Сақтандыру қорғанышының қолданылу кезеңі объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының қолданылу мерзіміне сәйкес келеді.
3. Егер объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.
10-бап. Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуын тоқтату
Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты:
1) шарттың қолданылу мерзiмi аяқталған;
2) шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған;
3) сақтандырушы объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы мөлшерiнде сақтандыру төлемiн (сақтандыру төлемдерiн) жүзеге асырған жағдайларда тоқтатылды деп саналады.
11-бап. Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату
Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатудың тәртібі, талаптары мен салдары Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес айқындалады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 12-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12-бап. Сақтанушының (сақтандырылушының) құқықтары мен міндеттері
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Сақтанушы (сақтандырылушы):
1) сақтандырушыдан объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру талаптарын, объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;
2) сақтандыру тәуекелiн бағалау үшiн тәуелсiз сарапшыны тартуға;
3) 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) сақтандырушы (оның ішінде сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы) және (немесе) тәуелсіз сарапшы жүргізген, келтірілген зиянның мөлшерін бағалаудың нәтижелерімен және сақтандыру төлемі мөлшерінің есеп-қисаптарымен танысуға;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтатуға (бұл құқық сақтанушыға ғана қолданылады);
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін осы Заңның 21-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6) тармақша жаңа редакцияда
6) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы арқылы, оның ішінде оның филиалы, өкілдігі, өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі, интернет-ресурсы арқылы) жіберуге;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектідегі сақтандыру тәуекелін, сақтандыру жағдайының басталу ықтималдығын немесе ол басталған кезде болуы мүмкін зиян мөлшерін төмендетуге алып келуі мүмкін мән-жайлар өзгерген жағдайда объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының талаптарын өзгертуді талап етуге (бұл құқық сақтанушыға ғана қолданылады);
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) осы Заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен сақтандыру төлемін алуға құқылы.
Объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтанушының (сақтандырылушының) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа құқықтары да көзделуі мүмкін.
2. Сақтанушы:
1) сақтандыру сыйлықақысын объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде төлеуге;
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде бұл туралы уәкілетті органды хабардар етуге;
2) объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде сақтандырушыға объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi және ерiктi сақтандырудың бұрынғы шарттары, сақтандыру жағдайлары, сақтандыру төлемдерi мен объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн қажеттi өзге де мәлiметтер туралы ақпаратты беруге;
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) үш жұмыс күнi iшiнде сақтандырушыға және құзыретiн негiзге ала отырып уәкілетті мемлекеттік органдарға мән-жайлардың өзгергенi туралы, егер бұл өзгерістер сақтандыру тәуекелiнiң ұлғаюына әсер етуi мүмкiн болса, хабарлауға;
4) сақтанушыны және құзыретiн негiзге ала отырып мемлекеттік органдарды сақтандыру тәуекелiн едәуiр ұлғайтуы мүмкiн, қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiде жоспарланып отырған жаңғырту және (немесе) қайта бейiндеу туралы хабарлауға;
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) қауіпті өндірістік факторлардың үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиянды әсерін болғызбау жөніндегі қажетті және мүмкін болатын шараларды қолдануға;
6) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзiне белгiлi болғанда бұл туралы дереу, бiрақ үш күннен кешiктiрмей сақтандырушыға хабарлауға;
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) қауіпті өндірістік факторлардың үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне әсері туындаған кезде болуы мүмкiн шығындарды болдырмау немесе азайту, соның iшiнде мүлiктердi аман алып қалу және зардап шеккен адамдарға көмек көрсету жөнiнде қалыптасқан жағдайдағы ақылға қонымды және қолдан келетiн шараларды қолдануға;
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiдегi аварияның, инциденттің туындау себептерi мен өзге де мән-жайларға өз бетiнше зерттеп-тексеру жүргiзу мүмкiндiгiмен сақтандырушының өкiлiн қамтамасыз етуге;
9) зақымданған мүлiктiң және бүлiну аймағының олардың сақтандыру жағдайы басталғаннан кейiнгi күйiнде сақтандырушының өкiлi қарағанға дейiн сақталуын (егер бұл қауiпсiздiк мүдделерiне қайшы келмесе немесе зиян мөлшерiне әсер етпесе) қамтамасыз етудiң мүмкiн болатын барлық шараларын қолдануға;
10) сақтандырушыға барлық қолда бар қажеттi ақпарат (қажет болған кезде - жазбаша түрде) пен сақтандыру жағдайының басталу себептерi, барысы және салдары туралы, сондай-ақ келтiрiлген зиянның сипаты мен мөлшерi туралы талқылауға мүмкiндiк беретiн құжаттарды беруге;
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
11) қауіпті өндірістік фактор үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірген зиянды өтеу туралы талап немесе талап-арыз қойылғаны жөнiнде өзiне белгiлi болғанда, үш жұмыс күнi iшiнде бұл туралы сақтанушыға кез келген қолжетiмдi тәсiлмен хабарлауға;
12) келтiрiлген зиян үшiн жауапты тұлғаға қойылатын керi талап құқығының сақтандырушыға өтуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтiн басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
13-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Сақтандырушы:
