Жекелеген отандық өндiрушiлердi қолдау мәселелерi Қазақстан
Республикасы Үкіметінiң 1998 ж. 13 тамыздағы № 763 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 21.12.98 ж. № 1303; 31.03.00 ж. № 485; 02.09.03 ж. № 890; 2005.09.03 ж. № 217
қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
Отандық өндiрушiлердi қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
ҚР Үкіметінің 21.12.98 ж. № 1303 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді
1. Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігі жүйелердің регламенттік сынақтарының нәтижелерін және тиісті кәсіпорындардың аталған шығындарды төмендету жөніндегі өткізетін шараларын есепке ала отырып, жылу энергиясын бөлу кезіндегі жылу шығындарының нормативтерiн қайта қарасын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгi мен Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігіне американ рыногындағы қазақстандық ферросилицийларға демпингке қарсы баждардың күшiн жою туралы хат дайындасын.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Су ресурстары жөніндегі комитетi Қаржы министрлігінiң Салық комитетiмен бiрлесiп, кәсiпорындарға арналған су жинауы лимитiнiң шегiнде қайтарылған суды пайдалану үшiн тарифтердiң ставкаларын төмендету туралы мәселенi қарасын және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына енгiзсiн.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Салық комитетi Батыс Қазақстан облысы бойынша Салық комитетiнiң заңды тұлғалардан табыс салығы бойынша негiзсiз алған 110722435 теңге соманы "Интергаз Орталық Азия" жабық акционерлік қоғамына заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы бойынша басқа салықтарды төлеу есебiне есептесiн.
ҚР Үкіметінің 31.03.00 ж. № 485 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді
5. Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөніндегі комитетi:
Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігімен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Кеден комитетiмен және "Акцепт" фирмасымен (келісім бойынша) бiрлесiп кеден декларацияларының электрондық көшiрмелерi үшiн ақы төлеудi төмендету туралы мәселенi қарасын;
Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігі бекiткен желiлердегi шығындардың жаңа нормативтерiн ескере отырып "Алматы Пауэр Консолидэйтед" жабық акционерлік қоғамы өндiретiн жылу энергиясына тарифтердiң деңгейiн қарасын;
Қырғыз айналма газ құбыры пайдалануға енгiзiлгеннен кейiн газды тасымалдауға арналған тарифте оның құрылысына салынған қаражатты қайтаруды ескерсiн.
6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі "Алматы Пауэр Консолидэйтед" жабық акционерлік қоғамының "Шетелдiк инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес сатып алу-сату шартын жасасу сәтiне дейiн қолданылған салықты есептеудiң кассалық әдiсiне көшуi мәселесiн шешсiн.
7. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Кеден комитетi:
"Полторацкое" жерасты газ қоймасының пломбасын алсын, 1998 жылы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетiн өзбек газының көлемiн декларациялауды "Орталық Азия Интергаз" жабық акционерлік қоғамы мен Өзкөлікгаздың арасында келісім-шартқа қол қойылғаннан кейiн жүргiзсiн.
8. Алматы облысының әкімі "Алматы Пауэр Консолидэйтед" жабық акционерлік қоғамына мемлекеттiң жер пайдалануға беретiн жерi үшiн ақы ставкасын 3 процент мөлшерiнде белгiлесiн.
ҚР Үкіметінің 02.09.03 ж. № 890 қаулысымен 9-тарамақ өзгертілді
9. Қазақстан Республикасының Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
1) "Мемлекеттiң жеке меншiкке сататын немесе жер пайдалануға беретiн жер үшiн ақы ставкаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 8 мамырдағы № 576 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 20, 174-құжат):
4-тармақта:
"3 проценттен төмен емес" деген сөздер "5 проценттен жоғары емес" деген сөздермен ауыстырылсын.
2) ҚР Үкіметінің 2005.09.03 ж. № 217 қаулысымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
10. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрi М.Қ.Әблязовқа жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi