтимал, әлеуметтiк, экономикалық және экологиялық зардаптарға талдау жасауды қоса алғанда, объектiлерде атқарылған қоршаған орта мен халықтың денсаулығына, табиғи ресурстарға жоспарланып отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтiң әсер етуiн бағалаудың толымдылығы мен дұрыстығын анықтау;
2) жоспарланып отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтiң қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерiн жан-жақты, ғылыми негiзделген талдау мен бағалауды ұйымдастыру;
3) Қазақстан Республикасының заңдарындағы, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген стандарттардағы, нормалар мен ережелердегi экологиялық талаптардың сараптама жасалып отырған құжаттамада сақталуын тексеру;
4) экологиялық сараптама қорытындыларын әзiрлеу, оларды сараптама объектiсiн iске асыру туралы шешiм қабылдайтын ұйымдарға беру және мүдделi органдар мен халыққа қажеттi ақпарат беру болып табылады.
5-бап. Экологиялық сараптаманың принциптерi
Экологиялық сараптама:
1) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзудiң мiндеттiлiгi;
2) министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың бақылаушы және қадағалаушы органдармен өзара iс-қимылы;
3) экологиялық сараптама тұжырымдарының объективтiлiгi мен ғылыми негiздiлiгi;
4) сараптама органдары мен сарапшылардың өз өкiлеттiгiн жүзеге асырған кезде тәуелсiз болуы;
5) жариялылық;
6) экологиялық сараптаманың кешендiлiгi мен оның алуан түрлi болуы;
7) экологиялық және медициналық-биологиялық мүдделердiң басымдығы принциптерiне негiзделедi.
ҚР 11.05.99 ж. N 381-1 Заңымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Экологиялық сараптама объектiлерi
1. Экологиялық сараптама объектiлерi мыналар болып табылады:
1) табиғат пайдалану мәселелерiне қатысты жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасы, шарттар, келiсiм-шарттар, соның iшiнде халықаралық шарттар мен келiсiм-шарттар;
2) Қазақстан Республикасының қабылданбақ болып белгiленiп отырған, қоршаған орта мен халық денсаулығына ықпал жасайтын заң актiлерi мен нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары;
3) шаруашылық қызметтi жүзеге асыру кезiнде табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны және халық денсаулығын қорғау жөнiндегi талаптарды (экологиялық аудиттi) сақтауын бағалау материалдары;
4) табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласында лицензиялар мен сертификаттарды алу кезiнде экологиялық негiздеме үшiн табыс етiлетiн құжаттама.
2. Кейiннен ерекше құқықтық мәртебе (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, экологиялық апат аймақтары және басқалар) беру мақсатында аумақтарды кешендi зерттеу материалдары да экологиялық сараптама объектiлерi болып табылады.
7-бап. Экологиялық сараптама субъектiлерi
Экологиялық сараптама субъектiлерi мыналар болып табылады:
1) кез келген объектiлерде мемлекеттiк экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргiзу бөлiгiнде - Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы және оның жергiлiктi жерлердегi органдары;
2) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мен оның жергiлiктi жерлердегi бөлiмшелерi мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзуге тартатын министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер мен өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдар;
3) қоғамдық экологиялық бiрлестiктер, ғылыми мекемелер және олар құратын экологиялық-сараптама органдары;
4) экологиялық сараптама жүргiзуге тартылған жеке адамдар.
8-бап. Экологиялық сараптаманың түрлерi
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк экологиялық сараптама мен қоғамдық экологиялық сараптама жүзеге асырылады.
9-бап. Экологиялық сараптаманың жариялылығы
1. Объектiлерге экологиялық сараптама жүргiзудiң бастамашылары оның жүргiзiлетiнi туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлауға мiндеттi. Экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын орган да қажет болған жағдайда солай iстейдi.
2. Экологиялық сараптама жүргiзген сараптама органдары ол аяқталған соң, жұртшылықтың талап етуiмен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге түрде бiр ай мерзiмде экологиялық сараптама тұжырымдары туралы хабарлайды.
