3) егер өндiрiп алушы шешiмiнiң орындалуы кезiнде борышкердiң сатылмаған мүлкiн алудан бас тартса;
4) егер борышкер өндiрiп алушы көрсеткен мекен-жайда тұрмайтын немесе жұмыс iстемейтiн болса не сол жерде оның мүлкi жоқ болса;
5) егер сот борышкерге қатысты iздеу жарияласа, өндiрiп алушыға қайтарылады.
2. Атқару құжатын өндiрiп алушыға қайтару заңда белгiленген атқарудың ескiруi мерзiмiнiң шегiнде осы құжатты орындауға қайталап ұсынуға кедергi болмайды.
3. Мемлекет өндіріп алушы болып табылатын атқару құжаты сотқа қайтарылады.
22-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру немесе тоқтату, атқару құжатын өндiрiп алушыға қайтару немесе оны тарату комиссиясына жiберу туралы мәселелердi қарау
1. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқару құжатын қайтару немесе оны тарату комиссиясына жiберу туралы мәселелердi сот орындаушысы қарайды. Бұл жөнiнде атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдарға хабарланады, алайда олардың келмей қалуы аталған мәселелердi шешуге кедергi болмайды.
2. Сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқару құжатын қайтару немесе оны тарату комиссиясына жiберу туралы қаулы шығарады, оны аға сот орындаушысы бекiтуге тиiс.
3. Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқару құжатын қайтару немесе оны тарату комиссиясына жiберу туралы қаулысына өндiрiп алушы сотқа шағымдана алады.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 23-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
23-бап. Орындалуға тиiстi атқару құжатын түсiндiру
Атқару құжаты түсiнiксiз болған жағдайда оны орындауға алған сот орындаушысы, сондай-ақ өндiрiп алушы немесе борышкер атқару құжатын бергенде негiзге алынған шешiмдi немесе қаулыны түсiндiру үшiн сотқа немесе атқару құжатын берген органға жүгiнуге хақылы.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
24-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын жер
1. Атқарушылық әрекеттердi борышкердiң тұрғылықты жерi бойынша немесе жұмыс орны бойынша не оның мүлкi тұрған жер бойынша сот орындаушысы жүргiзедi. Егер заңды тұлға борышкер болса, орындау оның органы немесе мүлкi орналасқан жерде жүргiзiледi.
2. Борышкерге белгiлi бiр әрекеттер жасауға мiндеттейтiн атқару құжаттарын орындауды осындай әрекеттер жасалатын жердегi сот орындаушысы жүргiзедi.
3. Егер атқару құжатын орындау процесiнде борышкер басқа жерге кетiп қалса және борышкердiң бұрынғы тұрған жерiнде өндiрiп алынатын мүлiк қалмаса, сот орындаушысы бұл жөнiнде дереу акт жасайды және атқару құжатын борышкердiң жаңа тұрғылықты жерi, оның жаңа жұмыс орны, жаңа орналасқан жерi бойынша не борышкер мүлкiнiң жаңа тұрған жерi бойынша сот орындаушысына үш күннен кешiктiрмей жiберiп, бұл жөнiнде өндiрiп алушыға хабарлайды.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
25-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын уақыт
1. Атқарушылық әрекеттер жұмыс күндерiнде 6.00 сағаттан 22.00 сағатқа дейiн жасалады. Атқарушылық әрекеттердi осы шекте жасаудың нақты уақытын сот орындаушысы белгiлейдi. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы тараптар атқарушылық әрекеттер жасаудың өздерiне қолайлы уақытын ұсынуға хақылы.
2. Демалыс және мереке күндерiнде, сондай-ақ түнгi уақытта атқарушылық әрекеттерге кейiнге қалдыруға болмайтын немесе оларды борышкердiң кiнәсiнен басқа күндерде және осы Заңда белгiленген уақытта жасау мүмкiн болмаған жағдайларда ғана жол берiледi.
26-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар
1. Тараптар және олардың өкiлдерi атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар деп танылады. Өкiлдiң өкiлеттiгi заңдарда көзделген талаптарға сәйкес ресiмделедi.
