Жекешелендiру туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң
1995 ж. 23 желтоқсандағы N 2721 Заң күшi бар Жарлығы
(ҚР 30.06.97 ж. N 139-1; 02.08.99 ж. N 466-1; 04.11.99 ж.
N 472-1; 15.12.00 ж. N 124-II; 02.03.01 ж. N 162-II; 21.05.02 ж.
N 323-II; 08.01.03 ж. N 375-II Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция ҚР 2003 ж. 16 мамырдағы N 416-II Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
2-тарау. Жекешелендiру объектiлерi (5 - 11 баптар)
3-тарау. Жекешелендiрудiң түрлерi (12 - 16 баптар)
4-тарау. Жекешелендiрудiң тәртiбi мен шарттары (17 - 26 баптар)
5-тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер (27 - 28 баптар)
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес кіріспе алып тасталды
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Жекешелендiру ұғымы
Жекешелендiру дегенiмiз - меншiк иесi ретiнде мемлекеттiң еркiмен осы Жарлықта белгiленген арнайы рәсiмдер шеңберiнде немесе ол анықтайтын тәртiппен жүргiзiлетiн, мемлекеттiк мүлiктi жеке тұлғалардың, мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың және шетелдiк заңды тұлғалардың меншiгiне сату.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 2-бап өзгертілді
2-бап. Жекешелендiру субъектiлерi
1. Жекешелендiру субъектiлерi сатушы және сатып алушы болып табылады.
2. Сатушы жекешелендiрудi жүргiзуге уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк орган.
3. Сатып алушы - жекешелендiру барысында мүлiктi сатып алатын жеке тұлға, мемлекеттiк емес заңды тұлға немесе шетелдiк заңды тұлға.
Сатып алушы жағынан бiрнеше тұлға қатысқан жағдайда олар бiрлесiп iс-қимыл жасайды.
4. Жүзеге асырылуы жекешелендіру объектісін сату шарты болып табылатын қызмет түрлерімен айналысуға Қазақстан Республикасының заң актілеріне немесе құрылтай құжаттарына сәйкес құқығы жоқ заңды тұлғалар жекешелендіру кезінде сатып алушы бола алмайды.
5. Акциялардың мемлекеттiк пакетi сатылған кезде акционерлiк қоғам сатып алушының акцияларын иеленетiн болса, сатып алушы акционерлiк қоғам акцияларының 25 процентiнен астамын сатып ала алмайды.
6. Сатып алушы жекешелендiру процесiн ұйымдастыру үшiн делдал тартуға хақылы.
ҚР 30.06.97 ж. N 139-1; 02.08.99 ж. N 466-1; 02.03.01 ж. N 162-II; 08.01.03 ж. N 375-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарына сәйкес 3-бап өзгертілді
3-бап. Жекешелендiру туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының жекешелендiру туралы заңдары осы Жарлықтан, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзге заң актiлерiнен, жарлықтары мен өкiлдерiнен, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларынан тұрады.
2. Уәкiлдi органдар осы Жарлықта және өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен шектерде жекешелендiру жөнiндегi қатынастарды реттейтiн актiлер шығара алады.
3. Мемлекеттiк ауыл шаруашылық кәсiпорындарын, сондай-ақ мемлекеттiк тұрғын үй қорының объектiлерiн жекешелендiрудiң ерекшелiктерi арнайы заңдармен реттеледi.
4. Осы Жарлық Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен реттелетін мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын іске асыру жөніндегі құқықтық қатынастарды реттемейді.
5. Мемлекеттік заттай гранттар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының инвестациялар туралы заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда беріледі.
4-бап. Жекешелендiрудi жүргiзудiң негiзгi принциптерi
Жекешелендiрудi жүргiзген кезде негiзгi принциптер жариялық, бәсекелестiк, құқықтық сабақтастық, лауазым иелерiнiң жекешелендiрудi жүргiзудiң заңдылығына жауапкершiлiгi және сатуға шығарылатын объектiлер туралы берiлген мағлұматтардың растығы болып табылады.
