3. Кепiлдегi акциялар бойынша дауыс беру кепiлдiк шартының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 21.05.02 ж. № 323-II Заңына сәйкес 57-бап өзгертілді
57-бап. Акционерлердiң сырттай дауыс беру арқылы қабылдайтын шешiмдерi
1. Қоғамның акционерлерi жалпы жиналысының шешiмдерi сырттай дауыс беру арқылы қабылдануы мүмкiн. Сырттай дауыс беру жиналысқа қатысқан акционерлердiң қатысып дауыс беруiмен (аралас дауыс беру) бiрге не жалпы жиналыстың отырысын өткiзбестен қолданылуы мүмкiн.
2. Сырттай дауыс беру жүргiзiлген кезде дауыс беру бюллетеньдерi осы Заңның 51-бабының 1-тармағына сәйкес жасалған акционерлер тiзiлiмiне енгiзiлген адамдарға жiберiледi (таратылады). Қоғамның акцияларын ұстаушылар тiзiлiмiнде тiркелген тұлға акциялардың атаулы ұстаушысы болып табылған жағдайда, бұл атаулы ұстаушылардың клиенттерiнiң дауыс беруi үшiн бюллетеньдер жiберу бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда немесе тiзiлiм ұстаушылар мен оны атаулы ұстаушылар арасындағы шартта белгiленген тәртiп пен мерзiмде жүзеге асырылады.
Дауыс беруге арналған бюллетень алушыға акционерлердiң жалпы жиналысының отырысы өткiзiлген күнге дейiн не акционерлердiң жалпы жиналысының отырысын өткiзбей сырттай дауыс беру үшiн дауыстарды санау күнiне дейiн кемiнде қырық бес күн бұрын жiберiлуi тиiс. Қоғамның жалпы жиналыста дауыс беру нәтижелерiне ықпал ету мақсатымен дауыс беру бюллетеньдерiн жекелеген акционерлерге талғап жiберуге құқығы жоқ. Сырттай дауыс беру арқылы қабылдауға жол берiлмейтiн мәселелердi шешу қоғамының жарғысында айқындалады.
2-1. Он мыңнан астам акционерлерi бар қоғамдар, сондай-ақ инвестициялық жекешелендiру қорлары және инвестициялық жекешелендiру қорлары қайта ұйымдастыру жолымен құрылған қоғамдар осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімде кемінде қырық мың дана таралыммен шығарылатын республикалық баспа басылымдарында сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді таратуға құқылы.
3. Сырттай дауыс беру кезiнде мынадай талаптар сақталуы тиiс.
1) күн тәртiбіндегі мәселелер бойынша шешiмдер қабылдау үшiн бiрыңғай нысандағы бюллетень пайдаланылуға тиiс;
2) дауыс беруге арналған бюллетеньде:
а) қоғамның атауы;
б) сырттай беруге арналған бюллетеньдердi табыс етудiң түпкiлiктi күнi;
в) шақырылған жағдайда, жиналыс өткiзiлетiн күн не жалпы жиналыстың отырысы өткiзiлмеген жағдайда дауыстарды санау күнi;
г) талқылауға енгiзiлген мәселелердiң тұжырымдамасы;
д) "Иә", "Қарсы", "Қалыс қалды" деген сөздермен бiлдiрiлген, дауысқа қойылған әрбiр мәселе бойынша дауыс берудiң нұсқаулары көрсетiлуге тиiс.
3) қоғам органдарының мүшелерiн сайлау мәселелерi бойынша дауыс беру кезiнде бюллетеньде үмiткерлердiң аты-жөнi көрсетiлуi тиiс.
Дауыс беру бюллетенiнде дауыс беру тәртібінiң түсiндiрмесi болу тиiс.
Дауыс берген кезде дауыс берушiлерге дауыс берудiң ықтимал бiр ғана нұсқасы қалдырылған мәселелер бойынша дауыстар ескерiледi.
Дауыс берушiнiң немесе дауыс берушi заңды тұлға басшысының немесе оның орнындағы адамның қолы қойылмаған, сондай-ақ заңды тұлға - акционердiң мөрi басылмаған бюллетень жарамсыз деп саналады.
4. Сырттай дауыс берудiң тәртібі қоғамның жарғысында осы Заңның талаптарына сәйкес көрсетiлуi тиiс.
5. Жалпы жиналысқа қатысушыларды тiркеу кезiнде не жалпы жиналыс отырысы өткiзiлмей шешiм қабылданғанда дауыстарды санау күнiне қарай қоғам алған бюллетеньдер дауыс беруге қатыстырылады.
