37-бап. Тауарлардың шығарылған елін анықтау кезіндегі ерекшеліктер
1. Тауарлардың шығарылған елін анықтау кезінде оларды өндіру немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын энергия, машиналар, жабдықтар мен аспаптар есепке алынбайды.
2. Машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен пайдалануға арналған құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар, егер құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар жоғарыда аталған машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен жиынтықта және техникалық ілеспе паспортында, техникалық формуляр мен басқа да техникалық құжаттарда көрсетілген мөлшерде әкелінсе және сатылса, сол машиналар, жабдықтар, аппараттар немесе көлік құралдары әкелінген елде шығарылған деп есептеледі.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауар әкелінетін орама және (немесе) ыдыс сол тауардың елінде шығарылған деп есептеледі, бұған орама және (немесе) ыдыс Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауардан бөлек қаралатын жағдайлар қосылмайды. Бұл жағдайларда орама және (немесе) ыдыс шығарылған ел тауар шығарылған елден бөлек анықталады.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Тауардың шығарылған елін анықтау мақсаты үшін, оның ішінде адвалорлық үлес тәртібін қолдану кезінде, егер Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауар әкелінетін орама және (немесе) ыдыс сол тауардың елінде шығарылған деп есептелсе, тауардың бөлшек саудада сатылатын орамасы және (немесе) ыдысы ғана есепке алынады.
38-бап. Тауардың шығарылған елін растау
Тауардың шығарылуы туралы сертификат не тауардың шығарылуы туралы декларация тауардың шығарылған елін растау болып табылады.
39-бап. Тауардың шығарылуы туралы сертификат
2009.11.07. № 184-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Тауардың шығарылуы туралы сертификат - тауар шығарылған елді куәландыратын және сол мемлекеттің немесе, егер әкетілетін мемлекетте сертификат тауар шығарылған елден алынған мәліметтер негізінде берілсе, әкетілетін мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген құжат.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 184-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан , сондай-ақ еркiн қойма аумағынан Қазақстан Республикасының кедендік аумағының басқа бөлігіне әкету кезінде, егер тауардың шығарылуы туралы сертификат келісімшарттың талаптары бойынша, тауар әкелінген елдің ұлттық ережелері бойынша қажет болса немесе аталған сертификаттың болуы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделсе, осы аталған сертификат табыс етіледі.
3. Егер тауардың шығарылуы туралы сертификатта тауардың шығарылған елі туралы мәліметтер Қазақстан Республикасында қолданылатынға қарағанда жеткілікті дәрежеде қайта өңдеудің өзгеше өлшемдеріне негізделген болса, тауардың шығарылған елі осы Кодекстің 35-бабында аталған өлшемдерге сәйкес анықталады.
40-бап. Тауардың шығарылуы туралы декларация
1. Тауардың шығарылуы туралы декларация дайындаушының немесе сатушының тауарға қатысты тауардың ілеспе құжатында тауардың шығарылған елі туралы жасаған мәлімдемесі болып табылады.
2. Егер тауардың шығарылуы туралы декларацияда тауардың шығарылған елі туралы мәліметтер Қазақстан Республикасында қолданылатынға қарағанда жеткілікті дәрежеде қайта өңдеудің өзгеше өлшемдеріне негізделген болса, тауардың шығарылған елі осы Кодекстің 35-бабында аталған өлшемдерге сәйкес анықталады.
41-бап. Тауардың шығарылуы туралы сертификат беру шарттары
1. Тауарды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасына әкелу кезінде, егер:
1) сол тауардың шығарылған еліне Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес тарифтік артықшылықтар берілген;
2) кеден органында тауардың тауарларды әкелу тарифтік емес реттеу шараларымен реттелетін елдерде шығарылғаны туралы негізделген ұйғарымдар болған;
3) Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда бұл көзделген жағдайларда, тауардың шығарылуы туралы сертификат табыс етіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған жағдайларда тауардың шығарылуы туралы сертификат Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген белгілі бір нысан бойынша табыс етіледі.
3. Осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының ережелеріне қарамастан, егер:
1) Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін тауарлар таңдап алынған кедендік режимнің шарттарына сәйкес кедендік баждарды және салықтарды төлеуден босатылса;
2) бір келісім-шарттың шеңберінде көп рет жеткізіп беруді, сондай-ақ нақ сол тауарды бір жөнелтуші нақ сол алушының атына әртүрлі келісім-шарттар бойынша қайталап жеткізіп беруін қоспағанда, әкелінетін тауарлар легінің кедендік құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тоғыз жүз айлық есептік көрсеткішке балама сомадан аспайтын болса;
3) жеке адамдар Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізетін тауарларға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалар мен шарттар сақталатын болса;
4) бұл Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделсе, тауардың шығарылуы туралы сертификатты табыс ету талап етілмейді.
4. Тауардың шығарылуы туралы сертификаттың түпнұсқасы, тауарды кедендік ресімдеу алдын ала және уақытша декларациялау рәсімі бойынша жүргізілетін жағдайларды қоспағанда, кеден декларациясымен және кедендік ресімдеуді жүзеге асыруға қажетті басқа да құжаттармен бір мезгілде табыс етіледі. Сертификат жоғалған жағдайда оның ресми расталған көшірмесі қабылданады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Тауарлардың шығарылуын сертификатта көрсетілген мәліметтерді тауардың ілеспе құжаттарында бар мәліметтермен бірдейлендіргеннен кейін кеден органдары белгілейді. Тауардың жоғалуы, кем шығуы жағдайларын қоспағанда, оның іс жүзінде жеткізіп берілген мөлшері мен сертификатта көрсетілген мөлшері арасындағы алшақтық бес проценттен аспауға тиіс. Бұл ретте тәуелсiз сараптама актісi (қорытындысы) мен кедендік тексеру актiсi тауардың жоғалуы, кем шығуы фактісін растайтын құжаттар болып табылады. Өзге жағдайларда тауардың шығарылуы туралы сертификат қате ресімделген болып есептеледі.
6. Сертификаттың немесе ондағы мәліметтердің түпнұсқалығына қатысты күмән туындаған жағдайда кеден органы тауар шығарылған елдің сертификатты куәландырған, мемлекет уәкілеттік берген органына, сертификаттарды іріктеп тексеруді жүзеге асыруды қоса алғанда, қосымша не нақтылаушы мәліметтерді хабарлау жөнінде дәлелді өтінішпен шыға алады. Бұл орайда тауардың шығарылуын растайтын құжаттар табыс етілгенге дейін тауар сол елде шығарылған болып есептелмейді.
7. Кеден органдарында уәкілетті орган арқылы ресми түрде табыс етілген бланктер үлгілерінің, мөртаңбаларының, тұлғалар қойған қолдардың, сондай-ақ тауарлардың шығарылуы туралы сертификаттарды растауға және беруге уәкілетті ұйымдардың мекен-жайларының болуы тауарлардың шығарылуы туралы сертификаттарды кеден органдары қабылдауының шарттары болып табылады.
8. Егер тауардың шығарылуы туралы сертификатты табыс ету талап етілмесе, онда тауардың шығарылған елі тауардың шығарылуы туралы декларациямен расталады.
42-бап. Тауардың шығарылу себептері бойынша тауарды жіберуден бас тарту үшін негіздемелер
1. Егер тауардың шығарылған елі Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес тауарлары Қазақстан Республикасына әкелуге жатпайтын ел болып табылатын жағдайда кеден органы тауарларды жіберуден бас тартады. Кеден органының бұл бас тартуы декларантқа жазбаша түрде табыс етіледі.
2. Тауардың шығарылуы туралы сертификатты немесе тауардың шығарылуы туралы декларацияны дұрыс ресімдемей табыс ету немесе оларды табыс етпеу, осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды жіберуден бас тарту үшін негіздеме болмайды.
3. 2007 ж. 8 қаңтардағы № 211-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2007.08.01 № 211-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 4 тармақ өзгертілді
4. Осы баптың 2-тармағында аталған тауарларға қатысты кеден органы кедендік декларация тiркелген күннен бастап бір жыл өткенге дейін сол тауарлардың шығарылған елін растауды алған жағдайда артықшылық режимі немесе ең қолайлы режим қолданылады (қалпына келтіріледі).
43-бап. Тауарлардың шығарылған елін анықтауға қатысты
қосымша ережелер
1. Қазақстан Республикасының тарифтік артықшылықтары «тікелей тиеп жіберу» ережелері сақталған жағдайда беріледі. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларда, қатысушы елдер үшін тарифтік артықшылықтар беру шарты ретінде «тікелей сатып алу» ережелерінің орындалуы қажет.
2. Белгілі бір тауарлар транзит елдерінде болған жағдайда, соның ішінде бұл елдердің аумағында олар қоймаға уақытша қойылған немесе кедендік қоймаға қойылған кезінде кедендік бақылауда болған жағдайда, экономикалық, географиялық, техникалық немесе көліктік себептердің салдарынан тауарлар бір немесе бірнеше елдің аумағы арқылы өткізілетін реттерді қоспағанда, тауарды өзге мемлекеттің аумағы арқылы тасымалдамай (алып жүрмей), тауарды ол шығарылған елден Қазақстан Республикасына жеткізу «тікелей тиеп жіберу» деп ұғынылады.
3. Мынадай шарттар орындалған:
1) тауарлар өздері шығарылған елдің аумағынан көрмелер немесе жәрмеңкелер өткізілетін елдің аумағына жеткізілген және оларды өткізу кезінде кедендік бақылауда болған;
2) тауарлар оларды көрмеге немесе жәрмеңкеге жөнелткен кезден бастап көрсетуден басқа қандай да бір өзге мақсаттарға пайдаланылмаған;
3) табиғи тозу не тасымалдаудың (алып жүрудің) және сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған тауарлардың жай-күйіндегі өзгерістер ескеріле отырып, тауарлар Қазақстан Республикасына олардың көрмеге немесе жәрмеңкеге қойылған күйінде жеткізілген жағдайда көрмелерде немесе жәрмеңкелерде сатып алынған тауарлар да «тікелей тиеп жіберу» ережелеріне жатады.
4. Қазақстандық тұлға мен Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шартқа қатысушы ел резидентінің арасындағы шарт негізінде тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілуі «тікелей сатып алу» ережелеріне жатады.
8-тарау. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар
Номенклатурасы
44-бап. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар
номенклатурасы
1. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы - цифрлық белгі немесе цифрлық белгілер тобы (кодтары) түріндегі тауар топтарын, позицияларын, субпозицияларын, кіші субпозицияларын қамтитын тауарлар жіктеушісі. Жіктеудің кез келген деңгейіндегі позицияларға ескертулер, сондай-ақ Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын түсіндірудің негізгі ережелері Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы тарифтік және тарифтік емес реттеу, Қазақстан Республикасының кедендік статистикасын жүргізу үшін қолданылады.
3. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Қазақстан Республикасында қолданылатын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы Дүниежүзілік кеден ұйымының Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесіне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес келеді.
45-бап. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар
номенклатурасын жүргізу
Уәкілетті орган Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын жүргізуді жүзеге асырады.
Уәкілетті орган:
1) халықаралық ұйымдарда халықаралық негізді әзірлеу, өзгерту, толықтыру, түсіндіру және қолдану бөлігінде қазақстандық тараптан өкілдік етеді;
2) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы халықаралық негізінің өзгерістері мен толықтыруларын, бұл негізді түсіндіру жөнінде халықаралық анықтаулар мен шешімдерді қадағалауды қамтамасыз етеді;
3) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын оның халықаралық негізіне сәйкес келтіру жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс енгізеді;
4) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын әзірлеу, өзгерту және толықтыру туралы ұсыныстар дайындауды қамтамасыз етеді;
5) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының эталон данасын әзірлейді және оны сайма-сай қалыпта ұстап отырады;
6) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын, халықаралық түсініктемелер мен халықаралық негізді түсіндіру жөніндегі шешімдердің жариялануын қамтамасыз етеді;
7) жекелеген тауарларды жіктеу бойынша орындау үшін міндетті шешімдерді әзірлейді, бекітеді және жариялауды қамтамасыз етеді;
8) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын жүргізуге қажетті өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 46-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
46-бап. Тауарларды жіктеу
1. Тауарларды декларациялау кезінде олар жіктелуге тиіс, яғни тауарларға қатысты Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша коды (кодтары) белгіленеді.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Тауарларды декларациялау кезінде декларант олардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша кодын дұрыс көрсетпеген жағдайда бақылау өткізу пункттері мен мамандандырылған кеден мекемелерінен басқа, кеден органы мұндай тауарды өз бетінше жіктеуге құқылы.
Бақылау өткізу пункттері мен мамандандырылған кеден мекемелерінен басқа, кеден органының тауарларды жiктеу жөнiнде шешiм қабылдау тәртібі мен шешiм нысанын уәкілетті орган белгілейдi.
3. Бақылау өткізу пункттері мен мамандандырылған кеден мекемелерінен басқа, кеден органдарының тауарларды жіктеу жөніндегі шешімдері міндетті болып табылады. Бақылау өткізу пункттері мен мамандандырылған кеден мекемелерінен басқа, Кеден органдарының шешімдеріне осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
4. Тауарларды жіктеу кезінде бақылау өткізу пункттері мен мамандандырылған кеден мекемелерінен басқа, кеден органдары тауарлар кодтарын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес қолданады. Тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілетін мәліметтер, сондай-ақ сараптама ұйымдары беретін қорытындылар, анықтамалар, сараптама актілері көмекші (ақпараттық) сипатта болады және тауарларды жіктеу кезінде назарға алынады.
5. Тұлғаның сұратуы бойынша бақылау өткізу пункттері мен мамандандырылған кеден мекемелерінен басқа, бақылау өткізу пункттері мен мамандандырылған кеден мекемелерінен басқа, кеден органы осы бөлімге сәйкес тауардың жіктемесі бойынша алдын ала шешім қабылдайды.
9-тарау. Алдын ала шешім
47-бап. Алдын ала шешім қабылдау
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мамандандырылған кеден мекемелері мен бақылау өткізу пункттерін қоспағанда, кеден органдары тұлғаның (өтініш берушінің) өтініші бойынша нақты тауар жөнінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың жіктемесіне қатысты алдын ала шешім қабылдайды.
2007.08.01 № 211-III ҚР Заңымен 2 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген кеден органдары тұлғаның (өтініш берушінің) өтініші бойынша осы Кодекстің 48-бабына сәйкес тауар туралы табыс етілген мәліметтер болған кезде тауардың шығарылған елін анықтауға қатысты алдын ала шешім қабылдайды. Тауардың шығарылған елін анықтауға қатысты алдын ала шешімдер артықшылықты және артықшылықты емес режимдерін қолдану кезінде қабылданады. Көрсетілген мәселелер бойынша алдын ала шешім қабылдау тәртібі мен нысанын кеден ісі жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
3. Аталған шешімді қабылдағаны үшін осы Кодекстің 299-бабына сәйкес алдын ала шешім үшін ақы алынады.
48-бап. Алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш
1. Өтініш беруші осы Кодекстің 47-бабында көрсетілген кеден органына жазбаша нысанда жазылған өтініш жолдайды.
2. Өтініште тауар туралы алдын ала шешім қабылдау үшін қажетті мәліметтер болуға тиіс. Өтініш берумен бір мезгілде тауарлардың сипаттамасы, олардың фотолары, суреттері, сызбалары, коммерциялық, техникалық не алдын ала шешім қабылдау үшін қажетті өзге де құжаттар табыс етіледі. Мүмкін болған жағдайда өтініш беруші алдын ала шешім қабылданатын тауарлардың сынамаларын немесе үлгілерін де табыс етеді.
3. Өтінішті кеден органы қарайды және өзге де ақпарат не сараптама жүргізу талап етілмесе, алдын ала шешім, өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күнінің ішінде беріледі.
4. Егер өтініш беруші табыс еткен мәліметтер алдын ала шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болса, кеден органы табыс ету мерзімін белгілей отырып, қосымша ақпарат беру қажет екендігі туралы тұлғаны хабардар етеді. Егер ақпарат белгіленген мерзімде берілмесе, алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш қабылданбай тасталады. Қосымша ақпарат берудің жалпы мерзімі өтініш берушіні жазбаша хабардар еткен кезден бастап бір айдан аспауға тиіс.
5. Алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш қабылданбаған жағдайда кеден органы өтініш берушіге жазбаша дәлелді бас тартуын жеті жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Өтінішті қабылдамау өтініштің қабылданбауына негіз болған себептерді жойған жағдайда өтініш берушінің алдын ала шешім қабылдау туралы қайталап жүгінуіне кедергі болмайды.
6. Алдын ала шешімге не кеден органдарының белгіленген мерзімде оны қабылдамауына осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
49-бап. Алдын ала шешімнің қолданылу мерзімі
Кеден органдарының алдын ала шешімі ол қабылданған кезден бастап үш жыл бойы қолданылады.
Алдын ала шешімнің өзгертілуі оның қолданылу мерзімін ұзартпайды.
50-бап. Алдын ала шешімінің күшін жою немесе өзгерту
1. Уәкілетті орган өзі не уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі мен кеден қабылдаған алдын ала шешімнің күшін жоюға немесе өзгертуге құқылы.
2. Егер алдын ала шешім өтініш беруші табыс еткен толық емес немесе дұрыс емес ақпарат негізінде қабылданса, ондай шешімнің күші жойылады. Күшін жою жаңадан алдын ала шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
3. Алдын ала шешім:
1) Дүниежүзілік кеден ұйымы Қазақстан Республикасында қолдану үшін міндетті шешімдер қабылдаған;
2) алдын ала шешім Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға қайшы келген;
3) Қазақстан Республикасының кеден заңдары алдын ала шешім қабылдау бөлігінде өзгертілген;
4) алдын ала шешім қабылдау кезінде жол берілген жолсыздықтар анықталған жағдайларда өзгертіледі.
4. Алдын ала шешімді өзгерту өтініш беруші өзгеріс туралы хабарламаны алғаннан кейін күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының кеден заңдары өзгертіліп, соның нәтижесінде алдын ала шешім Қазақстан Республикасының кеден заңдарына қайшы келетін жағдайда, кеден органдарының шешімі Қазақстан Республикасының кеден ісі саласындағы нормативтік құқықтық актісі қолданысқа енгізілген кезден бастап күші жойылған болып танылады.
5. Аталған жағдайларда алдын ала шешімді алушыға жазбаша хабарлама жіберіледі, онда күшін жоюдың немесе өзгертудің себептері көрсетіледі.
6. Алдын ала шешім жойылған немесе өзгертілген жағдайда алдын ала шешім қабылдау үшін алынған кеден алымдары қайтарылмауға тиіс, бұған мұндай жою немесе өзгерту кеден органы жіберген қатеге байланысты болған жағдайлар қосылмайды.
51-бап. Алдын ала шешімнің жариялылығы
Кеден органдары қабылдаған алдын ала шешімдер, құпия болып табылатын ақпаратты қоспағанда, жариялануы және жазбаша сұратуы бойынша кез-келген тұлғаға берілуі мүмкін.
52-бап. Тауарды кедендік ресімдеу кезінде алдын ала
шешімді табыс ету
1. Осы Кодекстің 47-бабында аталған, кеден органдары қабылдаған алдын ала шешім кеден органдары үшін міндетті болып табылады.
2. Алдын ала шешім кеден органына кедендік декларациямен бірге табыс етіледі.
3. Кедендік ресімдеу және кедендік бақылау мақсаттары үшін алдын ала шешімнің түпнұсқасы не осы Кодекстің 47-бабында аталған, осындай шешімді берген кеден органы растаған көшірмесі пайдаланылады.
4. Белгілі бір тауарды әртүрлі уақытта және (немесе) әртүрлі кеден органдарына лектеп жеткізіп беру жүзеге асырылатын жағдайда, тауарды жіктеу жөніндегі алдын ала шешімді тауардың алғашқы легін кедендік ресімдеуді жүзеге асыратын кеден органы қабылдайды, бұл орайда ұқсас тауардың келесі лектерін ресімдеу үшін, осындай шешім қабылдаған кеден органы растаған алдын ала шешімнің көшірмелерін пайдалануға жол беріледі.
5-Бөлім. Тауарлар мен көлік құралдарын өткізуге
байланысты алдын ала операциялар, кедендік
операциялар мен рәсімдер
10-тарау. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан
Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу
53-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағына өткізу кезінде алдын ала операцияларды жүзеге асыру тәртібі
1. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағына өткізу кезіндегі алдын ала операциялар мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өту;
2) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өту туралы кеден органдарына хабарлау;
3) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде алдын ала кедендік ресімдеу;
4) тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды межелі кеден органына жеткізу;
5) тауарлар мен көлік құралдарын жеткізу туралы межелі кеден органына хабарлау;
6) тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Тауарларды Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына құбыр тасымалын пайдалану және электр беру желілері бойынша өткізу кезіндегі алдын ала операцияларды жүзеге асырудың тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
54-бап. Қазақстан Республикасының кедендік
шекарасынан өту
1. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағына іс жүзінде өткізу тауарлар мен көлік құралдарының Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өтуі болып табылады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өтуге осы Кодекстің 55-бабына сәйкес айқындалатын өткізу пункттерінде, олардың жұмыс істеу уақытында жол беріледі және тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлғаға тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды өткізу пунктінде орналасқан кеден органына мүмкіндігінше қысқа мерзімде жеткізу міндетін жүктейді.
55-бап. Өткізу пунктін анықтау
Мыналар:
1) әуе көлігімен өткізілетін тауарлар үшін, - межелі әуежай немесе тауарлар тасымалдаушы әуе кемесінің Қазақстан Республикасының кедендік аумағындағы қонатын және тауарларды түсіретін алғашқы әуежайы;
2) теңіз көлігімен өткізілетін тауарлар үшін, - Қазақстан Республикасының кедендік аумағындағы алғашқы түсіру порты немесе қайта тиеу порты;
3) көліктің басқа түрлерімен өткізілетін тауарлар үшін - жүру жолындағы бірінші кеден органы;
4) құбыр тасымалымен және электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарлар үшін, - уәкілетті органмен келісілген коммерциялық есептеу аспаптары орнатылған жерлер тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункті болып табылады.
56-бап. Кеден органдарын Қазақстан Республикасының
кедендік шекарасынан өту туралы хабардар ету
1. Тасымалдаушы не тауарларды өткізуші тұлға өткізу пунктінде орналасқан кеден органын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өтуі туралы хабардар етуге міндетті.
2. Кеден органдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өту туралы хабардар ету - бұл Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде орналасқан кеден органына шекарадан өту фактісі туралы хабарлау.
3. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өту кезінде кеден органын хабардар ету тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған тауарға ілеспе құжаттарды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде орналасқан кеден органына табыс ету арқылы жүргізіледі.
4. Кеден органының лауазымды адамдары осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.
57-бап. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде алдын ала кедендік ресімдеу
1. Негізгі кедендік ресімдеу алдындағы және тыйым салынған тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына өткізуге жол бермеу үшін жүзеге асырылатын іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде алдын ала кедендік ресімдеу болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде алдын ала кедендік ресімдеу кезінде:
1) орналасуы кеден органдарымен келісілген тиеу-түсіру операцияларын жүргізу үшін арнайы бөлінген және жабдықталған орындарда тауарлармен және көлік құралдарымен тиеу-түсіру операцияларын жүзеге асыруға;
2) тауарлармен және көлік құралдарымен тиеу-түсіру операцияларын жүзеге асырушы тұлғаның сұрауы бойынша тауарлар тиеу-түсіру операцияларын жүзеге асыруға қажетті мерзім ішінде уақытша сақтау орнына қойылмастан мұндай операцияларды жүргізу орындарында болуына жол беріледі. Бұл тауарларды сақтаудың жалпы мерзімі тауарларды уақытша сақтаудың осы Кодексте белгіленген мерзімінен аспауы керек. Бұл ретте тауарлар жоғалған не олар кеден органдарының рұқсатынсыз басқа тұлғаларға берілген жағдайда, аталған тұлғалар кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу бойынша жауапты болады.