Солай бола тұра, пайдалы қазбалар қорларының сарқылуы, өнімге деген сұранымның азаюы себепті өндiрiстiң құлдырауы салдарынан жағдайлары айтарлықтай нашарлап кеткен өндіруші бейiніндегі бiрқатар шағын қалалар бар. Оларға мыналар жатады: Арқалық қ. (боксит қорлары сарқылған), Текелi қ. (руда құрамында түсті металдар аз), Жiтiқара қ. (асбестке сұраным азайып кеттi), Абай қ. (тиімсіз көмiр шахталары жабылып қалды).
Шағын қалалардағы өңдеушi өнеркәсiп кәсiпорындары шығарылатын өнімнің бәсекелестiк қабiлетiнiң төмен болуы, сұранымның болмауы, өткізу рыноктарының қашықтығы және тасымалдау тарифтерiнiң жоғары болуы салдарынан тоқтап тұр немесе iшiнара жұмыс iстеуде. Олардың жағдайын табиғи және моральдық тұрғыдан ескiрген жабдықтар, көшi-қон нәтижесiнде біліктi кадрлардан айырылып қалу қиындата түсуде.
Шағын қалалар арасында өнеркәсiп өндiрiсi тоқтатылған немесе ең төмен деңгейге жеткiзілген қалалар тобы оқшауланады, олар - Степняк, Державинск, Қарқаралы, Темір, Қазалы, Жаңатас, Каратау.
Төмен өндiрiстiк және тұтыну сұранымы, кәсiпкерлерде өтiмдi кепiлдiк мүлiктiң болмауы себептi қаржы-кредит ресурстарына қол жетiмсiздігі экономикасы тоқыраған қалаларда шағын бизнестiң дамуына тосқауыл болуда.
3.4. Өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылым
Көлiктiк орналасуы жөнiнен шағын қалаларды екi топқа: темір жол желiлерi бойында орналасқан қалалар (51 қала), темір жолдардан шалғай орналасқан қалалар (9 қала) деп екi топқа бөлуге болады.
Бұдан басқа, бiрқатар шағын қалалар өнеркәсiп-көлiк орталықтары болып табылады, олар - Қандыағаш, Ембi, Шалқар, Аякөз, Шу, Арыс, Қазалы.
Елдiң 60 шағын қаласының жетеуi халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, 26-сы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, 27-ci жергiлiктi маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан.
Өндiрiстiк инфрақұрылымның қанағаттанғысыз жай-күйi шағын қалалардың дамуын тежеп отырған түйiндi проблемалардың бiрi болып табылады. Көлiк жолынан шалғайлық және автомобиль жолдары жай-күйiнiң нашарлығы проблемасы ерекше өткiр сипат алған.
Автомобиль жолдарының төмен техникалық деңгейi, жекелеген көпiрлердiң авариялық күйi көлiктiң жылдамдық мүмкiндiктерiнiң төмендеуiне, тауарлар мен қызметтердiң құнындағы көлiк үлесiнiң ұлғаюына, ауылшаруашылық өнiмiн тасымалдау кезiнде ысырапқа әкеп соғады.
Iрi өткізу рыноктарынан, қалалық агломерациялардан шалғайлық, көлiк жолының тұйыққа тiрелуi Державинск (облыс орталығынан 390 км), Арқалық (590 км), Қарқаралы (250 км) сияқты және басқа да қалалардың дамуын қиындатуда. Олар облыс орталықтарымен едәуiр жөндеу жұмыстарын қажет ететiн автомобиль жолдарымен байланысқан.
Республиканың шағын қалалары олардың аумағындағы өнеркәсiп орындары мен осында тұратын халықтың мұқтаждығы үшiн сумен қамтамасыз етілудiң әртүрлi деңгейiне ие болып отыр. Әкiмдiктердiң деректерi бойынша Степняк қ. халқының 95 %-ы, Шу қ.-28 %-ы, Арқалық қ. - 28 %-ы, Арал қ. 32 %-ы, Қарқаралы қ. - 35 %-ы сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Осы қалалардың тұрғындары ашық тоғанның суын, тасымал суды пайдаланады.
Шағын қалалардың аса маңызды проблемасы тыныс-тiршілiктi қамтамасыз ету объектілерiн (қазандықтар, жылу, кәрiз және су құбыры желілерi, электрмен жабдықтау, тұрғын үй қоры және әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлер) күтiп ұстау мәселесi болып табылады.
Су құбырлары мен кәрiз желілерi әбден тозып ескiрген. Шағын қалалардың басым көпшілігінде су құбыры және кәрiз жүйелерi, тазарту құрылыстары жарамсыз күйге жетiп, қоршаған ортаны ластау, халықтың ауруға ұшырау көздерiне айналған.
Шағын қалалардың коммуналдық кәсiпорындары негiзiнен залалды кәсiпорындар болып табылады. Шағын қалаларға жылыту маусымын өткізуге мазут, көмiр, газ сатып алу үшiн бюджеттерден жыл сайын едәуiр мөлшерде демеу қаржы бөлу талап етіледi.
Шағын қалаларда ескi және азаматтар тастап кеткен үйлер аз емес. Мәселен, Жiтiқара қаласында иесiз қалған тұрғын үйлер 16 %-ды құрайды, Абай мен Арқалық қалаларында 2000-нан астам пәтер қаңырап бос тұр.
Шағын қалалардың әлеуметтiк инфрақұрылымы осы саланы оңтайландыру кезiнде қысқарды, алайда халықтың мектептермен, ауруханалармен, медициналық қызметшiлермен қамтамасыз етілуi орташа облыстық көрсеткiштерге таяп қалды. Барлық шағын қалаларда мәдениет, спорт мекемелерi жұмыс істейдi.
Сонымен қатар қаржы-қаражаттың жетiспеуi салдарынан оларды күтiп ұстау, күрделi жөндеуден өткізу, жабдықтарды жаңарту қиындап кеттi.
Оңтүстiк өңiрлердiң шағын қалаларында халықтың өсуiне және оралмандардың келуiне байланысты жаңа жалпы білім беретiн мектептер, медицина мекемелерiн салу қажеттiгi туындауда. Дәрiгерлердiң, мұғалiмдердiң, әлеуметтiк қызметкерлердiң жетiспеуi байқалады.
Шағын қалаларды дамытудың бас жоспарлары 70-80 жылдары жасалып, iс жүзiнде өздерiн сарқып тауысқан.
3.5. Экологиялық ахуал
Атмосфералық ауаның ластануы, топырақтың, жер бетіндегі тұщы судың және су тоғандарындағы балық қорларының химиялық тұрғыда улануы, халықтың ауруға ұшырау деңгейiнiң артуы шағын қалалардың өнеркәсiптiк дамуының экологиялық зардаптары болып табылады.
Мыналар:
күлтөбелердің көбеюi, беталды төгiлген үйiнділер және жалпы қалалық тазарту құрылыстарының болмауы;
қалаларға жақын орналасқан кәрiз желiлерi мен сүзгi алаңдарының нашар жай-күйi;
кен өндiру кәсiпорындарының үйiнділерi мен қалдық сақтау қоймаларының үлкен көлемi;
қатты отынмен жұмыс iстейтiн қисапсыз көп қазандықтардан ластаушы заттардың шығарылуы экологиялық жайсыздықтың көздерi болып табылады.
3.6 Шағын қалалардың дамуын тежеп отырған негiзгi
проблемалар мен факторлар
Шағын қалалардың экономикасы мен әлеуметтiк саласын талдау оларға тән негізгі проблемаларды бөлiп алуға мүмкiндiк бердi. Оларға мыналар жатады:
шағын қалаларды дамытудың тиiмдi стратегиясы мен бағдарламаларының болмауы;
дамуға қаражаттың болмауы, жоғары тұрған бюджеттерге тәуелдiлiк;
тұрмыстың төмен деңгейi мен сапасы;
жұмыссыздықтың жоғары деңгейi;
қала салатын кәсiпорындарға тым тәуелдi болу;
өндiрiстiк және көлiктiк инфрақұрылым объектiлерiнiң қатты тозып кетуі;
экономиканың барлық саласында біліктi жұмысшылар мен мамандардың жетiспеуi;
көптеген қалалардың облыс орталықтарынан алыс қашықтықта болуымен ұштаса келгенде көлiк коммуникацияларының қанағаттанғысыз жай-күйi;
экологиялық проблемалар.
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Бағдарламаның мақсаты шағын қалалардың әлеуметтiк-экономикалық дамуы үшiн жағдайлар жасау болып табылады.
