Ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 тамыздағы № 1271 Қаулысы
(2008.18.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
"Өрт қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасының Орман кодексiне" сәйкес ормандардағы өрт қауiпсiздiгi мен өрт сөндiрудiң нәтижелiлiгiн арттыру, олардың алдын алу жөнiнде қажеттi iс-шаралар жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасының ?кіметi қаулы етеді:
ҚР Үкіметінің 2005.30.06 ж. № 662 қаулысымен (бұр. ред. қара); 2008.18.11. № 1068 (бұр.ред.қара) 1 тармақ өзгертілді
1. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі:
1) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетiне 1999 жылы Қазақстан Республикасының ормандар картасын жаңартуды тапсырсын;
2) өртке қарсы қызмет органдарымен бiрлесiп, ормандарда Өрт қауiпсiздiгінiң ережелерi сақталуы үшiн сақтандыру шаралары мен бақылауды күшейтуге, ормандарды жерде, авиациялық қорғау мен сақтаудың дайындығын қамтамасыз етуге, орман алқаптарының өртке тұрақтылығын арттыруға ерекше көңiл бөле отырып, орман шаруашылықтарын өрттiң қауiптi маусымдарына дайындау жөніндегі қажеттi кешендi ұйымдастыру шараларын жүзеге асырсын;
3) мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарымен бiрлесiп, орман өрттерiн сөндiруге қатысатын ұшақтарды, тiк ұшақтарды, өрт, апаттан құтқару техникасы мен жабдықтарын пайдалану жөніндегі келген шығынды қаржыландырудың және шығындарды өтеудiң шарттарын айқындай отырып, ормандағы өрттердi ескерту, оларды жою мақсатында ормандарды авиациялық қорғау және сақтау қызметі авиациясының ұшақтарымен және тiк ұшақтарымен тұрақты қызмет жүргізілуін ұйымдастырсын.
2. Қазақстан Республикасының Көлiк, коммуникациялар және туризм министрлігі:
1) темір және тас жолдардың бойындағы бөлiнген алқаптар аймағында өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдасын;
2) "Қазақстан Темір жолы" ГМК жылжымалы құрамның паркiн өрт қауiпсiздiгi жағдайына келтiрудi қамтамасыз етсiн, ол үшiн барлық локомотивтердi ұшқын ұстайтын торлы тұншықтырғыштармен қамтамасыз ете отырып, өртке қарсы қорғанудың толық жиынтығы жоқ локомотивтердi пайдалануға жол бермесiн.
3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі ормандағы өрттер бойынша кiдiртуге болмайтын шұғыл-iздеу шараларын және тергеу әрекеттерiн жүргiзудiң сапасын, орман өрттерiне байланысты қылмыстардың ашылуын жоғарылатуды бақылауды күшейтсiн.
ҚР Үкіметінің 2005.30.06 ж. № 662 қаулысымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі::
1) жыл сайын ормандарға немесе тiкелей iшiне орналасқан орман шаруашылығы бiрлестiктерiнiң объектiлерiне, елдi мекендерге, демалыс аумақтарына, санаторийлерге, пансионаттарға және адам көп болатын басқа да объектілерге өрт-техникалық зерттеулер жүргiзсiн, меншiктiң барлық нысанындағы және түріндегі ауыл шаруашылық объектiлерiне паспорттандыру жүргiзсiн және қолда бар өрт сөндiру жарақтарын МЕМСТ талаптарына сәйкестендiрсiн;
2) жыл сайын көктем-жаз кезеңiнде iрi орман өрттерiн сөндiруге тартылатын күштер мен құралдардың өзара әрекет жөніндегі жоспарларын пысықтап және үйлестіре отырып, Қазақстан Республикасы Орман шаруашылығы комитетiнiң өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiмен өрт-тактикалық жаттығуларын жоспарласын және жүргізсін;
3) "Қазақстан Темір жолы" РМК өрт сөндiру бөлiмдерiмен өрт сөндiруге дайындықты пысықтау мақсатында тиiстi жаттығулар жүргiзсiн.
ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының әкiмдерiне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң келісімi бойынша мыналар ұсынылсын:
1) орман өрттерi болуы мүмкiн аудандарда өрт-химиялық станцияларын, бақылау постарын құруға және жабдықтауға қаражат іздестiрсiн;
2) өрттiң қауiптi маусымында төтенше орман өрті жағдайындағы аудандарға инженерлік техниканы, жанар-жағар материалдарын жедел жеткізу үшін резерв құруды қамтамасыз етсін;
3) меншiк нысанына қарамастан төтенше жағдайлар аймақтарында орналасқан ұйымдарды орман өрттерiн сөндiру үшiн тартудың, бұған тартылған адамдарды қатынас құралдарымен, азық-түлiкпен және дәрiгерлiк жәрдеммен қамтамасыз етудiң тәртібін белгiлесiн;
4) резерв құрамында орман өрттерiн жоюға байланысты iс-шараларды қаржыландыру үшiн қажеттi қаражат қарастырсын;
5) экология және табиғат ресурстарының, iшкi iстердiң, мемлекеттік өртке қарсы қызметтiң аумақтық органдарымен бiрлесiп бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ормандағы өрттердi ескерту, олардың қауiптiлiгiн және өрт қауiпсiздiгiнiң талаптарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк шараларын түсіндiретiн үгiт жұмысын ұйымдастырсын;
6) 1999-2001 жылдар ормандағы өрттердiң санын және одан келетiн зиянның көлемiн тұрақты азайтуды қамтамасыз етуге бағытталған орманды өрттен қорғау жөніндегі кешендi аймақтық бағдарламалар мен өзара iс-қимыл жоспарын бiр ай мерзiмде дайындасын және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгiнiң келісімi бойынша бекiтсiн;
7) халықтың ұйымдасқан демалысы үшiн бөлiнген орман қорларының учаскелерiн көрiктендiру жөніндегі iс-шараларды әзірлесін және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен келіссін, бұл учаскелерді өрттің қауіпті кезеңінде мықтап күзетуді ұйымдастырсын.
ҚР Үкіметінің 2005.30.06 ж. № 662 қаулысымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің орман өрттерін сөндіруге қатысқан тік ұшақтарын қондыру және орналастыру үшін Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында орналасқан әскери аэродромдарды пайдалануына рұқсат берсін.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі