Халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатының тұжырымдамасы
туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы
22 мамырдағы № 631 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005 ж. 9 ақпандағы № 124 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Жұмыс комиссиясы әзiрлеген Халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатының тұжырымдамасы (қоса берiлiп отыр) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі мүдделi министрлiктермен, мемлекеттік комитеттермен, облыстар, аудандар, қалалар әкiмдерiмен бiрлесiп жұмыспен қамту жөніндегі бағдарламалық шараларды, халықты жұмыспен қамтудың аймақтық бағдарламаларын әзiрлеу кезiнде Халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатының тұжырымдамасын басшылыққа алатын болсын.
3. Қазақстан Республикасының еңбек министрлігі Экономика министрлігімен және Әдiлет министрлігімен бiрлесiп 1996-1998 жылдардың iшiнде Халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатының тұжырымдамасында көзделген заң жобалары мен өзге де нормативтiк актiлердi әзiрлесiн және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына енгiзсiн.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1996 жылғы 22 мамырдағы
№ 631 қаулысымен
Бекiтiлген
Жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатының
тұжырымдамасы
КIРIСПЕ
Қазақстан Республикасында әлеуметтiк-экономикалық жаңғыртулар ойдағыдай жүрiп жатқан жоқ. Экономикадағы дағдарысты жағдай жұмыс iстеуге қабiлеттi халықты жұмысқа орналастыру проблемасын айтарлықтай қиындатып жiбердi. Халықты жұмыспен қамтудың абсолюттiк көлемiнiң төмендеуi ресми түрде тiркелген жұмыссыздардың өсуiн бiрнеше есе өсiрдi.
Халықты жұмыспен қамтудың объективтi едәуiр төмендеуiне экономиканың реформалануы, оның нарықтық негiзге көшуi себепшi болады. Бiрақ халықты жұмыспен қамтудың қысқаруының орын алуы әзiрге экономикада озық құрылымдық өзгерістердiң болуының, өндiрiстi модернизациялаудың, шаруашылық жүргiзудiң бiр ғана мемлекеттік жүйеден көп салалы жүйеге ауысуының нәтижесi болып табылмайды. Жалпы сипат алған жұмыс күшiн толық пайдаланбау экономиканың барлық саласындағы өндiрiстiң тиiмдiлiгiн тоқтатушы факторға айналып отыр.
Жұмыссыздықтың өсу тенденциясы бар, халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдайдың шиеленiсуi, экономикалық өсу мен халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруының шарты ретiнде елде толық, нәтижелi жұмыспен қамтудың қалыптасу кезеңi негiзделген осы Тұжырымдаманы жасауға себепшi болды.
Жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатының тұжырымдамалық ережелерiн айқындау, сондай-ақ жұмыс күшiнiң тауарлық сипатын және әлеуметтiк-еңбек қатынастарын қайта құруға себепшiл болған жұмыспен қамтуды ұйымдастырудың нарықтық үлгiсiне көшу қажеттiгiне байланысты болып отыр. Жаңа жағдайда монополиялық жұмыс берушi ретiнде мемлекеттiң рөлi едәуiр азаяды және еңбек нарығының басты қатысушылары - қызметкерлер мен жұмыс берушiлер арасындағы қарым-қатынасты реттеуде, жұмыссыздарды толық жұмыспен қамтуды және әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ету үшiн жағдай жасауда оның функциясы күшейедi. Мұның бәрi жұмыспен қамту саласында өзгерген жағдайларға, мақсаттарға, мiндеттерге және оны жүзеге асыру принциптерiне неғұрлым толық жауап беретiн жаңа ыңғайларды талап етедi.
Осы Тұжырымдаманың негiзгi мәнi бiрiншi кезеңде жұмыспен қамту деңгейiнiң құлдырау қарқынын төмендетуге, екiншiде - жұмыспен қамтуды тұрақтандыруға, үшiншiде - жалпы өсуiне және оны экономикалық мақсатқа сай деңгейде ұстап тұруға себепшi болатын принциптер мен бағыттарды негiздеуден тұрады.
