2) егер сот құқық иеленушінің құқықтары бұзушылықты белгілемеген жағдайларда, осы бапқа сәйкес тауарларды шығару мерзімін тоқтата тұру салдарынан декларантқа, меншік иесіне, зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды алушыға келтірген мүліктік зиянды (шығынды) өтеу туралы міндеттеме;
3) құқық иеленушінің уәкілетті органға көрсетілген тауарларды осы Кодекстің 460-бабында белгіленген тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасының зияткерлік меншiк объектілерінің кедендік тізіліміне енгізу туралы өтінішін растайтын жазбаша дәлелдемелер.
Егер құқық иеленуші және (немесе) оның мүдделерін немесе бірнеше құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін тұлға тауарларды шығару мерзімінің алғашқы тоқтатыла тұрған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде кеден органына осы тармақта көрсетілген құжаттарды ұсынбаса, тауарларды шығару мерзімі қайта басталады.
Бұл ретте тауарларды шығару мерзімін он жұмыс күніне дейін тоқтата тұру салдарынан декларантқа, меншік иесіне, зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды алушыға келтірген мүліктік зиянды (шығынды) құқық иеленуші өтейді.
6. Құқық иеленуші және (немесе) оның мүдделерін немесе бірнеше құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін тұлға осы баптың 5-тармағында белгіленген құжаттарды ұсынғаннан кейін тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімдері, сондай-ақ көрсетілген тауарларды уақытша сақтау мерзімдері құқық иеленушінің талап қоюы бойынша соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін ұзартылады.
7. Тауарларды шығару мерзімін осы бапқа сәйкес тоқтата тұру салдарынан декларантқа, меншік иесіне, зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды алушыға келтірген мүліктік зиянды (шығынды), егер сот құқық иеленушінің құқықтарын бұзушылықты белгілемеген жағдайда, құқық иеленуші өтейді.
200-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғауына қатысты қосымша ережелер
Кеден органдары сот шешіміне сәйкес жойылуға жататын зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар бұзылған тауарларды Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына беруге міндетті.
Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар бұзылған тауарларды жою мәселесі бойынша сот шешімі шығарылған жағдайда Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органы оларды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларына сәйкес жою жөніндегі шараларды дереу қабылдауға міндетті.
201-бап. Тауарларды шығарудан бас тарту және тауарларды шығарудан бас тартуға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі
1. Кеден органы мынадай:
1) кеден органы тауарларды шығарған кездегі шарттардың, оның ішінде осы Кодекстің 194, 195, 196 және 197-баптарында көзделген, сондай-ақ жеке пайдалануға арналған тауарларға, халықаралық тасымалдау көлік құралдарына және керек-жарақтарға қатысты шарттардың орындалмау;
2) кеден органының осы Кодекстің 183-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) туралы талаптарының орындалмау;
3) алдын ала кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 185-бабының 7-тармағында көзделген мән-жайлардың басталу;
4) мерзімді кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 187-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген осындай кедендік декларациялау ерекшеліктері сақталмау және (немесе) декларантта белгіленген мерзімде орындалмаған кедендік төлемдерді, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, пайыздарды және (немесе) өсімпұлдарды төлеу жөніндегі міндеттің болу;
5) кеден органының талап етуі бойынша тауарды осы Кодекстің 193-бабының 3 және 6-тармақтарында белгіленген тауарларды шығару мерзімдері шегінде көрсетпеу;
6) осы Кодекстің 198-бабының 6 және 11-тармақтарында көзделген жағдайларда тауарларды шығару мерзімінің қайта басталмау;
7) осы Кодекстің 410-бабының 2 және 7-тармақтарында көзделген талаптардың орындалмау;
8) жолаушыларға арналған кедендік декларацияда мәлімделген тауарлардың осы Кодекстің 339-бабының 4-тармағына сәйкес жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызылмау;
9) мынадай:
әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғау үшін негіздер болып табылмайтын анықталған бұзушылықтар жойылған;
анықталған бұзушылықтар жойылған және декларацияланатын тауарлар алып қойылмаған және оларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тыйым салынбаған;
декларантқа қатысты банкроттық туралы іс қозғалған жағдайларды қоспағанда, кеден органдары тауарларға кедендік бақылауды жүргізген кезде Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзушылықтарды анықтау негіздері бойынша тауарларды шығарудан бас тартады.
2. Тауарларды шығарудан бас тарту электрондық құжатты қалыптастыру арқылы не қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияға немесе қағаз жеткізгіште берілген тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішке тиісті белгілер қою арқылы кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып ресімделеді. Тауарларды шығарудан бас тартуды ресімдеу кезінде осындай бас тарту үшін негіз болған барлық себептер көрсетіледі.
