Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесi туралы
Ереженi бекіту туралы Қазақстан Республикасы Министрлер
Кабинетінің 5 сәуiрдегі 1993 ж. № 256 Қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 12.07.00 ж. № 1063 қаулысына сәйкес осы қаулының күші жойылды
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесi туралы берiлiп
отырған Ереже, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мен жеке
басының куәлiгiнiң үлгiсi және олардың сипаттамасы бекітілсiн .
Ескерту. 1-тармағы Қазақстан Республикасы азаматы
паспортының үлгiсiн бекіту бөлiгiнде күшiн
жойған - ҚРМК-нiң 1994 ж. 22 сәуірдегі № 429
қаулысымен.
2. Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесi туралы Ереже 1994 жылғы 1 шiлдеден бастап күшiне енгiзiлсiн.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы азаматтығының паспорты мен жеке басының куәлiгiн даярлауды, сондай-ақ халықты құжаттандыру жүйесiн енгізудi қаржыландыруды қамтамасыз етсiн.
4. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесi туралы Ереженi қолдану тәртібі туралы Нұсқауды 1994 жылғы 1 қаңтарға дейiн әзiрлейтiн болсын.
5. Паспорттардың ескi үлгiсiн Қазақстан Республикасы азаматтарының жаңа үлгiдегi паспорттары мен жеке басының куәлiктерiне айырбастау 1999 жылдың 1 наурызына дейiн аяқталсын.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚРҮ-нiң 1996.09.18.
№ 1137 қаулысына сәйкес.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚРҮ-нiң 1998.12.04.
№ 1235 қаулысына сәйкес.
6. Халықты Қазақстан Республикасы азаматының паспортымен және жеке басының куәлiгiмен құжаттандырудың саяси маңызын ескере отырып, облыстардың, аудандардың, қалалардың әкiмдерi:
Қазақстан Республикасы азаматының паспорттары мен жеке басының куәлiктерiн беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруда iшкi iстер органдарына көмек көрсетсiн;
паспорт қызметiне қажеттi штат саны, азаматтарға қызмет көрсетуге, тиiстi құжаттамаларды сақтауға қолайлы жайлар бөлсiн, сондай-ақ материалдық-техникалық құралдармен және жабдықтармен қамтамасыз ететiн болсын. Қазақстан Республикасының Премьер-министрi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі № 256 қаулысымен Бекiтiлген
Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесi туралы
Ереже
Демократияның одан әрi нығаюы мен кеңеюi, жеке адамның құқы мен мүддесiн қорғау жағдайында Қазақстан Республикасының азаматтарына заңда көзделгендегiден басқа жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағы шегiнде жүрiп-тұру және тұрғылықты жерiн таңдау еркiндiгiне құқын сақтауға кепiлдiк берiледi.
Қазақстан Республикасының азаматы жүрiп-тұру және тұрғылықты жердi таңдау құқынан бет алды айырылмайды.
Осы Ереже паспорт жүйесiн жетiлдiруге, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңды iске асыруға, республиканың экономикалық дамуының мүддесiне орай халықтың көшiп келуiн есептеудi жүзеге асыруға, әлеуметтiк-экономикалық және демографиялық процестердi реттеуге, заңдылық пен тәртiптi нығайтуға жәрдемдесуге арналған.
I. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты жеке басын куәландыратын, Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын негiзгi құжат болып табылады, ол 16 жасқа толған азаматтарға берiледi, республика аумағында және шет елдерге шыққанда жарамды.
Паспорт Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылады және республика аумағында да, одан тыс жерлерде де Қазақстан Республикасының қорғауында болады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы бiрiккен Қарулы Күштерiнiң бөлiмдерiнде әскери қызметте жүрген және басқа елдердiң азаматтары болып саналатын әскери қызметшiлер, офицерлер мен прапорщиктер әскери бөлiмдер мен әскери мекемелердiң командованиесi берген жеке куәлiктерi мен әскери билеттерi бойынша тұрады.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар ықтиярхат бойынша тұра алады.
3. Паспорт қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде толтырылады және мынадай мәлiметтер болады.
- тегi, аты, әкесiнiң аты туралы;
- туған күнi және жер;
- жынысы;
- ұлты (паспорт иесiнiң қалауы бойынша көрсетiледi) және азаматтығы;
- паспорт берген iшкi iстер органы.