2. Қажет болған жағдайларда соттар мен басқа да органдардың қаулыларын бұлжытпай орындауды қамтамасыз ету үшiн сот приставы тартылады. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тарту заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
27-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi тараптар
1. Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы тараптар болып табылады.
2. Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқару құжаты берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы болып табылады.
3. Атқару құжатында көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.
4. Атқарушылық iс жүргiзуге бiрнеше өндiрiп алушы немесе борышкер қатыса алады. Басқа тарапқа қатысты олардың әрқайсысы атқарушылық iс жүрiзуге дербес қатысады немесе қатысушылардың бiрiне атқарушылық әрекеттерге қатысуды тапсыра алады, бұған атқару құжаты бойынша борышкерге оның өзi ғана жасай алатын мiндеттер (жеке мiндеттер) жүктеген жағдайлар қосылмайды.
28-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартуын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне немесе шешiмдерiне шағым жасауға хақылы.
2. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар өздерiне берiлген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдардың талаптарын орындауға мiндеттi.
2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 28-1-баппен толықтырылды
28-1-бап. Атқарушылық іс жүргізудегі құқықтық мұрагерлік
Борышкер қатардан шыққан (азамат қайтыс болған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, талаптан бас тартылған, борыш ауысқан) жағдайда сот орындаушысы шешім шығарған сотқа борышкерді оның құқықтық мұрагерімен ауыстыру туралы ұйғарым шығару жөнінде ұсыныс жіберуге құқылы. Құқықтық мұрагер үшін ол атқарушылық іс жүргізуге кіріскенге дейін жасалған барлық іс-әрекеттер борышкер үшін міндетті болатындай дәрежеде міндетті болады.
2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 28-2-баппен толықтырылды
28-2-бап. Атқарушылық іс жүргізуге тараптар өкілдерінің
қатысуы
1. Жеке тұлғалар атқарушылық іс жүргізуге дербес немесе өкілдері арқылы қатыса алады. Атқарушылық іс жүргізуге жеке тұлғаның өзінің қатысуы оны өз өкілі болуы құқығынан айырмайды. Егер атқару құжаты бойынша борышкерге оның өзі ғана орындай алатын міндеттер жүктелсе, онда борышкер оларды орындау кезінде өкіл арқылы әрекет етуге құқылы емес.
2. Ұйымдардың атқарушылық іс жүргізуге қатысуы олардың өздеріне заңмен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен және құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін органдары не аталған органдардың өкілдері арқылы жүзеге асырылады.
Ұйым атынан өкілдік ететін адамдардың өз лауазымдық жағдайлары мен өкілеттіктерін растайтын құжаттары болуға тиіс.
3. Өкілдің өкілеттіктері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген және ресімделген сенімхатпен куәландырылады.
2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 28-3-баппен толықтырылды
28-3-бап. Өкілдің өкілеттіктерi
1. Атқарушылық іс жүргізуге қатысатын өкіл атқарушылық іс жүргізумен байланысты барлық іс-әрекеттерді өкілдік берушінің атынан жасауға құқылы.
2. Өкілдік беруші беретін сенімхатта өкілдің мынадай іс-әрекеттер жасауға:
1) атқару құжатын ұсынуға және кері қайтарып алуға;
2) өкілеттіктерді басқа тұлғаға беруге (қайта сенім білдіруге);
3) сот орындаушысының іс-әрекеттеріне шағым жасауға;
4) ұйғарылған мүлікті (соның ішінде ақшаны) алуға;
5) бітімгершілік келісім жасасуға өкілеттіктері арнайы ескертілуге тиіс.
2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 28-4-баппен толықтырылды
28-4-бап. Өкіл бола алмайтын адамдар
1. Он сегіз жасқа толмаған немесе қорғаншылықта не қамқоршылықта болатын адамдар атқарушылық іс жүргізуде өкіл бола алмайды.