2-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
органдарының экологиялық сараптама
саласындағы құзыретi
10-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және орталық атқарушы органдарының экологиялық сараптама саласындағы құзыретi
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) шет мемлекеттер аумағында орналасқан және Қазақстан Республикасының мүдделерiн қозғайтын объектiлер мен кешендерге мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу қажет болған жағдайда шет мемлекеттермен өзара iс-қимыл жасау мәселелерiн шешедi;
2) экологиялық және басқа да мемлекеттiк сараптамалардың өзара iс-қимыл тәртiбiн белгiлейдi;
3) Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес экологиялық сараптама саласында өзге де мiндеттердi жүзеге асырады.
2. Министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер және ведомстволар:
1) экологиялық сараптаманың талаптарына қатысты бөлiгiнде мемлекетаралық және мемлекеттiк бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етедi және ұйымдастырады;
2) экологиялық сараптама ұсыныстарын iске асыруға бағытталған ғылыми-техникалық шешiмдердiң енгiзiлуiн ұйымдастырады;
3) халықты экологиялық сараптама қорытындылары туралы сенiмдi ақпаратпен қамтамасыз етудi ұйымдастыру жөнiндегi жұмысты жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi нормалар мен ережелерге сәйкес экологиялық сараптама саласында өзге де мiндеттердi жүзеге асырады.
11-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының құзыретi
1. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мен оның жергiлiктi жерлердегi бөлiмшелерiнiң мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзуге ерекше құқығы бар.
2. Орталық атқарушы орган қоршаған ортаны қорғау саласында өз өкiлеттiгi шегiнде:
1) мемлекеттiк экологиялық сараптаманы ұйымдастырады және жүргiзедi;
2) Қазақстан Республикасында экологиялық-сараптама қызметiн үйлестiредi, бағыныстылығына және меншiк нысанына қарамастан, экологиялық сараптама жүргiзу мәселелерi жөнiнде мемлекетте әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;
3) қоршаған ортаға әсердi бағалауды және мемлекеттiк экологиялық сараптаманы, оны жүргiзу тәртiбiн қоса, жүргiзу жөнiнде нұсқама-әдiстемелiк құжаттарды белгiленген тәртiппен әзiрлейдi және бекiтедi;
4) шаруашылық және өзге де қызметтi реттейтiн құжаттарды, ондағы экологиялық талаптарды барынша толық есепке алу бөлiгiнде, үйлестiрiп отырады және бекiтедi;
5) экологиялық сараптама саласында қоршаған ортаға әсер етудi бағалау проблемалары жөнiндегi ғылыми зерттеулердi үйлестiрiп отырады;
6) жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын әзiрлеу кезiнде табиғат қорғау нормалары мен ережелерi талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бөлiгiнде министрлiктердiң, ведомстволар мен ұйымдардың тиiстi қызметтерiн бақылауды және үйлестiрудi жүзеге асырады;
7) консультациялар, бiрлескен экологиялық сараптамалар жүргiзу, ғылыми және әдiстемелiк талдамалар алмасу, осындай жұмыстарға шетелдiк мамандарды тарту мақсатында белгiленген тәртiппен басқа мемлекеттердiң экологиялық-сараптама органдарымен өзара iс-қимыл жасайды;
8) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың, басқа да мүдделi бiрлестiктер мен құрамалардың эколог-сарапшыларын тиiсiнше даярлауды ұйымдастырады;
9) табиғат қорғауды жобалауға, нормалауға және экологиялық сараптама саласындағы жұмыстарға белгiленген тәртiппен лицензиялар берудi жүзеге асырады;
10) сараптама комиссияларының адам құрамын белгiлейдi, оларда штаттан тыс сарапшылар ретiнде жұмыс iстеуге барынша құзыреттi отандық және шетелдiк ғалымдар мен мамандарды, министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен табиғат қорғау қозғалыстарының өкiлдерiн тартады;
11) министрлiктерден, мемлекеттiк комитеттерден, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардан, заңды тұлғалардан мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзуге қажеттi анықтамалық, басқа да материалдар алады;
12) сараптама объектiсiн iске асыру кезiнде министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, заңды тұлғалардың мемлекеттiк экологиялық сараптама шешiмдерi мен талаптарын орындауына бақылауды жүзеге асырады.
12-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың экологиялық сараптама саласындағы құзыретi
Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар:
1) экологиялық сараптамалар жүргiзудi қаржыландыру көздерiн анықтайды;
2) экологиялық сараптаманың әр алуан түрлерiн жүзеге асыру кезiнде қолданылып жүрген заңдар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
3) халыққа өздерi қабылдаған шешiмдерге сәйкес жүргiзiлетiн экологиялық сараптама нәтижелерi туралы хабарлап отырады.
Атқарушы органдар мамандандырылған сарапшылық органдармен және жекелеген азаматтармен сараптама жұмысын жүргiзуге шарттар жасасады.
3-тарау. Мемлекеттiк экологиялық сараптама
ҚР 02.07.03 ж. N 454-11 Заңымен 13-бап толықтырылды
13-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптама және оны жүргiзу нысандары
1. Мемлекеттiк экологиялық сараптама - Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мен оның жергiлiктi жерлердегi бөлiмшелерiнiң сараптама қызметiнiң түрi. Ол мiндеттi сипатта болады және табиғат пайдалану мен қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер ету бөлiгiнде құқықтық, ұйымдастырушылық және шаруашылық шешiмдер қабылдаудың алдында жасалуға тиiс. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмайынша жобаны iске асыруға тыйым салынады.
Үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды салуға (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, реконструкциялауға, қалпына келтiруге, күрделi жөндеуге) арналған алдын ала жобалау, сондай-ақ жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жекелеген түрлерi бойынша мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындылары жобалардың мемлекеттiк сараптамасының жинақталған қорытындысына енгiзiледi.
2. Қайталап мемлекеттiк экологиялық сараптама жасау табиғат пайдалану жағдайлары өзгерген реттерде, бұрын жүргiзiлген мемлекеттiк экологиялық сараптаманың ескертпелерi бойынша материалдар пысықталғаннан кейiн сот органдары шешiмдерiнiң негiзiнде жүргiзiледi, сондай-ақ Үкiметтiң және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының шешiмi бойынша қайталануы мүмкiн.
ҚР 11.05.99 ж. N 381-1 Заңымен 14-бап өзгертілді және толықтырылды
14-бап. Мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптама жасалуға жататын объектiлер
Мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптама жасалуға мына объектiлер жатады:
1) жоспарланатын, жоспарлау алдындағы және жобалау алдындағы құжаттамалардың барлық түрлерi, болжамдардың, экологиялық және өзге де бағдарламалардың жобалары, қызметтiң негiзгi бағыттарының тұжырымдамалары, мемлекеттiк инвестициялық бағдарламалар, шарттар, келiсiм-шарттар, соның iшiнде меншiк нысандарының және басқа да жекешелендiру түрлерiнiң өзгеруiне қатыстылары, өндiргiш күштердi дамыту мен орналастыру схемаларының жобалары;
2) аумақтарды экологиялық жағынан қалпына келтiру мен жердi жаңғырту жобаларын қоса, су, орман, жер және басқа да табиғи ресурстарды қорғау мен пайдаланудың кешендi схемаларының жобалары;
3) аумақтар учаскелерiн кешендi экологиялық зерттеу материалдары;
4) қалалар мен аумақтарды, оның iшiнде арнайы экономикалық аймақтар аумақтарын және табиғат пайдалану мен шаруашылық қызметiн жүргiзудiң айрықша режимiндегi аумақтарды салудың (дамытудың) бас жоспарларының жобалары;
5) кәсiпорындарды, объектiлер мен кешендердi, үйлер мен ғимараттарды орналастыруға, салуға, қайта жаңартуға, дамытуға, техникалық қайта жарақтандыруға, қайта бейiмдеуге, таратуға арналған техникалық-экономикалық негiздемелер (есептеулер) мен жобалар, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн игеру мен пайдалануға арналған биологиялық негiздемелер;
6) жаңа техникаға, технологияларға, материалдар мен заттарға, оның iшiнде шет елдерден сатып алынатындарына қойылатын экологиялық талаптарды негiздейтiн құжаттама, табиғи ресурстарды алуға (пайдалануға) рұқсат (лицензия) берудi негiздейтiн құжаттама;
7) шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асырған кезде экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бөлiгiнде заңдардың, нормативтiк құқықтық, нормативтiк-техникалық және нұсқама-әдiстемелiк актiлердiң жобалары;
8) қауiптi табиғат құбылыстары, шаруашылық немесе өзге де қызмет (қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың өтiнiшi бойынша) нәтижесiнде аймақта туындаған экологиялық ахуалды зерттеу материалдары;
8-1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желiсiн дамыту мен орналастырудың сызбасы, сондай-ақ осы аумақтарды құру жөнiндегi негiздемелер;
9) жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындардың қоршаған ортаның жай-күйiне зиянды әсер ететiн ықпалын бағалау (бақылаушы органдар мен жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың шешiмi бойынша) жөнiндегi құжаттама;
10) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының шешiмi бойынша өзге де материалдар мен құжаттама жатады.
