Қазақстан Республикасында табиғи монополиялар субъектілерінің
қызметін реттеудің 1999-2000 жылдарға арналған тұжырымдамасы
туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы
15 шілде № 983
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасында табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің 1999-2000 жылдарға арналған тұжырымдамасын мақұлдансын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Yкіметінiң 1999 жылғы
15 шiлдедегi
№ 983 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасында табиғи монополиялар
субъектiлерiнiң қызметiн реттеудiң 1999-2000 жылдарға арналған
тұжырымдамасы
1. Кiрiспе
1992 жылға дейiн Қазақстан экономикасының барлық саласында тауарлардың және қызмет көрсетулердiң барлық түрлерiне бағаларды мемлекет реттеп отырды.
1992 жылдан бастап бағаларды реттеу тек аса қажеттi азық-түлiк тауарлары, шаруашылық жүргiзушi монополист-субъектілердiң өнiмдерi үшiн iске асырылды. Табиғи монополияшылардың өнiмдерi бағаны реттеудiң мәнi тарифтердi инфляция деңгейiне үйлестiру болды.
1992-1994 жылдары бағаларды реттеу босаңсыды. 1994 жылдың соңына қарай баға саласындағы жағдай сын сәтiне жеттi, бағалар, әсiресе, табиғи монополияшы кәсiпорындарда күрт өстi. Бағалық қайшылықтар пайда болды. 1992 жылдың қаңтарынан 1994 жылдың қазанына дейiн бәсеке басталып кеткен индустрия, жеңiл және тамақ өнеркәсiбіндегi баға өсуiнiң орташа индексi салыстырмалы тұрғыда төмен болған жағдайда, электр қуаты, табиғи газ үшiн бағалар айтарлықтай өстi. Қазақстан экономикасын қаржылық тұрақтандыру мәселесiн шешу тек монополияшы кәсіпорындарда бағалардың өсуiн тоқтату арқылы мүмкiн едi.
1994 жылдың қазан айынан "Шаруашылық жүргiзушi субъектiлер-табиғи монополияшылардың өнiмдерiне бағаларды реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1994 жылғы 19 қазандағы № 1171 қаулысы шыққан соң, табиғи монополияшы кәсiпорындардың бағаларын реттеу жөнiндегі жұмысы басталды. Бағаларды тоқсанында бiр реттен жиi қайта қарауға тиым салынды. Монополиялық жоғары пайданың деңгейiне бақылау орнатылды. Табиғи монополияшы кәсiпорындардың жанындағы негiзгi қызметтi қосарлаушы құрылымдар жойылды.
Бұл шаралар табиғи монополияның аясына жататын және тұтастай алғанда экономикадағы бағалардың өсу қарқынын бәсеңдетуге мүмкiндiк бердi. 1995-1997 жылдары азық-түлiк тауарларына бағаларды реттеу жойылды. Бәсекелестiк рыногында iстейтiн монополияшылардың рентабельдiлiк деңгейiн реттеу тоқтатылды.
Ұлттық акционерлік компаниялар мен мемлекеттік акционерлік компаниялар және салалас кәсiпорындарды бiрiктiретiн және бәсекелестiктi шектейтiн басқа да ұйымдық-басқару құрылымдары монополиясыздандырылды. Мемлекеттiң бәсекелестiк-нарықтық реттеудi кеңейтуге бағытталған белсендi қызметi күшейе түстi, бұл бағалардың және республиканың қаржылық жағдайының тұрақтануына ықпал еттi.
Коммуналдық салаға бюджеттен демеуқаржы беру тоқтатылды Халық, негiзiнен, суға, газға, жылуға және электр қуатына осы қызметтердiң шынайы бағасы бойынша төлей бастады.
1997 жылы Монополияға қарсы комитет табиғи монополия субъектілерi ұсынған 7,5 млрд. теңгелiк бағалардың жобасын негiзсiз деп тапты. Заңды түрде бекітілген "табиғи монополия" түсiнiгiнiң болмауы, бағалардың деңгейiн айқындаудың әдiстемелiк тәсiлдерiн айтпағанның өзiнде, мүмкiндігін шектедi.
