18-бап. Тұрғын үй иесiнiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерi
1. Тұрғын үйдiң, сондай-ақ салынып бiтпеген тұрғын үйдiң иесi оны, сату шартын белгiлей отырып, өз қалауы бойынша еркiн сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға, басқа адамдарға мұраға қалдыруға, кепiлге беруге, осы бапта көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған өзге де жолмен оған билiк етуге құқылы.
1-1. Ипотекалық тұрғын үй қарызы қаражатының есебiнен толық немесе iшiнара сатып алынған тұрғын үйдi сатып алу-сату шарты мемлекеттік тiркелген кезден бастап меншiк иесiнiң ипотекалық тұрғын үй қарызы толық өтелгенге дейiн кредитордың келісімiнсiз осы тұрғын үйге билiк етуге құқығы жоқ.
2. 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.12. № 270-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстарға қатысады және осы Заңда көзделген міндеттерді атқарады.
19-бап. Тұрғын үй иесiнiң жер учаскесiне құқығы
1. Тұрғын үй, сондай-ақ салынып бiтпеген тұрғын үй сатылған, сыйға тартылған, мұраға қалдырылған, кепiлге берiлген жағдайда жер учаскесiн меншiктену (жердi пайдалану) құқығы тұрғын үйдiң жаңа иесiне тұрғын үйдiң бұрынғы иесi ие болған көлемде көшедi.
2. Тұрғын үйге (тұрғынжайға) бекiтіліп берiлген жер учаскесiне тұрғын үй иелерiнiң құқықтары Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарымен белгiленедi.
20-бап. 2007.06.07. № 278-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 10.07.01 ж. № 227-II Заңымен 21-бап өзгертілді
21-бап. Тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi
1. Үнемi бiрге тұратын ерлi-зайыптылар мен олардың балалары тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi деп танылады. Ерлi-зайыптылардың ата-аналары, сондай-ақ өздерiнiң отбасы бар және меншiк иесiмен үнемi бiрге тұратын балалары өзара келісім бойынша ғана меншiк иесi отбасының мүшелерi деп танылуы мүмкiн.
2. Ерекше жағдайларда, егер меншiк иесiмен үнемi бiрге тұрса және онымен кемiнде бес жыл ортақ шаруашылық жүргiзсе, басқа адамдардың да тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi деп танылуы мүмкiн. Еңбекке жарамсыз асырауындағылар, егер олар меншiк иесiмен үнемi бiрге тұрса, меншiк иесi отбасының мүшелерi болып табылады.
22-бап. Тұрғын үй иесi отбасы мүшелерiнiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерi
1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi тұрғын үйiне өзi қоныстандырған отбасының мүшелерi, егер оларды қоныстандыру кезiнде өзгеше ескертiлмеген болса, тұрғын үйдi онымен бiрдей пайдалануға құқылы. Олар өздерiне меншiк иесi берген тұрғын үйге өздерiнiң кәмелетке толмаған балаларын тұрғызуға құқылы. Отбасының басқа мүшелерiн тұрғызуға меншiк иесiнiң келісімiмен ғана жол берiледi.
Меншiк иесiмен отбасылық қатынастар тоқтатылған жағдайда отбасының бұрынғы мүшелерi тұрғын үйдi, егер тұрғын үй иесiмен жазбаша келісімде өзгеше көзделмеген болса, жалға алу мерзiмiн көрсетпестен жалға алушы құқығын пайдалана алады. Бұл орайда отбасының бұрынғы мүшелерi тұрғын үйдi күтiп ұстау және коммуналдық қызметтердiң ақысын төлеу жөніндегі шығындарға қатысуға мiндеттi.
2. Тұрғын үй иесi отбасы мүшелерi өздерiнiң тұрғын үйдi пайдалану құқығын бұзған кез келген адамнан, соның iшiнде меншiк иесiнен де аталған бұзушылықты жоюын талап ете алады.
3. Меншiк иесi отбасының кәмелетке толған мүшелерi (бұрынғы мүшелерi) өздерiнiң тұрғын үй-жайды пайдалануынан туындайтын мiндеттемелерi бойынша ортақ мүлiктiк жауапкершiлікте болады.
4-тарау. Жеке тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлердi жалдау
23-бап. Меншiк иесiнiң тұрғын үйдi басқа адамдарға жалға беруi
1. Меншiк иесi өзi тұратын тұрғын үйдi, не негiзгi мақсаты жалға алушыларға тұрақты не уақытша тұру үшiн берiлу болып табылатын тұрғын үйдi жалға беруге құқылы.