6. Сырттай дауыс беру нысанында қабылданған шешiмдер акционерлердiң жалпы жиналысын өткізу үшiн қажеттi кворум сақталғанда заңды болып табылады.
7. Акционерлерiнiң саны бес жүз және одан да көп қоғамдағы сырттай дауыс берудiң нәтижелерi баспасөз басылымында отыз күннен кешiктiрiлмей жариялануға тиiс.
58-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысында дауыс беру
Акционерлердiң жалпы жиналысында дауыс беру, қоғамның директорлар кеңесiнiң, атқарушы органның (басқарманың) және тексеру комиссиясының мүшелерiн сайлау бойынша өткiзiлетiн кумулятивтi дауыс берудi қоспағанда, "қоғамның бiр акциясы - бiр дауыс" принципi бойынша жүзеге асырылады.
Жалпы дауыс беру ашық тәсiлмен және бюллетень бойынша жабық дауыс беру арқылы өткiзiлуi мүмкiн.
59-бап. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама
1. Дауыс беру қорытындылары бойынша есеп комиссиясы немесе акционерлердiң жалпы жиналысындағы дауыстарды есептеудi жүзеге асыруға уәкiлдiк берiлген адам дауыс берудiң қорытындылары туралы хаттама жасайды және оған қол қояды.
2. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасалғаннан және акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасына қол қойылғаннан кейiн дауыс беруге арналған бюллетеньдер сүргiленедi және қоғамның архивiне сақтауға тапсырылады.
3. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасына қоса тiркелуге тиiс.
4. Өтуi барысында дауыс беру жүргiзiлген акционерлердiң жалпы жиналысында дауыс берудiң қорытындылары жария етiледi және акционерлердiң жиналысы жабылғаннан кейiн баспасөз басылымында дауыс беру қорытындылары туралы есептi жариялау арқылы акционерлердiң назарына жеткiзiледi.
60-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасы
1. Акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасы акционерлердiң жалпы жиналысы жабылғаннан кейiн үш күннен кешiктiрiлмей ресiмделедi.
2. Акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасында:
1) қоғамның толық атауы мен орналасқан жерi;
2) акционерлердiң жалпы жиналысын өткізу орны мен уақыты;
3) жалпы жиналыстың күн тәртібі;
4) жалпы жиналыстың кворумы;
5) жалпы жиналыста дауыс беру тәртібі;
6) акционерлердiң жалпы жиналысының күн тәртiбіндегі дауысқа қойылған әрбiр мәселе бойынша дауыстың жалпы саны;
7) жалпы жиналыстың төрағасы (төралқасы) және хатшысы;
8) жалпы жиналысқа қатысқан адамдардың сөйлеген сөздерi;
9) дауыс беруге қойылған мәселелер, олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
10) акционерлердiң жалпы жиналысы қабылдаған шешiмдер көрсетiлуi керек.
3. Хаттама жалпы жиналыстың төрағасы, хатшысы, жалпы жиналысқа қатысқан және дауыс беретiн акциялардың бес және одан да көп процентiн иеленген акционерлер, есеп комиссиясының мүшелерi немесе жалпы жиналыста дауыстарды есептеудi жүзеге асыруға уәкiлеттi адам қол қояды. Хаттамаға қол қоюға мiндеттi адамның қол қоюға мүмкiндiгi болмаған жағдайда, хаттамаға өзiне берiлген сенiмхат негiзiнде оның өкiлi қол қояды.
4. Барлық жалпы жиналыстың хаттамалары қоғамның атқарушы органында сақталатын хаттамалар кiтабына тiгiледi және кез келген уақытта кез келген акционерге танысу үшiн берiлуге тиiс. Акционерлердiң талап етуi бойынша оларға хаттамалар кiтабынан куәландырылған көшiрмелер берiледi.
ҚР 21.05.02 ж. № 323-II Заңына сәйкес 61-бап өзгертілді
61-бап. Қоғамның директорлар кеңесi
1. Директорлар кеңесi - қоғамның осы Заңмен және қоғамның жарғысымен акционерлік қоғамның жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi қоспағанда, қоғамның қызметiне жалпы басшылық жасауды жүзеге асыратын орган. Директорлар кеңесiнiң шешiмi осы тарауда белгiленген тәртiппен қабылданады.
2. Акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерiне өздерiнiң мiндеттерiн атқарған кезеңде сыйақы төленедi және (немесе) олардың қоғамның директорлар кеңесiнiң мемлекеттік қызметшi болып табылмайтын мүшелерi мiндеттерiн атқаруға байланысты шығындары өтеледi. Мұндай сыйақылар мен өтемақылардың мөлшерi акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмiмен белгiленедi.
ҚР 21.05.02 ж. № 323-II Заңына сәйкес 62-бап өзгертілді
62-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң құзыретi
1. Қоғамның жарғысында белгiленген шектерде қоғамның директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне мынадай мәселелер жатады:
1) қоғам қызметiнiң басым бағыттарын айқындау;
2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғам акционерлерiнiң жылдық және кезектен тыс жалпы жиналыстарын шақыру туралы шешiм қабылдау;
3) акционерлердiң жалпы жиналысының отырысын өткiзбестен сырттай дауыс берудi жүргiзу кезiнде есеп комиссиясын құру;
4) акционерлердiң жалпы жиналысының күн тәртібін бекіту;
5) жалпы жиналысқа қатысуға құқығы бар акционерлердiң тiзiмiн жасау күнiн айқындау және акционерлердiң жалпы жиналыстарын әзiрлеу мен өткізуге байланысты басқа да мәселелер;
6) осы Заңда көзделген мәселелердi акционерлердiң жалпы жиналысының шешуiне ұсыну;
7) қоғамның шығарылған (төленген) капиталының мөлшерiн азайту туралы және қоғам шығарған акцияларды, облигациялар мен өзге де бағалы қағаздарды осы Заңда және өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларда сатып алу туралы шешiм қабылдау;
8) егер қоғамның жарғысында бұл мәселелер акционерлердiң жалпы жиналысының құзыретiне жатқызылмаған болса, қоғамның атқарушы органын сайлау және оның өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, оған төленетiн сыйақылар мен өтемақылардың мөлшерiн белгiлеу;
9) қоғамның тексеру комиссиясының мүшелерiне (тексерушiге) төленетiн сыйақылардың мөлшерiн белгiлеу және тәуелсiз аудитордың қызметiне ақы төлеудiң мөлшерiн белгiлеу;
10) тоқсандық және жартыжылдық қорытындылар бойынша дивидендтер төлеудiң мөлшерi, көздерi мен тәртібі туралы шешiм қабылдау;
11) таза табысты, резервтiк капитал мен қоғамның өзге қорларының қаражатын пайдаланудың тәртібін айқындау;
12) қоғам қызметiнiң тәртібін айқындайтын қоғамның iшкi құжаттарын бекіту;
13) қоғамның филиалдары мен өкiлдiктерiн құру туралы шешiм қабылдау;
14) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның басқа ұйымдар құруға және олардың қызметтерiне қатысуы туралы шешiмдер қабылдау;
15) осы Заңда белгiленген тәртiппен iрi мәмiлелер жасау туралы шешiмдер қабылдау;
16) тәуелсiз тiркеушiмен жасалған шартты бекіту;
17) құпия сипаттағы және қоғамның коммерциялық құпиясын құрайтын ақпаратты белгiлейдi;
18) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген, оның акционерлерiнiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатпайтын өзге де мәселелер.
2. Қоғамның директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоғамның атқарушы органының шешуiне беруге болмайды.
3. Директорлар кеңесі өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша директорлар кеңесінің құрамындағы кемінде үштен бір бөлігін құрайтын мүшелерiнiң талап етуiмен қоғамның қаражаты есебінен тәуелсіз сарапшылар, консультанттар тартуға мiндеттi.
ҚР 15.12.99 ж. № 497-1 Заңына сәйкес 63-бап өзгертілді; ҚР 21.05.02 ж. № 323-II Заңына сәйкес 63-бап өзгертілді
63-бап. Қоғамның директорлар кеңесiн сайлау
1. Қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерi акционерлердiң жылдық жиналысында сайланады осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген тәртiппен қоғамның директорлар кеңесiнiң бұрынғы сайланған мүшелерiнiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда жалпы жиналыста қайта сайланады.
Қоғамның акционері болып табылмайтын және акционердің - заңды тұлғаның мүдделерін білдіруші ретінде директорлар кеңесіне сайлануға ұсынылмаған (ұсыным жасалмаған) жеке тұлға (бұдан әрі - сыртқы тұлға) директорлар кеңесінің мүшесі болып сайлануы мүмкін. Сыртқы тұлғалардың саны директорлар кеңесі құрамының отыз процентінен аспауға тиіс.
Заңды тұлға қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшесi бола алмайды.