1998 жылдың екiншi жартысында: "Табиғи монополиялар туралы" , "Терiс пиғылды бәсекелестiк туралы" заңдар, оларды iске асыру жөніндегі бiрқатар нормативтiк актiлер енгiзiлдi.
Олардың iшiнде: "Табиғи монополия субъектiлерiнiң өндiру iсiне және қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) көрсетулерiне бағаларды (тарифтер) есептеген кезде ескерiлетiн шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібі туралы нұсқаулық", "Табиғи монополия субъектiлерiнiң материалдық және қаржылық ресурстарды тендерлiк негізде сатып алуының Ережелерi", "Табиғи монополия субъектiлерiнiң тауарларына, (жұмыстарына, қызмет көрсетулерiне) бағаларды (тарифтердi) ұсынудың, қараудың, бекітудiң және енгізудiң тәртібі туралы нұсқаулық", "Мемлекеттік бағалар тәртібін бұзғаны үшiн экономикалық санкцияларды қолдану жөніндегі нұсқаулық", "Қазақстан Республикасының табиғи монополия субъектiлерiнiң Мемлекеттік тiркелiмiн қалыптастыру мен жүргізу Ережелерi" бар.
Табиғи монополияның аясын реттеудi одан әрi жетiлдiруде Монополияға қарсы агенттiк дайындаған "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы", "Коммерциялық құпия туралы" Қазақстан Республикасының екi жаңа Заңының iске қосылуының игiлікті әсерi болады. Мұның өзi Қазақстанның Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымына енуi үшiн де маңызды.
2. Табиғи монополиялардың қызметiн реттеудің
мақсаты және субъектiлерi
2.1. Осы Тұжырымдама Елбасының 1999 жылдың 31 наурызында Парламент Палаталарының бiріккен отырысында сөйлеген сөзiнен туындайтын мiндеттердi iске асыру және тариф пен өнеркәсiп саясатын үйлестiру мақсатында жасалды.
2.2. Қазақстан Республикасының Табиғи монополияшылар субъектiлерiнiң мемлекеттік тiркелiмiн енгізу. "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шiлдедегi Заңына сәйкес, Мемлекеттік тiзiлiмге қызметтiң түрлерi табиғи монополия аясына жатқызылған субъектiлер енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының рыногындағы табиғи монополиялардың субъектілерi болып мыналар саналады:
"Интергаз Орта Азия" ЖАҚ, "ҚазТрансОйл" ЖАҚ, "Қазақстан темір жолы" РМК, "Қазақтелеком" АҚ, "KEGOC" АҚ, "Алматы Пауэр Консолидейтид" ЖАҚ", "Қазаэронавигация" РМК, "Союзцелинвод РМК тресi", "Ертіс-Қарағанды" каналын пайдалану жөніндегi кәсiпорын, пошта байланысы РМК, "Қазтеңiзкөлiкфлот" ұлттық теңiз кеме компаниясы, әуежайлар.
Аумақтық деңгейде электр және жылу қуатын берумен және таратумен айналысатын, сумен қамтамасыз ету, сарқын суларды ағызу, газбен жабдықтау, әуе кемелерiн жер бетiнде қамдау жөнiнде қызмет көрсететiн 980-ге тарта субъектілер бар.