Паспортқа төмендегiдей жазбалар мен белгiлер енгiзiледi:
- баратын елi мен мерзiмi көрсетiлген шетелге шығу туралы рұқсат жазбасы;
- паспорт иесiмен бiрге шетелге баратын 16 жасқа дейiнгi балалары туралы жазба (қажет болған жағдайда осы балалардың суретi жапсырылады);
- шетелге сапарының мақсаты туралы белгi;
- шекарадан өткенi туралы шекаралық бақылау-тексеру пункттерiнiң белгiсi.
Паспортқа Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі белгiлеген нысандағы таңбалар басылады.
Паспортқа басқа белгiлер соғуға тыйым салынады.
Ескерту. 3-тармақтың 5-абзацы жаңа редакцияда берiлген -
ҚРМК-нiң 1996.03.04. № 277 қаулысымен.
4. Қазақстан Республикасының аумағында паспортпен бiрге және куәлiк болады, ол 16 жасқа толғанда берiледi.
Куәлiкте мыналар көрсетiледi:
тегi, аты, әкесiнiң аты;
туған күнi және жерi;
ұлты (жеке куәлiк иесiнiң қалауы бойынша көрсетiледi);
тұрған жерi;
куәлiктi берген органның атауы;
берiлген күнi.
Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке бас куәлiгiн жоғалтқанда немесе ол пайдалануға жарамсыз болып қалғанда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан адамдарға, олар жаңа құжаттар алғанға дейiн, уақытша жеке бас куәлiгi берiледi.
Ескерту. 4-тармақ толықтырылды - ҚРМК-нiң 1996.03.04.
№ 277 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 4-тармақ жаңа абзацпен толықтырылды - ҚРҮ-нiң
1997.03.10. № 314 қаулысымен.
II. Паспорт жүйесiнiң ережесін сақтауға
жауапты адамдар
5. Паспорт жүйесiнiң ережесін сақтау жауапкершiлiгi мыналарға жүктеледi:
азаматтарға;
тұрғын үйдi пайдалану және тұрғын үй-коммуналдық кеңселерiнiң (бөлiмдерiнiң) басшыларына, үйлердi пайдалану жөніндегі дирекцияларға, үй басқарушыларына, үйлердiң, жатақханалар мен саяжай-құрылыс кооперативтерiнiң коменданттарына;
азаматтарды тiркеуге жататын қонақ үйлердiң, санаторийлердiң, демалыс үйлерiнiң, пансионаттардың, туристiк базалардың, ауруханалардың, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлердiң және басқа мекемелердiң директорларына (меңгерушiлерiне);
Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елдерге туристiк сапарын жүзеге асыратын мекемелердiң, кооперативтердiң және басқа да ұйымдардың басшыларына;
қарамағында тұрғын үй ғимараттары мен үй-жайлар бар үй иелерiне және басқа да азаматтарға;
азаматтарды жалдау және контракт бойынша жұмысқа қабылдауды жүзеге асыратын лауазымды және жеке адамдарға.
III. Қазақстан Республикасы азаматының
паспорт алуы және пайдалануы
6. Осы Ереженiң 9-тармағында көрсетiлген жағдайларда паспорт пен жеке куәлiктi азаматтардың тұратын жерi бойынша iшкi iстер органдары бередi, айырбастайды. Шетелдерде тұрақты тұратын адамдарға Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi немесе консулдық мекемелерi бередi, айырбастайды.
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мен жеке куәлiк алу үшiн тұратын жерi бойынша iшкi iстер органдарына Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі белгiлеген нысан бойынша өтiнiш, тууы туралы куәлiк және фотосурет тапсырылады.
Қазақстан Республикасының азаматына жататын қолданылып жүрген тәртiпке сәйкес белгiленген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданған немесе қалпына келтiрiлген адамдар паспорт алу үшiн бұған қоса Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі бекiткен нысан бойынша анықтама тапсырады.
7. Паспортты толтырған кезде азаматтың тегi, аты, әкесiнiң аты және басқа мәлiметтер тууы туралы куәлiк негiзiнде жазылады.
8. Паспортқа ұлты туралы жазба ата-анасының ұлтына сәйкес жазылады. Ата-анасы әр ұлттың өкiлi болса, азамат өз еркiмен әкесiнiң не шешесiнiң ұлтын таңдауға құқылы. Азаматтардың ұлты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзгертiлуi мүмкiн.
