Тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы Қазақстан
Республикасының 1997 жылғы 28 ақпандағы № 75-1 Заңы
ҚР 2003 ж. 8 қантардағы № 373-II Заңымен осы Заңның күші жойылды
ҚР 02.08.99 ж. № 466 Заңымен Мәтін бойынша сөздер ауыстырылды
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар
Осы Заң Қазақстан Республикасында тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау процесiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
2-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
тікелей инвестициялар - Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдіктерімен байланысты және Қазақстан Республикасына берілетін ресми техникалық көмектер немесе гранттар шеңберіне кіретін инвестицияларды қоспағанда, қазақстандық заңды тұлғаның негізгі құралдарына (негізгі капитал) инвестор жүзеге асыратын жұмсалымдардың барлық түрлері;
инвестициялық қызмет - инвестицияларды жүзеге асыру процесiмен байланысты кәсiпкерлiк қызмет;
инвестор - инвестициялық қызметтi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
Агенттік - Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік агенттігі;
келісім-шарт - Агенттік пен инвестор арасында жасалған шарт;
бекітілген инвестор - Агенттікпен келісім-шарт жасасқан инвестор;
экономиканың басым секторлары - Қазақстан Республикасы экономикасының экономикалық өркендеуi мен тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында инвестицияларды қарқынды тарту мен дамыту үшiн осы Заңның 6-бабында белгiленген тәртiппен өзектi деп айқындалған салалар;
нақты гранттар - Қазақстан Республикасының инвесторға ақшалай емес нысанда меншiк құқығымен берiлетiн мүлкi немесе мүлiктiк құқықтары;
преференциялар - Агенттіктiң инвесторға беретiн атаулы сипаттағы артықшылықтары.
ЕСКЕРТУ. 2-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.02.
№ 466 Заңымен.
3-бап. Қазақстан Республикасының тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңның, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларынан тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарт ережелерi қолданылады.
2-тарау. Тікелей инвестицияларды
мемлекеттік қолдау
4-бап. Тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың мазмұны
Тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау мыналардан тұрады:
инвестициялық қызметтi қамтамасыз етудiң заңдық кепiлдiктерi;
жеңiлдiктер мен преференциялар жүйесiн белгiлеу;
инвесторлардың алдында Қазақстан Республикасының атынан өкiл болуға уәкiлеттiк берiлген бiрден-бiр мемлекеттік органның болуы;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарына және Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес саяси және реттеушілік тәуекелді жабуға кепілдіктер беру.
ЕСКЕРТУ. 4-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.02.
№ 466 Заңымен.
5-бап. Тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың мақсаты мен мiндеттерi
1. Тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың мақсаты экономиканың басым секторларында тауарлар өндiрудi, жұмыс атқару мен қызмет көрсетудi, жеделдете дамытуды қамтамасыз ету үшiн қолайлы инвестициялық ахуал жасау болып табылады.
2. Мақсатқа жету процесiнде Қазақстан Республикасы мынадай мiндеттердi шешедi:
1) жаңа технологияларды, озық техника мен "ноу-хауды" енгізу;
2) iшкi рынокты жоғары сапалы тауарлармен және көрсетiлетін қызметтермен молықтыру;
3) отандық тауар өндiрушiлердi мемлекеттік қолдау және ынталандыру;
4) экспортқа бағдарланған және импортты алмастыратын өндiрiстердi дамыту;
5) Қазақстан Республикасының шикiзат ресурстарын ұтымды да кешендi пайдалану;
6) менеджмент пен маркетингтiң осы заманғы әдiстерiн енгізу;
7) жаңа жұмыс орындарын құру;
8) жергiлiктi кадрларды оқытып-үйретудiң үздiксiз жүйесiн енгізу, олардың біліктiлiк деңгейiн арттыру;
9) өндiрiстiң қарқындылығын қамтамасыз ету;
10) қоршаған табиғи ортаны жақсарту.
6-бап. Экономиканың басым секторлары
Тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау экономиканың басым секторларында жүзеге асырылады, олардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
3-тарау. Инвестициялық жобаларды іске асыруға
арналған ынталандыру шаралары
7-бап. Жеңiлдiктер мен преференциялар жүйесi
1. Инвестициялық жобаны тиiмдi iске асыру үшiн Агенттік мынадай жеңiлдіктер мен преференцияларды бере алады:
1) мемлекеттік нақты гранттар;
2) келісім-шарт жасалған кезден бастап 5 жылға дейінгі мерзімге жер салығы мен мүлікке салынатын салық төлеуден босату;
салық салынатын табысты алған кезінен бастап 5 жылға дейінгі, бірақ келісім-шарт жасалған кезден бастап 8 жылдан аспайтын мерзімге табыс салығын төлеуден босату.
3) инвестициялық жобаны iске асыруға қажеттi жабдықтар, шикiзат пен материалдар импортын кеден бажынан толық немесе iшiнара босату.
2. Салық жеңілдіктері негізгі құралдарға (негізгі капитал) салынған инвестициялардың көлеміне және экономиканың басым секторларына жататындығына байланысты беріледі.
