Республикалық бюджеттің қаражаты есебінен орындалатын қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қалыптастыру мен іске асырудың кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 23 ақпандағы № 145 Қаулысы
Қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге бөлінген бюджеттік қаражатты тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында және «Қазақстан Республикасында ғылымды мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 11 наурыздағы № 2895 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларының әкімшілері болып табылатын Қазақстан Республикасының министрліктері мен агенттіктері аталған бағдарламалар бойынша конкурстар өткізу кезінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастыратын тәуелсіз мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы жүзеге асырсын.
2. Қолданбалы ғылыми зерттеулердің қорытындыларын қалыптастыру, тіркеу, іске асыру және мемлекеттік қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады деп белгіленсін.
3. Қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларының әкімшілері болып табылатын Қазақстан Республикасының министрліктері мен агенттіктері Мемлекеттік тапсырыс туралы ережені қолданбалы ғылыми зерттеулер бөлігінде осы қаулыға сәйкес келтірсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі