"Қару-жараққа, әскери техникаға және екі ұдай мақсаттағы
өнімге экспорттық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының
Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2000 жылғы
24 қарашадағы № 105-II Қазақстан Республикасының Заңы
"Қару-жараққа, әскери техникаға және екi ұдай мақсаттағы өнiмге экспорттық бақылау туралы" 1996 жылғы 18 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., № 8-9, 240-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
1. Тақырыптағы "Қарау-жараққа, әскери техникаға және екi ұдай мақсаттағы өнiмге деген сөздер алып тасталып, "экспорттық" деген сөз бас әрiппен жазылсын.
2. Кiрiспе "әскери техникаға" деген сөздерден кейiн ", ядролық және арнайы ядролық емес материалдарға, әскери мақсаттағы өнiмге, екi ұдайы қолданылатын тауарлар мен технологияларға," деген сөздермен толықтырылсын.
3. 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай ұғымдар пайдаланылады:
өнiм - экспорттық бақылауға жататын тауарлар, технологиялар, жабдық, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер, ақпарат;
екi ұдай қолданылатын (мақсаттағы) тауарлар мен технологиялар - азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын, бiрақ қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрiлер, оның iшiнде жаппай қырып-жоятын қару мен оларды жеткізу құралдарын өндiру үшiн қолданылуы мүмкiн жабдық, материалдар, шикiзат, технологиялар мен ғылыми-техникалық ақпарат;
жаппай қырып-жоятын қару - химиялық, бактериологиялық (биологиялық), радиологиялық және ядролық қару;
жеткізу құралдары - жаппай қырып-жоятын қаруды жеткiзе алатын кез келген техникалық құралдар;
қарудың өзге де қауiптi түрлерi - жаппай қырып-жоятын қарудың дәстүрлi емес (әдеттегiге жатпайтын) түрлерi;
экспорттық бақылауға жататын өнiм номенклатурасы - қару-жарақ пен әскери техниканың, ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың бақылау тiзiмдерi, тiзбелерi, екi ұдай қолданылатын тауарлар мен технологиялар, шикiзаттың, материалдардың, жабдықтардың жекелеген түрлерi, жаппай қырып-жоятын қаруды, қарудың өзге де қауiптi түрлерi мен оларды жеткізу құралдарын жасау кезiнде қолданылатын немесе қолданылуы мүмкiн техникалық, ғылыми-техникалық ақпарат, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер;
зияткерлiк қызмет нәтижелерiне құқықтар - қару-жарақпен, әскери техникамен, екi ұдай мақсаттағы өнiммен, арнаулы жабдықпен және жаппай қырып-жоятын қаруды жасауға арналған технологиямен байланысты ғылыми еңбектерге, электрондық есептеу машиналарына арналған бағдарламалар мен деректер базасына авторлық құқықтар, өнеркәсiптiк меншiкке құқықтар, өнертабысқа құқықтар, жеке және заңды тұлғалар өндiрген (оларға тиесiлi) өнiмге, өнеркәсiптiк үлгiлердi, "ноу-хауды" қоса, олар атқаратын қызметке құқықтар;
экспорт - Қазақстан Республикасының кеден аумағынан өнiмдi осы аумақтан тыс жерде тұрақты орналастыру немесе тұтыну мақсатымен әкету, шетелдiктерге қару-жарақпен және әскери техникамен, екi ұдай мақсаттағы өнiммен байланысты қызметтер көрсету және санаткерлiк қызмет нәтижелерiне құқықтар беру;
керi экспорт - Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өндiрiлген өнiмдi (бұрын әкелiнген және кедендiк ресiмдеуден өткен) оның кеден аумағынан экспорттау, не Қазақстан Республикасында өндiрiлген өнiмдi басқа мемлекеттiң кеден аумағынан үшiншi елдерге экспорттау;
импорт - тұрақты орналастыру немесе тұтыну мақсатымен Қазақстан Республикасының кеден аумағына өнiм әкелу;
керi импорт - шет елдерден оларда өңделмеген отандық тауарлардың Қазақстан Республикасының кеден аумағына қайта әкелiнуi;
экспорттық бақылауға жататын өнiмдердi Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс жерде өңдеу - қазақстандық тауарларды өңдеу және өңделген өнiмдердi кейiннен Қазақстан Республикасының кеден аумағына еркiн айналысқа шығару мақсатымен Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс жерге әкету және пайдалану;
транзит - өнiмге кедендiк бақылау жасай отырып оны Қазақстан Республикасының кеден аумағы арқылы өткізу;
сыртқы экономикалық қызметке қатысушы (мәлiмдеушi) - өнiмнiң экспортын, керi экспортын, импортын, керi импортын және транзитiн жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының заңды немесе жеке тұлғалары, шетелдiк заңды немесе жеке тұлғалар;
ядролық және арнайы ядролық емес материалдар - ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық режимнiң талаптарына сәйкес осындай деп белгiленген материалдар;
кепiлдiк мiндеттеме (түпкi пайдаланушының сертификаты) экспорттық бақылауға жататын импортталатын өнiмдi мәлiмделген мақсатта пайдалану және оны сатушы елдiң келісімiнсiз үшiншi елдерге керi экспорттауға жол бермеу туралы уәкiлеттi мемлекеттік орган берген, алушы елдiң ресми сендiруi;
фирма iшіндегі экспорттық бақылау жүйесi - экспорттық бақылау ережелерiн сақтау мақсатында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар жүзеге асыратын ұйымдастырушылық, әкiмшiлiк, ақпараттық және өзге де сипаттағы iс-шаралар кешенi;
экспорттық бақылау - экспорттық бақылауға жататын өнiм экспортының, керi экспортының, импортының, керi импортының және транзитiнiң осы Заңда және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген тәртібін мемлекеттік органдардың iске асыруы жөніндегі шаралар жиынтығы;
тұтастай қамтитын бақылау - бақылау тiзiмiне кiрмейтiн өнiмдердi бақылау.".
4. 2-бапта:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Экспорттық бақылау саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың принциптерi";
бiрiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Экспорттық бақылау саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негiзгi принциптерi:";
екiншi абзацта "жаппай қырып-жоятын қаруды және қарудың өзге де түрлерiн" деген сөздер "жаппай қырып-жоятын қаруды, қарудың өзге де қауiптi түрлерi мен оларды жеткізу құралдарын" деген сөздермен ауыстырылсын;
төртiншi абзацта "қаруды" деген сөздiң алдынан "халықаралық мiндеттемелерге сәйкес" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
"халықаралық терроршылдықты қолдауға жол берiлмеуi;
экспорттық бақылау саласында халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттермен күш-жiгердi үйлестiру және өзара iс-қимыл жасау;
экспорттық бақылау рәсімдері мен ережелерінің жалпыға бiрдей танылған практикаға сәйкестiгi.".
5. 3-бапта:
бiрiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі заңдары
Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.".
6. 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"4-бап. Экспорттық бақылау жөніндегі заңдардың қолданылу аясы
Осы Заңның күшi осы Заңның 6-бабында аталған өнiмнiң экспортына, керi экспортына, импортына, керi импортына және транзитiне, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың (мәлiмдеушiлердiң) қызметiне де қолданылады.".
7. 5-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң экспорттық бақылау
саласындағы өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Yкіметі:
экспорттық бақылау саласында бiрыңғай мемлекеттік саясаттың iске асырылуын қамтамасыз етедi;
Қазақстан Республикасында экспорттық бақылау жүйесiн жасап, дамытады;
экспорттық бақылау жөніндегі ведомствоаралық консультациялық-кеңесшi органды құрады және Экспорттық бақылау жөніндегі ведомствоаралық консультациялық-кеңесшi орган туралы ереженi бекiтедi;
экспорттық бақылау саласында қаулылар шығарады;
экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен өнiмдердiң бақылау тiзiмдерiн, тiзбелерiн бекiтедi;
экспорттық бақылау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органды және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң басқа да мемлекеттік органдары мен олардың өкiлеттiгiн белгiлейдi;
осы Заңға сәйкес экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспортына, импортына және транзитiне саны жөнiнен шектеулер енгiзедi;
экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң белгiлi бiр номенклатура бойынша экспортына, импортына және транзитiне рұқсат бередi.".