9. Азаматтардың паспорттары мен куәлiктерi мынадай жағдайларда ауыстырылады:
- 25 және 45 жасқа толғанда;
- тегi, аты, әкесiнiң аты өзгергенде;
- жазбалардағы жаңсақтықтар анықталғанда;
- ұлты туралы жазба өзгергенде;
- пайдалануға жарамай қалғанда;
Сонымен бiрге азамат тұрған жерiн өзгерткен кезде куәлiк ауыстырылады.
Паспорты мен куәлiгiн ауыстыруға негiзi бар адамдар тұратын жеріндегі iшкi iстер органдарына барады.
Мерзiмi өтiп кеткен паспорт азаматтың жеке басын куәландыра алмайды, паспорттың қолдану мерзiмi, ол туралы төлқұжаттың 30-бетiнде тиiстi жазба жасалып, алты айға бiр рет ұзартылуы мүмкiн.
ЕСКЕРТУ. 9-тармақ толықтырылды - ҚРҮ-нiң 1997.03.10.
№ 314 қаулысымен.
10. Азаматтар паспорт пен куәлiктi ұқыпты сақтауға, ал жоғалтып алған жағдайда орнына басқасын алу үшiн тұратын жеріндегі iшкi iстер органдарына баруға мiндеттi. Шет елдерде тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары паспортын жоғалтып алған жағдайда Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерiне немесе консулдық мекемелерiне хабарласады.
11. Қазақстан Республикасының азаматтары паспорты мен куәлiгiн мынадай жағдайларда iшкi iстер органдарына табыс етедi:
- Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде немесе азаматтығынан айрылғанда.
Табылған паспорттар мен куәлiктер, өлген адамдардың паспорттары мен куәлiктерi де iшкi iстер органдарына өткiзiледi.
Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгiзiлдi - ҚРМК-нiң 1996.03.04.
№ 277 қаулысымен.
12. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мен куәлiгiн заңда белгiленген жағдайларда анықтау, алдын ала тергеу немесе сот органдары алып қоюы мүмкiн.
13. Қамауға алынған сондай-ақ бас бостандығынан айырылып мiндеттi түрде еңбекпен түзеуге сотталған адамдардың паспорттары мен куәлiктерi алынып, үкiмдi орындаушы мекемелерде сақталады. Қамаудан босатылған немесе жазасын өтеу мерзiмi бiткен кезде паспорт иесiне қайтарылады.
14. Паспорттар мен куәлiктердi кепiлдiкке қабылдауға және беруге, сондай-ақ оларды осы Ережеде көрсетiлгеннен басқа жағдайларда алып қоюға болмайды.
15. Қазақстан Республикасының азаматына паспорттар мен куәлiктер бергенi үшiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлеген мөлшерде ақы алынады.
IV. Тұратын жерi бойынша тiркеу мен ретi
16. Азаматтар тұрғылықты тұратын жерi мен уақытша тұратын жерiнде тiркелуге мiндеттi. Тұратын жерi бойынша iшкi iстер органдары тiркейдi.
17. Қазақстан Республикасының азаматтарын тұратын және келген жерiнде тiркеу олардың белгiленген тәртiппен тұрғын үйдi немесе тұрғын үй-жайды меншiгiне алғанын растайтын, немесе тұрғын үй-жайды пайдалануға, соның iшiнде шарт бойынша жалға алуға, жалға беруге және жалдауға алғанын куәландыратын құжаттар негiзiнде, сондай-ақ олардың тұрғын үй-жайға қоныстануына құқық беретiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздер бойынша жүзеге асырылады.
18. Тұратын жерiнде тiркелуге жататындар:
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтары;
- үш айдан астам мерзiмге уақытша тұруға Қазақстан Республикасына келген шетелдерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
- Қазақстан Республикасының бiр жерiнен екiншi жерiне үш айдан астам мерзiмге уақытша тұруға келген Қазақстан Республикасының азаматтары;
- Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар;
- казармалардан, корабльдерден және кемелерден тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер.
Қызмет бабымен немесе жеке шаруасымен Қазақстан Республикасына уақытша келген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының Заңдарында белгiленген тәртiппен тiркеледi.
