Мемлекеттік акционерлік, соның ішінде холдинг компанияларының
қызметін орталық мемлекеттік басқару органдарының реттеуі туралы
Қазақстан Республикасы министрлер кабинетінің
1994 жылғы 17 ақпандағы № 197 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2008 ж.12 қарашадағы № 1048 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға (II кезең) арналған Ұлттық бағдарламасына сәйкес және ұлттық, мемлекеттік акционерлік компаниялардың, соның iшiнде холдинг компанияларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын акционерлік компаниялардың, соның iшiнде холдинг компанияларының қызметiн орталық мемлекеттік басқару органдары тарапынан реттеудi жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Мемлекеттік акционерлік компаниялар, мемлекет қатысатын акционерлік компаниялар, соның iшiнде холдинг компаниялар (бұдан әрi - компаниялар) жөнiнде орталық мемлекеттік басқару органдары мынадай функциялар атқарады деп белгiленсiн:
ұлттық мүдделердiң жүзеге асырылуы қамтамасыз етiлуiн - айналадағы ортаның қорғалуын, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау;
мемлекеттік компанияларды тарта отырып өнеркәсiп салаларын дамытудың тұжырымдамалары мен басым мемлекеттік бағдарламаларын әзiрлеу;
компанияларға мемлекеттік саясат (мемлекеттік мақсатты бағдарламалар) шеңберiнде көмек көрсету;
экономиканы құрылымдық жағынан қайта құру саясатын белгiлеуге қатысу;
компаниялардың залалмен жұмыс iстейтiн мемлекеттік кәсiпорындарын санациялау, оларды қайта құру мен тарату жөнiнде ұсыныстар енгізу;
республика бюджетiн қалыптастыру кезiнде компаниялардың мүддесiн бiлдiру, өнеркәсiпте стратегиялық мiндеттердi шешу үшiн жаңа ұйымдық құрылымдардың қаражат (валюта) жөніндегі қажеттерiн негiздеу;
инвестициялық бағдарламаларды әзiрлеу мен жүзеге асыру;
компанияларды ақпаратпен қамтамасыз ету;
ғылыми-зерттеу жұмыстарының үйлестiрiлуiн және ғылыми талдамалардың енгiзiлуiн жүзеге асыру;
өндiрiстiк қуаттарды орналастыру мен өнеркәсiп салаларын дамыту саясатын жүзеге асыру;
қолданылып отырған заңға сәйкес компаниялардың бақылау кеңестерiне қатысу.
2. Акционерлік компанияларға акциялардың мемлекеттік пакетiне иелiк ету құқығын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiк жөніндегі мемлекеттік комитетi жүзеге асырады деп белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiк жөніндегі мемлекеттік комитетi Әдiлет министрлігімен және басқа да мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрлесiп екi ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің бұрын қабылданған министрлiктер мен ведомстволардың қызметiн реттейтiн шешiмдерiн осы қаулыға сәйкестендiру туралы ұсыныстар енгiзсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi