3. Дипломатиялық почта және консулдық сағдиян келуіне рұқсат берілген портқа немесе әуежайға бағытталған кеменің капитанына немесе әуе кемесінің командиріне сеніп тапсырылуы мүмкін. Кеменің капитаны немесе әуе кемесінің командирі дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды құрайтын орындардың саны көрсетілген ресми құжатпен қамтамасыз етілуге тиіс, бұл ретте ол дипломатиялық немесе консулдық курьер болып есептелмейді.
4. Дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме өз қызметкерлерінің бірін кеменің капитанынан немесе ұшақтың командирінен дипломатиялық почтаны немесе консулдық сағдиянды тікелей және кедергісіз қабылдап алуға жібере алады.
5. Егер дипломатиялық почта немесе консулдық сағдиян басқа кеден органының қызметі аймағындағы өкілдікке немесе мекемеге тікелей шетел мемлекетінің автокөлік құралымен жеткізілсе, онда дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды шекаралық кеден органы ресімдейді.
285-бап. Шетелдiк дипломатиялық және консулдық курьерлердің тауарларды өткізуі
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Шетелдiк дипломатиялық және консулдық курьерлер өздерінің жеке пайдалануына арналған тауарларды сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау қоймаларында немесе кеден органдарының кедендік қоймаларында сақтауды жүзеге асыру кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден босатыла отырып және тауарларға тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан, Қазақстан Республикасына әкеле алады және Қазақстан Республикасынан әкете алады.
2. Дипломатиялық және консулдық курьерлерге өздерінің мәртебесі және дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды құрайтын орындардың саны көрсетілген ресми курьерлік парақ берілуге тиіс. Курьерлік параққа дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды жіберген мекеме қол қояды және мөр басады.
3. Дипломатиялық почта мен консулдық сағдиян осы дипломатиялық почта немесе консулдық сағдиянды ғана тасымалдауға белгіленген және курьерлік ресми парақпен қамтамасыз етілген уақытша дипломатиялық немесе консулдық курьерге де сеніп тапсырылуы мүмкін.
4. Уақытша дипломатиялық немесе консулдық курьерге осы баптың 1-тармағында көзделген кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер беріледі. Мұндай жеңілдіктер дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды мақсаты бойынша жеткізген кезден бастап тоқтатылады.
286-бап. Шетел мемлекеттерiнiң өкiлдерi мен делегация мүшелерiнің тауарларды өткізуі
Шетел мемлекеттерiнiң өкiлдерiне, парламент және үкiмет делегацияларының мүшелерiне, сондай-ақ өзара сыйластық негiзінде Қазақстан Республикасына мемлекетаралық келiссөздер, халықаралық конференциялар мен кеңестерге қатысу үшiн немесе басқа да ресми тапсырмалармен келетiн шетел мемлекеттері делегацияларының қызметкерлерiне осы Кодексте көзделген шетел мемлекеті өкiлдiгінің дипломатиялық жеке құрамының мүшелерiне арналған кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер берiледi. Дәл сондай жеңiлдiктер осы адамдарға еріп жүрген олардың отбасы мүшелерiне де берiледi.
287-бап. Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитпен өтетiн шетел мемлекеттерi дипломатиялық жеке құрамы мүшелерiнің, консулдық лауазымды адамдарының, өкілдерінің және делегациялар мүшелерiнің тауарларды өткізуі
1. Шетел мемлекеттерi дипломатиялық өкілдігінің мүшелерi мен консулдық лауазымды адамдарына, олардың отбасы мүшелерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитпен өтетiн, осы Кодекстің 286-бабында көрсетілген адамдарға шетел мемлекеті өкiлдiгінің дипломатиялық жеке құрамының мүшелерi үшiн осы Кодексте көзделген кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер берiледi.
2. Егер жоғарыда аталған адамдардың, сондай-ақ олармен бірге жүрген отбасы мүшелерінің багажында әкелінуіне немесе әкетілуіне Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині туралы заңдарымен тыйым салынған не реттелетін тауарлар бар деп есептеуге негiздер болмаса, багажы кедендік тексеруден босатылады. Тауарларды мұндай тексеру тек осы адамның немесе оның уәкiлеттi өкiлдерiнiң қатысуымен ғана жүргiзiлуі тиіс.
288-бап. Дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктер, консулдық мекемелер мен олардың қызметкерлері өткізетін тауарларды ресімдеудің тәртібі
1. Дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктердің, консулдық мекемелердің ресми пайдалануына арналған тауарлар таңдалған кедендік режимге сәйкес жүктің кедендік декларациясын кеден органына табыс ету арқылы кедендік ресімдеуге жатады.
2. Дипломатиялық өкілдік қызметкерлерінің және оларға теңестірілген адамдардың, консулдық мекеме қызметкерлерінің, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелерінің иесімен бірге жөнелтілмейтін жеке жол жүгі таңдалған кедендік режимге сәйкес кедендік декларацияны кеден органына табыс ету жолымен кедендік ресімдеуге жатады.
289-бап. Тауарлардың жекелеген санаттарын кедендік ресімдеудің ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасында тіркелген тұлғалардың ресми және жеке пайдалануына арналған мынадай тауарлар:
1) көлік құралдарының барлық түрлері;
2) дербес компьютерлер және олардың керек-жарақтары;
3) сателлиталық керек-жарақтармен бірге теле-, радио-, бейне аппаратура;
4) шығарылған слайдтарымен және фильмдерімен қоса кинокамералар мен кинопроекторлар;
5) жиһаздардың барлық түрлері;
6) құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын тұрмыстық электр аспаптары, спорттық жабдықтар, музыкалық аспаптар;
7) бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған жеке зергерлік сән бұйымдары мәлімделген кедендік режимге сәйкес кеден органдарында міндетті кедендік ресімдеуге және есепке алуға жатады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктері жоқ басқа тұлғаға жоғарыда аталған тауарлардың меншік құқығын беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес барлық тиісті кедендік төлемдерді және салықтарды төлей отырып, міндетті кедендік қайта ресімдеуге жатады.
3. Дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктер, консулдық мекемелер ресми пайдалану үшін тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, бір тоқсанда бес мың дана әртүрлі темекі өнімдерін (сигар, сигарет және тағы басқалары), бір жүз литр шарап және ликер-арақ өнімдерін Қазақстан Республикасына әкеле алады.
4. Мәдени-тарихи құндылықтары бар шетел тауарлары және олардың құжаттары кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау үшін кеден органына беріледі.
5. Мәдени-тарихи құндылықтары бар және Қазақстан Республикасында сатып алынған тауарлар тиісті уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты негізінде ғана Қазақстан Республикасының аумағынан тыс әкетілуі мүмкін.
8-Бөлім. Кедендік төлемдер және салықтар
37-тарау. Жалпы ережелер
290-бап. Кедендік төлемдер және салықтар
1. Қазақстан Республикасында мынадай кедендік төлемдер қолданылады:
1) кедендік баж;
2) кедендік алымдар;
3) алымдар;
4) алдын ала шешім үшін төлемақы.
2. Төлеушілер, кедендік төлемдерді есептеу, төлеу, қайтару және өндіріп алу тәртібі, сондай-ақ кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер осы Кодексте айқындалады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Кеден органдары демпингке қарсы, қорғау және өтемдік баждарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және жағдайларда алады.
4. Төлеушілер, салықтарды есептеу және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес айқындалады.
5. Жеке тұлғалар тауарларды оңайлатылған тәртіппен өткізу кезінде кедендік төлемдер және салықтар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген жиынтық кедендік төлем түрінде төленуі мүмкін.
2005.22.11 № 89-III ҚР Заңымен бап 6 тармақпен толықтырылды
6. Акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының кедендік аумағына еркін айналыс үшін шығарған кезде кеден бажы мен акциз Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жиынтық төлем түрінде төленуі мүмкін.