2. Ашық қоғам басқармасының төрағасынан басқа оның мүшелерi қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерi бола алмайды. Атқарушы органның функциясын жалғыз өзi жүзеге асыратын тұлға және басқарманың төрағасы бiр мезгiлде ашық қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы бола алмайды.
3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң құрамына сайланған тұлғаларға қойылатын талаптар қоғамның жарғысымен немесе акционерлердiң жалпы жиналысында бекітілген iшкi құжатпен белгiленуi мүмкiн.
Халықтық қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң кемiнде елу процентi тәуелсiз директорлар болуы тиiс.
4. Қоғамның директорлар кеңесiнiң сандық құрамы қоғамның жарғысымен немесе акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмiмен осы Заңның талаптарына сәйкес айқындалады.
Ашық қоғам үшiн қоғамның директорлар кеңесiнiң сандық құрамы үш мүшеден кем, ал халықтық қоғам үшiн - бес мүшеден кем болмайды.
5. Қоғамның барлық дауыс беретiн акцияларын иеленетін жалғыз акционерi бар қоғамдарды қоспағанда, ашық қоғам директорлар кеңесiнiң мүшелерiн сайлау кумулятивтi дауыс берумен жүзеге асырылады. Акционер өзiне тиесiлi акциялар бойынша дауыстарын қоғамның директорлар кеңесiне мүшелiкке бiр кандидат үшiн толық беруге немесе бiрнеше кандидат арасында бөлуге хақылы. Неғұрлым көп дауыс санын алған кандидаттар қоғамның директорлар кеңесiне сайланған болып саналады.
Жабық қоғамның жарғысында сонымен қатар қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерiн сайлау кезiнде кумулятивтi дауыс берудi жүргiзу мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.
64-бап. Қоғамның директорлар кеңесi мүшесiнiң өкiлеттiк мерзiмi
1. Егер қолданылып жүрген заңға қайшы болмаса және қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесiнiң құрамына сайланған тұлғалар шектеусiз сан мәрте қайтадан сайлана алады.
2. Акционерлер жалпы жиналысының шешiмi бойынша қоғамның директорлар кеңесiнiң кез келген мүшесiнiң (барлық мүшесiнiң) өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын кез келген негiзде тоқтатылуы мүмкiн. Қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерi кумулятивтi дауыс берумен сайланған жағдайда акционерлердiң жалпы жиналысының өкiлеттiктi мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiмi тек қоғамның директорлар кеңесiнiң барлық мүшелерiне қатысты ғана қабылдануы мүмкiн.
3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң бұрынғы мүшесiнiң өкiлеттiк мерзiмi қоғамның директорлар кеңесiнiң жаңа мүшесiн сайлау жүргiзiлетiн акционерлердiң жалпы жиналысын өткізу кезiнде аяқталады.
Қоғамның директорлар кеңесi мүшесiнiң өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанына қарамастан ол қоғамның директорлар кеңесiнiң жаңа мүшесi қызметке нақты кiрiскенге дейiн немесе қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң санын қысқарту жүргiзiлген кезге дейiн өзiнiң мiндеттерiн атқаруды жалғастыра бередi.
4. Қоғамның директорлар кеңесiнiң бос тұрған қызметтi атқару үшiн сайланған мүшесi өзiнiң алдында болған мүшенiң қалған өкiлеттiк мерзiмiне сайланады.
65-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшесi өкiлеттiгiнiң тоқтатылуы
1. Қоғамның директорлар кеңесi мүшесiнiң өкiлеттiгi оның бастамасы бойынша кез келген уақытта қоғамның директорлар кеңесiнiң жазбаша хабарламасы арқылы жүзеге асырылады.
2. Егер хабарламада алты айдан аспайтын неғұрлым кеш мерзiм көрсетiлмесе, қоғамның директорлар кеңесi мүшесiнiң өкiлеттiгi қоғамның директорлар кеңесi жазбаша хабарлама алынған кезден бастап тоқтатылады және бұл мерзiм қоғамның директорлар кеңесiнiң қалған мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады.
66-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы
1. Қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы, егер қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мүшелерiнiң арасынан қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен сайланады.
Қоғамның директорлар кеңесi өзiнiң төрағасын, егер қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен кез келген уақытта қайтадан сайлауға хақылы.
2. Төраға қоғамның директорлар кеңесiнiң жұмысын ұйымдастырады, қоғамның директорлар кеңесiнiң отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етедi, осы Заңмен және қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен отырыстарда хаттама жүргiзiлуiн ұйымдастырады.
3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы болмаған жағдайда, оның функциясын қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша директорлар кеңесi мүшелерiнiң бiрi жүзеге асырады.
ҚР 21.05.02 ж. № 323-II Заңына сәйкес 67-бап өзгертілді
67-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысы
туралы хабарлама жасау
1. Қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерiне және алтын акцияның иесіне, егер жарғыда өзгеше көзделмесе, қоғамның директорлар кеңесiнiң алдағы болатын отырысының күнi, уақыты, орны және отырыстың күн тәртібі көрсетiлiп, жазбаша хабарлама жiберiледi.
2. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысын өткізу туралы хабарлама, егер жарғыда өзге мерзiм көзделмесе, отырыс шақырылғанға дейiн үш күннен кешiктiрiлмей жiберiледi.
3. Директорлар кеңесiнiң мүшесi кеңестiң отырысына қатысуға келе алмауы туралы қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасын немесе оны ауыстыратын директорлар кеңесiнiң мүшесiн алдын ал хабардар етуге мiндеттi.
68-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысы
1. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысын директорлар кеңесiнiң төрағасы өзiнiң бастамасы бойынша, директорлар кеңесi кез келген мүшесiнiң, қоғамның тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) немесе қоғамның тәуелсiз аудиторының, қоғамның атқарушы органының, сондай-ақ қоғамның дауыс беретiн акцияларының жиынтығында он проценттен көбiн жеке өзi немесе басқа акционерлермен бiрге иеленген қоғам акционерлерiнiң талап етуi бойынша шақырады. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысын шақыру мен өткізу тәртібі қоғамның жарғысымен немесе қоғамның iшкi құжатымен айқындалады. Қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмiн сырттай дауыс беру арқылы қабылдау мүмкiндiгi қоғамның жарғысында көзделуi мүмкiн.
2. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысын өткізуге арналған кворум қоғамның жарғысымен айқындалады, бiрақ қоғамның директорлар кеңесiне сайланған мүшелер санының жартысынан кем болмауға тиiс. Қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң саны қоғамның жарғысында көзделген санның жартысынан аз болған жағдайда, қоғамның директорлар кеңесiнiң жаңа құрамын сайлау үшiн қоғам акционерлердiң кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға мiндеттi. Қоғамның директорлар кеңесiнiң қалған мүшелерi тек қана қоғам акционерлерiнiң осындай кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешiм қабылдауға хақылы.
Аталған кезеңде қоғамның директорлар кеңесi қоғам қызметiнiң қоғамның жарғысымен айқындалған төтенше мәселелер бойынша шешiмдердi, оларды кейiннен қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында бекiте отырып қабылдауға хақылы. Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы директорлар кеңесiнiң төтенше мәселелер жөніндегі шешiмiмен келiспеген жағдайда, директорлар кеңесiнiң мұндай шешiмiнiң күшi жоқ болып саналады.
3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысында шешiмдер, егер осы Заңда және жарғыда өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесiнiң қатысып отырған мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысындағы мәселелердi шешуде қоғамның директорлар кеңесiнiң әрбiр мүшесiнiң бiр дауысы болады.
Қоғамның директорлар кеңесiнiң бiр мүшесiнiң дауысын қоғамның директорлар кеңесiнiң екiншi мүшесiне беруге тыйым салынады.
Шешiм қабылдаған ретте қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң дауыстары тең болатын жағдайда, қоғамның жарғысымен қоғамның директорлар кеңесi төрағасының шешушi дауыс құқығы көзделуi мүмкiн.
4. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысында хаттама жүргiзiледi. Қоғамның директорлар кеңесi отырысының хаттамасы оны өткiзгеннен кейiн үш күннен кешiктiрiлмей жасалады және оған төрағалық етушi мен хатшы қол қояды.
Отырыстың хаттамасында:
1) акционерлік қоғамның толық атауы және орналасқан жерi;
2) отырысты өткiзген орын және уақыт;
3) отырысқа қатысқан адамдар;
4) отырыстың күн тәртібі;
5) дауысқа салынған мәселелер және олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
6) қабылданған шешiмдер көрсетiледi.
69-бап. Қоғамның атқарушы органы
1. Ағымдағы қызметке басшылық жасауды қоғамның атқарушы органы жүзеге асырады. Қоғамның атқарушы органы алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкiн.
2. Қоғамның атқарушы органы қоғам акционерлерi жалпы жиналысының және директорлар кеңесiнiң шешiмдерiн орындайды.
Қоғамның атқарушы органы қоғамның атынан iс-қимыл жасайды, оның iшiнде оның мүддесiн бiлдiредi, қоғамның атынан осы Заңда және қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен мәмiлелер жасайды, штатты бекiтедi, шешiмдер (қаулылар) (атқарушы органның қызметiн жеке өзi атқаратын адам - бұйрықтар және өкiмдер) шығарады және қоғамның барлық қызметкерлерiнiң орындалуы үшiн мiндеттi нұсқаулар бередi.
3. Қоғамның атқарушы органын құру, оның өкiлеттiгi, сондай-ақ оның өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
Қоғамның акционерлерi және оның акционерлерi болып табылмайтын қызметкерлерi алқалы атқарушы органның мүшелерi бола алады.
Атқарушы орган мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi осы Заңмен, өзге де заң актілерімен, қоғамның жарғысымен, сондай-ақ олардың әрқайсысының қоғаммен жасасқан еңбек келісім-шартымен айқындалады. Келісім-шартқа қоғамның атынан қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы немесе қоғамның директорлар кеңесi уәкiлеттiк берген тұлға қол қояды.
Қоғам мен қоғамның атқарушы органының мүшелерi арасындағы қатынастарға еңбек туралы заңдардың осы Заңның ережелерiмен реттелмеген бөлiгi қолданылады.
4. Қоғамның атқарушы органының мүшесiне басқа ұйымдарда немесе басқа ұйымдардың органдарында лауазым атқаруға тек қоғамның директорлар кеңесiнiң келісімiмен рұқсат етiледi.
70-бап. Қоғамның атқарушы органының құзыретi
1. Қоғамның атқарушы органының құзыретiне осы Заңмен, қоғамның жарғысымен немесе ережелерiмен және жалпы жиналысы мен қоғамның директорлар кеңесi қабылдаған өзге де құжаттармен айқындалған жалпы жиналыстың немесе директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатпайтын, қоғам қызметiн қамтамасыз етудiң барлық мәселелерi жатады.
2. Қоғам, оның атқарушы органы қоғам белгiленген шектеулердi бұзып жасаған мәмiленiң жарамдылығын, егер мәмiленi жасау кезiнде тараптардың мұндай шектеулер туралы бiлгендiгiн дәлелдесе, даулауға хақылы.
71-бап. Алқалы атқарушы орган
1. Алқалы атқарушы органды директорлар кеңесi қоғамның жарғысында айқындалған санда және мерзiмге сайлайды.
2. Қоғамның алқалы атқарушы органының төрағасын, егер қоғамның жарғысында оны алқалы атқарушы органның өзi сайлайтындығы көзделмесе, қоғамның директорлар кеңесi сайлайды.
3. Қоғамның алқалы органы қызметiнiң және оның шешiмдер қабылдау тәртібі қоғамның жарғысымен айқындалады.
ҚР 21.05.02 ж. № 323-II Заңына сәйкес 72-бап өзгертілді
72-бап. Қоғамның атқарушы органы басшысының өкiлеттiгi
1. Қоғамның атқарушы органының басшысы (басқарма төрағасы немесе атқарушы органның қызметiн жеке-дара атқарушы тұлға):
1) үшiншi тұлғалармен қатынаста қоғамның атынан сенiмхатсыз iс-қимыл жасайды;
2) қоғамның мүддесiн бiлдiру құқығына сенiмхат бередi;
3) қоғамның қызметкерлерiн қызметке тағайындау туралы, оларды қызметтен ауыстыру және босату туралы бұйрықтар шығарады, еңбекке ақы төлеу жүйесiн айқындайды, лауазымдық жалақылардың және жеке үстемеақылардың мөлшерiн белгiлейдi, сыйлықақылар беру мәселелерiн шешедi, көтермелеу шараларын қабылдайды және тәртiптiк жазалар қолданады;
4) осы Заңға және қоғамның Жарғысына сәйкес осы органдардың айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоспағанда, акционерлердiң жалпы жиналысы немесе директорлар кеңесi берген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Қоғамның атқарушы органының басшысы қызметiнiң және оның шешiмдер қабылдауының тәртібі қоғамның жарғысымен айқындалады.
Атқарушы органның басшысы немесе оның атынан және оның тапсыруымен әрекет ететiн адам, қоғамның атқарушы органы қабылдайтын шешiмдердi өздерiне қатысты вето құқығы белгiленген мәселелер бойынша "алтын акция" иесiмен келiсуге мiндеттi.