1. Тұжырымдамада пайдаланылған ұғымдар
мен анықтамалар
Еңбек нарығы - құқықтық нормалармен реттелетiн және жұмыс күшiнiң сұранысы мен ұсыныстарын теңдестiретiн әдiс ретiнде көрiнетiн жұмыс күшiн, оның жалдануы мен төлемiн қалыптастыру, бөлу және қайта бөлу барысында пайда болған әлеуметтiк-экономикалық қатынастардың жүйесi.
Жұмыспен қамту - адамдардың қоғамдық пайдалы қызметтерге өздерiнiң қажеттiлiгiн қанағаттандыру мақсатымен қатысуы себепшi болған әлеуметтiк-экономикалық құбылыс.
Нәтижелi жұмыспен қамту - тұрақты экономикалық өсу мен әлеуметтiк ықпалды қамтамасыз ететiн жұмыспен қамту.
Экономикалық белсендi халық (жұмыс күшi) - еңбек процесiне қатыса алатын, қатысып жүрген, қажеттi күш-қуат және ақыл-ой қабiлетi, білімi мен практикалық жұмыс тәжiрибесi бар, жиынтығында ел халқының белсендi бөлiгiн құрайтын жұмыспен қамтылғандар мен жұмыссыздар.
Толық жұмыспен қамту - елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайына байланысты тұрақсыздыққа ұшыраған, табиғи жұмыссыздық деңгейіндегі жұмыспен қамту.
Толық емес жұмыспен қамту - жұмыс күшiн тиiмсiз (нәтижелi емес) пайдалану. Оның екi нысаны былай ажыратылады:
жұмыс уақытының қысқаруы себепшi болған ашық толық емес жұмыспен қамту;
жұмыс iстейтiндердiң біліктiлiгiн тиiмсiз пайдалануды, еңбек өнiмдiлiгiнiң төмендiгiн көрсететiн жасырын толық емес жұмыспен қамту.
Жұмыссыздар - жұмыс iстеуге қабiлеттi жастағы, бiрақ оларға байланысты емес себептермен еңбек қатынасында тұрмаған және еңбек табысы жоқ, жұмыс iздестiрушi, жұмыс iстеуге дайын тұлғалар.
Ресми тiркелген жұмыссыздар - жұмыспен қамту қызметiнде жұмыс iздестiрушi ретiнде тiркелген және де жұмыспен қамту қызметi қолайлы жұмысқа ұсыныс жасамаған жұмыссыздар арасындағы тұлғалар.
Жұмыссыздық - еңбек нарығында жұмыс күшiнiң белгiлi бiр бөлiгiнiң талап етiлмеуi себепшi болған әлеуметтiк-экономикалық құбылыс.
Табиғи жұмыссыздық деңгейi - жұмыс күшiне деген сұраныста, сондай-ақ жұмыс iздестiруде немесе күтуде (фрикциялы жұмыссыздықта) құрылымдық өзгерістер себепшi болған объективтi, экономикалық және әлеуметтiк тұрғыда қабылдауға болатын жұмыссыздық деңгейi.
Жасырын жұмыссыздық - сөз жүзiнде жұмыспен қамтылған, бiрақ шын мәнiнде өндiрiстiң тоқтап қалуына байланысты (толық iшiнара) жұмыссыз қалғандарды және толық емес жұмыс уақыты режиміндегі жұмыстарды қамтитын өтпелi экономиканың ерекше құбылысы.
Ұзақ жұмыссыздық - ұзақтығы 12 ай немесе одан да көп жұмыссыздық.
Жаппай жұмыстан босап қалу (шығып қалу):
саны 15 және одан да көп адам жұмыс iстейтiн, меншiктiң және шаруашылық жүргiзудiң кез келген нысанындағы кәсiпорындардың таратылуына;
30 күнтiзбелiк күн iшiнде 50 және одан да көп, 90 күнтiзбелiк күн iшiнде 200 және одан да көп мөлшерде кәсiпорындар (ұйымдар) қызметкерлерi санының қысқаруына;
аймақтарда жалпы саны кем дегенде 5 мың адам жұмыс iстейтiн кәсiпорындардың таратылуына немесе санының қысқаруына байланысты 30 күнтiзбелiк күн iшiнде жұмыс iстейтiндердiң жалпы санының 1% мөлшерiнде қызметкерлердiң шығып қалуына байланысты босап қалулар.
