Қазақстан Республикасында жер мониторингiн жүргiзудiң тәртібін
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысы 1997
жылғы 17 қыркүйектегi № 1347
ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 19 қыркүйектегі № 956 қаулысымен осы қаулының күші жойылды
"Жер туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 24 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
ЕСКЕРТУ. Кіріспе өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800 қаулысымен.
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында жер мониторингiн жүргiзудiң тәртібі бекітілсiн.
2. Жердiң жай-күйi туралы, оның iшiнде олардың химиялық және радиоактивтi заттармен ластануы туралы, сондай-ақ карантиндiк зиянкестермен және өсiмдiктер ауруларымен зақымдануы туралы материалдарға ие министрлiктер, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құрамына кiрмейтiн, орталық атқарушы органдар жер, оның сапалық жай-күйi және пайдаланылуы туралы жыл сайынғы есеп берулерге және оларға қосымша баяндамаларға кiргiзу үшiн осы материалдардың көшiрмелерiн Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігіне ұсынсын.
ЕСКЕРТУ. 2-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800 қаулысымен.
3. Топырақ және геоботаникалық зерттеулердi жүргiзуде қайталауға жол бермеу, жер мониторингi деректерiнiң анықтығын қамтамасыз ету мақсатында:
Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігіне топырақтық, топырақтық-тұздық, топырақтық-эрозиялық, топырақтық-агрохимиялық, топырақтық-геохимиялық, топырақтық-мелиорациялық, геоботаникалық зерттеулер мен тексерулердiң бiрыңғай мемлекеттік есебiн жүргiзу жүктелсiн.
ЕСКЕРТУ. 3-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
4.
ЕСКЕРТУ. 4-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
5. Қазақстан Республикасының Білiм және ғылым министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясына, басқа да мүдделi мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігіне жер мониторингiн ұйымдастыруда және жүргiзуде ғылыми-әдiстемелiк және практикалық көмек көрсету ұсынылсын.
ЕСКЕРТУ. 5-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
6. Мыналардың:
"Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын және жер мониторингiн жүргiзу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 17 тамыздағы № 683 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1992 ж., № 33, 498-құжат);
"Қазақстан Республикасының Жер мониторингi туралы ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 30 қыркүйектегi № 979 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., № 40, 471-құжат) күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 17 қыркүйектегi
№ 1347 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында жер мониторингiн
жүргiзудiң тәртібі
ЕСКЕРТУ. Тәртiп өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800 қаулысымен.
I. Жалпы ережелер
1. Жер мониторингi - болып жатқан өзгерістердi уақытында анықтау, оларды бағалау, одан әрi дамуын болжау және жағымсыз процестердi болдырмау және оның зардаптарын жою мақсатында жүргiзiлетiн, жер қорының сапалық және сандық жай-күйiн базалық (бастапқы) жедел, мерзiмдi байқау жүйесiн бiлдiредi.
2. Жер мониторингi - қоршаған табиғи ортаның жай-күйiне мониторингтiң құрамдас бөлiгi және онымен бiр уақытта басқа да табиғи орталарға мониторинг жүргiзуге арналған база болып табылады. Ол мемлекеттік жер кадастрын, жерге орналастыруды, жердiң пайдаланылуына және қорғалуына бақылау жасауды және жер ресурстарын мемлекеттік басқару саласындағы өзге де функцияларды жүргiзудi тиiстi ақпаратпен қамтамасыз етедi.
3. Жерге меншiк нысандарына, оның мақсатты арналуына және жердi пайдаланудың сипатына қарамастан Қазақстан Республикасының барлық жерi бойынша жер мониторингiнiң объектiсi болып табылады.
4. Жер мониторингiн жүргiзу кезiнде жердiң жай-күйiне әсер ететiн мынадай процестер:
эволюциялық (дамудың табиғи-тарихи және әлеуметтiк-экономикалық процестерiмен байланысты);
циклдық (табиғи сипаттың өзгеруiнiң тәулiктiк, маусымдық, жылдық және өзге де уақыттық кезеңдерiмен байланысты);
антропогендiк (адамның қызметiмен байланысты);
төтенше жағдайлар (авариялармен, апаттармен, табиғи және экологиялық зiлзалалармен және басқаларымен байланысты) анықталады.