2. Тұру шарттары (жалдау мерзiмi, ақы төлеу мөлшерi, жөндеу жөніндегі мiндеттердi бөлiсу, жалға алушыларды шығарудың негiздерi және сол сияқтылар) осы Заңмен, сондай-ақ жалға берушi мен жалға алушы арасындағы шартпен белгiленедi.
3. Тұрғын үйiн жалға беретiн адамдарды меншiк иесi таңдайды.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Меншік иесі немесе тұрғынжайды жалдауға беруге меншік иесі уәкілеттік берген адам жалға беріліп отырған тұрғынжайда тұратын адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге міндетті.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Заңның 67-бабында аталған азаматтарға кейіннен беру үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдауға құқылы.
24-бап. Меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi жалдау шарттары
1. Жеке тұрғын үй қорындағы меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi ол жазбаша түрде жасалған шарт бойынша басқа адамға жалға бере алады.
2014.29.12. № 270-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Құрылыс, санитариялық-эпидемиологиялық, өртке қарсы және өзге де мiндеттi талаптарға сай келетiн тұрғынжай не тұруға жарамды жеке бөлме (бөлмелер) жалдауға берiлуi мүмкiн.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Егер жалдау шартында өзгеше көзделмеген болса, жалдаушы жалдаған тұрғынжайға өзiнiң отбасы мүшелерiн, қосымша жалдаушыларды және уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы.
Тұрғынжайды жергілікті атқарушы орган жалға алып берген адам оған қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы емес.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Жалдаушы қосымша жалдау шарты бойынша жалға беріліп отырған тұрғынжайда тұратын адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге міндетті.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер шартта өзгеше көзделмеген болса, жалдаушы жалдаған тұрғынжайды алты айға дейiнгi мерзiмге тастап кетуге құқылы.
Бұдан неғұрлым ұзақ уақыт бойы болмаған жағдайда шарттың күшi жалдауға берушінің келісімiмен ғана сақталады.
2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Жалға беру шартының күшi тараптар белгiлеген мерзiм бiткеннен кейiн не шартта көрсетiлген ахуал туғанда тоқтатылады. Жалға берушiнiң талап етуi бойынша шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға жалдаушы жалдау шартының ережелерiн сақтамаған жағдайда, сондай-ақ осы Заңның 91-бабының 2 және 3-тармақтарында, 101-бабының 7-тармағында, 105-бабының 1-тармағындағы 1), 2) және 3) тармақшаларда, 106-бабының 5-тармағында, 107-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген негiздер мен ережелер бойынша жол берiледi.
Қолданылу мерзiмi және тоқтатудың өзге де негiздерi көзделмейтiн шартты жалдауға беруші жалдаушыны кемiнде үш ай бұрын ескерте отырып, кез келген уақытта бұза алады. Шарт тоқтатылған не бұзылған жағдайда жалдаушы өзiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғынжай берiлместен шығарылуға тиiс.
6. Жалға алушы шартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда ол бұл туралы жалға берушiге кемiнде бiр ай бұрын ескертуге не сол ай үшiн шартта белгiленген ақыны төлеуге мiндеттi.
Егер шартта көзделген мерзiмге не шарттың қолданылуын тоқтататын өзге де ахуалға бiр айға жетпейтiн уақыт қалса, аталған мерзiм тиiсiнше қысқартылады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Егер отбасы мүшесiн қоныстандырған кезде сол мүше мен жалдаушы арасында өзгеше келісім болмаса, жалдау шартының талаптарына сәйкес жалдаушының өзімен бiрге тұратын отбасы мүшесi, тұрғынжайды жалдаушының өзi сияқты, дәл сондай пайдалану құқығына ие болады.
Отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес айқындалады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Тұрғынжайға меншiк құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда жалдау шарты, егер жалдаушы мен тұрғынжайды жалдауға берген меншік иесі арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жаңа меншiк иесi үшiн күшiн сақтап қалады.
25-бап. Меншiк иесi тұрақты тұратын тұрғын үйдi жалдау ережелерi
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Меншiк иесi тұрақты тұратын тұрғынжайында жалдаушыға тұрғынжайды немесе оның бiр бөлiгiн, оның iшiнде жапсарлас бөлменi немесе бөлменiң бiр бөлiгiн жалдауға бере алады. Тұрғынжайда бiрнеше меншiк иесi тұрған жағдайда тұрғынжайды жалдауға беру үшiн барлық меншiк иелерiнiң келісімi талап етiледi.
