Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі
агенттігінің мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің
1999 ж. 29 маусымдағы № 892 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2002 ж. 11 қыркүйектегі № 993 қаулысымен осы қаулының күші жойылды
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі туралы" 1999 жылдың 13 мамырдағы № 139 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) туралы ереже бекітілсін.
2. Агенттік төрағасының бір орынбасары болуына рұқсат етілсін.
3. Мынадай лимиттер:
Агенттіктің штаттық саны 32 адам, оның ішінде қосымшаға сәйкес мемлекеттік органдардың штаттық санының лимитін қысқарту есебінен 25 адам;
қызметтік жеңіл автомобильдер 2 дана болып белгіленсін.
4. Құпия.
5. Құпия.
6. Құпия.
7. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 1999 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаржының есебінен 1999 жылы Агенттікті 20 (жиырма) миллион теңге мөлшерінде, оның ішінде 4 750 мың теңгені - осы қаулыға қосымшаға сәйкес қысқаратын, мемлекеттік органдардың штаттық санын ұстауға арналған қаражаттың есебінен, 15 250 мың теңгені - Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
8. Құпия.
9. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Агенттікті Астана қаласында қажетті қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз етсін.
10. Агенттік бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұрын жарияланған актілерін Қазақстан Республикасы Президентінің " Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі туралы" 1999 жылғы 13 мамырдағы № 139 Жарлығына сәйкес келтіру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс енгізсін.
11. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
1999 жылғы 29 маусым
№ 892 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган болып табылады. Агенттік Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады. Агенттік мемлекеттік құпияларды қорғау саласында басшылықты, сондай-ақ заңдарда көзделген шектерде - салааралық үйлестіруді және өзге де арнаулы атқарушылық және рұқсат ету функцияларын жүзеге асырады.
2. Агенттік өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Агенттік мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңдарға сәйкес банктерде шоттары болады.
Агенттік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
4. Агенттік өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңдарда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші болатын бұйрықтар шығарады.
5. Агенттіктің штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Агенттіктің құрылымын Қазақстан Республикасының Үкіметі Агенттікке бекіткен штат саны лимитінің шегінде Агенттіктің төрағасы бекітеді.
6. Агенттіктің орналасқан жері Астана қаласы.
7. Агенттіктің толық атауы - "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі" мемлекеттік мекемесі.
8. Осы Ереже Агенттіктің құрылтай құжаты болып табылады.
9. Агенттіктің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен ғана жүзеге асырылады.
Агенттіктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге Агенттікке тыйым салынады.
Егер Агенттікке заң актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне бағытталады.
2. Агенттіктің негізгі міндеттері, функциялары және құқықтары
10. Агенттіктің негізгі міндеттері:
1) мемлекеттік құпияларды қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі қызметін үйлестіру;
3) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құқықтық, әкімшіліктік, экономикалық, техникалық және өзге де шаралардың жүйесін әзірлеу, олардың атқарылуын бақылау болып табылады.