2.3. 1999-2003 жылдарда Қазақстан Республикасында табиғи монополиялардың қызметiн реттеудi одан әрi жетілдiру мәселелерi:
табиғи монополиялар субъектiлерiнiң экономикалық қызметiнiң айқындығын қамтамасыз ету, баланстарды және олар жөнiнде жүргiзiлген аудиторлық тексерулердiң нәтижелерiн жыл сайын жариялап отыру;
республиканың iшкi рыногында - бәсекелестiктi қорғау, олардың сыртқы рынокта - отандық тауар өндiрушiлерге өнiмдерi әлемдiк рынокта бәсекеге қабiлетi болатындай жағдайлар жасау;
табиғи монополиялар субъектілерiнiң қызметiне байланысты жекелеген қызмет көрсету (тауар, жұмыс) түрлерiне бөлшек сауда бағасының шектi деңгейiн белгiлеу;
монополиялық қызметтi шектеу және тұтынушылардың мүдделерi мен құқықтарын қорғау;
шығынды жабуды қамтамасыз ететiн табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметтерiне әдiлеттi бағалар (тарифтер) белгiлеу және пайданың әдiлеттi ставкаларын алу;
Инфляциялық болжамдар мен шығыстардағы валюталық құрамды қысқарту есебiнен төлеуге қабiлеттi сұранысты ескере отырып, табиғи монополия субъектiлерi қызметтерiне бағалардың өсуiн шектеу;
салааралық, iшкiсалалық және аймақтық бағалық тепе-теңдiк пен балансты сақтау;
шығындарды оңтайландыру, көрсетiлген қызметтер үшiн төлемдер жинауды жақсарту, капитал игерудi жақсарту, жаңа технологияларды енгізу. Өндiрiстегі ағымдық шығынды азайтуға, көрсетiлетiн қызметтiң тиiмдiлiгi мен сапасын арттыруға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды iске асыру көтермеленетін болады.
3. Табиғи монополиялардың қызметiн реттеудiң тетігі
3.1. Бағалар мен тарифтердi теңгемен белгілеу. Экономикадағы тұрақтылықты сақтау мақсатында табиғи монополиялардың қызметтерiне бағалар мен тарифтер Қазақстан Республикасының резиденттерi үшiн теңге бойынша бекітіледi және тіркеледi.
Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын тауарлар (жұмыстар, қызметтер) жөніндегі ақпарат тұтынушыларға теңгемен ұсынылуы қажет. Қазақстан Республикасының резиденттерi арасында келісім шарттар жасасқанда баға тек ұлттық валютамен белгiленедi. Бұл шектеулер табиғи монополияларды реттеу жөніндегі заңдарда және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда қарастырылған жағдайда, ұйымдардың қызметтерiне белгiленген бағаларға қолданылмайды.
3.2. Табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметiн ұлттық валютаның еркiн өзгермелi айырбас бағамы жағдайында реттеу. Доллар бағамының өзгеруiне қарай табиғи монополияның қызметiне тарифтi "әншейiн" индекстеуге жол берiлмейдi. Бағаларға теңгенiң "өзгермелi" айырбас бағамының әсерiн анықтау үшiн, табиғи монополия субъектiлерiнiң теңгемен және валютамен жүргізген шығыстары мен кiрiстерi айқындалады. Бағалардың өсуiн шектеу және отандық тауар өндiрушiлердi қолдау үшiн, табиғи монополияшылар шығындарының валюталық құрамын кеміту жөнiнде шаралар қолданылады.
Рынокта үстем жағдайға ие және осынысын баға мен тарифтердi негiзсiз көтеруге пайдаланатын шаруашылық жүргiзушi субъектiлердің жылу энергиясын өндiру және қамтамасыз етуге, газбен қамтамасыз ету, электрмен қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету жөнiндегі қызметтерiне, кiрме теміржолдарды пайдалануға көрсететiн қызметтерiнiң бағаларына мемлекеттік реттеу енгізiледi.
Электр энергиясы мен газды Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерден сатыл алатын және қазақстандық өндiрушiлер тарапынан баламалық жеткізу мүмкiншiлiгi жоқ аумақтарды электр энергиясымен және газбен қамтамасыз етуде iркiлiстi болдырмау мақсатында тұтынушылар үшiн газ және электр энергиясының тарифтерiне өзгерістер АҚШ долларының ай iшіндегі биржалық орта бағамының ауытқуларын ескере отырып, ай сайын жүзеге асырылатын болады.