291-бап. Кедендік төлемдер ставкаларының түрлерi
Кедендік төлемдердiң ставкалары мынадай түрлерге:
1) салық салынатын тауарлардың кедендік құнына процентпен есептелетiн - адвалорлық;
2) салық салынатын тауарлардың бірлігі үшiн белгiленген мөлшерде есептелетiн - ерекшелiкті;
3) кедендік төлемдер ставкаларының аталған екi түрiн де ұштастыратын - құрамдас болып бөлiнедi.
292-бап. Кедендік баждар
1. Кедендік баждар тауарларды кедендік режимдерде декларациялау кезінде төленеді, бұларға орналастыру жағдайы Қазақстан Республикасының Кедендік тарифіне сәйкес кедендік баждар төлеуді белгілейді.
2. Кедендік баждардың ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді және олар ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң күшіне енеді.
293-бап. Кедендік алымдар
1. Кедендік алымдарға:
1) кедендік ресімдеу үшін кедендік алым;
2) кедендік ілесіп алып жүру үшін кедендік алым;
3) тауарларды сақтау үшін кедендік алым жатады.
2. Көрсетілген іс-әрекеттерді орындағаны үшін кеден органдары шығындарының құны кеден алымдарының мөлшерін айқындау үшін негіз болып табылады.
294-бап. Кедендік ресімдеу үшін кедендік алым
Тауарлар мен көлік құралдарын негізгі кедендік ресімдеу кезінде кедендік ресімдеу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде кедендік алым алынады.
295-бап. Кедендік ілесіп алып жүру үшін кедендік алым
Кеден органдары тауарларды кедендік ілесіп алып жүру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде кедендік алым алады.
Бірнеше көлік құралын кедендік ілесіп алып жүру кезінде кедендік алымның сомасы ілесіп алып жүруге қатысушылардың санына барабар бөлінеді.
296-бап. Тауарларды сақтау үшін кедендік алым
Иелері кеден органдары болып табылатын кеден қоймалары мен уақытша сақтау қоймаларында тауарларды сақтау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде кедендік алымдар алынады.
297-бап. Алымдар
1. Кеден органдары алатын алымдарға:
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) лицензия бергені үшін алым жатады;
2) 2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген алымдардың мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
298-бап. Лицензия бергені үшін алым
Лицензия бергені үшін алым:
1) кеден қоймасын құрғаны;
2) 2007.12.01. № 222-III ҚР Заңымен алып тасталды (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
3) 2007.12.01. № 222-III ҚР Заңымен алып тасталды (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
4) уақытша сақтау қоймасын құрғаны;
5) кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асырғаны;
6) кеден брокері ретінде қызметті жүзеге асырғаны үшін алынады.
299-бап. Алдын ала шешім үшін төлемақы
Тауардың жіктемесіне, шығарылған елін және кедендік құнын айқындау әдіснамасына қатысты алдын ала шешім қабылдағаны үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде алдын ала шешім үшін төлемақы алынады.
38-тарау. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу
300-бап. Кедендік баждар салуға арналған база
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлардың кедендік құны кеден бажын салу үшін база болып табылады.
2. Қазақстан Республикасында қолданылатын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес өлшем бірлігі кедендік баждың өзіндік ерекше ставкалары белгіленген тауарлар бойынша кедендік баждар салуға арналған база болып табылады.
301-бап. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеудің тәртібі
1. Кедендік төлемдер мен салықтарды осы Кодекстің 270-бабы мен осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік төлемдерді және салықтарды төлеушілер дербес есептейді.
2. Кеден ісі саласында құқық бұзушылық анықталған жағдайда, төленуге тиісті кедендік төлемдерді және салықтарды есептеуді кеден органы жүргізеді.
3. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі.
302-бап. Кедендік төлемдердің және салықтардың ставкаларын қолдану
1. Осы Кодекстің 5 және 386-388-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу мақсаттары үшін кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданылатын ставкалар пайдаланылады.
2. Кедендік баждарды және салықтарды есептеу мақсаттары үшін осы Кодекстің 290-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Кедендік тарифіне және Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлардың кодына және тауарлардың атауына сай келетін ставкалар қолданылады.