3. Жеңiлдiктер мен преференциялар жүйесi және оларды беру тәртібі туралы ереженi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
ЕСКЕРТУ. 7-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.02.
№ 466 Заңымен.
8-бап. Бекiтiлген инвесторлардың мүдделерiн қорғау жөнiнде Қазақстан Республикасы беретiн кепiлдiктер
Қазақстан Республикасы:
1) бекітілген инвестордың шаруашылық серiктестiк жарғылық қорындағы үлесiне немесе акцияларына билiк ету немесе шаруашылық серiктестiктiң жарғылық қорындағы үлестiк қатысуын немесе акцияларын сатудың нәтижесiнде алынған капиталын, пайдасын немесе кiрiстерiн, салық пен басқа да мiндеттi төлемдерiн төлеу шартымен, еркiн аудару құқығына шек қоймауға;
2) бекітілген инвестордың инвестициялық жобаға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында өндiрген шикiзаттың өткiзiлуiн немесе тауарлардың сатылуын бақылайтын мемлекеттік монополиялар жасамауға;
3) бекітілген инвестордың инвестициялық жобаға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында өндiрген шикiзатын өткізу немесе тауарларын сату кезiнде, Қазақстан Республикасының заң актілерінде айтылған жағдайларды қоспағанда, бағаны бақылау немесе реттеу шараларын қолданбауға;
4) бекітілген инвесторлардың Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен және шет мемлекеттердiң валютасымен банк шоттарын ашуына және Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын еркiн айналыстағы валютаға және еркiн айналыстағы валютаны инвестициялық қызметтi жүзеге асыру үшiн қажеттi Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына ауыстыруына кедергi келтiрмеуге, сондай-ақ бекітілген инвесторларға қатысты валюталық реттеудiң өзгедей шектеулерiн енгiзбеуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес инвесторларды қорғауға және олар шығаратын өнiмнiң бәсекелестiк қабiлетiн арттыруға бағытталған кедендiк реттеу шараларын жүзеге асыруға;
6) Қазақстан Республикасындағы инвесторлардың инвестицияларын, пайдаларын (кiрiстерiн), дивидендтерiн, құқықтары мен заңды мүдделерiн Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғауға;
7) мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың инвесторларға, олардың өздерiне меншiк құқығында тиесiлi мүлкiн басқаруды жүзеге асыруына, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылу реттерiн қоспағанда, кедергi жасамауға кепiлдiк бередi.
9-бап. Қазақстан Республикасының заңдарын өзгерістер мен толықтырулардан қорғау
Келісім-шартқа қол қойылған күннен кейiн, Қазақстан Республикасының заңдарына келісім-шарттың бастапқы шарттарының одан әрi сақталуының мүмкiн болмауына әкеп соқтыратын немесе оның экономикалық ережелерiн елеулi өзгертуге әкеп соқтыратын өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлген жағдайда, бекітілген инвестор мен Агенттік келісім-шартқа екi жақтың келiсуiмен өзгерістер немесе түзетулер енгiзедi.
10-бап. Инвестициялық жобаларды iске асыруға байланысты қызметтегi жариялылық
Бекiтiлген жобаларды iске асыруға қатысты нормативтiк құқықтық актiлердiң бәрiн, Агенттікпен келісім-шарттар жасалған жобалар тiзбесiн жобаларға салынған сомаларды және құрылатын жұмыс орындарының санын Агенттік бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
4-тарау. Келісім-шарт жасасу және оны бұзудың
шарттары мен тәртібі
11-бап. Жеңiлдiктер мен преференциялар беру шарттары
1. Осы Заңда көзделген жеңiлдiктер мен преференциялар инвесторға оның жобаны iске асыру жолындағы мiндеттемелерiнiң орындалуы мен жауапкершiлiгiнiң сақталуын, инвесторда қаржылық, техникалық және ұйымдастырушылық мүмкiндiктер болуын растайтын тиiстi құжаттар болған ретте жобаны iске асыру үшiн берiледi.
2. Жеңiлдiктер мен преференцияларды Агенттік инвестормен келісім-шарт жасасу жолымен бередi.
12-бап. Келісім-шарт жасасу тәртібі
1. Экономиканың басым секторларында инвестициялық жобаны iске асыру үшiн жеңiлдiктер мен преференциялардың берiлуiне инвестордың өтiнiмiн Агенттік өзi бекiткен тәртiппен қабылдайды.
2. Агенттік өтiнiм түскен күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзiмде оның Қазақстан Республикасының тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы заңдарына сәйкестiгiне сараптама жүргiзедi. Сараптаманың нәтижелерi бойынша қабылданған шешiм туралы Агенттік инвесторға хабарлайды.
3. Оң шешiм қабылданған ретте Агенттік инвестормен бiрлесiп 60 күннен аспайтын мерзiмде келісім-шарт әзiрлейдi. Мемлекеттік заттай гранттар және кеден бажы бойынша жеңілдіктер беру мақсатында Агенттік тиiстi мемлекеттік органдармен және тәуелсiз сарапшылармен бiрлесiп келісім-шартқа сараптама жүргiзедi. Ерекше жағдайларда Агенттік келісім-шарт әзiрлеу мерзiмiн ұзартуға хақылы, бiрақ ол 60 күннен аспауға тиiс.