2. Судьялар, тергеушілер, прокурорлар, өкілді органдардың депутаттары, атқарушылық іс жүргізу органдарының және сот аппаратының қызметкерлері, тиісті ұйымдардың уәкілі немесе заңды өкілдері ретінде атқарушылық іс жүргізуге олардың қатысу жағдайларын қоспағанда, атқарушылық іс жүргізуде өкіл бола алмайды.
Адам, егер мүдделері өзі өкілдік ететін адамның мүдделеріне қайшы келетін адамдарға осы іс бойынша заң көмегін көрсетіп жатса немесе бұрын көрсеткен болса, сондай-ақ егер ол атқарушылық іс жүргізу органының қызметкерімен туыстық қатынаста болса, өкіл бола алмайды.
2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 28-5-баппен толықтырылды
28-5-бап. Заңды өкілдер
1. Атқарушылық іс жүргізуде кәмелетке толмаған адамдардың, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін заңды өкілдері - олардың ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары немесе қамқоршылары қорғайды, олар өз өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарын табыс етеді.
Заңды өкілдер іс-әрекет жасау құқығына заңда көзделген шектеулері бар өкілдік берушіге тиесілі барлық сондай іс-әрекеттерді өкілдік берушінің атынан жасайды.
2. Сот хабарсыз кетті деп таныған адам қатысатын атқарушылық іс жүргізуге оның өкілі ретінде, хабарсыз кеткеннің мүлкі басқаруға берілген және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен өкіл ретінде тағайындалған адамдар қатысады.
3. Қайтыс болған немесе қайтыс болды деп белгіленген тәртіппен жарияланған адамның мұрагері қатысуға тиіс атқарушылық іс жүргізу бойынша, егер мұраны әлі ешкім қабылдамаған болса, өсиетті орындаушы немесе мұраны сенімгерлікпен басқарушы мұрагердің өкілі ретінде қатысады.
4. Заңды өкілдер атқарушылық іс жүргізуге қатысуды өздері өкіл ретінде таңдап алған басқа тұлғаға тапсыруы мүмкін.
29-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге тiлмаштың қатысуы
1. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде өз бастамасы бойынша немесе сот орындаушысының ұсынысы бойынша тiлмаш шақыруы мүмкiн. Кәмелетке толған, әрекетке қабiлеттi, iске мүдделi емес, атқару әрекеттерiн жүргiзу үшiн қажеттi дәрежеде тiл меңгерген кез-келген адам тiлмаш бола алады.
2. Тiлмаштың өз еңбегi үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Оған төленген сыйақы атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
30-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге айғақ адамдардың қатысуы
1. Атқарушылық әрекеттер кемiнде екi айғақ адамның қатысуымен жасалуы мүмкiн.
2. Мынадай жағдайларда:
1) өндiрiп алушының немесе борышкердiң талабы бойынша;
2) үйге орналастыру және үйден шығару туралы шешiмдердi, борышкердiң мүлкiн пайдалануға тыйым салуға, алып қоюға және беруге, оның тұрғын үйiн, үй-жайлары мен қоймаларын ашуға, тексеру жүргiзуге байланысты әрекеттердi орындау кезiнде, сондай-ақ заңдарда көзделген өзге де жағдайларда айғақ адамдардың қатысуы мiндеттi.
Өзге жағдайларда айғақ адамдар сот орындаушысының бастамасы бойынша қатысуы мүмкiн.
3. Кәмелетке толған, әрекетке қабiлеттi, атқарушылық әрекеттердiң нәтижесiне мүдделi емес кез келген азаматтар айғақ адамдар ретiнде шақырылуы мүмкiн.
4. Айғақ адамдар қатысатын атқарушылық әрекеттер басталар алдында сот орындаушысы айғақ адамның атқарушылық әрекеттерге қатысу тәртібін түсiндiредi.
5. Айғақ адам өзiнiң қандай атқарушылық әрекеттер жүргiзу үшiн шақырылып отырғанын, олар қандай атқару құжаты негiзiнде жасалатынын бiлуге хақылы. Айғақ адам жүргiзiлген әрекеттер жөнiнде ескертпелер жасауға хақылы. Айғақ адамның ескертпелерi тиiстi атқарушылық әрекет актiсiне енгiзiлуге тиiс.
