19. Білім беру саласындағы уәкілетті орган республикалық комиссия шешімінің негізінде бұйрық шығарады және оқуға түсушілерге жоғары білімнің білім беру грантын беру туралы куәлік береді.
Жоғары білімнің білім беру гранты иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Жоғары білімнің білім беру грантын беру туралы куәлікті қабылдау комиссиялары түсушілердің конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 20 тамыздан кешіктірмей береді.
Грант иегері жоғары білімнің білім беру грантынан бас тартқан жағдайда жоғары білімнің білім беру грантын беру туралы куәлік және талапкердің өтініші білім саласындағы уәкілетті органға 29 тамызға дейін тапсырылады және күнтізбелік үш күн ішінде күші жойылады.
Жоғары білімнің білім беру грантын беру туралы куәлік қайтарылмаған жағдайда ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясы күнді және білім беру грантынан бас тартқан тұлғаның деректерін көрсете отырып, оның күшін жою туралы акті жасайды және ЖЖОКБҰ-ның мөрімен бекітілген актіні күнтізбелік үш күн ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органға тапсырады.
Босаған білім беру гранттарын республикалық комиссия осы Қағидалардың 13, 14, 15 және 16-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
ЖЖОКБҰ-ның бірінші басшысы жоғары білімнің білім беру грантынан бас тартқан тұлғалардың куәліктерінің білім беру саласындағы уәкілетті органға уақтылы қайтарылуына жауапты болады.
3-тарау. «Магистр» дәрежесі берілетін жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру тәртібі
20. «Магистр» дәрежесі берілетін жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға республикалық бюджет қаражаты есебінен ақы төлеу үшін білім беру гранттары (бұдан әрі - жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру гранттары) оқуға түсушілер өтініш білдірген білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беру туралы куәлік берумен қоса кешенді тестілеу (бұдан әрі - КТ) сертификатының балдарына сәйкес білім беру бағдарламаларының нақты топтары, тіл бөлімі және оқу нысаны бойынша конкурстық негізде беріледі.
21. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурста білім беру бағдарламаларының бейіндік тобы, шет тілі, білім алуға әзірлігін айқындау бойынша тестілеу нәтижелерінің балдары ескеріледі.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін КТ нәтижесі бойынша кемінде 150 балл жинау қажет.
КТ нәтижелерінің көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, білім беру бағдарламаларының бейіндік тобы бойынша тестілеу нәтижесі бойынша балы жоғары тұлғаға басым құқық беріледі, одан кейін білім алуға әзірлігін айқындау бойынша тест нәтижесі, бұдан әрі шет тілі бойынша тестілеу нәтижесі, одан кейін дипломға қосымшадағы (алдыңғы білім деңгейі) GPA (Grade Point Average - Грейт Поинт Эверейдж) және жұмыс өтілі ескеріледі.
22. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші 20 тамызға дейін ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына немесе ақпараттық жүйе арқылы:
1) белгіленген үлгідегі бланкіде өтінішті;
2) іжоғары білімі туралы құжатты (құжаттарды ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа);
3) ІКТ сертификатын (құжаттарды ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына тапсырған кезде);
4) «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы;
5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.
Магистратураға түсуші өтініште білім беру бағдарламасының тобын және үш ЖЖОКБҰ-ны көрсетеді.
23. Республикалық комиссия шешімінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығы шығарылады және оқуға түсушілерге жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беру туралы куәлік беріледі.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру гранты иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беру туралы куәлікті қабылдау комиссиялары азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 27 тамызға дейін береді.
Қабылданғанға дейін жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантынан бас тартқан жағдайда білім беру грантын беру туралы куәлік білім саласындағы уәкілетті органға жіберіледі және күнтізбелік үш күн ішінде күші жойылады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беру туралы куәлік қайтарылмаған жағдайда ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясы күнді және білім беру грантынан бас тартқан тұлғаның деректерін көрсете отырып, оның күшін жою туралы акт жасайды және ЖЖОКБҰ-ның мөрімен бекітілген актіні күнтізбелік үш күн ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органға тапсырады.
Босаған білім беру гранттарын республикалық комиссия осы Қағидалардың 20 және 21-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
ЖЖОКБҰ-ның бірінші басшысы жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру гранттарынан бас тартқан тұлғалар куәліктерінің білім беру саласындағы уәкілетті органға уақтылы қайтарылуына жауапты болады.
4-тарау. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде «бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін босаған бос білім беру гранттарын беру тәртібі
24. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттары (бұдан әрі - босаған гранттар) кадрларды даярлау бағыттары бойынша ақылы негізде білім алушыларға конкурстық негізде беріледі.
Конкурс үлгерімнің GPA (Grade Point Average - Грейт Поинт Эверейдж) орташа балы негізінде аралық аттестаттаудың нәтижесі бойынша білім беру грантын беру туралы куәлік беріле отырып өткізіледі.
Ашық конкурс туралы хабарландыру кадрларды даярлау бағыттары мен курстары бөлінісінде босаған бос білім беру гранттарының саны көрсетіліп, ЖЖОКБҰ-ның сайтында (білім беру порталында) орналастырылады.