303-бап. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу мақсаттары үшін шетел валютасын қайта есептеу
Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу, соның ішінде тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін шетел валютасын қайта есептеу жүргізу талап етілген жағдайларда, кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күнге немесе төленуі тауарлардың кедендік ресімделуіне байланысты емес кедендік төлемдер үшін төлем күніне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданылады.
304-бап. Кеден ісі саласында құқық бұзушылық жасалған кезде кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу
1. Шартты шығарылған тауарлар кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден толық немесе ішінара босатылғандарға қарағанда өзге мақсаттарда пайдаланылған кезде төленуге тиісті кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу үшін кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданылатын кедендік төлемдердің және салықтардың ставкалары пайдаланылады.
2. Кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу мерзімінің бұзылуы болған кезде, кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу осы Кодекстің 349-бабына сәйкес кедендік төлемдерді және салықтарды уақтылы төлемегені үшін өсімпұл есептей отырып жүргізіледі.
39-тарау. Тауарлардың кедендік құнын айқындау
305-бап. Тауардың кедендік құны
Тауардың кедендік құны - тауардың Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткізілетін, осы тарауға сәйкес айқындалатын, мынадай мақсаттарда:
1) тауарға кедендік төлемдерді және салықтарды салу;
2) Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық қызметін мемлекеттік реттеудің өзге шараларын қолдану мақсатында пайдаланылатын құны.
306-бап. Әкетілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс әкетілетін тауарлардың кедендік құны экспортқа сату кезінде нақты төленген немесе төленуге тиісті мәміле бағасының негізінде айқындалады.
2. Тауардың кедендік құнын айқындау кезінде мәміле бағасына, егер олар бұрын енгізілмеген болса, мынадай шығыстар:
1) тауарды әуежайға, портқа немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкететін өзге орынға дейін жеткізу бойынша шығыстар:
тасымалдау құны;
тауарларды тиеу, түсіру, қайта тиеу және ауыстырып тиеу бойынша шығыстар;
2) сақтандыру құны;
3) сатушы шеккен шығыстар;
комиссиялық және брокерлік сыйақылар;
егер Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес олар бағаланатын тауарлармен біртұтас зат ретінде қаралса, контейнерлердің немесе айналымға көп түсетін басқа да ыдыстардың құны;
буып-түю материалдары мен буып-түю жөніндегі жұмыстардың құнын қоса алғанда, буып-түю құны;
4) сатушы бағаланатын тауарларды сатудың шарты ретінде тікелей немесе жанама түрде төлеуге тиісті, бағаланатын тауарларға байланысты лицензия бергені үшін роялти және алымдар, егер мұндай роялти және алымдар нақты төленген немесе төленуге тиісті бағаға қосылмаған болса;
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) кейіннен қайта сатудан сатушыға тікелей немесе жанама түрде түсетін кірістің бір бөлігі, оның ішінде жеңілдікпен салық салынатын мемлекеттерде алынған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық салынатын кіріс;
6) Қазақстан Республикасының кедендік аумағында алынатын салықтар, егер Қазақстан Республикасының салық заңдарына немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес олар Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тауарларды әкетуге байланысты сатушыға өтемге жатпаса, енгізіледі.
3. Тауардың кедендік құнын айқындау кезінде, олар бұрын мәміле құнына енгізілген және құжатпен расталуы мүмкін жағдайда, мынадай төлемдер мен шығыстар:
1) жабдықтарды монтаждау, жинау, ретке келтіру немесе мұндай жабдықтарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкеткеннен кейінгі техникалық көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстар;
2) тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкеткеннен кейін оларды жеткізу бойынша шығыстар;
3) тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкеткеннен кейін оларды жеткізуді сақтандыру құны;
4) импорт елінде төленетін кедендік баждар мен салықтар мәміле бағасынан алып тасталады.
4. Мәміле бағасы болмаған кезде, әкетілетін тауарлардың кедендік құны әкетілетін тауарды өндіруге немесе сатып алуға, сақтау мен тасымалдауға байланысты шығындар туралы экспорттаушы-сатушының бухгалтерлік құжаттамасының декларант берген үзінді көшірмесі негізге алынып айқындалады. Бұл ретте, осы баптың 2-тармағында тізіп көрсетілген шығыстар да ескеріледі.