2. Жұмыспен қамту: жай-күйi мен тенденциялары
Қазақстандағы еңбек нарығының қалыптасуы экономиканың мемлекеттік секторындағы жұмыспен қамту үлесiнiң қысқаруымен және тиiсiнше оның мемлекеттік емес секторда - акционерлік қоғамдарда, бiрлескен кәсiпорындарда, шағын және орта бизнесте, шаруа (фермерлiк) қожалықтарында, жеке кәсiпкерлiкте өсуiмен сипатталады. Нарыққа көшу, өткенде ғана негiзгi жұмыс берушi ретіндегі мемлекет рөлiнiң тартылуы жалпы жұмыспен қамтудың төмендеуiне объективтi түрде себепшi болды. Орталықтандырылған жоспарлаудан нарықтық экономикаға көшудi жүзеге асырушы елдердiң тәжiрибесi көрсетiп отырғанындай, жұмыссыздық деңгейiнiң уақытша өсуi өтпелi кезеңде болмай қоймайтын құбылыс болып қалуда.
Тұтастай алғанда жұмыспен қамту экономиканың барлық саласында, әсiресе өнеркәсiпте, құрылыста және ауыл шаруашылығында төмендедi. Соңғы бес жыл iшiнде жұмыспен қамтудың жалпы санының жылдық орташа төмендеу қарқыны экономика саласында 3,7 процентке жеттi.
Еңбек нарығындағы өзгерістер елдiң сандық және сапалық еңбек әлеуетiнiң төмендеуi, белгiлi бiр шамада бала туудың төмендеуi, жас ұзақтығының қысқаруы, халықтың, соның iшiнде жұмысқа қабiлеттi жастағылардың елден тысқары кетуi себепшi болған жалпы қолайсыз жағдайлар аясында өтуде.
Республиканың аграрлық секторында өндiрiс көлемiнiң құлдырауы, әсiресе осы саладағы еңбек етуге қабiлеттi халықты жұмыспен қамтуға әсерiн тигiздi. Село халқының арасында, әсiресе жастардың қалаға, экономикалық құрылымы неғұрлым дамыған аймақтарға көшiп-қону процесi байқалып отыр.
Жұмыспен қамту ахуалы, әсiресе түстi металлургия, химия, көмiр өнеркәсiбi кәсiпорындары, қорғаныс кешендерi қаланы құраушы болып табылатын моноэкономикалық құрылымдағы қалалар мен жұмысшы поселкелерде өткiр тұр.
Аймақтарда жұмыспен қамту мен жұмыссыздық процестерi бiр мәндi дамып жатқан жоқ. Жұмыспен қамтудың өте төмен деңгейi (65 процентке дейiн) Оңтүстiк Қазақстан және Қызылорда облыстарына тән. Айтарлықтай жоғары деңгейдегi топқа (78-83 процент) Көкшетау, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары жатады. Қалған облыстар жұмыспен қамтудың орташа деңгейiмен (65-77 процент) сипатталады.
Кәсiби білімнiң жеткiлiксiздiгi, қажеттi біліктiлiк пен еңбек дағдысының жоқтығы себепшi болған еңбек нарығындағы бәсекелестiктiң төмендiгiнен жастар арасында жұмыссыздық өстi. Әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың өсуi тұрақты тенденцияға айналды.
Нарыққа көшу өндiрiс көлемiнiң құлдырауы аясында кәсiпорынның еңбек әлеуетiн сақтауға себепшi болатын жасырын жұмыссыздық сияқты өзiндiк бiр құбылыстың пайда болуына, сондай-ақ ресми емес жұмыспен қамтудың ("челноктар", патентсiз сауда жасау т.б.) және есепке алу мен реттеуге көнбейтiн көлеңкелi нарықтың кеңеюiне апарып отыр.
Жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан ресми тiркелген жұмыссыздар 3 процентке, ал жасырын жұмыссыздар 11 процентке асып түседi. Ресми және жасырын жұмыссыздардан басқа, жұмыспен қамту қызметiне өтiнiш жасамаған жұмыссыз қалғандарды да ескергенде, еңбек нарығының ерекше құбылыстарын есепке ала отырып есептелген жұмыссыздықтың жалпы әлеуетi 1,5 млн. адамды немесе жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 20 проценттен астамын құрайды.
Жұмыссыздық елеулi экономикалық және әлеуметтiк шығындарға әкелiп соғады. Жұмыс iстеуге қабiлеттi жасында жұмыссыз қалу, алдымен еңбекпен және материалдық игiлiкпен қамтамасыз ететiн әлеуметтiк жағдаймен, кәсiби өсу үшiн мүмкiндiкпен т.с.с. байланысты адам санасындағы бүгiнгi қоғамның дәстүрлi құндылықтардың бұзылуына алып келедi.
Жұмыспен қамту саласындағы жағдайдың дамуы көптеген факторларға, соның iшiнде шешушi дәрежеде елдiң жалпы даму жолына және экономикалық қайта құру барысына, жұмыс күшiне сұраныс пен ұсыныстың құрылымдық сандық және сапалық теңдестiру деңгейiне байланысты болады.
Еңбекке деген сұраныс негiзiнен экономиканың дағдарысты және құлдырау ахуалын жеңумен, құрылымдық қайта құрудың қарқынымен және ауқымымен, өндiрiстiң техникамен қайта жарақтануымен, рентабельдiгi төмен және шығынмен жұмыс iстейтiн кәсiпорындарға қатысты мемлекеттік саясатпен, мемлекеттік, жеке меншiктiң және шетелдiк инвестициялардың ауқымымен, кадрлар құрылымының кәсiби-біліктiлiк өзгерістерiмен айқындалады.
Еңбекке деген ұсыныс жұмыс iстеуге қабiлеттi халықтың табиғи өсу қарқынына, мемлекеттiң демографиялық және әлеуметтiк саясатына, еңбек нарығының конъюнктурасына сәйкес кәсiби даярлықты жетiлдiруге, халықтың белгiлi бiр бөлiгiнде балама табыс көздерiнiң пайда болуы мен өзiн-өзi жұмыспен қамту саласының кеңеюiне, жеке iс ұйымдастыру мен кәсiпкерлiк қызметпен айналысуына, жұмыссыздық деңгейiне себепшi болады. Ресми еңбек нарығындағы шиелiнiстiң бәсеңдеуi перспективада экономиканың мемлекеттік емес секторларының және олардың өндiрiстiк көлемiнiң өсуiне, жаңа техникалық негiзде жеке меншiк және бiрлескен кәсiпорындардың қосымша жұмыс орындарын құруына, нарықтық инфрақұрылымдық ұйымдарында жұмыспен қамтудың кеңеюiне барынша мол мүмкiндiк беретiн болады.
3. Жұмыспен қамту саясатының мақсаты,
мiндеттерi мен принциптерi
Жұмыспен қамту саясатының негiзгi мақсаты жұмыспен қамтуды толық, нәтижелi және еркiн таңдап алуға қол жеткізу, жұмыссыздықтың қысқаруы және оның әлеуметтiк жарамды деңгейде қолдау табуы, еңбек нарығының қызмет етуi мен реттелуiне құқықтық, экономикалық және ұйымдық шарттар құру болып табылады.
Көрсетiлген мақсаттарға жету мынадай негiзгi мiндеттердi шешумен қамтамасыз етiледi:
жұмыспен қамту саласындағы азаматтардың дербес белсендi көзқарасына және халықтың неғұрлым әлсiз санаттарын әлеуметтiк қорғау кепiлдiгiне бағытталған еңбек және әлеуметтiк заңдарын өзгерту және толықтыру жолымен жұмыспен қамту және еңбек қатынастарын құқықтық реттеу жүйесiн жаңарту.