3.3. Бағасын түсiруге жеңiлдiк беретiн, отандық тауар өндiрушiлердi қолдауға бағытталған тарифтердi реттеудiң икемдi тәсiлiн енгізу. Шегерiмдер жасаудың негізгi өлшемдерi мыналар болып табылады: қызмет көрсетудің көлемдерi, тұтыну көлемiнiң арту мүмкiндiгi, алдын ала төлеу табиғи монополия субъектiлерiнiң iске қосылмаған немесе нашар iске қосылған қуаттарын пайдалану және басқалар.
Жеңiлдiк беру мынадай мақсаттарды көздейдi:
сыртқы рынокта отандық өнімдердiң бәсекелестiк қабiлетiн қолдау;
барлық тұтынушылар үшiн табиғи монополияшылар субъектiлерiнiң қызметтерiне тарифтердi көтеру қажеттiлiгіне әкелiп соғуы мүмкiн экспортқа шығарылатын өнiмдер көлемiнiң және табиғи монополияшылар қызметтерi көлемiнiң күрт төмендемеуiне жол бермеу;
бюджетке түсетiн салықтың анағұрлым кемiп кетпеуiне жол бермеу;
Тарифтердiң шегерілуi тұтынудың мәлiмделген көлемiне және алдын ала төлем өткізу мерзiмдерiне байланысты болады.
Тарифтердiң шегерілуi туралы шешiм экспортшы, табиғи монополия субъектiсi мен мемлекет үшiн бұл шараның экономикалық тиiмдiлiк есебiнiң негізiнде қабылданады.
Табиғи монополия субъектілерi бойынша жаңа өндiрiс орындарын аша алатын және өз өнiмдерiмен iшкі де, сыртқы да рыноктарға шығатын тұтынушылар үшiн тарифтерге шегерiмдердi белгiлеудiң тетiктерi енгiзiледi.
3.4. Жаңа тарифтiк әдiстемелiгiн енгізу. Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) бағаны қалыптастыру кезiнде халықаралық стандартқа сәйкес инвестицияланған капиталға пайданың нормаларын белгiлеудiң жаңа әдiстерi қолданыла бастады. Инвестицияланған капиталдың пайдасы инвесторлар тартудың басты ынталандырушысы болып табылады.
Кiрiстiң нормасын анықтау кезiнде халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, үмiтсiз талаптардың туындауына, былайша айтқанда тұтынушылардың төлем мүмкiншiлiгiнiң шектелуiне байланысты тәуекелдер ескерiлетiн болады.
Халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекенi қорғау жөніндегі агенттiгінiң жанында салалық министрлiктердiң өкiлдерiнен, ғалымдардан, мамандар мен тұтынушылардан құралған сарапшылар кеңестерi жұмыс iстейдi. Оларға табиғи монополия саласын реттеудiң заңдық, нормативтiк және тәсiлдемелiк базасы бойынша ұсыныстарды жасау және сараптау мiндеттерi жүктелген.
3.5. Тұтынушылар тобы бойынша тарифтердi дифференциациялау Дамыған елдердiң экономикасында тұрмыстық тарифтер өнеркәсiпке қарағанда, әдетте 1,5-2 есеге жоғары.
Қазақстанда тұтынушылар тобы бойынша тарифтердi негiзсiз дифференциациялау 2000 жылға қарай аяқталатын болады. Өнеркәсiптер мен тұрғындар үшiн жылу беру тарифтерi Атырау, Солтүстiк Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында, электр энергиясын беру Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында теңестiрілетiн болады.
3.6. Табиғи монополия субъектiлерінің инфрақұрылымын дамытуға жұмсалатын шығындарды пайдаланудың ұтымдылығы.
Инвестициялық бағдарламаларды, индикативтiк жоспарларды келiсудiң тәртібі енгiзiледi. Келісілген техникалық саясат бойынша салааралық және iшкiсалалық келісімдердi бекіту ынталандырылады.
Салалар дамуының стратегиялық бағыттарын, өзара байланысқан тарифтiк, өнеркәсiп және көлiк саясатын қалыптастыру мақсатында құрамында мүдделі министрліктер мен ведомстволардың өкiлдерi кiретiн ведомствоаралық кеңес құрылады. Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекенi қорғау жөніндегі агенттiгi оның жұмысшы органы болып табылады.
3.7. Дебиторлық қарыздардың деңгейiн ескере отырып, тарифтердiң өсуiн шектеу. Табиғи монополиялар субъектілерiнiң көрсеткен қызметі бойынша тұтынушылардың қарызы, тиiстi шартты ресiмделмесе, соңғысына тәуекел болып табылады және бағаны көтеру үшiн негіз болып саналмайды.
Егер соңғы кезеңде дебиторлық қарызының төмендеуi байқалмаса, табиғи монополияшылардың бағаны көтеруге өтiнiмдерi қаралуға қабылданбайды. Мұндай шара қаражаттың ақшаның нашар жиналуы кезiнде тарифтердi негізсiз көтеруге ұмтылысын шектейдi және табиғи монополия субъектiлерiнiң төлемдер жинау жөнiндегі қызметiн жандандыруға мүмкiндiк бередi.
3.8. Көпшiлiк тыңдаулар. Коммуналдық саладағы табиғи монополияшылардың тарифтерiн қарау барлық аймақтарда жария тыңдаулар рәсiмi арқылы өтетiн болады. Оған қатысушылар - ассоциациялар және жеке пәтер иелерiнiң кооперативтерi, тәуелсiз сарапшылар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдар. Мақсаты - ең алдымен коммуналдық қызметтер үшiн төлемдер жинаудың деңгейi төмен қалаларда, елдi мекендерде қызмет берушiлер мен тұтынушылардың өзара мiндеттемелерiн жасап шығару.
3.9. Шығындардьң құрамын қалыптастырудың ерекше тәртібін қолдану. Есепке алу саясатының және табиғи монополия аясы субъектiлерiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн талдаудың ерекше жүйесiн құру қарастырылуда.
Табиғи монополияның барлық субъектiлерi монополияға қарсы органдарда есепке алу саясатын әзiрлеуге және келісім алуға тиiстi.
Шикiзатты, материалдарды, отынды, жабдықтарды сатып алуға және жұмсауға, пайдалану қондырғыларын жөндеу және қайта жаңарту жөнiндегі жұмыстар үшiн аударымдарына еңбекақы төлеу деңгейiне, үстеме шығыстарға, шығыстардың есептен шығарылуына бақылау күшейтiлетiн болады. Табиғи монополия субъектiлерi үшiн тарифтiк сметаларды бекіту және сол бойынша тоқсандық есеп беру тәртібі енгiзіледi, мұндай жағдайда, шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібімен тиым салынған шығындарды қосуға болмайды. Бұл алдағы күнтiзбелiк жылға арналған шығындарды жоспарлау жалақы төлеуге, әлеуметтiк саланы ұстауға арналған, әкiмшiлiк және басқа шығындарды нормалау негiзiнде жасалатынын бiлдiредi.
Қазақстан Республикасының "Табиғи монополиялар туралы" Заңына сәйкес табиғи монополия субъектiлерi коммерциялық құрылымдардың құрылтайшылық құрамынан шығуға мiндеттi.
Әдетте, ұзақ мерзiмге пайдаланылатын негiзгi құралдар үшiн жеделдетiлген пайдалану тәсiлi қолданылмайды.
Шығындардың айқындығын қамтамасыз ету мақсатында "Қазақстан Темір Жолы" РМК, "Қазақтелеком" АҚ, "KEGOC" АҚ секiлдi тағы да басқа компаниялардың аумақтық бөлiмшелерi бойынша толық бухгалтерлiк балансты ресiмдеу мәселесiн қараған дұрыс болады.