2009.08.12. № 224-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Әкетілетін тауардың мәлімделген кедендік құнын растайтын мәліметтер болмаған жағдайда, мұндай тауардың кедендік құнын кеден органдары бірдей немесе біртектес тауарлар бойынша қолда бар
мәліметтердің негізінде не тәуелсіз сараптама нәтижелерінің негізінде айқындайды.
2007.08.01 №211-III ҚР Заңымен 307-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
307-бап. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау
Қазақстан Республикасының Кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құны Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің және Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің VII бабын қолдану жөніндегі келісімнің кедендік бағалауының жалпы принциптеріне негізделеді.
308-бап. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау әдiстерi
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелiнетiн тауарлардың кедендік құнын айқындау:
1) әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
2) бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
3) бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
4) құнды шегеру;
5) құнды қосу;
6) резервтік әдiстердi қолдану жолымен жүргізіледі.
2. Әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша әдiс тауарлардың кедендік құнын айқындаудың негiзгi әдiсi болып табылады.
3. Негiзгi әдiстi пайдалану мүмкiн болмаған жағдайда тізіп көрсетілген әдiстердiң әрқайсысы бірінен кейін бірі қолданылады. Бұл ретте, егер алдыңғы әдiстi қолдану арқылы тауарлардың кедендік құнын айқындау мүмкiн болмаса, онда әрбір келесi әдiс қолданылады. Декларанттың өтiнiшi бойынша құнды шегеру және қосу әдiстерi керi ретпен қолданылады.
2009.08.12. № 224-IV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Кедендік құнды айқындау әдістерін қолдану ерекшеліктерін уәкілетті орган айқындайды.
2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген қолданылатын әдістердің қандай да бірі бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындауға арналған ақпарат Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп жүргізу принциптеріне сәйкес келетін тәсілмен әзірленуге тиіс.
309-бап. Әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiленiң бағасы бойынша кедендік құнды айқындау әдiсi
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін тауардың кедендік құны Қазақстан Республикасына экспортқа сату кезінде оған нақты төленген немесе төленуге тиiстi баға болып табылады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Тауардың кедендік құнын айқындау кезiнде мәмiле бағасына, егер олар бұрын енгізілмеген болса, мынадай шығыстар:
1) тауарды әуежайға, портқа немесе тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелетін өзге орынға дейін жеткізу бойынша шығыстар:
тасымалдау құны;
тауарларды тиеу, түсіру, қайта тиеу және ауыстырып тиеу бойынша шығыстар;
2) сақтандыру құны;
3) сатып алушы шеккен шығыстар;
тауарларды сатып алу жөніндегі комиссиялық сыйақыны қоспағанда, комиссиялық және брокерлік сыйақылар;
егер Сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасына сәйкес олар бағаланатын тауарлармен бiртұтас зат ретiнде қаралса, контейнерлердiң немесе айналымға көп түсетiн басқа да ыдыстардың құны;
буып-түю материалдары мен буып-түю жөніндегі жұмыстардың құнын қоса алғанда, буып-түю құны;
4) бағаланатын тауарларды әкетуге арнап өндiруге және сатуға байланысты пайдалану үшiн тегiн немесе арзандатылған бағамен сатып алушы сатушыға тiкелей немесе жанама түрде берген мынадай тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер):
бағаланатын тауарлардың құрамдас бөлiгi болып табылатын шикiзаттар, материалдар, бөлшектер, жартылай фабрикаттар мен басқа да жинақтаушы бұйымдар;
бағаланатын тауарларды өндiру кезiнде пайдаланылған құрал-саймандар, штамптар, қалыптар мен басқа да осы тәрiздес заттар;
бағаланатын тауарларды өндiру кезiнде жұмсалған материалдар (жағар материалдар, отын және басқалар);
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде жасалған және бағаланатын тауарлар өндiру үшін тiкелей қажеттi инженерлiк талдамалар, тәжiрибе-конструкторлық жұмыстар, дизайн, көркем безендiру, нобайлар мен сызбалар құнының тиiстi бөлiгi;
5) сатып алушы бағаланатын тауарларды сатудың шарты ретiнде тiкелей немесе жанама түрде төлеуге тиiстi, бағаланатын тауарларға байланысты лицензия бергені үшін роялти және алымдар, егер мұндай роялти және алымдар нақты төленген немесе төленуге тиісті бағаға қосылмаған болса;
6) бағаланатын тауарларды кез келген кейiннен қайта сатудан, беруден немесе пайдаланудан сатушының тiкелей немесе жанама кiрiсі бөлiгiнiң шамасы енгізіледі.
