32. Конкурстық өтінімдер конкурстық құжаттамада көрсетiлген тілде жасалып, табыс етілуге тиіс.
ЕСКЕРТУ. 32-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
33. Ықтимал өнім беруші тиісті бағалар кестесінде өзінің конкурстық өтініміне сәйкес беру (орындау, көрсету) жөнінде ұсынып отырған тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсетулер бірлігінің бағасын және олардың жалпы бағасын көрсетуге тиіс. Конкурстық өтінімнің бағасы, тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің құнына қоса, конкурстық құжатта көрсетілген басқа да элементтерді (тасымалдауға және сақтандыруға, кеден бажын, салықтар мен алымдарды және басқаларды төлеуге жұмсалатын шығындар) қамтуға тиіс.
Өнім беруші, егер конкурстық құжаттама талап ететін болса, өзінің конкурстық өтінімінің бағасын элементтерге бөлуі және оларды бағалар кестесінде көрсетуі тиіс.
Ықтимал өнім берушілердің конкурстық өтінімдерінің бағалары конкурстық құжаттамада көрсетілген валютада көрсетілуі тиіс.
ЕСКЕРТУ. 33-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
34. Ықтимал өнім беруші өзінің конкурстық өтінімінде оның қолданылу мерзімін көрсетуге тиіс. Конкурстық өтінімдер конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзім ішінде, бірақ конкурстық өтінімді ашқан күннен кейін кемінде 45 күн ішінде күшінде болады. Қолданылу мерзімі конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзімнен қысқа конкурстық өтінімді конкурстық комиссия конкурстық құжаттамаға сай келмейтін өтінім ретінде қабылдамай тастауға тиіс.
35. Конкурстық комиссия, ерекше жағдайларда, конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі өткенге дейін ықтимал өнім берушілерден бұл мерзімді қосымша нақты уақыт кезеңіне созуды өтіне алады. Ықтимал өнім беруші, ол енгізген конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді қайтарып алу құқығын жоғалтпастан, мұндай сұрауды қабылдамай тастай алады, ал оның конкурстық өтінімінің қолданылу мерзімі ұзартылмаған қолданылу мерзімінің өтуімен аяқталады. Мұндай өтініш пен оған жауап жазбаша нысанда ресімделуге тиіс.
Ықтимал өнім беруші конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімін ұзартуға келісім берген жағдайда конкурстық өтінімді қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі де тиісті түрде ұзартылуға тиіс.
36. Ықтимал өнім беруші, өзі енгізген өзінің конкурстық өтінімін қамтамасыз етуді қайтарып алу құқығын жоғалтпастан, конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурстық өтінімдерін өзгерте алады немесе кері қайтарып ала алады. Мұндай өзгеріс немесе кері қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама, егер оны конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін алған болса, жарамды болып табылады.
Конкурстық өтінімге өзгеріс те конкурстық өтінімнің дәл өзі сияқты әзірленуге, жабылып, мөрленуге және табыс етілуге тиіс.
Кері қайтарып алу туралы хабарлама жазбаша нысанда, бірақ конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімінен кешіктірілмей жіберілуге тиіс.
Конкурстық өтінімдерге конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткеннен кейін ешқандай өзгеріс енгізілмеуге тиіс.
Конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі мен конкурстық өтінімдердің қолданылу мерзімінің аяқталуы күні аралығында конкурстық өтінімдерді кері қайтарып алуға тыйым салынады.
37. Конкурсқа қатысуға тілек білдірген ықтимал өнім беруші конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізуге міндетті.
38. Конкурстық өтінімді қамтамасыз етудің мазмұны мен нысанын конкурсты ұйымдастырушы белгілейді.
Қамтамасыз ету мөлшері конкурстық өтінімнің жалпы сомасының 5 процентінен асырылмай белгіленеді, және:
6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша банк кепілдігі;
ақша қаражаты, мүлік және бағалы қағаздар кепілі түрінде беріледі.
Конкурстық өтінімді қамтамсыз етуге ақша қаражаты конкурсты ұйымдастырушының конкурстық құжаттамада көрсеткен есепшотына конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін аударылады.
Конкурстық өтінімді мүлік және бағалы қағаздар кепілі түрінде қамтамасыз ету, егер ықтимал өнім беруші конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін барлық қажетті құжаттарды конкурсты ұйымдастырушымен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес рәсімдеген болса, енгізілген болып есептеледі.
ЕСКЕРТУ. 38-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2000.07.27. № 1150 қаулысымен.
39. Конкурсты ұйымдастырушы енгізілген конкурстық өтінімді қамтамасыз етудің ықтимал өнім берушіге:
1) конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі өтіп кеткен;
2) мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген;
3) мемлекеттік сатып алу рәсімдері конкурс жеңімпазы анықталмай тоқтатылған;
4) конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін конкурстық өтінім кері қайтарып алынған;
5) басқа ықтимал өнім беруші конкурс жеңімпазы деп танылған жағдайларда қайтарады.
40. Осы Нұсқаулықтың 39-тармағының 1)-4)- тармақшаларында көрсетілген жағдайларда конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді қайтару осы жағдайлар туындаған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Осы Нұсқаулықтың 39-тармағының 5)-тармақшасында ескерілген жағдайларда, конкурс жеңімпазынан басқа ықтимал өнім берушілердің конкурстық өтінімін қамтамасыз етуді қайтару осы жағдай туындаған кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Конкурстық өтінімді қамтамасыз етуге оның конкурсты ұйымдастырушыда болған кезеңінде өсім есептелмейді.
41. Конкурсты ұйымдастырушы ықтимал өнім беруші енгізген конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді, егер ықтимал өнім беруші:
конкурстық өтінім табыс етудің соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурстық өтінімді кері қайтарып алған немесе өзгерткен;
конкурс жеңімпазы деп танылып, мемлекеттік сатып алу туралы шартқа белгіленген мерзімде қол қоймаған;
конкурстық құжаттамада көзделген нысанда, көлемде және жағдайларда мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, егер осындай қамтамасыз етуді енгізу конкурстық құжаттамада талап етілсе, мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қойылғаннан кейін енгізбеген кездерде қайтарылмайды.
42. Ықтимал өнім беруші конкурстық өтінім көшірмелерінің конкурстық
құжаттамада көрсетілген санын "Конкурстық өтінімнің түпнұсқасы" және "
Конкурстық өтінімнің көшірмесі" деп көрсетіп, әзірлеуге тиіс. Олардың
арасында алшақтық болған жағдайда түпнұсқа басымдыққа ие болады.
Конкурстық өтінімнің түпнұсқасы мен барлық көшірмелері басып шығарылуы немесе жуылып кетпейтін сиямен жазылуы, ықтимал өнім берушінің қолы қойылған болуы тиіс. Ықтимал өнім берушінің уәкілетті өкіліне берілген сенімхат конкурстық өтінімге қоса тіркелуге тиіс.
Конкурстық өтінімде, ықтимал өнім берушіге қателерді түзету осы Нұсқаулықтың 50-тармағында ескерілген жағдайларда қажет болған және оларды конкурстық өтінімге қол қоятын адам парафирлеген жағдайларды қоспағанда, жазылған жолдар арасына қосымша жазбалар жазылуға, өшірілуге немесе қоса жазылуға тиіс емес.
43. Ықтимал өнім беруші конкурстық өтінімнің түпнұсқасы мен әрбір көшірмесін жеке-жеке конверттерге салып желімдеп, тиісінше оларды "Түпнұсқа" және "Көшірме" деп белгілеуге тиіс. Ол конверттерде ықтимал өнім берушінің атауы және мекен-жайы көрсетілуге тиіс (конкурстық өтінімді ашпай қайтару мақсатында). Осыдан кейін конверттер сыртқы конвертке салынып, жабылады.
