2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 16-бап өзгертілді
16-бап. Жеке басқа қол сұқпаушылық
1. Ешкiмдi де осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiптен өзгеше ретте әкiмшiлiк ұстауға, iшкi iстер органына (полицияға) немесе басқа мемлекеттік органдарға алып келуге, жеткізуге, жеке басын және жеке адамның заттарын тексеруге болмайды.
2. Осы Кодексте белгiленген жағдайларда және тәртiппен тек судьяның қаулысы бойынша ғана әкiмшiлiк жазалау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылуы мүмкiн.
3. Әрбір ұсталған, iшкi iстер органына (полицияға) немесе басқа мемлекеттік органға алып келiнген, жеткiзiлген адамға ұстаудың, алып келудiң, жеткізудiң негiздерi, сондай-ақ оған тағылып отырған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың заңдық сипаты дереу хабарланады.
4. Мемлекеттік орган (лауазымды адам) заңсыз ұсталған, алып келiнген, жеткiзiлген немесе судьяның қаулысында көзделген мерзiмнен артық қамауда отырған адамды дереу босатуға мiндеттi.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iске қатысушылардың ешқайсысын зорлық-зомбылық, қатыгездiк немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлайтын әрекетке ұшыратуға болмайды.
6. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу процесiнде адамның не оның өкiлiнiң еркiне қарсы жеке басқа қол сұғылмаушылықты бұзатын iс-әрекеттер жасау тек осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана мүмкiн болады.
7. Өзiне қатысты әкiмшiлiк жаза шарасы ретiнде қамауға алу таңдалған адамды, сондай-ақ әкiмшiлiк ұстауға ұшыраған адамды ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қатер төнуiн болдырмайтын жағдайда жүзеге асырылуға тиiс.
8. Заңсыз қамауға алудың, өмiрi мен денсаулығына қатерлi жағдайларда ұстаудың, оған қатыгездiкпен қараудың салдарынан жеке тұлғаға келтiрiлген залал заңда көзделген тәртiппен өтелуге тиiс.
17-бап. Жеке бастың ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу кезiнде iске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн шешiмдер мен iс-әрекеттерге тыйым салынады, адамның жеке өмiрi туралы мәлiметтердi, сол сияқты ол құпия сақтауды қажет деп есептейтiн жеке сипаттағы мәлiметтердi осы Кодексте көзделмеген мақсаттар үшiн жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу барысында соттың, басқа да мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiмен адамға келтiрiлген моральдық залал заңда белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
18-бап. Жеке өмірге қол сұқпаушылық
Жеке өмір, жеке бастың және отбасының құпиясы заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдар мен жинақ ақша, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, поштамен, телеграф арқылы және өзге хабарламалар алысу құпиясына құқығы бар. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу барысында осы құқықтарды шектеуге тек заңмен тiкелей белгiленген жағдайларда және тәртiппен жол берiледi.
19-бап. Меншiкке қол сұқпаушылық
1. Меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi. Ешкiмдi де сот шешiмiнсіз өз мүлкiнен айыруға болмайды.
2. Мүлiк пен құжаттарды алып қою; көлiк құралын, шағын кеменi басқарудан шеттету; көлiк құралын, шағын кеменi ұстау; көлiк құралдарын, шағын кемелердi тексеру; аумақтарды, үй-жайларды, көлiк құралдарын, тауарларды, өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды тексерiп қарау тек осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн.
20-бап. Судьялардың тәуелсіздiгi
1. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсіз және тек Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға бағынады.
2. Судьялар мен соттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi өздерiне бөгде ықпал болмайтын жағдайларда шешедi. Соттардың сот төрелiгiн iске асыру жөніндегі қызметiне қандай да болмасын араласушылыққа жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.
3. Судья тәуелсіздiгiнiң кепiлдiктерi Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңмен белгiленген.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
21-бап. Iс жүргiзу тілі
1. Қазақстан Республикасында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мемлекеттік тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған жағдайда iс жүргiзуде орыс тілі немесе басқа да тiлдер мемлекеттік тiлмен тең қолданылады.
2. Судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдар (лауазымды адамдар) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда қаралатын iс бойынша iс жүргiзу тілін белгiлейдi. Белгiлi бір iс бойынша iс жүргiзу соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулысымен белгiленген тiлдердiң бірiнде жүзеге асырылады.
3. Iс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi дәрежеде бiлмейтiн iске қатысушы адамдарға ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде мәлiмдеме жасау, түсiнiктер мен айғақтар беру, өтiнiштер жасау, шағым беру, iстiң материалдарымен танысу, оны қарау кезiнде сөз сөйлеу, аудармашының қызметiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзуге қатысушы адамдарға басқа тiлде жазылған заңға байланысты қажеттi iс материалдарын iс жүргiзiлетiн тiлге тегiн аударып беру қамтамасыз етiледi.
5. Құқық бұзушы мен жәбірленушiге тапсырылуға тиiстi iс жүргiзу құжаттары олардың ана тіліне немесе олар бiлетiн тiлге аударылып берiлуге тиiс.
6. Аударма жөніндегі шығыстар және аудармашының көрсеткен қызметi мемлекеттік бюджет есебiнен төленедi.
22-бап. Куә айғақтарын беру мiндетiнен босату
1. Ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгiленген шектегi жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес.
2. Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға мiндеттi емес.
3. Осы баптың бірiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда аталған адамдар айғақ беруден бас тартуға құқылы және олар бұл үшiн қандай да болмасын жауаптылыққа тартылуы мүмкiн емес.
2013.03.07. № 123-V ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
23-бап. Бiлiктi заң көмегiн алуға құқықтарды қамтамасыз ету
1. Әркiмнiң әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес біліктi заң көмегiн алуға құқығы бар.
2. Заңмен көзделген жағдайларда заң көмегi тегiн көрсетiледi.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
24-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң жариялылығы
1. Сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдар (лауазымды адамдар) осы iстердi жүргiзудi ашық түрде жүзеге асырады.
2. Заңға сәйкес мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар iстерге қатысты, сондай-ақ соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) бала асырап алудың құпиясын қамтамасыз ету, жеке бастың, отбасылық, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны, жеке тұлғалар өмiрiнiң интимдiк жақтары туралы мәлiметтердi сақтау қажеттілігiне не ашық қарауға кедергi келтiретiн өзге де мән-жайларға сiлтеме жасаған iске қатысушы адамның өтiнiшiн қанағаттандыру кезiнде iс жүргiзу жабық түрде жүзеге асырылады.
3. Жеке тұлғалардың жеке хат жазысуы мен жеке телеграф хабарламалары тек осы хат жазысу мен телеграф хабарламаларын өзара алмасқан адамдардың келісімiмен ғана ашық iс жүргiзу барысында жария етiлуi мүмкiн. Керiсiнше жағдайда осы адамдардың жеке хат жазысуы мен жеке телеграф хабарламалары жабық iс жүргiзу тәртібінде жария етiледi және зерттеледi. Аталған ережелер жеке сипаттағы мәлiметтерi бар фото- және киноқұжаттарды, дыбыстық және бейнежазбаларды зерттеу кезiнде де қолданылады.
4. Iске қатысушы адамдар мен ашық iс жүргiзуге қатысып отыратын жеке тұлғалар iс жүргiзiлiп жатқан үй-жайдағы өздерi иеленген орыннан iс жүргiзудiң барысын жазбаша түрде немесе аудиожазуды пайдалана отырып жазып алуға құқылы. Iс жүргiзу барысында кино- және фотосуретке түсiруге, бейнежазбаға, тiкелей радио- және телехабарларды таратуға соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) рұқсаты бойынша, iске қатысушы адамдардың пiкiрлерi ескерiле отырып жол берiледi. Бұл iс-әрекеттер iстiң қалыпты жүруiне кедергi жасамауға тиiс және оларға уақыт жағынан шектеу қойылуы мүмкiн.
25-бап. Iс жүргiзу барысында қауiпсіздiктi қамтамасыз ету
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қалыпты жұмысын және iс жүргiзуге қатысушылардың қауiпсіздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайда өтедi. Қауiпсіздiктi қамтамасыз ету мақсатында судья, лауазымды адам iс жүргiзу кезiнде қатысып отыруға тiлек бiлдiрген адамдардың жеке бастарын куәландыратын құжаттарын тексерудi, өздерiн тексерiп қарауды және олар әкелген заттарды тексерiп қарауды қоса алғанда, оларды тексеру жөнiнде өкiм бере алады.
26-бап. Iс жүргiзу iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдану бостандығы
1. Соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағымдануға болады.
2. Iске қатысушы адамның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларды осы Кодексте белгiленген тәртiппен қайта қаратуға құқығы бар.
3. Шағымды шағым берген адамға зиян келетiндей етiп немесе шағым өз мүддесiне орай берiлген адамға зиян келетiндей етiп қарауға жол берiлмейдi.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
27-бап. Адамның құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн сот арқылы қорғау
1. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар. Мүдделi адам құқықтары, бостандықтары немесе заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылғанда немесе дауға түскенде, оны қорғау үшiн заңда белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Прокурор өзiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру мақсатында және жеке тұлғалардың, ұйымдардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделердi қорғау үшiн сотқа талап қойып (арыз жазып) жүгiнуге құқылы.
3. Ешкiмге ол үшiн заңмен көзделген соттылығы оның келісімiнсіз өзгертiлуге тиiс емес.
2-бөлiм. Әкімшілік құқық бұзушылық және әкімшілік жауаптылық
Жалпы бөлім
3-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық
28-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық
1. Жеке адамның осы Кодекс бойынша әкiмшiлiк жауаптылық көзделген құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасалған) iс-әрекетi не әрекетсіздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы iс-әрекетi не әрекетсіздiгi әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады.
2. Жеке адамға әкiмшiлiк жаза қолдану заңды тұлғаны осы құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықтан босатпайды, сол сияқты заңды тұлғаның әкiмшiлiк жауапқа тартылуы да кiнәлi жеке адамды осы құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықтан босатпайды.
3. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң баптарында көзделген құқық бұзушылықтар үшiн, егер бұл құқық бұзушылықтар өзiнiң сипаты бойынша қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, әкiмшiлiк жауаптылық туындайды.
29-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қасақана жасау
Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жеке адам өзiнiң iс-әрекетiнiң (әрекетсіздiгiнiң) құқыққа қарсы сипатын сезiнсе, оның залалды салдарын алдын ала бiлсе және осы салдардың туындауын қаласа немесе оған саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайды қараса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық қасақана жасалған деп танылады.
30-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты абайсызда жасау
Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жеке адам өзiнiң iс-әрекетiнiң (әрекетсіздiгiнiң) зиянды салдарының туындау мүмкiндiгiн алдын ала бiлсе, бірақ жеткiлiктi негiзсіз оның алдын алуға болады деп ұшқары ойласа, не тиiстi назар салған және ескерген жағдайда оның алдын алуға болса да осындай салдардың туындау мүмкiндiгiн алдын ала бiлмесе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық абайсызда жасалды деп танылады.
4-тарау. Әкімшілік жауаптылық
31-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс тұлғалар
Әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс тұлғалар:
1) ақыл-есi дұрыс, осы Кодекс бойынша белгiленген жасқа жеткен жеке адам;
2) заңды тұлға.
32-бап. Жеке адамның әкiмшiлiк жауаптылығы туындайтын жасы
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде он алты жасқа толған жеке адам әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
33-бап. Ақыл-естiң кемдiгi
Осы Кодексте көзделген құқыққа қарсы әрекет жасаған кезде ақыл-есi кем жағдайда болған, яғни өзiнiң iс-әрекетiнiң (әрекетсіздiгiнiң) нақты сипаты мен қауiптілігiн түсiне алмаған немесе созылмалы психикалық сырқатының, уақытша психикасы бұзылуының, ақыл-ес кемдiгiнiң немесе психиканың өзге де сырқатты жай-күйiнiң салдарынан ақыл-есi кем жағдайда болған жеке адам әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылмайды.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2009.07.12 № 222-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 34-бап өзгертілді
34-бап. Лауазымды адамдардың және басқару функциясын орындайтын өзге де тұлғалардың, дара кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушылары мен адвокаттардың әкімшілік жауаптылығы
1. Лауазымды адам қызметтік міндеттерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жағдайда әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Мұндай мән-жайлар болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалуына кінәлі лауазымды адам жалпы негіздерде жауаптылықта болуға тиіс.
2. Заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелген және заңды тұлға құрмай дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар (бұдан әрі - дара кәсіпкерлер), жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, сол сияқты дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның ұйымдық-билік ету немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын жұмыскерлері, сондай-ақ заңды тұлғаның басшылары лауазымды адамдар ретінде әкімшілік жауаптылықта болады.
3. Егер осы Кодекстің нормаларында олардың лауазымды адамдар, дара кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар болып табылатын жеке тұлғаларға қолданылатыны көрсетілмесе, осы нормалардың мазмұны бойынша лауазымды адамдар, дара кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар болып табылатын жеке тұлғаларға ғана қатысты және соларға ғана қолданылуы мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, осы нормалар барлық жеке тұлғаларға қатысты қолданылады.
Ескерту. Осы Кодексте тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдық-билік ету немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар лауазымды адамдар деп танылады.
2008.04.07 № 55-ІV ҚР Заңымен 34-1-баппен толықтырылды
34-1-бап. Құқық бұзушылықты арнайы техникалық құралдар тіркеген кездегі әкімшілік жауаптылықтың ерекшеліктері
1. Әкімшілік құқық бұзушылық сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және аспаптарымен тіркелген жағдайда, жол жүрісі саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа көлік құралдарының меншік иелері (иелері) тартылады.
2. Егер көлік құралының меншік иесінің (иесінің) хабарламасы немесе өтініші бойынша тексеру барысында құқық бұзушылық тіркелген кезде көлік құралы иелігінде болған адам анықталса не басқа адамдардың құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан көлік құралы оның иелігінен шыққан болса, осы көлік құралының қатысуымен жасалған құқық бұзушылық үшін ол әкімшілік жауаптылықтан босатылады.
Ескерту.
Осы Кодекстің баптарында көлік құралын меншік құқығымен иеленетін жеке тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көлік құралдары уақытша иелену мен пайдалануға берілген жеке тұлғалар көлік құралдарының иелері болып танылады.
Осы Кодекстің баптарында сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары деп құқық бұзушылықтарды бақылау мен тіркеудің метрологиялық салыстырып тексеруден өткен техникалық құралдары мен аспаптарын, құқық бұзушылықтың жасалу фактісі мен уақытын, көлік құралының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірінің белгісін, сондай-ақ жүрісінің жылдамдығы мен бағытын тіркейтін фото-, бейнеаппаратураны түсіну қажет.
ҚР 12.07.01 ж. № 240-II Заңымен; 03.07.03 ж. № 464-II Заңымен (бұр. ред. қара); 05.12.03 ж. № 506-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.26.03. № 240-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.19.12 № 11-IV Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07 № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.16.02. № 557-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 35-бап өзгертілді
35-бап. Тәртiптiк жарғылардың не арнайы ережелердiң күшi қолданылатын әскери қызметшiнiң, прокурордың және өзге де адамдардың әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Әскери қызметшiлер мен әскери жиында жүрген әскери міндеттілер осы Кодекстің 512-1 - 512-5-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары үшiн тәртiптiк жарғылар бойынша жауаптылықта болады. Прокурорлар, iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, арнаулы мемлекеттік органдардың және экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлерi әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары үшiн тиiстi органдарда қызмет өткеру тәртiбiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жауаптылықта болады.
2. Осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталған адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы режимiн, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы және кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу бекеттеріндегі режимдi, Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасын, өрт қауiпсіздiгiнiң талаптарын, жолда жүру ережелерiн, қызмет орындарынан тыс кеден ережелерiн, Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын, Қазақстан Республикасының бюджет және салық заңнамасын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын, аң аулау, балық аулау ережелерiн, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғаудың басқа да ережелерi мен нормаларын бұзғаны үшiн жалпы негiздер бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады. Аталған адамдарға - атылатын және суық қаруды алып жүру мен сақтау құқығынан айыру және әкiмшiлiк қамауға алу түрiнде әкiмшiлiк жаза қолдануға болмайды.
2009.10.07 № 177-IV ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды
2-1. Мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген әскери қызметшілерге, әскери және арнаулы оқу орындарының курсанттарына әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолдануға болмайды.
3. Қызмет туралы тәртiптiк жарғылардың немесе арнайы ережелердiң күшi қолданылатын, осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталғандардан басқа адамдар осы актiлерде тiкелей көзделген жағдайларда - қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылықта, ал қалған жағдайларда жалпы негiздер бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
4. Әкiмшiлiк жаза қолдану құқығы берiлген органдар (лауазымды адамдар) осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталған адамдарға әкiмшiлiк жаза қолданудың орнына, кiнәлi адамдарды тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы мәселенi шешу үшiн тиiстi органдарға құқық бұзушылық туралы материалдарды беруi мүмкiн.
5. Тәртiп туралы жарғылардың күшi қолданылатын темір жол, теңiз, өзен көлiгi мен азаматтық авиацияның қызметкерлерi қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мынадай құқық бұзушылық жасағаны үшiн осы жарғыларға сәйкес:
темір жол көлiгiнiң қызметкерлерi - осы Кодекстiң 439, 440, 441-баптарында, 477-бабының бірiншi бөлiгiнде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшiн;
теңiз көлiгiнiң қызметкерлерi - осы Кодекстiң 441, 448, 449, 450-баптарында, 477-бабының екiншi бөлiгiнде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшiн;
өзен көлiгiнiң қызметкерлерi - осы Кодекстiң 441, 450-453, 455-баптарында, 477-бабының екiншi бөлiгiнде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшiн;
азаматтық авиация қызметкерлері - осы Кодекстің 443, 446-баптарында, 447-бабының бірінші бөлігінде, 477-бабының үшінші бөлігінде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшін тәртіптік жауаптылықта болады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2007.27.07. № 314- III ҚР Заңымен (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара) 36-бап өзгертілді
36-бап. Заңды тұлғалардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнде көзделген жағдайларда заңды тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
2. Егер осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнде көзделген әрекеттi заңды тұлғаны басқару функциясын жүзеге асыратын орган немесе адам жасаса, рұқсат берсе, мақұлдаса, заңды тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
3. Егер осы Кодекстiң нормаларында олар жеке адамға немесе заңды тұлғаға қолданылатын-қолданылмайтыны көрсетiлмесе, осы нормалардың мәнi бойынша олар тек жеке адамға қатысты және соған ғана қолданылуы мүмкiн жағдайларды қоспағанда, осы нормалар жеке адамға және заңды тұлғаға қатысты бірдей дәрежеде қолданылады.
3-1. Егер осы Кодекстің нормаларында олардың шағын немесе орта кәсіпкерлік, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға немесе өзге ұйымдарға қолданылатыны көрсетілмесе, осы нормалардың мазмұны бойынша олар шағын немесе орта кәсіпкерлік, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға ғана қатысты және соларға ғана қолданылуы мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, осы нормалар барлық заңды тұлғаларға қатысты бірдей дәрежеде қолданылады.
3-2. Әкімшілік жаза барлық заңды тұлғаларға қатысты бірдей дәрежеде қолданылатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырылатын қызмет түріне, қызметкерлердің санына және активтердің бір жылдағы орташа жылдық құнына байланысты шағын немесе орта не ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар үшін көзделген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікте болады.
4. Дербес салық төлеушi болып табылатын және салық салу саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерi заңды тұлғалар ретiнде әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
37-бап. Шетелдiктердiң, шетелдiк заңды тұлғалардың және азаматтығы жоқ адамдардың әкiмшiлiк жауаптылығы