2-тарау. Жекешелендiру объектiлерi
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 5-бап өзгертілді
5-бап. Жекешелендiру объектiсi
1. Мемлекеттiк мүлiктiң мынадай түрлерi:
1) мүлiктiк кешен ретiндегi мемлекеттiк кәсiпорын немесе мемлекеттiк мекеме (бұдан әрi - кәсiпорын);
2) жекешелендiрілуі тұйық технологиялық тiзбекті бұзбайтын мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бiрлiктерi;
3) кәсiпорынның мүлкi;
4) акциялар;
5) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы үлестер;
6) мемлекетке тиесiлi акцияларға құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздар;
7) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк мекемелерге бекiтіліп берілген өзге де мемлекеттiк мүлiк жекешелендiру объектілерi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес тек мемлекеттiк меншiкте ғана болуы мүмкін мемлекеттiк мүлiк, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнің және (немесе) Yкiметiнiң шешiмдерiне сәйкес жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттiк мүлiк жекешелендiру объектiсi болуы мүмкін емес.
3. Мемлекет мүлкiне иелiк етуге уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк орган оны жекешелендiру туралы шешiм қабылдаған күннен бастап мемлекет мүлкi жекешелендiру объектiсiне айналады.
Табиғи монополия субъектілері немесе тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие болып отырған рынок субъектілері болып табылатын не Республика экономикасының жекелеген саласы (секторы) үшiн стратегиялық маңызы бар ұйымдардың мүлiктiк кешендерiн немесе акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн жекешелендiру туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Yкiметi қабылдайды және онда жекешелендiрудiң түрiне арналған нұсқау болуға тиiс. Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының (секторларының) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
ҚР Президентінің 15.12.00 ж. N 124-II Заңына сәйкес 6-бап толықтырылды
6-бап. Кәсiпорын жекешелендiру объектiсi ретiнде
1. Мүлiктiк кешен ретiнде жекешелендiруге жататын кәсiпорын құрамына оның қызметiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi кiредi, бұған үйлер, ғимараттар, жабдықтар, мүкәммал, шикiзат, өнiм, жер учаскесiне құқық, талап ету құқығы, борыштар, сондай-ақ заңды тұлға ретiнде кәсiпорынға тиесiлi ерекше құқықтар қосылады.
1-1. Мүлiктiк кешен ретiнде жекешелендiруге жататын кәсiпорын (құрамына оларда сақтаулы тұрған мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары кiрмейдi.
2. Мүлiктiк кешен ретiнде кәсiпорын құрамына әлеуметтiк-мәдени және коммуналдық-тұрмыс объектiлерi кiргiзiлуi мүмкiн.
3. Егер осы Жарлықта және сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмеген болса, сатып алушы жекешелендiрiлген кәсiпорынның азаматтық құқықтары мен мiндеттерiнiң құқықтық мұрагерi болады.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 7-бап алынып тасталды
7-бап. алынып тасталды
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 8-бап алынып тасталды
8-бап. алынып тасталды
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 9-бап алынып тасталды
9-бап. алынып тасталды
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 10-бап өзгертілді
10-бап. Мемлекетке тиесiлi акциялар және мемлекеттiң жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы үлестерi
1. Мемлекетке тиесiлi акцияларды және мемлекеттiң жауапкершілiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы үлестерiн сату Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер және бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарында белгiленген талаптар сақтала отырып жүргiзiлуге тиiс.
2. Эмиссиясы тиiстi тәртiппен тiркелмеген акцияларды сатуға жол берiлмейдi.
11-бап. Жекешелендiру және жер пайдалану құқығы
Жылжымайтын мүлiк жекешелендiрiлген кезде сатып алушыға жер заңдарына сәйкес жер учаскесiне меншiк құқығы көшедi. Жер учаскесiнiң құны жекешелендiру объектiсiнiң бағасына кiредi.
3-тарау. Жекешелендiрудiң түрлерi
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 12-бап жаңа редакцияда
12-бап. Жекешелендiрудiң түрлерi
1. Жекешелендiру мынадай түрлерде:
1) аукцион, тендер, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсiмдер жолымен өтетiн конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату нысанындағы сауда-саттықта сату;
2) тiкелей бәсiрелi сату түрлерінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк мүлiктi сатуға тiкелей алып келмейтiн, бiрақ оның кейiннен сатылуын көздейтiн әрекеттер (жабық үлгідегі акционерлiк қоғамды ашық үлгiдегі акционерлік қоғамға өзгерту, мемлекеттiк мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға) беру не оны тиiсiнше жалдаушының (жалгердің) не сенiм бiлдiрiлген басқарушының кейiннен сатып алу құқығымен сенiм бiлдiрiлген басқаруға беру) жекешелендiрудiң түрлерi ретiнде емес, оның алдын ала жүргізілетін сатылары ретiнде қарастырылады.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 13-бап өзгертілді
13-бап. Сауда-саттық өткізудің талаптары
1. Сатушы күнi бұрын тағайындаған конкурстық комиссияның қорытындысы бойынша ең жақсы шарттар ұсынған тұлға тендердi жеңiп алған болып танылады.
