Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Индустрия және
сауда министрлігінiң Инвестиция комитетi туралы
ЕРЕЖЕ
(2005.24.08. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінiң Инвестиция комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің құзыретi шегінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы атқарушылық және бақылау-қадағалау функцияларын, Қазақстан Республикасындағы инвестицияларды мемлекеттік қолдау саласындағы қызметтi салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң кесiмдерiне, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тiлде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгіленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі Қазынашылық комитетiнiң органдарында шоттары болады.
Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
Комитеттiң, егер заңнамаға сәйкес уәкілеттiк берілсе, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
4. Комитеттiң штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
5. Комитеттiң заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, "Транспорт Тауэр" ғимараты.
6. Комитеттiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінiң Инвестиция комитетi" мемлекеттік мекемесi.
7. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
8. Комитеттi ұстауға арналған шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Комитеттiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге Комитетке тыйым салынады.
2. Комитеттің миссиясы
9. Комитеттің миссиясы Қазақстан Республикасы экономикасының шикiзаттық емес секторына жеке инвестицияларды ынталандыру болып табылады.
3. Комитеттің негізгі мiндеттерi
10. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi:
1) келісім-шарттар жасасу жолымен инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету;
2) Қазақстан Республикасы экономикасының шикізаттық емес секторына iрi шетелдiк компанияларды тарту болып табылады.
4. Комитеттiң функциялары мен құқықтары
11. Комитет заңнамада белгiленген тәртiппен мыналарды жүзеге асырады:
1) iске асырушылық функциялар:
қызметтiң басым түрлерiндегi инвестициялық жобаларды iске асыру үшiн инвестициялық преференцияларды беруге инвесторлардың өтінiмдерiн қабылдау және тiркеу;
инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық преференциялар алуға түскен өтінімдер бойынша қорытындылар дайындау;
мүдделi мемлекеттік органдармен бiрлесiп, жасалған келісім-шарттардың шеңберiнде инвестициялық мiндеттемелердi тарту және олардың орындалуы жөнiнде есеп пен есептіліктi ұйымдастыру;
инвестициялық жобаларды iске асыру барысының мониторингiн жүргiзу;
Қазақстан Республикасының шикiзаттық емес секторына инвестициялар тарту мақсатында шетелдiк компаниялармен келiссөздер ұйымдастыру;
мемлекеттік даму институттарының шетелдiк компаниялармен өзара iс-қимылын үйлестiрудi жүзеге асыру;
шет елдерде сотқа дейiнгі тәртiппен инвестициялық дауларды реттеуде қазақстандық заңды және жеке тұлғаларға көмек көрсету;
Қазақстан Республикасында сотқа дейiнгi тәртiппен инвестициялық дауларды реттеуде шетелдiк заңды және жеке тұлғаларға көмек көрсету;
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесiнiң қызметiн қамтамасыз ету;
2) бақылау-қадағалау функциясы:
жасалған келісім-шарттардың шеңберiнде инвестициялық мiндеттемелердiң орындалуын бақылауды жүзеге асыру.
12. Комитеттің негiзгi мiндеттердi iске асыру және оған жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшiн заңнамада белгiленген тәртiппен мыналарға:
1) өз құзыретi шегiнде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарын орындауы мiндеттi, оның iшiнде келісім-шарттарды дайындау мен iске асыруға байланысты мәселелер жөнiнде бұйрықтар қабылдауға;
2) берiлген өкiлеттiктерi шегiнде инвесторлармен тiкелей келiссөздер жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасын бiлдiруге, келісім-шарттарды жасасу және бұзу шарттары мен тәртібін айқындауға, инвестициялар туралы заңнамаға сәйкес келісім-шарттарды жасасуға және тiркеуге, өз құзыретi шеңберiнде олардың шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
3) инвестициялық преференцияларды беру туралы шешiм қабылдауға;
4) инвестициялық жобалардың бизнес-жоспарларына қойылатын талаптарды белгiлеуге;
5) инвестициялық преференцияларды көздейтiн инвестицияларды жүзеге асыруға арналған келісім-шарттарды жасасуға және тiркеуге;
6) келісім-шарттарды сараптау мен дайындауды жүргiзу үшiн мемлекеттік органдардың, өзге ұйымдардың қызметкерлерiн, оның iшiнде шетел азаматтарын тартуға;
7) инвесторлардан, мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдардан және олардың лауазымды адамдарынан инвестициялық мәселелер бойынша қажеттi ақпарат сұрауға және алуға;
8) Қазақстан Республикасының жетiстіктерi мен инвестициялық мүмкiндiктерiн танымал ету мен насихаттау мақсатында Қазақстанда және шетелде ақпараттық-таныстыру іс-шараларын (саммиттер, форумдар, семинарлар, тұсаукесерлер, конференциялар және басқа да iс-шаралар) ұйымдастыруға және өткiзуге;
9) инвестициялық қызмет мәселелерi бойынша мемлекеттік, орыс, ағылшын және басқа тілдердегi ақпараттық-таныстыру және анықтамалық әдебиеттердiң, газеттердiң, бюллетеньдер мен журналдардың, жарнамалық бейнефильмдердiң, слайдтардың және басқа ақпараттық-таныстыру материалдарының тапсырыс берушiсi ретiнде әрекет етуге;
10) инвесторларға жарнамалық-ақпараттық, анықтамалық және Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызметтi жүзеге асыру үшiн қажетті өзге материалдарды ұсынуға құқығы бар.
ҚР Үкіметінің 2005.24.08. № 871 қаулысымен 11) тармақшамен толықтырылды
11) нормативтік құқықтық кесiмдердi әзiрлеуге қатысу және өз құзыретiнiң шегінде басып шығару.
5. Комитеттің мүлкi
13. Комитеттiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
Комитеттiң мүлкi оған мемлекет берген мүлiктiң, сондай-ақ құны Комитеттiң теңгерiмінде көрсетілетiн өзге де мүлiктiң есебiнен құралады.
14. Комитетке бекітіп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
15. Комитеттiң, егер заңнамалық кесiмдермен өзгеше белгiленбесе, өзiне бекітіп берiлген мүлiктi және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетімен иелiктен шығаруға немесе оған өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
6. Комитеттің қызметiн ұйымдастыру
16. Комитеттi Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
Төрағаның заңнамада белгiленген тәртiппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
Төраға Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды әрi Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауап бередi.
17. Төраға осы мақсатта:
1) өз орынбасарының және Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкілеттіктерiн айқындайды;
2) Комитеттің қызметкерлерiн заңнамада белгіленген тәртiппен қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады;
3) заңнамада белгiленген тәртіппен Комитеттiң қызметкерлерiн көтермелеу мәселелерiн шешедi, оларға тәртiптік жаза қолданады;
4) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитетті бiлдiредi;
5) бұйрықтарға қол қояды.
18. Комитет қабылдайтын шешiмдер Комитет төрағасының бұйрықтарымен ресiмделедi.
7. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
19. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.