1) объект иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде сақтанушыдан (сақтандырылушыдан) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген мәлiметтерден басқа, осы Заңға сәйкес объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн қажеттi мәлiметтердi, соның iшiнде объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi және ерiктi сақтандырудың бұрынғы шарттары, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдерi туралы ақпаратты беруiн талап етуге;
2) сақтандыру тәуекелiн бағалау үшiн тәуелсiз сарапшыны тартуға;
3) тиiстi мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретiн негiздей отырып, сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн және үшiншi тұлғаларға келтiрiлген зиянның мөлшерiн растайтын құжаттарды сұратуға;
4) үшiншi тұлғалардың зақымданған мүлкiн және бүлiну аймағын қарап тексеруге қатысуға және қарап тексеру актілеріне қол қоюға;
5) қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiдегi сақтандыру тәуекелiн (сақтандыру жағдайының басталу ықтималдығы немесе ол басталған кезде болуы мүмкiн зиян мөлшерi) ұлғайтуға әкеп соғуы мүмкiн мән-жайлар өзгерген жағдайда объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының талаптарын өзгертуiн талап етуге;
6) келтiрiлген зиянды өтеуге байланысты қатынастарда сақтанушының (сақтандырылушының) атынан және оның тапсырмасы бойынша өкiлдiк етуге;
7) сақтанушының (сақтандырылушының) тапсырмасы бойынша пайда алушылар ұсынатын талап-арыздарға қатысты оның атынан сотта iс жүргiзудi өзiне қабылдауға құқылы. Алайда, сақтандырушының бұл iс-әрекеттерi оның сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру жөніндегі өз міндетін мойындауы деп бағалануға тиiс емес;
8) зиян келтiрiлгенi үшiн жауапты тұлғаға керi талап қоюға құқылы.
Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтiн басқа да құқықтары көзделуi мүмкiн.
2. Сақтандырушы:
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) сақтанушыны (сақтандырылушыны) объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру талаптарымен, оның ішінде объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын тараптардың құқықтарымен және міндеттерімен таныстыруға;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) сақтанушыға (сақтандырылушыға) сақтандыру полисін ресімдеуге;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандырып қорғаудың қолданысы кезеңінде басталған сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиға) туралы хабардар етілген кезінде оны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес дереу тіркеуге және осы сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиға) жөніндегі мәліметті дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға ұсынуға;
3) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңда көзделген тәртiппен және жағдайда сақтандыру төлемiн жүргізуге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) сақтандыру жағдайының басталу фактісін және сақтандырушы өтеуге тиісті зиянның мөлшерін растайтын құжаттар жеткіліксіз болған кезде оларды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жетіспейтін және (немесе) дұрыс ресімделмеген құжаттардың толық тізбесін көрсете отырып, бұл туралы өтініш берушіге хабарлауға;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) сақтандыру төлемiн төлеуден бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда сақтанушыға (пайда алушыға) бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін және сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) Қазақстан Республикасы заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып, келіспеушіліктерді реттеу үшін сақтандыру омбудсманына жүгіну құқығы туралы хабарламаны жазбаша нысанда жiберуге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) сақтанушыдан (үшінші тұлғадан, пайда алушыдан) өтінішті алған кезде бес жұмыс күні ішінде сақтанушының (үшінші тұлғаның, пайда алушының) талаптарын қарауға және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап беруге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) сақтанушыдан (үшінші тұлғадан, пайда алушыдан) сақтандыру омбудсманына жіберілетін өтінішті алған кезде осы өтінішті, сондай-ақ оған қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қайта жіберуге міндетті
Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтiн басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
14-бап. Үшiншi тұлғалардың құқықтары
1. Үшiншi тұлғалар:
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қауіпті өндірістік факторлардың өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиянды әсерінің салдарынан болған сақтандыру жағдайының басталуы туралы сақтандырушыға хабарлауға;
2) сақтанушының (сақтандырылушының) орнына сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттарды жинауды жүргiзуге және оларды сақтандырушыға табыс етуге;
3) келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалау үшiн тәуелсiз сарапшы көрсететiн қызметтердi пайдалануға;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) сақтандырушы (оның ішінде сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы) және (немесе) тәуелсіз сарапшы жүргізген, келтірілген зиянның мөлшерін бағалау нәтижелерімен және сақтандыру төлемі мөлшерінің есеп-қисаптарымен танысуға;
5) сақтандыру төлемiн осы Заңда белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде алуға;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін осы Заңның 21-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6) тармақша жаңа редакцияда
6) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы арқылы, оның ішінде оның филиалы, өкілдігі, өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі, интернет-ресурсы арқылы) жіберуге;
7) келтiрiлген зиянды келтiрiлген зиян сомасының алынған сақтандыру төлемдерiнiң сомасынан асатындай мөлшерде өтеу туралы сақтандырушыға талап қоюға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген үшiншi тұлғалардың құқықтары заңдарда көзделген жағдайларда өзге тұлғаларға (пайда алушыларға) ауысады.
