Арнайы су пайдалануға келісім және рұқсат беру тәртібін бекіту
туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің
1994 жылғы 29 желтоқсандағы № 1482 қаулысы
ҚР Үкіметінің 20.01.04 ж. № 56; 26.01.04 ж. № 84 қаулыларымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң "Қазақстан Республикасының Су Кодексiн күшiне енгізу туралы" 1993 жылғы 31 наурыздағы № 2062 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Арнайы су пайдалануға келісім және рұқсат беру Тәртібі бекітілсiн /қоса берiлiп отыр/.
2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Су ресурстары жөніндегі Комитет Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігімен, Экология және биоресурстар министрлігімен бiрлесе отырып үш ай мерзiмде арнайы су пайдалануға келісім және рұқсат беруге, сондай-ақ арнайы су пайдалануға рұқсаттың бiрыңғай үлгiсiне байланысты мәселелер жөніндегі нұсқауды әзiрлеп, мүдделi мемлекеттік ұйымдармен келiсе отырып бекiтетiн болсын.
3. "Халық депутаттары жергiлiктi Советi атқару комитеттерiнiң Қазақ ССР-i территориясында жүзеге асырылатын арнайы су пайдалануға келісім және рұқсат беру тәртібі жөніндегі Нұсқауды бекіту туралы" /Қазақ ССР ҚЖ, 1979 ж., № 13, 33-бап/ Қазақ ССР-i Министрлер Советiнiң 1979 жылғы 4 маусымдағы № 226 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1994 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 1482 қаулысымен
Бекiтiлген
Арнайы су пайдалануға келісім және рұқсат беру
ТӘРТІБІ
1. Арнайы су пайдалануға рұқсатты:
жер бетіндегі суларды пайдалануға - табиғат қорғау мемлекеттік органдарының келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Су ресурстары жөніндегі комитет пен оның жергiлiктi органдары;
жер асты суларын пайдалануға - су ресурстары мен табиғат қорғауды мемлекеттік басқару органдарының келісімi бойынша Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі және оның жергiлiктi органдары бередi деп белгiленсiн.
2. Арнайы су пайдалануға рұқсат су пайдаланушыларға, олардың меншiк нысанына қарамастан, осы су пайдаланудың шарттары келісілгеннен кейiн берiледi:
мемлекеттік табиғат қорғау органдарымен - барлық жағдайларда;
мемлекеттік санитарлық қадағалауды жүзеге асыратын органдармен - барлық жағдайда /Қазақстан Республикасы Су Кодексiнiң 74-бабына сәйкес ағашты сал ғып ағызуға, сондай-ақ ағаш сүрегiн кемемен сүйремей буып және топтап алғызуға рұқсат беруден басқа/;
мемлекеттік тау-кен қадағалау органдарымен - гидроминералдық ресурстарды пайдалануға /емдiк минералды, жылу-энергетикалық және өнеркәсiп сулары/;
мемлекеттік мал дәрiгерлiк қызмет органдарымен - мал шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал өнiмдерi мен шикiзатын ұқсату және сақтау кәсiпорындарының мұқтажы үшiн су алғанда.
Су пайдалану шарттарын келiсу, сондай-ақ арнайы су пайдалануға рұқсат беру туралы мәселенi әрбiр оған құқықты орган бiр ай мерзiмде қарауы тиiс.
3. Жаңадан салынып жатқан кәсiпорындар, ғимараттар мен басқа объектiлер үшiн арнайы су пайдалануға рұқсат жобаға тапсырыс берушiге немесе олардың тапсырмасы бойынша - объектiлердi жобалау барысында оларды бекiткенге дейiн, бас жобалаушыларға берiледi. Егер жобалау мен бекіту, сондай-ақ құрылыс барысында берiлген рұқсатта белгiленген шарттардан ауытқу қажеттiлiгi туындаса, арнайы су пайдалануға жаңа рұқсат алынуға тиiс.
4. Жобаларды бекіту, сондай-ақ судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, ғимараттар мен басқа объектiлердi салуды қаржыландыру, немесе су тұтынудың, пайдаланылған ағынды суды ағызудың ұлғаюына немесе олардың сапалық құрамының нашарлауына байланысты оларды қайта құру осы Тәртiптiң 1-тармағында көрсетiлген мемлекеттік басқару органдары беретiн арнайы су пайдалануға рұқсат болғанда ғана жүзеге асырылады.
5. Қорғаныс және басқа арнайы объектiлер, сондай-ақ әскери бөлiмдер үшiн арнайы су пайдаланудың шарттарын келiсу мен оған рұқсат берудi тиiстi министрлiктер мен ведомстволардың келісімi бойынша, белгiленген тәртiппен, осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырылады.
6. Арнайы су пайдалану шарттарын келiсу барысында су пайдаланушылар мен осы Тәртiптiң 2-тармағында көрсетiлген мемлекеттік қадағалау органдарының арасындағы келiспеушiлiктi қарамағында аталған су пайдаланушы бар министрлiктер мен ведомстволар және тиiстi мемлекеттік қадағалау органдары қарайды. Министрлiктер, ведомстволар және мемлекеттік қадағалау органдарының арасында келiспеушiлiк болған жағдайда соңғы шешiмдi осы Тәртiптiң 1-тармағында көрсетiлген мемлекеттік басқару органдары қабылдайды.
7. Арнайы су пайдаланудың шарттарын өзгерту және оған рұқсаттың күшiн жою Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
8. Арнайы су пайдалануға рұқсат алмай су пайдаланған заңды ұйымдар, сондай-ақ азаматтар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.