19. Мемлекет хауiпсiздiгi мен қоғамдық тәртiптi қорғау, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мүддесiне орай Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Қазақстан Республикасының жекелеген жерлерiнде тұратын жердi таңдауға шектеу белгiлеу мүмкiн. Өзге шектеулер белгiлеуге жол берiлмейдi.
Айрықша режим жағдайындағы (жабық әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдар) елдi мекенде тұрақты тұратын немесе уақытша келген Қазақстан Республикасының азаматтарын тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен алынған рұқсат табыс етiледi.
20. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi тұрақты жер таңдауға шектеу белгiлеген жерлерде осындай шектеулерге қарамастан тұрақты тұруға келген мынадай азаматтар тiркеледi:
а) жұбайы - өз жұбайының тұрғын үй алаңына;
б) кәмелетке толмаған балалар мен қамқорлыққа алынғандар - ата-анасының және қамқорлыққа алушылардың тұрғын үй алаңына;
в) өзiнiң отбасы жоқ немесе кәмелетке толмаған балалары бар, алайда некеге тұрмаған кәмелетке толған балалар - ата-анасының тұрғын үй алаңына;
г) ата-анасы - балаларының тұрғын үй алаңына;
д) кәмелетке толмаған және ата-анасы жоқ бiрге туған аға-iнi мен апа-сiңлi, сондай-ақ еңбекке жарамайтын бiрге тұрған аға-iнi мен апа-сiңлi жастарына қарамай, егер өздерiнiң отбасы жоқ болса, - аға-iнiсiнiң немесе апа-сiңлiсiнiң тұрғын үй алаңына;
е) қарулы күштер қатарынан әскери қызметiн өтеп қайтқан әскери қызметшiлер, егер олар сол елдi мекеннен әскери қызметке шақырылған болса - әскери қызметке шақырылғанға дейiн тұрған тұрғын үй алаңына не ата-анасының немесе басқа туысқандарының тұрғын үй алаңына;
ж) басында баспанасы жоқ запасқа немесе отставкаға шыққан ұзартылған мерзiмдегi әскери қызметшiлер, қарулы күштердiң прапорщиктерi, мичмандары мен офицерлерi және олардың отбасылары - запасқа немесе отставкаға шыққан жақын туыстарының немесе жұбайының туыстарының тұрғын үй алаңына;
з) бас бостандығынан айырған жерден жазасын өтеуден, айдаудан, жер аударудан босатылған адамдар, сондай-ақ мiндеттi еңбекке тарту жолымен бас бостандығынан айыруға соттауға, немесе халық шаруашылығының кәсiпорындарында жұмыс iстеу үшiн бас бостандығынан айырған жерден шартты түрде босатуға байланысты шектеулер алынған адамдар, - өздерi сотталғанға дейiн тұрған отбасы мүшелерiнiң немесе туысқандарының тұрғын үй алаңына;
и) уақытша басқа жаққа кетсе де қолданылып жүрген заңдарға сәйкес тұрғын үй-жайды пайдалану құқы сақталатын азаматтар.
Аталған шектеулер уақытша тұру үшiн келген мынадай санаттағы адамдарға қолданылмайды;
а) белгiленген тәртiппен жоғары немесе орта арнаулы оқу орындары қатарына жатқызылған оқу орындарының студенттерiне (тыңдаушыларына), сондай-ақ кадрлардың біліктілігiн арттыру жөніндегі даярлау және қайта даярлау курстарының аспиранттарына, адъюнктерге, ординаторларға, тыңдаушыларға - оқуда жүрген кезiнде;
б) белгiленген тәртiппен жоғары оқу орнына жатқызылатын Қазақстан Республикасының ҰҚК-i мен Iшкiминiнiң әскери академиялары мен оқу орындарының аспиранттарының, адъюнктерiнiң, ординаторлары мен тыңдаушылары оқуда жүрген кезiнде;
в) запасқа немесе отставкаға шыққан ұзартылған мерзiмдегi әскери қызметшiлер, Қарулы Күштердiң, ҰҚК органдарының прапорщиктерi, мичмандары мен офицерлерi (олардың отбасы мүшелерi) әскерге шақырылғанға немесе қызметке кiрiскенге дейiн тұрақты тұрған елдi мекендерiне, егер олар осы елдi мекендерге запасқа немесе отставкаға шыққан соң үш айдың iшiнде келмесе - осы елдi мекенде белгiленген тәртiппен тұрғын үй алғанға дейiн;
г) заңда белгiленген тәртiппен осы тақылеттес деп танылған босқындар.