Үлгерімнің GPA (Grade Point Average - Грейт Поинт Эверейдж) орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда бүкіл оқу кезеңі ішінде тек қана А, А- («үздік»), одан соң А, А- («үздік») бағаларынан В+, В, В-, С+ («жақсы») бағаларына дейін бағалары бар, бұдан әрі - аралас бағалары бар білім алушылар басым құқыққа ие болады.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттарын беру жазғы және қысқы каникул кезеңінде конкурстық негізде бос тұрған орындарға мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) ақылы негізде білім алушы ЖЖОКБҰ басшысының атына алдағы уақытта жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру гранты бойынша оқуға өтініш береді;
2) келіп түскен өтініштер ЖЖОКБҰ-ның ғылыми (академиялық) кеңесі мен бақылау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің отырысында қарастырылады;
3) ЖЖОКБҰ-ның ғылыми (академиялық) кеңесі мен бақылау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің шешімі негізінде ағымдағы жылғы 5 тамыз және 15 қаңтарға дейінгі мерзімде босаған бос білім беру гранттарына үміткерлердің тізімін білім беру саласындағы уәкілетті органға шешім шығару үшін жолдайды.
Тізімге білім алушының өтінішінің көшірмесі, ғылыми (академиялық) кеңес пен бақылау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің шешімі, білім алушының транскриптінен үзінді, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және ЖЖОКБҰ-дан шығарылған білім беру гранты иегерінің куәлігі (төлнұсқа) қоса беріледі;
4) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған және білім беру саласындағы уәкілетті органға жіберілген бос білім беру гранттарын комиссия үміткерлердің болмағандығына байланысты конкурстық негізде қайта тағайындайды;
5) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған және ЖЖОКБҰ ұсынған бос білім беру гранттарына үміткерлер болмағанда білім беру саласындағы уәкілетті органның сайтында жарияланады;
6) конкурс білім беру бағдарламаларының тобы, курс және білім беру нысаны бөлінісінде аралық аттестаттау нәтижесі бойынша конкурсқа қатысу үшін құжаттар ұсынған басқа ЖЖОКБҰ-дан ақылы негізде білім алушылар арасында өткізіледі;
7) білім беру саласындағы уәкілетті орган келіп түскен құжаттарды кадрларды даярлау бағытын, оқуға түскен жылын ескере отырып, оқу нысаны мен мерзімі бөлінісінде қарайды және мәселе оң шешілген жағдайда босаған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беру туралы бұйрық шығарады, білім беру бағдарламаларының тобы бойынша үміткерлер болмаған жағдайда жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған бос білім беру гранты даярлық бағытының ішінде немесе білім беру саласында қайта бөлінеді;
8) білім беру саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде ҰТО білім беру грантын беру туралы куәлікті ресімдейді және оны үш жұмыс күні ішінде тиісті ЖЖОКБҰ-ға жібереді;
9) білім беру грантын беру туралы куәлік негізінде ЖЖОКБҰ-ның басшысы алдағы уақытта білім беру гранты бойынша оқуға бұйрық шығарады.
25. ЖЖОКБҰ-ның бірінші басшысы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған, пайдаланылмаған бос білім беру гранттары куәліктерінің білім беру саласындағы уәкілетті органға уақтылы қайтарылуына жауапты болады.
5-тарау. «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру тәртібі
26. «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты (бұдан әрі - ЖАО білім беру гранттары) тиісті облыс және (немесе) республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен құрылатын ЖАО конкурстық комиссиясы өткізеді.
27. ЖАО білім беру гранттары өңірдің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларға қажеттілігі есебімен білім беру бағдарламаларының топтары бойынша оқуға түсушілер өтініш білдірген білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сай білім беру гранттарын беру туралы куәлік берумен қоса ҰБТ және КТ сертификаттарының балдарына сәйкес беріледі.
28. ЖАО білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына жоғары білім алуға ақы төлеу үшін 5-10 тамыз аралығында 7-10-тармақтарға сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін 24-25 тамыз аралығында 22-тармаққа сәйкес құжаттарды тапсырады.
ЖАО білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурс осы Қағидалардың 13-16, 21 және 23-тармақтарында көзделген тәртіппен өткізіледі.
29. ЖАО комиссиясы шешімінің негізінде тиісті облыс немесе республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің немесе әкім орынбасарының бұйрығы шығарылады және оқуға түсушілерге ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлік беріледі.
ЖАО білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарда жарияланады.
30. ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәліктің негізінде ЖЖОКБҰ-ның басшысы ЖАО білім беру гранты бойынша оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарады.
ЖАО білім беру гранты иегерімен «ЖАО-студент-ЖЖОКБҰ» үш жақты шарт жасалады.
Грант иегері ЖАО білім беру грантынан бас тартқан жағдайда ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлік жойылады, білім беру гранты осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен конкурстық негізде беріледі.
ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлік қайтарылмаған жағдайда ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясы күнді және ЖАО білім беру грантынан бас тартқан тұлғаның деректерін көрсете отырып, оның күшін жою туралы акт жасайды және ЖЖОКБҰ-ның мөрімен бекітілген актіні күнтізбелік үш күн ішінде ЖАО-ға тапсырады.
ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлікті азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 25 тамыздан кешіктірмей береді.
31. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған ЖАО білім беру гранттарын беруді жазғы және қысқы демалыс кезінде осы Қағидалардың 24 және 25-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде бос орындарға беруді ЖАО комиссиясы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 23 қаңтардағы
№ 58 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің
тізбесі
1. «Мемлекеттік білім гранты туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 қарашадағы № 1781 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 52, 512-құжат);
2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 қарашадағы №1781 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 27 мамырдағы № 807 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 24, 206-құжат);
3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 қарашадағы №1781 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 қарашадағы № 1517 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 40, 522-құжат);
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 28 маусымдағы № 703 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 20, 214-құжат).