11. Агенттік заңдарға сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік құпияларды қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарда құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды үйлестіреді;
3) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құқықтық, әкімшіліктік, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шаралардың жүйесін әзірлейді, олардың Қазақстан Республикасының аумағында атқарылуын бақылайды;
4) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны, нормативтік құқықтық актілерді және әдістемелік құжаттарды әзірлеу және орындау мүддесінде мемлекеттік құпияларды қорғау органдарының қызметін үйлестіреді;
5) мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының Тізбесін әзірлейді және оны Мемлекет басшысына бекітуге ұсынады;
6) Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді;
7) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғаудың техникалық құралдарын сертификаттаудың тәртібін әзірлейді;
8) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария етудің немесе жоғалтудың салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне немесе мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мүдделеріне келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның, сондай-ақ оларды құпияландырудың нәтижесінде мәліметтер көздерінің иесіне келтірілген зиянның мөлшерін айқындаудың тәртібін әзірлейді;
9) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды Қазақстан Республикасының ерекше режимді, режимді және айрықша қорғалатын объектілерінің санатына жатқызудың тәртібін әзірлейді;
10) мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы мемлекеттік бағдарламаны және мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі жұмыстарды материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етудің тәртібін әзірлейді;
11) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшелердің кадрларын даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
12) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғау мәселелері бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;
13) Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік құпияларға жіберілуіне байланысты оларды арнайы тексерудің тәртібін әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады;
14) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Ақпаратты қорғау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді, оның ішінде оның отырыстарында қарау үшін материалдарды дайындауды жүзеге асырады;
15) мемлекеттік құпияларды қорғаудың арнайы құралдарын әзірлеу және өндіру саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асырады;
16) өзіне заңдармен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
12. Агенттік негізгі міндеттерін іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында өз құзыретінің шегінде заңдарда белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелерін құқықтық реттеу және ұсыныстар енгізуге;
2) мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелері жөніндегі шешімдердің жобасын енгізуге;
3) мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілер мен әдістемелік құжаттарды, ұйымдастырушылық-техникалық материалдарды әзірлеуге, бекітуге және шығаруға;
4) мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Ақпаратты қорғау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезектен тыс отырысын шақыру туралы ұсыныс енгізуге;
6) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелері жөніндегі мәліметтер мен материалдарды сұратуға және алуға;
7) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда құпиялылық режимінің қамтамасыз етілуі мен құпия іс-қағаздардың жүргізілуінің жай-күйіне кешендік, техникалық және бақылаулық тексерулерді жүзеге асыруға;
8) барлаудың техникалық құралдарына қарсы әрекет, барлаудың техникалық құралдарына қарсы әрекет мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілердің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралардың пәрменділігін тексеруді ұйымдастыруға;
9) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын тексерулер жүргізу үшін тартуға;
10) мемлекеттік органдар басшыларының мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарын орындамағаны үшін жауаптылығы туралы ұсыныс енгізуге;
11) тексеру барысында мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі белгіленген нормалар мен талаптардың өрескел бұзылуы фактілері анықталған мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда құпия жұмыстарды тоқтатудың қажеттігі туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ұсыныс енгізуге;
12) мемлекеттік құпияларды қорғау жөнінде арнайы жұмыстар жүргізуді ұйымдастыруға, қажет болған жағдайда, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелері бойынша сараптамалар жүргізу үшін тартуға;
13) заңдарға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
3. Мемлекеттік органның мүлкі
13. Агенттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болады.
14. Агенттікке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
15. Агенттіктің өзіне бекітілген мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқы жоқ.
Агенттікке заңдарда белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.
4. Агенттіктің қызметін ұйымдастыру
16. Агенттікті Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
Төрағаның оның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасары болады.
17. Төраға Агенттіктің жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды және Агенттікке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауаптылықта болады.
18. Агенттіктің Төрағасы осы мақсатта:
1) өзінің орынбасары мен Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
2) заңдарға сәйкес Агенттіктің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
3) заңдарда белгіленген тәртіппен Агенттіктің қызметкерлеріне тәртіптік жазалар қолданады;
4) Агенттіктің бұйрықтарына қол қояды;
5) Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдарда Агенттікті білдіреді;
7) заңдарға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
19. Агенттікте консультативтік-кеңесші орган болып табылатын алқа құрылады. Алқаның сандық және жеке құрамын Төраға бекітеді. Алқаның шешімі Төрағаның бұйрығымен ресімеделеді.
5. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату
20. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
1999 жылғы 29 шілдедегі № 892
қаулысына қосымша
Штаттық саны қысқартылатын және Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігіне
берілетін, мемлекеттік органдардың
Тізбесі
Мемлекеттік органдардың атауы Қысқартылатын саны
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі 2
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі 3
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі 2
Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия
және сауда министрлігі 2
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 1
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары
білім министрлігі 1
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 3
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс
министрлігі 2
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім
және спорт министрлігі 1
Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі
агенттігі 1
Қазақстан Республикасының Көлік, коммуникация және
туризм министрлігі 2
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрлігі 1
Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және 1
қоғамдық келісім министрлігі
Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және
қоршаған ортаны қорғау министрлігі 1
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы
министрлігі 2
Барлығы 25 бірлік