10-бап. Iшкi iстер органдарының мiндеттерi
1. Iшкi iстер органдары алдарына қойылған мiндеттерге сәйкес және өздерiнiң құзыретi шегiнде:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қайшы қол сұғудан қорғауға;
2) қоғамдық тәртiптi қорғауға және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге, соның iшiнде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жәрдемiмен, ұйымдар мен азаматтардың ерiктi қатысуымен қорғауға және қамтамасыз етуге;
3) қылмыстың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және ашуға;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге;
4-1) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұсталатын адамдар мен олардың аумағындағы, сондай-ақ оған iргелес аумақтағы азаматтардың жүріс-тұрысын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға;
4-2) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұсталатын адамдардан Қазақстан Республикасының заңнамасымен және сот үкiмiмен оларға жүктелген мiндеттердi орындауын талап етуге;
4-3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұсталатын адамдарды тiркеудi, сондай-ақ оларды дактилоскопиялауды, суретке түсiрудi, олардың бейне түсiрiлiмiн, дыбыс жазбасын жүзеге асыруға;
4-4) сотталған адамдарды жүргiзiлетiн тәрбиелеу iс-шараларына мiндеттi түрде қатысуға тартуға;
4-5) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұсталатын адамдарға алкогольдiк ішімдiктердi, уытты, есірткі және психотроптық заттар пайдалану фактiлерiн анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес куәландыру жүргiзуге;
4-6) қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар іс-әрекеттер жасады деп күдік келтірілген адамдарды қылмыстық-атқару жүйесi мекемесiне iргелес аумақта ұстауға және iшкi icтep органдарына жеткізуге, оларды жеке тексеруді жүзеге асыруға;
5) «Жедел-iздестiру қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қылмыстардың алдын алуға, анықтауға және ашуға, iшкi iстер органдары жүйесiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, ішкі істер органдарының уақытша ұстау изоляторларында заңнамада белгіленген режимдi сақтап тұруға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруға мiндеттi. Бұл ретте жедел-iздестiру іс-шараларын жүзеге асыруға құқығы бар iшкi iстер органдарының бөлiмшелері мен қызметкерлерiнiң тiзбесiн Iшкi iстер министрi белгiлейдi;
6) алдын ала тергеуді жүзеге асыруға, анықтама жүргiзуге;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жөніндегі iстер бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға;
7-1) қылмыстық-атқару жүйесiнде төтенше оқиға жағдайларына қызметтік тексерiстер жүргiзуге, олардың себептерiн анықтауға және талдауға, мұндай жағдайларды болдырмау бойынша шаралар қолдануға;
8) қылмыстық процеске қатысушылар мен өзге де адамдардың өмiрiн, денсаулығын, ар-намысын, қадiр-қасиетiн және мүлкiн қорғау жөнiнде заңдарда көзделген шараларды қолдануға;
9) қылмыс жасаған, бірақ анықтамадан, тергеуден және соттан бой тасалаған, қылмыстық немесе әкiмшiлiк жазаларын атқарудан және өтеуден жалтарған, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адамдарды iздестiруді жүзеге асыруға және заңмен көзделген өзге де жағдайларға, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлерді және ұрланған мүлiктi iздеудi жүзеге асыруға;
10) заңдарда белгіленген тәртіппен жедел-іздестіру және тосқауыл қою шараларын, қылмыс жасаған адамдарды ұстау жөніндегі операцияларды жүргізуді жүзеге асыруға, сондай-ақ өзге де құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға оларды жүргізуде және жүзеге асыруда жәрдем көрсетуге;
11) iздестiру, тергеу және өзге де заңмен көзделген iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде соттардың ұйғарымдарын, судьялардың қаулыларын, прокурордың, тергеушiнiң және анықтамашының жазбаша тапсырмаларын орындауға;
11-1) атқарушылық іс жүргізу органдарына орындау құжаттарын мәжбүрлеп орындатуда көмек көрсетуге;