ЕСКЕРТУ. 4-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800 қаулысымен.
5. Жер мониторингiн жүргiзуге арналған ақпараттардың көздерi болып, жүйелi байқаудың, суреттердiң, тексерулердiң, түгендеудiң нәтижелерi, жердiң пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау жасаудың материалдары, архивтiк деректер, жерлердiң сапалық жай-күйi туралы басқа да мәлiметтер қызмет етедi.
6. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі жер мониторингiнiң нәтижелерiн Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 6 маусымдағы № 710 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудiң тәртібіне сәйкес жер, оның сапалық жай-күйi және пайдаланылуы туралы есептiң құрамында атқарушы органдарға бередi.
7. Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес жер мониторингiн жүргiзу жөніндегі жұмыстар бюджеттік қаражаттың есебiнен жүзеге асырылады.
8. Қазақстан Республикасы халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларға сәйкес жердiң кең ауқымды мониторингi жөніндегі жұмыстарға қатыса алады.
Жер мониторингi жөніндегі мемлекетаралық және халықаралық бағдарламаларды қаржыландыру - Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттермен жасасқан келісімдерде және шарттарда айқындалған тәртiппен және талаптарда бюджетте көрсетiлген мақсаттарға арнап көзделген қаражат есебiнен және шегінде жүзеге асырылады.
ЕСКЕРТУ. 8-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800 қаулысымен.
II. Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық
уәкiлеттi орган мен оның жергiлiктi жерлердегi
органдарының функциялары
9. "Жер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер мониторингiн жүргiзудi ұйымдастыру жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға және оның жергiлiктi жерлердегi органдарына жүктеледi.
ЕСКЕРТУ. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
10. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі:
1) аэрофотоғарыштық, жобалау-зерттеу, жерге орналастыру, топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақтық, геоботаникалық, бағалау жұмыстары мен жер мониторингiн жүргiзу үшiн қажеттi өзге де зерттеулер мен тексерулердi жүргiзудi ұйымдастырады;
2) белгiленген тәртiппен өзiнiң құзыретiнiң шегiнде:
барлық мемлекеттік органдар, басқа да заңды және жеке тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылатын, жердiң мониторингiн жүргiзу үшiн қажеттi әдiстемелiк нұсқаулар мен нұсқаулықтарды, құжаттардың нормативтерi мен стандарттарын;
жердiң жай-күйiн байқау пункттерiнiң аумақтық-аймақтық желiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;
3) жердiң жай-күйiн байқау пункттерiнiң аумақтық-аймақтық желiлерiнде, сондай-ақ жағымсыз процестерге ұшыраған аймақтарда жер мониторингiн жүргiзудi ұйымдастырады және үйлестiредi;
4) жер мониторингi деректерiнiң басқа табиғи орталар мониторингiнiң мәлiметтерiмен өзара үйлесуiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
5) жер ресурстарын басқару жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi органдар мен жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық атқарушы орган жүйесiнiң өндiрiстiк бөлiмшелерiнiң жер мониторингiн жүргiзуiне бақылауды жүзеге асырады;
6) жыл сайын, белгiленген мерзiмдерде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен мемлекеттік басқару саласындағы мүдделi орталық атқарушы органдарға мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингi деректерiнiң негiзiнде жасалған Қазақстан Республикасындағы жерлер, олардың сапалық жай-күйi мен пайдаланылуы туралы жиынтық есеп ұсынады;
7) iрi табиғи кешендер, облыстар және тұтастай алғанда республика бойынша жерлердiң жай-күйi туралы материалдарды iрiктеудi, жүйелендiрудi және қорытуды жүзеге асырады;
8) жер мониторингi деректерiн алудың, өңдеудiң және сақтаудың автоматтандырылған әдiстерiне кезең-кезеңмен көшу жөніндегі жұмыстарды жүргiзудi қамтамасыз етедi;
9) республикалық деңгейде ақпараттарды жаңартуды, сақтауды, қорғауды және оған кiру құқығын жүзеге асырады және қамтамасыз етедi;
10) көрсеткiштерге ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетудi жүзеге асырады.
ЕСКЕРТУ. 10-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
11. Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың) жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеттерi:
1) мониторинг жүргiзудiң, сондай-ақ жердiң жай-күйiн байқау пункттерiнiң желiлерiн облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың аумақтарына орналастырудың бағдарламасын әзiрлейдi және оларды Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінiң бекітуiне ұсынады;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың деңгейiнде базалық және мерзiмдi жер мониторингiн жүзеге асырады;
3) жекелеген табиғи кешендер, аудандар, облыстар бойынша жер мониторингiнiң деректерiн қорытады;
4) жыл сайын белгiленген мерзiмде тиiстi атқарушы орган мен Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігіне мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингi деректерiнiң негiзiнде жасалған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жерi, олардың сапалық жай-күйi мен пайдаланылуы туралы есеп, ал айрықша қауiптi процестер анықталған кезде - жедел мәлiметтер ұсынады;
5)
ЕСКЕРТУ. 11-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
12.
ЕСКЕРТУ. 12-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
III. Жер мониторингiнiң құрылымы
13. Жер мониторингiнiң құрылымы жердiң негiзгi мақсатты арналуымен және аумақтық ауқымымен айқындалады.
14. Мониторинг жердiң мақсаттық арналуының ерекшелiгi ескерiле отырып жүргiзiледi және жердiң санаттарына сәйкес келетiн iшкi жүйелерге:
ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердiң мониторингiне;
елдi мекендердегi (қалалардағы, поселкелердегi және селолық елдi мекендердегi) жердiң мониторингiне;
өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және өзге ауыл шаруашылығы емес мақсаттағы жердiң мониторингiне;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жердiң, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жердiң мониторингiне;
орман қоры жерiнiң мониторингiне;
су қоры жерiнiң мониторингiне;
запастағы жердiң мониторингiне бөлiнедi.
ЕСКЕРТУ. 14-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
15. Аумақтық ауқымына қарай республикалық, аймақтық және жергiлiктi жерлердiң мониторингi жүзеге асырылады:
республикалық - Қазақстан Республикасының барлық аумағын қамтиды;
аймақтық - физикалық-географиялық, әкiмшiлiк, экономикалық және өзге де шекаралармен шектелген аумақтарды қамтиды;
жергiлiктi - жекелеген жер учаскелерi мен ландшафтық-экологиялық кешендердiң қарапайым құрылымдарына дейiнгi аймақтық деңгейден төмен аумақтық объектiлерде жүргiзiледi.
IV. Жер мониторингiн ұстау
16. Жер мониторингiн ұстауды:
жер учаскелерiнiң, алқаптарының, егiстiк жерлердiң жай-күйiн;
топырақтың құнарлылығының өзгеруiне (шөлейттенуге, су және жер эрозияларының дамуына, гумус пен тамақтану элементтерiнiң болу серпiнiне, топырақ қойнауы реакциясының өзгеруiне, топырақ құрылымының бүлiнуiне немесе жақсаруына, тұздануына, тұз басуына, батпаққа айналуына, артық сулануына және жерге су жайылуына немесе бұл факторларды жоюға), топырақтың пестицидтермен, ауыр металдармен, радионуклеидтермен және басқа улы заттармен, өнеркәсiптiк, тұрмыстық және өзге де қалдықтармен ластануына, жердiң басқа да ерекшелiктерiнiң өзгеруiне байланысты процестердiң дамуын;
табиғи мал азғындық алқаптарының өсiмдiк қабаты жай-күйiнiң өзгеруiмен (өсiмдiктердiң құрамының, құрылымының және өнiмдiлiгiнiң, үлгiлерiнiң, сапасының, өндiрiстiк әлеуетiнiң химиялылығының және жұғымдылығының өзгеруiмен), бүлiнуi және қалпына келуi қарқынымен, улы химиялық элементтер мен радионуклеидтердiң жинақталу деңгейiмен, сондай-ақ олардың антропогендiк ауырлықтарға төзiмдiлiгi деңгейiмен байланысты процестердiң дамуын;
өзендердiң, теңiздердiң, көлдердiң шығанақтардың, су қоймаларының, лимандардың, гидротехникалық құрылыстардың жағалаулық шектерiнiң жай-күйiн;
жыралардың, қар көшкiндерiнiң, сел тасқындарының, жер сiлкiнудiң, карстық, криогендiк және басқа да құбылыстардың пайда болуынан туындаған процестердiң дамуын;
елдi мекендер, мұнай және газ өндiру, су тазарту құрылыстары, көң сақтау орындары, қоқыс төгетiн орындар, жанар-жағар май материалдары, тыңайтқыштар қоймалары, автокөлiк тұрақтары улы өнеркәсiптiк қалдықтар мен радиоактивтi материалдарды көметiн орындар, сондай-ақ басқа да өнеркәсiптiк объектiлердiң жерiнiң жай-күйiн жүйелi байқау құрайды.