3. Тауарларды шығарудан бас тартуға байланысты кедендік операцияларды кеден органы Комиссия айқындайтын тәртіппен тауарларды шығару мерзімі өткенге дейін жасайды.
202-бап. Шартты түрде шығарылған тауарлар
1. Ішкі тұтыну үшін шығару рәсімімен орналастырылған тауарлар, оларға қатысты:
1) осы тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулермен қатар қолданылған кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер;
2) тыйым салулар мен шектеулерді сақтау Одақ туралы шартқа және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарды шығарғаннан кейін расталуы мүмкін;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберіндегі халықаралық шарттарға немесе Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттарға (мемлекеттің Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылуы туралы халықаралық шарттарға) (бұдан әрі - Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттар) сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленгенге қарағанда кедендік әкелу баждарының неғұрлым төмен мөлшерлемелері қолданылған болса, шартты түрде шығарылған деп саналады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді беру мақсаттары және шарттары, сондай-ақ осындай жеңілдіктерді қолдануға байланысты осындай тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулер сақталуға тиіс.
Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, осы Кодекстің 40-тарауына сәйкес халықаралық тасымалдау көлік құралдары ретіндегі көлік құралдары болып табылатын шартты түрде шығарылған тауарларды, мұндай пайдалану кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді беру мақсаттары мен шарттарын бұзбайтын болса, сондай-ақ осындай жеңілдіктерді пайдалануға байланысты осындай тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша белгіленген шектеулерді сақтамауға алып келмесе, пайдалануға болады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде объектілерді салу (құру, тұрғызу), оның жұмыс істеуі (пайдалану, қолдану) мен олардағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы мен объектілер арасында жеке тұлғалар мен тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын әуе және су кемелерінің қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ету және оларға техникалық қызмет көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағының бір бөлігінен Қазақстан Республикасының континтенттік қайраңын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының егемендік құқықтары және ерекше юрисдикциясы болатын аумаққа әуе немесе су көлігімен және (немесе) теңізбен тасымалданатын осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарларды өткізуге жол беріледі.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес шартты түрде шығаруға жол берілмейтін тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Көрсетілген тізбе уақытша немесе тұрақты негізде белгіленуі мүмкін.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, арнайы инвестициялық келісімшарттарды іске асыру шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлар оларды нысаналы пайдалану тоқтатылған кезге дейін шартты түрде шығарылған болып есептеледі.
Осындай тауарларды нысаналы пайдалануды тану тәртібін мерзімдерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органдары уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.
5. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарларды үшінші тұлғаларға, оның ішінде оларды сату немесе өзге де тәсілмен иеліктен айыру арқылы беруге тыйым салынады, ал егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына көрсетілген тауарларды әкелуге шектеулер осы тауарлардың қауіпсіздігін тексеруге байланысты белгіленген жағдайларда да оларды кез-келген нысанда қолдануға (пайдалануға, тұтынуға) тыйым салынады.
6. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарларды, егер Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберіндегі халықаралық шарттарда немесе Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, оларды шығаруды жүргізген кеден органы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағы шегінде ғана пайдалануы мүмкін.
7. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тауарлар олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алғанға дейін олар:
1) осы Кодекстің 256-бабының 3-тармағына сәйкес кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу;
2) осы Кодекстің 264-бабына сәйкес не осы Кодекстің 360-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданысын аяқтау үшін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған кезде осы бапқа сәйкес шартты түрде шығарылған болып қалады.
8. Шартты түрде шығарылған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесіне ие болады және осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алғанға дейін кедендік бақылауда болады.
9. Шартты түрде шығарылған тауарлар:
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылғаннан кейін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алады. Бұл ретте осы баптың 4-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты осындай тауарлар олардың мақсатты пайдаланылуы тоқтатылған кезден бастап Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алады.
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы расталғаннан;
3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындағаннан және (немесе) оларды Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленген кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері бойынша есептелген кедендік әкелу баждарының сомалары мен тауарларды шығару кезінде төленген кедендік әкелу баждары сомаларының айырмасы мөлшерінде не, егер кедендік әкелу баждарын осындай мөлшерде төлеу Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберіндегі халықаралық шарттарға немесе Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттарға сәйкес көзделсе, Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберіндегі халықаралық шарттарға немесе Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттарға сәйкес белгіленген өзге мөлшерде өндіріп алғаннан не осы Кодекстің 216-бабының 6-тармағында көзделген өзге де мән-жайлардың басталуына байланысты кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндет тоқтатылғаннан кейін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алады.
10. Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алу үшін шартты түрде шығарылған тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен қайтадан орналастыруға жатпайды.
Осы баптың 9-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестікті растау, тауарлар шығарылғаннан кейін тыйым салулар мен шектеулерді сақтау тәртібі мен мерзімдері техникалық реттеу бөлігінде техникалық реттеу саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның және уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітіледі.
11. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде объектілерді салу (құру, тұрғызу), оның жұмыс істеуі ( пайдалану, қолдану) мен олардағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағы мен объектілер арасында жеке тұлғалар мен тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын әуе және су кемелерінің қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ету және оларға техникалық қызмет көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағының бір бөлігінен Қазақстан Республикасының континтенттік қайраңын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының егемендік құқықтары және ерекше юрисдикциясы болатын аумаққа әуе немесе су көлігімен және (немесе) теңізбен тасымалданатын осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарларды өткізу осындай тауарлардың мақсатты пайдаланылуын бұзбайды.
203-бап. Жер қойнауын пайдалану (отын-энергетикалық сектор) саласындағы шартты түрде шығарылған тауарлармен операциялар жасаудың ерекшеліктері
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты осындай тауарларды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және (немесе) олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларда, сондай-ақ оларға дайындықты (оқу-жаттығуларда, жаттығуларда) арттыру жөніндегі іс-шараларда пайдалануға жол беріледі.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияларды жасау үшін мынадай шарттар сақталған:
1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің және жергілікті атқарушы органның тауарлардың осы баптың 1-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін қажеттігі туралы жазбаша растауын кеден органына ұсынған;
2) осындай тауарлар декларантының тауарларды осы баптың 1-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін беру туралы жазбаша хабарламасын атауы және саны қамтылған тауарлардың тізбесімен қоса ұсынған кезде декларант сұрау салушы тұлғаға жәрдем көрсету үшін пайдалануы және (немесе) сұрау салушы тұлғаға уақытша пайдалануға берілуі мүмкін.
3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және олардың салдары туындаған жағдайда азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің және жергілікті атқарушы органның сұрау салуларына жедел ден қою мақсатында осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар кеден органына табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шаралар аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынылады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды осы бапта көзделген жағдайларда сұрау салушы тұлғаға жәрдем көрсету үшін декларанттың пайдалануы және (немесе) сұрау салушы тұлғаға уақытша пайдалануға беру кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді беру мақсаттары мен шарттарын және (немесе) осындай жеңілдіктерді қолдануға байланысты осы тауарларды пайдалану жөніндегі шектеулерді бұзу болып табылмайды.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды сұрау салушы тұлғаға жәрдем көрсету үшін декларанттың пайдалану және (немесе) сұрау салушы тұлғаға уақытша пайдалануға беру мерзімі осы баптың мақсаттары үшін осындай тауарларды тасымалдауды ескере отырып, осы баптың 1-тармағында көзделген іс-шаралардың мерзімінен аспауға тиіс.
20-тарау. ТАУАРЛАРДЫ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ АЙНАЛДЫРУ
204-бап. Тауарларды және (немесе) көлік құралдарын мемлекет меншігіне айналдыру
Тауарлар және (немесе) көлік құралдары:
1) тауарларды және (немесе) көлік құралдарын тәркілеу туралы сот шешімінің;
2) мемлекеттің пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты тауарларға арналған декларацияның және осындай тауарларды қабылдап алу-беру актісінің негізінде мемлекет меншігіне айналдырылады.
205-бап. Тауарларды және (немесе) көлік құралдарын сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне айналдыру тәртібі
1. Тауарлар және (немесе) көлік құралдары тауарларды және (немесе) көлік құралдарын тәркілеу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап мемлекет меншігіне айналдырылады.
2. Кеден органы сот шешімінің негізінде тәркіленген тауарларды және (немесе) көлік құралдарын қабылдап алу-беру актісі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына береді.
3. Сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар және (немесе) көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алады.
206-бап. Мемлекеттің пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды мемлекет меншігіне айналдыру тәртібі
Мемлекеттің пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар декларант тауарларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына берген күннен бастап тауарларға арналған декларация және қабылдап алу-беру актісі бойынша мемлекет меншігіне айналдырылады.
4-БӨЛІМ. КЕДЕНДІК РӘСІМДЕР
21-тарау. КЕДЕНДІК РӘСІМДЕР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
207-бап. Кедендік рәсімдерді қолдану
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар және осы Кодексте белгіленген жағдайларда өзге де тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болу және пайдалану, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде болу және пайдалану үшін, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік рәсімдермен орналастыруға жатады.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында тауарлардың болуы және пайдаланылуы, олардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде болуы және пайдаланылуы мақсатына байланысты тауарларға қатысты мынадай кедендік рәсімдер қолданылады:
1) ішкі тұтыну үшін шығару;
2) экспорт;
3) кедендік транзит;
4) кеден қоймасы;
5) кедендік аумақта қайта өңдеу;
6) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу;
7) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу;
8) еркін кеден аймағы;
9) еркін қойма;
10) уақытша әкелу (рұқсат беру);
11) уақытша әкету;
12) кері импорт;
13) кері экспорт;
14) бажсыз сауда;
15) жою;
16) мемлекет пайдасына бас тарту;
17) арнайы кедендік рәсім.
3. Кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлар өзге де кедендік рәсімдермен не осындай кедендік рәсіммен:
1) тауарлар орналастырылған кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау үшін;
2) тауарлар орналастырылған кедендік рәсімнің қолданысын тоқтата тұру үшін;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша тауарларды тасымалдау (тасу) үшін және (немесе) осы Кодекске сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы және (немесе) теңізбен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бір бөлігінен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының басқа бөлігіне тасымалдау үшін орналастырылуы мүмкін.
4. Кедендік рәсімдердің мазмұны және тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыру шарттарын, тауарларды осындай кедендік рәсімдермен орналастырғаннан кейін оларды кедендік рәсімдерге сәйкес пайдалану шарттары мен тәртібін, кедендік рәсімдердің қолданысын аяқтау, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау тәртібін, сондай-ақ кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттердің туындау және тоқтатылу мән-жайларын, кедендік рәсімдермен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға не кедендік рәсімдерді қолдану шеңберінде алынған (қалыптасқан), дайындалған (алынған) тауарларға қатысты оларды есептеу мен төлеу мерзімін және (немесе) ерекшеліктерін қоса алғанда, кедендік рәсімдерді қолдану тәртібін реттейтін ережелер - осы бөлімнің тиісті тарауларында, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда Комиссия айқындайды, Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасында айқындалады.
208-бап. Тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру
1. Осы Кодекстің 149-бабында көрсетілген тұлғалар осы Кодексте көзделген кедендік рәсімді тауарларды кедендік декларациялау кезінде мәлімдеу арқылы не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығаруға өтініш беру кезінде не порттық АЭА немесе логистикалық АЭА аумағына тауарларды әкелу арқылы таңдауға құқылы.
2. Тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларацияны немесе тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті кеден органына берген кезден басталады және осы Кодекстің 284-бабының 1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тауарларды шығарумен аяқталады.
3. Тауарларды мәлімделген кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын сақтауды растау жөніндегі міндет декларантқа жүктеледі.
4. Осы Кодекстің 284-бабының 1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тауарлар шығарылған күн тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру күні болып есептеледі.
5. Санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, карантиндік- фитосанитариялық және мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) басқа да түрлеріне жататын тауарлар мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) тиісті түрі жүзеге асырылғаннан кейін ғана кедендік рәсіммен орналастырылады.
6. Егер тарифтік емес реттеу шарасын енгізу кезінде өздеріне қатысты осындай шара енгізілетін тауарларды орналастыруға жол берілмейтін кедендік рәсімдер айқындалса, онда көрсетілген тауарлар осы бөлімнің ережелеріне қарамастан, мұндай кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайды.
209-бап. Кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау
1. Кедендік рәсімдердің қолданысы осы Кодексте белгіленген жағдайларда, тәртіппен және мерзімдерде аяқталуға, ал егер бұл осы Кодексте көзделген болса - оны Комиссия аяқтауға тиіс.
2. Кедендік рәсімнің қолданысы, егер осы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау мақсатында тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау үшін көзделген мерзімде тіркеген болса, кеден органы мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тауарларды шығарудан бас тартқан не кедендік декларация осы Кодекстің 184-бабына сәйкес кері қайтарып алынған жағдайды қоспағанда, кеден органы белгілеген кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін аяқталды деп есептеледі.
3. Кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлардың декларанты болып табылатын тұлға ерікті түрде таратылған жағдайда, осындай тұлға Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген немесе Комиссия көздеген тиісті кедендік рәсімнің қолданылу мерзімдері өткенге дейін кедендік рәсімді аяқтау бойынша шаралар қабылдауға міндетті.
Кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлардың декларанты болып табылатын тұлға мәжбүрлі түрде таратылған жағдайда, кедендік рәсімді аяқтау жөніндегі міндет Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тәртіппен және мерзімдерде, бірақ Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген немесе Комиссия көздеген тиісті кедендік рәсімнің қолданылу мерзімдерінің өтуінен кешіктірілмей тарату комиссиясына жүктеледі.
Кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлардың декларанты болып табылатын тұлға банкрот болған жағдайда, кедендік рәсімді аяқтау жөніндегі міндет Қазақстан Республикасының оңалту және банкрот туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген немесе Комиссия көздеген тиісті кедендік рәсімнің қолданылу мерзімдерінің өтуінен кешіктірілмей әкімшіге жүктеледі.
Осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген міндеттер орындалмаған кезде тиісті кедендік рәсімнің қолданылу мерзімі өткеннен кейін кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес, аяқталуға жататын кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды кідіртеді.