│ үлесі %-пен │
│ (жалпы деректер │
│ сақтандыру) 12,01 25,85 13,40 33,35 0,10 жоқ 35,9 │
│ Міндетті │
│ сақтандыру │
│ бойынша │
│ сақтандыру │
│ сыйлық- │
│ ақыларының │
│ сақтандыру │
│ сыйлық- │
│ ақыларының │
│ жалпы деректер деректер деректер деректер 31,40 26,00 9,8 │
│ сомасына жоқ жоқ жоқ жоқ │
│ қатынасы │
│ %-пен │
│ │
│ Сақтандыру │
│ ұйымдарының │
│ активтері │
│ (млн.АҚШ деректер деректер │
│ долл.) 4186900 3113400 жоқ 8726,60 2508,30 жоқ 144,5 │
└──────────────────────────────────────────────────────────────────────┘
Германия, Венгрия, Жапония, Польша, АҚШ бойынша деректер 2000 ж. үшiн келтiрiлген.
Ресей бойынша деректер 2001 ж. үшiн.
Қазақстан бойынша деректер 2003 ж. үшін.
4. Бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерi
Бағдарламаның басты мақсаты мемлекеттiң, азаматтардың және шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң мүдделерiн қаржы, әлеуметтiк және өзге тәуекелдерден қорғаудың тиiмдi механизмi мен ұзақ мерзiмдi iшкi инвестициялардың сенiмдi көзi ретiнде сақтандырудың ролiн және орнын нығайтуға бағытталған ұлттық сақтандыру индустриясын одан әрi реформалау. Осы Бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізу үшiн мынадай мiндеттердi шешу болжанып отыр:
ұзақ мерзiмдi және жинақтаушы жеке сақтандырудың түрлерiн дамытуды ынталандыру арқылы азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейiн көтеру;
өзара сақтандыру жүйесiн дамыту;
сақтандыру мақсаттарын, сақтандыру заңдарын, сақтандыру аясында жүргізіліп жатқан реформаларды насихаттау мен түсіндіру бойынша жұмысты күшейту, сақтандыру қызметін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған өзге шараларды жүзеге асыру және халықтың сақтандыру мәдениетiнiң деңгейiн көтеру;
Сақтандыру ісiн ақпараттандыру және автоматтандыру саласында жаңа технологияларды ендiруге жәрдем көрсету;
мiндетті сақтандыру саласында мемлекеттік саясатты құру және мiндеттi сақтандыру жүйесінің тиiмдiлігін арттыру;
сақтандыру рыногының толыққанды инфрақұрылымын қалыптастыру, оның қатысушылар топтарын және олардың қызмет аясын нақты айқындау;
сақтандыру аясында мамандарды даярлау және біліктiлiгін арттыру;
сақтандыру рыногын бiрыңғай қадағалауға көшуiн ескере отырып сақтандыру қызметiн қадағалау мен реттеу жүйесiн ұйымдастыру;
қайта сақтандыру және ортақ сақтандыру рыноктарын дамыту.
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi
бағыттары мен тетiктерi
5.1. Жеке сақтандыруды дамыту
Республикада сақтандыру рыногын дамытудың негізгі мәселелерiнiң бiрi жеке сақтандырудың (life insurance), соның iшiнде оның ұзақ мерзiмдi (жинақтаушы) түрлерiнiң жеткiліксiз дамуы болып табылады.
Атап айтқанда, жеке сақтандыру және оның iшiнде өмiрдi сақтандыру инвестициялық әлуеттi арттырады, өйткенi сақтандыру ұйымдары жеке сақтандырудың ұзақ мерзiмдi түрлерi арқылы экономикаға жеткiлiктi болатын ұзақ уақыт аралығына ақша тартады және институционалды инвестициялар жүйесiнiң дамуына тиiмдi мүмкiндiк туғызып, ел экономикасы үшiн өте маңызды болады.
Бұл ретте жеке тұлғалар жеке сақтандырудың және өмiрдi сақтандырудың барлық спектрi бойынша нақты болатын сақтанушылары болып табылады, атап айтқанда: қайтыс болған жағдайда, еңбек ету қабiлетiн жоғалтқанда, шартта белгiленген жасқа немесе мерзiмге дейiн өмiр сүруге, сондай-ақ білім беру шығыстарын сақтандыруға, зейнетақыны (аннуитеттер) сақтандыру, кредит заемшысының өмiрiн сақтандыруға.
Сондай-ақ жұмыс берушілер тиiстi жағдайлар болғанда қайтыс болу жағдайында сақтандыру, қосымша зейнетақыны сақтандыру және өз қызметкерлерiнiң өмiр сүруiн сақтандыру жөнiндегі сақтанушылар ретiнде болуға мүдделi болулары тиiс.
5.1.1. Жеке сақтандыруды дамыту мәселелерi
Қазiргі уақытта республикада жеке сақтандыру секторы iс жүзiнде дамымаған күйiнде қалып отыр.
Жеке сақтандыруды, оның iшiнде қазiргi кезеңде өмiрдi сақтандыруды жүргiзу ерекшелiктерi мынадай мәселелермен байланысты:
халық кiрiсiнiң жеткiлiксiз деңгейi;
кеңес заманынан кейiнгi елдегі жеке сақтандырудың терiс тарихы;,
сенiмдi қаржылық инвестициялық құралдардың шектелген тобы;
нақты болатын сақтанушылардың болашаққа сенімсiздiгі;
халықтың, жеке сақтандыру делдалдарының және сақтандырушылардың сақтандыру мәдениетiнiң төмендігі;
халықтың ұзақ мерзiмдi жеке сақтандыруға қатысуы үшiн экономикалық ынтасының болмауы.
Осы тiзiмге халықтың сақтандыруға деген сенiмiнiң болмауын жатқызуға болады, бұл "қаржы пирамидаларына", сондай-ақ КСРО Мемсақтандырумен жасалған шарттар бойынша сақтандыру сомаларының құнсыздануына байланысты аты шулы жанжалдардың салдары болып табылады.
Жеке сақтандырудың дамуына халықтың жинақ ақшаны (жылжымалы, жылжымайтын мүлiк, шетел валютасын сатып алу) құрудың басқа тәсiлдерiн дәстүрлi пайдалануы кедергi келтiредi, бұл барлық уақытша бос қаражатты бiрден бiршама тұрақты құндылықтарға салған уақытта отандық экономиканың инфляция кезеңiнiң мұрасы болып табылады.
Еуропа Одағы елдерiнде, сақтандыру сыйлықақыларының ЖIӨ-не қатынасының орташа алғандағы көрсеткiшi 8,5 %-тi құрайды, Қазақстан Республикасында 2003 жыл үшiн ол 0,65 %-тi құрады. Мұндайда дамыған елдердiң сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемiндегі өмiрдi сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының үлесi 50 %-тен 80 %-ке дейiн жетедi, бiздiң елiмiзде бұл көрсеткiш бүгінгi таңда барлығы 1,5 %-тi құрап отыр.
Көрсетiлген көрсеткiштердi қолдана отырып, 1990 жылғы деректер 1000 адамға шаққанда 834 сақтандыру шарты қолданыста болғанын көрсетедi. Шамамен 78 %-тей жұмысшылардың, қызметкерлер мен колхозшылардың өмiрi сақтандырылды, шаруа қожалықтарының 57 %-тi өз құрылыстарын, отбасылардың 44 %-тi - үй мүлкiн және сонша меншiк иелерi - өз автомобильдерiн сақтандырды. Сақтандырудың мұндай қамтуы егер объектiлердiң барлық 100 %-тiн ешкiм де сақтандыра алмағанын ескерсек (Ұлыбританияның өзiнде жеке меншiк үйлердiң және олардың мүлкiнiң 15-20 %-ті сақтандырылмаған), өте жоғары болды. Халықтың жалпы ақшалай шығыстарындағы сақтандыру сыйлықақылары 2,1 % болды, яғни әрбiр жұмсалған 100 сомның екi сомы сақтандыру қызметін төлеуге бағытталды, мұны велосипедтерді, мотоциклдерді және жеңiл автомобильдердi (1,8 %) сатып алу шығыстарымен салыстыруға болады.