3.10. Тендерлiк рәсiмдер. Табиғи монополиялардың iрi субъектiлерi 1999 жылдың басынан бастап жабдықтардың, отындардың, материалдық және қаржылық ресурстардың, сондай-ақ құны тоқсанында 850 мың теңгеден асатын қызметтердiң барлық сатылымдарын тоқсанында, тек тендер негiзiнде және мүмкіндiгiнше отандық тауар өндiрушiлерден сатып алатын болады. Аумақтық деңгейдегi монополияшылар құны 85 мың теңгеден асатын сатылымдарды осындай жолмен жүргiзетiн болады. Бұл шарттардың бұзылуы экономикалық санкцияларды қолдануға мәжбүр етедi.
Отандық тауар өндiрушiлер тендерлiк рәсімдердi өткізу кезiнде өзге де тең жағдайларда берермендер алдында артықшылыққа ие болады.
3.11. Көрсетiлген қызмет көлемдерiн есептеудi өзгерту. Табиғи монополия субъектiлерiнiң бағалары мен тарифтердің жобаларын қараған кезде ұсынылатын тауарлардың, қызметтердiң көлемдерi төлемге қабiлеттi сұранысты толық қанағаттандыруды және қызмет берушінiң әлеуетті мүмкiндiктерiн, сондай-ақ жалпыға бiрдей қызмет көрсету принципi мен монополиялық жоғары бағаларды ұстау мақсатында көлемiн төмендетпеуге жол бермеудi есепке ала отырып қабылданатын болады.
3.12. Есептеу құралдарын қою. Есептеу құралдарының көрсеткiштерi бойынша коммуналдық қызметтерге ақы төлеу мiндетке айналуда. Есептеу құралдарының көрсетуiмен расталмаған табиғи монополия субъектiлерiнiң көрсететiн қызмет көлемiнiң кемуi, тарифтердi көтеру үшiн негiз бола алмайды.
Коммуналдық қызметтi есептейтiн аспаптарды орнату табиғи монополия субъектiлерiнiң мiндетi болып саналады. Есептеу құралдарын орнатуға байланысты шығынды қаржыландыру табиғи монополия субъектiсiнiң меншiкті немесе өтемқарыз қаражаты есебiнен, осы құралдардың тозуын есептей отырып, бiрте-бiрте орнын толтыру арқылы жүзеге асырылады.
Есептеу құралдары жоқ болған жағдайда газбен, электрмен, сумен, жылумен қамтамасыз етудiң ақысы 1999 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қолданыстағы нормадан аспайтын тұтыну нормаларын басшылыққа ала отырып анықталады.
3.13. Табиғи монополия саласын реформалау. Табиғи монополияшылардың құрылымын қайта құру төмендегiдей сұлба бойынша жүргізiлетiн болады:
табиғи монополияшылардың технологиялық бөлiнетiн қызметi үшiн жекелеген заңды тұлғалар құрылады;
табиғи монополияшылардың құрамынан өзiнiң сипаты бойынша экономиканың нақты саласына сәйкес келетiн құрылымдық бөлiмшелер, сондай-ақ әлеуметтiк саланың объектiлерi шығарылады.
Табиғи монополияшылардың үстемдiгiн бекiтетiн ұйымдық-құқықтық нысандардың қосылуына және құрылуына бақылау күшейтiледi.
Нағыз табиғи монополиялар мен нақты субъектiлер бөлiнiп шығатындай етiп, темір жолдың құрылымын қайта құру қарастырылуда. Бұл ретте табиғи монополия субъектiлерiнiң қызмет тарифтерi төмендетiлуi мүмкiн, сондай-ақ олардың қызметiнiң жариялылығы қамтамасыз етiледi. Телекоммуникация секторын монополиясыздандырудың жолдары анықталады.
Реттеуге байланысты тәуекелге барушылықты төмендету мiндетi қойылып отыр. Бұрын реттеу жүзеге асырылған - пошта, өнiм өткізу, әуежайлардың жекелеген саласындағы қызметтер, теміржол, байланыс секiлдi монополиялар саласында бәсекелестiктi туғызу ынталандырылатын болады.