Сыртқы және ішкі конверттер:
1) конкурсты ұйымдастырушының конкурстық құжаттамада көрсетілген мекен-жайына бағытталуға;
2) "_________________сатып алу жөніндегі конкурс" (конкурстың атауы)
және "______________ дейін ашылмасын" (конверттерді ашудың конкурстық
құжаттамада көрсетілген күні, айы, жылы мен уақыты) деген жазбалар
жазылған болуға тиіс.
44. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдері бар конверттерді барлық келген ықтимал өнім берушілердің немесе олардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен конкурстық құжаттамада көрсетілген күнде, уақытта және мекен-жайда ашады.
Қатысып отырған ықтимал өнім берушілер немесе олардың уәкілетті өкілдері өзінің қатысып отырғанын растап, осы Нұсқаулықтың 24-тармағында ескерілген ықтимал өнім берушілерді тіркеу журналына тіркелуге тиіс.
45. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашқан кезде қатысып отырған адамдарға конкурстық өтінімдерді беріп отырған ықтимал өнім берушілердің атауы мен тұрған жерін, олар ұсынған конкурстық өтінімнің бағасын, егер орын алған болса конкурстық өтінімнің кері қайтарып алынуын және өзгертілуін, конкурстық өтiнiмдi құрайтын құжаттардың бар немесе жоқ екендігі туралы ақпаратты және конкурстық комиссия қажет деп тапқан басқа да барлық мәліметтерді жариялайды және 9-қосымшаға сәйкес конкурстық өтінімді ашу хаттамасын жасайды.
Конкурстық өтінімдерді ашу хаттамасына конкурстық комиссия мүшелері қол қояды.
ЕСКЕРТУ. 45-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
46. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді бағалағанға және салыстырғанға дейін конкурстық өтінімдерді олардың толымдылығы, есептердегі қатенің, қажетті кепілдіктердің, құжаттардағы барлық қойылған қолдың болу жағдайларын, сондай-ақ бүтіндей алғанда құжаттардың ресімделуінің дұрыстығын алдын ала зерделейді.
47. Конкурстық комиссия ықтимал өнім берушінің Заңның 10-бабының 1- тармағында және конкурстық құжаттамада көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкестігін қарайды.
Конкурстық комиссия, егер конкурстық өтінімді табыс еткен ықтимал өнім беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмесе, конкурстық өтінімді қабылдамай тастайды.
Конкурстық комиссия ықтимал өнім берушіні, егер ол біліктілік талаптары бойынша толық емес, нақты емес немесе жалған ақпараттар берсе, конкурсқа қатысудан шеттетуге құқылы.
48. Конкурстық өтінімдерді егжей-тегжейлі бағалауды өткізгенге дейін конкурстық комиссия әрбір конкурстық өтінімнің конкурстық құжаттама талаптарына қаншалықты сай келетіндігін айқындайды. Конкурстық өтінім, егер ол конкурстық құжаттамада көрсетілген барлық шарттарды елеулі ескертпелерсіз қанағаттандыратын болса, жеткілікті дәрежеде талаптарға сай келеді деп есептеледі. Конкурстық комиссияның конкурстық өтінімнің сай келетіндігін айқындауы қандай да бір қосымша көздерге сілтеме жасалмай, конкурстық өтінімнің өзінің мазмұнына негізделуге тиіс.
49. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді қарауды, оларға баға беруді және оларды салыстыруды жеңілдету үшін ықтимал өнім берушілерден олардың конкурстық өтінімдеріне байланысты түсіндірме беруін сұратуға құқылы. Формалды талаптарға сай келмейтін конкурстық өтінімді осы талаптарға сәйкестендіру, соның ішінде бағаны өзгерту үшін ешқандай сұратуларға, ұсыныстарға немесе рұқсатқа жол берілмейді.
Түсіндірмелер беру туралы сұратулар және оған жауаптар жазбаша түрде берілуге тиіс.
50. Конкурстық комиссия, егер конкурстық өтінімде оны елеулі түрде өзгертпейтін немесе конкурстық құжаттамада баяндалған сипаттамалардан, шарттардан және өзге де талаптардан елеулі түрде ауытқу болып табылмайтын, конкурстық өтінімге баға беруге әсер етпейтін онша маңызды емес ауытқулар болған немесе, егер онда конкурстық өтінімнің мәніне қатысы жоқ, түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болған жағдайда конкурстық өтінімді талапқа сай деп қарауға құқылы.
Арифметикалық қателер былай түзетіледі. Егер бірлік бағасы мен бірлік сандарына бірлік бағаларын көбейту нәтижесінде алынған жалпы бағаның арасында алшақтық болса, бірлік бағасының басымдығы болады, ал жалпы баға тиісінше түзетіледі. Егер ықтимал өнім беруші қателерді бұлай түзетумен келіспесе, онда оның конкурстық өтінімі қабылданбайды, ал конкурстық қамтамасыз ету ұстап қалынуы мүмкін. Сөзбен және цифрлармен жазылған сомалардың арасында алшақтық болса, сөзбен жазылған сомаларға басымдық беріледі.
51. Егер конкурстық өтінім жеткілікті дәрежеде конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келмесе, оны конкурстық комиссия қабылдамай тастайды және кейін конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келеді деп танылуы мүмкін емес.
ЕСКЕРТУ. 51-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
52. Баға беру рәсімдерін жеңілдету және конкурстық өтінімдерді салыстыру үшін конкурстық комиссия конкурстық өтінімдердің әртүрлі валютамен көрсетілген барлық бағаларын конкурстық құжаттамада көрсетілген күні Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша Қазақстан Республикасының валютасына - теңгеге аударады.
53. Конкурстық комиссия біліктілік талаптарына сай келетін ықтимал өнім берушілердің конкурстық құжаттаманың барлық талаптарына сай келеді деп танылған конкурстық өтінімдерін бағалайды және салыстырады, ең төменгі баға негізінде және баға факторынан басқа, конкурстық құжаттамада көрсетілген өзге де өлшемдерді ескере отырып, ұтып шыққан конкурстық өтінімді айқындайды.
54. Конкурстық өтінімдерді бағалау және салыстыру кезінде конкурстық комиссия конкурстық өтінім бағасынан басқа мынадай өлшемдерді де ескеруі мүмкін:
1) конкурстық өтінімдерде ұсынылған жеткізілім, жұмыстарды аяқтау және қызмет көрсету мерзімдері;
2) конкурстық өтінімдерде ұсынылған төлем шарттары;
3) конкурстық өтінімдерде ұсынылған тауарларға, жұмыстарға және қызмет көрсетулерге кепілдік шарттары;
4) тауарға байланысты пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге жұмсалатын шығындар;
5) ұсынылған жабдықтың пайдалану сипаттамасы және өнімділігі;
6) отандық ықтимал өнім берушілер - тауар өндірушілерді, соның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау.
Конкурстық комиссия осы тармақта көрсетілген элементтердің конкурстық бағаға ықпал етуін осы Нұсқаулықтың 56-60-тармақтарына сәйкес белгіленген проценттердің негізінде айқындайды, олар конкурстық құжаттамада көрсетіледі және қайтарылмаған конкурстық өтiнiмдерге бірдей мөлшерде қолданылады.
Ескерту. 54-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен; ҚР Үкіметінің 2000.07.27. № 1150 қаулысымен.
55. Мемлекеттік сатып алудың мәні консультациялық қызмет көрсетулерді тарту болған жағдайда, бағадан басқа іріктеу өлшемі:
1) консультациялық қызмет көрсетудің сапалы сипаттамасы;
2) ықтимал өнім берушінің осындай қызмет көрсету нарығындағы тәжірибесі;
3) ықтимал өнім беруші мен қызмет көрсетулермен айналысатын қызметшілердің біліктілік көрсеткіштері, беделі, сенімділігі, кәсіптік және басқарушылық құзыреттілігі болып табылды.
56. Егер конкурстық өтінімде конкурсты ұйымдастырушының мәлімделгенімен салыстырғанда өнім берудің (жұмыстың аяқталуы, қызмет көрсетулер) неғұрлым кеш мерзімі көзделсе, онда конкурстық комиссия конкурстық өтінім құнының белгілі бір проценті негізінде (өнім берудің, жұмысты аяқтаудың немесе берудің талап етілген мерзімімен салыстырғанда кешіктірілген әрбір апта үшін 2 проценттен аспайтын мөлшерде ұсынылады) бұл кешіктіруді ақшалай сипатта көрсетіп, оны өнім берудің (жұмыстардың аяқталуы, қызметтер көрсету) неғұрлым кеш мерзімі көзделген конкурстық өтінім бағасына шартты түрде қосу қажет. Өнім берудің неғұрлым кеш мерзімін көздейтін (жұмыстардың аяқталуы, қызметтер көрсету) әрбір конкурстық өтінімге бұл рәсім жеке-жеке қолданылады. Мерзімінен бұрын жеткізіп берілгені (жұмыстарды аяқтағаны, қызметтер көрсеткені) үшін ешқандай шегерім көзделмейді.
ЕСКЕРТУ. 56-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332
қаулысымен.
57. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада төлемнің базалық шарттарын мәлімдеуі тиіс және конкурстық өтінім төлемнің базалық шарттарына негізделуі қажет. Сонымен бірге ықтимал өнім беруші төлемнің баламалы шарттарын да ұсына алады, бұл ретте ықтимал өнім беруші өзінің конкурстық өтінімінде қандай бағалық шегерім жасай алатынын көрсетуі тиіс.
58. Ықтимал өнім беруші өзінің конкурстық өтінімінде тауарға байланысты конкурстық құжатта көрсетілген мерзім ішінде пайдалану, техникалық қызметтер көрсету және жөндеу шығындарын көрсетуі және оны есептеулермен растауы тиіс. Конкурстық комиссия пайдалану шығындарының ең төменгі құны көзделген конкурстық өтінімді айқындауы тиіс және басқа конкурстық өтінімдердің бағасына шартты түрде әрбір конкурстық өтінімнің пайдалану шығындарының құны пайдалану шығындарының ұсынылып отырған ең төменгі құнынан артық болатындай процент қосуы тиіс.
59. Ықтимал өнім беруші берілетін тауарлардың конкурстық құжаттаманың техникалық шарттарына сәйкес болуын қамтамасыз ете отырып, ұсынылып отырған құрал-жабдықтың пайдалану сипаттамасына кепілдік берілетін кезеңді (пайдаланудың кепілді мерзімін) көрсетуі қажет. Конкурстық комиссия, егер ұсынылып отырған конкурстық өтінімде кепілді кезең конкурстық құжаттамада мәлімделген негізгі кезеңнен аз болған жағдайда, конкурстық өтінімнің бағасына шартты түрде белгілі бір процент (әр жылға 3 проценттен аспайтын мөлшерде ұсынылады) қосуы немесе, егер кепілді кезең негізгі кезеңнен көп болса, шартты түрде шегеруі қажет.
ЕСКЕРТУ. 59-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
60. Тауар өндiрушiлер болып табылатын отандық ықтимал өнiм берушiлер, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілері ұтқан конкурстық өтінімдерді айқындаған кезде, егер Қазақстан Республикасы аумағында өндірілген тауарлар бойынша жергілікті еңбек, шикізат және өндіріс ресурстарын пайдалану құндық көрінісінде олардың құнының кемінде 50 процентін, ал мердігерлік жұмыстарды атқару кезінде кемінде 80 процентін құраса, басымдыққа ие болады. Мердігер жұмыстар бойынша конкурсқа қатысушы шетелдік ықтимал өнім берушілер де, егер мердігерлік жұмыстарды жүзеге асыру кезінде жергілікті (қазақстандық) еңбек, шикізат және өндіріс ресурстарын пайдалану құндық көрінісінде олардың құнының кемінде 80 процентін құраса, басымдыққа ие болады. Конкурстық комиссия мұндай конкурстық өтінімдердің бағасын шартты түрде белгілі бір процентке (10 проценттен аспайтын мөлшерде ұсынылады) кемітеді.
Тауар өндiрушiлер болып табылатын отандық ықтимал өнiм берушiлер, сондай-ақ шетелдік ықтимал өнім берушілерге басымдық беру шарттары және олардың конкурстық өтінімдерінің бағасын шартты кемітудің нақты проценті конкурстық құжаттамада көрсетілуі тиіс.
Ескерту. 60-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен; ҚР Үкіметінің 2000.07.27. № 1150 қаулысымен.
61. Егер конкурстық құжаттамада мұндай көзделсе, конкурстық комиссия отандық ықтимал өнім берушілердің тауар жеткізіліміне арналған конкурстық өтінімдерінің бағасын қарау және бағалау кезінде осындай тауарларды шет елден жеткізуді ұсынатын шетелдік ықтимал өнім берушілермен салыстырғанда Қазақстан Республикасы аумағында өндірілген тауарлар жеткізілген ретте салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу көрініс табатындай белгілі процентке шартты түрде кеміте алады.
62. Конкурстық өтінімдерді сан жағынан бағалау үшін конкурстық комиссия әрбір конкурстық өтінімнің бағасын және осы Нұсқаулықтың 56-61-тармақтарына сәйкес басқа элементтердің ықпалын ақшалай көріністе жинақтайды. Ең төмен жиынтық шартты бағасы бар конкурстық өтінім ұтқан болып есептеледі. Екі немесе бірнеше конкурстық өтінімдердің жиынтық шартты бағалары тең болған жағдайда отандық ықтимал өнiм берушi - тауар өндірушінің конкурстық өтінімiне, ондайлар жоқ болған жағдайда - сапалық және техникалық сипаттамасы неғұрлым жақсы тауар жеткізілімін ұсынатын немесе жұмыстарды (қызмет көрсетулерді) орындаудың неғұрлым жақсы шарттарын ұсынатын конкурстық өтінімге басымдық беріледі.
Ескерту. 62-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2000.07.27. № 1150 қаулысымен.
63. Осы Нұсқаулықтың 56, 58, 59-тармақтарына сәйкес анықталған басқа элементтердің конкурстық өтінімдердің бағасына жиынтық проценттік ықпалы 10 проценттен аспауы тиіс.
64. Ықтимал өнім берушілердің ешқайсысы да, осы Нұсқаулықтың 49, 50-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, конкурстық өтінімдерді ашқан кезден бастап конкурс жеңімпазын анықтаған кезге дейін өзінің конкурстық өтініміне қатысты қандай да бір мәселе бойынша конкурстық комиссия мүшелерімен және сарапшылармен келiссөз жүргiзбеуi тиіс.
ЕСКЕРТУ. 64-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
65. Қандай да бір ықтимал өнім берушінің тарапынан конкурстық өтінімдерді қараумен, бағалаумен және салыстырумен, конкурс жеңімпазын анықтаумен байланысты конкурстық комиссияның шешіміне ықпал етуге бағытталған кез келген әрекеті оның конкурстық өтінімін кері қайтарып алумен бірдей деп қаралады және оның конкурстық өтінімін қабылдамауға және конкурстық өтінімін қамтамасыз етуді ұстап қалуға әкеп соғады.
Конкурстық өтінімді мұндай қабылдамау және мұның себептері конкурс қорытындысы туралы хаттамада көрсетіледі және оны ұсынған ықтимал өнім берушіге дереу хабарланады.
66. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдер бар конверттерді ашқан күннен бастап 10 күннен аспайтын мерзімде конкурстың қортындысын шығарады.
67. Егер конкурсқа қатысуға үштен кем ықтимал өнім беруші конкурстық өтінім ұсынса, конкурстық комиссия конкурсты өткізілмеген деп таниды (жариялайды).
Конкурстық комиссия сондай-ақ барлық конкурстық өтiнiмдер қабылданбаған жағдайда, конкурсты өткiзiлмеген деп таниды (жариялайды).
Конкурсты өткізілмеген деп таныған жағдайда конкурсты ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімдер ұсынған барлық ықтимал өнім берушілерді конкурсты болмаған деп жариялауға себеп болған негіздерді көрсете отырып, бұл негіздер дұрыстығының дәлелдемелерін ұсынбай, жазбаша хабардар етеді.
Егер конкурстық комиссия конкурсты өткізілмеген деп таныса, онда
конкурсты ұйымдастырушы:
өзінің конкурстық құжаттамасының мазмұнын өзгертуге;
осы Нұсқаулыққа сәйкес қайтадан ашық конкурс өткізуге;
немесе, осы Нұсқаулықтың 7-тармағына сәйкес келісуге жатпайтын жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органның келісімімен:
жабық конкурс өткізуге;
екі кезеңдік рәсімді пайдаланып ашық немесе жабық конкурс өткізуге;
бір көзден мемлекеттік сатып алу тәсілін қолдануға құқылы.
ЕСКЕРТУ. 67-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
68. Конкурс қорытындысы хаттама түрінде ресімделеді. Конкурс қорытындысы туралы хаттама 10 қосымшаға сәйкес нұсқада жасалады және онда:
1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің қысқаша сипаттамасы;
2) конкурстық құжаттаманы алған ықтимал өнiм берушiлердiң атауы мен орналасқан жерi және конкурстық құжаттаманы алған уақыты;
3) конкурстық өтінімдер тапсырған ықтимал өнім берушілердің атауы мен орналасқан жері және конкурстық өтінімдердің тапсырылған күні, айы, жылы;
4) конкурстық құжаттаманы түсіндіру туралы сұранымдардың, оларға берілген жауаптардың жинақтап қорытылған жазбасы, сондай-ақ конкурстық құжаттамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың жинақтап қорытылған жазбасы;
5) ықтимал өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптары туралы
және конкурстық өтінімдер берген ықтимал өнім берушілердің біліктілік
мәліметтері туралы немесе мұндай мәліметтердің жоқ екендігі туралы ақпарат;
6) әрбір конкурстық өтінімнің басқа да негізгі шарттарының бағасы және қысқаша жазбасы;
7) конкурстық өтінімдерді бағалау мен салыстыру өлшемдерінің жазбасы;
8) қабылданбаған конкурстық өтінімдер туралы ақпарат, оларды қабылдамауға негіздер;
9) барлық конкурстық өтінім қабылданбаған жағдайда тиісті себептерді көрсету;
10) егер конкурс нәтижесінде конкурс жеңімпазы анықталмағанда немесе конкурс өткізілмеген деп танылғанда тиісті себептер мен негіздерді көрсету;
11) конкурс жеңімпазының атауы мен орналасқан жері және ол жеңімпаз деп танылған шарттар;
12) конкурс жеңімпазының ұсынысынан кейінгі артықшылық берілетін ықтимал өнім берушілердің (екеуге дейінгі) атауы мен орналасқан жері, олардың басымдылығының ретіне қарай;
13) конкурс жеңімпазы анықталған күннен бастап, сол мерзім ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалатын, 30 күннен аспайтын, мерзім;
14) консультанттарды, сарапшыларды тарту туралы ақпарат;
15) осы Нұсқаулықтың 16-тармағына сәйкес тек қана отандық ықтимал өнім берушілердің қатысуымен конкурс өткізілген жағдайда - мұндай шектеудің негіздемесі көрсетіледі.