ҚР Үкіметінің 2007.29.05 № 438 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2004 жылғы 28 қазандағы № 1111 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінiң
Аэроғарыш комитетi туралы
ЕРЕЖЕ
(2005.17.03 берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінiң Аэроғарыш комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрi - Министрлiк) құзыретi шегiнде аэроғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі функцияларды, сондай-ақ осы саладағы бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
Комитеттің негiзгi мiндеттерi аэроғарыш қызметi саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру болып табылады.
2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi, Үкіметінiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы мемлекеттік тiлде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгідегі бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарда шоттары болады.
Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi. Егер Комитетке заңнамаға сәйкес өкiлеттілік берiлген болса, онда оның мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапы болуға құқығы бар.
4. Комитеттiң құрылымы және штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметі бекiтедi.
ҚР Үкіметінің 2004.24.12 № 1376 қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара) ; ҚР Үкіметінің 2006 ж. 6 сәуірдегі № 249 Қаулысымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Комитеттiң заңды мекен-жайы: Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11.
6. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитетi" мемлекеттік мекемесi.
7. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
8. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.
Комитетке оның функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәнiне кәсiпкерлiк субъектілерiмен шарттық қатынастарға түсуіне тиым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен түскен кiрiстер республикалық бюджет кiрiсiне жiберiледi.
2. Комитеттің функциялары мен құқықтары
ҚР Үкіметінің 2006 ж. 6 сәуірдегі № 249 Қаулысымен 9 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
9. Комитет заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ететiн функцияларды: аэроғарыш саласында, оның iшiнде, Қазақстанның тиiстi халықаралық ұйымдар мен институттардың қызметiне қатысуына байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын iске асыруды;
Қазақстан Республикасындағы аэроғарыш инфрақұрылымының жай-күйiн және аэроғарыш техникасы мен технологияларының әлемдiк даму үрдiстерiн талдауды және дамуын болжауды;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының "Байқоңыр" кешенiн жалға алу туралы халықаралық шартты, Қазақстан Республикасының аэроғарыш қызметi саласындағы басқа да халықаралық шарттарын орындау жөнiндегі қызметiн үйлестiрудi ұйымдастыруды;
Аэроғарыш қызметi саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзудi қоса алғанда, Қазақстан Республикасының ғарыш кешенін дамыту тұжырымдамаларын, бағдарламаларын және жобаларын iске асыруды;
өз құзыретi шегiнде аэроғарыш қызметі саласында жұмыс iстейтін мемлекеттің қатысуымен ұйымдарды басқару органдарында мемлекеттiң мүдделерін білдіруді;
аэроғарыш қызметi саласында жұмыс iстейтiн заңды тұлғалардың қызметiн талдауды;
ғарышкерлердi даярлауды, аэроғарыш қызметi саласындағы кадрларды даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыруды және үйлестiрудi;
өз құзыретi шегiнде "Байқоңыр" кешенiнiң ұйымдастырушылық және өзге де шаруашылық мәселелерiн шешудi;
өз құзыретi шегінде ғарыш кеңiстігін пайдалану жөнiндегі қызметті лицензиялауды;
ғарыш объектілерінің тіркелімін жүргізуді
2) мемлекеттік саясаттың iске асырылуын бақылауды қамтамсыз ететін функциялар:
"Байқоңыр" кешенiн жалға алу туралы халықаралық шарттың және оған қосымша келісімдер ережелерiнiң орындалуын бақылау;
аэроғарыш қызметі саласындағы заңнаманың орындалуын бақылау.
10. Комитеттiң негiзгi мiндеттердi iске асыру және өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн заңнамада белгіленген тәртiппен және өз құзыреті шегінде мыналарға құқығы бар:
1) аэроғарыш саласына шетелдiк кредиттер мен инвестициялар тарту және оларды пайдалану жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
2) мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, лауазымды тұлғалардан және азаматтардан ақпарат сұратуға және алуға;
3) мемлекеттік кәсіпорындар мен өзге де ұйымдар құру, қайта ұйымдастыру және тарату жөнiнде ұсыныстар енгізуге;
4) өзiне қарайтын республикалық мемлекеттік кәсiпорындарға қатысты мемлекеттік басқару органы функцияларын жүзеге асыруға;
5) шет елдердiң мемлекеттік органдарымен, халықаралық ұйымдармен және шетелдiк заңды тұлғалармен келiссөздер жүргiзу және шарт жасасу туралы ұсыныстар енгізуге;
6) басқа мемлекеттік органдардың мамандарын, сондай-ақ жетекшi, оның iшiнде шетелдiк ғалымдар мен мамандарды жұмысқа тартуға.
3. Комитеттiң мүлкi
11. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген, құны мемлекеттік органның теңгерiмiнде көрсетілетiн мүлiк есебiнен қалыптастырылады.
12. Комитетке бекітілген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
13. Комитеттiң өзіне бекітілген мүлiкті өзбетінше иеліктен алуға немесе оған өзгедей әдiспен билік етуге құқығы жоқ.
Комитетке заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.
4. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
14. Комитеттi Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің ұсынысымен Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
Төрағаның оның ұсынысымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады.
Төраға орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
15. Комитет төрағасы Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына жеке жауап бередi.
16. Комитет төрағасы осы мақсатта:
1) өз орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттіктерiн анықтайды;
2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің келісімiмен Қазақстан Республикасы Үкіметі бекiткен штат санының лимиті шегiнде Комитеттiң штаттық кестесiн бекiтедi;
3) заңнамаға сәйкес Комитет қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
4) заңнамамен белгiленген тәртiппен Комитет қызметкерлерiн көтермелейдi, сондай-ақ оларға тәртiптiк шаралар қолданады;
5) Комитеттiң бұйрықтарына қол қояды;
6) Комитеттің құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi және заңнамамен белгiленген жағдайларда ведомстволық бағынысты ұйымдардың жарғыларын бекiтедi;
7) Комитетті қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда бiлдiредi.
5. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату
17. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2004 жылғы 28 қазандағы № 1111 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
Аэроғарыш комитетiнiң құрылымы
Басшылық
Аэроғарыш қызметi саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру басқармасы
Аэроғарыш бағдарламаларын қалыптастыру бөлiмi
Қаржы бөлiмi
Әкiмшілiк бөлiмi
Халықаралық шарттар және "Байқоңыр" кешенiн жалға беру жөніндегі жұмысты үйлестіру басқармасы
Халықаралық шарттар және нормативтiк-құқықтық қамтамасыз ету бөлiмi
"Байқоңыр" кешенiн жалға беру жөніндегі жұмысты үйлестiру бөлiмi
Жиынтық талдау және лицензиялау бөлiмi
"Байқоңыр" ғарыш айлағы басқармасы
Жердегi ғарыш инфрақұрылымын дамыту және оны кадрлармен қамтамасыз ету бөлiмi
Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенiн жалға алған объектiлердi пайдаланылуын талдау бөлiмi
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2004 жылғы 28 қазандағы № 1111 қаулысымен
Бекiтiлген
ҚР Үкіметінің 2005.04.03 № 207 Қаулысымен бөлiммен толықтырылды; ҚР Үкіметінің;2005.17.03 № 242 Қаулысымен толықтырулар енгізілді
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Аэроғарыш комитетiнiң қарауындағы ұйымдардың тiзбесi
Республикалық мемлекеттік кәсiпорын
"Инфракос" Республикалық мемлекеттік кәсiпорны (шаруашылық жүргiзу құқығындағы)
Мемлекеттік мекемесi
"Байқоңыртеңгерiм" мемлекеттік мекемесi
Акцияларының мемлекеттік пакетi Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігінiң Аэроғарыш комитетiне иелiк
етуге және пайдалануға берiлген акционерлік қоғам
"Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны акционерлік қоғамы, Астана қаласы
“Қазғарыш" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы", Алматы қаласы