6. Айғақ адам жүргiзiлуiне өзi қатысқан iс кезіндегі атқарушылық әрекеттердiң фактiсiн, мазмұны мен нәтижелерiн куәландырады.
7. Айғақ адам ретiнде атқарушылық әрекет жасауға қатысқан адамдардың шығарған шығыстарына өтемақы алуға құқығы бар.
8. Айғақ адамдарға төленетiн ақша сомасы атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
31-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге маманның қатысуы
1. Атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған, арнаулы білімдi талап ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн сот орындаушысы атқарушылық iске қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша маман тағайындауы мүмкiн. Қажет болған жағдайда бiрнеше маман тағайындалуы мүмкiн. Сот орындаушысы бұл жөнiнде қаулы шығарады.
2. Қорытынды беру үшiн қажет арнаулы білімi бар кез-келген адам маман ретiнде тағайындалуы мүмкiн.
3. Мамандардың атқарушылық әрекеттер жасауға байланысты жүргiзiлетiн жұмысты орындағаны үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Бұл сыйақы және мамандар тартуға жұмсалған басқа да шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
05.05.03 ж. № 409-II (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi шет қалдыру
1. Егер сот орындаушысы, тiлмаш, маман, атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесiне жеке өзi тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе өзге де мән-жайлар, атап айтқанда, тараптармен, олардың өкiлдерiмен әдiл қарайтынына күмән туғызатын туыстық қатынаста болса, олардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуына болмайды және олар шет қалдыруға тиiс.
2. Шет қалатындай мән-жайлар болған жағдайда осы баптың бiрiншi тармағында аталған адамдардың өздерi бас тартуын мәлiмдеуге мiндеттi. Шет қалу атқарушылық әрекеттер жасау басталғанға дейiн дәлелденiп жазбаша түрде мәлiмделуге тиiс. Егер шет қалуға негiз туындаса және ол жөнiнде атқарушылық әрекеттер жасау басталып кеткеннен кейiн белгiлi болса, оған орындау процесiнде жол берiледi.
3. Сот орындаушысынан бас тарту туралы мәселені аумақтық бөлім басшысы шешеді, бұл жөнінде тиісті дәлелді қаулы шығарылады.
Аудармашыдан немесе маманнан бас тарту туралы мәселені сот орындаушысы шешеді, бұл жөнінде аумақтық бөлім басшысы бекітетін тиісті дәлелді қаулы шығарылады.
4. Сот орындаушысын шет қалдырудан бас тартылу туралы қаулыға белгiленген тәртiппен сотқа шағым берiлуi және наразылық келтiрiлуi мүмкiн. Шағым беру немесе наразылық келтiру атқарушылық әрекеттер жүргiзудi тоқтатпайды.
3-тарау. Ақша сомаларын және өзге мүлiктi
өндiрiп алу тәртібі
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
33-бап. Атқару құжаттарын орындауды қамтамасыз ету
жөніндегі атқарушылық iс-әрекет жасау негiздерi
Сот орындаушысы атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде өз бастамасы бойынша шаралар қолдануға құқылы, ал өндiрiп алушының өтiнiшi бойынша шаралар қолдануға мiндеттi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 05.05.03 ж. № 409-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 34-бап өзгертілді
34-бап. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
1. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мыналар:
1) борышкердiң мүлкiн немесе онда не өзге де жеке немесе заңды тұлғаларда бар (соның iшiнде несие және сақтандыру), бағалы қағаздар мен есептелетiн ақша сомаларын пайдалануға тыйым салу;
2) борышкердiң өзiнде не басқа жеке немесе заңды тұлғаларда бар мүлкiн алып қою;
3) борышкердiң белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салу;
4) борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi немесе ақша сомаларын пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру;
5) борышкер мүлкiне сүргi салу;
6) құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою;
7) басқа адамдардың борышкерге мүлiк беруiне немесе оған қатысты өзге де мiндеттемелер орындауына тыйым салу болып табылады.
2. Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудiң бiрнеше түрiне жол берiлуi мүмкiн.
3. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi қарау бұрын белгiленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын кiдiртпейдi.
4. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, кейiнге қалдыру, мерзiмiн ұзарту немесе мәулет беру aтқару құжаттарын орындауды қамтамасыз ету жөнiнде бұрын белгiленген шараларды жоюға әкеп соқпайды.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
35-бап. Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу тәртібі
1. Атқару құжаттары бойынша өндiрiп алу, егер атқару құжатында өзгеше тәртiп белгiленбесе, бiрiншi кезекте борышкердiң ақша қаражатына, соның iшiнде банк мекемелерiнде тұрған ақша қаражатына да қолданылады.
2. Борышкердiң бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетiлген қолма-қол ақша сомаларынан өндiрiп алу борышкердiң келісімiне қарамастан, олардың сақталу орнына тәуелсiз түрде олар ұсынылғаннан немесе табылғаннан соң дереу жүргiзiледi. Борышкердің қолма-қол ақша сомалары, соның ішінде борышкер кассасының сейфінде сақталатын және осы кассаның оқшауланған бөлмесінде немесе борышкердің өзге де бөлмелерінде сақталатын ақша сомалары, егер олардың борышкерге тиесілі екендігі анық белгілі болса, табылғаннан кейін дереу алып қойылуға тиіс.
3. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша қаражаты болмаған жағдайда ол борышкерге тиесiлi басқа мүлiктен өндiрiп алынады. Өндiрiп алушының келісімiмен сот орындаушысы мүлiктi алдын ала бағалап, оны сатпай сол қалпында беруге хақылы.
4. Борышкер мүлкiнен атқару құжатын орындау үшiн қажеттi мөлшер мен көлемде, орындау жөніндегі шығыстар ескерiле отырып өндiрiлiп алынады. Борышкердің басқа мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, өндіріп алу борышкердің атқару құжаты бойынша құны өндіріп алу мөлшерінен асатын мүлкіне қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда, мүлікті сатқаннан кейін түскен сома, атқару құжаты бойынша өндіріп алынған сомалар мен орындау жөніндегі шығыстар шегеріле отырып, борышкерге қайтарылады. Борышкердiң меншiгiнде басқа адамдармен ортақ мүлiк болған жағдайларда оның заңға сәйкес айқындалатын үлесiнен өндiрiлiп алынады. Дау туған жағдайда бұл үлестiң мөлшерiн сот анықтайды.
5. Атқару құжатында аталған белгiлi бiр заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қояды да, өндiрiп алушыға оларды беру актiсiн жасай отырып бередi.
36-бап. Заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер мүлкiнен өндiрiп алу
1. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомасы болмаған ретте (борышкердiң есеп айырысу (ағымдағы) шотына қызмет көрсетудi жүзеге асыратын банктiң тиiстi ақпараты бар болса,) егер заңда бұл мүлiкке қатысты шектеулер белгiленбесе және заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлiктi жауапкершiлiгi көзделсе, оған тиесiлi кез келген басқа мүлiктен, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлкiнен өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
2. Егер орындау барысында борышкер - заңды тұлғаның немесе жеке кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал азаматтық заңдарда борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Белгiленген тәртiппен дәрменсiз (банкрот) деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Атқару құжатын орындау кезiнде заңды тұлға қайта құрылған жағдайда сот орындаушысы борышкердiң құқықтық мұрагерлiгiн айқындайды және шешiм шығарған сотқа баяндап хат жiберiп, борышкердi оның құқықтық мұрагерiмен ауыстыру туралы ұйғарым шығару туралы ұсыныс жасайды.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 37-бап толықтырылды
37-бап. Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу
1. Борышкерге қойылған кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыру үшiн оның қалған мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда өндiрiп алу кепiл ұстаушының азаматтық заңдарда белгiленген құқықтары сақтала отырып, ипотекалық тұрғын үй қарызының мiндеттемесi бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлiктi қоспағанда, кепiлге салынған мүлiктен жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Кепiл ұстаушы өз талабы алдында артықшылығы бар талаптарды кепiлге салынған мүлiк құнынан, алайда осы мүлiк құнынан аспайтын мөлшерде қанағаттандыруға мiндеттi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 38-бап өзгертілді; 2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 38-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
38-бап. Борышкердің басқа тұлғалардағы ақшалай сомалары мен
басқа мүлкінен өндіріп алу
1. Борышкердің басқа тұлғалардағы ақшалай сомаларынан, сондай-ақ басқа мүлкінен өндіріп алу кезінде сот орындаушысы оларға тыйым салады және мәжбүрлеп орындатуға шаралар қолданады.