жаңа өндiрiстер құру, жекешелендiру, қайта ұйымдастыру, қайта мамандандыруды қоса алғанда, перспективасы жоқ өндiрiстердi реформалау негiзiнде экономиканың салалық құрылымын жетiлдiру;
жұмыспен қамту саясатымен сәйкестендiрiлген, қосымша жұмыс орындарын құруды ынталандыруды қолдайтын қаржылық және салық саясатын жүргiзу;
қосымша жұмыс орындарын, соның iшiнде оны шетел капиталын тарту есебiнен құрушы шағын және орта жекеменшiк кәсiпкерлiктi дамытуды қолдау және белсендi ынталандыру;
экономикадағы құрылымдық өзгерістердi ескере отырып еңбек нарығындағы пайда болған жағдайларға қатысты кәсiби білім берудiң алдын алу;
жұмыспен қамту кепiлдiгiн қамтамасыз етуде, еңбек төлемi, шарттары мен режимдерi мәселелерiн шешуде еңбек нарығының басты қатысушыларының (мемлекеттiң, жұмыс берушiлер мен қызметкерлердiң) әлеуметтiк әрiптестiгi жүйесiн қалыптастыру;
шетелдiк жұмыс күшiн пайдалануды шектеу жолымен iшкi еңбек нарығын қорғау;
жұмыспен қамтудың аймақтық проблемаларын шешуде жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарының рөлiн көтеру;
жұмыссыздықтың белгiленген параметрлер (өлшемдер) топтарда олардың республикалық орта деңгейден ауытқуы негiзiнде жұмыссыздықтың дағдарысты деңгейіндегі аймақтарды, салаларды таба бiлу;
халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі бағдарламалық шараларды, жұмыспен қамтудың аймақтық бағдарламаларын әзiрлеу және жүзеге асыру жолымен еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың неғұрлым өткiр тұрған сәйкессiздiктерiн жоюға бағытталған iрiктемелi шараларды жүзеге асыру;
жұмыссыздарды әлеуметтiк қорғау тетiгiн жетiлдiру;
жұмыспен қамту мен еңбек нарығын реттеу мәселелерiнде мемлекеттік жұмыспен қамту қызметiнiң iс-әрекеттерiн жұмыс берушiлермен, қоғамдық және кәсiподақ органдарымен одан әрi шоғырландыра түсу.
Жұмыспен қамтудың саясаты мынадай негiзгi принциптердi қамтамасыз етудi талап етедi:
азаматтардың жұмыспен қамтудың нысандары мен түрлерiн еркiн және ерiктi түрде таңдауын;
жұмыс орыны мен кәсiби даярлыққа жетуге болатын баршаға бiрдей мүмкiндiктi бiлдiретiн теңдiктi;
экономиканың өсуiне жету мақсатында жұмыс күшiнен мейлiнше қайтарымды қамтамасыз етумен байланысты тиiмдiлiктi;
экономиканы реформалауға, институционалды және құрылымдық қайта құрудың тиiмдiлiгiне бағытталған экономикалық саясаттың жұмыс күшiне деген сұраныс пен ұсыныстың теңдестiрiлуiне қол жеткізу негiзiнде еңбек нарығындағы икемдi, белсендi саясатпен үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн кешендiлiктi;
материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктердi қамтамасыз ету, еңбек нарығындағы жұмыс күшiнiң, оның сапасын жақсартудың негiзiнде бәсекелестiк қабiлетiн көтеру жолымен жұмыссыздықтың салдарынан болатын шығындар мен жоғалтулардың ең аз ескертуi мен мәліметін бiлдiретiн әлеуметтiк әдiлеттiлiктi;
ықпалды реттеушi шаралардың нысаналылығы;
жұмыспен қамту саясатын әзiрлеу мен жүзеге асыру кезiнде үш жақты кең ауқымды ыңғайдың табылуын, жұмыс берушiлер мен қызметкерлердiң мүдделерiмен сай жұмыспен қамтуды реттестiру саласындағы iс-әрекеттiң келісілуiн қамтамасыз ететiн трипартизмдi;
жұмыспен қамту саясатын жүзеге асыруда негiзге алынатын бiрыңғай нормалар негiзiнде орталық және аймақтық органдардың өзара тиiмдi iс-қимыл жасауын қамтамасыз ететiн жұмыспен қамту саясатын жүргiзудегi аймақтық ерекшелiктердi есепке алып отыру.