12) қылмыстық жазалар мен әкiмшiлiк жазалауларды атқаруға, сотталғандардың, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынғандардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етуге;
12-1) прокурордың азаматтар мен лауазымды адамдарды мәжбүрлеп жеткізу (күштеп әкелу) туралы қаулыларын орындауға, сондай-ақ прокурордың өз құзыретi шегiнде шығарған өзге де жазбаша тапсырмалары мен талаптарын орындауға;
13) халықты құқықтық тәрбиелеуге қатысуға, құқық тәртібінiң жай-күйi мен iшкi iстер органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөніндегі шаралар туралы қоғамдық пiкiрдi зерделеуге;
14) авария, өрт, дүлей апат және басқа төтенше жағдайлар зардаптарын жою кезiнде қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге;
14-1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының үлгілік паспортын әзірлеуге;
15) құқыққа қайшы қол сұғудан, жазатайым және оқыс оқиғалардан зардап шеккен, сондай-ақ денсаулығы мен өмiрi үшiн қауiптi дәрменсiз немесе өзге де күйдегi азаматтарға көмек көрсетуге;
16) заңдарға сәйкес төтенше немесе әскери жағдай режимiн қамтамасыз етуге қатысуға, соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс жүйесiнде жекелеген мiндеттердi орындауға;
17) iшкi iстер органдарының қорғаныстық-жұмылдыру даярлығын, бейбiт кезең мен соғыс уақыты жағдайында төтенше ахуалдар туындаған кезде олардың жұмысының тұрақтылығын арттыру, Iшкi iстер министрлігі арнаулы бөлiмшелерiнiң толық және дер кезiнде жұмылдыруға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға;
18) жол жүрісі ережелерінің және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өзге де нормативтердің сақталуын және механикалық көлік құралдары және олардың тіркемелері иелерінің міндетті техникалық байқаудан уақтылы өтуін бақылауды жүзеге асыруға; мемлекеттік тіркеу және есепке алу тәртібін айқындауға, сондай-ақ жеңіл, жүк автомобильдерін және олардың базасында жасалған арнаулы автомобильдердi қоса алғанда, автобустарды, троллейбустарды; мотоциклдер мен мотороллерлерді, автомобильдердің құрамында жүруге арналған тіркемелерді мемлекеттік тіркеуді және есепке алуды жүргізуге, оларды пайдаланушы, оның ішінде сенімхат бойынша пайдаланушы адамдарды тіркеуді және есепке алуды жүргізуге, оларды жүргізу және троллейбустар мен трамвайларды жүргізу құқығына емтихан қабылдауға және куәлік беруге, жол жүрісін реттеуге;
19) мемлекеттік өрттен қорғау қызметі органдарына меншіктің барлық нысандарындағы объектілерде өрт қауіпсіздігі жай-күйіне бақылау жасауды жүзеге асыруда жәрдем көрсетуге;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 20) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
20) қару мен оқ-дәрiлердiң (жауынгерлiк оқ-дәрiлердi қоспағанда) сатып алынуына, сақталуына, оларды тасымалдауға, алып жүруге, әкелуге, әкетуге және пайдалануға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға, қару мен оқ-дәрiлердiң, жарылғыш заттардың, есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттардың, прекурсорлардың айнадымының және олардың жұмыс iстеуiнiң белгiленген қағидаларының сақталуын бақылауға; көрсетілген заттар, нәрселер, материалдар тұрған үй-жайларды әкiмшiлiктiң қатысуымен тексеріп-қарауға; қаруды есепке алуға және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда алып қоюға; азаматтардың қолындағы қаруды, оқ-дәрiлерді және оларды қолдану қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында олар сақталатын орындарды тексеріп-қарауға; қару мен оқ-дәрiлердi сақтау және пайдалану қағидалары бұзылған кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да жағдайларда ұйымдар мен азаматтардан оларды алып қою туралы мәселе қоюға;
21) заңдарға сәйкес ішкі істер органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша лицензиялар және рұқсаттар беруді жүзеге асыруға;
22) мемлекеттік маңызы бар объектiлер мен түзеу мекемелерiн күзетудi қамтамасыз етуге; ұйымдарды күзетудiң жай-күйiн бақылауға;