Аукциондарда ұсыныстар ашық жария етiледi; тендерлерде сатушының қалауы бойынша ұсыныстар ашық немесе жабық конвертте жазбаша берiледi.
2. Сауда-саттық ашық болуға тиіс, оны өткізу тәртібі осы Жарлықтың 14-14-3-баптарымен белгіленеді.
Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қауiпсiздiгiне, айналадағы табиғи ортаны қорғауға, сыртқы экономикалық ахуалына байланысты ерекше жағдайларда тендер жабық болуы мүмкiн. Оны өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Сауда-саттыққа осы Жарлықтың 2-бабының талаптарына жауап беретiн тұлға қатыса алады.
3. Жекешелендiру объектiсi оны сатып алғысы келген жалғыз қатысушыға сатылуы мүмкiн үшiншi және одан кейiнгi сауда-саттықтарды қоспағанда, тек бiр ғана қатысушы қатысқан аукциондар мен тендерлер өткiзiлмеген болып танылады.
4. Сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн сатып алушы өзi сатып алатын объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзуге хақылы.
5. Акциялардың мемлекеттiк пакетiн сату жөнiндегi сауда-саттық әдетте қор биржасында өткiзiледi.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 14-бап өзгертілді
14-бап. Ашық сауда-саттық өткiзу тәртiбi
1. Сауда-саттық өткiзу туралы сатушы кем дегенде он бес күн бұрын, ал мемлекетке тиесiлi акциялар және мемлекеттің жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы үлестерi сатылған кезде кемiнде отыз күн бұрын хабарлауға тиiс. Хабар ресми басылымдарда мемлекеттiк тілде және орыс тілінде жариялануға тиiс. Хабарда сауда-саттықтың уақыты, орны мен түрi, сату объектiсi және өткiзiлу тәртiбi, соның iшiнде сауда-саттыққа қатысуды ресiмдеу, онда жеңiп шыққан тұлғаны анықтаудың шарттары туралы мәлiметтер, сондай-ақ бастапқы баға мен кепiлдi жарнаның мөлшерi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
2. Сатушы тендердiң шарттарын өзгерткен жағдайда ол барлық өзгертулер жайында осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмде хабарлама жасауға тиiс.
Тендердiң шарттарын өзгерту туралы хабарлама жарияланғанға дейiн оған қатысуға өтiнiм берген және осымен байланысты оған қатысудан бас тартқан тұлғалар кепiлдiк жарнасын және шыққан шығыстарының өтелуiн талап етуге хақылы.
3. Сатушы сауда-саттық өткiзiлуден кемiнде үш күн бұрын еңсерiлмейтiн күш жағдаяттарына қатысты реттердi немесе сатушыға байланысты емес өзге себептердi қоспағанда, сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғалар шеккен нақты залалды өтей отырып, одан бас тартуға хақылы.
4. Сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық өткiзу туралы хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмде және тәртiппен кепiлдiк жарнасын төлейдi. Егер сауда-саттық болмай қалса, кепiлдiк жарна қайтарылуға тиiс. Кепiлдiк жарна сауда-саттыққа қатысқан, бiрақ оны жеңбеген адамдарға да қайтарылып берiледi. Сауда-саттық өткiзiлерден кемiнде үш күн бұрын оған қатысудан жазбаша түрде бас тартқан тұлғаларға кепiлдiк жарна қайтарылады.
Сауда-саттықта жеңiп шыққан тұлғамен сатып алу-сату шартын жасасқан кезде ол енгiзген кепiлдiк жарнаның сомасы жасалған шарт жөнiндегi мiндеттемелердi орындау есебiне жатқызылады.
5. Сауда-саттықта жеңiп шыққан тұлға мен сатушы аукцион немесе тендер өткiзiлген күнi сауданың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
6. Сатып алу-сату шартына тараптар сауда-саттық аяқталғаннан кейiн 10 күннен кешiктiрмей қол қоюға тиiс.
Сауда-саттықта жеңiп шыққан тұлға сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтарған жағдайда өзi төлеген кепiлдiк жарнасынан айырылады және кепiлдiк жарнамен өтелмеген бөлiгiнде сатушының нақты зиянын өтеуге мiндеттi.
Сауда-саттықта жеңiп шыққан тұлға осы Жарлықтың 2-бабының талаптарына жауап бермейтiн жағдайларда болмаса, сатушының сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға және сауда-саттықта жеңiп шыққан тұлғамен сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтаруға хақы жоқ.