5.1.2. Жеке сақтандыруды дамыту перспективалары
Мемлекет елдегі жеке сақтандыру рыногының дамуында ең мүдделi
субъект болып табылуы тиiс.
Бiрiншіден, Мемлекеттік мәселелердi шешу үшiн қаражатты табу мәселесi бiрiншi кезектегі маңыздылыққа ие және атап айтқанда жеке сақтандыру, өмiрдi сақтандыруды қоса алғанда, ұзақ мерзiмді инвестициялық ресурстардың көзі болып табылатын қосымша қаражатты тартуға мүмкiндiк туғызады.
Екiншіден, жеке сақтандыру мемлекеттік әлеуметтiк кепiлдемелер тапшылығының орнын толтырады. Ұзақ мерзiмдi жеке сақтандыру (оның ішiнде зейнетақы аннуитеттерi) мемлекеттік төлемдер мөлшерiне, оның iшiнде кәрiлiк пен мүгедектiк бойынша тәуелдi болмайтын қосымша кiрiс алуды қамтамасыз етедi. Жеке сақтандырудың дамыған рыногының болуы мемлекеттің азаматтары әлеуметтік қамтамасыз етуге шығындарын азайта отырып, бюджеттiң шығыс бөлiгiне деген салмақты төмендетедi. Мұнымен, мемлекет халықтың барынша төмен қамтамасыз етілген бөлігін қорғауға назар аударуға мүмкіндiк алады.
Үшіншiден, сақтандырудың еңбек және ғылым тұрғысынан ауқымды салаларының бiрi ретінде жеке сақтандыруды дамыту жаңа жұмыс орындарының пайда болуына әкеледi.
Қазіргі уақытта әлеуметтік салада және сақтандыру саласында мемлекет жүргiзiп отырған реформалар, сондай-ақ ел экономикасындағы оң өзгерістер республикада жеке сақтандыру институтының дамуы үшiн негiзiн қалап отыр.
Қазiргі уақытта зейнетақы аннуитеттерiн енгізу арқылы зейнетақы қызметi аясында, сондай-ақ жұмыс берушілердi сақтандыруды қоса алғанда, әлеуметтік аяның басқа да салаларында сақтандыру қағидаттарын пайдалану үшiн әлеует бар. Мемлекет айқындаған басым бағыттарға сәйкес жеке сақтандыруды дамыту, оның iшiнде өмiрдi сақтандыруды дамыту, аннуитеттердiң еңбек ету қабiлетін, денсаулығы мен жүйесiн және сақтандырудың әлеуметтiк тұрғыдан өзге де маңызды түрлерін дамыту туралы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдары қызметiнiң белсендiлігiн ояту жөніндегі мәселелер аса көкейтестi болып табылады.
5.1.3. Жеке сақтандыру саласында, оның iшiнде өмiрдi
сақтандыру мен аннуитеттер саласында жаңа
сақтандыру өнiмдерiн дамыту жөнiндегі iс-шаралар
Зейнетақы реформасын және әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесінің реформасын табысты болатындай етіп жалғастыру мақсатында мыналарды тұрақты өмiр бойы немесе ұзақ мерзiмдi төлемдермен тиiмдi қамтамасыз етуге шақырылған аннуитеттердi жеке сақтандырудың өнiмi ретiнде ұсыну жүйесiн дамыту қажет:
зейнеткерлік жасқа келген тұлғаларды;
зейнеткерлiк жасқа келгенге дейiн еңбек ету қабiлетiн жоғалтқан тұлғаларды;
асыраушының қайтыс болуына байланысты мұрагерлерге.
Аннуиттердi енгізу адамның зейнетақыда аса қорғалған болуын қамтамасыз етуге қол жеткізеді. Аннуитеттер жүйесi және өмiрдi сақтандыруды жүзеге асыратын ұйымдар зейнеткерлердi өмiр бойы кiрiспен қамтамасыз ете алады, өйткенi жинақтаушы зейнетақы қорлары зейнеткер өмiрiнiң ұзақтығына және өмiр бойы қамсыздандыру үшiн жинақталған қаражаттың жеткілiктi болуына қарамастан тек өздерiнiң салымшылары нақты жинаған сомаларын ғана төлей алады.