23) жаппай тәртiпсiздiктердi, соның iшiнде түзеу мекемелеріндегі жаппай тәртiпсiздiктердi тыюға, әскери қарауылдардың күзетуiнен қашқан сотталғандарды iздестiруді жүзеге асыруға қатысуға;
24) ұсталғандарды, қамауға алынғандар мен сотталған адамдарды күзетуге және айдап апаруға;
25) азаматтар мен лауазымды тұлғалардың шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың олар үшiн белгiленген келу, кету, болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттi өту ережелерiн сақтауын бақылауға;
25-1) 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
25-2) босқындар мәселелерi жөнiндегi жұмысты үйлестiруге;
25-3) 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
25-4) 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
26) арнаулы және әскери тасымалдарды ұйымдастыруға;
27) карантиндiк, санитарлық және экологиялық iс-шараларды, оның iшiнде төтенше жағдайлар кезiнде өткізуге қатысуға;
28) денсаулық сақтау мекемелерiне шақыру бойынша келуден жалтарған алкоголизм, нашақорлық, уытқұмарлық, жыныс ауруларына шалдыққан немесе иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған адамдарды олардың ұсыныстары бойынша айдап алып келудi жүзеге асыруға;
29) иесiз қалған мүлiк пен қазыналардың тиiстi мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қарауына берiлгенге дейiн сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде шұғыл шаралар қолдануға; табылған және iшкi iстер органдарына тапсырылған құжаттардың, заттардың, құндылықтардың және басқа мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, оларды меншiк иелерiне қайтару не белгiленген тәртiппен сату жөнiнде шаралар қолдануға;
30) шет мемлекеттердiң тиiстi органдарымен, халықаралық ұйымдармен Қазақстан Республикасының тиiстi халықаралық шарттары негiзiнде ынтымақтастық жасауға;
30-1) кәмелетке толмағандардың арасында қылмыскерліктің алдын-алу мақсатында: бас бостандығынан айыру орындары мен жабық үлгідегі арнаулы білім беру ұйымдарынан босатылғандардың; қылмыс жасаған кезінде заңға сәйкес жасы толған соң қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін жасқа толмағандардың; спиртті ішімдіктерді, есірткілік құралдар мен уытты заттарды қолданатындардың; әкімшілік жазалау шараларын қолдану көзделген өзге де құқық бұзушылықтар жасағандардың есебін жүргізуге және оларға ықпал ету шараларын қолдануға;
30-2) азаматтық материалдарын ресiмдеудi қамтамасыз етуге;
30-3) заңды тұлғалардың шетелдiк жұмыс күшiн тарту, шетелдiктердiң елде болуына рұқсат беру ережелерiн сақтауына қатысты қызметiн бақылауға, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың шет елге шығуын және шетелдiктердi тұрғылықты тұруға қалдыруды шектеу туралы шешiм қабылдауға;
30-4) кез келген жасалған немесе әзiрленiп жатқан, соның iшiнде өздерiнiң қарауына жатпайтын құқыққа қарсы қастық жасау туралы арыздар мен хабарламаларды қарауға, оларды тiркеуге, олардың жолын кесу, ашу, оларды жасаған адамдарды ұстау, қоғамдық қауiптi зардаптарға жол бермеу жөнiнде уақтылы шаралар қолдануға; қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталған адамдарды, сондай-ақ оларға қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде әкiмшiлiк қамауға алу таңдап алынған адамдарды оқшаулау жағдайында ұстау үшiн уақытша ұстау оқшаулау бөлмелерi болуға;
30-5) құқық тәртібін қорғау жөніндегі мiндеттердi шешудi, соның iшiнде әкiмшiлiк қадағалауға алынған және алдын алу ықпалы жасалуға тиiс адамдарды, қайталап жасауы күшейтiлген жауаптылыққа әкелiп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамдарды есепке алуды қамтамасыз ететiн мамандандырылған есепке алуды, ақпарат жүйелерiн құруға және пайдалануға; есепте тұратын адамдардың мiнез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға;
30-6) он сегіз жасқа толмаған және қылмыс жасаған адамдарды, егер оларды оқшаулау қажет болса, арнаулы мекемелерде ұстауға міндетті.
Қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа толмаған және қылмыс жасаған, сондай-ақ ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберілетін кәмелетке толмағандар сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін ата-аналарына, оларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер заңмен жүктелген қорғаншыларына, қамқоршыларына және өзге де адамдарға беріледі;
30-7) кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметінің барысында ұсталған, үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi және ата-аналарының немесе оларды алмастырушы адамдардың қамқорлығынсыз қалған қадағалаусыз балалар мен жасөспiрiмдердi кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына жеткізуге;
30-8) қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетi мен қоғамдық имандылықты қорлайтындай мас күйде жүрген не айналасындағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн адамдарды, ал тұрғын үйде болып, қоғамдық тәртiптi бұзған адамдарды - олармен бірге тұратын азаматтардың арыздары бойынша медициналық ұйымдарға жеткізуге;
31) есiрткi құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы қызмет түрлерiн лицензиялауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бақылауға және жүзеге асыруға;
32) есiрткi құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет жасау саласына келiп түсетiн техникалық көмек пен инвестициялардың нысаналы пайдаланылуын өз құзыретi шегiнде бақылауға;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 33) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33) мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет жасау саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және iске асыруға қатысуға;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 34) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
34) Қазақстан Республикасындағы нашақорлық ахуалдың жай-күйi мен даму үрдiсiн талдауды жүзеге асыруға;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 35) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
35) нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрес жөнiндегi өңірлік комиссиялардың қызметiн үйлестiрiп отыруға;
36) нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-әлеуметтiк көмек ұйымдастыруда денсаулық сақтауды мемлекеттік басқару органдарына жәрдем көрсетуге және оны көрсету кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерiн қамтамасыз етуге;
37) есiрткi құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет жасау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға;
38) есiрткi құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет жасау саласындағы заңдардың қолданылу iс-тәжiрибесiн талдап, қорытуға және оны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге және енгiзуге;
39) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесе отырып есiрткi құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет жасау саласында жұмыс iстеу үшiн мамандарды, сондай-ақ есiрткi құралдары мен психотроптық заттарды пайдаланатын және пайдалануға бейiм адамдардың профилактикасы, оларды емдеудi, әлеуметтiк оңалтуды ұйымдастыру саласындағы мамандарды оқытуды және олардың біліктiлiгiн арттыруды ұйымдастыруға және үйлестiруге;
40) құзыреттi мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, есiрткi құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет жасау саласындағы ғылыми зерттеулердi үйлестіруге;
41) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздерінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтерді ұсынуға;
41-1) оңалту және банкроттық саласындағы уәкiлеттi органның сұрау салулары бойынша заңда белгіленген тәртіппен банкрот деп танылған немесе оларға қатысты оңалту рәсімі қолданылған борышкерлерге қатысты меншікке қарсы қылмыстар бойынша қозғалған, іс жүргізуде жатқан қылмыстық істер бойынша мәліметтерді ұсынуға;
42) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
2. Қызметкерлер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзған жағдайда iшкi iстер органдары бұл құқықтарды қалпына келтiруге, келтiрiлген залалды өтеуге, кiнәлi адамдарды жауапқа тартуды қамтамасыз етуге мiндеттi.