Сатып алу-сату шартының талаптары сауда-саттық талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
6-1. Сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиясы бар мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, мүдделі адамдарға танысу үшін берілуге тиіс.
7. Заңда белгiленген ережелер бұзылып өткiзiлген сауда-саттықты сот мүдделi тұлғаның қуынымы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Саудаға түскен объект бойынша сауда-саттықтың жарамсыз болып танылуы сатып алу-сату шартының жарамсыз болуына әкелiп соғады.
8. алынып тасталды
9. Егер осы Жарлықта өзгеше көзделмесе, сауда-саттық өткiзу кезiнде осы бапта белгiленген ережелер қолданылады.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 14-1-баппен толықтырылды
14-1. Қор биржасындағы сауда-саттық
1. Мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды қор биржасында сату Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына және биржалық сауда ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды шет мемлекеттердің қор биржаларында сатуға жол беріледі.
2. Сату туралы хабарлама қор биржасында сауда-саттық өткізу басталғанға дейін кем дегенде он бес күн бұрын ресми басылымдарда мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялануға және онда сауда-саттық басталатын күн, сауда-саттық өткізілетін орын, сату объектісі мен оның мөлшері туралы мәліметтер болуға тиіс.
Сатушы хабарламада мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сатуға қатысты өзге де мәліметтерді көрсетуге құқылы.
3. Сатушының бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысымен жасалатын шартында мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды сатушы белгiлеген ең төменгі бағадан төмен болмайтын бағамен сатуға мiндеттеме болуға тиiс.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 14-2-баппен толықтырылды
14-2-бап. Екi кезеңдi рәсiмдер жолымен өткізілетін конкурс
1. Екi кезеңдi рәсiмдер жолымен өткізілетін конкурс (бұдан әрi конкурс) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң жекешелендiрудің баға басымдығын және (немесе) өзге талаптарын айқындайтын шешiмi бойынша қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен өткiзiледi.
2. Конкурс мынадай iс-шаралар жоспарын:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен қаржы кеңесшiсiн тартуды;
2) жекешелендiру объектiсiн жан-жақты талдауды, оның құнын бағалауды және әлеуетті сатып алушылар (инвесторлар) үшiн сату объектiсi туралы деректердің ақпараттық базасын қалыптастыруды;
3) сатушының жекешелендiру объектiсiн сату туралы хабарламаны ресми басылымдарда мемлекеттiк тілде және орыс тiлiнде жариялануын, сондай-ақ қаржы кеңесшiсiнiң әлеуетті сатып алушыларға (инвесторларға) сату туралы ұсынысты жіберуін;
4) қаржы кеңесшiсiнiң әлеуетті сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстар бар өтiнiмдерiнің тiзбесiн қалыптастыруын;
5) келiссөздер барысында ең жақсы ұсыныстар берген (конкурстың бірінші кезеңі) кемiнде екi әлеуетті сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен сатушының әлеуетті сатып алушылармен (инвесторлармен) өтiнiмдердiң тiзбесi бойынша келiссөздер өткiзуiн;
6) қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен сатушының бұрын ұсынылған талаптарды жақсарту тұрғысында конкурстың бiрiншi кезеңiнiң жеңiмпаздарымен келiссөздер өткiзуiн (конкурстың екiншi кезеңi) қамтиды.
3. Сатушы, қаржы кеңесшiсi және конкурстың барлық қатысушылары өткiзген келiссөздердiң әрбiр кезеңiнiң қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қойылады.
4. Конкурстың екінші кезеңінің барысында ең жақсы талаптар ұсынған әлеуетті сатып алушы (инвестор) конкурста жеңіп шыққан болып танылады.
5. Конкурстың жеңiмпазы сатушы белгiлеген мерзiмде сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, ұсынысы конкурс жеңімпазынан кейінгі ең жақсы ұсыныс болып танылған әлеуетті сатып алушы (инвестор) сатып алу-сату шартына қол қояды.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 14-3-баппен толықтырылды
14-3-бап. Мемлекетке тиесiлi акцияларға құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату
1. Мемлекетке тиесілі акцияларға құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды (бұдан әрi - туынды бағалы қағаздар) сату Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Туынды бағалы қағаздарды сатудың негізгi талаптарын сатушы Қазақстан Республикасының Үкiметіне бекiтуге табыс етеді.
3. Туынды бағалы қағаздарды сату туралы шешiмде туынды бағалы қағаздар шығарылған мемлекетке тиесiлi акциялардың саны, сатылатын туынды бағалы қағаздардың үлгісі, аумағында туынды бағалы қағаздарды сату жүзеге асырылады деп көзделіп отырған шет мемлекет (шет мемлекеттер), мәмiленi аяқтаудың ең ұзақ мерзiмдерi, туынды бағалы қағаздардың меншiк иелерiнiң құқықтарын іске асырудың талаптары мен тәртiбi және қажет болған жағдайда, өзге де талаптар туралы мәлiметтер болуға тиiс.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 15-бап өзгертілді
15-бап. Тiкелей бәсiрелi сату
1. Осы Жарлықтың 16-бабында белгiленген тәртiппен, кейiннен сатып алу құқығымен мүлiктiк жалдауға (жалға) немесе сенiм бiлдiрiлген басқаруға тиiсiнше жалдаушыға (жалгерге) немесе сенiм бiлдiрiлген басқарушыға берiлген объектiлер тiкелей бәсiрелi сатуға жатады.
Жекешелендіру объектілерін жалдаушыға (жалгерге) және сенім білдірілген басқарушыға сатуға олар тиісті шартты ойдағыдай орындаған жағдайда ғана жол беріледі.
2. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу шарттары, егер олар мүлiктiк жалдау (жал) шартында немесе сенiм бiлдiрiлген басқаруға беру туралы шартта көзделмеген болса, тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.
3. алынып тасталды
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 16-бап өзгертілді
16-бап. Жекешелендiрудiң алдын ала жүргiзiлетiн сатылары
1. Мыналар:
1) осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайда жабық акционерлiк қоғам үлгісін ашық акционерлік қоғамға өзгерту;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүліктің сенім білдірілген басқаруға немесе кейіннен сатып алу құқығымен мүліктік жалдауға (жалға) берілуі жекешелендірудің алдын ала жүргізілген сатылары болып танылады.
2. Сенiм бiлдiрiлген басқарушы немесе жалдаушы (жалгер) тендер негiзiнде осы Жарлықтың 13 және 14-баптарына сәйкес таңдап алынады.
3. Кәсiпорынды сенiм бiлдiрiлген басқаруға немесе мүлiктiк жалдауға (жалға) беру iсi Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген органның сенiм бiлдiрiлген басқарушымен немесе жалдаушымен (жалгермен) жасасқан тиiстi шартымен ресiмделедi. Шарт кәсiпорынның қандай мерзiмде және қандай шарттар орындалған кезде сенiм бiлдiрiлген басқарушының немесе жалдаушының (жалгердің) меншiгiне көшетiнiн көздеуге тиiс.
4. Осы Жарлықта көзделген сенiм бiлдiрiлген басқару мен мүліктік жалдау (жалдау) қатынастарына осы Жарлықта көзделген реттердi қоспағанда, осындай қатынастарды реттеп отыратын азаматтық заң нормалары қолданылады.
5. Сенiм бiлдiрiлген басқаруға осы Жарлықтың 13 және 14-баптарына сәйкес тендер негiзiнде акциялардың мемлекеттiк пакетi берiлуi мүмкiн.
6. Егер мемлекетке жабық акционерлiк қоғамның сатуға жататын, шығарылған дауыс берiлетiн акцияларының кемiнде үштен екiсi тиесiлi болса, бұл акционерлiк қоғам Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен ашық акционерлiк қоғам болып қайта құрылуға тиіс.
4-тарау. Жекешелендiрудiң тәртiбi мен шарттары
ҚР Президентінің 15.12.00 ж. N 124-II; 21.05.02 ж. N 323-II Заңдарына сәйкес 17-бап өзгертілді және толықтырылды
17-бап. Объектiнi жекешелендiруге дайындау
1. Объектiнi жекешелендiруге сатушы дайындайды.
2. Объектiнi жекешелендiруге дайындау кезiнде сатушы:
1) сатушы әзiрлеген және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нормативтiк құқықтық актiге сәйкес жекешелендiру объектiсiнiң құнын бағалайды;
2) сатып алушының талап етуi бойынша жекешелендiру объектiлерiнiң ауыртпалықтары туралы, сондай-ақ жекешелендiру объектiсi мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорын болса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасалған келiсiм-шарттары мен шарттарындағы кредиторлық және дебиторлық берешектерiнің сомасы туралы ақпаратты әзiрлейдi және табыс етеді;
3) жекешелендiру жүргiзудiң шарттарын, нысандары мен түрлерiн белгiлейдi, оны iске асыруға даярлықты жүзеге асырады;
4) мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етедi;
5) жекешелендiрудi өткiзуге қажеттi басқа да iс-шаралар жүргiзедi.
2-1) жекешелендiру объектiсiнде мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары болған жағдайда, мемлекеттiк материалдық резервтi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органға объект жекешелендiрiлгенге дейiн осы материалдық құндылықтарды бұдан кейiнгi жерде орналастыру туралы шешiм қабылдауы үшiн алдағы жекешелендiру туралы алдын ала хабарлайды;
3. Жарғылық капиталдарындағы мемлекеттiң акциялары мен қатысу үлесi сату объектiсi болатын мемлекеттiк заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың лауазымды адамдары сатушының сауал салуы бойынша объектiнi сатуға дайындау үшiн қажеттi мәлiметтердi ол белгілейтін мерзімдерде табыс етуге міндетті.
Табыс етілген мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн жауапкершiлiк осы тармақта тізіп келтірілген заңды тұлғалардың лауазымды адамдарына жүктеледi.
ҚР 21.5.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 18-бап алынып тасталды
18-бап. алынып тасталды
19-бап. Есеп айырысу тәртiбi
1. Жекешелендiру объектiлерiн сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушы арасында жүргiзiледi.
2. Сатып алынған объектiге ақы төлеу сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап отыз күн iшiнде жүргiзiлуге тиiс.
3. Ақының мерзiмi ұзартылып төленуiне ықтимал ұзартылып төлеу шарттары сауда-саттыққа қатысушыларға күнi бұрын хабарланған жағдайда ғана жол берiледi.
4. Жекешелендiрiлетiн объектiнi ақы төлеу мерзiмi ұзартылып сату кезiнде бастапқы жарнаның мөлшерi сату бағасының он бес процентiнен кем болмайды, ал ақы төлеудi ұзарту уақыты үш жылдан аспауға тиiс.
Қалған сомаларды төлеген кезде ақша мiндеттемесiн орындау ережесi қолданылады.
Ақы төлеу мерзiмi ұзартылып сату кезiнде төленбеген сомаларға тараптардың келiсiмiмен белгiленген мөлшерде процент есептеледi.
5. Егер сатып алу-сату шартында қамтамасыз етудiң өзге жолы көзделмеген болса, сатып алушының сатып алған мүлiкке сатушының кепiл алу құқығы төлемдердiң уақтылы өтелуiнiң қамтамасыз етiлуi болады.
ҚР 04.11.99 ж. N 472-1 Заңына сәйкес 20-бап жаңа редакцияда; ҚР 15.12.00 ж. N 124-II; 21.05.02 ж. N 323-II Заңдарына сәйкес 20-бап өзгертілді
20-бап. Жекешелендіруден алынған қаражат
1. Жекешелендіру объектілерін сатудан түскен қаражат мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
Мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сатудан алынған қаражатты пайдалану тәртiбi өзге заң актiлерiмен белгiленедi.
2. Мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру бойынша сауда-саттыққа дайындық және оны жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады.
21-бап. Меншiк құқығының өзгеруiн ресiмдеу
Жекешелендiрiлетiн объектiге меншiк құқығын өзгертудi ресiмдеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 22-бап өзгертілді
22-бап. Сатып алу-сату шартының орындалуын бақылау
1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шарты талаптарының тиiсiнше орындалуын соңынан сатушы бақылап отырады.
2. Шарт талаптарының орындалуын бақылау сатып алушының мiндеттемелердi орындап біткен кезіне дейiн жүргiзiледi.
Бақылауды жүзеге асыру үшiн сатушы сатып алу-сату шартын, оның iшiнде өзiнiң қолданысын тоқтатқан шартты орындауға байланысты құжаттармен танысуға хақылы.
23-бап. Жекешелендiрiлген кәсiпорын иесiнiң айналадағы табиғи ортаға келтiрген нұқсан үшiн жауапкершiлiгi
1. Жекешелендiрудiң алдындағы шаруашылық қызмет салдарынан айналадағы табиғи ортаға және халықтың денсаулығына келтiрiлген нұқсан үшiн жекешелендiру объектiсiнiң бұрынғы иесi - мемлекет жауап бередi.
2. Айналадағы табиғи ортаға келтiрiлген нұқсанды бөлу, сондай-ақ экологиялық тәуекелдi жаңа меншiк иесiне аудару оның келiсiмiмен ғана болуы мүмкiн.