Жалпы алғанда сақтандыру рыногының және жеке сақтандыру рыногының дамуы, атап айтқанда, қаржы рыноктарының дамуына және осы рыноктар ұсынып отырған сақтандыру ұйымдарының активтері инвестицияланатын құралдарға барынша, тәуелдi болады. Сақтандыру ұйымдарының тәуекелдер бойынша, құралдардың мерзiмділiгi бойынша және олардың өтiмділігі бойынша активтерін диверсификациялауды қамтамасыз ету үшiн бағалы қағаздар рыногын одан әрi дамыту қажет.
Жеке сақтандырудың дамуында осы салада пайда болып жатқан жаңа сақтандыру өнiмдерi ерекше орын алып отыр, олар сақтанушыларға өз салымдарын сақтандыру жарналары түрінде басқаруға мүмкiндiк бередi. Қатысушы полистер (unit-linked) деп аталатын мұндай өнiмдер дамыған елдерде кең тараған және өмiрдi сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары активтерiнiң едәуiр бөлігін қалыптастырады.
Осы Бағдарламаның жеке сақтандыруды, оның iшiнде аннуитеттердi дамыту аясындағы мақсаттарына қол жеткізу үшiн мынадай басым бағыттарды атап көрсетуге болады:
1. Аннуитеттердi ұсыну, өмiрдi сақтандыру жұмыс қабiлетi саласында сақтандыру заңдарын, оның iшiнде жаңа сақтандыру өнiмдерiнің пайда болуын қамтамасыз ететiн сақтандыру заңдарын реформалау, сондай-ақ салалар мен сақтандыру сыныптарының жiктелуiн нақтылау мүмкіндiгiн қарастыру.
2. Өмірді сақтандыруды жүзеге асыратын ұйымдардағы жинақ ақшаның сақталуын қамтамасыз ету.
3. Ұзақ мерзiмдi (жинақтаушы) сақтандыруды дамыту мақсатында салық салу режимiн жетілдiру.
4. Өмiрдi сақтандыруды жүзеге асыратын ұйымдардың институционалды қалыптасуы үшiн жағдай жасау.
5. Өмiрдi сақтандыруды жүзеге асыратын ұйымдардың ұзақ мерзiмдi инвестициялары үшiн мүмкiндiктердi кеңейту.
5.1.4. Мемлекеттік аннуитет компаниясын құру
Ұзақ мерзiмдi жеке сақтандыруды, атап айтқанда аннуитеттердi ұсыну жүйесiн дамытуда қосымша серпін Мемлекеттік аннуитет компаниясын құру болуы тиiс.
Аталған ұйымды құру зейнеткерлік жасқа келген немесе зейнеткерлiкке мерзiмiнен бұрын шығатын азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға сәйкес өмiр бойы зейнетақыны алу жөніндегі құқықтарын iске асыру қажеттілiгiмен негiзделген. Осы мемлекеттік ұйымның құрылтайшысы елiмiздiң Үкіметi болуы мүмкін. Мемлекеттік аннуитет компаниясын құру аннуитеттердi ұсыну жүйесiн ынталандыру мен дамыту бойынша қосымша шаралар кешенімен ілесiп жүруi тиiс.
Сөйтіп, Мемлекеттік аннуитет компаниясын құру:
қызметкер өз еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде жұмыс берушiнiң оның өмірі мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауапкершілігін міндетті сақтандыруды табысты жүргiзілуiн қамтамасыз етуге;
аннуитеттердi сақтандырудың жалпы және ұзақ мерзiмдi түрлерiнде ұсыну жүйесiнiң дамуын ынталандыруға;
сақтандыру ұйымдары қолданатын сақтандыру технологияларының дамуы мен жетiлдiруiне қосымша серпiн беруге;
аннуитеттердi ұсыну саласында қажеттi тәжiрибенi жинақтауға;
осы сақтандыру өнiмiне (аннуитеттерге) бар сұранысты қанағаттандыруға және азаматтарға зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға сәйкес берілген құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етуге қол жеткізеді.
Мемлекеттік аннуитет компаниясы қызметiнiң негiзгі бағыттары мыналар болуы тиiс:
сақтандыру рыногында аннуитет өнiмдерiн ұсыну, оның iшiнде зейнетақы аннуитетi шартын жасау;,
аннуитет шарттарын жасау арқылы еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн орындау кезiнде жарақат және зақым алған қызметкерлерге сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру.
Мемлекеттік аннуитет компаниясы қызметiнiң нәтижесi мынадай болуы тиiс:
сақтандыру рыногында жаңа ұзақ мерзiмдi сақтандыру өнiмдерiнiң пайда болуы;
республиканың сақтандыру рыногында өмiрдi сақтандыру бойынша бiрнеше жеке сақтандыру ұйымдарының пайда болуы;
республикада зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiн жетiлдiру;
ұлттық сақтандыру рыногының инфрақұрылымын одан әрi дамыту және нығайту;
жалпы алғанда сақтандыруды жүзеге асырудың жаңа технологияларын ендiру.
5.2. Өзара сақтандыруды дамыту
Әлемдiк тәжiрибе өзара сақтандыру қазiргi заманғы сақтандыру рыногының маңызды элементтерiнiң бiрi болып табылатынын дәлелдейдi.
Өзара сақтандыру кезiнде заңды және жеке тұлғалардың өзара сақтандыру қоғамдарын құру арқылы олардың мүлкi мен өзге де мүлiктiк мүдделерiнiң сақтандырылуы жүзеге асырылады. Әдеттегiдей мұндай қоғамдарды қызметi бiр тектес тәуекелдерге байланысты тұлғалар құрады. Атап айтқанда, өзара сақтандыру қоғамдарын кәсiби одақтар мен бiрлестiктер базасында кәсiпорындар қызметкерлерi, бiр тектес су көлiгi құралдары иелерi және т.б. құруы мүмкiн.
Өзара сақтандыру қажеттілігі ең алдымен коммерциялық сақтандырушылар әр түрлi себептермен: шығынның жиi болуы, сақтандыру сомаларының жоғары көрсеткiшi және c.c. сақтандыруға қабылдаудан бас тартатын тәуекелдердiң көп болуымен негiзделген.
Сақтандырудың өзара нысанының басты басымдықтарының бiрi оның коммерциялық сақтандырумен салыстырғанда төмен құны болып табылады, бұл оның басқа артықшылықтарымен қатар өзара сақтандыру қоғамдарының әлемдiк сақтандыру тәжiрибесiнде кеңiнен таралу тағдырын анықтады. Әлемдегі он iрi сақтандыру компанияларының алтауы өзара сақтандыру қоғамдары болып табылады. Бес iрi ұлттық сақтандыру рыноктарында (АҚШ, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Франция) өзара сақтандыру операциялары бойынша үлесi барлық сақтандыру сыйлықақыларының шамамен 40%-тi болды. Сақтандыру сыйлықақыларының ЖIӨ-дегi үлесi шамамен 5%-тi құрайтын, ал елдiң бiр тұрғынына сақтандыру сыйлықақыларының шамамен 1600 АҚШ доллары келетiн Швецияда, 89 iрi сақтандырушылардың 21-i өзара сақтандыру қоғамдары.
Өзара сақтандырудың ұйымдық принципi қоғамның барлық мүшелерiне сақтандыру жағдайы келген кезде шығын сомасын бөлуден тұрады. Өзара сақтандыру қоғамының акционерлік қоғамнан айырмашылығы әрбiр сақтанушы онда бiр мезгілде қоғамның мүшесi болып табылатындығында.
Бұл ретте халықаралық тәжiрибеде өзара сақтандыру қоғамдарының жекелеген санаттары ( мысалы, сақтандыру сыйлықақыларының көлемiне қарай) мемлекеттік органдар тарапынан реттелуге жатпайды, бұл көптеген кiшiгірiм өзара сақтандыру қоғамдарын құруға мүмкiндiк туғызады.