Бағдарламаның негiзгi мiндеттерi:
шағын қалалардың функционалдық тұрпаттамасына сәйкес оларды дамытудың негiзгі бағыттарын айқындау;
экономиканың нақты секторын дамытуға және халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға бағытталған шараларды айқындау;
өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымды дамытуға бағытталған шараларды айқындау;
тиiмдi инвестицияларды тартуға бағытталған шараларды айқындау болып табылады.
Бөлiп алынған мiндеттердi шешу әртүрлi бағыттағы шаралардың кең ауқымын әзiрлеудi және iске асыруды көздейдi.
5. Шағын қалаларды дамытудың негiзгi бағыттары мен
Бағдарламаны iске асыру тетiктерi
5.1. Жалпы бағыттар
Осы бағдарламада елдiң шағын қалаларын дамытудың негiзгі стратегиясы айқындалады, қаржыландырылу республикалық және облыстық бюджеттерден жүзеге асырылуы тиiс салалар бөлiп алынады. Әрбiр қаланы дамыту жөнiндегі нақты шаралар 3-бөлiмде айқындалған тұрпаттамаға сәйкес әзiрленетiн шағын қалаларды дамытудың өңiрлiк бағдарламаларында көзделуге тиiс.
Шағын қалаларды дамытудың негiзгi бағыттары:
әртараптандыру және көлемi әртүрлi кәсiпорындар мен салалық иелiктiң оңтайлы үйлесiмiн жасау арқылы экономика құрылымын жетiлдiру;
қалалардың функционалдық мамандану құрамын кеңейту;
шағын қалаларға жақын маңда бар минералдық-шикiзат ресурстарын игеру;
халықтың негізгі қызмет түрлерiне қол жетiмдiлігін арттыру үшiн әлеуметтiк инфрақұрылымды аумақтық ұйымдастыру;
халықты және кадр әлеуетiн көбейту;
шағын кәсiпкерлiк субъектілерiн қолдау инфрақұрылымын аумақтық ұйымдастыру болып табылады.
Шағын қалаларды дамытудың негiзгi бағыттары олардың минералдық-шикiзат, өндiрiстiк және еңбек әлеуетiн, қолайлы географиялық жағдайын ескере отырып айқындалды.
5.2. Өнеркәсiп бағытындағы қалаларды дамыту
Өндiрушi өнеркәсiп басым дамыған шағын қалаларды одан әрi дамыту перспективалары шикiзат базасы қорларының болуымен және көлемдерiмен, оны кеңейтумен, бiр бағытта мамандануды жұмсарту, өңдеушi өнеркәсiптi дамытумен байланысты.
Осыған байланысты:
өңiрлiк деңгейде Шағын қалаларды дамыту бағдарламасында:
қала салатын кәсiпорынды толықтыратын немесе алмастыратын баламалы өндiрiстердi орналастыру;
металл рудаларын байыту, негiзгi өндiрiс қалдықтарын өңдеу жөніндегі шағын өндiрiстердi құру:
шикiзат өндiру тиiмсiз болып қалған қалаларда қала салатын кәсiпорындарды әртараптандыру жөнiнде шаралар көздеу ұйғарылуда.
республикалық деңгейде:
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 29 желтоқсандағы № 1449 қаулысымен бекітілген Елдiң минералдық-шикiзаттық кешенi ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес шағын қалаларға жақын маңдағы минералдық шикiзаттың және басқа да пайдалы қазбалардың перспективалы кен орындарын анықтау және игеру жөнiнде iздестiру-барлау және одан кейiнгі жұмыстарды жүзеге асыру;
шағын қалалардың мүдделерiн ескеретiн жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсiмiн жетiлдiру.
Негiзiнен өңдеушi бағыттағы шағын қалалар экономикасының құрылымын жетiлдiру мақсатында мына шараларды:
бос өндiрiстiк алаңдарда тауарлар шығару мен қызметтер көрсетудi ұйымдастыруды;
қаладан тысқары жерлерге сату үшiн өнiм өндiрудi жүзеге асыратын кәсiпкерлердi басым қолдауды;
күрделi жабдықтар мен жоғары біліктi күштi қажет етпейтiн жинақтаушы бұйымдар мен бөлшектер өндiрудi ұйымдастыру үшiн iрi кәсiпорындардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң шағын қалаларға орын ауыстыруын ынталандыруды жүзеге асыру көзделуде.
5.3. Аграрлық-өнеркәсiптiк бағыттағы қалаларды дамыту
Аграрлық-өнеркәсiптiк бағыттағы шағын қалалардың перспективалары ауыл шаруашылығының дамуына, ауылшаруашылық шикiзатын өңдейтiн кәсiпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетуге байланысты. Мемлекеттік аграрлық азық-түлiк бағдарламасында мынадай iс-шараларға қолдау көрсету шаралары айқындалған: лизингтiк негiзде жабдықтар беру, жабдықтар лизингi бойынша сыйақы (мүдде) ставкалары мен банк кредитiн өтеу және басқалар.
Бұл қалаларда ауылшаруашылық шикiзатын өңдейтiн және ауыл шаруашылығына қызмет көрсететiн кәсiпорындар кешенiн: ауылшаруашылық техникасын жөндеу жөніндегі зауыттарды, астықты, ет пен сүттi, жемiс-көкөнiс өнiмiн, балықты барынша өңдеу жөніндегі кәсiпорындарды, өнiм сақтайтын қоймалар, тоңазытқыш камераларын, ауылдық тауар өндiрушiлер мен халыққа қызмет көрсету жөніндегі сервистiк қызметтердi (аграрлық-химиялық қызметтер, MTC, мал тұқымын асылдандыру орталықтары, консалтингтiк және маркетингтiк орталықтар) және басқаларын орналастыру көзделуде.
Ауылшаруашылық өнiмiн өңдеу жөнiндегі кәсiпорындарды орналастыру ауылшаруашылық өндiрiсiнiң аймақтық мамандануына сәйкес жүргізiлетiн болады.
Осыны басшылыққа ала отырып мына шараларды:
астықты крахмалға, мұздатылған немесе құрғақ желiмтiкке, глюкоза-жемiс шәрбатына терең ұқсату өндiрiсiн ұйымдастыруды (Арқалық қ., Лисаковск қ., Ерейментау қ., Державинск қ.);
тамақ концентраттарының, дәннен жасалған құрғақ таңертеңгiлiк астардың, сұлы, арпа, бидай үлпегi секiлдi жылдам пiсетiн жармалардың шағын өндiрiстерiн құруды (Есіл қ., Булаево қ., Тайынша қ., Шемонаиха қ.);
балалар тағамы үшiн сүттен консервілер өндiру, құрғақ сүт, iрiмшiк, және сары май шығару жөніндегі цехтарды салуды (Шортанды қ., Ақкөл қ. Сергеевка қ, Текелi қ.);
шапшаң мұздатылған жемiстер мен көкөнiс өндiру жөніндегі цехтарды салуды (Қаскелең қ., Леңгір қ., Шу қ., Шардара қ., Зыряновск қ., Серебрянск қ.);
соя майын, сүтiн, iрiмшiгiн, ал кейiннен - ет алмастырғыштар мен басқа да өнiмдер алынатын соя өңдеу зауытын орналастыруды (Қапшағай);
джем, жемiс езбесiн, балалар тағамын, табиғи шырындар өндiрудi ұйымдастыруды (Текелi қ., Сарыағаш қ., Жетiсай, Леңгiр қ., Қаскелең қ., Есiк қ., Талғар қ.);
жүн мен терiнi бастапқы өңдеудi, жүн иiру және былғары кәсiпорындарын ұйымдастыруды (Арқалық қ., Аягөз қ., Қарқаралы қ., Қаратау қ., Жаңатас қ.);
жүгерi ұқсату кәсiпорындарын салуды (Шу қ., Жаркент қ.);
қант зауыттарын қайта құруды (Шу қ., Үшарал қ.);
балық питомниктерiн және балық ұқсатуды ұйымдастыруды (Үшарал қ., Приозерск қ., Арал қ., Форт-Шевченко қ., Серебрянск қ.) жүзеге асыру көзделуде.
5.4. Басқа бағыттағы қалаларды дамыту
Көлiк орталықтары - шағын қалаларды одан әрi дамыту темір жолдарға қызмет көрсету жөніндегі функцияларды орындаумен және көлiк құралдарын жөндеу және жинау жөніндегі өнеркәсiп өндiрiсiн жүзеге асырумен байланысты.