4. Жұмыспен қамту саясатының негiзгi бағыттары
мен жүзеге асыру кезеңдерi
Жұмыспен қамту саясатының мақсаты, мiндеттерi мен принциптерi оны жүзеге асырудағы негiзгi бағыттарын алдын ала айқындайды:
экономиканың балама, мемлекеттік емес секторларында жұмыспен қамтуды дамыту мен кеңейту үшiн жағдайлар жасау;
экономиканың дамуы мен оның құрылымдық қайта құрылуының факторлары мен мiндеттерiн ескере отырып мемлекеттік сектордағы жұмыспен қамтуды қолдау;
босап қалғандарды әлеуметтiк жағынан қорғай отырып, кәсiпорындарды санациялау және оңалту жөніндегі шараларды үйлесiмдi жүзеге асыру жолымен қызметкерлердi босатуды реттеу;
нарық қатынасына бағамды және қазiргi экономиканың ерекшелiктерiн ескеретiн кадрлардың кәсiби оқыту жүйесiн құру;
жұмыссыз азаматтар мен жұмыспен қамтылмаған халықты кәсiби оқытудың ауқымын кеңейту мен нәтижелiгiн арттыру, босап қалған қызметкерлердiң алдын ала оқуы мен қайта даярлығын ұйымдастыру және өткізу жолымен жұмысқа қабiлеттi халықтың кәсiби ұтқырлығына жәрдемдесу;
еңбек нарығының нормативтiк-құқықтық инфрақұрылымдарын дамыту;
аумақтар тұрғысында, кәсiпорындар деңгейiнде және қызметкерлердiң әртүрлi құрамы бойынша ескеру шараларын әзiрлеу негiзiнде жұмыспен қамту саласындағы жергiлiктi дағдарыстардың алдын алу;
дамудың әрбiр кезеңiнде қабылданған кепiлдiктер мен нормативтер шеңберiнде жұмыссыздардың мемлекет тарапынан әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз ету;
еңбек нарығының жедел мониторингi жүйесiн құру.
Осы бағыттарды жүзеге асыру, бiр жағынан жұмыспен қамту саласындағы әлеуметтiк шиелiнiстi жұмсартуға, екiншi жағынан экономиканы оңалту мен дамыту жөніндегі жалпы орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi перспективалар арнасында оны рационализациялау үшiн алғы шарттар жасауға мүмкiндiк бередi.
Жұмыспен қамтудың белсендi саясатының өзiне бағамды заңды нормативтiк-құқықтық және материалдық-қаржыландыру базасы болуы керек, оны құру да уақытты талап етедi. Бiрақ жұмыссыздыққа байланысты проблемалардың өткiр қойылуы мен еңбек нарығындағы тұрақсыздықтың үдей түсуi мемлекеттік реттеудi қайта бағдарлауды барынша тығыз мерзiмге қойып отыр.
Бiрiншi кезеңде (1996-1997 жылдар) халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясаты жұмыссыздарды кешендi әлеуметтiк қолдауға бағытталады (жұмыссыздарға жәрдемақылар мен стипендиялар төлеу, оларға материалдық көмек көрсету, қажеттi мамандықтарға оқыту және қайта оқыту, қоғамдық жұмыстарға орналастыру т.б.). Жұмыссыздықтың өсуiн тоқтату мақсатымен қолда бар шектеулi ресурстар шегiнде экономиканың дамуы үшiн неғұрлым маңызы бар өндiрiстердi: отын-энергетикалық және агроөнеркәсiп кешендерiн, қорғаныс өнеркәсiбiн конверсиялауды iрiктеме қолдау қамтамасыз етiледi. Осы кезеңде қолданылып жүрген заңдарға, соның iшiнде "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақ ССР-нiң Заңына өзгертулер енгiзiледi, қосымша жұмыс орындарының өсуiне, кадрларды қайта мамандандыруға және қайта даярлауға, экономиканы реформалаудың әлеуметтiк келеңсiз зардаптарын жұмсартуға мүмкiндiк беретiн ерiктi түрде қоныс аудару туралы, шағын және орта бизнес туралы және басқа да заң жобалары әзiрленетiн болады.
Екiншi кезең, бiрiншi кезеңде басталған құрылымдық-инвестициялық саясатты жүзеге асырумен бiрге, мемлекеттiң, кәсiпорынның және жұмыссыздық бойынша сақтандыратын, жұмыс орнын құру жөніндегі қызметкердiң күш салуын үйлестiретiн үш деңгейлi қаржылық одақ құру негiзiнде жұмыспен қамту жүйесiнiң қызмет етуiн қаржылық тұрғыда қамтамасыз етуге реформа жүргiзудi көздейдi. Жұмыспен қамту процестерiн мақсатты қаржылық реттеу және жұмыссыздықтың алдын алу жұмыспен қамту саласының серпiмдiлiгiн және өркениеттi еңбек нарығын қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Бұл жұмыс 1997 жылдан бастап, республика экономикасында макроэкономикалық iлгерiлеумен өзара тығыз байланыста жүргiзiледi.
Үшiншi кезең (1998 жыл және одан әрi) жұмыспен қамту жүйесiнiң нарыққа бейiмделуiне қарай оның дағдарыс салдарымен бұзылған жетекшi буындарын қалпына келтiру мен жетiлдiру және еңбек нарығының конъюнктурасына сәйкес кадрлардың серпiндi кәсiби құрылымын қамтамасыз ету бағыттарын жүзеге асыруға есептелiнген.
Жұмыспен қамту саясатының негiзгi мiндеттерiн кезең-кезеңмен шешуге жүйеге келтiрiлген стандарттарды жасауға, жұмыс күшiнiң қозғалысын, оның сапасы мен жұмыспен қамтудың сол немесе басқа саласына кіру ерекшелiгiн дәл бейнелеуге бағытталған жүйелi шараларды жүзеге асыру да жатады. Сондай-ақ еңбек нарығы статистикасының дүние жүзiлiк стандартқа мейлiнше жақын келуi қамтамасыз етiлуге тиiс.
Жұмыспен қамту саясаты кәсiпорынның бәсекелестiк қабiлетiн көтеру, икемдi еңбек режимдерiн пайдалану есебiнен жұмыссыздықтың жолын жабу бағытында олардың iс-әрекетiн мемлекетпен үйлестiру жолымен жұмыспен қамтуды сақтау және ұлғайту жөніндегі меншiктiң барлық нысанындағы кәсiпорындардың белсендi көзқарасын көздейдi.
5. Жұмыспен қамту саясатын және жұмыссыздарды
әлеуметтiк қорғауды жүзеге асыру тетiктерi
5.1. Жұмыспен қамту саясатын жүзеге асырудың негiзгi элементтерi мен тетiгінiң тұтқалары
Жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясаты тетiгiн жүзеге асырудың негiзгi элементтерi мыналар болып табылады:
институционалдық және құрылымдық жаңғыртуды, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996-1998 жылдарға арналған тереңдетiлген реформалар жөніндегі iс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру кезiнде халықты жұмыспен қамтуды және жұмысшы күшiнiң бәсекелестiк қабiлетi жоқ салалар мен өндiрiстерден бәсекелестiк қабiлетi барларға кетуiн жүзеге асыру;
нарықтық экономика талаптарын қанағаттандыратын кәсiптер мен мамандықтар бойынша кәсiби даярлау және қайта даярлау сияқты салаларда адамдық капиталды инвестициялау;
жаңа технологияны экономиканың еңбек ұсынысына жағымды ықпал жасауға қабiлеттi көп еңбек сiңiрудi қажет ететiн секторларына инвестициялау;
халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жұмыспен қамтудың аймақтық бағдарламалары жөніндегі бағдарламалық шараларды жасау және жүзеге асыру;
жұмыссыздарды қайта біліктендiрудiң және кәсiби оқытудың оның iшiнде кадрларды iшкi фирмалық қайта дайындаудың икемдi жүйесiн ұйымдастыру;
қоғамдық жұмыссыздарды ұйымдастыруды жетiлдiру;
жұмыссыздарға ақпараттық және басқа да делдалдық қызметтер көрсету;
жұмыспен қамтудың және жұмыссыздықтың мониторингiн ұйымдастыру, кәсiпкерлiктi қолдаудың және дамытудың инфрақұрылымдарын құру.
Орта мерзiмдiк келешекте жұмыспен қамту саясатын жүзеге асырудың негiзгi тұтқалары;
кәсiпорындарды реформалаудың, оның iшiнде кәсiби бағдар қызметiн көрудiң, босаған қызметкерлердi кәсiби оқыту және қайта даярлаудың нәтижесiнде жұмыссыздықтың өсуiне ықпал ететiн факторларды бейтараптандыру;
макроэкономикалық стратегия шеңберiнде мемлекеттік әлеуметтiк саясат жүргiзу;
кәсiпкерлiктiң және өзiн-өзi қамтудың, шағын және орта бизнестiң бизнес-орталықтарда шағын бизнес инкубаторларын құру, шағын бизнес орталықтарын қолдау, кәсiпкерлiк дағдыға оқыту ресурстарын кеңейту жолымен еңбектiң келешектi саласы ретiнде дамуына жәрдем көрсету;