17. Жер мониторингi:
жүйелi байқауларды, зерттеулердi, суретке түсiрулердi, тексерулердi (қайтара тексерулердi және түзетулердi) орындау;
жердiң жай-күйiн талдауды және бағалауды жүргiзу;
құнарлы жерлерге антропогендi әсер етудi реттеу жөніндегі ұсынымдарды әзiрлеу;
уақыттың белгiлi бiр кезеңiнде жердiң сапалық жай-күйiн болжауды әзiрлеу;
жер туралы деректер банкiн ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар кiредi.
18. Жердiң жай-күйiн бағалау жүргiзiлген байқауларды (кезеңдiк, маусымдық, тәулiктiк) талдау; алынған көрсеткiштердi нормативтермен салыстырғандағы өзгерістердiң бағытталуы мен интенсивтiлiгiн зерттеу жолымен орындалады.
Жердiң жай-күйiнiң көрсеткiштерi белгiлi бiр кезеңге немесе мерзiмге қатысты абсолюттi де, салыстырмалы маңыздарда бiлдiрiледi.
19. Жерлердiң жай-күйiн бағалаудың нәтижелерi бойынша оларға өзгерістердiң дамуының, әсiресе жағымсыз сипаты бар серпiнiн, бағытталуын және интенсивтiлiгiнiң сипаттайтын тақырыптық карталар, диаграммалар және кестелер қоса берiлуi арқылы жедел мәлiметтер, баяндамалар, ұсынымдар және ғылыми болжамдар жасалады.
V. Жер мониторингiн жүргiзудi ұйымдастыру
және оның тәртібі
20. Мониторингтi ұйымдастыру және жер алқаптарының, егiстiк жерлердiң және жер учаскелерiнiң жай-күйi туралы мәлiметтердi қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру, түгендеу, топырақтық, геоботаникалық және өзге де тексерулер мен зерттеулердi жүргiзумен, сондай-ақ жерлердiң пайдаланылуы мен қорғалуына тiкелей байқауды және мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асырумен қамтамасыз етiледi.
21. Мониторинг жүргiзу үшiн қажеттi жердiң жай-күйi туралы мәлiметтердi:
1) облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың) жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетiне есептiден кейiнгi жылдың 1 қарашасына дейiн - жердi тақырыптық картаға түсiрудi және олардың жай-күйiн байқауды жүзеге асырушы азаматтар мен заңды тұлғалар;
2) Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігіне есептiден кейiнгi жылдың 1 желтоқсанынан кешiктiрмей:
Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі - топырақтың өндiрiс қалдықтарымен, химиялық радиоактивтi, биологиялық заттармен ластануы туралы;
Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі - геологиялық ортаның жай-күйi туралы;
басқа да мүдделi министрлiктер мен ведомстволар - төтенше сипаты бар ахуал пайда болған кезде жерлердiң ластануының өзге де түрлерi мен жай-күйi туралы тегiн ұсынады.
ЕСКЕРТУ. 21-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
22. Жер учаскелерiнiң иелерi мен жердi пайдаланушылар тiкелей байқау кезiнде алынған жер алқаптарының, егiстiктердiң, жер учаскелерiнiң жай-күйi туралы бастапқы деректердi жердiң құрамында есептi кезеңде болған өзгерістер туралы есеппен бiр уақытта аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi органға ұсынады.
ЕСКЕРТУ. 22-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
23. Жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi орган ұсынылған деректердi қорытады және бар жерлердiң саны, сапалық жай-күйi мен пайдаланылуы туралы есеппен бiрге оларды аудандық атқарушы органға жолдайды.
ЕСКЕРТУ. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
24. Облыстың жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетi ұсынылған деректердi, сондай-ақ жаңа суреттердiң, тексерулердiң, зерттеулердiң материалдары бойынша алынған жер қорының жай-күйi туралы мәлiметтердi қорытудың және бағалаудың нәтижелерi бойынша облыстық атқарушы орган мен Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агентігіне жер, оның сапалық жай-күйi және пайдаланылуы туралы есептiң құрамында облыстың аумақтарында жер мониторингiн ұйымдастыру және жетiлдiру жөнiнде ұсыныс жолдайды.
25. Астана және Алматы қалаларының жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетi Астана және Алматы қалаларының шеңберiнде орналасқан жер учаскелерi иелерi мен жердi пайдаланушылардан, алынған деректердi қорытады және жер оның сапалық жай-күйi және пайдаланылуы туралы есептiң құрамында оларды қалалық атқарушы орган мен Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігіне жолдайды.
ЕСКЕРТУ. 25-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
26. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі алынған ұсыныстарды, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиiстi салаларына басшылықты жүзеге асыратын мүдделi орталық атқарушы органдар ұсынған жердiң жай-күйi туралы мәлiметтi қорытады және олардың негiзiнде республикада жер мониторингiн жүргiзудiң бағдарламасын әзiрлейдi, жердiң жай-күйiн байқау пункттерiнiң аумақтық-аймақтық жүйелерiн айқындайды.
27. Көрсетiлген бағдарламалар мен байқау пункттерiнiң желiлерiн мемлекеттік басқарудың тиiстi салаларына басшылықты жүзеге асыратын мүдделi орталық атқарушы органдармен келiскеннен кейiн бұл құжаттарды, Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі бекiтедi.
28. Аймақта жағымсыз процестер пайда болған жағдайда Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын пайдалану жөніндегі комитетi жүргiзiлген тексерулердiң нәтижелерi бойынша мониторинг жүргiзу және аталмыш аймақта жердiң жай-күйiнiң байқау пункттерiнiң желiлерiн орналастыру бағдарламалары бойынша осы Тәртiпке сәйкес бекітілетiн ұсыныс енгiзетiн комиссия құрады.
29. Мониторингтiң аумақтық-аймақтық желісі жердiң жай-күйiн байқаудың стационарлық және жартылай стационарлық пункттерiн қамтиды.
Стационарлық байқау пункттерi берiлген толықтық пен дәлдiк арқылы жердiң жай-күйi туралы ақпараттарды жүйелi алып тұру үшiн құрылады. Мұндай пункттерге стационарлық алаңдар өзектi учаскелер және полигондар жатады.
Жартылай стационарлық байқау пункттерi (жартылай стационарлық алаң, бейiн) жұмыстың нақты жағдайлары мен мақсатына қатысты ұйымдастырылады. Оларда байқау ара қашықтығы 36 5, 10 және одан көп жыл болатын мерзiмдерде жүргiзiледi.
30. Мониторингтiң деңгейi байқау пункттерiнде жүргiзiлетiн жердiң жай-күйiн байқау бағдарламасымен айқындалады.
31. Жер мониторингi бiрыңғай жiктегiштердi, кодтарды, бiрлiк жүйелерiн, деректер мен нормативтiк-техникалық базалардың стандарттық форматтарын, координаттар мен биiктiктердiң мемлекеттік жүйесiн қолдануға негiзделген әртектi деректердiң өзара үйлесiмдiлiгi принципi сақтала отырып жүргiзiледi.
32. Жер мониторингi жөніндегі ақпараттарды алу үшiн:
қашықтықтан тексерiп-байқаудың (ғарыштық аппараттардың, жоғары ұшатын ұшақтардың, шағын авиацияның және басқаларының құралдарының көмегiмен суретке түсiру және байқау);
жер үстіндегі суретке түсiрудiң (топырақтық, геоботаникалық және басқалары) және аумақтық-аймақтық желiлер пункттеріндегі байқаулардың;
қорлық деректердiң (карталардың, картограммалардың, схемалардың, кестелiк және басқа да материалдардың) материалдары пайдаланылады.
33. Ғарыштық алып жүрушiлерден суретке түсiру мен байқау республикалық және аймақтық деңгейлерде жердiң жай-күйiнiң сипатын алу үшiн орындалады.
Аппаратураларды әуеде алып жүрушiлердiң көмегiмен суретке түсiру және байқау жер мониторингiнiң жергiлiктi деңгейi үшiн жүргiзiледi.
Жер бетіндегі байқау зерттеу, тексеру және суретке түсiру стационарлық және жартылай стационарлық алаңдарды, өзектi учаскелердi, полигондарды және бейiндердi пайдалану арқылы жердiң барлық санаттары бойынша жүргiзiледi.
34. Олардың жүргiзiлуiнiң мерзiмдерi мен кезеңдiлiгiне қарай жердiң жай-күйiн байқаудың мынадай:
базалық (жердiң мониторингiн жүргiзудi бастау сәтіндегі байқау объектiлерiнiң жай-күйiн көрсететiн бастапқы);
жедел (ағымдағы өзгерістердi көрсететiн);
кезеңдiк (бiр жылдан кейiн және одан көп) топтары жүзеге асырылады.
35. Жер мониторингiнiң нәтижелерi қағазға да, ақпараттарды
электрондық жинақтау, өңдеу және сақтау жүйелерiн пайдалану арқылы да
есептер, кестелер, карталар және картограммалар түрiнде ресiмделедi.
36. Жер мониторингi жөніндегі құжаттамалар базалық және есептiк құжаттарды қамтиды.
Базалық құжаттарда аймақтық объектiнiң немесе жер учаскесiнiң бастапқы (фондық) жай-күйi көрсетiледi. Базалық құжаттарға жердiң жай-күйiнiң бастапқы тақырыптың карталары, картографиялық материалдар және жердiң сапалық жай-күйi туралы жиналған мәлiметтер жатады.
Бiрдейлендiрiлген нысандар, оларда жерлердiң жай-күйiнiң белгiленген өзгеруi көрсетiлген кестелер есептiк құжаттар болып табылады.
37. Жердiң мониторингi жөніндегі құжаттама мынадай талаптарға сәйкес келуi:
белгiленген үлгiдегi бланктерде атқарылуы;
картографиялық материалдар жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлеген техникалық талаптарға сәйкес дайындалуы;
мемлекеттік құпияға жатқызылған жер учаскелерiнiң жоспарларында (сызбаларында) қамтылған мәлiмет олардың құпиялылығын қамтамасыз ететiн белгiленген тәртiптерге сәйкес пайдаланылуы және сақталуы тиiс.
38. Жер мониторингi жөніндегі алынған ақпаратты жер ресурстарын басқару жөніндегі тиiстi органдар қорытады және талдайды, олар автоматтандырылған ақпараттық жүйелердiң архивтерi мен деректер банкiнде жинақталады және сақталады.
VI. Жер мониторингi жөніндегі ақпараттарды
пайдалану
39. Жер мониторингi жөніндегі ақпараттарды пайдаланушылар:
аумақтардың дамуын жоспарлау, жердi аймақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі бағдарламаларды әзiрлеу, қала құрылысы кадастры мәселелерi, жер ресурстарын басқаруға байланысты басқа да мәселелер бойынша - мемлекеттік және жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдар;
табиғи ресурстардың пайдаланылуына және қоршаған ортаның жай-күйiне, табиғат қорғау шараларын жасауға бақылау жүргiзу мәселелерi бойынша - мемлекеттік табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау органдары;
өзге де заңды және жеке тұлғалар болып табылады.
ЕСКЕРТУ. 39-тармақ өзгерді- ҚР Үкіметінің 2001.06.11. № 800
қаулысымен.
40. Мониторингтiң ақпараттарын пайдалану қағазға немесе магниттiк алып жүрушiлерге стандартты ресiмделген құжаттармен танысу және (немесе) оларды алу, сондай-ақ байланыстың техникалық телекоммуникациялық құралдарын қолдану арқылы деректер банкiне тiкелей рұқсат етiлген кiру нысанында жүзеге асырылады.
41. Жер мониторингiнiң ақпаратына кiру режимiн бұзу немесе дұрыс емес ақпарат ұсыну қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.