2. Жалға алушының басқа адамдарды, оның iшiнде өз отбасының мүшелерiн де меншiк иелерiнiң келісімiнсiз тұрғызуға құқығы жоқ.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жалдау мерзiмi өткеннен кейiн жалдаушының шартты жаңарту құқығы болмайды және ол жалдауға берушінің талап етуi бойынша басқа тұрғынжай берiлместен шығарылуға тиiс. Жалдау шарты жалдауға берушінің талап етуi бойынша жалдаушы жалдау шартының талаптарын сақтамаған жағдайда, сондай-ақ дәлелді тосын жағдайлар болған кезде не осы Заңның 107-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.
4. Мерзiмi көрсетiлмей жасалған жалдау шартын жалға берушi себебiн түсiндiрместен кез келген уақытта тоқтатуы мүмкiн. Жалға берушi жалға алушыға, жалдау шартының тоқтатылуы туралы кемiнде бiр ай бұрын ескертуге мiндеттi.
5. Жалға алушы жалдау шартын, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, мерзiмiнен бұрын және ескертусiз бұзуға құқылы.
26-бап. Қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындардың құқықтық жағдайы
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қосымша жалдаушылардың тұру шарты, атап айтқанда, тұру мерзiмi, төленетiн ақының мөлшерi мен оны төлеу тәртібі тұрғынжайды жалдаушы мен қосымша жалдаушы арасындағы шартта айқындалады.
2. Қосымша жалдау шарты тараптар белгiлеген мерзiм бiткенде не шартта көрсетiлген ахуал пайда болғанда тоқтатылады.
Шарт қосымша жалдаушы шартты бұзған жағдайда жалға алушының талап етуi бойынша, ал мерзiм не өзге де тоқтату негiздерi белгiленбеген шарттар қосымша жалдаушыны кемiнде бiр ай бұрын ескерте отырып, кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. Қосымша жалдау шарты осы Заңның 29-бабында көзделген тұрғын үйге меншiк құқығы мәжбүр етіліп тоқтатылған жағдайда да тоқтатылады.
3. Қосымша жалдаушы шартты, егер қосымша жалдау шартында өзгеше көзделмеген болса, кез келген уақытта бұзуға құқылы.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қосымша жалдау шарты тоқтатылған не оны жалдаушы бұзған жағдайда қосымша жалдаушы басқа тұрғынжай берiлместен шығарылуға тиiс.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жалдаушы тұрғынжайына уақытша тұрғындарды олармен қосымша жалдау шартын жасаспай кіргізуге құқылы. Уақытша тұрғындардың тұру шарттарын жалдаушы айқындайды. Уақытша тұрғындар жалдаушының талап етуі бойынша, басқа тұрғынжай берілместен, кез келген уақытта, кемінде жеті жұмыс күні бұрын ескертіле отырып шығарылуға жатады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
27-бап. Жалдау шарты тоқтатылған жағдайда қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды шығару
Жалдау шарты тоқтатылған кезде бір мезгілде қосымша жалдау шарты тоқтатылады. Қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындар жалдау шарты тоқтатылған жағдайда басқа тұрғынжай берiлместен шығарылуға тиiс.
5-тарау. Тұрғын үйге жеке меншiк құқығының тоқтатылуы
28-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығының тоқтатылуы
1. Тұрғын үйге меншiк құқығы тұрғын үй иесi тұрғын үйдi басқа адамның иелiгiне берген кезде, меншiк иесi қайтыс болған жағдайда не тұрғын үй жойылған (қираған) жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
2. Тұрғын үйге ортақ үлестi меншiкке қатысушылардың бiреуi өз үлесiн сатқан кезде ортақ үлесi бар меншiкке басқа қатысушының сатып алуға басым құқығы болады.
Егер сатылатын үлестi сатып алуға ортақ үлестi меншiкке қатысушылардың бiрнешеуi ниет бiлдiрсе, сатып алушыны таңдау құқығы сатушыға тиесiлi болады. Тұрғын үйге ортақ меншiктегi үлестi басымдықпен сатып алу құқығын iске асыру тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен белгiленедi.