15-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптамаға берiлетiн құжаттамаға қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк экологиялық сараптамаға берiлетiн құжаттаманың құрамында тапсырысшы:
1) жоспарланып отырған қызметтiң бүкiл жүзеге асырылуы кезеңiнде оның қоршаған ортаның жай-күйiне, халықтың денсаулығына тигiзетiн әсерiне берiлген кешендi экологиялық-әлеуметтiк және экономикалық бағаны және осы қызметтiң экологиялық зардаптары туралы мәлiмдеменi;
2) жоспарланып отырған қызметтi iске асыру туралы орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу құжаттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы белгiлейтiн тәртiпке сәйкес қоғамдық пiкiрдi ескеру нәтижелерiн табыс етуге мiндеттi.
2. Мемлекеттiк экологиялық сараптамаға берiлетiн құжаттамада:
1) тиiмдi материалдарды, энергияны үнемдейтiн, аз қалдықты және қалдықсыз технологиялық процестердi енгiзу;
2) табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және ұдайы өсiру, өндiрiс қалдықтарын кешендi ұқсату және кәдеге жарату мен тұтыну;
3) сарқынды суларды тиiмдi түрде тазартуды қамтамасыз ету, сондай-ақ тазартылмаған суларды табиғи су ағыстары мен су қоймаларына, жергiлiктi жер бедерiне жiберуден басым түрде бас тарта отырып, оларды техникалық мұқтаждар үшiн пайдалану;
4) атмосфералық ауаны ластанудан қорғауға қатысты негiзделген шаралардың пәрмендiлiгi мен кепiлдiлiгi;
5) топырақты, өсiп тұрған өсiмдiк пен жануарлар дүниесiн сақтау мен қалпына келтiру, табиғи-қорықтық қор объектiлерiнiң мәртебесiн мүлтiксiз сақтау;
6) халықты және қоршаған ортаны антропогендiк физикалық, химиялық және биологиялық факторлардың зиянды әсерiнен қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi шешiмдер көрсетiлуге тиiс.
3. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының тиiстi сараптама бөлiмшесi мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу үшiн қажеттi қосымша материалдарды сұратып алуға құқылы.
16-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау
1. Қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсердi бағалау рәсiмiн жоспарланып отырған шаруашылық қызметтiң тапсырысшысы, ал жұмыс iстеп тұрған объектiлер үшiн кәсiпорынның иесi не орталық және жергiлiктi атқарушы органдар қамтамасыз етедi.
2. Қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсердi бағалау жобалау алдындағы және жоба құжаттамасының мiндеттi және ажырағысыз бөлiгi болып табылады, ал жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындар үшiн бұл республикалық және облыстық маңызы бар бақылаушы органдардың, орталық атқарушы органдардың, кәсiпорын жұмыс iстейтiн аймақта тұратын азаматтар қоғамдық бiрлестiктерiнiң, сот және прокуратура органдарының, сондай-ақ кәсiпорынның өзiнiң бастамасы бойынша не Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мен оның жергiлiктi жерлердегi бөлiмшелерiнiң шешiмi бойынша жүргiзiледi.
3. Қоршаған ортаға әсердi бағалау жобалаудың барлық сатыларында жүргiзiлiп, онда:
1) жоспарланып отырған қызметтiң жүзеге асырылатын жерi бойынша қоршаған ортаның жай-күйi;
2) жоспарланып отырған қызметтiң мақсатқа жеткiзетiн балама нұсқалары, соның iшiнде осы қызметтен бас тарту;
3) аймақтың әлеуметтiк-экономикалық даму перспективалары;
4) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы қолданылып жүрген заңдарының өзге де талаптары ескерiледi.
4. Қоршаған ортаға әсердi бағалағанда:
1) жоспарланып отырған қызметтiң қоршаған ортаға әсерiнiң, соның iшiнде экологиялық тәуекелдiң түрлерi мен деңгейлерiн айқындау;
2) белгiленiп отырған қызмет жүзеге асырылған жағдайда қоршаған ортаның жай-күйiнiң өзгерiстерi мен олардың әлеуметтiк-экономикалық зардаптарын болжау;
3) жоспарланып отырған қызметтi жүзеге асыру барысында қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар әзiрлеу;
4) осы саладағы барлық нормативтiк талаптарды пысықтау қамтылуға тиiс.
5. Қоршаған ортаға тиген әсерге жүргiзiлген бағалау нәтижелерi бойынша тапсырысшы оны iске асыру туралы шешiмдер әзiрлеуге негiз болатын жоспарланып отырған немесе жүзеге асырылатын шаруашылық қызметтiң экологиялық зардаптары туралы мәлiмдеме әзiрлеп, сарапталатын материалдар құрамында табыс етедi.
17-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүзеге асырушы сараптама бөлiмшелерi басшыларының құқықтары
1. Сараптама органдары басшыларының:
1) белгiленген тәртiппен экологиялық сараптама жүргiзу үшiн экологиялық-сараптама комиссияларын, топтарын, өзге де құрамаларды құруға, шарт негiзiнде олардың жұмысына қатысуға жоғары бiлiктi отандық, шетелдiк мамандар мен ғалымдарды, соның iшiнде шетелдiк және заңды тұлғаларды тартуға;
2) сараптама бөлiмшелерiнiң (мекемелердiң, ұйымдардың), құрылатын комиссиялар мен топтардың қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыруға;
3) экологиялық сараптама кеңестерiн басқаруға, олардың қызметiн ұйымдастыруға;
4) сараптама жүргiзу әдiстерiн белгiлеуге;
5) экологиялық сараптамаға ұсынылған экологиялық нормалар мен ережелерге сай келмейтiн материалдарды қабылдамауға;
6) есептеулерде қате және басқа да олқылықтар жiберiлген, оны түзету қосымша зерттеулердi, iздестiру жұмыстарын не қосымша қаражат бөлудi керек ететiн құжаттар мен материалдарды пысықтау үшiн қайтаруға;
7) экологиялық сараптама қорытындыларына қол қоюға;
8) қоршаған ортаға қауiп төндiретiн мән-жайлардың жаңадан анықталуына байланысты не жоғарыда аталған қорытынды талаптарын тапсырыс берушi орындамаған жағдайда бұрын берiлген экологиялық сараптаманың оң қорытындыларын қайтарып алуға;
9) сараптама жүргiзуге қажеттi ғылыми, жобалық, әдiстемелiк немесе өзге сипаттағы қосымша материалдарды сұратып алуға;
10) банк және басқа да қаржыландырушы органдарға мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынбаған объектiлер бойынша материалдар табыс етуге;
11) Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарының бұзылуына кінәлi адамдарды жауапқа тарту туралы мәселелердi шешу үшiн тиiстi материалдар дайындап, құқық қорғау органдары мен өзге де органдарға тапсыруға құқығы бар.
2. Сараптама бөлiмшелерiнiң басшылары аудандарының, қалалардың, облыстардың және Қазақстан Республикасының бас мемлекеттiк экологиялық сарапшылары болып табылады.
18-бап. Сараптама қызметiн жүзеге асыруда мемлекеттiк экологиялық сараптама органдары басшылары тәуелсiздiгiнiң кепiлдiктерi
1. Экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргiзу кезiнде сараптама органдарының басшылары тәуелсiз болады және осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес iс-қимыл жасайды.
2. Сараптама органдары басшыларының тәуелсiздiгi олар туралы Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы бекiтетiн ережелермен де қамтамасыз етiледi, бұл ережелер:
1) оларды тағайындау және босату тәртiбiн;