Осы бағыт шеңберiнде Бағдарламада мынадай iс-шараларды iске асыру:
Шу қаласында жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындардың базасында осы заманғы локомотивтердi құрастыру өндiрiсiн ұйымдастыру;
Атбасар және Қазалы қалаларында электровоздар мен тепловоздар жөндеу зауыттарын қайта құру көзделуде.
Шортанды және Сарыағаш шағын қалаларын дамытудың перспективалы бағыты республикалық және халықаралық ауқымда демалу және сауықтыру қызметтерiн көрсету болып табылады.
Сонымен қатар Есiк, Жаркент, Қаскелең, Қапшағай, Сарқант, Талғар, Текелi (Алматы облысы), Приозерск - Прибалхашье, Қарқаралы (Қарағанды облысы), Шардара (Оңтүстік Қазақстан облысы) сияқты шағын қалалар игерудi қажет ететiн едәуiр қалпына келтiру әлеуетiне ие.
Осы шағын қалалардың қалпына келтiру әлеуетiн игеру мына шараларды iске асыруды:
жыл бойына пайдалану есебiмен туристер мен демалушылар орналастырылатын қарапайым, айтарлықтай арзан, шағын (25-100 орын шегiнде) объектiлер салуды;
шағын қалаларда өздерiнiң демалыс аймақтарын салуға мүдделі кәсіпорындар мен ұйымдарға туризм мен демалысты дамытудың нақты аудандарында құрылыс жүргізу нормалары шегiнде мемлекеттік табиғи грант түрінде жер телiмдерiн берудi;
бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік демалу мен емделу (балалар, мүгедектер, қарттар) үшiн объектiлер салуды;
туристік кешендер, этнографиялық мұражайлар мен демалыс аймақтарын құруды;
iлеспе инфрақұрылымды: көлік-жол, сумен, электрмен, жылумен жабдықтауды, телекоммуникацияны дамытуды қажет етедi.
Ғылыми бейіндегі кәсiпорындар мен ұйымдар қала салуға ұйытқы болып табылатын Курчатов, Степногорск және Приозерск қалаларының дамуы ғылыми әлеуеттi сақтап, ғылыми зерттеулерді одан әрi жалғастырумен байланысты.
Осы мақсатта:
жұмыс iстеп тұрған жоғары технологиялы өндiрiстердi сақтап, жаңаларын дамыту;
Приозерск және Степногорск қалаларында ғылымды көп қажет ететiн, экспортқа бағдарланған өндiрiстердi әзірлеу мен құруға бағытталған технопарктер құруды жеделдету;
ғылыми зерттеулердің нәтижелерін және елде жасалған технологияларды енгізуге және оларды жоғары зияткерлiк өнiмнiң дүниежүзілік рыногына өтіп ұсынуға жәрдемдесу қажет.
5.5. Экономикасы тоқыраған шағын қалаларды дамыту
Экономикасы тоқыраған әрбір шағын қала қаланың экономикасын тоқырау жағдайынан алып шығу жөніндегі шаралар кешенін көздейтiн өзiнiң Бағдарламасын әзiрлейдi.
Экономикасы тоқыраған шағын қалалардың дамуын мемлекеттік қолдау барлық шағын қалалар үшiн көзделетін шараларды iске асырумен қатар осы мақсатқа облыстық бюджеттерге мақсатты трансферттер бөлу арқылы жүзеге асырылатын болады.
Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен белгіленген рәсiмдерге сәйкес осы Бағдарламаның 3.1-тармағында көрсетiлген экономикасы тоқыраған шағын қалаларға мемлекеттік жәрдем көрсету үшiн мақсатты трансферттермен облыстық бюджеттерге 750 млн. теңге бөлiнетiн болады.
5.6. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту
Әртүрлi өңiрлерде, оның ішінде шағын қалаларда халықтың тығыздығы мен шынайы қажеттілiктерiн ескермейтiн әлеуметтiк саланың мемлекеттік ұйымдарының әртүрлi желісі бар.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 10 ақпандағы № 147 қаулысымен мақұлданған Мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы өкілеттiктердi ажырату және бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру тұжырымдамасына сәйкес болашақта әлеуметтiк сала объектілерiнiң жүйесiмен нормативті түрде қамтамасыз етуге көшу көзделуде.
Шағын қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрi дамыту мақсатында:
инфрақұрылымның республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын әлеуметтiк жаңадан салынатын және қайта жаңартылатын объектілерiнiң тiзбесін қалыптастыру;
2002-2005 жылдарға арналған ескi үйлердi күрделi жөндеуден өткізу және авариялық тұрғын үйлердi бұзу жөнiндегі өңiрлiк бағдарламалар шеңберiнде шағын қалалардың тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғыртуды жүзеге асыру;
2004-2006 жылдары 22 шағын қалаларда ұқсас телефон станцияларын цифрлы станцияларға ауыстыруды жүзеге асыру;
республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, 2004-2006 жылдарға арналған инвестициялық жобалар тiзбесiне енгізiлген жалпы сомасы 7073,57 млн. теңгеге 22 шағын қала бойынша әлеуметтiк инфрақұрылымның 26 объектiсiнiң құрылысын, оның iшiнде:
сумен жабдықтау саласында:
Арал және Қазалы шағын қалаларын сумен жабдықтауды қамтитын Қызылорда облысының Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын (4-кезегі) салу;
Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары-Тұрғұзба-Шоқпартоғай-Аққызтоғай топтық су құбырын қайта жаңарту;
Оңтүстiк Қазақстан облысының Шардара топтық су құбырын қайта салу;
Ақмола облысы Ақкөл қаласының су құбыры жүйесiн қайта жаңарту;
Ақмола облысы Атбасар қаласының ұңғымалы су жиналғысын қайта жаңарту;
Ақмола облысы Макинск қаласының жұмыс iстеп тұрған сумен жабдықтау жүйесiн қайта салу;
Алматы облысы Жаркент қаласының сумен жабдықтау жүйесiн қайта жаңарту және салу;
Шығыс Қазақстан облысы Аякөз қаласының су жиналғысы құрылысын және су құбыры жүйесiн қайта жаңарту (бiрiншi кезегi);
Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының iшкi қалалық су құбыры жүйесiн салу (екiншi кезегі);
Қарағанды облысы Абай қаласының сумен жабдықтау жүйесін оңтайландыру.
білім беру саласында:
Қызылорда облысының Арал қаласында мектеп салу;
Ақмола облысының Ерейментау қаласындағы Бөгембай батыр атындағы қазақ мектебiне жапсырма құрылысты салу;
денсаулық сақтау саласында:
Алматы облысының Есiк және Жаркент қалаларында перзентханалар салу;
Қарағанды облысының Қарқаралы және Оңтүстiк Қазақстан облысының Жетiсай қалаларында орталық аудандық ауруханалар салу;
Ақмола облысының Есіл, Державинск, Ақтөбе облысының Қандыағаш Шалқар, Алматы облысының Қаскелең, Қарағанды облысының Шахтинск, Приозерск қалаларында туберкулез ауруханаларының құрылысын салу;
Қызылорда облысының Арал және Солтүстiк Қазақстан облысының Булаев қалаларында туберкулез диспансерлерiн салу.
спорт және туризм саласында:
Ақмола облысы Шортанды қаласында шаңғы базасын салу.
5.7. Кадр әлеуетiн толықтыру
Мына шараларды жүзеге асыру:
перспективасы жоқ ауылдардан халықтың экономикалық өсу перспективасы бар шағын қалаларға көшiп-қонуын реттеу;
шағын қалалардың кадрларға қажеттiлiгі туралы халықты кеңiнен хабардар ету, жұмыс күшiне сұраным мен ұсыныс туралы бiрыңғай ақпараттық жүйе құру;
шағын қалалардың еңбек рыногында қажет етiлген мамандықтар бойынша жұмысшылар даярлау үшiн жаңа кәсiптiк-техникалық мектептер ашу және жұмыс iстеп тұрғандарын материалдық-техникалық жағынан жаңарту;
әртүрлi санаттағы босап қалған қызметкерлерге кәсiби консультация беру және оларды қайта оқыту;
мамандарға жеңiлдiк жағдайлармен мемлекеттік тұрғын үй қорына тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй құрылысы үшiн телiмдер беру көзделуде.