8. Мынадай мазмұндағы 5-1 және 5-2-баптармен толықтырылсын:
"5-1-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органы
Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органы:
мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз етедi және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттік органдарының қызметiн үйлестiредi;
экспорттық бақылау жүйесiн iске асыруға, ережелер мен рәсiмдердi бiр iзге түсiруге байланысты шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттік органдарының ұсыныстары бойынша оларға түзету енгiзедi;
экспорттық бақылауға жататын тауарлармен өнiмдердiң бақылау тiзiмдерiн, тiзбелерiн әзiрлейдi;
уәкiлеттi органдар арқылы экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспортын, керi экспортын, импортын, керi импортын, транзитiн және кеден аумағынан тыс жерде өңделуiн бақылайды;
экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспорты мен импортын лицензиялауды жүзеге асырады;
халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттермен экспорттық бақылау саласында шаралар әзiрлейдi және ынтымақтастықты жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттік органдарымен бiрлесе отырып, қажет болған кезде экспорттық бақылауға жататын өнiмдi жөнелту алдындағы кезеңде және оның түпкi пайдаланылуын тексерудi жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасында экспорттық бақылау жүйесiн жетiлдiредi;
Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген номенклатура бойынша кепiлдiк мiндеттеме (түпкi пайдаланушының сертификатын) бередi;
Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген номенклатура бойынша экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң транзитiне рұқсат бередi;
мәлiмдеушiлер мен мүдделi мемлекеттік органдарға экспортталатын өнiмдi экспорттық бақылауға жататын өнiмге жатқызу туралы қорытынды бередi.
5-2-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық
бақылау жүйесiнiң мемлекеттік органдары
Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесiнiң мемлекеттік органдары:
экспорттық бақылау саласында нормативтiк құқықтық базаны қалыптастыруға қатысады;
экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы заңсыз өткiзiлуiнiң алдын алады және оның жолын кеседi;
Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген номенклатура бойынша халықаралық мiндеттемелерге сәйкес кепiлдi мiндеттемелер бередi.".
9. 6-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"6-бап. Экспорттық бақылауға жататын өнiм
Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi мен халықаралық мiндеттемелерiн негiзге ала отырып, Қазақстан Республикасының Yкіметі экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен өнiмнiң бақылау тiзiмдерiн, тiзбелерiн белгiлейдi және бекiтедi.
Оларға мыналар жатады:
жай қару-жарақ пен әскери техника, шикiзат, материалдар, арнаулы жабдық пен технологиялар, оларды өндiруге байланысты жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер;
ядролық және арнайы ядролық емес материалдар, жабдық, қондырғылар, технологиялар, иондық сәуле шығаратын көздер, өнiм, екi ұдай қолданылатын жабдық пен тиiстi технологиялар, оларды өндiруге байланысты жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер;
таратпаудың халықаралық режимдерiмен белгiленетiн тiзiмдер, тiзбелер бойынша химиялық қару жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн екi ұдай қолданылатын химикаттар мен технологиялар;
тiзiмдерi, тiзбелерi таратпаудың халықаралық режимдерiмен белгiленетiн бактериологиялық (биологиялық) және улы қару жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн ауру қоздырғыштар, олардың генетикалық жағынан өзгерген нысандары мен генетикалық материалдың бөлшектерi;
тiзiмдерi, тiзбелерi таратпаудың халықаралық режимдерiмен белгiленетiн ракеталық техника, двигательдер, олардың компоненттерi, жабдығы, ракеталық техника жасау кезiнде қолданылатын материалдар мен технологиялар;
қарудың өзге де қауіпті түрлерi;
ғылыми-техникалық ақпарат, әскери мақсаттағы өнiмге және екi ұдай қолданылатын технологияларға байланысты көрсетiлетiн қызметтер мен санаткерлiк қызметтiң нәтижелерi.".
10. 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"7-бап. Экспорттық бақылау және оны жүзеге асыру
тәртібі
Экспорттық бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының жаппай қырып-жоятын қаруды, өзге де қару түрлерi мен оларды жасау технологияларын таратпау жөніндегі халықаралық мiндеттемелерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен басқа да халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Экспорттық бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Мәлiмдеушi лицензияны алу үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпке сәйкес құжаттар бередi.
Лицензияны алу үшiн берiлген мәлiметтердiң дұрыстығына мәлiмдеушi жауапты болады.
Сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыру кезiнде мәлiмдеушi келісім-шарт жағдайында Қазақстан Республикасының өкiлеттi мемлекеттік органдарының экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң түпкi пайдаланылуын тексеруiне қол жеткізуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Лицензия берген уәкiлеттi мемлекеттік орган, сыртқы экономикалық қызметке қатысушы (мәлiмдеушi) экспорттық операцияларды жүргiзу тәртібін бұзған жағдайда, оны керi қайтарып алуға немесе оның күшiн тоқтата тұруға құқылы.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қажет болған жағдайларда экспорттық бақылауға жататын өнiмдi тиеп жiберу алдындағы кезеңде қарап шығуды және халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес оның түпкi пайдаланылуын тексерудi жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар немесе басқа мемлекеттердiң Қазақстан Республикасы аумағында уақытша орналасқан әскери құралымдары қаруланған (жарақтанған) экспорттық бақылауға жататын жарақтарды, өнiмдердi жөндеу (жаңғырту) мақсатында Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізу, сондай-ақ экспорттық бақылауға жататын өнiмдердi Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс жерде өңдеу Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органының шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы экспорттық бақылауға жататын өнiмдi әкету мен әкелуге бақылау жасауды Қазақстан Республикасының кеден органдары жүзеге асырады.".
11. 8-бапта:
екiншi бөлiгіндегі "Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлеттiк берген экспорттық бақылау жөніндегі орталық атқарушы органының" деген сөздер "Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органының" деген сөздермен ауыстырылсын;
төртiншi бөлiгіндегі "Өкiлеттi орталық атқарушы орган" деген сөздер "Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органы" деген сөздермен ауыстырылсын;
бесiншi бөлiгіндегі "Республикасы Yкіметінiң рұқсаты бойынша" деген сөздер "Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртiппен" деген сөздермен ауыстырылсын.
12. Мынадай мазмұндағы 8-1 және 8-2-баптармен толықтырылсын:
"8-1-бап. Тұтастай қамтитын бақылау
Тұтастай қамтитын бақылау талаптарын қамтамасыз ету мақсатында, егер сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тауарлар, ақпарат, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер, санаткерлiк қызмет нәтижелерi шет мемлекеттiң немесе шетелдiктiң жаппай қырып-жоятын қару мен оны жеткізу құралдарын жасау мақсатына пайдаланылатыны анық белгiлi болса, оларға бұл тауарлармен, ақпаратпен, жұмыстармен, қызмет көрсетулермен, санаткерлiк қызмет нәтижелерiмен сыртқы экономикалық мәмiлелер жасасуға немесе оған өзге де кез келген түрде қатысуға тыйым салынады.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген тәртiппен осы Заңның 6-бабында көрсетiлген тiзбелердiң қолданылу аясына жатпайтын тауарлармен, ақпаратпен, жұмыстармен, қызмет көрсетулермен, санаткерлiк қызмет нәтижелерiмен сыртқы экономикалық мәмiлелердi жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органынан мына жағдайларда:
олар Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органы немесе өзге де құзыреттi мемлекеттік орган арқылы осы тауарлар, ақпарат, жұмыстар, қызмет көрсетулер, санаткерлiк қызмет нәтижелерi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мақсаттарда пайдаланылуы мүмкiн екендiгi туралы хабардар етiлгенде;
осы тауарлар, ақпарат, жұмыстар, қызмет көрсетулер, санаткерлiк қызмет нәтижелерi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мақсаттарда пайдаланылуы мүмкiн екендiгiне олар негiз бар деп санағанда рұқсат алуға мiндеттi.
8-2-бап. Ұйымдардағы фирма iшіндегі экспорттық
бақылау жүйесi
Сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыру кезiнде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген экспорттық бақылау ережелерiнiң орындалуын қамтамасыз ету, аталған салада құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ұйымдарға фирма iшіндегі экспорттық бақылау жүйесiн құруға жәрдемдеседi және оларға қажеттi ақпараттықәдiстемелiк қолдау көрсетедi.".
13. 10-бапта:
бiрiншi бөлiк "өнiм экспорты" деген сөздерден кейiн ", импорты және транзитi" деген сөздермен толықтырылсын;
екiншi бөлiк "экспортталуына" деген сөзден кейiн "және импортталуына" деген сөздермен толықтырылсын.
14. 11-баптың бiрiншi бөлiгіндегі "орталық атқарушы" және "өнiмдi экспорттаушылардан" деген сөздер тиiсiнше "мемлекеттік" және "сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан" деген сөздермен ауыстырылсын.
15. 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"12-бап. Халықаралық ынтымақтастық
Қазақстан Республикасы экспорттық бақылау және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимдерiн нығайту саласында халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттермен ынтымақтастық жасайды.".
Қазақстан Республикасының
Президенті | | | | | | | | Н.Ә. Назарбаев |