ҚР 10.07.01 ж. № 227-II Заңымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығын күштеп тоқтату
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Тұрғын үйге меншiк құқығын күштеп (меншiк иесiнiң еркiнен тыс) тоқтатуға:
1) меншiк иесiнiң қарыздары бойынша жер учаскесiмен бiрге төлеттiрiп алуды тұрғын үйге аудару;
2) реквизициялау;
3) тәркiлеу;
4) үй орналасқан жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығару;
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) авариялық көппәтерлі тұрғын үйді бұзу жағдайларында жол беріледі.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Тұрғын үйге меншiк құқығын осы баптың 1-тармағындағы 2) және 4) тармақшаларда көзделген негiздер бойынша күштеп тоқтатқан кезде меншiк иесiне оның қалауы бойынша:
1) тұрғын үйдiң және жер учаскесiнiң нарықтық құнын қоса, меншік иесiне құқығы тоқтатылғанға дейiн төленетiн ақшалай өтем төленуге, сондай-ақ меншiк иесiне келтiрiлген залалдардың орны толық толтырылуға;
2) осы Заңның 15-бабында көзделген тәртiп бойынша меншiгiне тұрмысқа жайлы тұрғын үй (пәтер немесе тұрғынжай) берiлуге;
3) реквизициялауды туғызған төтенше жағдайлар тоқтатылғаннан кейiн меншiк иесiне реквизициялаудан келтiрiлген залалдардың өтемақысын толық төлеу арқылы реквизицияланған тұрғын үй қайтарылуға тиiс.
3. Осы баптың 1-тармағындағы 1) және 3) тармақшаларда көзделген негiздер бойынша тұрғын үйдi меншiктену құқығы тоқтатылған кезде меншiк иесi мен алынатын тұрғын үйде тұратын барлық адамдар басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
2014.29.12. № 270-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды; 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 3-1-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3-1. Халықтың əлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтардың, сондай-ақ кəмелетке толмаған балалары бар жəне оларды тəрбиелеп отырған жəне (немесе) тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркелген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасылардың Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайына меншік құқығы осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша мəжбүрлеп тоқтатылған кезде жылыту маусымында тұрғынжайдан шығаруға тыйым салынады.
2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіз бойынша тұрғын үйге меншiк құқығын мәжбүрлеп тоқтатқан кезде меншік иесіне осы Заңның 67-бабына сәйкес тұрғын үй беріледі.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен. 30-бап толықтырылды
30-бап. Меншiк иесiнiң отбасы мүшелерiн және басқа да тұрғындарды тұрғын үйден шығару
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңның 29-бабының 1-тармағындағы 2), 4) және 5) тармақшаларда көзделген негiздер бойынша тұрғын үйдi меншiктену құқығы тоқтатылған жағдайда меншiк иесiнiң отбасы мүшелерi (бұрынғы мүшелерi) тұрғын үйден шығарылады және бұрынғы тұрғын үйдiң өтемi ретiнде алынған тұрғын үйде тұру құқығын алады.
Бұрынғы тұрғын үйде тұратын басқа адамдар басқа тұрғын үй-жай берiлмей шығарылады.
2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Меншiк иесiнiң еркi бойынша (сату, сыйға тарту) тұрғын үйдi (тұрғын үй-жайды) меншiктену құқығы тоқтатылған жағдайда, егер тұрғын үйдi сатып алушымен жасалған шарт бойынша өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң отбасы мүшелерi, меншiк иесi отбасының бұрынғы мүшелерi және уақытша тұрғындар басқа тұрғын үй-жай берiлмей шығарылады.
Меншiк құқығы тоқтатылуы, тұрғын үйдiң меншiк иесi болып табылатын кәмелетке толмағандардың мүдделерiне қатысты болса, ол осы Заңның 13-бабының 3-тармағында көзделген нормалармен реттеледi.
3 БӨЛIМ
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-тарау. Көппәтерлі тұрғын үй кондоминиумы
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 31-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
31-бап. Кондоминиумды құру, мемлекеттік тіркеу және тоқтату
1. Көппәтерлі тұрғын үйлерде пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың екі және одан көп меншік иесі болған кезде жылжымайтын мүлікке меншік құқығы кондоминиум нысанында туындайды.
2023.15.03. № 207-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 16 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Көппәтерлі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасында кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына берілетін тұрғын емес үй-жайлардың алаңы көрсетіледі.
Көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісі (құрылыс салушысы) пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды, орынтұрақ орындарын, қоймаларды дара (бөлек) меншікке сатуды бастағанға дейін «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көппәтерлі тұрғын үйді мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етуге міндетті.