5.8. Қоршаған ортаны қорғау
Мына шараларды iске асыру:
өнеркәсiптi техникалық-технологиялық жаңартудың жобалық ұсыныстарын мiндеттi түрде жаңартуды, экологиялық сараптамасын жүзеге асыруды, өнеркәсiп кәсiпорындарының экологиялық таза өнiмдер шығаруға көшуiн, ресурстар үнемдейтiн қалдықсыз технологиялар енгізудi қамтитын шағын қалалардағы өндiрiстiк процестерге экологиялық сипат беру;
өнеркәсiптiк бағыттағы шағын қалаларда қоршаған ортаға жүйелi түрде экологиялық мониторинг жүргiзiп тұру;
кен өндiру кәсiпорындарының үйiндiлерi мен қалдық сақтау қоймаларын, беталды төгiлген күресiндердi жою және қатты тұрмыстық қалдықтардың тұрпатты полигондарын ұйымдастыру көзделуде.
5.9. Бағдарламаны iске асыру тетiктерi
Бағдарламаның iске асыру тетiгi шағын қалаларды дамытудың әкiмшiлiк-құқықтық реттеуiн әрi инвестициялық қолдауын, экономикалық және қаржылық қолдаудың аспаптар жүйесiн қалыптастыруын және пайдалануын көздейдi.
Қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру
Шағын қалаларда қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру және қажетті инвестицияларды тарту мақсатында:
өңiрлiк деңгейде:
инвестициялық паспортты қалыптастыру;
халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн инвестициялық жобалар мен бизнес-жоспарлар әзiрлеу;
көрмелер, тұсаукесерлер шараларын және басқаларды ұйымдастыру;
шағын бизнестi қолдау инфрақұрылымының объектiлерiн құруға және дамытуға жәрдемдесу;
республикалық деңгейде:
шағын қалаларда тиiмдi өндiрiстер мен сапалы жұмыс орындарын құратын кәсiпорындарға заңнамаға сәйкес инвестициялық салық преференцияларын беру;
мемлекеттің қатысу үлесiн кейiннен белгіленген тәртiппен сатып, жекелеген кәсiпорындар құрылысын бiрлесiп қаржыландыру және оларды жаңғырту;
кәсiпорындар салу үшiн мемлекеттік табиғи гранттар түрiнде жер телiмдерiн беру;
жалпы мемлекеттік мұқтаждар үшiн өнiм жеткiзiп беруге мемлекеттік тапсырыстарды қалыптастыру;
жабдықтар лизингi бойынша сыйақы (мүдде) ставкалары мен банк кредитiн өтеу көзделуде.
Экономикалық және қаржылық қолдау аспаптары
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 10 ақпандағы № 147 қаулысымен мақұлданған Мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы өкілеттiктердi ажырату және бюджетаралық қатынастарды жетілдiру тұжырымдамасына сәйкес өздерiнiң шығыстарын жоспарлау мен орындауда шағын қалалардың атқарушы органдарының дербестігін кеңейту мақсатында:
аудандық маңызы бар қалалар әкiмдерiнiң аппараттарын оларға заңды тұлға мәртебесiн берiп қалыптастыру;
шағын қалаларды сметалық қаржыландыру тетiгiн жергiлiктi бюджеттi атқару барысында секвестрлеуге жатпайтын бюджеттік бағдарламалар бойынша олардың шығыстарын қаржыландыруға көшу жолымен жетiлдiру;
келешекте өз бюджеттерi жоқ шағын қалаларға дербес бюджеттер беру мәселесiн қарау көзделуде.
Республикалық бюджеттен 2004-2005 жылдары шағын қалалар экономикасының нақты секторын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшiн "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры" ЖАҚ-тың жарғылық қорын толықтыруға 1 500 млн. теңге және экономикасы тоқыраған шағын қалаларда жаңа өндiрiстер құруға және шағын кәсiпкерлiктi дамытуға 900 млн. теңге бөлiнетiн болады.
Бұдан басқа шағын қалаларда республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен:
ауыз сумен қамтамасыз ету;
білім беру;
денсаулық сақтау объектiлерiн салу және қайта жаңарту жүзеге асырылатын болады.
Мыналарға:
халықты жылумен қамтамасыз етуге;
қала ішiлiк су құбыры желiлерiн тартуға;
әлеуметтiк сала ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге;
халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығына;
қоршаған ортаны қорғауға;
жергілiктi маңызы бар жолдар салуға және пайдалануға бағытталған iс-шаралар шағын қалаларда жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын болады.