Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк
пен активтердi басқару департаментi туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң 1997 жылғы 17 маусымдағы № 980 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005.09.02. № 124 қаулысымен күші жойылды
"Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының жүйесiн реформалау жөніндегі кезектi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 4 наурыздағы № 3377 Жарлығына сәйкес (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., № 10, 69-құжат) Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк пен активтердi басқару департаментi (бұдан әрi - Департамент) туралы ереже бекітілсiн.
2. Департамент пен оның Алматы, Арқалық, Байқоңыр, Жезқазған, Көкшетау, Семей және Талдықорған облыстары мен қалаларындағы аумақтық органдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетiнiң және оның аумақтық комитеттерiнiң мүлiктiк және өзге құқықтары және мiндеттерiнiң құқықтық мұрагерлерi болып айқындалсын.
3. Департамент пен оған тiкелей бағынатын аумақтық органдары мемлекеттік меншiктi басқаруды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының меншiк қатынасында мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi.
4. Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі:
Департаментпен бiрлесiп бiр ай мерзiмде мемлекеттік мүлiктi жалға, жалдауға беруге, сыртқы және сенiмдi басқаруға беруге, сондай-ақ мемлекеттік меншiк объектiлерiн жекешелендiруге байланысты жасалған келісім-шарттар (шарттар, келісімдер) бойынша көрсеткiштермен статистикалық есептiлiктiң нысанын әзiрлесiн және бекiтсiн;
Департамент пен оның аумақтық органдары статистикалық және талдамалық ақпаратпен қамтамасыз ететiн мемлекеттік органдардың тiзбесiне енгiзiлсiн.
5. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі Департаментпен бiрлесiп бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Үкіметіне бұрын жарық көрген үкiмет актілерін осы қаулыға сәйкестiкке келтiру туралы ұсыныс енгiзсiн.
ЕСКЕРТУ. Қаулы 2 және 3-шi жаңа тармақтармен толықтырылды, 2 және
3-тармақтар 4 және 5-тармақтар болып есептелдi - ҚРҮ-нiң
1997.06.30. № 1034 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 17 маусымдағы
№ 980 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік
мүлiк пен активтердi басқару департаментi туралы
ЕРЕЖЕ
1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк пен активтердi басқару департаментi (бұдан әрi - Департамент) Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншiгiн иелену, пайдалану және оған билiк ету жөніндегі өкiлеттiктi жүзеге асырушы мемлекеттік басқару органы болып табылады.
2. Департамент өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінiң актілерін, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкiмдерiн, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
I. Департаменттiң негiзгi мiндеттерi мен функциялары
3. Департаменттiң қызмет аясындағы негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасы меншiгiнiң қатынастарын реттеу саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзiрлеуге қатысу:
мемлекеттік республикалық меншiктiң пайдаланылуына бақылау жасауды жүзеге асыру;
заңдардың қолданылу практикасын талдау және қорытындылау, оны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, заң актілерін және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысу;
шаруашылық серiктестiктерi мен бiрлескен кәсiпорындардың мемлекеттік үлестерiн, акционерлік қоғамдардың акцияларының мемлекеттік пакеттерiн басқару;
министрлiктердiң, комитеттердiң, ведомстволардың мемлекеттік меншiктi басқару жөніндегі қызметiн салааралық үйлестiру;
жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік коммуналдық меншiктi басқару жөніндегі қызметiн үйлестiру;
халықаралық шарттар мен келісімдердiң жобаларын әзiрлеуге қатысу және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тапсыруы бойынша оларға қол қою;
халықаралық ұйымдармен өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өзара iс-қимыл мен ынтымақтастықты ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегiнде тысқары жерлерде меншiк мәселелерi бойынша мемлекеттiң мүдделерiн бiлдiру;
өз қызметiн жақсарту жөнiнде белгiленген тәртiппен ұсыныстар енгізу;
өзiне заңдармен жүктелген өзге де мiндеттер мен функцияларды жүзеге асыру.
4. Департамент негiзгi мiндеттерiне сүйене отырып:
Қазақстан Республикасы меншiгiнiң қатынастарын реттеу саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзiрлеуге қатысады;
мемлекеттік заңды тұлғаларды не мемлекеттiң қатысуымен заңды тұлғаларды құру, оларды қайта ұйымдастыру, тарату, мемлекеттік меншiк объектiлерiн оңалту шараларын жүргiзу үшiн кепiлге, жалға, жалдауға, сенiмдi басқаруға, жекешелендiруге беруге келісім-шарттарға (шарттарға, келісімдерге) қол қою туралы шешiмдер қабылдау жолымен мемлекеттік меншiктi иелену, пайдалану және билiк ету жөніндегі өкiлеттiктердi жүзеге асырады;
ауыл шаруашылықтық мақсаттағы емес мемлекеттік меншiк объектiлерiн, соның iшiнде салынып бiтпеген объектiлердi жекешелендiру кезiнде заңды және жеке тұлғаларға жердi пайдалану құқығын не жер учаскелерiн жалға беруге байланысты мәселелердi шешуге қатысады;
"алтын акцияны" енгізу туралы шешiм қабылдайды;
шаруашылық серiктестiктерi мен бiрлескен кәсiпорындардың
мемлекеттік үлесiн, акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік
пакеттерiн басқаруды қамтамасыз етедi;
мемлекетке тиесiлi акциялар пакетiнiң ұстаушысы болып табылады;
шаруашылық серiктестiктеріндегі және бiрлескен кәсiпорындардағы мемлекеттік үлестерге және акциялардың мемлекеттік пакеттерiне дивидендтердiң есептелуiнiң дұрыстығын бақылайды;
мемлекеттік республикалық меншiктiң пайдаланылуына бақылау жасауды жүзеге асырады;
заңдардың қолданылу практикасына талдау және қорытындылау
жүргiзедi, оны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi, заң актілерін
және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысады;
министрлiктердiң, комитеттердiң, ведомстволардың мемлекеттік меншiктi басқару жөнiнде қызметiн салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады;
жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік коммуналдық меншiктi басқару жөніндегі қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
халықаралық ұйымдармен өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өзара iс-қимыл мен ынтымақтастықты ұйымдастырады;
халықаралық шарттар мен келісімдердiң жобаларын әзiрлеуге қатысады және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тапсыруы бойынша оларға қол қояды;
Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегiнен тысқары жерлерде меншiк мәселелерi бойынша мемлекеттiң мүдделерiн бiлдiредi;
Департаменттiң қызметiн жақсарту жөнiнде белгiленген тәртiппен ұсыныстар енгiзедi.
