орта басшы құрам:
ішкі қызметтің кіші лейтенанты;
ішкі қызметтің лейтенанты;
ішкі қызметтің аға лейтенанты;
ішкі қызметтің капитаны;
аға басшы құрам:
ішкі қызметтің майоры;
ішкі қызметтің подполковнигі;
ішкі қызметтің полковнигі;
жоғары басшы құрам:
ішкі қызметтің генерал-майоры.
Жоғары басшы құрамға арнаулы атақты Қазақстан Республикасының Президенті береді.
Басқа лауазымды адамдардың қалған санаттағы қызметкерлерге арнаулы атақтар беру (олардан айыру) жөніндегі құқықтары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Өртке қарсы мемлекеттік қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамының қызмет өткеруі туралы ережемен белгіленеді.
Арнаулы атақтар берілген Өртке қарсы мемлекеттік қызмет қызметкерлеріне қызмет өткеру, еңбегіне ақы төлеу, арнаулы атақтар беру, медициналық және санаторий-курорттық, зейнетақымен қамсыздандыру тәртібі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген әлеуметтік қорғау ережелері қолданылады. Өртке қарсы мемлекеттік қызмет органдарының қызметкерлері үлгілері мен тиесілілік нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін нысанды және арнаулы киім-кешекпен тегін қамтамасыз етіледі.
Кіші, орта, аға басшы құрамындағы адамдар сот үкімі бойынша немесе Өртке қарсы мемлекеттік қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамының қызмет өткеруі туралы ережемен белгіленетін тәртіппен арнаулы атақтан айырылуы мүмкін. Жоғары басшы құрамның арнаулы атағынан айыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 09.12.98 ж. N 307-1; 16.07.99 ж. N 437-1 Заңдарымен 11-бап өзгертілді
11-бап. Мемлекеттiк өрт қадағалуы
Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттiк өрт қадағалауы мемлекеттiк өрт қадағалауы қызметiнiң арнаулы түрi республикада қалалардың, елдi мекендердiң және меншiк нысанына қарамастан шаруашылық жүргiзушi объектiлердiң өрт қауiпсiздiгiнiң жоғары деңгейiн сақтау мақсатында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік өрт қадағалау мемлекет өрт қауіпсіздігі саласында уәкілеттік берген орган - Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының мемлекеттік өртке қарсы қызметі құрамына кіреді.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi, ішкі істер және қорғаныс органдарының, авиациялық, темiр жол, теңiз және өзен көлiгi, орман шаруашылығы объектiлерiндегi мемлекеттiк өрт қадағалауы Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органы мен Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк органдары арасындағы келiсiмдермен реттеледi.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық және консульдық мекемелерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет елдердегi өкiлдiктерiнiң өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi бақылау, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
12-бап. Салалық өртке қарсы қызмет
Мемлекеттiк органдар, меншiк нысанына қарамастан ұйымдар өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында салалық өртке қарсы қызметтiң басқару органдары мен бөлiмшелерiн құра алады.
Салалық өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiн ұйымдастыру, қайта ұйымдастыру, тарату тәртiбi, олардың қызметiн жүзеге асыру шарттары Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органымен келiсiлген тиiстi ережелермен белгiленедi.
Салалық ұйымдарда өрт пайда болуы және азаматтар мен қоршаған ортаның қауiпсiздiгiне қатер туғызатындай өрт қауiпсiздiгi талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда, салалық өртке қарсы қызметiнiң ұйым (жеке өндiрiс), өндiрiстiк учаске, агрегат жұмысын, ғимараттың, құрылыстың, үй-жайдың пайдалануын, жұмыстардың жекелеген түрлерiнiң жүргiзiлуін толық немесе iшiнара тоқтата тұруға құқығы бар.
13-бап. Қоғамдық өрттен қорғау бiрлестiгi
Қоғамдық өрттен қорғау бiрлестiктерi Қазақстан Республикасының заңдары мен өздерiнiң құрылтай құжаттарына сәйкес өрттерден сақтандыру және оларды жою, азаматтарды, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi өрттерден қорғау жөнiндегi шараларға қатыса алады.
4-тарау. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету
14-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк
құқықтық реттеу
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк құқықтық реттеу мемлекеттiк органдардың өрт қауiпсiздiгi жөнiнде нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауы болып табылады.