2. Борышкердің банктердегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшалай сомаларынан өндіріп алуды сот орындаушысы инкассолық өкім ұсыну арқылы жүзеге асырады. Инкассолық өкімге атқару құжаттарының түпнұсқасы не олардың сот мөрімен расталған көшірмелері қоса тіркеледі.
3. Борышкердің банк шотында теңге түріндегі ақшалай сомалары болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп белгілеген тәртіппен анықталған валюта айырбастаудың төлем жасалатын күнгі нарықтық бағамын қолдана отырып, сот орындаушысы теңгемен есептеп ұсынған инкассолық өкімдер негізінде өндіріп алу борышкердің банк шоттарынан шетелдік валютамен жүргізіледі.
4. Инкассолық өкімді кері қайтарып алу аумақтық атқарушылық іс жүргізу органы басшысының жазбаша келісімімен жүргізіледі.
39-бап. Өндiрiп алынуға болмайтын мүлiк
1. Азаматтарға қатысты атқару құжаттарын орындау кезiнде заңдарда өндiрiп алуға тыйым салынған мүлiктен өндiрiп алуға болмайды.
2. Өндiрiп алуға болмайтын ақша сомалары мен өзге де мүлiк тiзбесi заңдарға сәйкес белгiленедi.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 3-тармақпен толықтырылды
3. Сауда-саттық ұйымдастырушыларының сауда-саттық жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған "репо" операциялары бойынша оның нысанасы болып табылатын мүлікке тыйым салу осы "репо" операциялары жабылғаннан кейін ғана қолданылуы мүмкін.
29.03.00 ж. № 42-II; 05.05.03 ж. № 409-II (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу
1. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу мүлiктi хаттаудан және осы мүлiкке билiк етуге тыйым салудан, сондай-ақ борышкердің банктердегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы ақша сомаларын пайдалануға және оларға билiк етуге тыйым салынғанын хабарлаудан тұрады, бұл жөнiнде борышкердiң мүлкiне тыйым салу туралы қаулы шығарылады.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді
2. Борышкерге меншiк, шаруашылық жүргiзу және оралымды басқару құқығында тиесiлi мүлiкке, оның қайда және iс жүзiнде кiмнiң пайдалануында екендiгiне қарамастан (азаматтық заңдарда белгiленген шектеулер ескерiле отырып) тыйым салынуы мүмкiн.
Борышкердiң банктегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады.
Сауда-саттық ұйымдастырушыларының сауда-саттық жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған "репо" операциялары бойынша оның нысанасы болып табылатын мүлікке тыйым салу азаматтық іс жүргізу барысында осы "репо" операциялары жабылғаннан кейін ғана қолданылуы мүмкін.
3. Егер борышкер мүлкiнiң басқа адамдарда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болса, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi қуынымдық iс жүргiзу тәртібімен сот шешедi.
4. Сот орындаушысының тыйым салынған мүлiкке билiк етуге немесе оны пайдалануға салған тыйымын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 41-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
41-бап. Борышкер мүлкiнiң тiзiмдемесi
1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыға берiлетiн соманы және орындау жөніндегі шығындарды өтеуге қажеттi мөлшерде борышкердiң мүлкiн тiзiмдейдi. Осы Заңның 35-бабының 4-тармағында көзделген жағдайда, тізімделетін мүліктің құны атқару құжаты бойынша өндіріп алудың мөлшерінен асып түсуі мүмкін. Сот орындаушысы тiзiмдеуге түскен заттарға сүргi салуы мүмкін.