Тіркелмеген пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды, орынтұрақ орындарын, қоймаларды дара (бөлек) меншікке сатуға жол берілмейді.
Көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісі (құрылыс салушысы) көппәтерлі тұрғын үйді тіркеген кезден бастап алты ай ішінде көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілері мен құрылысжайларын жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес коммуналдық меншікке өтеусіз беруді қамтамасыз етуге міндетті.
Жер учаскесін кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің құрамына енгізу Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісінің (құрылыс салушысының) қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте тапсырыс берушіге (құрылыс салушыға) осы көппәтерлі тұрғын үйді салу үшін берілген немесе тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) жеке меншігінде болған жер учаскесін пайдалану құқығы жер учаскесінің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына енгізілуіне байланысты тоқтатылуға жатады.
Көппәтерлі тұрғын үйді салуды немесе реконструкциялауды жүзеге асыратын тапсырыс беруші (құрылыс салушы) мүліктің меншік иелері бірлестігі тіркелгеннен кейін немесе жай серіктестік құрылғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде қабылдау-тапсыру актісі бойынша қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде:
кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алған көппәтерлі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасының жобалау ұйымы куәландырған көшірмелерін;
жобалау-сметалық құжаттамаға және оның барлық түзетулеріне кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысының көшірмелерін;
атқарушылық техникалық құжаттаманың көшірмелерін;
міндетті қосымшаларымен бірге объектіні пайдалануға қабылдау актісінің көшірмесін;
жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттың көшірмесін;
көппәтерлі тұрғын үйдің технологиялық жабдығының паспорттарын (пайдалану жөніндегі нұсқаулықты) беруге міндетті.
Көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісінен (құрылыс салушысынан) мүліктің меншік иелері бірлестігіне немесе жай серіктестікке қабылдау-тапсыру актісіне қосымшада кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің тізбесі оның егжей-тегжейлі сипаттамасымен бірге айқындалуға тиіс.
3. Пайдалануға қабылданған көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеуді осы баптың 2-тармағына сәйкес тапсырыс беруші (құрылыс салушы) «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес тіркеуші органға өтініш беру арқылы пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың бірінші меншік иесі меншік құқығын мемлекеттік тіркеген кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырады.
Тапсырыс беруші (құрылыс салушы) кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеген кезде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына көппәтерлі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасында көзделген барлық мүлікті (болған кезде паркингті қоса алғанда) енгізуге міндетті.
4. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жергілікті бюджет қаражаты есебінен пайдаланудағы көппәтерлі тұрғын үйлерге (кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін айқындай отырып) мемлекеттік техникалық зерттеп-қарауды, сондай-ақ «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды қалыптастыруды және ұсынуды қамтамасыз етеді.
2023.15.03. № 207-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2023 ж. 16 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Пайдаланудағы көппәтерлі тұрғын үйлердегі кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың кемінде екі меншік иесінен тұратын бастамашы топтың өтініші бойынша немесе жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша жүргізіледі.
2023.15.03. № 207-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2023 ж. 16 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеген кезде мыналар көрсетіледі:
көппәтерлі тұрғын үй тұрған жер учаскесін қоса алғанда, көппәтерлі тұрғын үйдің жалпы алаңы;
кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің құрамы және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі дара (бөлек) меншіктегі әрбір пәтер, тұрғын емес үй-жай, орынтұрақ орны, қойма үлесінің мөлшері;
дара (бөлек) меншіктегі пәтерлердің жалпы алаңы мен тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың алаңы.
Үй жанындағы жер учаскесін тіркеу жиналыстың шешімі негізінде пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың кемінде екі меншік иесінен тұратын бастамашы топ өтініш берген кезде астананың, республикалық, облыстық маңызы бар қаланың және ауданның жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2023.15.03. № 207-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2023 ж. 16 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша пәтерлердің жалпы алаңы мен тұрғын емес үй-жайлар, орынтұрақ орындары, қоймалар алаңдарының өзгеруі нәтижесінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамының және (немесе) пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар, орынтұрақ орындары, қоймалар меншік иелерінің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі үлестері мөлшерінің өзгеруі мемлекеттік тіркеуге жатады.
Кондоминиум объектісінің сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген кезде құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарына өзгерістер енгізу өзгеріске бастамашы болған тұлғаның есебінен жүргізіледі.