Сонымен қатар, Қазақстанда өзара сақтандыру институты мүлдем қолданылмайды. Бұған себептер көп, бiрақ мұнда өзара сақтандыру қоғамының құқықтық мәртебесiн және олардың қызмет ету шарттарын айқындайтын заң актiсінің болмауы үлкен роль ойнап отыр. Сондықтан да осы саладағы бiрiншi кезектегi мiндет тиiсті нормативтiк құқықтық базаны құру болып табылады.
5.3. Халықтың сақтандыру мәдениетiн көтеру
Елдегi сақтандыруды және сақтандыру қызметiн дамытудың негізгi мiндетi халықтың сақтандыру мәдениетін қалпына келтiру және одан әрi көтеру болып табылады. Қазiргі уақытта сақтандыру рыногы дамуының төмен деңгейi халықтың жеткілiксiз сақтандыру мәдениетiнiң қалыптасқанын айтуға болады.
Осының себептерiне халықтың жалпы алғанда сақтандыруға деген терiс қатынасын (халықтың сенiмсiздiгін), халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтiк және өзге көмегіне тарихи қалыптасқан бағытта болуын, сақтандыру өнiмдерi, сақтандыру ұйымдарының қызметi туралы ақпараттың болмауын, оның iшiнде олардың төмен жарнама беру белсендiлiгіне орай, сақтандыру қызметiнiң мағынасын түсiнбеуiн, сақтандыру ұйымдарының қызметi туралы бұқаралық ақпарат құралдарында оңтайлы материалдардың болмауын, халықтың кiрiсiмен салыстыруға болмайтын жоғары сақтандыру тарифтерiнiң болуын, тиiмсiз сақтандыру шарттарын жатқызуға болады.
Халықтың сақтандыру мәдениетін көтеру саласында пайда болған проблемаларды шешу үшiн сақтандыру рыногының барлық кәсiби қатысушыларының және олардың бiрлестіктерiнiң, мемлекеттік органдардың қатысуымен келісілген халық үшін сақтандырудың тартымдылығын арттыратын кең көлемді іс-шараларды жүзеге асыру қажет.
Осыған орай, осы Бағдарламаны iске асыру мақсатында мынадай iс-шараларды жүзеге асыру болжанып отыр:
тұрақты негiзде сақтандыру рыногының кәсiби қатысушыларымен және олардың бiрлестiктерiмен бiрлесiп сақтандыру қызметiнiң рыногы және сақтандыру өнімдері туралы, оның ішінде қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерi жөнiнде толық әрi объективтi ақпараттың берiлуiне бағытталған халық арасында оқу-ағарту және түсiндiрме жұмысын жүргізу;
сақтандыру рыногы қатысушыларының кәсiби білiм деңгейiн арттыруға бағытталған тақырыптық конференцияларды, семинарларды тұрақты өткізу;
халықты сақтандыру рыногындағы заңсыз немесе заңға қарсы қызмет, оның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру агенттерiнiң және Қазақстан Республикасының резидент еместерi сақтандыру ұйымдары делдалдарының қызметі туралы хабардар ету;
сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасаған кезде және сақтандыру қызметінде қолданылатын басқа құжаттарда пайдаланылатын терминологияны бiр ізге келтiру.
Халықтың сақтандыру мәдениетiн қалыптастыруда сақтандыру ұйымдарының және олардың бiрлестiктерiнiң ролi орасан зор, оларға бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекет етудi жандандыру, елдiң қалың көпшілігі үшiн білім беретiн әрi оқытатын бағдарламаларды ұйымдастыру, халықтың сақтандыру қызметiне сұраныстарын зерттейтiн маркетинг зерттеулерiн жүргiзу қажет және керек болғанда жаңа сақтандыру өнiмдерiн әзiрлеу қажет.
Қазiргі уақытта отандық сақтандыру ұйымдары сақтандыру қызметiнiң төмен ассортиментін ұсынады (40 түрiнен астам емес, негізiнен классикалық. Салыстыру үшiн АҚШ-да сақтандыру түрлерiнiң 3 мыңнан астамы қолданылуда, Еуропада 400-500).