ҚР 10.07.1998 ж. № 283-1 Заңымен 11-бап 39)-тармақшамен толықтырылды; 09.12.1998 ж. № 307-1; 29.03.2000 ж. № 42-11; 16.07.2001 ж. № 244-11; 06.12.2001 ж. № 260-11; 2004.29.12 № 25-III (бұр. ред. қара); 2004.29.12 № 26-III (бұр. ред. қара); 2007.22.05. № 255-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 11-бап өзгертiлдi; 2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2008.05.07. № 63-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.29.04. № 272-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 11-бап өзгертілді
11-бап. Iшкi iстер органдарының құқықтары
1. Iшкi iстер органдарының осыған уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар арқылы жүктелген мiндеттердi атқару үшiн өз құзыретi шегiнде:
1) азаматтардан қоғамдық тәртiптi және қоғамдық қауiпсiздiктi сақтауды талап етуге, құқыққа қарсы iс-қимылдар мен iшкi iстер органдарының өкiлеттiгiн жүзеге асыруға кедергi келтiретiн әрекеттердi тоқтатуды талап етуге құқығы бар. Бұл талаптар орындалмаған жағдайларда тиiстi мәжбүрлеу шараларын қолдануға;
2) қылмыс пен әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған деп сезiктелген жағдайда азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ орындалуын бақылау iшкi iстер органдарына жүктелген белгiленген ережелердiң сақталуын тексеруге қажеттi басқа құжаттарды тексеруге;
3) кез-келген жасалған немесе әзiрленiп жатқан құқыққа қарсы қол сұғу, соның iшiнде олардың қарауына жатпайтындар туралы арыздар мен хабарларды қарауға, оларды тiркеуге, олардың жолын кесу, ашу, оларды жасаған адамдарды ұстау, қоғамдық қауiптi зардаптарға жол бермеу жөнiнде нақтылы шаралар қолдануға;
4) қылмыстарды анықтау, тыю, ашу және тергеу кезiнде басқа органдарға, ұйымдар мен лауазымды тұлғаларға атқарылуы мiндеттi тапсырмалар беруге;
5) азаматтарды iс жүргiзудегi материалдар мен қылмыстық iстер бойынша iшкi iстер органдарына шақыруға, олардан түсiнiктемелер, құжаттар, олардың көшiрмелерiн алуға, жауап алуға, сондай-ақ шақырғанда келуден дәлелдi себепсiз жалтарған адамдарды мәжбүрлеп алып келуге;
6) осы қызметтi реттейтiн заңдарға сәйкес әкiмшiлiк iс жүргiзудi жүзеге асыруға; хаттамалар жасауға, әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, тәртiп бұзушыларды жеткізуге, әкiмшiлiк ұстауды жүргiзуге, кiсiнiң жеке басын тексеруге, сондай-ақ заттары мен құжаттарын тексеруге және алып қоюға;
7) құқық бұзған әскери қызметшiлердi ұстауға және оларды әскери полиция жасақтарының бастықтарына, әскер бөлiмдерiнiң командирлерiне немесе жергілікті әскери басқару органдарының бастықтарына беруге;
8) он сегіз жасқа толмаған және қылмыс жасаған адамдарды, егер оларды оқшаулау қажет болса, арнаулы мекемелерде ұстауға құқығы бар.
Қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа толмаған және қылмыс жасаған, сондай-ақ ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберілетін кәмелетке толмағандар сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін ата-аналарына, оларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер заңмен жүктелген қорғаншыларына, қамқоршыларына және өзге де адамдарға беріледі;
8-1) кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметінің барысында ұсталған, үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi және ата-аналарының немесе оларды алмастырушы адамдардың қамқорлығынсыз қалған қадағалаусыз балалар мен жасөспiрiмдердi кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына жеткізуге;
9) әкiмшiлiк қамауға алынған адамдарды ұстауға;
10) тексеру материалдары, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес қажетті зерттеулер жүргізуге;
11) қозғалған қылмыстық iстер жөнiнде мемлекеттік органдарда, сондай-ақ ұйымдарда ақпарат пен материалдарды кедергiсiз және өтеусiз алуға;
12) заңдарда көзделген жағдайларда белгiлi тұрғылықты орны, құжаттары жоқ адамдарды олардың жеке басын куәландыру және кейiннен тиiстi органдар мен мекемелерге (көшi-қон, медицина, әлеуметтiк және өзге де) беру мақсатында соттың санкциясымен отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұстауға және қабылдау-бөлу орындарында отырғызуға;
13) қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетi мен қоғамдық имандылықты қорлайтындай мастық күйде жүрген не айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн, ал тұрғын үйде болып, қоғамдық тәртiптi бұзған адамдарды - олармен бірге тұратын азаматтардың арыздары бойынша арнаулы медицина мекемелерiне не iшкi iстер органдарының кезекшi бөлiмдерiне жеткізуге және оларда айыққанға дейiн ұстауға;
14) заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен қылмыстық iс жүргiзу әрекеттерiн және жедел iздестiру шараларын жүргiзуге, оларды жүргiзуге мамандарды тартуға, дерек мәлiметтердi жинау және зерттеу үшiн ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға құқығы бар. Бұл ретте мемлекеттік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтер, сондай-ақ адамдардың жеке өмiрi, жеке басы мен отбасының құпиясы туралы мәлiметтер жария етiлуге тиiс емес;
15) қамауға алынған, қылмыс жасады деген сезiкпен ұсталған, қылмыс жасады деп айып тағылған, әкiмшiлiк қамауға алынғандарды, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзған деп сезiктелген адамдарды, олардың жеке басын анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, тiркеуге, фотосуретке түсiруге, дыбысын жазуға, кино және бейнекөрiнiске түсiруге, дактилоскопия жасауға;
16) құқық тәртібін қорғау жөніндегі мiндеттердi шешудi, соның iшiнде әкiмшiлiк қадағалауға алынған және ескерту арқылы ықпал жасалуға тиiс адамдарды, әкiмшiлiк құқық бұзған және оларды қайталап жасауы күшейтiлген жауаптылыққа әкелiп соғатын адамдарды есепке алуды қамтамасыз ететiн мамандандырылған есепке алуды, ақпарат жүйелерiн құрауға және пайдалануға, есепте тұратын адамдардың мінез-құлқын қадағалау мен бақылауды жүзеге асыруға;
17) әкiмшiлiк құқық бұзу iстерi жөнiнде алдын ала тергеу, анықтама және iс жүргiзу барысында ғылыми-техникалық зерттеулер жүргiзуге;
18) адамдардың iшiмдiк, есiрткi және психотроптық заттарды қолданғандығын белгiленген тәртiппен куәландыруға немесе оны жүргiзу үшiн оларды медициналық мекемелерге жiберуге не жеткізуге;
19) құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, қылмыстарды ашу және тергеу мақсатында қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуға келісім білдірген азаматтармен жария және жария емес негізде ынтымақтастық орнатуға;
20) кiдiртуге болмайтын жағдайларда қызмет мақсатында, қай жерде орналасқанына және кiмге тиесiлi екендiгiне қарамастан халықаралық және қалааралық сөйлесуге кеткен шығыстарды өтей отырып, байланыс құралдарын пайдалануға;
21) өзге мүмкiндiктер болмағанда меншiк нысанына қарамастан (дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттер өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдардан басқа) жазатайым оқиғалар, дүлей апаттар болған жерлерге бару және жедел медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды емдеу мекемелерiне жеткізу үшiн, сондай-ақ кiдiртуге болмайтын өзге де жағдайларда, иелерiне залал келтiрiлген жағдайда оны өтей отырып, көлiк құралдарын пайдалануға;