II. Департаменттiң өкiлеттiктерi
5. Департамент өзiне жүктелген функцияларды орындау үшiн Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң құзыретiнiң шегiнде:
атқарылуға мiндеттi нұсқаулар беруге және нормативтiк құқықтық актiлер шығаруға;
министрлiктердiң, комитеттер мен ведомстволардың мемлекеттік меншiктi басқару, сондай-ақ оның пайдаланылуына бақылау жасау жөніндегі қызметiне әдiстемелiк басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыруға;
кәсiпорындар мен шаруашылық серiктестiктерiнiң және мемлекеттiң қатысуындағы өзге де заңды тұлғалардың банкроттығының алдын алу жөніндегі шараларды әзiрлеуге және жүзеге асыруға қатысуға;
орталық және жергiлiктi атқарушы органдардан, мемлекеттiң қатысуындағы заңды тұлғалардан қаржы және өзге құжаттарын, сондай-ақ мемлекеттік меншiктi пайдалануға байланысты мәселелер бойынша ақпаратты сұратуға және тегiн негiзде алуға;
Департаменттiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша заңдардың атқарылуына бақылау жасауға және тексеруге;
мемлекеттік меншiк объектiлерiн жалға, жалдауға сырттай және сенiмдi басқаруға беру, сондай-ақ оларды жекешелендiру жөніндегі келісім-шарттардың (шарттардың, келісімдердiң) атқарылуына бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыруға;
консалтингтiк қызметтердi жүзеге асыру үшiн қазақстандық және шетелдiк заңды және жеке тұлғаларды жұмысқа тартуға;
Департаменттiң қызмет саласына жататын проблемалар бойынша ғылыми зерттеулердi жүзеге асыруға және үйлестiруге;
аумақтық органдардың ережелерiн, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тапсыруы бойынша мемлекеттік кәсiпорындардың жарғыларын бекiтуге құқығы бар.
6. Департаменттiң өз құзыретiнiң шегiнде қабылданған мемлекеттік меншiктi иелену, пайдалану және билiк ету жөніндегі қатынастарды реттейтiн актiлердi орталық және жергiлiктi атқарушы органдар үшiн атқарылуы мiндеттi болып табылады.
III. Департамент қызметiн ұйымдастырудың негiзгi мәселелерi
7. Департаменттi Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Директор басқарады.
8. Департамент директорының орынбасары болады, оны Департамент директорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
9. Департамент Директоры:
Департаменттiң жұмысына басшылықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
Департаментке жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларының жүзеге асырылуына дербес жауапкершiлiкте болады;
Департамент директорының орынбасары мен құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының жауапкершiлiк деңгейiн белгiлейдi;
Департаменттiң орталық аппараты қызметкерлерiн қызметке тағайындайды, қызметте жылжытады және қызметтен босатады, оларға қолданылып жүрген заңдарда көзделген ынталандыру шараларын және тәртiптiк жазаларын қолданады;
Департамент құзыретiнiң шегiнде Департаменттiң орталық аппаратының қызметкерлерi мен аумақтық органдарының атқаруы мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер, бұйрықтар шығарады.
Департаменттiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша жұмысты ұйымдастырады және әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады.
10. Департаменттiң аумақтық органдарының басшыларын Департамент директорының ұсынуы бойынша және тиiстi облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерiнiң келісімiмен Қазақстан Республикасының Қаржы министрi бекiтедi.
11. Департамент пен оның аумақтық органдары республикалық бюджеттiң есебiнен ұсталады.
12. Департамент пен оның аумақтық органдары заңды тұлғалар болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өздерiнiң атауы қазақ, орыс тiлдерiнде жазылған мөрi, банктерде шоттары бар.
13. Департаменттiң құрылымы мен санын Қазақстан Республикасының Қаржы министрi, ал штаттық кестесiн бекітілген құрылымның, саны мен еңбекақы қорының шегiнде - Департамент директоры бекiтедi.
14. Департаменттi тарату және қайта ұйымдастыру қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.