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15-бап. Сақтандыру сомасының мөлшері
1. Объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде:
1) егер қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің салдарынан зардап шеккендердің ең жоғары ықтимал саны төрт мың адамнан асса - 600 мың;
2) егер қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің салдарынан зардап шеккендердің ең жоғары ықтимал саны екі мыңнан асатын адамды құраса, бірақ төрт мың адамнан аспаса - 350 мың;
3) егер қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің салдарынан зардап шеккендердің ең жоғары ықтимал саны бір жарым мыңнан асатын адамды құраса, бірақ екі мың адамнан аспаса - 225 мың;
4) егер қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің салдарынан зардап шеккендердің ең жоғары ықтимал саны жеті жүз елуден асатын адамды құраса, бірақ бір жарым мың адамнан аспаса - 115 мың;
5) егер қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің салдарынан зардап шеккендердің ең жоғары ықтимал саны үш жүзден асатын адамды құраса, бірақ жеті жүз елу адамнан аспаса - 50 мың;
6) егер қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің салдарынан зардап шеккендердің ең жоғары ықтимал саны жүз елуден асатын адамды құраса, бірақ үш жүз адамнан аспаса - 30 мың айлық есептік көрсеткішті;
7) егер қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің салдарынан зардап шеккендердің ең жоғары ықтимал саны жетпіс бестен асатын адамды құраса, бірақ жүз елу адамнан аспаса - 12 мың;
8) егер қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің салдарынан зардап шеккендердің ең жоғары ықтимал саны оннан асатын адамды құраса, бірақ жетпіс бес адамнан аспаса - 5 мың;
9) егер қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің салдарынан зардап шеккендердің ең жоғары ықтимал саны он адамға дейін болса, өзге де декларацияланған қауіпті өндірістер үшін 1 мың айлық есептік көрсеткішті құрайды.
16-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiнiң қауіптілік деңгейіне қарай сақтандыру сомасы мөлшерiнiң 0,72 процентiнен 2,02 процентiне дейiнгi шекте тараптардың келісімi бойынша белгiленедi.
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Нақты объект үшін сақтандыру тарифінің шамасы жыл сайын уәкілетті орган айқындайтын объект қауіптілігінің жалпы деңгейіне қарай белгіленеді.
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды; 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында көрсетілген сақтандыру тарифі, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган айқындаған объект қауіптілігінің жалпы деңгейі ескеріле отырып белгіленеді.
Декларациялауға және сақтандыруға жататын қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымдар қауіптілігінің жыл сайынғы жалпы деңгейі туралы ақпаратты уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсына орналастырады немесе республикалық мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.
Объектінің жалпы қауіптілік деңгейі сақталған немесе төмендеген кезде сақтандыру сыйлықақысы осы бапқа сәйкес белгіленген сақтандыру тарифі бойынша төленеді.
Объект қауіптілігінің жалпы деңгейі сақтандыру тарифіне шаққандағы орташа салалық көрсеткіштермен салыстырғанда ұлғайған кезде объект қауіптілігінің жалпы деңгейі ұлғаюының бір пайызы үшін он пайыз мөлшерінде арттырылып отыратын коэффициент қолданылады.
Арттырылып отыратын коэффициент ескерілген сақтандыру тарифінің шамасы осы баптың 1-тармағында белгіленген сақтандыру тарифінің мөлшерінен аспауға тиіс.
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17-бап. Сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртібі мен мерзімдері
Сақтандыру сыйлықақылары объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жасалғаннан кейін он күннің ішінде бір мезгілде төленеді.
Объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты кез келген негіздер бойынша өзгерген кезде жаңадан есептелген және бұрын төленген сақтандыру сыйлықақылары арасындағы айырма он бес күн ішінде қосымша төленуге (қайтарылуға) тиіс.
Объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтанушының сақтандыру жарналарын объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында айқындалған тәртіппен енгізу арқылы сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеу құқығы көзделуі мүмкін.
Сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысын сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеу мүмкіндігін береді.
18-бап. Сақтандыру жағдайы мен сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн айқындау
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қауіпті өндірістік фактор үшiншi тұлғаның өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтірген зиянды өтеу жөніндегі сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiнiң басталу фактiсi объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы деп танылады.
Сақтандырушы немесе тәуелсiз сарапшы сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн аварияның, инциденттің себептерiн тексеру актiсiнiң, сот шешiмдерiнiң және келтiрiлген зиянның мөлшерi туралы деректер қамтылған басқа да материалдардың негiзiнде айқындайды.
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Әрбiр үшiншi тұлғаның өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн төленетiн сақтандыру төлемiнiң мөлшерi осы Заңда республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгiленедi және:
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) қаза тапқан кезде - 1000;
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2) тармақша өзгертілді
2) мүгедектiк белгiленген кезде:
бірінші топтағыларға - 800;
екінші топтағыларға - 600;
үшінші топтағыларға - 500;
мүгедектігі бар балаға - 500;
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) мертiгу, жарақаттану немесе денсаулықтың өзге де зақымдануы кезiнде мүгедектiк белгiленбей - амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге жұмсалған iс жүзіндегі шығыстар мөлшерiнде, бiрақ 300-ден аспайтындай мөлшердi құрайды. Бұл ретте сақтандыру төлемiнiң мөлшерi әрбiр стационарлық емделу күнi үшiн кемiнде 2 айлық есептiк көрсеткiштi құрауға тиiс.
3. Мүлiк зақымданған кезде келтiрiлген зиянның мөлшерi оны қалпына келтiру құнының есебi негiзге алынып, сақтандыру жағдайы басталғанға дейiн мүлiктiң орын алған тозуы ескерiле отырып айқындалады.
Мүлiктi қалпына келтiру құны сақтандыру жағдайы басталған кезде қолданылған орташа нарықтық баға мен тарифтер негiзiнде айқындалады.
Мүлiк жойылған кезде келтiрiлген зиянның мөлшерi мүлiктiң нақты құны негiзге алынып, мүлiктiң сақтандыру жағдайы басталған күнгi тозуы ескерiле отырып айқындалады.
Мүлiктi қалпына келтiру техникалық жағынан мүмкiн болмаса немесе экономикалық тұрғыдан негiзсiз болса, ол жойылды деп есептеледi. Мүлiктi қалпына келтiру, егер бұл ретте күтiлетiн шығыстар (қалпына келтiру құны) оның сақтандыру жағдайы басталған күнгi есептелген тозуын ескере отырып, мүлiктiң нақты құнының сексен процентiнен асып кетсе, экономикалық тұрғыдан негiзсiз деп есептеледi.
4. Сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесiнде әрбiр үшiншi тұлғаның мүлкiне келтiрiлген зиянның мөлшерiн сақтанушының (сақтандырылушының) немесе пайда алушы болып табылатын өзге тұлғаның өтiнiшi бойынша сақтандырушы айқындайды. Келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалауды қажет болған кезде тәуелсiз сарапшы жүргiзуi мүмкiн. Келтiрiлген зиянды бағалау нәтижелерiмен келiспеген жағдайда тараптар өзгеше дәлелдеуге құқылы.
5. Сақтандыру төлемi үшiншi тұлғаға келтiрiлген залалдың (нақты нұқсанның) мөлшерiнен аспауға тиiс.
Әрбiр үшiншi тұлғаның өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi осы баптың 2-тармағында белгiленген мөлшерде жүзеге асырылады.
2010.04.05. № 275-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Сақтандырушы келтiрiлген зиянның мөлшерiн айқындау мақсатымен қосымша тексеру жүргiзуге құқылы. Осыған байланысты ол мемлекеттік органдардан аварияны, инцидентті техникалық тексеру материалдарын, зиян келтiруге байланысты құжаттарды, медициналық құжаттарды, шығын болған (бүлiнген, жойылған) мүлiктiң құны, жүргiзiлген жұмыстардың, келтiрiлген шығындардың құны туралы талқылауға мүмкiндiк беретiн шоттарды, сондай-ақ өзге де қажеттi құжаттарды талап етуге құқылы.