ЕСКЕРТУ. 20-баптың 2-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан
Республикасының 1996.07.15. № 30-1 Заңымен.
V тарау. Шетелдiк инвесторлар және шетел қатысатын
кәсiпорындар қызметiнiң түрлерi мен
шарттары
ЕСКЕРТУ. Атауы сөздермен толықтырылды - Қазақстан Республикасының
1997.07.01. № 165 Заңымен.
21-бап. Еншiлес кәсiпорындар, филиалдар мен өкiлдiктер
1. Шетел қатысатын кәсiпорын заңдарда белгiленген тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде заңды тұлға құқықтары бар еншiлес кәсiпорындар, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктер құра алады.
2. Шетел қатысатын кәсiпорындардың филиалдары мен өкiлдiктерi заңды тұлға болмайды және өздерi туралы шетел қатысатын кәсiпорындар бекiтетiн ережелер негiзiнде жұмыс iстейдi.
22-бап. Кедендiк салықтар
1. Қазақстан Республикасына шетел қатысатын кәсiпорынның жарғылық қорына шетелдiк инвестордың салымы ретiнде әкелiнетiн жабдықтар мен олардың жиынтықтаушы қосалқы бөлшектерi кеден бажын төлеуден босатылады.
2. Шетел қатысатын кәсiпорындардың, шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң шетелдiк қызметкерлерiнiң жеке мүлкi кеден бажын төлеуден босатылады.
3.
ЕСКЕРТУ. 22-баптың 1-2-тармақтары жаңа редакцияда, 3-тармағы
алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01.
№ 165 Заңымен.
23-бап. Бухгалтерлiк есеп және есеп беру
1. Шет ел қатысатын кәсiпорын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бухгалтерлiк есеп жүргiзедi және қаржылық есептiлiк жасайды.
2. Салықтарды есептеу Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
3. Шет ел қатысатын кәсiпорын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмде және нысандар бойынша меншiк иелерiне, мемлекеттік статистика, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарына олардың құзыретiне сәйкес жылдық қаржылық есептiлiк және аудиторлық қорытынды табыс етедi.
Ескерту. 23-баптың 2-тармағы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің
1995.10.05. № 2488 Жарлығымен.
ЕСКЕРТУ. 23-баптың 1,3-тармақтары жаңа редакцияда - Қазақстан
Республикасының 1997.06.02. № 115-I Заңымен.
24-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары
қатысатын еңбек қатынастары
ЕСКЕРТУ. Атауы сөздермен толықтырылды - Қазақстан Республикасының
1997.07.01. № 165 Заңымен.
1. Шетел қатысатын кәсiпорындарда жұмысқа жалдау мен босату, еңбек пен демалыс режимi мәселелерiн, еңбекке ақы төлеу, кепiлдiктер беру мен өтем төлеу ережелерiн қоса алғанда, өндiрiстiк және еңбек қатынастары ұжымдық шартпен (келісіммен) де, жеке еңбек шарттарымен (келісім-шарттармен) де реттеледi.
2. Ұжымдық шарт (келісім) пен жеке еңбек шарттарының ережелерi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ережелермен салыстырғанда осы кәсiпорын қызметкерлерiнiң жағдайын нашарлатпауы керек.
3. Шетел қатысатын кәсiпорындағы кәсiптiк одақтардың қызметi Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде жүзеге асырылады.
25-бап. Шетелдiк қызметкерлер тарту
1. Шетел қатысатын кәсiпорындардың жұмысшылары мен қызметшiлерiнiң, оның әкiмшiлiгiнiң, бақылау кеңесi мүшелерiнiң құрамына шетелдiк азаматтар кiре алады.
Шетел қатысатын кәсiпорындардың шетелдiк қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу, оларға демалыс беру, зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелерi олардың әрқайсысымен жасалатын жеке еңбек шарттарында (келісім-шарттарда) шешiлуге тиiс. Осы қызметкерлер өздерiнiң шетелдiк валютамен алатын жалақысының тиiстi салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдер төленгеннен кейiн шет мемлекеттерге аудара алады.
2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi жоқ шетелдiк қызметкерлермен еңбек қатынастарына, егер еңбек шартын (келісім-шартын) жасасушы тараптар оны жасасқан кезде немесе бұдан былайғы келісім негiзiнде еңбек қатынастарының жекелеген элементтерiн реттеп отыратын елдiң заңдарын таңдап алмаған болса, Қазақстан Республикасының заңдары қолданылады.
3. Қазақстан Республикасында шетелдiк инвесторлармен жасалған еңбек шарттары (келісім-шарттары) бойынша жұмыс iстейтiн шетелдiк азаматтардың еңбек қатынастары еңбек шартының тараптары (келісім-шартында) таңдап алған заңдармен реттеледi.
4. Шетел қызметкерiмен жасалған еңбек шартының (келісім-шартының) талаптары жалақы мөлшерi, әйелдердiң, жасөспiрiмдердiң, мүгедектердiң еңбегiн қолдану, сондай-ақ қауiпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бөлiгiнде қызметкерлердi әлеуметтiк қорғаудың ең төменгi деңгейiн белгiлейтiн Қазақстан Республикасы заңдарының нормаларына қайшы келмеуге тиiс.
ЕСКЕРТУ. 25-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан
Республикасының 1997.07.01. № 165 Заңымен.
26-бап. Әлеуметтiк сақтандыру мен қамсыздандыру
1. Шетел қатысатын кәсiпорынның шетелдiк қызметкерлерiн зейнетақымен қамтамасыз етуге арналған төлемдер олардың тұрақты тұратын елдерiнiң тиiстi қорларына валютамен және сол елдердiң заңдарына сәйкес аударылады.
2. Шетел қатысатын кәсiпорындар қазақстандық қызметкерлердi мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру жарналарын Қазақстан Республикасының кәсiпорындары мен ұйымдары үшiн белгiленген ставкалар бойынша енгiзедi.
ЕСКЕРТУ. 26-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.01.
№ 165 Заңымен.
27-бап. Дауларды шешу
1. Инвестициялық даулар, мүмкiндiгiнше, келiссөздер арқылы шешiледi.
2. Егер мұндай дауларды дауласушы кез келген бiр тараптың екiншi тарапқа жазбаша өтiнiш жасаған күнiнен бастап үш ай iшiнде келiссөз арқылы шешу мүмкiн болмаса, шетелдiк инвестордың жазбаша келісімi болған жағдайда дау кез келген тараптың қалауы бойынша:
1) Қазақстан Республикасының сот органдарына;
2) дауларды шешудiң келісілген, соның iшiнде келісім-шартта немесе дауласушы тараптар арасындағы кез келген өзге келісімде белгiленген рәсiмге сәйкес мынадай төрелiк органдарының бiрiне:
а) егер инвестордың мемлекетi Вашингтонда қол қою үшiн 1965 жылғы 18 наурызда ашылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі конвенцияның (ИКСИД Конвенциясы) қатысушысы болса, сол Конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (бұдан әрi - Орталық);
б) егер инвестордың мемлекетi ИКСИД Конвенциясының қатысушысы болмаса, Орталықтың Қосымша (Қосымша органның Ережелерi бойынша жұмыс iстейтiн) органына;
в) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі Комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелiк регламентiне сәйкес құрылатын төрелiк органдарына;
г) Стокгольмдегi Сауда Палатасының Төрелiк институтында төрелiк етiп қарауға;
д) Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палатасы жанындағы Төрелiк комиссиясына шешуге берiлуi мүмкiн.
3. Шетелдiк инвестор дауларды қараудың осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген рәсiмiн таңдаған жағдайда Қазақстан Республикасының келісімi алынған болып топшыланады. Шетелдiк инвестордың келісімi уәкiлеттi мемлекеттік органға кез келген уақытта жазбаша өтiнiш беру арқылы немесе төрелiкке жүгiнген кезде берiлуi мүмкiн.
4. Уәкiлеттi мемлекеттік орган дауды шешудiң бастамашысы болған, ал шетелдiк инвестор дауларды қараудың белгiлi бiр рәсiмiн таңдаудан жалтарған жағдайда, уәкiлеттi мемлекеттік орган дауды бiтiмгершілiкпен реттеу мақсатымен шетелдiк инвесторға бiрiншi рет жазбаша хабарлаған күнiнен бастап үш ай өтiсiмен уәкiлеттi орган дауды Қазақстан Республикасының сот органдарына қарауға беруге хақылы.
Шетелдiк инвестор осы баптың 2-тармағында көзделген дауларды шешудiң өзге рәсiмiн таңдағаны туралы жазбаша өтiнiш берген жағдайда iстi қараушы сот iс жүргiзудi тоқтатады.
5. Осы бапқа сәйкес кез келген төрелiк iстi қарау, егер шетелдiк инвестор мен уәкiлеттi мемлекеттік орган арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қол қойылған Шетелдiк төрелiк шешiмдердi тану және орындау туралы Конвенцияға (Нью-Йорк Конвенциясы) қатысушы мемлекетте өтуге тиiс.
6. Осы бапқа сәйкес шығарылған кез келген төрелiк шешiм инвестициялық дау тараптары үшiн түбегейлi және мiндеттi болады. Қазақстан Республикасында мұндай шешiм Қазақстан Республикасы сот органдарының шешiмдерi ретiнде де орындалады.
7. Шетелдiк инвесторлардың Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен, оның iшiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен инвестициялық дау санатына жатпайтын дауларын, егер заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының сот органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешедi.
ЕСКЕРТУ. 27-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының
1997.07.01. № 165 Заңымен.
Қазақстан Республикасының
Президентi