Іс жүзiнде төленген немесе төленуге тиiс мәмiле бағасына осы тармақтың бiрінші бөлігінде аталмаған шығыстар енгізiлмейдi.
3. Атауы әр түрлi тауарларды бiр лекпен жеткiзген кезде, әрбiр әкелiнген тауардың кедендік құнына енгізілуге тиісті және тауарлардың барлық тобы үшiн айқындалған шығыстарды айқындау әрбір тауардың құнының тауарлар легінің құнына қатысымен айқындалатын шамаға барабар түрде жүзеге асырылады.
4. Тауардың кедендік құнын айқындау кезінде мына төлемдер және шығыстар:
1) жабдықтарды монтаждауға, жинауға, ретке келтіруге немесе мұндай жабдықтарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелгеннен кейін техникалық көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды;
2) Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарларды әкелгеннен кейін жеткізу бойынша шығыстарды;
3) импорт елінде төленетін кеден баждарын және салықтарды импортталатын тауарлар үшін нақты төленген және төленуге тиісті бағасынан бөліп алынған жағдайда кедендік құнға енгізуге болмайды.
5. Егер:
1) сатып алушының бағаланатын тауарларға иелік ету немесе пайдалану құқығына қатысты:
Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген шектеулерді;
тауарлар қайта сатылуы мүмкiн географиялық аймақтың шектеулерін;
тауар құнына елеулi әсер етпейтiн шектеулерді қоспағанда, шектеулер болса;
2) 2009.08.12. № 224-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2009.08.12. № 224-IV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) сату немесе мәміленің бағасы әсер етуін есептеп шығару мүмкін емес жағдайлардың сақталуымен байланысты болса;
4) кедендік құнды мәлiмдеген кезде декларант пайдаланған деректер құжатпен расталмаса не сан жағынан айқындалатын және дұрыс болып табылмаса;
2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
5) мәмiлеге қатысушылар өзара байланысты тұлғалар болып табылса және мәмiле бойынша құн осы баптың талаптарына сәйкес кедендік құнды анықтау үшiн негiз ретiнде жарамды болып табылмаса, әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiленің бағасы бойынша әдiс тауардың кедендiк құнын анықтау үшiн пайдаланылмайды. Бұл ретте мынадай белгiлердiң бiрiне сай тұлғалар:
мәмілеге қатысушылардың бiрi немесе мәмiлеге қатысушылардың бiреуiнiң лауазымды адамы бір мезгілде мәмiлеге басқа бiр қатысушының лауазымды адамы болып табылатын;
мәмiлеге қатысушылар кәсiпорынды бiрлесiп иеленушiлер болып табылатын;
мәмiлеге қатысушылар еңбек қатынастарымен байланысты болатын;
қандайда бiр тұлға әрбір мәмiлеге қатысушының айналымында жүрген дауыс беруші акциялардың немесе әрбір мәмiлеге қатысушылардың жарғылық капиталындағы салымдардың (пайлардың) бес немесе одан да көп проценттерiн тiкелей немесе жанама иеленетін не олар бақылауында болатын;
мәмiлеге қатысушылар үшiншi адамның тiкелей немесе жанама бақылауында болатын;
мәмiлеге қатысушылар үшiншi адамды бiрлесiп тiкелей немесе жанама түрде бақылайтын;
мәмiлеге қатысушылардың бiрi мәмілеге басқа қатысушының тiкелей немесе жанама бақылауында болатын;
мәмілеге қатысушылар немесе олардың лауазымды адамдары жақын туыстар болып табылатын тұлғалар өзара байланысты тұлғалар деп түсініледі.