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк құқықтық реттеу уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлердi орындау үшiн мiндеттi өрт қауiпсiздiгi талаптарын белгiлеуi.
Өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерге өрт қауiпсiздiгi стандарттары, нормалары мен ережелерi, өрт қауiпсiздiгiнiң талаптары мазмұндалатын нұсқаулар мен өзге де құқықтық актiлер жатады.
Мемлекеттiк атқарушы органдар қабылдайтын және өрт қауiпсiздiгi талаптарын белгiлейтiн стандарттау жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органымен мiндеттi түрде келiсуге тиiс.
Басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу, күшiне енгiзу және қолдану тәртiбiн, сондай-ақ өрт қауiпсiздiгi талаптарынан және нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленбеген өрт қауіпсiздiгiнiң қосымша талаптарынан ауытқуларды келiсiп алу тәртiбiн Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органы белгiлейдi.
15-бап. Өрт қауiпсiздiгi шараларын
әзiрлеу және iске асыру
Өрт қауiпсiздiгi шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына, өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес, сондай-ақ өртке қарсы күрес тәжiрибесi, заттардың, материалдардың, технологиялық процестердiң, бұйымдардың, конструкциялардың, ғимараттар мен құрылыстардың өртену қаупiн бағалау негiзiнде әзiрленедi.
Заттарды материалдарды, бұйымдарды және жабдықтарды дайындаушылар (жеткiзушiлер) тиiстi техникалық құжаттамада осы заттардың, материалдардың, бұйымдар мен жабдықтардың өртену қаупiн, сондай-ақ оларды пайдаланған кездегi өрт қауiпсiздiгi шараларын мiндеттi түрде көрсетедi.
Кәсiпорындар, ғимараттар, құрылыстар және басқа да объектiлер үшiн өрт қауiпсiздiгi шараларын әзiрлеп, iске асырғанда, соның iшiнде оларды жобалағанда, өрт кезiнде адамдардың басқа жерге қауіпсiз көшiрiлуiн қамтамасыз ететiн шешiмдер мiндеттi түрде көзделуге тиiс.
Өндiрiстер үшiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шешiмдердi көздейтiн өрттердi сөндiру жоспарлары мiндеттi түрде әзiрленедi.
Елдi мекендер мен әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдар үшiн өрт қауiпсiздiгi шараларын тиiстi мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары әзiрлеп, iске асырады.
Мемлекеттiк органдардың шешiмi бойынша жасалатын инвестициялық жобалар өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде Қазақстан Республикасының Өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органмен келiсiп алынуға тиiс.
ҚР 16.07.99 ж. N 437-1 Заңымен 16-бап толықтырылды
16-бап. Өрттердi сөндiру
Өрттердi сөндiру азаматтарды, мүлiктердi құтқаруға және өрттердi жоюға бағытталған жауынгерлiк iс-әрекеттер болып табылады.
Өрттердi сөндiрудi ұйымдастырудың және бұған өртке қарсы қызметтер бөлiмшелерiн, олардың салалық бағыныстылығына қарамастан, тарту тәртiбiн Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органы белгiлейдi.
Өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiнiң өрттердi сөндiруге баруы және оларды жоюға қатысуы сөзсiз тәртiппен жүзеге асырылады. Бұл орайда шығындар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен өтеледi.
Өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiн шақыру үшiн елдi мекендердiң телефон жүйелерiнде бiрiңғай - 01 нөмiрi белгiленедi.
Өрттердi сөндiру кезiнде өртке қарсы қызметтiң қызметкерi барлық тұрғын үйге, өндiрiстiк және басқа да үй-жайларға кедергiсiз кiруге, сондай-ақ азаматтарды құтқаруға, оттың өршуiне жол бермеуге және өрттi сөндiруге бағытталған кез-келген шаралар қолдануға құқылы.
Өртке қарсы қызметтiң өрттi сөндiруге тартылған барлық бөлiмшелерi өрттi сөндiру жөнiндегi басшыға бағынады. Өрттердi сөндiру кезiнде өртке қарсы қызметтiң уәкiлеттiлік алған лауазымды адамдарынан басқа ешкiмнiң де оның iс-әрекетiне араласуға немесе оның өкiмiнiң күшiн жоюға құқығы жоқ.
Өрттердi сөндiру кезiнде келтiрiлген материалдық залал қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс. Өртке қарсы қызметтiң жеке құрамы, аса қажет болған жағдайларда өрт сөндiруге қатысқан өзге де адамдар келтiрiлген залалды өтеуден босатылады.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары және қорғаныс, авиация, темір жол, теңіз және өзен көлігі, орман шаруашылығы объектілеріндегі өрттерді сөндіру Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы органы мен тиісті заңды тұлғалары арасындағы келісімдермен регламенттеледі.
Апаттарды, дүлей зілзалаларды және өрт сөндіруге байланысты емес өзге де төтенше жағдайларды жою кезінде Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің күштері мен құралдары (ақшалай қаражаттан басқа) оларды жою жөніндегі басшының қарамағына көшеді.
ҚР 16.07.99 ж. N 437-1 Заңымен 17-бап толықтырылды
17-бап. Өрт сөндiру - техникалық өнiмдi өндiру
Өрт сөндiру - техникалық өнiмi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiпте шарттық негiзде, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен жүзеге асырылатын тәртiпте өндiрiледi.
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын өрт сөндіру-техникалық өнімінің түрлерін өрт қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы орган белгілейді.
ҚР 16.07.99 ж. N 437-1; 02.07.03 ж. N 454-II Заңдарымен 18-бап толықтырылды
18-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы жұмыстарды
орындау мен қызметтер көрсету
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы жұмыстар мен қызметтер өрт қауiпсiздiгi талаптарын iске асыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік ұйымдардан басқасына, шарттық негізде орындалады және көрсетiледi. Өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерге:
- елдi мекендердi және меншiк нысанына қарамастан, ұйымдарды өрттерден қорғау;
- өрт сөндiру-техникалық өнiмiн өндiру, оны сынықтардан өткiзу, сатып алу және жеткiзiп беру;
- жобалау iздестiру жұмыстарын атқару;
- ғылым-техникалық кеңес беру және жобалардың мемлекеттiк сараптамасының ерекше құзыретiне жатқызылатын сараптау жұмыстарын қоспағанда, сараптама жүргiзу;
- заттардың, материалдардың, бұйымдардың, жабдықтардың және конструкциялардың өрт қауiпсiздiгiн сынау;
- халықты өрт қауiпсiздiгi шараларына оқытып-үйрету;
- өртке қарсы насихатты жүзеге асыру, арнайы әдебиет пен жарнама өнiмiн басып шығару;
- оттан қорғау және мұржа-пеш жұмыстары;
- өрт саймандарын, өрттердi сөндiрудiң бастапқы құралдарын өндiру, оларды жөндеу және қызмет көрсету, отты сөндiретiн заттардың сапасын қалпына келтiру;
- өртке қарсы қызметтiң ғимараттары мен құрылыстарын салу, қайта құру және жөндеу;
- өрттен қорғау жүйелерi мен құралдарын өндiру, монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу;
- тiзбесiн өртке қарсы қызмет органдары белгiлейтiн өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да жұмыстар мен қызметтер жатады.
19-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы бiлiмдердi
насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы бiлiмдердi насихаттауды арнайы уәкiлеттiгi бар мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктер жүзеге асырады. Бiлiмдердi насихаттау үшiн бұқаралық ақпарат құралдары пайдалануы мүмкiн.
Азаматтарды оқытып-үйрету мектепке дейiнгi және жалпы орта бiлiм беру мекемелерiнде, жұмыс орны мен тұрғылықты жерi бойынша ұйымдарда, ал мамандарды оқытып-үйрету - кәсiптiк-техникалық, арнаулы орта және жоғарғы бiлiм беру, кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру мен қайта даярлау мекемелерiнде, өрт қауiпсiздiгi саласындағы iс-әрекеттерге әзiрлеу жөнiндегi орталықтарда, жұмыс орны бойынша ұйымдарда жүргiзiледi.
Бағдарламалар мазмұнына қойылатын талаптарды және өрт қауiпсiздiгi шараларына оқытып-үйрету тәртiбiн Қазақстан Республикасының Өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органы белгiлейдi.
20-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы ақпаратқа
халықтың құқығы
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы ақпаратты ұйымдар қызметiнiң қауiп-қатер деңгейi және басым өртену қауiптiлiгi, қажеттi қауiпсiздiк, өрттердiң салдарлары, олардан сақтандыру және оларды жою жөнiндегi шаралар туралы мәлiметтер құрайды. Ақпарат ашық және жариялы болып табылады, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануға жатады.
Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде өздерi қабылдаған шешiмдер туралы халықты хабардар етуге және өрттен қорғау - техникалық бiлiмдердi таратуға жәрдемдесуге тиiс.
21-бап. Өрттердi және олардың салдарын
мемлекеттiк есепке алу
Өрттердi және олардың салдарларын мемлекеттiк есепке алуды Қазақстан Республикасының статистика жөнiндегi атқарушы органымен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер және орталық атқарушы органдар, жергiлiктi атқарушы органдар, меншiк нысанына қарамастан ұйымдар өртке қарсы қызмет органдарына өрттер және олардың салдарлары туралы есеп берiп отырады.
22-бап. Өрт қауiпсiздiгiн ғылыми-техникалық
жағынан қамтамасыз ету
Өрт қауiпсiздiгiн ғылыми-техникалық жағынан қамтамасыз етудi ғылыми-зерттеу мекемелерi, сондай-ақ тиiстi оқу орындары жүзеге асырады.
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы ғылыми-техникалық талдамаларды қаржыландыру республикалық, жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты, ұйымдардың қаражаты есебiнен, сондай-ақ заңдармен тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздерi есебiнен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органының мiндеттерiн iске асыруға арналған ғылыми-техникалық талдамалар республикалық бюджет қаражаты есебiнен орындалады.
Ғылыми зерттеулердi үйлестiру Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органына жүктеледi.
23-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы лицензиялау
мен сертификаттау
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы лицензиялау мен сертификаттау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы
құқықтар мен міндеттер
24-бап. Азаматтардың өрт қауiпсiздiгi саласындағы
құқықтары мен мiндеттерi
Қазақстан Республикасы азаматтарының:
- өрттер болған жағдайда өздерiнiң өмiрiн, денсаулығын және жеке мүлкiн қорғауға;
- Қазақстан Республикасы аумағындағы белгiлi бiр жерде болғанда өздерi ұшырауы мүмкiн өрт қаупi туралы және қажеттi қауiпсiздiк шаралар туралы хабардар болуға;
- өрттер салдарынан өздерiнiң денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалды қолданылып жүрген заңдармен белгiленген тәртiппен өтеттiруге;
- өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, соның iшiнде белгiленген тәртiппен қоғамдық өрттен қорғау бiрлестiктерi қызметiне қатысуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының азаматтары:
- өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға;
- өрттердi байқаған жағдайда өртке қарсы қызметтi дереу хабардар етуге;
- өртке қарсы қызмет бөлiмшелерi келгенге дейiн азаматтарды, мүлiктi құтқару және өрттердi сөндiру жөнiнде қолдан келген шараларды қолдануға;
- өрттi сөндiру кезiнде өртке қарсы қызметке көмек көрсетуге;
- өртке қарсы қызмет органдарының нұсқамалары мен өзге де заңды талаптарын орындауға;
- Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен өртке қарсы қызметi органдарына өрт қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын бақылау және олардың бұзылуына жол бермеу мақсатында өздерiне тиесiлi өндiрiстiк, шаруашылық, тұрғын үйлердi және өзге де үй-жайлар мен құрылыстарды тексеруге және қарап шығуға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
ҚР 16.07.99 ж. N 437-1 Заңымен 25-бап толықтырылды
25-бап. Ұйымдардың өрт қауiпсiздiгi саласындағы
құқықтары мен мiндеттерi
Өрт қауiпсiздiгi мен өрт сөндiрудi қамтамасыз ету ұйымдардың басшыларына жүктеледi.
Меншiк нысандарына және қай ведомствоға байланыстылығына қарамастан ұйымдардың:
- өз қаржысы есебiнен, соның iшiнде өртке қарсы қызмет органдарымен шарттар жасасу негiзiнде ұстайтын өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiн белгiленген тәртiппен құруға, қайта ұйымдастыруға және таратуға;
- мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өкiлдi органдарға өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныс енгiзуге;
- ұйымдардың объектiлерiнде болған өрттердiң себептерi мен мән-жайларын анықтау жөнiнде жұмыстар жүргiзуге;
- заңдармен белгiленген шекте өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi әлеуметтiк және экономикалық ынталандыру шараларын белгiлеуге;
- өрт қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiнде ақпарат, соның iшiнде белгiленген тәртiппен өртке қарсы қызметтiң басқару органдары мен бөлiмшелерiнен ақпарат алуға құқығы бар.
Меншiк нысанына қарамастан ұйымдар:
- өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға, сондай-ақ өртке қарсы қызмет органдарының нұсқамалары мен өзге де заңды талаптарын орындауға;
- өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға;
- өртке қарсы насихат жүргiзуге, сондай-ақ өздерiнiң қызметкерлерiн өрт қауiпсiздiгi шараларына оқытып-үйретуге;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес салалар, ұйымдар және объектілер үшін белгiленген нормаларға сәйкес өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiн, соның iшiнде өртке қарсы қызмет органдарымен шарттар жасасу негiзiнде құруға және ұстауға;
- өрт сөндiру жүйелерi мен құралдарын түзу күйiнде ұстауға, олардың мақсатқа сай пайдаланылмауына жол бермеуге;
- өрт қарсы қызметке өрттердi сөндiру, олардың шығу және өршу себептерi мен жағдаяттарын анықтау кезiнде, сондай-ақ өрт қауiпсiздiгi талаптарының бұзылуына және өрттердiң шығуына кiнәлi адамдарды анықтау кезiнде жәрдем көрсетуге;
- өрттердi анықтайтын және сөндiретiн автоматты құралдарды енгiзу жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға;
- өрт сөндiру жөнiндегi жауынгерлiк iс-әрекеттердi атқаруға қатысатын өртке қарсы қызмет бөлiмшелерi және өрт сөндiруге тартылған күштер үшiн ұйымдар аумағында өрттердi сөндiру кезiнде қажеттi күш-құралдарды, жанар-жағар май материалдарын, сондай-ақ тамақ өнiмдерi мен тынығу орындарын Үкiмет белгiлеген тәртiппен беруге;
- өртке қарсы қызметi өкiлдерiне олар ұйымдар аумағында қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асырған кезде заңдарда белгiленген тәртiппен жүрiп-тұруын қамтамасыз етуге;
- өрт қауiпсiздiгiнiң жай-күйi туралы, соның iшiнде өздерi өндiретiн өнiмдердiң өртену қаупi туралы, сондай-ақ өз аумақтарында болған өрттер және олардың зардаптары туралы мәлiметтер мен құжаттарды өртке қарсы қызметi органдарына беруге;
- өрттердiң шыққаны, өртке қарсы қолда бар қорғану жүйелерi мен құралдарының ақаулары туралы, жолдар мен кiрме жолдардың жай-күйiнiң өзгерiстерi туралы өртке қарсы қызметке дереу хабарлауға мiндеттi.
6-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы заңдарды
бұзғаны үшін жауапкершілік
26-бап. Өрттердi және олардың зардаптарын тексеру
Өрттердi тексеру және олардың зардаптарын анықтау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
Өрт қауiпсiздiгi ережелерiнiң бұзылғаны немесе лауазымды адамдар мен азаматтардың әрекетсiздiгi анықталған жағдайда тексеру материалдары кiнәлiлердi жауапқа тарту үшiн тиiстi органдарға берiлуге тиiс.
27-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы заңдарды және өзге де
нормативтiк актiлердi бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
Өрт қауiпсiздiгi туралы заңдарды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұзғаны үшiн жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
28-бап. Азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне,
қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi
объектiлерге өрт келтiрген залалды өтеу
Өрттердiң салдарынан азаматтардың денсаулығына, мүлкiне қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келтiрiлген залалды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
7-тарау. Қорытынды ережелер
29-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы дауларды шешу тәртiбi
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы дауларды Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен соттар шешедi.
30-бап. Өртке қарсы қызметтiң жұмысында
заңдылықтың сақталуын қадағалау
Өртке қарсы қызметтiң жұмысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды мемлекет атынан Қазақстан Республикасының прокуратура органдары жүзеге асырады.
31-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы халықаралық шарттар
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда белгiленгеннен өзгеше ережелер көзделсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
Қазақстан Республикасының