4. Қол қойылғаннан кейiн келісім-шарт он бес күннiң iшiнде Агенттік белгiлеген тәртiппен және шарттармен Агенттікте тiркеледi.
5. Агенттіктiң инвестициялық өтiнiм мен келісім-шартқа сараптаманы ұйымдастыру және жүргiзу жөніндегі шығындарын өтеу Агенттік белгiлеген тәртiппен инвестордың есебiнен жүзеге асырылады.
ЕСКЕРТУ. 12-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.02.
№ 466 Заңымен.
13-бап. Агенттіктiң келісім-шартты бұзу шарттары
1. Агенттік мынадай жағдайларда келісім-шартты бұзуы мүмкiн:
1) бекітілген инвестор Агенттікке табыс еткен кез келген мәлiметтерде бұрмалаушылық немесе елеулi фактiлердi жасыру анықтауы;
2) бекітілген инвестор өзiнiң мiндеттемелерiн атқармаған немесе келісім-шартта айтылған шарттарды сақтамауы;
3) Қазақстан Республикасының заңдары бұзылуы.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген негiздер бойынша келісім-шарт бұзылған ретте Қазақстан Республикасының Заңдарында және келісім-шарт шарттарында көзделген тиiстi айыппұл жазалары қолданыла отырып, бекітілген инвестор шығындарды өтеу және салықтар мен келісім-шарт бойынша берiлген жеңiлдiктер мен гранттар салдарынан жасалған басқа да төлемдердiң төленбеген бүкiл сомасын қайтаруға жауапты болады.
5-тарау. Тікелей инвестицияларды мемлекеттік
қолдауды жүзеге асыруға уәкілетті
мемлекеттік орган
14-бап. Уәкiлеттi мемлекеттік орган
1. Агенттік Қазақстан Республикасында тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдауды жүзеге асыруға уәкiлеттi бiрден-бiр мемлекеттік орган болып табылады.
2.
3.
4.
ЕСКЕРТУ. 14-баптан 2,3,4-тармақтары алып тасталды - Қазақстан
Республикасының 1999.08.02. № 466 Заңымен.
15-бап. Агенттіктiң негiзгi қызметi
Агенттіктiң негiзгi қызметi мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасына тiкелей инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
2) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бекітілген инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялық жобаларды iске асыру жөніндегі қызметiн үйлестiру;
3) әрбiр инвестициялық жобаны iске асыру үшiн қажеттi құқықтар мен өкiлеттiктер беретiн барлық келiсу және рұқсат ету құжаттарын, лицензияларды, визаларды және басқа да құжаттарды алуды қамтамасыз ету;
4) бекітілген инвесторларға Қазақстан Республикасында біліктi қызметкерлердi, тауарлар мен көрсетiлетін қызметтердi iздестiруде жәрдем көрсету;
5) бекітілген инвесторлардың өздерiне алған мiндеттемелерiн атқаруына бақылауды қоса алғанда, инвестициялық жобалардың iске асырылуына бақылауды жүзеге асыру.
16-бап. Агенттіктiң өкiлеттiгi
Агенттіктiң өз қызметiн жүзеге асыру үшiн:
1) инвесторлардан, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардан барлық қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
2) келісім-шартқа сараптама жүргiзу және оны әзiрлеу үшiн тиiстi мемлекеттік органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердiң жеке және заңды тұлғалары қатарынан кеңесшiлер, консультанттар мен сарапшылар тартуға;
3) Қазақстан Республикасында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға шет елдiң қатысуын ынталандыру мақсатымен Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары мен шетелдегi дипломатиялық миссиялары қызметiн үйлестiруге;
4) келісім-шарттарды әзiрлеуге және iске асыруға байланысты мәселелер жөнiнде министрлiктердiң, мемлекеттік комитеттердiң және өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың мiндеттi орындауы үшiн қаулылар шығаруға құқығы бар. Министрлiктердiң, мемлекеттік комитеттердiң және өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың инвестициялық қызметтi шектеуге байланысты мәселелер жөніндегі актілері мiндеттi түрде Агенттікпен келісілуге тиiс.
6-тарау. Қорытынды ережелер
17-бап. Қолданылатын құқық және дауларды шешу
1. Егер келісім-шарт шарттарында немесе инвестормен жасалған өзге де келісімде тiкелей өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының құқығы қолданылатын құқық болып табылады.
2. Келісім-шартты жасауға, орындауға, бұзуға, келісім-шарттың орындалуын бақылауға, ынталандыру шараларын беруге байланысты даулар, келісім-шартқа тiкелей байланысты өзге де даулар мүмкiндiгiнше келiссөздер жолымен, оның iшiнде сарапшыларды тарта отырып не келісім-шартта белгiленген рәсiмдердi қоса алғанда, дауларды шешудiң бұрын келісілген рәсiмдерiне сәйкес шешiледi.
18-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Заң ол күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған құқықтық қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заң күшiне енгiзiлген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады және ол күшiне енгiзiлген күннен бастап екi айдың iшiнде оған сәйкес келтiрiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының Президентi