21. Тұратын жерi бойынша тiркеу жеке басын куәландыратын мынадай құжаттар арқылы жүргiзiледi:
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын 16 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматтары - куәлiктерi бойынша;
ата-анасынан (қамқорлығына алушылардан, күтушiлерден) бөлек тұратын 16 жасқа толмаған балалар - туу туралы куәлiктерi бойынша;
ата-анасымен (қамқорлығына алушылармен, күтушiлермен) бiрге тұратын 16 жасқа толмаған балалар - ата-аналарының (қамқорлығына алушылардың, күтушiлердiң) куәлiктерi бойынша олар туралы мәлiметтi ата-ананың (қамқорлығына алушының, күтушiнiң) бiрiн тiркегенi туралы тиiстi құжаттарға енгізу жолымен;
шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасына үш айдан артық уақытша тұруға келген болса - паспорты бойынша немесе оның орнына жүретiн құжаттар бойынша;
республикада тұрақты тұратын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар - ықтиярхат бойынша;
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы Бiрiккен Қарулы Күштерiнiң әскери қызметшiлерi - әскери бөлiмдер мен мекемелер командованиесi берген анықтамалар бойынша
22. Тiркелуге жататын адамдар осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген адамға жетi күн мерзiмде тiркеуге мынадай құжаттарды табыс етуге мiндеттi:
- тұрғын үй алаңын берген адамның және онымен бiрге тұратын кәмелетке толған барлық отбасы мүшелерiнiң тiркеуге деген келісімi бар Iшкi iстер министрлігі белгiлеген нысандағы арызды;
- осы Ереженiң 21-тармағында көрсетiлген құжаттардың бiрiн.
Келiп түскен құжаттар үш күн мерзiмде тiркеудi жүзеге асыратын органға табыс етiлуi тиiс.
23. Тұратын жерi бойынша тiркелген кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде мемлекеттік баж салығы алынады.
24. Iшкi iстер органдарында тiркелуден мына адамдар шығарылады:
басқа жаққа қоныс аударғандар;
заңды күшiне енген үкiм негiзiнде бас бостандығынан айрылып сотталғандар;
тұрғын үй-жайды пайдалану құқын сот жойылған деп танығандар;
өлгендер;
Ескерту. 24-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРМК-нiң 1996.03.04.
№ 277 қаулысымен.
25. Тұратын жерiнен кеткендер осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген адамдарға мынадай құжаттарды табыс етедi:
жазбаша арыз;
осы Ереженiң 21-тармағында көзделген құжаттардың бiреуiн.
26. Тұрғылықты жерi бойынша тiркеудi ресiмдеу барысында осы Ереженi, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк актілерін немесе мемлекетаралық келісімдерiн бұзуға жол берiлген жағдайда оны ресiмдеген iшкi iстер органдары, сондай-ақ жоғары тұрған iшкi iстер органдары немесе сот жоюы мүмкiн.
Тұратын жерi бойынша тiркеудi жою туралы талапты мүдделi заңды ұйым немесе жеке адам Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмде қоя алады.
27. Тұратын жерi бойынша тiркеудi жүзеге асыруға қажет құжаттардың нысанын Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі белгiлейдi. Оны берген кезде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiленген мөлшерде ақы алынады.
V. Паспорт жүйесiнiң тәртібін
бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
28. Осы Ереженi бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапкершiлiкке тартылады.
VI. Халықаралық шарттарды қолдану
29. Егер Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шартында осы Ережедегiн өзгеше ереже белгiленсе, мемлекетаралық шарт ережесi қолданылады. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі № 256 қаулысымен Бекiтiлген Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (сипаттамасы)
1. Паспорт кiтапшасының көлемi 88X125 мм, оның iшiнде сутамғы белгiлерi бар арнаулы қағазда жасалған 16 парақ орналастырылған. Паспорт парақтарындағы жазулар мен сызықтар қара түстi бояумен түсiрiлген.
2. Паспорттың мұқабасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалауының түсiндей көгiлдiр түстi, онда:
а) қазақ және ағылшын тiлдерiнде
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
REPUBLIC KAZAHSTAH
деген алтын түстi батырма жазу бар;
б) ортасында - Қазақстан Республикасының Елтаңбасы;
е) елтаңбадан төмен
ПАСПОРТ
PASSPORT
деген батырма жазу бар.
Мұқабаның iшкi жағында Қазақстан Республикасы Елтаңбасының түрлi-түстi бейнесi.
3. Паспорттың бiрiншi бетiнде қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде:
"Қазақстан Республикасы, бұған қатысы бар адамдардың бәрiнен,
паспорт иесiнiң бөгетсiз өтуiн және жүрiп-тұруын қамтамасыз етудi,
ал қажет болған жағдайда, оған заңды қолдау көрсетiлуiн және
қорғалуын сұрап өтiнiш бiлдiредi" деген жазу бар.
4. 2-беттен 29 бетке дейiн шет елге шығатын кезде берiлетiн виза мен рұқсат ету белгiлерiне арналған. Тақ санды беттердiң бәрiнде паспорттың нөмiрi бар.
5. 30-31 беттерде - Паспорт жүйесi туралы ережеден қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде үзiндi келтiрiлген.
6. 32-бетте қазақ және орыс тілінде "Қазақстан Республикасы азаматының паспорты", "Паспорт гражданина Республики Қазақстан" деп тiгiнен екi жолға жазылған.
Одан төменде қазақ және орыс тілінде жазу үшiн орын қалдырылған:
Тегi, фамилия;
Аты, әкесiнiң аты, имя, отчество;
Ұлты, национальность;
Өз қолы, подпись;
7. Мұқабаның iшкi жағында қазақ тілінде "Қазақстан Республикасы" деп тiгiнен жазылған жазу бар.
Төменгi сол жағында "ПАСПОРТ", оның астында "PASSPORT" деген жазу, оң жағында паспорттың нөмiрi.
Сол жағында сурет кәртiшкесiне орын қалдырылған.
Суреттiң оң жағында мынадай жазу бар:
Тегi (Фамилия) Surname
Аты (Имя) Given names
Азаматтығы (Гражданство) Nationality
Туған күнi, айы, жылы (Число, месяц, год рождения) Date of birth
Туған жерi (Место рождения) Place of birth
Жынысы (Пол) Sex
Паспорт берген мекеме (Кем выдан паспорт) Antwority
Паспорт берiлген күнi (Дата выдачи паспорта) Date of issue
Төменде мәшине шығаратын текске орын қалдырылған.
№ 3 Қосымша
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1993 жылғы 5 сәуірдегі
№ 256 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасы
Азаматының жеке куәлiгi
(сипаттамасы)
1. Жеке куәлiк - мөлдiр пластикалық қаптамасы бар, көлемi 70X100 мм баспаханалық жолмен жасалған түрлi-түстi кәртiшке. Мұндағы жазулар мен сызықтар қара түстi бояумен түсiрiлген.
2. Оның бет жағында:
а) жоғарғы шетiнде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" және "РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН" деп жазылған, бұлардың арасында Қазақстан Республикасының диаметрi 20 мм. Елтаңбасы бейнеленген;
б) олардан төмен "ЖЕКЕ КУӘЛIК" және "УДОСТОВЕРЕНИЕ ЛИЧНОСТИ" деген жазулар бар;
в) елтаңбаның астында куәлiктiң нөмiрi көрсетiлген;
г) сол жағында мөлшерi 33X43 мм сурет кәртiшкесi жапсырылған;
д) суреттiң астында "қолы" "подпись" деп жазылған.
3. Суреттiң оң жағында төрт көлбеу сызық тартылған. Олардың астында:
Тегi Фамилия
Аты Имя
Әкесiнiң аты Отчество
Туған күнi, айы, жылы Число, месяц, год рождения деп жазылған.
Текстен төмен азаматтық код орналастырылған.
4. Куәлiктiң сырт жағында сегiз көлбеу сызық тартылған. Олардың астында:
Туған жерi Место рождения
Ұлты Национальность
Тұрғылықты жерi Место жительства
Куәлiк берген мекеме Кем выдано удостоверение
Берiлген күнi Дата выдачи деген жазулар бар.